ЖАНЫМБЕТ
Сәбиттің өлеңдеріне сын
Қазақ әдебиеті аз да болса, басынан дәуір, өмір өткізіп отыр. Бірақ «елі жас» деп әдебиетшілердің бәрі айтады.Расында да солай. Қазақ әдебиетінің бұғанасы қатып, буыны бекіген жоқ. Қаз-қаздап аяқ баса бастағанының өзі де төңкерістен бері ғана. Жас бала сықылды. Жас баланың денесінің түзу болып өсуіне ата-анасының жақсы тәрбиесі керек болса, біздің әдебиетімізді жетілтуге, көркейтуге, келешекте түзу әдебиет болуына да жақсы тәрбие керек. Әдебиеттің мықты тәрбиесі – сын. Сыннан өтіп отырған әдебиет електен өткен ұн секілді таза болуы мумкін. Сыннан өтпеген әдебиет, еленбеген ұн секілді. Еленген ұн мен еленбегеннің наны да екі түрлі болады. Нан дұрыс нан болу үшін, илемей тұрып елеу керек. Біз жас әдебиетімізді ержетпей тұрып сынауымыз керек. Сынсыз әдебиет – құнсыз әдебиет.
Сынды әдебиет – мінсіз әдебиет. Олай болса әдебиетімізді сынау өте керек нәрсе. Енді мақсатымызға келейік.
Ақынның өлеңін сынау – өзін сынау. Ақынның өлеңін сынаушы адам, сыналған ақындай ақын болуы керек. Ақынның жүрегінен шыққан жалынды сөзін, ойын тербеткен мұңды күйін, жас шыбыктай жүзге бұралған, мыңға оралған шешен тілін, мылтықтың оғындай зымырап жалғанның жүзіне шарық ұрған тұманды терең қиялын сынау, табанын тап бастырып бағалау, арттырмай, кемітпей, дәл сырын сыртқа нақ өзіндей тура қылып шығару өте қиын, Осы айтқандай қылып сынап шығару үшін, сынаушы адамның өзі де дәл сондай ақын болуы шарт, Мен Сәбиттің өлеңін сынға алғанмен, дәл сондай ақын болғандықтан сынап отырғамын жоқ. Бірақ жұрттың көбі-ақ сынай алады. Оның мәнісі, біреудің жақсылық-жамандығы, міні, ұсталығы, шешендігі жұртқа көріне қалады.
Менің сынағандағы мақсатым, ақынды аса мақтау да емес, бойында бар нәрсені жасырып, кеміту де емес. Шама келгенше, ақынның бойында барын айтып сынау, сыналған ақынның кемдігі көрінсе, келешекте ол ақынның түзелуіне жақсы. Ақынның жақсылығы, шешендігі, ұстаған бағытының көздеген мақсатының түзулігі көрінсе, кейінгі жас жазушылардың үлгі алуына жақсы, Жастар алдында сыналғанда, әсіресе, төңкеріс ақындары сыналуы керек. Оның себебі, ескі ақындар ескіні көксейді. Оларды әдебиет түрінің әдемілігі жағынан ғана сынау керек. Кейінгі жас жазушылардың үлгі алатыны осы күнгі төңкеріс ақыны, төңкеріс жазушылары, олардың біреуі осы Сәбит. Бірақ, біз жалғыз ғана Сәбитті сынап қоймай, сонымен қатар. Сәкен, Бейімбет, оларды да қолға алуымыз керек. Менің алғаш Сәбитті сынауға кіріскендегі ойым – үшеуін қатар кою мақсаты да болды. Бірақ әрқайсысын жеке тексеру лайықтырақ көрінді. Сондықтан олардың сынын жеке қалдырып отырмын.
Сәбит өлеңін сынағанда сөзді аса шұбалтпау үшін негізді, маңызды деген сұрауларды ғана қойып отырмақпын. Мен, сынағанда, сынымның дұрыс болып шығуы да, шықпауы да мүмкін. Сондықтан, менен қалған кемдікті толтыру, артық жерін қалдыру, менен басқалардың, оқушылардың, әдебиетшілердің міндеті. Менің міндетім тек сөзді бастау, өйткені менің сыным көпке бірдей ұнауы мүмкін емес.
Ақынның өлеңін сынағанда, ең алдымен, оның өмірімен танысу керек. Енді Сәбиттің өміріне келейік.
Сәбит төңкеріс кезінде жарыққа шығады. Одан бұрын қазақ байының қойын бағып, орыс байының атын күтіп, тұрмыстан таяқты көп жейді. Әке-анадан туғаннан жетім қалады. Төңкеріске дейін Сәбиттің аты атқа, аузы асқа жарымайды. Сәбитке сезім де төңкерістен кейін кіреді. Сәбит төңкеріспен бірге туады, 20-сыншы жылдан партияға кіреді. Ол кезде қазақ оқығандарының көбі Алашорданың қолтығында жүрген кез. Сол кезден бастап Сәбит оқуға кіреді. Алашордашылардың күшті кезінде Сәбиттің маңдайына соққы көп тиеді. Бірақ,оның табаны таймайды, қажымай қарсы тұрады, арымай алдына шығады, талмай табан тіреседі. Сәбиттің өлең жазуы да 22-23-жылдан басталады. Менің сынымдағы бір кемшілік – Сәбитің ол кездегі алғаш жазғандары өлеңдерінен үлгі алмаймын. Оным Сәбиттің жақсылық-жамандығын жасырған емес, оларының жиғаны әлі жарыққа шыққан жоқ.
Сондықтан мен үлгіні биыл басылған өлеңдерінен аламын. Сәбит өзінің өмірі туралы өлеңдер жинағының 66-бетінде былай дейді. «Елге барам» дегенінде:
Құл, көмірдің ішінде өстім, Құс, аяқ жарылған пішінде өстім, Бірақ, еңбек майданы жігер беріп, Үздім қол, денем палуан күшімде өстім,
Кеше eді: Қыйтыңдатып жауырынды, Жамылып жабағыдан жабуымды, Бейнетті қанша керіп қажысам да,
Білдім бе сондадағы қамығуды, – дейді. Міне, жоғарғы сөздерге дәлел: акынның иманы, сыны өлеңінде болады. Біз осыған сенеміз.
Достарыңызбен бөлісу: |