ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІН ҚОРҒАУДЫҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ
Жусупбекова М.Қ., Жаханова Л.З.
(Қорқыт-Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті)
Қазақстан Республикасының Конституциясының 31-бабында «Мемлекет адамның өмір сүру мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны қорғауды мақсат етіп қояды» деп бекітілген [1].
Қоршаған орта қорғау түсінігіне тоқталар болсақ, ҚР Экологиялық кодекстің 1 бабына сәйкес қоршаған ортаны қорғау - қоршаған ортаны сақтау мен қалпына келтіруге, шаруашылық және өзге де қызметтің қоршаған ортаға теріс әсерін болғызбауға және оның зардаптарын жоюға бағытталған мемлекеттік және қоғамдық шаралар жүйесі болып табылады.
Табиғатты тиімді түрде үнемді пайдалану және оны қорғау, оның ресурстарын пайдалану кезіндегі тепе-теңдікті белсенді түрде сақтау, қоршаған табиғи ортаны жақсарту, ал бұл талаптар бұзылған жағдайда оны қалпына келтіру жөніндегі шараларды жүзеге асыру қажеттігін тудырып отыр.
Қоршаған ортаны қорғау мәселесі унемі мемлекеттің назарында болады. Осыған орай көптеген мемлекеттік бағдарламалар ішінде Қазақстан Республикасының 2004-2015 жылдарға арналған экологиялық қауіпсіздігі тұжырымдамасын атап кетуге болады. Бұл тұжырымдамада еліміздің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық бағыттар көрсетілген – экономиканы, ұлттық заңнамаларды және қоғамды экологияландыруға байланысты, экологиялық үгіт-насихат жүргізу және жұртшылықтың экологиялық мәселелерді шешуге қатысуы, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және нығайту [2].
Осымен бірге, Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 14 желтоқсанындағы Қазақстан халқына жолдаған «Қазақстан-2050» Стратегиясы» атты Жолдауында «бізге өз табиғи байлықтарымызға деген көзқарасымызды ой елегінен өткізудің принципті маңызы бар. Біз оларды сатудан қазынамызға кіріс құя отырып, оларды дұрыс басқаруды, ең бастысы, еліміздің табиғи байлығын орнықты экономикалық өсуге барынша тиімді кіріктіруді үйренуіміз керек» деп тұжырымдаған [3]. Яғни еліміздің басшысы табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мен қоршаған ортаны қорғауға шақырды. Әрине, адамзаттың күн көрісі мен тіршілік етуіне қажетті заттар және табиғата кездесетін жаратылыс дүниелері — табиғи ресурстар деп аталады. Су, жер, өсімдік жан-жануар, тау-тас, қазба-байлық және өзге де, тікелей не өнделген күйінде тұрмысқа, өндіріске қажетті дүниеліктердің бәрі де табиғи ресурстарға жатады.
Табиғи ресурстарды пайдалану нәтижесінде, адамзат — азық-түлік, киім-кешек тұрмыс қажетін өтеуге керекті заттар, жанар-жағар майлар және өнеркәсіпке қажетті шикізаттарды алады.
Табиғи ресурстар құрамын жануарлар дүниесі де құрайды.
Жануарлар дүниесі дегеніміз Қазақстан Республикасының аумағында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының құрлықтық қайраңы мен айрықша экономиалық аймағында тұрақты немесе уақытша мекендейтін жануарлардың жиынтығы.
Жануарлар дүниесін реттейтің заңнамасына Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексі, ҚР жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану жөніндегі Заңы жатады.
Жануарлар дүниесінің манызы өте зор. Жануарлар дүниесі қоршаған ортаның құраушы бөлігі және экологиялық жүйе шынжырының бөлінбес тізбегі болып табылады. Ол қарапайым қауымдастықтардың жұмыс істеуіне, топырақтың құрылымы мен табиғи өнімділігіне, өсімдік жамылғысының, судың биологиялық құрамының қалыптасуына және жалпы қоршаған ортаның сапасына белсенді әсер ететін, табиғат энергиясы мен заттар алмасу процесінің қажетті құрамдасы болып табылады. Сонымен бірге, жануарлар дүниесі адам үшін мәдени, ғылыми, эстетикалық, тәрбиелік, экономикалық жағынан үлкен манызы бар табиғи объект. Жануарлар дүниесі табиғи ортаның тірі, қайта қалпына келетін, жойылып кету қауіпі бар элементі.
Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінде жануарлар дүниесін қорғау мәселелері келесілер болып табылады:
1) жануарлар дүниесi объектiлерiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану жөнiндегi ережелер мен нормаларды белгiлеу және сақтау;
2) жануарлар дүниесiн пайдалануға шектеулер мен тыйым салулар белгiлеу;
3) жануарлардың бағалы, сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген түрлерiн қорғау;
4) жануарлар дүниесiн пайдаланудың белгiленген ережелерiн бұзуды болдырмау;
5) жануарлар мекендейтiн ортаны қорғауды, олардың көбею жағдайларын, өрiс аудару жолдары мен шоғырлану орындарын ұйымдастыру;
6) жануарлар дүниесiн пайдаланушыларға жануарлар дүниесi объектiлерiн қорғау жөнiндегi мiндеттердi жүктей отырып, аумақтарды, акваторияларды бекiтiп беру;
7) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру;
8) жануарлар түрлерін жасанды түрде өсiру;
9) жануарлар ауырған жағдайда, дүлей зiлзала кезiнде және басқа себептер салдарынан қырылу қаупi төнген жағдайларда оларға көмек көрсету;
10) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы ғылыми зерттеулердi ұйымдастыру;
11) жануарлар дүниесi объектiлерiн қорғау және орнықты пайдалану идеяларын насихаттау;
12) жеке және заңды тұлғалардың жануарлар дүниесiн қорғау жөнiндегi қызметiн ынталандыру;
13) азаматтарды жануарлар дүниесiне iзгiлiктi және ұқыпты қарау рухында тәрбиелеу жолымен жүзеге асырылады [4].
Жануарлар дүниесін қорғаудың қиындығы келесі факторларға негізделеді: сыртқы әсерлерге сезімталдығы, өзгерушілік қасиеті, мекендейтін ортасының тұрақты еместігі.
Бірақ, өкінішке орай жыл сайын жабайы жануарлардың саны азайыу үстінде. Оны түсіну қиын емес, өйткені бір жағынан жер бетінде адам саны көбеюде, ал адам саны кобейсе жануарлар мекен жайы азая түседі. Екінші жағынан заңсыз аңшылық салдарынан да азаяды. Сол үшін аңшылық әрекеттерді тиімді және ақылға келе отырып, жүзеге асыру керек. Үшінші жағынан адамның антропогендік әрекеттерінен де жануарлар саны азаюда. Мысалы, ормандарды жойыу, шөлейттерді игеру, өндірістік қалдықтармен суларды ластау, ауамен теніздердің ластануы. Төртінші жағынан соңғы кезде мұнай өндірісінің қалдықтары су қорларын ластауда, сондықтан кейбір балық түрлері азаю процессі үстінде. Осыған байланысты қазіргі таңда жануарлар дүниесін сақтап калу және оларды қорғау адамзаттың басты назарында болуы тиіс. Жануарларды не үшін қорғап сақтауымыз керек? Себебі, планетамыздың фаунасы әр турлі жануарлардың кездейсоқ жинақталуы емес, қарама қайшы жануарлар біртұтас, бір - бірімен тығыз байланыста өмір сүретін жүйе болып табылады. Біреуінің сол жүйеден түсіп қалуы үлкен табиғи өзгерістерге әкеп соқтырады.
Жоғарыдағы айтылғанға байланысты Қазақстан Республикасы Конституциясында табиғатты қорғау және табиғат байлықтарын ұқыпты пайдалану міндетінің тек қана азаматтар үшін белгіленген, біздің пікірімізше заңды тұлғалардың да міндеттері қоршаған ортаны қорғау бойынша мемлекетіміздің негізгі Заңында көрсетілуі тиіс деген ұсыныс айтамыз.
Әдебиеттер:
1. Қазақстан Республикасының Конституциясы. – Алматы: Юрист, 2013.
2. Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 3 желтоқсанындағы №1241 «Қазақстан Республикасының 2004-2015 жылдарға арналған экологиялық қауiпсiздiгi тұжырымдамасы» Жарлығы.
3. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты атты Қазақстан халқына Жолдауы. - 2012. - 14 желтоқсан.
4. Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексі. – Алматы: Юрист, 2014.
Достарыңызбен бөлісу: |