Ислам және өркениет. – 2010. - № 33. – 21-30 қараша
Қоңыров Е.
Маңызды кездесу
Жуырда Елордамыздағы С.Сейфуллин атындағы Агротехникалық университетте, философия кафедрасының «Даналық» танымдық клубының ұйымдастыруымен «Қазақстандағы діни төзімділік пен толеранттылық – жабық және жаңарған ислам қауымдастықтарын әділ диалогқа шақыру» атты дөңгелек үстел өтті.
Жиынға ҚР мәжіліс депутаты, дін жаңашыры, мемлекет қайраткері Бекболат Тілеухан, Ақмола қайырымдылық мекемесі, ер балалар пансионатының ұстазы Нұржан Рашидұлы, Астана қаласындағы барлық мешіттің имамдары және аталмыш оқу орнының ұстаздары мен студенттері қатысты. Басқосуда асыл дініміздің қазіргі жағдайы, ел ішіне іріткі салып жүрген жат пиғылды ағымдар, ішкі тұрақтылық пен келісім және тағы басқа өзекті мәселелер сөз болды.
Алғаш болып сөз алған Бекболат Тілеухан сабырлылық пен момындық қазақпен біте қайнасып кеткенін, сондай-ақ, халқымыз қандай жағдай болмасын Алланы ұмытпағандығын айта келе, қазіргі жетістігіміздің өзі төзім мен толеранттылыққа тікелей байланысты екенін тілге тиек етті.
Өз кезегінде Шұбар мешітінің бас имамы Хасан Аманқұлов діни радикализм, фитнаның алдын-алу жөнінде баяндама жасап, бүгінгі ислам атын жамылған секталар жөнінде кеңінен түсіндіріп берді. «Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы Руслан Қамбаров пен С.Ғылмани атындағы мешіттің наиб имамы Ербол Мәмбетовтің де баяндамалары әсерлі, ғибратқа толы болды.
Жиын соңы сұрақ-жауапқа ұласып, студенттер көкейлерінде жүрген сауалдар мен күрмеуі қиын мәселелердің шешімін тапты.
Достарыңызбен бөлісу: |