_____________________________________________________________________________
ИНДУСТРИАЛДЫ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ САЯСАТ – ЭКОНОМИКАЛЫҚ
ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДІҢ ҚҰРАЛЫ
Елімізде индустриалды-инновациялық саясатты ойдағыдай жүзеге асыру
барысындағы негізгі күшті әлемдік тәжірибені ескере отырып, инвестицияларды
үйлестіру мен іскерлік ынтымақтастықты дамыту жөніндегі бастамаларға жұмсау қажет.
Бірақ Қазақстанның бюджеттік қаражаты жеке меншіктегі кәсіпорындарға қаржылық
және инвестициялық қолдау көрсетуге бағытталмағандықтан мемлекет нақты
компанияларға тікелей қаржылық қолдау көрсете алмайды, дегенмен ол экономиканың
бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелерінде катализатор, яғни бастамашы бола отырып,
жеке меншіктегі кәсіпорындарды инновациялық процестерге тартады. Сонымен қатар,
өндірістік және бәсекеге қабілетті әлеует құруға, оларды одан әрі жақсартуға, жаңғыртуға
ықпал етеді. Сөйтіп, еліміздегі даму институттары болашақта игерілетін барлық
инновациялық жобалардың қаржыландырушысы болып, ал мемлекет өз тарапынан тек
қолдау көрсететін болады. Ал бұл жағдайда негізгі тәуекелді екінші деңгейлі банктер мен
жеке меншік секторлары алады.
Қазақстан Республикасының индустриялды-инновациялық саясатының басты
мақсаты – өнеркәсіпті тұтастай, сонымен бірге жекелеген өндірістер тұрғысынан қайта
құру. Ол үшін өнеркәсіп өндірісінің құрылымында оңды өзгерістерге қол жеткізу, бүгінгі
заман талабына сәйкес корпоративті құрылымдарды дүниеге әкелу және ұзақ мерзімдік
ыңғайда сервистік-технологиялық экономикаға көшу үшін негіз әзірлеу қажет. Отандық
өнеркәсіп өнімінің әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттігіне қол жеткізу ең маңызы зор
міндеттердің бірі ретінде өзекті саналады. Бұл мәселелер әлемдік қаржы дағдарысына
қарсы іс-шаралар қабылданған сайын айқындала түсуде.
Қазақстан көмірсутек шикізаты мен қара-түсті металдар нарығын тұрақты түрде
қалыптастыра алды. Ендігі алда тұрңан маңызды мәселе – экономика салаларын
әртараптандыру, оны неғұрлым жоғары өнімділік пен жаңа технологияларды қолдануға
бағдарлау арқылы тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізу. Сонымен қазіргі кезде ұзақ
мерзімді стратегиялық міндеттерді шешу мақсатында инновациялық кәсіпкерлікті дамыту,
сондай-ақ ғылымды қажетсінетін және жоғары технологиялық өндірістерді құру күн
тәртібінде тұрған өзекті шаралардың бірі болып табылады. Аталған шара экономиканың
әр түрлі салаларының кәсіпкерлері үшін жұмыс істеп тұрған өндірістерді техникалық
және ұжымдық жағынан жетілдіруге, сыртқы нарыққа бағдарланған жаңа өнім түрлерін
жасауға мол мүмкіндіктер тудырады.
Бүгінгі таңда экономиканың шикiзаттық емес бағытындағы салаларда жұмыс
iстейтiн, экспортқа бағдарланған бәсекеге қабiлеттi өндiрiс құру және оны дамыту
индустриялды-инновациялық саясаттың негізгі бағыты болып отыр. Қазақстан
индустриялды-инновациялық даму бағдарламасына сәйкес экономиканың шикізаттық
бағытынан басқа, машина жасау мен өнеркәсіп жабдықтарын шығару бағытын жолға
қойғаны мәлім. Аталған бағытты, яғни индустриялды-инновациялық саясатты ойдағыдай
жүзеге асыру үшін ел Үкіметі төмендегідей міндеттер қойды:
- елдегі индустриялық-инновациялық күштерді қалыптастыру және нығайту. Бұл
саладағы мемлекет тарапынан жоспарланған жұмыстарды Қазақстанның Даму банкі мен
Қазақстандық инвестициялық және инновациялық қоры қаржыландыратын болады;
- мемлекеттік мекемелердің қызметін индустриялық-инновациялық дамудың
мақсаттарына сәйкес қайта құру. Бұл – білім, ғылым, қаржы фискальдық және тарифтік
саясатты жетілдіруді қажет етеді. Мұндағы маңызды қадам саналатын жаңа бағыт –
экономиканың индустриясы мен инновациясын дамытуға жағдай жасау саясаты;
- индустриялық-инновациялық дамуды халық арасында насихаттау, мемлекеттік
және жеке құрылымдар арасындағы түсіністік механизмін қалыптастыру [1, 66].
Индустриялды-инновациялық саясат – бұл мемлекет арқылы бәсекеге қабілетті
тиімді ұлттық өнеркәсіпті және жоғары технологиялар индустриясын қалыптастыру үшін
кәсіпкерлікке қолайлы жағдайлар жасау мен оларға қолдау көрсететін шаралар кешені.
Жалпы, индустриялды-инновациялық саясаттың көбіне даму институттардың
қолдауымен жүзеге асатындығын дамыған елдердің тәжірибесі дәлелдеп отыр. Әлемнің
алдыңғы қатарлы елдері Жапония мен Германия даму институттары қоғамдық
инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жобаларды қаржыландыруды дәстүрге
айналдырса, Оңтүстік Корея мен Қытайдың даму банктері негізінен экономиканың қайта
өңдеуші салаларын қаржыландырумен айналысып келеді.
Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанда да даму институттарының отандық экономиканы
дамытуда, елімізде қабылданған индустриялық-инновациялық бағдарламаны,
Президенттің жыл сайынғы жолдауларынан туындаған міндеттерді орындауда атқаратын
ролі басым екендігі белгілі. Мысалы, «Қазақстанның Даму банкі» АҚ өнеркәсіптің
шикізатқа жатпайтын салаларында бәсекеге қабілетті экспортқа арналған өндірістерді,
өнеркәсіптік, энергетикалық, көліктік және телекоммуникациялық инфрақұрылым
нысандарын құруға және оларды жаңғыртуға арналған жобаларды ұсынуда. Қазақстанның
Даму банкінің мәліметтеріне қарағанда, ол қаржыландыратын инвестициялық
жобалардың көбі Казақстанда алғаш рет жүзеге асырылып отыр. Өткен жылы ҚДБ-нің
инвестициясы нәтижесінде бес жоба іске қосылды. 2009 жылы ҚДБ 8 коммерциялық банк
бойынша 19 жобаны 345 млн. АҚШ доллары көлемінде қаржыландырған [2, 17].
Осылайша мемлекет даму институттары арқылы қосылған құнның технологиялық
(ҚҚТ) және экономикалық тізбегін дәйекті түрде дамыта отырып, бәсекеге қабілетті
өнімдерді жасайтын өндірістердің тұтас жүйесін құруға бағдарланған жобаларға қатысып
отыр. Бұл бәсекеге қабілетті өнімнің барлық параметріне жауап беретін, түпкі өнімге
жұмыс істейтін көп салалы кәсіпорындарды құруға мүмкіндік беріп отырғандығы белгілі.
Қазіргі заманғы әлемдік тәжірибеде ҚҚТ ретінде экономиканың салаларын қарауға
негізделген даму стратегиясын талдау мен пысықтау әдісі әзірленіп, кеңінен қолданылуда.
Бұл әдістің мәні әрбір саланы түпкі өнімнің құнын дәйекті түрде қосатын өндірістер
тізбегі ретінде қарастыру болып табылады. ҚҚТ арқылы салаларды талдау әдістемесі
ҚҚТ-да қозғалыста немесе басым болатын күштерге қарай екі негізгі түрге бөлінеді. Олар:
тігінен-тік және көлденең. ҚҚТ-ның тігінен-тік құрылымдарындағы экономикалық
белсенділік, әдетте, бір компнаия шеңберінде шоғырландырылған. Мысалы, бір ғана
компания шикізат шығарады, оны қайта өңдейді, өздігінен қосалқы бөлшектер шығарады
және өнімдерді жинақтауды жүргізеді.
ҚҚТ-ның көлденең құрылымдарында белсенділік көптеген шаруашылық жүргізуші
субъектілер бойынша бөлінген: бір компания өнімнің дизайнымен айналысады, басқалары
жинақтаушыларын жасайды, үшіншілері жинақтауды жүргізеді. Тұтастай алғанда ҚҚТ-ға
кім барынша ықпал ететін болса, сол неғұрлым жоғары қосылған құн алады деп
тұжырымдауға болады. ҚҚТ-ның өндірістік және сатып алу құрылымын талдап көрсек.
Мәселен, автомобиль саласының қазiргi ҚҚТ автомобильдiң қосалқы бөлшектерi мен
бөлшектерiн шығарушылардан, автомобильдi әзiрлеп шығаратын (дизайн) және жинайтын
кәсiпорындардан, сондай-ақ дистрибьюторлардан тұрады. Бұл ретте машиналар жинайтын
кәсiпорындар тiзбекке негiзiнен ең жоғары қосылған құнды алу нысанында барынша зор
ықпал етедi. Сонымен қатар, киiм тiгу ҚҚТ сатып алушылық ҚҚТ-ның айқын мысалы
болып табылады. Ол дизайнерлiк фирмалардан, көтерме бағамен сатушылардан, бөлшек
сауда дүкендерiнен, тоқу фабрикаларынан, шикiзатты өндiрушiлер мен өңдеушiлерден
және киiм тiгу фабрикаларынан тұрады. Осы тiзбекте дизайнерлiк фирмалар және көтерме
бағамен сатушылар төтенше роль атқарады. Олар ең жоғары қосылған құнды алады, сол
арқылы ненi өндiру керектiгiн анықтайды [3, 8-б].
Кейбiр елдерде халық табысының өсуi, тауар өндiрушiлерге қойылатын экологиялық
және басқа да талаптардың күшейтілуi қосылған құнды орналастыруға елеулi әсер етедi.
Мысалы, Гонконгте жалақының елеулi өскенiне және киiм мен аяқ киiм шығару
индустриясында өзiнiң бәсекелестiк артықшылығын жоғалтып алғанына қарамастан, ел
ҚҚТ-дан шығып қалған жоқ. Себебi, АҚШ-қа киiм мен аяқ киiм жеткiзуге квота алуда
Гонконг компанияларының тәжiрибелерi мен қажеттi байланыстары бар. Егер АҚШ
үкiметi квоталарды жойса, қытай компаниялары өнiмдi тiкелей жеткiзумен айналысар едi.
Қазақстан Республикасында кендi өндiрумен, оны байытумен, бастапқы және
қайталама металл, iлеспе элементтер (алтын, күмiс, сирек жер металдары) шығарумен
айналысатын өндiрiс орындары бар. Мәселен, «Қазақмыс» ААҚ және «Қазмырыш» ААҚ
ҚҚТ-ның тiк құрылымының жарқын мысалы болып табылады. Алайда ҚҚТ осымен
тоқтап қалады. Себебі, бұдан кейiн өнiмдi өңдеу басқа елдердiң компанияларында
жүргiзiледi, оларға аталған кәсiпорындар ресми түрде қатыспайды, бұл олар алатын
қосылған құнды едәуiр азайтады. «Қазақстантрактор» ААҚ ұтымсыз өндiрiстiң мысалы
болып табылады. Бұл кәсiпорын шынжыр табанды тракторлар құрастыру үшiн негiзгi
тораптарды басқа кәсiпорындардан сатып алу қағидаты бойынша ұйымдастырылған. Бұл
ретте ол осы жинақтаушы тораптар мен бөлшектердi өзiнiң бәсекелестерiнен сатып алады
[4,12-б]. Сайып келгенде, трактордың түпкiлiктi бағасы бәсекелестерiнiкiнен үнемi
жоғары болып шығады.
Индустриялды-инновациялық саясатты iске асыру үшiн ықтимал бәсекелес
өндірістердi, оның iшiнде әлемдiк рыноктардың даму үрдiстерi мен жеке сектордың
бастамаларын ескере отырып, экономикалық ҚҚТ-не құратын экспортқа бағдарланған
өндiрiстердi айқындау мақсатында экономика салаларының даму деңгейін талдауды
мерзімді жүзеге асыруды қажет етіп отыр. Сонымен бiрге, Қазақстан салалық ҚҚТ-ларда
өзiнiң орнын табу мақсатында әлемдiк және өңiрлiк рыноктарды зерттеудi күшейтуi
қажет. Бұл мiндет әлемдiк экономикаға, оның iшiнде тiптi шикiзат секторына қосылуды
басынан бастауға тура келетiнiмен қиындай түседi.
ҚҚТ барлық тiзбегiн қайтадан қалпына келтiруде көтермелеудің қажеттiлiгi бола
қоймаса да, тек қосылған құны барынша жоғары элементтердi, яғни әлемдiк рыноктарға
шығуға және қосылған құны барынша жоғары экономикалық белсендiлiктерге одан әрi
қадам басуға мүмкiндiк беретiн элементтердi ғана көтермелеу керек.
Осыған байланысты мемлекеттiк қолдау қазiргiдей ҚҚТ жекелеген элементтерi
бойынша iшiнара емес, оның барлық негiзгi элементтерi бойынша кешендi түрде
көрсетiлуi тиіс. Басқаша айтқанда, қолдау жеке алынған кәсiпорынға немесе салаға емес,
тiптi әртүрлi салалардағы, бiрақ бiрыңғай ҚҚТ шеңберiнде өзара байланысқан
салалардағы барлық немесе негiзгi кәсiпорындарға ғана көрсетiлуi қажет. Мемлекеттің
үйлестіруші және жоспарлаушы функциясы да осында екендігін ұмытпауымыз қажет.
Нарықтық экономикалы мемлекеттің экономикадағы құрылымдық қайта құруларды
жүзеге асыруда жеке меншік сектормен ынтымақтаса алатынын әлемдік тәжірибе көрсетіп
отыр. Осындай ынтымақтастықтың неғұрлым сәттi мысалдары ретінде Жапонияны,
Оңтүстiк Кореяны, Малайзияны және соңғы отыз жылда өздерiнiң экономикалық даму
саласында iрi бетбұрыс жасаған басқа да елдерді алуға болады.
Бүгінгі күні Қытай индустриялық дамудың стратегиялық бағыттарын дамыту
саласында жеке меншік сектормен ынтымақтастық саясатын жүргізеді. Қазақстан
Республикасы индустриялды-инновациялық саясатты жүзеге асыруда мемлекеттің негізгі
күш-жігері әріптестік, мемлекеттік қолдау мен айқындылыққа тең қол жетімділік
қағидаттарына негізделетін нарықтық тетіктер аясында, мемлекет пен жеке меншіктегі
бизнес арасындағы экономикалық қарым-қатынастардың тиімділігін арттыруға
бағытталуда [5, 10]. Сондай-ақ, елімізде нарықтық және сараптамалық орталықтар мен
инжиниринг, технологиялық трансферт пен ғылыми қор құру жөнінде де шешімдер біраз
қабылданды.
Осындай іс-шаралар аясында Қазақстан инновациялық дамудың ұлттық жүйесін
біртіндеп қалыптастырып келеді. Қазіргі уақытта өнеркәсіп саласын дамыту барысында
кластерлер желілерінің құрылуына мемлекет тарапынан көп қолдау көрсетілуде.
Кластерлер таяу орналасқан кәсіпорындарды бір орталыққа шоғырландыра отырып,
тізбектелген технология бойынша соңғы өнім шығаруға қол жеткізудің бірегей тәжірибесі
болып табылады.
Қазақстанның ғылыми-технологиялық секторы үлкен әлеуетке ие, ол әлеует елдің
әлеуметтік-экономикалық даму мақсаттарына барынша жұмсалады да. Әлемдік
тәжірибеде сыннан өткен инновациялық даму тәсілдері біздің елімізде де қолданысқа
енетін болады. Бұл тәсілдердің алғашқысы технология мен құрал-жабдықтардың
халықаралық рыногын тартуға келіп тіреледі. Оның негізгі тетіктері – трансферт және
технологияны бейімдеу орталықтары, лизинг бойынша құрал-жабдық алу, франчайзингті
қолдану, бірлескен кәсіпорындар құру үшін мүмкіндіктерді кеңейту. Екінші тәсіл төл
ғылыми-техникалық әлеуетін арттыруға негізделеді. Бұл бизнес-инкубаторларды,
технопарктерді, ғылыми-техникалық өнімдерді түпкілікті өнім деңгейіне жеткізетіндей
етіп өңдейтін орталықтарды қоса қамтитын мамандандырылған венчуралық
инфрақұрылымды талап етеді.
Республика ғалымдарының ұсыныстары негізінде елімізде бірнеше өндіріс орын-
дарында тың технологияларды енгізу мәселесі қолға алына бастады. Осылайша
индустрияның жаңа саласын қаржыландыру туралы шешім қабылданды. Аэроғарыш
саласындағы жоғары технологиялық өндірістерді дамыту, сондай-ақ, көптеген аймақтарда
өндірістік бірлестіктердің өнеркәсіптік базасы негізінде арнаулы технопарктер құрылып,
биотехнологиялық өндіріс бойынша көптеген жұмыстар жүргізілуде [6, 173].
Отандық өнімдердің халықаралық рыноктардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруда
әлемдік стандарттар мен сертификаттарға көшудің маңыздылығы зор. Яғни, шығарылатын
өнімдеріміздің әлемдік стандарттарға сай келуіне баса назар аударуымыз қажет. Әрине,
бұл үшін шығарылатын өнімнің сапасын әлемдік деңгейге дейін көтеру қажет, осы
мақсатта сапаның ИСО-9000 халықаралық стандарттарын енгізу бойынша да біраз іс-
шаралар атқарылды. Сонымен, индустриялды-инновациялық саясат ел экономикасындағы
шикізаттық бағытты ауыстырып, экономика дамуда жүйелі ілгерілеуге, шикізаттық емес
саладағы өндірістерді құруға, сонымен қатар жұмыс істеп тұрған өндірістерді техникалық
жағынан жетілдіруге, жаңа өнім түрлерінің көбеюіне және жаңа жұмыс орындарының
айтарлықтай өсуіне мүмкіндік береді.
Сонымен елдің индустриялды-инновациялық өсуін қамтамасыз ету, сонымен бірге
өркендеп келе жатқан экономиканың мұқтаждарын қанағаттандыру мақсатында шикізаттық
емес саладағы өндірістерді құру және оны жаңарту – мемлекеттің ұлттық экономиканы
дамытудағы құралы және объектісі болып саналатындығын көрсетеді.
Әдебиет
1. Қазақстан Республикасының индустриалдық-инновациялық дамуының 2003-2015
жылдарға арналған стратегиясы. ҚР Президентінің 2003 жылғы 17 мамырдағы №1096
Жарлығымен бекітілген, Астана.
2. «Инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау туралы» Қазақстан
Республикасының 2006 жылғы 23 нарыздағы Заңы.
3. «Қазақстан Республикасы экономикасының бәсекеге қабілеттілігі мен экспорттық
мүмкіндіктерін сапалы жаңа деңгейге жеткізудің 2008-2015 жылдарға арналған
тұжырымдамасы туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 28
желтоқсандағы № 1332 қаулысы.
4. «Мемлекеттің қатысуымен 2007-2009 жылдары қалыптастырылатын
индустриялық аймақтардың тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2007 жылғы 28 желтоқсандағы № 1331 қаулысы.
5. Қазақстан Республикасы Президентінің «Дағдарыстан жаңару мен дамуға» атты
Қазақстан халқына Жолдауы // Егемен Қазақстан 06.03.2009 жыл.
6. М.Б.Кенжеғазин, В.Ю. Додонов. С.А.Шебелев. Тұрақты экономикалық өсудің
Қазақстандық үлгісін қалыптастыру және жүзеге асыру (тұжырымдамалық көзқарастар). –
Алматы, ИЭ МОН РК, 2001.__
Достарыңызбен бөлісу: |