Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы



бет4/5
Дата09.06.2016
өлшемі336.5 Kb.
#125213
1   2   3   4   5

5-тарау. Aң аулау

      32-бап. Аң аулау ұғымы және түрлерi

      1. Аң аулау - аң аулау объектiсi болып табылатын жануарлар түрлерiн мекендейтiн ортасынан алуды жүзеге асыру арқылы жануарлар дүниесiн арнайы пайдалану түрi.
      Жануарлар дүниесi объектiлерiн аулау мақсатында iздеу, iзiн кесу және iзiне түсу, аулауға әрекет жасау, аңшылық алқаптарда қабынан шығарылған аңшылық қаруы және басқа да аң аулау құралдары немесе аң аулаудан алған өнiмдерi бар, қарғыбауы алынған аң аулайтын иттерi мен аушы жыртқыш құстары бар адамдардың жүруi аң аулауға теңестiрiледi.
      2. Аң аулау:
      1) кәсiпшiлiк аң аулау;
      2) әуесқойлық (спорттық) аң аулау, оның ішінде ұлттық аң аулау болып бөлiнедi.
      3. Кәсiпшiлiк аң аулау - аң аулау объектiсi болып табылатын жануарлар түрлерiн кәсiпкерлiк қызмет мақсатында аулау.
      4. Әуесқойлық (спорттық) аң аулау - аң аулау объектiсi болып табылатын жануарлар түрлерiн спорттық, эстетикалық қажеттiктерiн қанағаттандыру мақсатында және ауланған өнiмдi жеке тұтыну үшiн аулау.
      Ұлттық аң аулау - аушы жыртқыш құстар мен аңшылық иттердің ұлттық тұқымдарын пайдалана отырып, әуесқойлық (спорттық) аң аулау объектісі болып табылатын жануарлар түрлерін аулау.
      5. Егер уәкiлеттi орган өзгеше белгiлемесе, аң аулау бекiтiлiп берiлген аңшылық алқаптарда жүргiзiледi.
      Ескерту. 32-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.01.25 № 548-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      33-бап. Аң аулау құқығы

      1. Аң аулау құқығы жеке тұлғаларға:
      1) егер аң аулау атыс қаруы қолданыла отырып жүргiзiлетiн болса, он сегiз жасқа толған;
      2) егер аң аулау аңшылық ережелерiнде рұқсат етiлген басқа да аңшылық құралдарының түрлерi, аңшылық иттер мен аушы жыртқыш құстар қолданыла отырып жүргiзiлетiн болса, он төрт жасқа толған;
      3) аңшылыққа қойылатын ең төменгi талап бойынша емтихан тапсырғаны туралы белгiсi бар аңшы куәлігі болған және аң аулау құқығына рұқсат беру үшiн Қазақстан Республикасының салық заңдарында белгiленген мемлекеттiк бажды төлеген;
      4) жануарлар дүниесiн пайдалануға рұқсат алған жағдайда берiледi.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      2-тармаққа өзгеріс енгізу көзделген - ҚР 2012.01.25 N 548-IV (2013.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      2. Шетелдiктер үшiн Қазақстан Республикасының аумағында аң аулау құқығы аңшылық шаруашылығы субъектісімен жасасқан аң аулауды ұйымдастыру шартының және оның аң аулау құқығын куәландыратын тұратын елінде берiлген құжаттың және жануарлар дүниесiн пайдалануға рұқсат алуының, сондай-ақ ішкі істер органдарынан аңшылық атыс қаруын және оның патрондарын Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге және Қазақстан Республикасының аумағынан әкетуге рұқсатының негiзiнде туындайды.
      Ескерту. 33-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2010.01.21 № 242-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз), 2012.01.25 № 548-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      33-1-бап. Аңшылар және аңшылық шаруашылығы субъектілері


                 қоғамдық бірлестіктерінің республикалық
                 қауымдастығы, сондай-ақ балық аулаушылар және
                 балық шаруашылығы субъектілерінің қоғамдық
                 бірлестіктері

      1. Аңшылар және аңшылық шаруашылығы субъектілері қоғамдық бірлестіктерінің республикалық қауымдастығы, сондай-ақ балық аулаушылар және балық шаруашылығы субъектілері қоғамдық бірлестіктері жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың мүддесін қорғау үшін құрылады.


      2. Аңшылар және аңшылық шаруашылығы субъектілері қоғамдық бірлестіктерінің республикалық қауымдастығы, сондай-ақ балық аулаушылар және балық шаруашылығы субъектілері қоғамдық бірлестіктері коммерциялық емес ұйымдар болып табылады. Аңшылар және аңшылық шаруашылығы субъектілері қоғамдық бірлестіктерінің республикалық қауымдастығы, сондай-ақ балық аулаушылар және балық шаруашылығы субъектілері қоғамдық бірлестіктері өздерінің құрылымдық бөлімшелерін (филиалдары мен өкілдіктерін) құруға құқылы.
      Аңшылар және аңшылық шаруашылығы субъектілерінің қоғамдық бірлестіктерінің республикалық қауымдастығы, сондай-ақ балық аулаушылар және балық шаруашылығы субъектілерінің қоғамдық бірлестіктері Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тәртіппен тіркеуге жатады. Аңшылар және аңшылық шаруашылығы субъектілерінің қоғамдық бірлестіктерінің республикалық қауымдастығы, сондай-ақ балық аулаушылар және балық шаруашылығы субъектілерінің қоғамдық бірлестіктерін тіркеуді уәкілетті орган олардың берген өтініштері мен олардың жеке қаражаты есебінен жүргізеді.
      Аңшылар және аңшылық шаруашылығы субъектілері қоғамдық бірлестіктерінің республикалық қауымдастығы, сондай-ақ балық аулаушылар және балық шаруашылығы субъектілерінің қоғамдық бірлестіктері қызметі Қазақстан Республикасының заңдарымен реттеледі.
      3. Аңшылар және аңшылық шаруашылығының субъектілері қоғамдық бірлестіктерінің республикалық қауымдастығы:
      1) аңшылар және аңшылық шаруашылығы субъектілері қоғамдық бірлестіктерінің аңшылық шаруашылығын, аңшылық ит өсіруді, аң-құстарды өсіруді дамыту жөніндегі қызметін үйлестіруді;
      2) аңшылар және аңшылық шаруашылығы субъектілері қоғамдық бірлестіктерінің мүддесін мемлекеттік органдар мен ұйымдарда, сондай-ақ мемлекеттік емес және халықаралық ұйымдарда білдіруді;
      3) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану мәселелері жөніндегі нормативтік құқықтық актілерді және басқа да құжаттарды дайындауға қатысуды;
      4) жануарлар дүниесi объектілерінің мониторингіне және есебін алуға қатысуды;
      5) жануарлар дүниесi объектілерін алып қою квоталарын бөлуге қатысуды;
      6) аң аулауда пайдаланылатын аушы жыртқыш құстардың есебін және тіркеуін жүргізуді;
      7) өз филиалдары мен өкілдіктері арқылы аңшы куәліктерін беруді, уәкілетті органға белгіленген нысан бойынша берілген аңшы куәліктері туралы есептілікті ұсынуды;
      8) аңшылық минимумына оқыту жүргізуді;
      9) аңшылық шаруашылығының субъектілері ұсынатын жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы деректердің есебін жүргізуді және оларды уәкілетті органға беруді;
      10) жануарлар дүниесiнің өсiмiн молайтуды ұйымдастыруды;
      11) аңшылық алқаптарды бекітіп беру жөніндегі конкурстық комиссияларға қатысуды;
      12) шетелдіктермен Қазақстан Республикасының аумағында аң аулауды ұйымдастыру шарттарын жасасуды;
      13) аушы жыртқыш құстар мен аңшылық иттерді пайдалана отырып, аң аулаудың ұлттық түрлерін дамытуды ұйымдастыруды;
      14) Жарғыда көзделген және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де қызметті жүзеге асырады.
      Аңшылар және аңшылық шаруашылығы субъектілері қоғамдық бірлестіктерінің республикалық қауымдастығы берген аңшылық минимумын тапсырғаны туралы құжат аңшы куәлігін беруге негіз болып табылады.
      4. Балық аулаушылар және балық шаруашылығы субъектілер қоғамдық бірлестіктерінің республикалық қауымдастығы мынадай қызмет түрлерін:
      1) балық аулаушылар және балық шаруашылығы субъектілері қоғамдық бірлестіктерінің балық шаруашылығын, акваөсіруді, жануарлар түрлерінің өсiмiн молайтуды, әуесқойлық (спорттық) балық аулауды дамыту жөніндегі қызметін үйлестіруді;
      2) балық аулаушылар және балық шаруашылығы субъектілері қоғамдық бірлестіктерінің мүддесін мемлекеттік органдар мен ұйымдарда, сондай-ақ мемлекеттік емес және халықаралық ұйымдарда білдіруді;
      3) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану мәселелері жөніндегі нормативтік құқықтық актілерді және басқа да құжаттарды дайындауға қатысуды;
      4) жануарлар дүниесi объектілерінің мониторингіне және есебін алуға қатысуды;
      5) жануарлар дүниесi объектілерін алып қою квоталарын бөлуге қатысуды;
      6) балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін бекітіп беру жөніндегі конкурстық комиссияларға қатысуы;
      7) балық шаруашылығын дамытуға бөлінетін субсидияларды бөлуге қатысуы;
      8) мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде балық ресурстары және басқа да су жануарларының жаппай ауыруы, олардың қырылу қаупі, балықтардың қырылу қаупі жағдайларында, сондай-ақ жас балықтарды құтқаруды ұйымдастыруға көмектесуге қатысуды;
      9) шетелдіктермен әуесқойлық (спорттық) балық аулауды ұйымдастыру шарттарын жасасуды;
      10) Жарғыда көзделген және Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де қызметті жүзеге асырады.
      Ескерту. Заң 33-1-баппен толықтырылды - ҚР 2012.01.25 № 548-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

6-тарау. Балық аулау

      34-бап. Балық аулау түрлері



      1. Балық аулау мынадай түрлерге бөлінеді:
      1) кәсіпшілік балық аулау;
      2) әуесқойлық (спорттық) балық аулау;
      3) ғылыми-зерттеу үшін аулау;
      4) бақылау үшін аулау;
      5) мелиорациялық аулау;
      6) өсімін молайту мақсатында аулау;
      7) эксперименттік аулау.
      2. Кәсіпшілік балық аулау – балық ресурстарын және басқа да су жануарларын бір мезгілде көп мөлшерде аулауға мүмкіндік беретін және (немесе) су айдынының (кәсіпшілік аулау құралдарымен) бір бөлігін қамтитын, бөліп тұратын аулау құралдарымен мекендеу ортасынан балық ресурстарын және басқа да су жануарларын алып қоюды қамтамасыз ететін кешенді процесс.
      Кәсіпшілік балық аулау кәсіпкерлік қызмет мақсатында жүзеге асырылады.
      Кәсіпшілік балық аулау жағалауда және теңізде аулау арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
      Жағалауда аулау – бекітіліп берілген балық шаруашылығы су айдындарында және (немесе) учаскелерінде жүзеге асырылатын балық ресурстарын және басқа да су жануарларын аулау.
      Теңізде аулау – бекітіліп берілген учаскелер шегінен тыс су айдындарының (теңіздердің, көлдердің) ашық бөлігінде жүзеге асырылатын балық ресурстарын және басқа да су жануарларын аулау.
      Уәкілетті орган белгілеген рекреациялық балық аулау аймақтарында кәсіпшілік балық аулауға жол берілмейді.
      3. Әуесқойлық (спорттық) балық аулау – бір-бірлеп аулауға ғана (кәсіпшілік емес аулау құралдары) мүмкіндік беретін аулау құралдарымен жүзеге асырылатын, спорттық және эстетикалық қажеттіліктерді қанағаттандыру, спорттық жарыстарды өткізу мақсатында, сондай-ақ аулап алынған өнімді жеке тұтыну үшін балық ресурстарын және басқа да су жануарларын аулау.
      Әуесқойлық (спорттық) балық аулау ауланған балықты кейіннен тірі күйінде табиғи мекендеу ортасына қайтадан жіберумен жүзеге асырылуы мүмкін.
      4. Ғылыми-зерттеу үшін аулау – жануарлар дүниесінің жай-күйін бағалау жөнінде ғылыми зерттеулер жүргізу мақсатында балық ресурстарын және басқа да су жануарларын аулау.
      Жануарларды аулау лимитінен тыс ғылыми-зерттеу үшін аулауға бұрын жануарлар дүниесінің жай-күйін бағалау жүргізілмеген су айдындарында жол беріледі.
      5. Бақылау үшін аулау – ихтиофаунаның жай-күйін бақылау, балық ресурстарын және басқа да су жануарларының өсімін молайту тиімділігін, шабақтардың өнімділігін, су айдындарының балық өнімділігін айқындау мақсатында балық ресурстарын және басқа да су жануарларын аулау.
      6. Мелиорациялық аулау – жаппай аулауды, арзан бағаланатын балықтар түрлерін аулауды, қырылу қаупі бар су айдындарындағы және (немесе) учаскелеріндегі аулауды қоса алғанда, су айдындарының балық өнімділігін арттыруға, балық ресурстарын және басқа да су жануарларын сақтауға және олардың мекендеу әрі көбею жағдайларын жақсартуға бағытталған балық ресурстарын және басқа да су жануарларын аулау.
      Жаппай аулау - су айдынындағы балық ресурстарының және басқа да су жануарларының бүкіл кәсiпшiлiк қорын алып қою немесе балықтардың жеке түрлерінің кәсiпшiлiк қорын немесе экологиялық тобын алып қою. Жаппай аулау мелиорациялық аулау ретінде және ғылыми-зерттеу мақсаттары үшін қолданылуы мүмкін.
      7. Өсімін молайту мақсатында аулау - балық ресурстарының және басқа да су жануарларының өсімін молайту мақсатында оларды аулау.
      8. Эксперименттік аулау - балық аулау құралдары мен тәсілдерінің жаңа түрлерінің тиімділігін зерделеу мақсатында балық ресурстарын және басқа да су жануарларын аулау.
      9. Балық аулауды жүзеге асыру тәртібі Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен балық аулау ережелерінде айқындалады.
      Ескерту. 34-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.01.21 № 242-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен, өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.01.25 № 548-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      35-бап. Балық аулау құқығы

      1. Кәсiпшiлiк балық аулау құқығы жеке және заңды тұлғаларға:
      1) жануарлар дүниесiн пайдалануға рұқсаты;
      2) уәкiлеттi органмен балық аулауға жасасқан шарты болған кезде берiледi.
      2. Әуесқойлық (спорттық) балық аулау, ғылыми-зерттеу үшін аулау, мелиорациялық және эксперименттік аулау, сондай-ақ өсімін молайту мақсатындағы аулау құқығы жеке және заңды тұлғаларға жануарлар дүниесiн пайдалануға рұқсаты немесе жолдамасы болған кезде берiледi.
      3. Бақылау үшін аулауды уәкілетті орган жүзеге асырады.
      Ескерту. 35-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.01.21 № 242-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.

      36-бап. Жасанды әдiспен жасалған су тоғандарында балық


               шаруашылығы қызметiн реттеудiң ерекшелiктерi

      Өздерi жасаған жасанды су тоғандарында балықтар мен басқа да су жануарларын өсiрген жеке және заңды тұлғалар осы балықтар мен су жануарларының меншiк иесi болып табылады және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес оларға иелiк етедi.



7-тарау. Аңшылық және балық шаруашылықтарын жүргiзу

      37-бап. Аңшылық және балық шаруашылықтарын жүргiзу құқығын


               беру

      1. Аңшылық шаруашылығын, сондай-ақ су айдындары және (немесе) учаскелерi бекiтіп беріле отырып, балық шаруашылығын жүргiзу құқығы Қазақстан Республикасының азаматтарына және Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына облыстың жергілікті атқарушы органының аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерiн бекiтiп беру туралы уәкiлеттi органмен келiсiлген шешiмiнiң, уәкiлеттi орган мен жануарлар дүниесiн пайдаланушы арасында жасалатын аңшылық және балық шаруашылықтарын жүргiзу шартының негiзiнде берiледi.


      Балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерiн бекiтiп берусіз балық шаруашылығын жүргiзуді Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары және шетелдік заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
      2. Аңшылық және балық шаруашылықтары субъектілері жануарлар дүниесi объектiлерiн квота шегiнде алып қою құқығын жануарлар дүниесiн пайдалануға рұқсат алған сәттен бастап, ал басқа жеке және заңды тұлғалар - аңшылық және балық шаруашылықтары субъектілерінен жолдама алғаннан кейiн немесе солармен аң аулау немесе балық аулау шартын жасасқаннан кейін алады.
      3. Алып тасталды - ҚР 2012.01.25 № 548-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      Ескерту. 37-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.01.21 № 242-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен, өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.01.25 № 548-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      38-бап. Аңшылық алқаптар



      1. Аңшылық алқаптар - аң аулау және аңшылық шаруашылығын жүргiзу жүзеге асырылатын немесе асырылуы мүмкiн, аң аулау объектiсi болып табылатын жануарлар түрлерiнiң мекендеу ортасы болатын аумақтар мен акваториялар.
      Сулы-батпақты алқаптар осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген белгілерге сәйкес келген жағдайда аңшылық алқаптар құрамына енгізілуі мүмкін.
      2. Аумақтар мен акваторияларды аңшылық алқаптарға жатқызу, олардың шекараларын айқындау, тиiстi сервитуттар мен аңшылық шаруашылығының санаттарын белгiлеу шаруашылықаралық аңшылық iсiн ұйымдастыру нәтижелерiнiң негiзiнде Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
      3. Аңшылық алқаптарда жануарлар дүниесi объектiлерiн пайдалануға байланысты емес шаруашылық қызмет жануарлар дүниесi объектiлерiнiң және олар мекендейтiн ортаның сақталуын қамтамасыз ететiн әдiстермен және тәсiлдермен жүргiзiлуге тиiс.
      4. Аңшылық алқаптары бар жерлер мен акваторияларды иелену, пайдалану және оларға билiк ету құқығы аң аулау объектiлерi болып табылатын жануарлар түрлерiн пайдалану құқығын бермейдi.
      5. Мына жағдайларда:
      1) аңшы куәлiгiнсiз;
      2) атыс қаруын сақтау мен пайдалану құқығын беретiн iшкi iстер органдары рұқсатынсыз атыс қаруын қолданып;
      3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен тiркеуден өткiзiлмеген аушы жыртқыш құстарды қолданып;
      4) аң аулау ережелерiнде қолданылуы көзделмеген аулау құралдарын пайдаланып;
      5) аңшылық шаруашылығы субъектісімен шарт жасаспай кәсiпшiлiк мақсатта;
      6) егер уәкiлеттi орган өзгеше белгiлемесе, аңшылық алқаптардың резервтiк қорында;
      7) елдi мекендердiң жерлерiнде, сондай-ақ олармен iргелес аумақтарда аң аулау ережелерiне сәйкес аңшылық атыс қаруын қолдану қауiпсiздiгi қамтамасыз етiлмейтiн қашықтықта;
      8) уәкiлеттi органның рұқсатынсыз өнеркәсiп, көлiк, байланыс, қорғаныс жерлерiнде;
      9) күйзелiстi және дәрменсiз жағдайдағы жануарларды (дауылдан, су тасқынынан, өрттен бас сауғалағандарды, су тоғандарынан өту кезiнде, көктайғақ кезiнде, аштықтан әлсiрегендердi, жусанды паналаған суда жүзетiн құстарды);
      10) қозғағышын iске қосып, авиа-, авто-, мотокөлiк құралдарын, қарда жүретiн техниканы (қасқыр аулауды қоспағанда), шағын көлемдi кемелердi, түнде көру құралдарын, лазерлiк нысана көрсеткiштерiн, жарық беру және дыбыс шығару құралдарын қолдана отырып, әуесқойлық (спорттық) мақсатта;
      11) алкогольден немесе есiрткiден масаң болу немесе өзге түрде улану жағдайларында;
      12) егін орағы аяқталғанға дейін ауыл шаруашылығы дақылдары егілген жерлерде;
      13) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен табиғатты пайдаланудың жекелеген түрлеріне жол берілетін аумақты қоспағанда, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда;
      14) өзен құндызына, кәмшатқа, күзенге, ондатраға атыс қаруын қолданып;
      15) аңшылық иттердi құтқару үшiн iндердi қазуды қоспағанда, жануарлардың тұрағын бұзып және зақымдап;
      16) өзен құндызы тұрғызған бөгетті бұзып;
      17) пневматикалық, лақтыратын қаруды қолданып (жануарлар дүниесi объектілерін қозғалтпауға және егуге байланысты ғылыми-зерттеу және профилактикалық жұмыстарды жүргізу үшін садақтар мен арбалеттерді пайдаланудан басқа);
      18) сауыт бұзатын, өртегіш немесе жарғыш қуаты, ауыртпалық орталығы ауыстырылған оқтары бар патрондарды қолданып;
      19) тегiс ұңғылы аңшылық мылтығына қолдан жасалған ойық жиналмалы (қосалқыларды) ұңғыны қолданып;
      20) бос жерлерді, су бетiндегі өсiмдiктердi жағумен, басқа да өсімдiктерді түбiрiмен қопарып және жойып;
      21) өздiгiнен атылатын қаруларды, қысқыштарды, қаусырмаларды, қапсырмаларды, кескiштердi қолданып; тұзақтар құрып, аулау орларын қазып; адам байқамайтын айқындаушы белгілерінсіз ірі қақпандарды, шатырларды, бастырмаларды, iлмектердi, найзаларды, құс желiмін орнату жолымен, түтін салып, жылтыр мұзға, қатқыл мұзға, терең қарға және топырағы жабысқақ сортаңға, шабылған қамысқа айдап шығарып, қоңыр аюды, тұяқты жануарларды және құстарды аулау кезiнде қақпанды қолданып, қоршауға алып, тағамен аулап;
      22) торларды қолданып; су құю арқылы iннен шығарып (уәкiлеттi органмен келісiм бойынша жануарларды интродукциялау, реинтродукциялау, будандастыру немесе еріксіз ұстау үшін оларды аулауды қоспағанда);
      23) жарылғыш құрылғыларды, химиялық және улы заттарды қолданып, уәкiлеттi органмен немесе оның аумақтық бөлімшесімен келiсім бойынша тышқан тектес кемiргiштердi (саршұнақтарды, сұр егеу құйрықтарды, аламандарды) жойған кезде, сондай-ақ жануарлардың құтыру эпизоотиясы және басқа аурулары жағдайында улы химикаттарды қолдануды қоспағанда;
      24) жануарлардың рұқсатта көрсетілген санынан тыс;
      25) рұқсатта көрсетілмеген басқа жануарлар түрлерін;
      26) аңшылық шаруашылығы субъектісінің жолдамасынсыз;
      27) аулап алу объектісі болып табылатын жануарлар түрлеріне, басқа елдерден әкелінген жыртқыш қыран құстарды пайдалана отырып;
      28) еркекүйрекке көктемгі аң аулау кезінде еліктіруші үйрексіз немесе тұлыпсыз;
      29) тұяқты жануарларды және қоңыр аюды аулау кезінде қорықшының немесе жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспектордың еріп жүруінсіз;
      30) әуесқойлық (спорттық) мақсатта суырға калибрі бес бүтін оннан алты миллиметрлік бүйірден (сақиналы) тұтандырғыш патронды ойықты қару қолданып;
      31) тыныштық сақтау аймақтарында және өсiмiн молайту учаскелерінде аң аулауға тыйым салынады.
      Ескерту. 38-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2010.01.21 № 242-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз), 2012.01.25 № 548-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      39-бап. Балық шаруашылығы су айдындары және (немесе)


               учаскелерi

      1. Балық шаруашылығы су айдындары және (немесе) учаскелері - балық ресурстарын және басқа да су жануарларын аулау, өсіру және көбейту үшiн пайдаланылатын немесе пайдаланылуы мүмкiн не олардың қорларының өсiмiн молайту үшiн маңызы бар су айдындары не олардың бөліктері (өзендер және оларға теңестiрiлген каналдар, көлдер, сулы-батпақты алқаптар, су қоймалары, тоғандар және басқа да iшкi су айдындары, аумақтық сулар), сондай-ақ теңiз сулары.


      Заңды тұлға мәртебесі бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың құрамына кіретін су айдындарында балық аулау «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.
      2. Балық шаруашылығы су айдындары және (немесе) учаскелерi маңызы жағынан халықаралық, республикалық және жергiлiктi болып бөлiнедi.
      3. Халықаралық маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарына және (немесе) учаскелерiне Қазақстан Республикасының және онымен шектес мемлекеттердiң аумақтарында орналасқан су тоғандары жатады.
      Республикалық маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарына және (немесе) учаскелерiне екi және одан да көп облыстардың аумағында орналасқан балық шаруашылығы су айдындары және (немесе) учаскелерi жатады.
      Жергiлiктi маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарына және (немесе) учаскелерiне облыстық атқарушы орган бекiткен тiзбеге енгiзiлген қалған барлық балық шаруашылығы су айдындары және (немесе) учаскелерi жатады.
      3-1. Балық шаруашылығы су айдындары және (немесе) учаскелері биологиялық негіздемесі болған кезде акваөсіру мақсаттары үшін пайдаланылуы мүмкін.
      Балық шаруашылығы су айдыны және (немесе) учаскесі балық шаруашылығын жүргізу ережелеріне сәйкес ихтиофаунаның толығымен немесе ішінара ауысуымен балық өсіру мақсатында пайдаланылуы мүмкін.
      4. Балық шаруашылығы су айдындарында және (немесе) учаскелерінде:
      1) елдi мекендердiң, балық қабылдау пункттерiнiң жанына бакендер орнату үшiн, аялдауды және аса қажет жағдайды қоспағанда, балық аулауға тыйым салынған жерлерде су көлiгiнiң тоқтауына;
      2) балық аулайтын түрлi құралдарды бiр балық шаруашылығы су айдындарынан және (немесе) учаскелерiнен басқаларына арнайы өңдеусiз апаруға;
      3) уәкiлеттi органның рұқсатынсыз өзендерде жаңа балық шаруашылығы учаскелерiн, ұйықтар (ұйықтық учаскелер) ашуға, салдар мен қалқымалар орнатуға;
      4) су тоғандарында немесе оған тiкелей жақын жерде балық аулау ережелерiнде қолдану көзделмеген балық аулау құралдарымен болуға;
      5) балықтарды ноқталарында сақтауға, жүзу құралдарынан және балық аулау құралдарынан шыққан өлi және ауру балықты суға және жағалау белдеуiне лақтырып тастауға;
      6) балық аулау ережелерiнде белгiленген кәсiпшiлiк шаралардан кем балық аулауға, қабылдауға, сатуға және сақтауға;
      7) уәкiлеттi мемлекеттiк органның рұқсатынсыз балық шаруашылығы  су айдындарында және (немесе) учаскелерiндесуда жүзетiн құстар өсiруге және құндыз өсiру немесе басқа кәсiпшiлiк мақсатта мелиорациялық жұмыстар жүргiзуге;
      8) мұз қатқан кезеңде балық шаруашылығы су айдындарына және (немесе) учаскелеріне уәкілетті органның келісімінсіз көлік және өзге де механикалық жылжымалы құралдармен баруға;
      9) жеке және заңды тұлғаларға түрін көрсетпестен немесе «басқа» және «майда» деген атаумен тапсыруды және қабылдауды жүзеге асыруға;
      10) екі және одан да көп аумен (құлыптаудағы) сүзуді бір мезгілде жүргізуге, сондай-ақ алдыңғы ауды жағалауға толық лақтырғанға дейін ауды сүзуді бастауға;
      11) балық шаруашылығы су айдындарында және (немесе) учаскелерінде балық аулауға тыйым салынған кезеңде, сондай-ақ балық аулауға тыйым салынған жерлерде уәкілетті органмен келісусіз двигательдері қосылған су көлігінің барлық түрлерінің жүруіне;
      12) санитариялық күзет аймақтары мен акваториялар шегінде жануарлар дүниесiн пайдалануға рұқсатсыз және балық аулау қағидаларында көзделген құжаттарды ресімдеусіз жеке және заңды тұлғалардың балық ресурстарын және басқа да су жануарларын сатып алуына және өткізуіне тыйым салынады.
      5. Мына жағдайларда:
      1) бөгеттердiң, шлюздердiң және көпiрлердiң жанында, көлдердi өзара және негiзгi өзенмен жалғастыратын тармақтарда, мелиорациялық жүйелердiң жеткiзу арналары мен бұрылыстарында, балық аулау ережелерiнде белгiленген шекаралардан тыс өзендер мен арналардың сағалары алдында;
      2) балық аулау ережелерiнде көзделмеген балық аулау құралдарымен;
      3) мемлекеттік экологиялық сараптамаға жататын, тиісті ғылыми ұйымдар берген биологиялық негіздеменің негізінде Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін мерзімде және орындарда қысқы кезеңде балықтардың қыстайтын шұңқырларында, уылдырық шашу кезінде уылдырық шашатын жерлерде және өзге де учаскелерде;
      4) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен тiркелмеген және тiркеу нөмiрлерi көрсетiлмеген жүзу құралдарымен;
      5) балық аулау құқығын беретiн рұқсатқа сәйкес ұйымның атауы және балық аулау құралдарының параметрлерi көрсетiлген жапсырмалары жоқ балық аулау құралдарымен;
      6) теңiзде және өзендерде бекiре балықтарды аулауға арналған құрылған аулау құралдарымен;
      7) алкогольден немесе есiрткiден масаң болу немесе өзге түрде улану жағдайларында;
      8) балық аулау ережелерімен, шектеулермен және тыйымдармен жол берілмейтін тәсiлдермен;
      9) ұясы рұқсаттарда көзделгендерден кем мөлшердегі аулау құралдарымен;
      10) аулау құралдары өзеннің немесе өзен тармағы енінің үштен екіден астамын қамтып;
      11) құрмалы аулау құралдарын шахматтық тәртiппен, вентерлер мен секреттерді өзендер мен бастаулардың, құятын каналдардың сағасынан бес жүз метр радиуста орнатумен;
      12) кәсiпшiлiк балық аулауды жүзеге асыру кезінде бөгеттерден, шлюздер мен көпірлерден бес жүз метрден жақын қашықтықта;
      13) мемлекеттік экологиялық сараптамаға жататын, тиісті ғылыми ұйымдар берген биологиялық негіздеменің негізінде Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін орындарда және мерзімде балық ресурстарының және басқа да су жануарларының көбею кезеңінде олардың шоғырлану орындары мен өрістеу жолдарында;
      14) жарылғыш құрылғыларды, химиялық және улы заттарды, сондай-ақ атыс қаруын пайдаланумен;
      15) уәкілетті органның рұқсатынсыз кәсіпшілік және кәсіпшілік емес балық аулау құралдарының түрлері мен тәсілдерін қолдануға рұқсат берілген тізбеге енгізілмеген балық аулау құралдарының түрлері мен тәсілдерін қолданумен балық аулауға тыйым салынады.
      Ескерту. 39-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2010.01.21 № 242-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз), ҚР 2011.07.15 № 461-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.01.25 № 548-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

      39-1-бап. Сулы-батпақты алқаптар

      1. Сулы-батпақты алқаптар – табиғи (тереңдігі судың қайтуы кезінде алты метрден аспайтын теңiз суларын қоспағанда) және сирек кездесетіндерін әрі құрып кету қаупі төнгендерін қоса алғанда, су маңындағы жануарлар түрлерінің жаппай мекендейтін, ұя салатын, өсiмiн молайтатын орны болып табылатын жасанды акваторийлер.
      2. Сулы-батпақты алқаптар маңызы бойынша халықаралық және республикалық болып бөлінеді.
      3. Халықаралық маңызы бар сулы-батпақты алқаптарға халықаралық шарттарға сәйкес халықаралық маңызы бар сулы-батпақты алқаптардың тізіміне енгізілген алқаптар жатады.
      4. Республикалық маңызы бар сулы-батпақты алқаптарға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен республикалық маңызы бар сулы-батпақты алқаптардың тізіміне енгізілген барлық қалған алқаптар жатады.
      5. Сулы-батпақты алқаптарда, сирек кездесетіндерін және құрып кету қаупі төнгендерін қоса алғанда, жануарлар дүниесін қорғау және өсiмiн молайту жөніндегі шаралар көзделеді.
      6. Сулы-батпақты алқаптарды сақтауды қамтамасыз ету мақсатында уәкілетті орган даму жоспарын бекітеді.
      Ескерту. Заң 39-1-баппен толықтырылды - ҚР 2010.01.21 № 242-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.

      40-бап. Аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су


               айдындарын және (немесе) учаскелерiн бекiтiп беру
               тәртiбi

      1. Аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су айдындары және (немесе) учаскелері конкурс қорытындысы бойынша облыстың жергілікті атқарушы органының шешімімен бассейндік принцип ескеріле отырып, бекітіп беріледі.


      Конкурсты конкурс өткізу ережелеріне сәйкес құрылған, құрамына уәкілетті органның, облыстың жергілікті атқарушы органының, ғылыми ұйымдардың және аңшылар және аңшылық шаруашылығы субъектілері қоғамдық бірлестіктерінің республикалық қауымдастықтары, сондай-ақ балық аулаушылар және балық шаруашылығы субъектілері қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері енгізілетін комиссия өткізеді. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда конкурсты Қазақстан Республикасының Үкiметi құратын комиссия өткiзедi.
      Конкурсқа бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын, балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін шаруашылықаралық аңшылықты ұйымдастыру мен паспорттау негiзiнде аңшылық және балық шаруашылықтарын жүргізуге перспективті деп танылатын резервтік қордың аңшылық алқаптары мен балық шаруашылығы су айдындары және (немесе) учаскелері қойылады. Пайдаланушы аңшылық алқаптарын бекітіп беруге конкурсқа қатысқан кезде қабылдаған міндеттемелер аңшылық және балық шаруашылығын жүргізуге арналған шарттың міндетті талаптары болып табылады.
      Жеке және мемлекеттiк емес заңды тұлғалардың жеке меншiгiндегі немесе уақытша жер пайдалануындағы жер учаскелерiнде толығымен орналасқан аңшылық алқаптар, сондай-ақ жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындары және (немесе) учаскелері олар белгiленген бiлiктiлiк талаптарына сәйкес келген жағдайда олардың өтiнiмi бойынша облыстың жергілікті атқарушы органының шешiмiмен конкурс өткiзiлмей-ақ және уәкiлеттi органның ұсынымынсыз соларға бекiтiп берiледi.
      Бекітіп беру мерзімі өткен аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су айдындары және (немесе) учаскелері бiлiктiлiк талаптарына сәйкес келген, шарттық міндеттемелерді орындаған жағдайда олар бұрын бекітіп берілген адамдардың өтінімі бойынша конкурс өткізілмей-ақ, уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша қайта бекітіп беріледі.
      Жергілікті маңызы бар, қырылу қаупі бар су айдындары және (немесе) учаскелері бекітіп берілген адамдар қабылдаған шаралардың нәтижесінде байланысты қырылу қаупі белгілерін жоғалтса, олар бiлiктiлiк талаптарына сәйкес келген жағдайда бекітіп берілу мерзімі өткен соң олардың өтінімі бойынша конкурс өткізілмей-ақ және уәкiлеттi органның ұсынымынсыз бес жылдан қырық тоғыз жылға дейінгі мерзімге қайта бекітіп беріледі.
      Балық шаруашылығы су айдындары және (немесе) учаскелері, ұйықтар (ұйықтық учаскелер) мемлекеттік тапсырыс шеңберінде өсімін молайту мақсаттары үшін уәкілетті органның ұсынымы бойынша конкурстан тыс негізде қырық тоғыз жылға дейінгі мерзімге өсімін молайту кешенінің мемлекеттік кәсіпорындарына бекітіп берілуі мүмкін.
      2. Бекітіп беру:
      1) аңшылық алқаптар үшін аңшылық шаруашылығын жүргізу мақсатында – он жылдан қырық тоғыз жылға дейінгі;
      2) балық шаруашылығы су айдындары және (немесе) учаскелері үшін балық шаруашылығын жүргізу мақсатында – бес жылдан қырық тоғыз жылға дейінгі;
      3) жергілікті маңызы бар, қырылу қаупі бар су айдындары және (немесе) учаскелері үшін балық шаруашылығын жүргізу мақсатында – бір жылдан бес жылға дейінгі мерзімді құрайды.
      3. Бұрын ұйымдастырылған аңшылық және балық шаруашылықтары шекараларындағы аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су айдындары және (немесе) учаскелерi алдыңғы шаруашылықаралық аңшылықты ұйымдастырудың және балық шаруашылығы су айдындары және (немесе) учаскелерiн паспорттаудың материалдары негiзiнде қайта бекiтілiп берiледi.
      4. Жер учаскесiнiң меншiк иесi немесе жер пайдаланушы мүдделi жеке және заңды тұлғаларға, оның ішінде аңшылық алқаптар мен балық шаруашылығы су айдындары және (немесе) учаскелері аумағына немесе акваториясына кіретін учаскелерде аңшылық және балық шаруашылықтарын жүргізу және аң аулау мен балық аулауды жүзеге асыру мақсаттарында сервитут беруді қамтамасыз етуге мiндеттi.
      Ескерту. 40-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.01.21 № 242-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен, өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.01.25 № 548-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      41-бап. Аң аулау мен балық аулау объектiлерiне жатпайтын


               жануарларды шаруашылық мақсаттарда пайдалану

      Аң аулау мен балық аулау объектiлерiне жатпайтын жануарларды, сондай-ақ олардың пайдалы қасиеттерi мен тiршiлiк ету өнiмдерiн шаруашылық мақсаттарда пайдалану уәкiлеттi орган белгілеген тәртiппен жүзеге асырылады.

      42-бап. Жануарларды ғылыми, мәдени-ағартушылық, тәрбиелiк
               және эстетикалық мақсаттарда, оның iшiнде
               зоологиялық коллекциялар жинау үшін пайдалану

      Сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнгеннен басқа жануарларды ғылыми, мәдени-ағартушылық, тәрбиелiк және эстетикалық мақсаттарда, оның iшiнде зоологиялық коллекциялар жинау үшiн пайдалану уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.

      43-бап. Мамандандырылған ұйымдар

      Қазақстан Республикасының Үкіметі жануарлар дүниесiн қорғауды, өсiмiн молайтуды және орнықты пайдалануды жүзеге асыру үшін мамандандырылған ұйымдар құрады.


      Ескерту. 43-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.01.25 № 548-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      43-1-бап. Жануарлар түрлерінің өсiмiн молайту

      Балық ресурстарын және басқа да су жануарларын қоспағанда, жануарлар түрлерінің өсiмiн молайтуды мамандандырылған ұйымдар, сондай-ақ биологиялық негіздеме, мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы және уәкілетті органның рұқсаты негiзiнде жеке және заңды тұлғалар жүзеге асырады.
      Ескерту. Заң 43-1-баппен толықтырылды - ҚР 2012.01.25 № 548-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет