ӘОЖ [37.01:371.3]:37.013 Қолжазба құқығында
ЖЕЛДЫБАЕВА БАЛГЫН СЕМБАЙҚЫЗЫ
Жаратылыстану пәндерін оқыту үдерісінде халық педагогикасы
арқылы оқушылардың танымдық іс-әрекетін қалыптастыру
13.00.01 – Жалпы педагогика, педагогика және білім тарихы,
этнопедагогика
Педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу
үшін дайындалған диссертацияның
АВТОРЕФЕРАТЫ
Қазақстан Республикасы
Қарағанды, 2010
Жұмыс Семей мемлекеттік педагогикалық институтында орындалған
Ғылыми жетекші: педагогика ғылымдарының докторы, профессор С.С.Маусымбаев
Ресми оппоненттер: педагогика ғылымдарының докторы,
профессор Ж.Ж.Наурызбай
педагогика ғылымдарының кандидаты,
доцент Б.Ж.Жиентаева
Жетекші ұйым: Еуразия гуманитарлық институты
Диссертация 20____ жылы « » сағат Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті жанындағы педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғау жөніндегі БД 14.50.05 біріккен диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады (100028, Қарағанды қаласы, Университет көшесі, 28, Ғылыми кеңестің мәжіліс залы).
Диссертациямен Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің кітапханасында танысуға болады.
Автореферат 20 жылы « » таратылды.
Біріккен диссертациялық кеңестің
Ғалым хатшысы Н.Ә.Мыңжанов
Кіріспе
Зерттеудің көкейкестілігі. ХХІ ғасыр басындағы инновациялық құбылыстар қатарына білім беру парадигмасының түбегейлі өзгеруін жатқызуға болады. Бұл істе білім беру жүйесінің негізгі өзегін өзгертуді көздейтін жаңа білім кеңістігіне өту қажеттілігі жатыр.
Бүгінгі Қазақстан мектептерінде жаңа ғасырдың білім кеңістігіндегі жаңашылдық жағдайға сәйкес өзгерістер легі іске асырылып жатқаны белгілі. Қазақтың этнопедагогикалық бай материалдары жаңа ғасырдағы инновациялық Қазақстан мектебінде ұлттық мәдениетті сақтаудың және оны дамытудың басты факторы екендігін логикалық тұрғыдан негіздей отырып, білім мазмұнының ұлттық негізде берілуін жаңа өркениеттік бағдар тұрғысынан жетілдіру мәселесін қарастыру қажет. Өйткені унитарлық ұлттық мемлекет мектебі ертеңгі қазақ елінің туы мен тұтқасын берік ұстай алар тума тұлғаларды өсіретін, ұлттық ұстанымды қуаттайтын орта болуы тиіс. Мұндай абыройлы мәрелік мәртебеге тез әрі баянды түрде жету үшін халқымыздың этнопедагогикалық және этномәдениеттік мол мұрасын жалпы білім беретін мектептерде әрбір пәнді оқытуда, әсіресе жаратылыстану пәндерін оқытуда пәрменді түрде ең тиімді жолмен пайдалана білу басты талаптардың бірі болып табылады.
Бүкіләлемдік өркениет тарихынан ерекше орын алатын ғұлама Әл-Фарабиден бастап түркі тілдес халықтарға ортақ өшпес мұра қалдырған орта ғасыр ойшылдары Ж.Баласағұни, М.Қашқари еңбектерінде дүниенің ғылыми бейнесін жаратылыстану мазмұны арқылы қалыптастыру мәселелері қарастырылған. Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, қоршаған ортамен, табиғатпен қарым-қатынасы, дүниетанымы, ұрпақты тәрбиелеу тәжірибесі А.Құнанбаев, Ы.Алтынсарин, Ш.Құдайбердиев, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Дулатов, Ә.Марғұлан, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, М.Әуезов және т.б. ойшылдардың еңбектеріне арқау болған.
Педагогика ғылымында халық педагогикасы мәселесіне қазақстандық көрнекті ғалымдар С.Қалиев, Қ.Жарықбаев, С.Ұзақбаева, Е.Ө.Жұматаева, К.Қожахметова, Ж.Ж.Наурызбай, С.Ғаббасов, Р.Дүйсембінова, Қ.Бөлеев, Б.Ж.Жиентаева және т.б., ТМД елдерінің белгілі ғалымдары Г.Н.Волков, А.Э.Измайлов, Г.С.Виноградов, Я.Н.Ханбиков, Ю.А.Рудь, К.Пирлиев, Е.Л.Христова, И.А.Шоров, А.Ш.Гашимов, В.Ф.Афанасьев, В.Х.Арутюнян және т.б. өз зерттеулерінде әртүрлі аспектіде ашып көрсеткен.
Жаратылыстану пәндерінің мазмұнын анықтау және оны оқытудың әдістемелік жүйесінің проблемаларына қазақстандық ғалымдар Қ.М.Арынғазиннің, С.Т.Каргиннің, К.М.Кертаеваның, М.Ә.Құдайқұловтың, С.С.Маусымбаевтың, О.С.Сәлімбаевтың, У.Қ.Тоқбергенованың және т.б. еңбектері арналған.
Сонымен бірге оқушылардың танымдық іс-әрекеті, шығармашылығы, қызығушылығы, ізденімпаздығы, белсенділігі мәселесіне қазақстандық ғалымдар А.Х.Аренова, А.Е.Әбілқасымова, Ә.С.Әмірова, Н.А.Дарханов, Д.Ж.Кішібаева, Т.И.Қоқымбаева, Р.С.Омарова, Е.Ж.Рысбаев, ресей ғалымдары Б.Г.Ананьев, А.Н.Леонтьев, И.Ломпшер, Н.Ф.Талызина, Т.И.Шамова, М.Шадрина, Г.И.Щукина және т.б. елеулі үлестерін қосқан.
Біздің зерттеу проблемамызға жақын 1-6 сыныптарда математиканы оқыту процесінде этнопедагогика элементтерін пайдалану әдістемесі (Г.Н.Жолтаева), 5-9 сыныптар негізінде математиканы оқытуда қазақ этнопедагогикасы элементтерін ұтымды пайдалану (Ә.С.Сәрсекеев), физика пәнін халықтық педагогика тағылымдарымен байланыстыра отырып оқыту (Г.Б.Әлімбекова), химия пәнін оқытуда халық педагогикасының элементтерін пайдалану (Ғ.Әбдіқадырова), қазақ этнопедагогикасы арқылы оқушылар дүниетанымын қалыптастыру (С.Қасенов) мәселелері қарастырылған еңбектерді атап өтуге болады.
Алайда жоғарыда аталған зерттеулерді талдау негізінде қазақ этнопедагогикасы, халық педагогикасы жөнінде ғылыми жұмыстар жеткілікті екендігі анықталды, бірақ жаратылыстану пәндерін оқыту үдерісінде қазақ халық педагогикасы ауқымындағы материалдарды оңтайлы қолдану арқылы оқушылардың танымдық іс-әрекеттерін пәрменді ұйымдастыру білім сапасын арттыру кепілі екендігі арнайы қарастырылмағандығы байқалды.
Бүгінгі орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының мазмұнынан және жаратылыстану пәндері бойынша қолданылып жүрген оқулықтардан этноматериалдарды тым аз мөлшерде кездестіруге болады. Ал мұндай этноматериалдар бүгінгі орта білім беру мазмұнында тұрлаулы түрде кеңінен көрініс таппаса, әрі олар оқушылардың санасына сіңіріле насихатталмаса, онда ұлттық мәдениеттің құлдырауы мен рухани жұтаңдану орын алары сөзсіз.
Жаратылыстану пәндері қазіргі замандық оқыту жүйесінің іргелі пәндері болуымен қатар, мектептегі өтілетін сағатқа шақталған жүктемесі бойынша ең көлемді әрі ұзақ өтілетін пәндер қатарына жатады. Оның үстіне осы аталмыш пәндер ғылым мен техниканың алдыңғы шегінің әліппесі және адамзат тарихындағы ең көне пәндер болып табылады, демек, оның ұғымдық атаулары, ережелері мен есептері халықтық ортада қалыптасқаны анық.
Бүгінгі өркениетті өмірде болып жатқан жағымды өзгерістер жалпы орта білім беруде өз еліміздің ұлттық халық педагогикасының мол мұрасын мектептің оқу-тәрбие үдерісіне батыл енгізуді талап етеді. Бәсекеге қабілеттілікке негізделген, тіршіліктегі әрекеттердің құбылмалы нысандарына, өмір сүру тәсілдеріне бейімделген, өзін-өзі еркіндікте танитын тұлға ұлттық құндылықтар жүйесінің тірегі болып табылады.
Қазіргі уақытта жаратылыстану пәндері мұғалімінің мақсаты оқушыларға жаратылыстану ғылымының негіздерін жалаң оқыту емес, олардың өмірге өзіндік көзқарасын тәрбиелеу, қоршаған ортадағы әр түрлі қоғамдық ой-пікірлермен, жазушы шығармаларымен, халықтық этноматериалдармен жаратылыстану ғылымын оқушы санасында байланыстыра білу болып табылады. Бұл мақсаттың нәтижелі жүзеге асуы үшін жаратылыстану пәндерін оқытуда‚ соның ішінде оқушылардың танымдық іс-әрекетін қалыптастыруда ғасырлар сынынан өткен тәлім-тәрбиелік және танымдық мүмкіндіктері мол қазақ халық педагогикасы материалдарын пайдалану қажет.
Сонымен ғылыми-педагогикалық әдебиеттерді, теориялық зерттеулерді талдау мен мектептерде жаратылыстану пәндерін оқыту үдерісіндегі тәжірибелерді саралау нәтижелері жаратылыстану пәндерін оқыту үдерісінде халық педагогикасы арқылы оқушылардың танымдық іс-әрекетін қалыптастырудың қажеттілігі мен оның жүзеге асырылмауы арасында; жаратылыстану пәндерінің мазмұндарын халық педагогикасымен байланыстыру мүмкіндіктерінің жоғарылығы мен мектепте оларға деген сұраныстың аз болуы арасында; оларды мектеп тәжірибесінде бірізді жүйемен пайдалануды ұйымдастыру қажеттілігі мен оны жүзеге асыратындай әдістемелік кешеннің жоқтығы арасында қарама-қайшылықтардың бар екендігін анықтады. Осы қарама-қайшылықтарды шешуге байланысты жаратылыстану пәндерінен жалпыға міндетті білім берудің мемлекеттік стандартында оқушылардың танымдық іс-әрекетіне қойылған талаптарына сай халық педагогикасын оқушылардың танымдық іс-әрекетін қалыптастыру құралы ретінде пайдалануды қамтамасыз етудің мазмұнын қарастыру біздің зерттеу проблемамызды анықтауға және тақырыпты «Жаратылыстану пәндерін оқыту үдерісінде халық педагогикасы арқылы оқушылардың танымдық іс-әрекетін қалыптастыру» деп таңдап алуға негіз болды.
Зерттеу мақсаты: халық педагогикасы арқылы жаратылыстану пәндерін оқыту үдерісінде оқушылардың танымдық іс-әрекетінің қалыптасуын теориялық және практикалық тұрғыда негіздеу.
Зерттеу нысаны: жалпы орта білім беретін мектепте жаратылыстану пәндерін оқыту үдерісі.
Зерттеу пәні: халық педагогикасы арқылы жаратылыстану пәндерін оқыту үдерісінде оқушылардың танымдық іс-әрекетін қалыптастыру мазмұны.
Зерттеудің ғылыми болжамы: егер жалпы орта білім беретін мектептерде жаратылыстану пәндерін оқытуда халық педагогикасы арқылы оқушылардың танымдық іс-әрекетін қалыптастыру мәселесі ғылыми-теориялық тұрғыда негізделсе, онда осы пәндерді оқытуда оқушылардың танымдық іс-әрекетін қалыптастыру кезеңдері толық жүзеге асады, өйткені халық педагогикасы оқушыларға танымдық іс-әрекетін қалыптастыруға негіз болады.
Зерттеудің міндеттері:
-
оқушылардың танымдық іс-әрекетін қалыптастыру мәселесінің зерттелу деңгейін айқындау;
-
жаратылыстану пәндерін оқыту барысында халық педагогикасын пайдаланудың мүмкіндіктерін анықтау;
-
жаратылыстану пәндерін оқыту үдерісінде халық педагогикасы арқылы оқушылардың танымдық іс-әрекеті қалыптасуының компоненттерін, өлшемдерін, көрсеткіштері мен деңгейлерін анықтау;
4) жаратылыстану пәндерін оқыту үдерісінде халық педагогикасы арқылы оқушылардың танымдық іс-әрекетін қалыптастырудың моделін жасау;
5) жаратылыстану пәндерін оқыту үдерісінде оқушылардың танымдық іс-әрекетін халық педагогикасы арқылы қалыптастыру әдістемесінің тиімділігін эксперименттік тексерістен өткізу.
Зерттеудің жетекші идеясы: жалпы орта білім беретін мектепте жаратылыстану пәндерін оқытуда оқу мазмұндарын халық педагогикасымен сабақтастыру жаһандану заманында өркениетті қоғам талабына сай ұлттық тұлғаны қалыптастыру шарты болады.
Зерттеудің әдіснамалы және теориялық негіздеріне ғылыми таным теориясы, диалектика заңдары, жеке тұлғаның жан-жақты және үйлесімді дамуында адам, қоғам, табиғат туралы жалпы заңдылықтары, халық педагогикасының оқу-тәрбие жұмысындағы орны, оқушылардың дүниетанымын қалыптастыру жолдары туралы ілімдері, қазіргі білім беру проблемалары, тұлғаның шығармашылық әлеуеті, өмірлік іс-әрекетінде жүзеге асыру теориясы, халықтық тағылымымыздың мәнін айқындайтын философиялық, психологиялық, педагогикалық тұжырымдамалар енеді.
Зерттеу әдістері: зерттеу мәселесі бойынша философиялық, психологиялық, педагогикалық және әдістемелік әдебиеттерін, бағдарламаларын, оқулықтарын, оқу құралдарын талдау; озат ұстаздардың, әріптестердің мастер-класс нысанындағы дәрістеріне қатысу, пікір алмасу, танымдық іс-әрекетін бақылау; модельдеу; сауалнама; тестілік әдістер; педагогикалық эксперимент; математикалық есептеу әдістері қолданылды.
Зерттеудің көздері: зерттеу мәселесі бойынша педагогтардың, психологтар мен философтардың еңбектері, ресми құжаттар мен материалдар (Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы, «Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамытудың тұжырымдамасы», заңдар, қаулылар, т.б.), бағдарламалар, оқу жоспарлары, оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар, тұжырымдамалар, мерзімдік ғылыми-әдістемелік ақпараттар, озат ұстаздардың және автордың жеке педагогикалық іс-тәжірибелері.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен теориялық мәнділігі:
1) оқушылардың танымдық іс-әрекетін қалыптастыру теориялық тұрғыдан негізделді;
2) жаратылыстану пәндерінің білім мазмұнына сәйкес халық педагогикасын пайдаланудың мүмкіндіктері ашып көрсетілді;
3) жаратылыстану пәндерін оқыту үдерісінде халық педагогикасы арқылы оқушылардың танымдық іс-әрекеті қалыптасуының компоненттері, өлшемдері, көрсеткіштері мен деңгейлері анықталды;
4) жаратылыстану пәндерін оқыту үдерісінде халық педагогикасы арқылы оқушылардың танымдық іс-әрекетін қалыптастырудың моделі жасалды;
5) оқушылардың танымдық іс-әрекетін халық педагогикасы арқылы қалыптастырудың әдістемесі жасалып, оның тиімділігі тәжірибелік - эксперименттік сынақтан өткізілді.
Зерттеудің практикалық маңызы:
- жаратылыстану пәндерінің оқу бағдарламасының мазмұнына талдау жүргізудің нәтижесінде халық педагогикасы арқылы оқушылардың танымдық іс-әрекетін белсендіретін әдіс-тәсілдері құрастырылды және практикалық маңыздылығы айқындалып, қолданыс деңгейіне жеткізілді;
-
жұмыстың өзектілігіне байланысты «Жаратылыстану пәндерін оқытуда қазақ этнопедагогикасы элементтерін қолдану» атты оқу-әдістемелік құрал, мектеп мұғалімдеріне және колледж оқытушыларына арналған семинардың бағдарламасы дайындалды;
-
зерттеу нәтижелерін жалпы білім беретін мектептерде және колледждерде жаратылыстану пәндері мұғалімдерінің біліктілігін арттыру, оқу-әдістемелік шеберліктерін жетілдіруді ғылыми тұрғыдан негіздеуде және оқу-тәрбиелік сапаларын кеңейту мақсатында қолдануға болады.
Зерттеу нәтижелерінің дәлелділігі мен негізділігі талапқа сай әдіснамалы және теориялық қағидалармен, зерттеу пәніне сәйкес әдіс-тәсілдерді қолданумен, тәжірибелік - эксперимент жұмысының мақсатқа сәйкестілігімен, зерттеу нәтижелерінің үйлесімділігімен, жаратылыстану пәндерін оқыту үдерісінде оқушылардың танымдық іс-әрекетін белсендіруде халық педагогикасын қолдану тиімділігі дәлелденіп, ендірілуімен қамтамасыз етілген.
Зерттеу базасы: Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы №5 мектеп-гимназия, Т.Аманов атындағы №16 жалпы орта білім беретін мектеп; Абай ауданы Қарауыл селосындағы Абай атындағы көпсалалы кешенді мектеп-лицейі; Аякөз қаласы К.Бозтаев атындағы орта мектебі; Аякөз ауданы Айғыз орта мектебі қамтылды.
Зерттеу нәтижелерін сынақтан өткізу және ендіру эксперимент барысында жүзеге асты. Диссертациялық зерттеудің нәтижелері халықаралық және республикалық (Семей-2002, 2004, 2005, 2006, 2007, 2008, 2010, Алматы-2007, Омск-2010) ғылыми-практикалық конференцияларда, дарынды балалармен жұмыс жүргізу саласында инновациялық психология - педагогикалық облыстық (Өскемен-2005) жобалар фестивалінде, мерзімді ғылыми-әдістемелік басылымдарда, сонымен бірге ҚР Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті бекіткен басылымдарда және Семей мемлекеттік педагогикалық институтының жыл сайынғы өтетін конференцияларында, ғылыми-әдістемелік семинарларында, мектептердің әдістемелік кеңестерінде баяндалды.
Зерттеу материалдары бойынша 26 еңбек жарияланды. Оның біреуі – жаратылыстану пәндері мұғалімдеріне арналған оқу-әдістемелік құрал.
Қорғауға ұсынылатын негізгі қағидалар:
-
оқушылардың танымдық іс-әрекетін қалыптастыру мәселесінің зерттелу деңгейіне жасалынған талдау жаратылыстану пәндерін оқытумен байланысты «танымдық іс-әрекет», «танымдық қызығушылық», «танымдық қабілет» ұғымдарының мәнін нақтылау арқылы оның теориялық негіздемесін айқындап берді;
-
жаратылыстану пәндерінің білім мазмұнына сәйкес бойынша халық педагогикасын пайдаланудың мүмкіндіктері нақты тақырыптар мен оқу материалдары бойынша анықталды;
3) жаратылыстану пәндерін оқыту үдерісінде халық педагогикасы арқылы оқушылардың танымдық іс-әрекетін қалыптастырудың моделінің мазмұнын қажеттіліктері, мақсат, әдістемелік кешен, іс-шаралар, танымдық іс-әрекет түрлері мен нәтиже құрайды, бұл модель мотивациялық, мазмұндық - танымдық, рефлексиялық–іс-әрекеттік компоненттерінің бірлігінде байқалады және нақты өлшемдер, көрсеткіштер, деңгейлермен сипатталды;
4) жалпы орта білім беретін мектептерде жаратылыстану пәндерін оқытуда оқушылардың танымдық іс-әрекетін халық педагогикасы арқылы қалыптастыру бойынша эксперимент нәтижелері зерттеудің тиімділігін дәлелдеді.
Зерттеу кезеңдері:
Бірінші кезеңде (2002-2004 ж.ж.) зерттеу проблемасы бойынша философиялық, педагогикалық, психологиялық, әдістемелік әдебиеттерге және ғылыми еңбектерге талдау жасалынды; жалпы орта білім беретін мектептерде жаратылыстану пәндерін оқыту үдерісінде халық педагогикасы арқылы оқушылардың танымдық іс-әрекетін қалыптастыру теориялық тұрғыда қарастырылып, материалдар жүйеге келтірілді. Бұл кезеңде зерттеу жұмысының тақырыбы, мақсаты, нысаны, пәні, міндеттері, ғылыми болжамы анықталды. Білім мазмұнын айқындайтын мемлекеттік құжаттар сараланып негізге алынды.
Екінші кезеңде (2004-2006 ж.ж.) зерттеу тақырыбы бойынша жиналған әдістемелік әдебиеттер, этнопедагогикалық материалдарға талдау жалғастырылып, қолданудың оңтайлы әдіс-тәсілдері айқындалды. Халық шығармаларын зерделей келе оқушылардың танымдық іс-әрекетін ұйымдастыруда пән мүмкіншілігін, яғни мазмұндық компоненттерді әмбебап құрал ретінде қолданысқа алдық. Жаратылыстану пәндерін оқыту үдерісінде халық педагогикасы арқылы оқушылардың танымдық іс-әрекетін қалыптастырудың моделі жасалды. Мектептерде тәжірибелік - эксперимент жұмыстары жүргізілді, зерттеуге көңіл бөлінді.
Үшінші кезеңде (2006-2009 ж.ж.) тәжірибелік - эксперимент жұмысы одан әрі жалғастырылып, зерттеу нәтижелері жинақталынып, ғылыми жүйеге келтірілді. Оқу-әдістемелік құрал әзірленіп, ғылыми-әдістемелік қорытындылар жасалынды. Барлық кезеңдерде жинақталған материалдар мен тәжірибелік - эксперимент жұмысы, іздену нәтижелері сарапталып, диссертация түрінде дайындалды.
Диссертацияның құрылымы: диссертация кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланған әдебиеттер тізімі және қосымшалардан тұрады.
Кіріспеде зерттеудің көкейкестілігі, ғылыми аппараты: нысаны, пәні, мақсаты, ғылыми болжамы, жетекші идеясы, зерттеу көздері, әдістері, міндеттері, теориялық және әдіснамалық негіздері, практикалық маңызы, ғылыми жаңалығы мен теориялық мәні, базасы, кезеңдері, дәлелділігі мен негізділігі, зерттеу нәтижелерін сынақтан өткізу және практикаға ендіру, қорғауға ұсынылған негізгі қағидалар беріледі.
«Жаратылыстану пәндерін оқытуда халық педагогикасы арқылы оқушылардың танымдық іс-әрекетін қалыптастырудың теориялық негіздері» атты бірінші тарауда оқушылардың танымдық іс-әрекетін қалыптастыру мәселесінің зерттелу деңгейі, оқушылардың танымдық іс-әрекетін қалыптастырудағы жаратылыстану пәндерін оқыту барысында халық педагогикасын пайдаланудың мүмкіндіктері, осы пәндерді оқыту үдерісінде халық педагогикасы арқылы оқушылардың танымдық іс-әрекетін қалыптастырудың моделі негізделіп ұсынылды.
«Халық педагогикасы арқылы жаратылыстану пәндерін оқыту үдерісінде оқушылардың танымдық іс-әрекетін қалыптастырудың әдістемесі» атты екінші тарауда жаратылыстану пәндерін оқытуда оқушылардың танымдық іс-әрекетін белсендіруге бағытталған халық педагогикасы материалдарын қолдану мазмұны, сыныптан тыс жұмыстарды жүргізуде халық педагогикасы негізінде оқушылардың танымдық іс-әрекеттерін қалыптастыру формалары, әдіс-тәсілдері, құралдары, халық педагогикасы арқылы оқушылардың танымдық іс-әрекетін қалыптастыру әдістемесінің тиімділігін анықтау бағытындағы тәжірибелік - эксперименттік жұмыс нәтижелері талданды.
Қорытындыда теориялық және эксперименттік жұмыстардың нәтижелеріне негізделген тұжырымдар мен ғылыми тұрғыдан ұсыныстар берілді.
Қосымшаларда мектептерде жаратылыстану пәндерін оқытуда оқушылардың танымдық іс-әрекетін қалыптастыру бойынша тест сұрақтары, сауалнама, зерттеудің практикалық материалдары ұсынылды.
Негізгі бөлім
«Қазақстан Республикасының 12 жылдық оқыту мерзіміндегі жалпы орта білім беру тұжырымдамасында» қазіргі мектеп білім берудің тұлғалық - бағдарланған стратегиясын іске асырудың негізгі идеясы оқушыларға механикалық түрде білім беру емес, олардың табиғи қабілеттері мен әлеуметтік мүдделеріне баса назар аудара отырып, өмірлік жоспарларын жүзеге асыруларына кең мүмкіндіктер жасайтын білім кеңістігін құру екендігі атап көрсетілген. Осыған байланысты жаратылыстану пәндерін оқыту үдерісінде халық педагогикасы арқылы оқушылардың қоршаған ортаға бейімделе алуына, оның белсенділігіне және әлеуметтенуіне, яғни танымдық іс-әрекеттің үйлесімді күрделі түрлерін жүзеге асыру қабілеттіліктерін қалыптастыруға мүмкіндік туғызу керек.
Оқушылардың танымдық іс-әрекетін, белсенділігін қалыптастыруды көптеген ғалымдар өздерінің ғылыми еңбектерінде әр қырынан қарастырған, олар: Т.И.Шамова, Н.А.Половникова, М.И.Махмутов, И.Я.Лернер, Л.П.Аристова, Е.Коротаева, Г.И.Щукина, В.И.Орлов, Р.А.Низамов және т.б.
Өз елімізде бүгінгі таңда танымдық белсенділік, танымдық іс-әрекет, шығармашылық қызығушылық, ізденімпаздық мәселелері жеке бағыттар ретінде А.Е.Әбілқасымованың, Т.Сабировтың, А.С.Мустояпованың, Р.С.Омарованың, Б.Т.Абыканованың және т.б. еңбектерінде көрініс тапты, оқушылардың өздік ізденісі арқылы білім алу мәселелері А.Ғ.Қазмағамбетов, Ж.Т.Дәулетбекова, С.С.Смаилов және т.б. зерттеулерінде тереңдетіледі.
Әдетте адам бір нәрсені жақсы меңгерсе, осы сала бойынша өз танымын кеңейте түсуге деген табиғи талпынысы арта түсетіні баршамызға аян. Теория негіздерін санаға құю – бастапқы қадам. Ал базалық білім мазмұнын меңгерудің негізгі кілті – оқушылардың танымдық іс-әрекетін тиімді ұйымдастыру.
Жалпы білім беру мазмұны бойынша оқушылар алған білімін өмірдегі әр түрлі жағдайларда қолдана алатындай іс-әрекет атқаруға икемделуі негізінде олардың білігі, дағдысы, әрекет жасау амалдары, т.б. дамиды.
Біздің ойымызша, танымдық іс-әрекеттерді қалыптастыру мына шарттарға тәуелді:
- жоғары дәрежеде ұйымдастырылған даярлық жұмысынан басталады;
- нақты әрекеттерді орындау берілген тапсырмалардың оңтайлылығымен байланысады;
- жұмыстың нәтижелілігі интерактивті, яғни өзара белсенді әрекет пәрменділігімен айқындалады.
Осыдан атқарылатын жұмыстың пәрменділігі оқушылардың зейінін әуел бастан оқу-танымдық әрекетке аудару мәселесімен шешіледі.
Дәстүрлі үдеріс барысында атқарылатын әрекеттер тыңдау, көру, түсіндіру, әңгімелеу, сұраққа жауап беру, жазу, оқу, сөйлеу, суреттеу, т.б. болып табылады. Мұндай әрекет нәтижесіндегі білім жаттанды болып келеді. Инновациялық үдерістегі танымдық әрекеттер: белсенді және өзара белсенді, яғни интерактивті болып екіге жіктеледі. Белсенді әдістерді қолдану барысындағы әрекетті құрастыру тәсілін мұғалім жасайды. Ал оқушылар арнайы танымдық операцияларды жүзеге асырады: ұғыну, салыстыру, түйсіну, жинақтау, жүйелеу, талдау, сараптау, жіктеу, сұрыптау, сипаттау, байқау, қарым-қатынасқа түсу, айқындау, модельдеу, айыра алу, талдау, анықтау, пікір айту, бағалау, қорытындылау, т.б.
Оқыту үдерісіндегі кез келген әрекет негізінде танымдық іс-әрекет жатыр. Әрекет белгілі бір жүйелілікпен сатыланып орындалады. Интерактивті әдістер арқылы ұйымдастырылатын әрекеттің құрастыру тәсілін оқушылар өздері жасайды.
Оқушылар бойында түзілген міндетті дайындық деңгейі негізінде атқарылатын танымдық үдеріс: дербес әрекет жасау, жаңа дәйектерді табу, құбылыстарды анықтау, олардың арасында байланыс орнату, ғылыми деректер арқылы заңдылықтардың мәнін айқындау, тапсырмаларды шығармашылықпен орындау, т.б. Осындай пәрменді әрекет атқару нәтижесінде оқушылардың білім сапасы, білік дәрежесі, дағды деңгейлерінің көрсеткіштері арта түседі. Мәселені шешу, жағдаяттан шығу жолындағы өзара белсенді әрекет жасау негізінде оқушылардың жаратылыстану пәндері ауқымындағы базалық білім мазмұны қалыптасады. Жете білушілік қасиеттері қалыптасқан шәкірттер дамыған тұлға дәрежесіне жетеді.
Танымдық іс-әрекетке арналған теориялық пікірлердің, модельдердің, тұжырымдамалардың көптігіне қарамастан, ғалымдар әлі күнге дейін осы жайында ортақ бір пікірге келмеген, «танымдық іс-әрекеттің» нақты анықтамасы нақтыланбаған.
Біздің пайымдауымызша, танымдық іс-әрекет – оқушылардың оқу-тәрбие процесіндегі білім мазмұнының базалық деңгейі негізінде мақсаты айқындалған мәселені шешу барысындағы танымдық операцияларды орындаудағы белсенді әрекетінің көрінісі.
Іс жүзінде жаратылыстану пәндерін толық меңгеретін шәкірттердің басым көпшілігі – осы пәндерге деген қызығушылығы бар оқушылар. Сондықтан, оқушылардың танымдық іс-әрекеттерін оңтайлы ұйымдастырған кезде олардың пәнге деген қызығушылығы да арта түсетіндігін тәжірибемізден байқадық. Мысалы, дәстүрлі үдеріске жататын танымдық іс-әрекеттер (әңгімелесу, түсіндіру, оқып беру, т.б.) нәтижесінде оқушылардың білім сапасының көрсеткіштері төмен болып келетіні, ал инновациялық үдеріс арқылы атқарылатын интерактивті әдіс-тәсілдерді қолданғандағы білім сапасының көрсеткіші жоғарылайтыны байқалады.
Оқушылардың танымдық іс-әрекетін қалыптастыру мәселесінің зерттелу деңгейін айқындау танымдық қабілет және танымдық қызығушылық ұғымдарының мәнін нақтылауға мүмкіндік берді, яғни танымдық қабілет дегеніміз жеке тұлғаның білу, түсіну, қолдану, талдау, зерделеу т.б. сияқты іс-әрекет атқарудағы икемділігін айқындайтын өзіндік психологиялық ерекшелігі болып табылады, танымдық қызығушылық – оқушылардың қоршаған ортада, жаратылыста, әлемде болып жатқан құбылыстарды танып-білуі, базалық деңгейі негізінде ойлаған ісінің жүзеге асуына қанағаттанарлық туғызатын іс-әрекеті нәтижесінде туындайтын сезім.
Жаратылыстану пәндерін оқыту үдерісінде оқушылардың танымдық іс-әрекеттерін қалыптастыру мәселесінің жан-жақты қырларын ескеріп, ғалымдардың айтқан пікірлеріне, өз ізденістерімізге сүйене отырып, біз оған мынадай анықтама ұсынамыз: жаратылыстану пәндерін оқыту үдерісінде оқушылардың танымдық іс-әрекетін қалыптастыру – оқушылардың жаратылыстану пәндерін игере отырып өздігінен атқаратын іс-әрекеттері арқылы жетістікке жетуді қамтамасыз ететін танымдық қызметі (зерделеу, бағдарлау, тексеру, қорытынды жасау, т.б. операцияларды орындау) негізінде ұлттық құндылықтарды бойына жинаған жеке тұлғаны тәрбиелеу.
Көптеген зерттеушілердің еңбектерінде жасалған талдаулар танымдық іс-әрекетті қалыптастырудың құрамы мен оның мазмұнын анықтауда ғалымдар қажеттіліктен туындайтындығы туралы әр түрлі ой-пікірлер ұстайтынын көрсетті.
Халық педагогикасы халқымыздың жас ұрпақты тәрбиелеудегі білімінің, біліктілігінің, тәжірибелерінің, танымдық әрекеттерінің, дағдыларының жиынтығынан тұратын педагогикалық ұлттық қазына екендігі белгілі. Халық педагогикасының негіздерін жаратылыстану пәндері сабағында қолдану –білімділік, дамытушылық, тәрбиелілік мақсаттарын жүзеге асырып, оқушының өмірге өзіндік көзқарасын, өзін қоршаған ортадағы әр түрлі қоғамдық ой-пікір, ұлттық құндылықтарды оқушы санасында байланыстыра білу негізінде ұлттық мәдениет пен рухты сақтауға тәрбиелейтін үдеріс болып табылады.
Жаратылыстану пәндерінің оқу бағдарламасына, сонымен бірге базалық білім мазмұнына талдау жасау нәтижесінде халық педагогикасын пайдаланудың мүмкіндіктеріне назар аударуды қажет етеді. Жаратылыстану пәндерінің ішінен мысалы, физика пәніне мән берсек, 7- сыныпта «Физика және астрономия – табиғат туралы ғылымдар», «Заттың құрылысы», «Қозғалыс», «Масса және күш», «Қысым», «Жұмыс. Қуат. Энергия» тараулары оқытылады. Осы тараулардың әрбір тақырыптары бойынша халық педагогикасын, қазақтың ақын-жазушыларының еңбектерін пайдаланудың мүмкіндіктері өте зор. Оқу бағдарламасында осыған онша көңіл бөлінбеген. Оқу пәндерінің нақты тақырыптары бойынша айқындап көрсетуге болады. Мысалы, 7-сынып бойынша «Астрономия – аспан денелері туралы ғылым», «Өлшемдердің метрлік жүйесі», «Молекулалардың қозғалысы. Диффузия. Дене температурасының молекулалар жылдамдығына тәуелділігі», «Күннің жылдық қозғалысы», «Күш» және т.б. Ал, 8-сыныпта «Ішкі энергия», «Заттың агрегаттық күйлерінің өзгеруі», «Жылу машиналары», «Электр өрісі», «Тұрақты электр тоғы», «Әр түрлі ортадағы электр тоғы», «Магнит өрісі», «Электромагниттік өріс», «Жарықтың қасиеттері», «Геометриялық оптика» тараулары қарастырылады. Осы тараулардың әрбір тақырыптары бойынша халық педагогикасын, қазақтың ақын-жазушыларының еңбектерінен мысалдар келтіру немесе проблема тудыру арқылы базалық білім мазмұнын игеруіне көмектеседі әрі өмірмен сабақтастыруда қызығушылығы артып танымдық іс-әрекеттері қалыптасады. 9-сыныпта «Кинематика негіздері», «Динамика негіздері», «Сақталу заңдары», «Тербелістер», «Толқындар», «Астрономия негіздері», «Атомның құрылысы. Атомдық құбылыстар», «Атом ядросы. Ядролық энергия. Элементар бөлшектер және Әлем дамуы туралы мағлұматтар» атты тараулары қарастырылады. Бұл тараулардың да әрбір тақырыптарына халық педагогикасын, қазақтың ақын-жазушыларының еңбектерінен көрнекі құралдар, есептер, мысалдар, мәтіндерді кіріктіре енгізіп оқушыларды өмірге оны түсіне білуге, мағынасын ажыратуға көмектесуге болады. Жалпы жаратылыстану пәндерінің оқу бағдарламасына халық педагогикасының материалдарымен толықтыру қажет деп есептейміз. Зерттеу барысында жаратылыстану пәндерін халық педагогикасымен байланыстыру:
а) оқулық және халық педагогикасы материалдарын бейнелейтін кескіндеме, суреттерді бір-бірімен салыстырудағы көрнекілік;
ә) білім мазмұнын игерудегі ұғынықтылық;
б) проблемалық ситуациядан шығу барысындағы өміршеңдік;
в) өздік әрекет ұйымдастырудағы еркіндік;
г) оқушылардың шығармашылық қабілетін жетілдірудегі ғылымилық;
д) білім мазмұнындағы деректерді тиімді үйлестірудегі жүйелілік;
е) сабақ және сыныптан тыс жұмыстардың бекіту кезеңін іске асырудағы сабақтастық;
ж) білімін (нақтылығын және тереңдігін) тексерудегі үздіксіздік;
з) практикалық білік пен дағдыларды қалыптастырудағы табиғат пен үйлесімділік сияқты, яғни мектеп оқушыларына халық педагогикасын қазіргі білім беру үдерісімен оңтайлы сабақтастыруда оқытудың негізгі принциптерін жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін анықтадық.
Танымдық іс-әрекетті қалыптастыруға байланысты ғылыми зерттеулерге талдау және халық педагогикасының мазмұнын сұрыптау негізінде біз жаратылыстану пәндерін оқыту үдерісінде халық педагогикасы арқылы оқушылардың танымдық іс-әрекетінің қалыптасуының құрылымын мотивациялық, мазмұндық - танымдық, рефлексиялық – іс-әрекеттік компоненттерінің бірлігінде айқындадық. Әрбір компонент нақты өлшемдер мен көрсеткіштер арқылы сипатталды (1-кесте).
Мотивациялық компонент жаратылыстану пәндерін оқыту үдерісінде оқушының халық педагогикасын танымдық құндылық бағдар ретінде танып, халық педагогикасына қызығушылығы, соның негізінде өзекті мәселенің шешуін табуға құлшынысы, жаратылыстану пәндерін оқыту үдерісінде халық педагогикасы арқылы танымдық іс-әрекетке талаптануын, ұмтылуын және қажетсінуін қамтиды.
Кесте 1 – Жаратылыстану пәндерін оқытуда халық педагогикасы арқылы оқушылардың танымдық іс-әрекеті қалыптасу компоненттері, өлшемдері мен көрсеткіштері
Компо-ненттер
|
Өлшемдер
|
Көрсеткіштер
|
Мотивациялық компонент
|
Халықтық педагогика материалдарына танымдық іс-әрекетке құндылық бағдар ретіндегі ынтасы мен қызығушылығының болуы
| -
халық педагогикасы арқылы танымдық іс-әрекетті орындауға қызығуы,
-
халықтық педагогика материалдарына оқу іс-әрекетіндегі танымдық ынтасы,
-
халықтық педагогика материалдарын оқу іс-әрекетінде қолдануды құндылық мән ретінде түсінуі
|
Мазмұндық - танымдық компонент
|
Халықтық педагогика арқылы өзін тәрбиелену субъектісі ретінде тануы, жаратылыстану пәндерін оқытуда халықтық педагогика ерекшеліктері мен өзін-өзі дамытудың тәсілдерін білуі, халық педагогикасындағы жаратылыстану білімдерді меңгеруі мен оны практикада пайдалану білігінің болуы
| -
халықтық педагогика материалдарының мазмұнын білуі және түсінуі,
-
халық педагогикасындағы жаратылыстану білімдерінің жүйесін көре білуі,
-
халық педагогикасы арқылы танымдық іс-әрекетті жоспарлау мен оны тиімді ұйымдастырудың жолдарын меңгеруі,
-
халық педагогикасы арқылы ұжымдық шығармашылық жұмыстарға талаптануы және білімдерін қажетті жағдайда өзара ықпалдастық сипатына сай, практикалық тұрғыда сабақтастыра білуі
|
Рефлексиялық - іс-әрекеттік компонент
|
Халық педагогикасы арқылы танымдық іс-әрекетінің нәтижелеріне өзіндік баға беруі мен әлеуметтік-психологиялық рефлексияның қалыптасуы
| -
халықтық педагогика материалдарын танымдық іс-әрекетінде, ізденімпаздық жұмыстарда қолдана білуі,
-
халық педагогикасы арқылы танымдық іс-әрекетін ұйымдастырушылық тұрғыда өз бетімен сараптауы,
-
жоғары танымдық қызығушылық негізінде халықтық педагогика материалдарын оқу бағыттылығының тұрақталуы,
-
іс-әрекетті объективті бағалай, кемшіліктерді жоюға жауапкершілікпен қарау,
-
өзін-өзі дамытуда рефлексиялық бағытты таңдау, жеке тұлғалық құндылықтарды саналы түсінген тұлға
|
Мазмұндық-танымдық компонент халықтық педагогика арқылы өзін тәрбиелену субъектісі ретінде тануы, халықтық педагогиканың мазмұнын, ерекшеліктері мен дидактикалық мүмкіндіктерін білуі, халық педагогикасындағы жаратылыстану білімдерінің мазмұнын түсіне білуі ретінде сипатталады.
Рефлексиялық—іс-әрекеттік компонент жаратылыстану пәндерін оқыту үдерісінде халық педагогикасын танымдық іс-әрекет ретінде талдау жасай білуі, жетістіктері мен сәтсіздіктерінің себептерін анықтай білу, жауапкершілік сезімінің және жолдастық көмек, ізденімпаздық іс-әрекетке даярлығының тұрақтылығы, халықтық педагогика арқылы танымдық іс-әрекет бағыттылығының тұрақтылығы, халық педагогикасы арқылы танымдық іс-әрекетінің нәтижелеріне өзіндік баға беруі мен әлеуметтік-психологиялық рефлексияның қалыптасуы ретінде анықталады.
Жаратылыстану пәндерін оқытуда халық педагогикасы арқылы оқушылардың танымдық іс-әрекеті қалыптасу компоненттері, өлшемдері мен көрсеткіштері негізінде оқушылардың танымдық іс-әрекеті қалыптасуының үш деңгейі анықталды: жоғары, орташа, төмен.
Жоғары деңгей: оқу-тәрбие үдерісінде халық педагогикасы материалдарын іс-әрекетте танымдық қажетсінуі қалыптасқан, ізденімпаздықпен дербес жұмыс істеуге, жаңаны табуға талаптанады, халық педагогикасын дәріптеуші, халықтық педагогикалық білімді құндылық бағдар ретінде тани алады, білімін қажетті жағдайда еркін және оңтайлы пайдалана біледі, инновациялық процестерді ынтасымен қабылдайды.
Орташа деңгей: халықтық педагогиканы оқу - танымдық материал мазмұнын тапсырма мақсатына байланысты оқу іс-әрекетін ұйымдастыра алады, бірақ үлгіні және тапсырманың орындалу жолдарына нұсқау беруді қажетсінеді. Халықтық педагогиканы іс-әрекеттің құндылық ықпалын түсінгенімен, тұрақты танымы қалыптаспаған. Ұжымдық жұмыстарға белсене араласқанымен, дербес жұмыстарға тәуекел етпейді. Өзін-өзі дамытуда рефлексиялық–іс-әрекеттік бағыттың толымсыздығын байқатады, танымдық іс-әрекет нәтижелерін бағалауда өз пікірін білдіруге асықпайды.
Төмен деңгей – халықтық педагогика материалдарын өз танымын дамытуға белгілі бір жағдайларда ғана қызығушылық танытқанымен, оны тұрақты қажетсінбейді, халық педагогикасындағы жаратылыстану білімдерінің мазмұнын толық түсінбейді, халықтық педагогика материалдарын танымдық іс-әрекеттің жеке тұлғалық сапалық қасиеттерінің дамуына әсерін талдай алмайды және өзіндік баға беруі қалыптаспаған.
Зерттеу барысында эксперимент жүйесін жасаудың маңызды алғышарты ретінде жаратылыстану пәндерін оқыту үдерісінде халық педагогикасы арқылы оқушылардың танымдық іс-әрекетін қалыптастырудың моделі жасалды (1-сурет).
Жоғарыда берілген модель жасалынғаннан кейін зерттеу логикасына сәйкес алға қойылған міндеттерді түбегейлі шешу және қозғаған ғылыми болжамның дұрыстығын тексеру негізінде жаратылыстану пәндерін оқыту үдерісінде халық педагогикасы арқылы оқушылардың танымдық іс-әрекетін қалыптастыру мақсатында тәжірибелік - эксперименттік жұмыс жүйесі (анықтау, қалыптастыру, бақылау) Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы №5 мектеп-гимназияда, Т.Аманов атындағы №16 жалпы орта білім беретін мектепте, Абай ауданы Қарауыл селосындағы Абай атындағы көп салалы кешенді мектеп-лицейінде, Аякөз қаласындағы К.Бозтаев атындағы орта мектепте, Аякөз ауданындағы Айғыз орта мектебінде жүргізілді. Әр кезеңнің нақты міндеттері белгіленді. Тәжірибелік - экспериментке 420 оқушы қатынасты, оның 212-і эксперимент тобында, 208-і бақылау тобында болды.
Анықтау экспериментінің негізгі мақсаты – оқушылардың танымдық іс-әрекетінің қалыптасу деңгейін анықтау болды. Бұл мақсатты жүзеге асыруда пән мұғалімдерімен, сынып жетекшілерімен, ата-аналармен, мектеп әкімшілігімен сауалнамалар, әңгімелесулер жүргізілді, оқушыларға тест, бақылау, арнайы тапсырмалар жүйесі ұсынылып, олардың танымдық іс-әрекетінің қалыптасу деңгейі нақтыланды.
Сурет 1 – Жаратылыстану пәндерін оқыту үдерісінде халық педагогикасы арқылы оқушылардың танымдық іс-әрекетін қалыптастырудың моделі
Қалыптастыру экспериментінің мақсаты жаратылыстану пәндерін оқытуда оқушылардың танымдық іс-әрекетін халық педагогикасы арқылы қалыптастыру әдістемесін сынақтан өткізу және оның тиімділігін тексеру болды. Қалыптастыру эксперименті барысында жаратылыстану пәндерінен жария сабақтар, сыныптан тыс әрекет түрлері ұйымдастырылды. Мектептегі орта буын сыныптарында жаратылыстану пәндерінен оқушылардың танымдық іс-әрекетін қалыптастыруға бағытталған халық педагогикасының мазмұны анықталды (2-сурет).
Сабақтың мазмұнын ашуға пайдаланылған халық педагогикасының мысалдары тартымды және пайдалы екендігі байқалды. Сынып оқушылары өтілген ұғымдарды, ережелерді оңай меңгереді. Физиканың заңдылықтарының халық туындыларындағы көрінісін келтірудің, оны көркем тілмен жеткізудің мектеп оқушылары үшін тәрбиелік, дамытушылық мәні зор. Ұғымдардың мағынасын кеңейту, пәннің теориялық негіздерін өмірмен байланыстыру және оқушылардың өз бетімен ізденуі арқылы танымдық іс-әрекетін қалыптастырудың мүмкіндіктері жоғары. Зерттеу жұмысымызға сай өткізілген сабақтар оқушылардың қызығушылығын тудырып, білім сапасының көрсеткіштерінің артқандығына іс жүзінде көзіміз жетті.
Жазғы жорықтар кезінде осыдан 1500 жыл бұрын Семей өңіріндегі Аякөз өзені атырабында тастан тұрғызылған және күні бүгінге дейін бұзылмай сақталған «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» қорымында оқушылар өмір шындығының нақты фактілерін талдау жолымен жаратылыстану білімдерінің тәжірибеде іске асырылуының куәсі болды. Оқушыларға ұсынылған танымдық тапсырмалардың мазмұны төмендегідей болды:
1. Қозы Көрпеш пен Баян сұлу мекен еткен шоқтеректің биіктігін айнаны пайдаланып тап. Талтерек, кешене мұнарасы, т.б. сияқты тік тұрған нәрселер биіктігін кішкене қол айнаны және физика пәнінен белгілі айнадағы шағылу ережесін пайдаланып табуға болады. Жарықтың қасиетіне байланысты сондай бір есепті «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырында жиі кезігетін шоқтерек ұғымымен байланыстырдық.
2. «Қодар тасының» сыртқы келбеті мен өлшемдері бойынша тапсырма:
- Аякөз бағытына қарай бір шақырым жерде мола құлпытасы бар, ал оның жанында Қодардың ұсқынсыз мүсіні тұр.
Қодардың әр нәрседен ойы бар-ды
Анық он кез өзінің бойы бар-ды.....
Әдебі жоқ, мінезі жоқ Қодардан без.
Жалпағы жауырынының үш жарым кез.
Қодардың өзі дардай, сөзі дардай,
Сыңар ғана жұдырығы қолшоқпардай (қолағаштай).
Қодармен сол далада болды таныс,
Ұзыны жауырынының алты қарыс.
Ескерту. «Кез» - ұзындық өлшемі. 1 кез »71,12 см.
А) «Қодар тасының» келбеті берілімдеріне сүйеніп, оның «бойының ұзындығын», «жауырынының ұзындығын және жалпақтығын» тап.
Ә) Қодар тасының суретін бейнелеп көрсет.
Сурет 2 – Жаратылыстану пәндерінен оқушылардың танымдық іс-әрекетін қалыптастыруға бағытталған халық педагогикасының мазмұны
Міне, осындай «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Еңлік-Кебек» және т.б. ескерткіштерді зерттеп, аталмыш кесенелердің салмақтарын, көлемін, ауданын, биіктігін, ауырлық центрлерін, сыйымдылықтарын, осы ескерткіштер жасалған тастардың физикалық қасиеттерін, т.с.с. анықтау жұмыстарын оқушылардың үйірме жұмыстарында кеңінен қолданысқа алдық. Этнопедагогикалық материалдарды оқу-тәрбие жұмысында тиімді қолдану арқасында мектеп-гимназияның бірнеше ғылыми тұрғыда ізденгіш оқушылары тақырыптық баяндамалар әзірлеп, мектепішілік жаратылыстану пәндері үйірмелерінде, жастардың қалалық конференцияларында талқыға салынды, кейбіреулері баспа беттерінде жарық көрді.
Ғылыми-көпшілік және балаларға арналған танымдық мәні зор халық педагогикасы материалдарын жартылыстану пәндері бойынша сыныптан тыс жұмыстарда шығармашылық еңбектің көзіне айналдыру оқушылардың танымдық-ізденгіштік дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік жасайды. Нәтижесінде оқушылар жаратылыс заңдылықтарын жақсы меңгеріп, рухани ұлттық шығармалардан рухани тәрбие алғанын аңғаруға болады.
Жаратылыстану пәндерін оқыту үдерісінде халық педагогикасы арқылы оқушылардың танымдық іс-әрекетін қалыптастыру әдістемесін мұғалімдерге меңгерту дәріс-практикалық семинардың мақсаты болды. Зерттеу жұмыстарының нәтижелері мектептердегі оқыту үдерісіне жаңа серпін әкелді, мұндай жұмыстардың мұғалімнің халық педагогикасы материалдары арқылы теориялық білімімен қоса, әдістемелік тәжірибесінің жетілуіне, жаңаша идея, шығармашылық бағыттың пайда болуына әсері мол екендігі анық байқалды.
Эксперименттің соңғы кезеңі бақылау эксперименті барысында жүргізілген зерттеу жұмысына талдау жүргізіліп, психологиялық - педагогикалық тұрғыда анықталған теориялық ұсыныстардың практикалық сипатта іске асуына қорытынды жасалды, бақылау және эксперимент сыныптарындағы оқушылардың халық педагогикасы негізінде танымдық іс-әрекетін қалыптастыруда орта мектептерде жүргізілген педагогикалық тәжірибе жұмыстарының барысы мен нәтижелері сараланып, қорытынды көрсеткіштері анықталды (2-кесте).
Кесте 2 – Халық педагогикасы арқылы оқушылардың танымдық іс-әрекеті қалыптасу деңгейі % есебімен
Эксперимент тобы (ЭТ) – 212, бақылау тобы (БТ) –208
|
Деңгейлер
|
Компоненттер
|
Мотивациялық
|
Мазмұндық-танымдық
|
Рефлексиялық–іс-әрекеттік
|
эксперимент
|
эксперимент
|
эксперимент
|
басы
|
соңы
|
басы
|
соңы
|
басы
|
соңы
|
Төмен
|
БТ
|
34,12
|
32,89
|
34,17
|
31,86
|
33,83
|
35,55
|
ЭТ
|
21,76
|
14,59
|
17,21
|
9,92
|
36,51
|
18,39
|
Орта
|
БТ
|
53,97
|
55,1
|
54,89
|
57,3
|
58,02
|
56,29
|
ЭТ
|
67,21
|
63,22
|
67,30
|
61,89
|
48,19
|
50,33
|
Жоғары
|
БТ
|
11,91
|
12,01
|
10,94
|
10,84
|
8,15
|
8,16
|
ЭТ
|
11,02
|
22,19
|
15,49
|
28,19
|
15,30
|
31,28
|
Демек, жүргізілген зерттеу жұмысы мәселені шешудің оңтайлы жолдары бар екенін, бұл бағытта дұрыс ұйымдастырылған жұмыстар негізінде оқушылардың танымдық іс-әрекеттерін қалыптастыруға, тиімді әдіс-тәсілдерді қолдану мен құнды нұсқаулар беру арқылы жұмыс мазмұнын түрлендіру мен оны жетілдіруге болатынын көрсетті, мұның өзі қалыптастыру эксперименті барысында көрсеткен жұмыс формалары мен ұсынған әдіс-тәсілдеріміздің тиімділігін дәлелдеді.
Қалыптастыру экспериментінің бірінші кезеңі бойынша жасалынған зерттеу нәтижелері оқушыларда мотивациялық компонентінің қалыптасу деңгейін анықтауға мүмкіндік берді (3-сурет).
Сурет 3 – Мектеп оқушыларында мотивациялық компонентінің
қалыптасу деңгейі (%)
Жүргізілген зерттеуіміздің келесі көрсеткіші олардағы мазмұндық-танымдық компоненттің жағдайы мен оның қалыптасу деңгейін арттыруға бағытталған жұмыстар арқылы анықталды. Зерттеу нәтижелері 4-суретте көрсетілді.
Жаратылыстану пәндерін оқыту үдерісінде халық педагогикасы материалдары арқылы оқушылардың танымдық іс-әрекетін қалыптастыруда мазмұндық-танымдық компоненттің мазмұны үлкен. Бұл оқушылардың жетекші білімдерін, оқу-танымдық қызмет тәсілдерінің жүйесін қамтиды, әрекет тәсілдерін өз бетінше игеру біліктілігін айқындайды. Эксперимент нәтижесінде оқушыларда мазмұндық-танымдық компонентінің жоғары деңгейі 15,49%-дан 28,19%-ға артты.
Сурет 4 – Мектеп оқушыларында мазмұндық-танымдық компоненттің қалыптасу деңгейінің көрсеткіштері (%)
Орта мектепте жүргізілген зерттеулерде көрсеткіштердің тәжірибе барысында өзгергені байқалады. Бұл маңызды көрсеткіш, себебі, егер жеке тұлға белгілі бір ерік күшін жұмсамаса, білімді және танымдық әрекет тәсілдерін игеруге рефлексиялық–іс-әрекеттік сипатында талдауға талаптанбаса, ерікті түрде әрекет етпесе, ілгерілеушіліктің, мақсатқа сай жұмыс істеп, нәтижеге жетудің мүмкіндігі болмайды. Бұл компонент арқылы оқушының тапсырмаларды орындаудағы қиындықтарды жеңуге ерік күшін жұмсауға дайын тұрушылығы, жаңа идеяларды шығармашылықпен іске асырушылығы жүзеге асады және танымы кеңейеді.
Халық педагогикасы арқылы оқушылардың танымдық іс-әрекеті қалыптасуының рефлексиялық–іс-әрекеттік компонентінің қалыптасу деңгейін анықтауға арналған жүйелі зерттеу және оны дамытуға бағытталған тәжірибелік-эксперименттік жұмыстарының нәтижелері 5-суретте көрсетілді. Зерттеу барысында оқушыларда рефлексиялық–іс-әрекеттік компоненттің қалыптасу деңгейінің өсуі байқалды. Себебі, алғашқы көрсеткіште төмен деңгей 36,51% болса, эксперименттен кейін 18,39%-ға өзгерді; ал орта деңгей экспериментке дейін 48,19%-ды көрсетсе, эксперименттен соң 50,33% болды, жоғары деңгейдің алғашқы көрсеткіші 15,30% болса, эксперимент нәтижесінде 31,28%-ға көтерілді. Бұл нәтижелер біздің зерттеу жұмысымыздың мақсатына сай міндеттеріміз бен болжамымыздың дұрыстығын көрсетіп берді.
Сурет 5 – Мектеп оқушыларында рефлексиялық–іс-әрекеттік
компоненттің қалыптасу деңгейінің көрсеткіштері (%)
Бастапқы көрсеткіш пен соңғы нәтижелерді салыстыру тәжірибелік-эксперимент барысында жүргізілген жүйелі жұмыс халық педагогикасы материалдары арқылы оқушылардың танымдық іс-әрекеті қалыптасу деңгейінің өсуіне әсер еткеніне айғақ бола алады (3-кесте).
Кесте 3 – Халық педагогикасы арқылы оқушылардың танымдық іс-әрекеті қалыптасу деңгейлерінің қорытынды нәтижелері (эксперименттің басы және соңы %)
Жұмыс кезеңдері
|
Төмен
|
Орта
|
Жоғары
|
ЭТ-212 оқушы
|
БТ- 208 оқушы
|
ЭТ-212 оқушы
|
БТ- 208 оқушы
|
ЭТ-212 оқушы
|
БТ- 208 оқушы
|
Басы
|
25,16
|
34,04
|
60,90
|
55,62
|
13,93
|
10,33
|
Соңы
|
14,30
|
33,43
|
58,48
|
56,23
|
27,22
|
10,34
|
Сонымен жүргізілген тәжірибелік - эксперименттік жұмыстың нәтижелерін талдау жаратылыстану пәндерін оқыту үдерісінде оқушылардың танымдық іс-әрекетін халық педагогикасы арқылы қалыптастыру әдістемесінің тиімділігін анықтады.
Достарыңызбен бөлісу: |