«Жаңа онжылдық жаңа экономикалық өрлеу Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауында Президент Н.Ә



Дата03.07.2016
өлшемі103.08 Kb.
#175668
«Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауында Президент Н.Ә. Назарбаев агроөндірістік кешенді дамыту – диверсификацияның маңызды сегменті әрі ол  - ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігін кем дегенде екі есе арттыру, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экспорттық әлеуетті іске асыру бағыттарында дамытылуға тиіс деп көрсеткен болатын. Осыған орай, біздің аграрлық саланың бетпердесін анықтайтын бидай өндірісінің маңызы дау тудырмаса керек.

  Қазақстанда орта есеппен жыл сайын (2006-2010 жж.) бидай егістігінің ауданы 13413,6 млн га және жалпы астық түсімі 14,5 млн тонна болғанда ол көрсеткіштер Солтүстік қазақстанның төрт облысында (Ақмола, Қостанай, СҚО, Павлодар) тиісінше 10922,9 және 11,75 млн тоннаны құрады. Бұл аталған өңірде бүкіл бидай түсімінің 81 пайызы жаздық бидай үлесінде деген сөз. Осы жылдары Республика бойынша бидайдың орташа астық өнімі 10,8 ц/га болды, бұл жаман көрсеткіш емес. Алайда озат шаруашылықтар мен ғылым жетістіктеріне көз жүгіртсек – бұл төмен көрсеткіш болып табылады. Осы заманғы ылғал-ресурсүнемдегіш технологияны қолданған шаруашылықтар елімізде аз емес, әр облыстан жеткілікті мысал келтіруге болады. Мәселен, Қостанай облысының РММ-нің «Заречное» шаруашылығы, Ақмола облысының «Максимовский», «Родина», «Агрофирма Ақтық» ЖШС-рі, «Сочинское»ЖШС, Солтүстік Қазақстан облысының «Зинченко и К», «Вишневка» ЖШС-тері, Қарағанды облысының «Шахтерское» элиталық-тұқым шаруашылығы ж.б. бидай астығының өнімі 15-17 ц/га және одан да жоғары.

  Қазіргі кезеңде ылғал-ресурсүнемдегіш технология негізгі бағыт болуға тиіс. Алайда, бұл технологияға кезкелген шарушылық толық түрде көше алмайды, себебі материалдық-техникалық базаға көп байланысты. Бұрынғы ескі техникалармен, үсті-үстіне қымбаттап кеткен жанар-жағармай, астықтың тасымалдау құны, жаңа, осы заманғы техникалар құны ж.б. үлкен қол байлау болуда.

  АШМ-нің статистикалық деректеріне қарағанда, бүгінгі күні ауыл шаруашылығы дақылдары өнімдерінің 1/3 бөлігінен астам ұсақ шаруашылықтарда (фермер, шаруа қожалықтарында) өндіріледі. Мәселен, 2010 жылы шаруашылықтардың барлық санаттарында 9,6 млн. т бидай астығы өндірілсе, оның 6,3 млн. тоннасы а.ш.кәсіпорындары (ірі фирмалар, АҚ, ЖШС ж.б.), ал 3,3 млн. тоннасын ұсақ шаруашылықтар өндірген. Әртүрлі санаттағы шаруашылықтардың материалды-техникалық базасы да бір деңгейде еместігі де түсінікті. Сондықтан бидай өсіруде агротехнологиялар да әртүрлі деңгейде. Қазіргі кезеңде Қазақстанның ауыл шаруашылығы өндірісінде бидай өсірудің қарапайым, дәстүрлі эрозияға қарсы жазық-тілгішті, ылғал-ресурсүнемдегіш минималды-нөлдік және ылғал-ресурсүнемдегш нөлдік технологиялары қолданылады. Олардың бір-бірінен үлкен айырмашылықтары бар және олар нақты шаруашылықтардың материалдық техникалық базасы мен шаруашылық нысандарына байланысты өзгереді (ірі холдингтер, агрофирмалар, ұсақ фермер шаруашылықтары ж.б.).

  Іссанада қолданылатын технологияның өзара айырмашылықтары анық байқала бермейді. Өйткені негізінен белгілі бір технологияны қолданғанда жиі түрде басқа технологияның элементтері пайдаланылады. Мәселен, дәстүрлі топырақ қорғау технологиясын қолданғанда ауыспалы егіс танаптарында да, сүрі танабында да минималды және нөлдік технология элементтері кеңінен қолданылады, бірте-бірте ылғал-ресурсүнемдегіш технологиялардың элементтері енгізіледі.

  Болашақта негізінен өсіру технологияларын жетілдіру есебінен еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты шаралардың бірі. Бұл бағытта ылғал-ресурс үнемдегіш технологияларын өндірісте кеңінен қолдану ерекше мәнге ие болмақ. Ал олардың артықшылығы «ҚазАгроИнновация» АҚ-ның «Қостанай ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің зерттеу деректерінен (С.И. Гилевич ж.б.) байқалады: орта есеппен 5 жылда жыл сайын дәстүрлі технологиямен өсірілген жаздық бидайдың астық өнімі (1991-1995 жылдарда) сүрі танабынан кейінгі 1-бидайда – 15,0; сүрі танабынан кейінгі 2-бидайда – 12,1 және сүрі танабынан кейінгі 3-бидайда – 11,4 ц/га болғанда, минималды технологиямен өсірілгенде (1996-2000 жылдары) аталған алғы дақылдардан кейінгі жаздық бидай өнімі тиісінше – 21,9; 19,8 және 16,7 ц/га құрады, ал нөлдік технологияда (2004-2008 жылдарда) ол көрсеткіштер тиісінше – 30,8; 27,7 және 27,9 ц/га жетті.

  Ылғал-ресурсүнемдегіш технологияның маңызды бір буыны - минералдық тыңайтқыштарды қолдану болуға тиіс. Тыңайтқыштар өсімдіктердің қоректенуін оңтайландырады, топырақ құнарлығын, өнім мен оның сапасын арттыруды қамтамасыз ететін маңызды фактор. Солтүстік облыстарда жаздық бидай үшін тиімді тыңайтқыштардың бірі - фосфор тыңайтқышы. Сүрі танабына енгізілген әсер етуші зат мөлшеріндегі әрбір килограмм фосфор тыңайтқышы тура және соңғы әсерімен 10-20 килограммға дейін қосымша бидай астығын береді. Оның үстіне ол 5-6 тәулік ерте піседі, ал бұл дер кезінде егінді шығынсыз жинап, жоғары сапалы астық алуға мүмкіндік береді. Мәселен біздің Қарағанды облысының күңгірт қара-қоңыр топырақтарында жүргізген тәжірибелерімізде орта есеппен 3 жылда (2005-2007 ж.ж.) жаздық бидайдың тыңайтқыш енгізбеген (Р0) танаптағы астық өнімі 14,2 ц/га, клейковина мөлшері 29,9%, натуралық массасы 774 г/л, шынылығы 61% болғанда, тыңайтқыш енгізілген (Р60) танапта бұл көрсеткіш тиісінше - 18,7; 32,5; 783 және 70-ке жетті де тауарлы астық 1-класс талаптарына сәйкес келді. Мұндай деректер Солтүстік Қазақстанның көптеген ғылыми мекемелерінде де алынды. Тыңайтқыштардың осындай артықшылықтарына қарамастан қазіргі уақытта елімізде танаптарға енгізілетін минералды тыңайтқыштар қажеттіліктің 10%-ын ғана құрайды. Біздіңше, мұндай жағдай тыңайтқыштардың тапшылығында ғана  емес, олардың қымбаттылығына да байланысты. Атап айтсақ, мемлекеттік қолдауды есептегеннің өзінде  (40-50%-ға арзандатылғанда) аммофостың 1 тоннасы диқандар үшін 35,0 мың теңгеге түседі, оған тасымалдау, топыраққа енгізу т.б. шығындарын қосыңыз (тағы да 2,5-3,0 мың теңге/га).

  Бидай астығы өндірісінде гербицидтердің рөлі зор. Егістік арамшөптермен шамалы ластанғанда астық шығыны 5-7%, ал күшті ластанғанда - 20-30%-ға дейін жетеді. Сондықтан бидай егістігінде химиялық күрес шараларына үлкен маңыз беріледі. Ылғал-ресурсүнемдегіш технологияның маңызды құрам бөлігі бола отырып, гербицидтер астық өнімін, оның сапасын да арттырады. Өкінішке орай, қазіргі кезде гербицидтердің де бағасы шарықтап кетті. Атап айтқанда, 1 га егістікке қажетті глифосатты гербицидтердің құны: «Клиник» – 1,8-3,6 мың теңге, Ураган форте - 4,0-6,7 мың теңге. Оларды егістікке бүрку шығынын қоссақ тіпті жоғары көрсеткіш. Үкімет тарапынан жоспарланып отырған 40% жеңілдік ауыл еңбеккерлеріне, әсіресе ұсақ фермер (шаруа) қожалықтарына айтарлықтай көмек жасай алмайды. «А.И. Бараев атындағы Қазақ АШҒЗИ» ЖШС-нің директоры Ж.А. Қасқарбаевтың деректерінде бұдан келетін шығын 20-30 АҚШ долларына дейін жетеді екен. Осы себепті мемлекеттік қолдау бұл бағытта қомақты болғаны жөн.

  Бидай астығы өндірісін арттырудың бір жолы – күздік бидайдың үлесін арттыру болып табылады. Ешкімге құпия емес, дұрыс, оңтайлы және ылғал-ресурсүнемдегіш технологияны қолданғанда күздік бидай жаздыққа қарағанда анағұрлым жоғары астық өнімін берелі. Мәселен, Қостанай облысы ғалымдарының деректерінде (С.И. Гилевич, С.В. Сомова, А.С. Локайчук, 2009) сүрі танабында өсірілген жаздық бидайдың орташа астық өнімі 5 жылда  (1991-1995 жж.) - 12,7 ц/га болса, күздік бидайда ол көрсеткіш - 27,7 ц/га болды. С. Сейфуллин атындағы Қазақ Агротехникалық университетінің өсімдік шаруашылығы кафедрасының  Ақмола облысының күңгірт қара-қоңыр топырақтарындағы зерттеулерінде  (орта есеппен 3 жылда, 2001-2003 жж.) күздік бидай 17,6 ц/га астық өнімін бергенде, жаздық бидай (бақылау варианты) 10,4 ц/га немесе алдыңғысынан 7,2 ц/га кем астық өнімін көрсетті, әрі астық сапасы да жаздық бидайдан қалыспады, кейде асып түсті.

  Күздік бидайдың биологиялық ерекшеліктеріне сәйкес жаздықпен салыстырғанда бірқатар артықшылықтары да бар: келтірілген деректер көрсеткендей, күздік бидай жаздық бидайға қарағанда анағұрлым артық астық өнімін береді; көктемгі-күзгі жауын-шашын ылғалын тиімді пайдаланады, көктемгі, ерте жазғы аңызақтан, құрғақшылықтан аз зардап шегеді; Солтүстік Қазақстан жағдайында 12-20 тәулікке егін ерте піседі де жаздық бидайдан айтарлықтай ерте жинауға мүмкіндік береді, ал мұның өзі нарық заманында сату құны жоғары шегіне жеткен кезеңге сәйкес келеді; жазғы жауын егін жинауға онша кедергі келтірмейді; егін жинау кезеңіндегі қарбаластықты азайтады, болашақ егінге топырақ дайындауға жеткілікті уақыт қалады; астық сұр көбелегінің зиянынан құтылады, зиянкестердің басқа түрлерінен де аз зиян шегеді, әсіресе қара шегірткелерден; тот, қара күйе ауруларына шалдықпайды.

  Статистикалық деректерге қарағанда өткен ғасырдың 70-жылдарының бас кезінде тек қана Қостанай облысында күздік бидай 450 мың гектарға дейін егістікті иеленгені белгілі. Біздің ойымызша, ылғал-ресурсүнемдегіш технологияны ең алдымен осы дақылға және мемлекеттік қолдауды да соған бағыттаған дұрыс.

  Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қатты бидайдың ерекшелігін атап өткен дұрыс. Қатты бидайдан жоғары сапалы мәнней жармасын, құнды макарон, кондитер өнімдерін өндіреді. Сыртқы сауда да оның астығы жұмсақ бидайдан жоғары бағаланады, бәсекеге қабілеттілігі дау тудырмайды. Өсіру технологиясын дұрыс қолданғанда жаздық қатты бидай астығының өнімі жұмсақ бидайдан қалыспайды. Ақмола облысы жағдайында орта есеппен 5 жылда (1998-2002 жж.) конкурстық сортсынауда қатты бидай өнімі 28,4 ц/га көрсетті. Елімізде оның егістік аумағының өсуі байқалады: 2008 жылы қатты бидай 253,6 мың гектар жерде өсірілсе, 2009 жылы - 284,6 мың гектарға  жетті, келешекте де егістігінің, жалпы түсімінің арту мүмкіндігі байқалады.

  Соңғы жылдары Қазақстан бидайының экспорттық жағрапиясы айтарлықтай өзгеруде, шығыс Европа елдері сатып алуда, Иран, Әзірбайжан, Тәжікстан, Түркия елдеріне экспорт ұлғаюда, қуатты (жоғары класты) бидайды сатып алуда Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан елдері де теріс көрмейді, Италия мен Жапонияны да Қазақстан бидайы қызықтырады, Қытай да көптеп сатып алуға құлшыныс білдіруде. Сондықтан егіншілік мәдениетін жетілдіре отырып, әсіресе ылғал-ресурсүнемдегіш технологияларды кеңінен қолдана отырып, жоғары белокты, клейковиналы және басқа да сапа көрсеткіштері жоғары бидай астығын өсірудің келешегі зор.

  Жоғары сапалы бидай астығын өндіруде бүгінгі таңда Канаданың абыройы асып тұр. Қазақстанның бұл бағытта мүмкіндігі мол. Еске сала кеткен теріс болмас, Кеңес Одағы кезінде сыртқы саудаға шығарылған бидай астығының басым бөлігі Қазақстандық болатын. Мәселен, 9-бесжылдықта Одақтың сыртқа экспорттаған бидай астығының 86,8% Қазақстанның үлесіне тиген болатын. Бір қызығы, тек қана бұрынғы Торғай облысы диқандарының сол кезде Одақтық астық қоймасына құйған қуатты (жоғары сортты) бидай астығы бүкіл Ресей Федерациясының  барлық облыстарының үлесінен асып түскен болатын! Біздің елімізде құрғақшылықты жылдары топырақ-климат ерекшеліктеріне байланысты, жоғарыда айтқанымыздай, көбінесе сапасы жоғары бидай астығы қалыптасады. Ылғалды жылдары бидай астығы сапасының біршама төмендеуі қалыпты жағдай. Астық сапасын тұрақты жоғары деңгейде өсірудің қандай мүмкіндіктері бар? Ең алдымен, өсірілетін жаздық бидай сорттарын дұрыс таңдап алған жөн. Көптеген ғылыми мекемелердің деректеріне қарағанда, әр аймаққа бейімделіп шығарылған бидайдың қарқынды сорттары жоғары сапа көрсеткіштерімен ерекшеленеді. Мұндай сорттарға Солтүстік Қазақстанда жаздық жұмсақ бидайдың Астана, Ақмола 2, Целинная 3С, Карабалыкская 90, қатты бидайдың Дамсинская 90, Кустанайская 92, ал орталық Қазақстанда жұмсақ бидайдың Карагандинская 22, Карагандинская 70, Саратовская 29,  қатты бидайдан  Оренбургская 2 ж.б. жатады. Аталған сорттар көпжылдық зерттеулер нәтижесінде нақты топырақ-климат жағдайларында ең жоғары сапа көрсеткіштерімен (клейковина мөлшері, натуралық массасы, шынылығы және т.б.) ерекшеленді әрі олардың көмегімен бидай астығынан жақсы және жоғары астық өнімін алуға болатыны дәлелденді. Қандай технологиямен өсірілгеніне  қарамай фосфор, азот тыңайтқышы қолданылған танаптарда  (әсіресе ылғал-ресурсүнемдегіш өсіру технологияларында) бидай астығының сапасы тұрақты түрде жоғары қалыптасады.

  Астық өндірісі - мемлекет деңгейіндегі проблема (мәселе), негізінен еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Сондықтан бұл мәселеде Қазақстан Үкіметі шет қала алмайды, реттеуші құрылым болып қалуға тиіс.

  Баспасөз беттерінде жарияланған деректерге қарағанда Қазақстанда ауыл шаруашылығы мемлекеттік қолдау әлемнің дамыған елдерімен салыстырғанды әлдеқайда төмен. Атап айтқанда, біздің елімізде бір гектар жыртынды жерге көрсетілетін мемлекеттік қолдау 35 АҚШ долларын құраса, ол көрсеткіш Европа елдерінде - 1111,0, Канадада - 882,0, АҚШ-та - 411,7 доллар, көріп отырғанымыздай, бізде ондаған есе төмен. Осыған байланысты айтарлықтай нәтиже болмай тұр, ауылдың жағдайы әлі нашар, инфроқұрылымы дамымаған (техникалар ескі, қаржы тапшы, өндірілген өнімді сату, өңдеу, сақтау ж.б. қомақты қолдауды қажет етеді).

  Тағы бір шешуін күтіп тұрған мәселе - ұсақ (шаруа) қожалықтарын ірілендіру. Бұл жұмыс өте қажет, бірақ әкімгерлік жолмен емес, ауыл диқан шаруаларының өз еркімен ұйымдасуына күш салған жөн. Ол үшін олардың арасында байсалды түсіндіру жұмыстарымен бірге ынталандыру тетігін пайдаланған дұрыс. Біздіңше, сондай ынталандырудың бір жолы - оларға бірінші кезекте мемлекеттік қолдауды көрсету керек (қай технологиямен өсіргеніне қарамай, арзандатылған тыңайтқыш, гербицид, жанар-жағармай т.б.); сонымен бірге төмен сыйақымен ұзақ мерзімді несие беретін мүмкіншілікті қарастырған абзал. Ол үшін «Ауыл банкі» немесе «Агробанк» құру мәселесін шешіп, оларға қомақты мөлшерде несие беруді ойластырса; қазіргі кездегі «Аграрлық несиелік серіктестіктердің» қаржылық мүмкіндіктері шектеулі, ірі көлемде несие бере алмайды. Ал ірілендірілген шаруашылықтарға (ұсақ фермер, шаруа қожалықтарынан) несиені ұзақ мерзімге төмен сыйақымен ірі мөлшерде берілсе және алғашқы 5 жылда оларға  жеңілдетілген ауыл шаруашылығы салығы қарастырылса аталған мәселе тезірек және оң шешімін табар еді деп ойлаймыз. Ауылға мұндай ауқымды мемлекеттік қолдау көрсетілмесе, ауыл дамымайды, бәсекеге қабілетті өнім өндіру күдікті, әрі әлеуметтік теңсіздікке ұрындырады. Қазақстан үкіметі осы сияқты әлсіз тұстарды өзінің күшімен реттесе ғана ауыл көркейеді.

  Тағы бір ауыл еңсесін көтертпей тұрған мәселе - өсірілген астық өнімін лайықты бағаға сату мәселесі. Бұл бағытта аралық делдарлардың шаруаны «қанауын» тоқтату үшін «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» күн–ілгері, егін жинау науқанынан әлдеқайда ерте мерзімде ауыл диқандарымен, бірінші кезекте ұсақ шаруашылықтармен, жаңадан ұйымдасқан ірілендірілген шаруашылықтармен келісім-шарт жасасып, егін жинала бастасымен диқан еңбегіне лайықты бекітілген бағамен астықты бірден бір орталыққа сатып алуды қарастырса және ақша қаржысын сөз-бұйдаға салмай бірден төлесе, шетелдерге солардан кейін сатса құба-құп болар еді. Ал ірі фирмалар, акционерлік қоғамдар, холдингтердің мүмкіндігі анағұрлым жоғары, олардан  екінші кезекте сатып алса да кеш болмайды. Әрине, нарық экономикасында әрбір нысан өзіне тиімдісін қарастырады, оларға ірі шаруашылықтардан сатып алған тиімді, арзанға түседі. Бірақ елдегі әлеуметтік теңдестікті сақтау мақсатында мемлекет мұның бәрін өзінің бақылауында ұстағаны жөн. Бұл бағытта ауыл шаруашылығы министрлігінің мемлекеттік және жеке меншік әріптестік негізінде арнаулы «Экспорттық компания» құру қажет деген ұсынысы құптарлық. Өйткені ол елімізде астық ресурстарын тиімді басқаруға және экспортты қарқындатуға мүмкіндік берер еді.



  Баспасөз беттерінде жекелеген жылдары күзде-қыста қалыптасқан астық мәселесіндегі жағдай, әсіресе, астықты сақтауда (ашық аспан астында, қырмандарда, қарапайым қоймаларда ж.б.), тасымалдау, өңдеудегі келеңсіздіктер туындамау үшін оңтайландырылған элеваторлар салу ұсынылған. Біздіңше бұл мәселенің түйінін басқаша шешуге болады: біріншіден бұрынғы Одақ кезіндегі астық элеваторларын арзан бағамен, немесе тегін жекешелендіріп иемденіп, алған қожайындардан  мемлекет қарамағына қайтарып алу қажет және экспортқа сыртқа сатқанға дейін диқандардың астығын соларда төмен сыйақымен, тіпті тегін сақтай тұрған дұрыс, сондықтан жаңа элеваторлар салудың қажеті жоқ; екіншіден, ақпарат деректерінде келтірілгендей, бірқатар элеваторлар әр аймақта бос тұр, ал  шаруашылықтардың астығы ашық аспан астында  немесе қарапайым қоймаларда сақталуда, осыған қарағанда аудан, облыс деңгейіндегі шенеуніктераталған мәселені түбегейлі, шаруаларға зиянсыз шешуге селсоқ қараған, келешекте ескеру қажет мұны. 



Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет