2010-02-13 13:25:00.0
Жолдаудан туындайтын жаңа міндеттердің дені жастарға жүктеледі - Мәжіліс депутаты А.Смайыл
АСТАНА. Ақпанның 13-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Кеше, ақпанның 12-сі күні ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл Елбасының «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын түсіндіру және талқылау мақсатында Астаналық аграрлық университетте болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат С.Сейфуллин атындағы аталмыш оқу орнының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Депутатпен болған кездесуге университет ректоры Айтбай Бұлашев, жас оқытушылар мен белсенді студенттер қатысты.
А.Смайыл, Елбасы өз Жолдауында Қазақстан экономикасының қарыштап дамуына индустриялық-инновацияны дамыту арқылы ғана қол жеткізе алатынымызды, сондай-ақ елдің аграрлық секторын озық технологиялармен жабдықтау қажеттігін тағы бір қадап айтқанын тілге тиек етті.
Белгілі жазушы-публицист, қоғам қайраткері, әрбір қазақстандық үшін аса маңызды құжаттың әр жолын жете түсіндіре отырып, жастарға ұлттық рухани құндылықтар мен бай мәдени мұраларымыз жайында әңгімелеп берді. А.Смайыл әр жастың биік мақсаттары мен мүдделері патриоттыққа негізделуі тиістігін және Жолдаудан туындайтын жаңа міндеттердің дені жастарға жүктелетінін шегелеп айтты.
Сондай-ақ депутат жүздесу барысында, қоғамды демократияландыру мәселелерін, мемлекеттік тіл, ұлттық мәдениет пен өнер, қазақ әдебиетінің көкжиектері туралы өз ойларын Елбасының Жолдауына байланыстыра әңгімеледі.
Халық қалаулысы студенттер мен жас оқытушылардың тарапынан түскен сауалдарға да тұщымды жауаптар қайтарды.
Достарыңызбен бөлісу: |