Жігіт пен қыз сыры



бет4/5
Дата21.06.2016
өлшемі448 Kb.
#151792
1   2   3   4   5

20.06.2013жыл.
Жыр легі
Патша көңіл ерігендей,

Жылы сөзден мән құрап.

Жақсылыққа телігендей,

Қуаныштан жанды бақ.


Алыстағы жанды аңсайсың,

Жақынға да жете алмай.

Түсінбейсің, бос шаршайсың,

Пенделік ой осы Алла-ай.


Нұр өмірің жанмен тәтті,

Жан дүниеңді ұға алар.

Қайран өмір сәтсіз, сәтті,

Жүрек қайтіп тына алар?


Жабырқайсың алаңдайсың,

Көңіліңдегі күй ме еді?

Махаббаттан жаралғайсың,

Биік тұрар сүйгені.


Бар әлемде байыпты шақ,

Жаныма құт жыр легі.

Өзің ғана жайып құшақ,

Күтіп алар бір мені...



15.08.2013жыл.
Өмір-сыр...
Қандай жаман өкпелеткен,

Жүректегі жаныңды.

Қиналасың күйіп тектен,

Сындырасың сағыңды.


Ыңғайсыздық бейжай етіп,

Көп жазғырып өзімді.

Ұзақ түнде ойға кетіп,

Жүрек таңда көз ілді.


Әзілдеудің арты зілге,

Ойда жоқта айналды.

Жүрегімде мәңгі гүлге,

Сенім құшақ жайған-ды.


«Басқа пәле тілден» деген,

Артық сөйлеу айып та.

«Доссыз өмір бір кем» деген,

Жалғыз жүзер қайықта...


Кешірімді бола білу,

Сұрау ұлы қасиет.

Бірлігіңде мәңгі жылу,

Ынтымақта өсиет.



16.08.2013жыл.
Сезім сенім...

Қинама мені, өзіңді қинап қайтесің?

Жүректе қайта оянып сезім өртесін.

Қиылған бақта, қол бұлғай тағы шақырып,

Еріксіз мені ерітесің...
Қинама мені, онсыз да жайым белгілі,

Ақ қайың болғам тербелген түбі жел күні.

Табиғатымсың жаныма жылу беретін,

Түсінесің ғой сен мұны...

Қуантсай мені, тартымды болған тал құрақ,

Аққудай болып жүзейін көлде балбырап.

Шаттана күліп шырмалған ойдан шығайын,

Ұмытылсын уайым, мың сұрақ...


Қуантшы мені, көңілім соны қалайды,

Саябақ қана демеуші болып жарайды.

Сұлулығыңмен бағымды әсем еттің сен,

Ақ таңым едің арайлы...


Қуанттың мені, өмірге шуақ шашқандай,

Сәбише күлдім өмірді жаңа ашқандай.

Адамзат сірә бақытты бола алмайды,

Сезіммен сенім басталмай...



16.08.2013жылы

Табиғат сыры...
Тербелтіп тұрар тартымды,

Тебірентер табиғатымсың.

Өзіңе үміт артылды,

Қол жетпес алыс алтынсың!


Көңіліме көрік қосатын,

Өзіңсің жарқын жарығым.

Таңымсың көңіл ашатын,

Аңсаумен тағы арыдым...


Жапырақ болып дірілдеп,

Сәулеңе тұрдым бұрылып.

Шығатын күнсің күлімдеп,

Шуағыңа жүрем жылынып...


Жанымның алаң алауы,

Тартылдым күн-түн тылсымға

Жүректің жыры, қалауы,

Сен жақта тұрар бұл сында...


Шаттанып кетем үніңнен,

Қуанып сенің барыңа.

Сағынып сені күнімен,
Тәубе етем осы бағыма...

19.08.2013жыл.

Қазақ қызы
Сағынышымсың, көңілге көркем күй қосар,

Лағыл мүсінсің, өмірді өркен гүл жасар.

Қуаныш болып, жан дүниең көрік ашпаса,

Жаңалық әсте кім жасар?!


Табиғатымсың, тартылып мәңгі тұратын,

Жанымды жаулап, жақсылық жырға бұратын.

Әдеміліктен әрленген әсем әлемсің,

Құндылық, қасиет құратын...


Шырайың шексіз, шабытым шырша, шұғыла,

Сұлулық сенде тартылдым күн-түн ұғына.

Өзіңді зерттеп, жүректі өртеп, өтермін,

Шыға алмай биік шыңыңа...


Сүйкімді ару, көруге сені көз керек,

Өлеңмен өрсең өмірің тағы өзгерек.

Сұлуды көрмей, жүйрікке ермей, ел айтар,

Жайылар өсек, тез дерек...


Елдің ертеңі, иман желкені, тұнықсың,

Өмір жалғасы өзіңнен алып, ұлықсың!

Даналығыңмен әлемді әлдилете бер!

Даралығыңа есті құнықсын!!!



20.08.2013жыл.
Немеремен басталар керемет күн...
Оянамын немереммен қуанып,

Бір Алланың құдіретіне жұбанып.

Күні түні мені атап жүретін,

Бұл кішкентай бір алып...


Сағынамын, сәл көрмесем дидарын,

Бәрі соған азды көпті жиғаным.

Тәубә етемін, Аллаға тек алғысым,

Қуанышты, бал - бақытты қиғанын.


Ата деумен елжіретті жанымды,

Тілімен бал көркейтеді бағымды,

Апасының арқасынан түспейтін,

Тым қызулау көрсетіп тұр қанымды...


Тәй-тәй басқан қадамына қызықтым,

Балдан тәтті қылықтары бұзықтың.

Өз балаңа өршелене ұрсасың,

Немереңе жүрегіңді үзіп мың...


Басқа тірлік мұнша үлес салған жоқ,

Жүректерді қуанышта жарған жоқ.

Немеремен басталады өмірің,

Шөберенің тойын көрсек арман жоқ!!!



23.08.2013жыл

Қонақ өмір...
Қонақжай қазақ көрдім тұра қашқан,

Қал жағдай тым болмаса сұрамастан.

Тау көңілім тастан болды шағылғандай,

Кештетіп үй іздедім жыламастан...


Қонақжай қазақ көрдім тайып тұрар,

Мұсылман ең болмаса жайды сұрар.

Ыңғайсыз, ұят болды ма? деген жан жоқ,

Келдің-ау, кеттің деген мойын бұрар...


Қашты ма ырыс құтын жеп кетердей?

Кей пенде жалған жасап текке өтердей.

Еліне келген асыл қонақты да,

Саяздығын білдіріп шеттетердей...


Қайда екен Төлебидің тектілігі?

Үш жүздің басын қосқан ептілігі...

Адамдар майдаланып барады ма?

Өзіне есеп берер жетті күні...


Бұл күнде шындығында аш адам жоқ,

Бір күндік қызығына мас надан көп...

Аз сәтте таяздарды танып білдім,

Таудан қайттым бабаммен көңілім тоқ...


Кім білсін қайта айналып көреміз бе?,

Өлеңім өрнек салсын өреңізге.

Адамдар бір күн қонақ бір-біріне,

Түсінбей о дүниеге енеміз бе???...


02.09.2013жыл.

Өмірім...
Бұл өмірдің ұғындым да бал шағын,

Сыйластықтан жақын тұрар алшағың.

Көңіл шіркін жылы сөзден көркейер,

Сағынышым қанша мың...


Арпалысып күнде күйбің тірлікпен,

Жылы назды жүрегіме үн күткем.

Жылдар мені есейтіп те жіберді,

Арман ай боп түңліктен...


Алаңдадым, абыройды ойлағам,

Табиғатқа тартыламын жайнаған.

Жан-жағыңа қарайлайсың сыр ұғып,

Құпиясы құлып өмір қайнаған...


Таңғажайып баққа тағы тартылдым,

Сұлулықпен онда мәңгі жарқыл мың.

Айдын көлі әсем талмен көркейер,

Арасында алтынның...


Өмірімді табиғатпен қоршадым,

Көңілім де бейнесіндей аршаның.

Бәлкім осы бақытымның айғағы,

Ең көрікті, ең әдемі бал шағым...



05.09.2013жыл.

Керемет күн

Бүгін де керемет күн елесеңіз,

Көңілмен күн мен айға теңесеміз.

Сағынған жанның есітіп жылы сөзін,

Кейінгі жас ұрпақпен тең өсеміз...
Шіркін-ай қандай бақыт осы шағым,

Қызық көп, қиындыққа жасымағын.

Бүгінмен бітпейді ғой қоңыр күйің,

Ертеңмен шырқалады асыл әнің...


Мән берсек барлық бақыт ортамызда,

Кешегі жалын жігіт – қарт - аңыз да.

Өткенге сағынышың бітпейді екен,

Көп жанның үміттерін артамыз да...


Бүгіннің қуанамыз сиын алып,

Бар жоққа қанағат қып шынығалық.

Жақсымен жайраң қағып отырасың,

Жаманның пиғылы жат, сыры да анық...


Мұң күйді әсем әнге алмастырсақ,

Ең керім, ең әдемі осы бір шақ...

Өмір де өрнек болып кетер еді-ау,

Әр күнді жаңалыққа жалғастырсақ...



06.09.2013жыл.
Сағынышым саябақ
Сағынышым тарқамады ешқашан,

Бәлкім аңсау өзімменен кетеді.

Жылдар жылжып, өзгереді, басқа сан,

Өмір солай өтеді...

Жылы сөзді естігім кеп жаутаңдап,

Күнделікті елеңдедім сен жаққа.

Қария боп қалсамдағы қалтаңдап,

Аңсап жетем сол баққа...


Жапырағы желмен тұрар дірілдеп,

Саябаққа қарап көзім тоймады.

Көңіл шіркін көркейеді күлімдеп,

Сүйгенінің айғағы...


Тазалыққа талықсыдым, тартылдым,

Шөлдеп келем, кәусарына қанбадым.

Жайнап тұрған шыршаларда жарқыл мың,

Көлге қарай самғадым...


Жылдар өтті, сағынышым жаңғырған,

Шақырғандай ну орманда арша түп.

Саябағым мәңгі жас боп қалдырған,

Тарта берер аңсатып...



10.09.2013жыл.


Жігіт сыры...
Ақ маңдайы жарқырар күн іспетті,

Кірпіктері қағылғанда найзағай.

Қадалғанда жанар тілді тістетті,

Жүрек тұсқа қадалған-ды найзадай...


Бір көргеннен жалын отта өртеніп,

Жүрек байғұс дір-дір еткен шыдамай.

Жан шыдатпас, назды әуен еркелік,

Тар бөлмеме әзер жеткем құламай...


Ауа жетпей, ауырғандай аптығып,

Өз-өзімді танымай да қалғанмын.

Алдын ала айна алдында жаттығып,

Кездесуге барғанмын...


Табиғатпен жарасады келбеті,

Сұлулығы қайталанбас көркемнің.

Аққуымен жарасқанда көл беті,

Махаббатты шертер мың...


Саябаққа айналдырды ойымды,

Сұлулыққа құштар етті мәңгілік!

Ынтызарлық жаулап алды бойымды,

Жан дүниемде мәңгі тылсым жаңғырық...



12.09.2013жыл.
Шынайы өмір...
Ертеңді болжап білмейміз,

Бүгінмен өмір сүру бар...

Көктеммен жайнар гүлдейміз,

Тек байлық болды құнығар...


Адамдар кетті майда боп,

Қасыңда бағың тұрғанда...

Күн туса басқа, пайда жоқ,

Бірі де қалмас бұл маңда...


Бәрі де ынтық, қолыңда,

Билік пен байлық, мал барда.

Денсаулық кетсе жолында,

Қасыңда қалар жан бар ма?


Өткінші бәрі, өкініш,

Денсаулық құртып мал келген.

Сарайда қорған бекініс,

Күйініш тұр ма көмкерген???


Қиянаттарда қасірет,

Жаныңды өртеп жанатын,

Адалдық арда қасиет,

Адамды сақтап қалатын...



16.09.2013жыл.

Күз – көңіл...
Көңілімнің аңсап келем көктемін,

Бүгін мені шаршатпасын текке мұң.

Бақыттымын, бағымменен бөлісем,

Жақсылықпен жеткенім...


Таза ауаны жұттым тағы құнығып,

Табиғатпен тазаландым тынығып.

Күз де келді жапырақтар сарғайып,

Елеңдейсің сағыныштан сыр ұғып...


Әсем бау да тұрғандай-ау иіліп,

Бұл өмірдің ғажабына сүйініп.

Жастығыммен қол ұстасып барады,

Саябақта сол ару қыз қиылып...


Өткен күндер жастық шақтың елесі,

Көз ұшында көркем көңіл кемесі.

Өткеніңді аңсауменен жүргенде,

Арман шығар келесі...


Сағыныштан сарғайғандай атырап,

Аңсауымен дір-дір етер жапырақ.

Ынтығумен бұл өмірге тоймайсың,

Үлгермейсің бақылап...



17.09.2013жыл.
Сезім...
Сүйгенді неге сүймеске?

Күйгенге неге күймеске?

Жанымды орап жалыны,

Жүректе қалып күнде есте...


Өмірім бейне гүл десте,

Мөлдірлік жанмен үндес пе?

Сезіммен өмір сүресің,

Сезінбес оны білмес те...


Жақсылық тілер әлемге,

Сезімнің түбі тереңде.

Алаңдай саған асығып,

Уайымдай тағы берем де...


Күн күліп жылы құшағы,

Күз келген сірә нышаны.

Қия алмай қайтқан құстармен,

Сағыныш саған ұшады...


Қоңырқай мынау күзімде,

Жүректе тұрсың тізімде.

Жапырақ ұшты желменен,

Сезімім мәңгі үзілме...



18.09.2013жыл.
Табиғат
Мен өзіңді табиғат деп қалғанмын,

Келбетіңнен бүршік жырын жарғанмын.

Ақ қайың боп көрінгенсің алдымнан,

Жылдар өтті елесіңе алдандым.


Сұлу болып көрінгенсің шыршадай,

Сүйкімді етіп жаратар ма-ай мұншама-ай?!

Көңіліме көрік бердің күн болып,

Жыр қып келем, сыр қып келем, тұмшалай...


Қарақаттай жанарыңмен мөлдіреп,

Қарағансың, жаным кеткен елжіреп.

Саябаққа барғым келіп тұрады,

Кім күтеді мені онда келді деп?


Жапырақтан мен өзіңді таныдым,

Сағыныштан сарғайғандай жаны мұң.

Саябақтай тартымдысың мәңгілік,

Адамдықпен сақтап ару қалыбын!


Табиғатта жаздым жанның жарасын,

Саябақта сұлулық пен жарасым.

Аңсай түсіп жанға рахат ауасын,

Бар пейіліңмен, бар есіңмен ауасың...


Саябаққа жүрек дүрсіл қаққаны,

Көңілім сонда ашылады ақ таңы.

Бар адамзат ғашық болған ғаламға,

Өз әлемін табиғаттан тапқаны...



19.09.2013жыл.

Өмір...

Бәрі алдыңнан шығады,

Жақсылық бейне жаңғырық...

Жамандық жарға жығады,

Оралар итше қаңғырып...
Шалқайдың келген кісіге,

Амал жоқ сенген қиылып.

Күндердің күні түсіне,

Тұрарсың оған иіліп...


Заңдылық бәрі үндескен,

Жақсылық тағы қайтады.

Жамандық жасап білместен,

Біреудің болма айтағы...


Тағдырды салма тәлкекке,

Онда тұр адам өмірі...

Адамдық атты келбетте,

Сүру ғой таза жеңілі...


Балаша жүрміз қуанып,

Мәз болдық уақыт өткенге...

Өмір ғой мектеп ұғалық,

Адамдыққа бәрі жеткен бе?!



24.09.2013жыл.
Сағыныш...

Сөзіңді кетем сағынып,

Көңілге ерек күй қосқан.

Қуаныш келер ағылып,

Жаным да жаз боп жыр дастан...

Сағындым ерке назыңды,

Табиғат бейнең үндескен.

Қасиеттерің саз үлгі,

Өткен күн шықпас күнде естен...
Сағындым сені саябақ,

Тартылдым керім келбетке.

Жанымды менің аялап,

Көңілге күй қос тербет те.


Алаңдай тағы беремін,

Қоңырқай аңсау сыз келіп.

Сағынышымның дерегін,

Іздедім тағы күзге еніп...


Қарайлай бердік өткенге,

Тартылыс жаулап алғаны.

Көңілге жүйрік жеткен бе?

Сағыныш аңсау қалғаны...



26.09.2013жыл.

Гүл сезім...

Неге ояндым, неге алаңдай беремін?

Тек өзіңнен жаным тапқан керегін.

Мәңгілікке өлмес менің өлеңім,

Сезім болып қаларыңа сенемін...
Түн тылсыммен сырласқандай күй кештім,

Жараланбай мұндай жаймен үндес кім?

Ойым мені алып кетті өткенге,

Қиялыммен әсем бақта кездестім...


Айлы түннің нұр шуағы төгіліп,

Шыға келген бұлт көрпесі сөгіліп.

Ашық аспан көмкерілген жұлдызға,

Ақ қарымен маржандайын себіліп...


Аяз еді сол бір түні ызғарлы,

Қол ұстассақ суығы да қысқарды.

Шамы жанған саябақта ойлансам,

Мәңгілікке алып сезім бүр жарды...

Уақытпенен көп дүние ұрланар,

Жылдар келер ұлы сезім тыңдалар...

Мәңгілікке қалдыратын өрнегім,

Гүлсезімім жырланар...



28.09.2013жыл.
Сары ала күз - сыр тұнық...

Табиғаттың сүйіп өстім тұнығын,

Саябақта емдеп көңіл сынығын.

Көсемдігін көрсетті де көл беті,

Келіншек тал жайып салды бұрымын...
Аққулары көрсетіп пәк қылығын,

Сарқыраған судың сұлулығы мың.

Қайығы да бесіктейін тербетсе,

Әсемдіктің ұлғайтқан-ды ұғымын...


Таң атқанда сәуле шашып сән беріп,

Жапырақтар жалтылдады әнге еріп.

Шырайына кіріп барлық шыршалар,

Ақ қайың тұр әппақ ару өңге еніп...


Арманымен жердің беті құлпырып,

Бар тіршілік көкке өрлер жұлқынып.

Сағынышы аңсауына апарар,

Сары ала күз - сыр тұнық...


Алаңдадым дауыл соғып жанымда,

Күз келбеті аласұрды қанымда.

Бір әдемі кезім мені баурады,

Жыр кәделі күтер ару бағымда...



02.10.2013жыл.

Өрлеудің 1жылдығына!

Қос мереке қатар келген туындап!

Өркениет білімменен көркейер!

Қазақстан 30 елге бұрылмақ,

Жайнай түсер ауыл, қала, өлкелер!

Жас болып көркейттіңіз мекемені,

Біліммен, абыроймен берекеңіз!

Ел айтар еңбегіңіз өтеледі!

Лаура апай құтты болсын мерекеңіз!
Көңілді жақсылыққа бұрайықшы,

Сыйласып қадірлесіп тұрайықшы!

Сіздерді Алғыс хатқа ұсынамыз,

Еңбекқор марапатқа лайықты!



Іздедім сені...
Іздедім сені көргім кеп,

Естігім келіп сөзіңді.

Өзіңді жырмен өргім кеп,

Жүрегім тағы езілді...


Іздедім сені тамсанып,

Бағыңа бірге барғым кеп.

Қуантқым келді жар салып,

Әніңді бірге салғым кеп.


Табиғат тұнық мекеннен,

Іздедім сені көрем деп.

Естілмей күлкің төтеннен,

Кетті ғой сезім тереңдеп...


Мөлдіреп тұрған сен бе едің?

Сағындым саябақты да.

Тағдырға тағы көнбедім,

Алаңдай бердім аптыға...


Қимадым өткен шақты да,

Сағыныш аққу көлдегі...

Жүрегім дүрсіл қақты да,

Жаным бір аңсап шөлдеді...



07.10.2013жыл.
Жаныма жарық еттім бақ мекенді

Жаныма жарық еттім бақ мекенді,

Тартымды таза ауасы саябақтың.

Кеудеме әсем әлем күй әкелді,

Тартады сұлулығы ұлағаттың...
Табиғат - тәлімгер де ұлы ұстаз!

Өмірге бағыт берер сабағымен.

Адамның өмірі де көктем, қыс, жаз,

Күзімен жеміс берер дарағымен.


Шыршалар шырай берер көңілге шат,

Ақ қайың ару болып майысады.

Сол жақта қатыкездік өмірге жат,

Әлемге қабырғаң да қайысады...


Сұлулық та керекті іздесердей,

Табиғат жан сырыңды ұғардай дөп.

Құлшынып қуанасың кездесердей,

Сүйіктің дәл алдыңнан шығардай боп.


Көл беті көріктеніп саған ұқсар,

Табиғат таңқалтқаны жайып құшақ.

Жаныма жақын неткен осы тұстар,

Сол кезім неткен бақыт, байыпты шақ...



08.10.2013жыл.
Өмірге ғашық сезімім...
Кеудені тербеп күй көктем,

Бүгінгі таңым сый неткен?!

Өмірге ғашық сезімім,

Күнімді мәнді, сырлы еткен...


Күз келіп сарғыш жапырақ,

Ерекше өңде атырап.

Аңсауға толы айналам,

Сағыныш мені шақырад...


Сыршыл ғой күзім келбетті,

Керемет күйде тербетті.

Сағынтты саябағына,

Сұлулығына тағы шөлдетті...


Сол бақта менің аңсауым,

Рахат таптым қанша мың.

Уайым мен мұңым ұмытылып,

Басылар барлық шаршауым...


Орманнан таптым оттегі,

Басқа жер оған жетпеді.

Қаншама жылдар өтсе де,

Ойымнан бір сәт кетпеді...



18.10.2013жыл.
Жалындап өтті от бейне...

Жалындап өтті от бейне,

Өкініш артта қалдырып.

Тілің де бармас жоқ деуге,

Даусы да бейне жаңғырық.
Орны да қалды-ау қаңырап,

Шырайлы шаттық шайқалып.

Бауыр мен бала аңырап,

Ең жақын жаны байқалып...


Отанды сүю айтқаны,

Салауат өмір арманы.

Спортта үлес байытқаны,

Елінің намыс қорғаны.


Қарбалас өтті өмірі,

Ақкөңіл еді-ау баладай.

Жалғанның бар ма жеңілі,

Сағым боп кетті қарамай.


Ақжарқын асыл азамат,

Мейірімге елді бұрғандай.

Адамдық атты ғажап ат,

Еске алсақ есіп тұрғандай...



22.10.2013жыл.

Өмір, өмір...

Қандай жақсы сағынысқан,

Іздеуменен табысқан.

Сыйластыққа бағыныштан

Қамқоршы бар алыстан.
Қандай жақсы мейірімділік,

Өмір мәнді сезіммен.

Жүректен кең пейілділік,

Бақыт сабыр төзімнен...


Жақын жанды сағынасың,

Бағынасың тағдырға.

Мақсатыңа ағыласың,

Арман қуып әр қырда...


Жақсылығың мәңгілікке,

Жылы сөзің ұмытылмас.

Адам өтер мәнді үмітте,

Сырын сақтар құлпытас...


Жыладық та күлдік сосын,

Көңіл қалай суынбақ?

Қандай сыйлық күтер тосын?

Өмір жатыр зуылдап...



28.10.2013жыл.

Көктен келер күй легі...
Дидарыңнан шуақ шашқан шомылдым,

Күн шуақты пейіліңе тоймадым.

Демеушісі жадыраған көңілдің,

Сені күн-түн ойладым...


Табиғаттай көрік берген жаныма,

Сыйы болып қалғандайсың өмірдің.

Сөйлеспесем жүрем сені сағына,

Терезеден телмірдім...


Жауын болып жауа алмадым бірақ та,

Аңсауыммен баққа қарай ұмтылдым.

Тек елесің қалып қойған құрақта,

Қолым жетпей бұлқындым...


Дидарыңнан ерітетін бойымды,

Бір тартылыс тылсым күйге түсірер.

Жалғыз қалсам жаулап алып ойымды,

Өзіңсің ғой түсінер...


Аңсауыма арашашы табылмай,

Табиғатта сыр - сағыныш биледі.

Бір көрінсең жүрек қайтер жарылмай?

Көктен келер күй легі...



30.10.2013жыл.

Бақытты жанмын!

Бақытты жанмын, бағым да менің өзгерек,

Мақсатпен ғана арманмен өмір көзделед.

Қуанамдағы шүкірлік тоба етемін,

Сезіну үшін сезімтал сана көз керек...
Бақытты жанмын, тәңірім көптік етпегей,

Қаншама бай боп рухсыз пенде көп кедей.

Бәрі де жетер, бағаласа адам бір-бірін,

Сыйластық-өмір, түсінбестікке өзін жекпегей...
Өмір ғой құнды, әр сәтің қайта келмейді,

Жылы сөз ғана жабыққан жанды емдейді.

Бақыттың бары, жақұттың нары, өзіңде,

Көңілім неге «Сен» дейді???


Денім бір сау боп өмірде мынау жүргенге,

Қуана білдім, бақыттың бәрі бір менде.

Адамдық ар мен атыңды биік ұстасаң,

Бар байлық сенде, бәйгең де, басты жүлдең де!


Бақытқа ғана байланар ізгі қасиет,

Түсінісе алмау ұрпаққа үлкен қасірет!

Жаратқан Алла халқымды аман ете гөр,

Иманын берік, мұратын мәңгі асыл ет!



31.10.2013жыл.

Табиғат

Табиғатқа жаным асықты,

Көңілім оны шын қалап.

Сұлулыққа санам ғашық-ты,

Дертімді емдер мың дарақ...
Аңсадым аққу көлімді,

Көруге тағы ынтықтым.

Сол жерде бастым шөлімді,

Сезімім «Сен»-дер сырды ұқтым.


Иіле қалған шыршаға,

Сырымды айтып сырластым.

Сағыныш келіп мұншама,

Жүректі жаулар күй тасқын.


Таза ауа керді кеудені,

Саябақ тартты наз артып.

Аңсау да жанды кеуледі,

Жаңбырмен келді тазартып.


Сол бақты мәңгі қаладым

Бақытқа мәнді енердей.

Алаңдап тағы қарадым,

Алдымнан шыға келердей...



05.11.2013жыл.

Сағындым сені

Сағындым сені, жаным да керек еткені,

Өзіңсіз бір сәт күй кештім бейне дерттегі.

Сөйлессем сенімен көңілім көкпен теңесер,

Өзіңнен алып оттегі...
Өзіңмен бейне жұмақта жүрген жандаймын,

Қанат та бітіп ерекше биік самғаймын.

Сағынған жанды жүректе сақтап өтемін

Ұмыта тағы алмаймын...

Сағынған жан ғой өмірді көркем ететін,

Қызық пен қиын сәттерде ерте жететін.

Қонақ өмір-ай, әр минут бақыт екен-ау,

Ескермей кейде өтетін...


Сағынған жанның дидарын көру бір бақыт,

Қаншама қуат сыйлайды сол бір нұрлы уақыт,

Табиғатқа еніп, жаныңды гүлге теңейсің,

Сағыныш деген сырда құт!


Сағынышпенен ұсталып тұрған ғаламда,

Сезіммен таза имандылықпен оран да...

Ең жақын жанмен қызықты өмір сүргейсің,

Серттесіп сенім санаңда...



06.11.2013жыл.

Жұмбақ қыз...

Табиғаттан танып сенің жүзіңді,

Жанды ерітер жүрек жырым түзілді.

Саябаққа самал болып келдің де,

Сағыныштың жапырағы үзілді...
Күз келбеті салып сенің бейнеңді,

Аңсауына алып келді көлге енді.

Сары ала күз алтын түске боялып,

Қалдырып бір кеткендейсің жейдеңді...


Аралаппыз әрбір түпті армансыз,

Ешнәрсе жоқ мұнда сірә талғамсыз.

Бір жылылық қалып қойған кеудемде,

Аңсауына жетелеген ормансыз...


Күн құйылып, сәуле шашқан дидарың,

Қуаныштан мына әлемге сыймадым...

Сұлулығы өзіңменен үндесіп,

Саябақты сен екен деп қимадым...


Қаншама жыл өтіп кетті арада,

Саябаққа соға алмадым қалада.

Мәңгі жас боп сымбатыңмен сүйінтіп,

Жұмбақ болып қалдың ару санада...


Табиғаттан танып сенің жүзіңді,

Жанды ерітер жүрек жырым түзілді.

Саябаққа самал болып келдің де,

Сағыныштың жапырағы үзілді...



07.11.2013жыл.

Алаңдар көңіл күздегі...

Сағыныш сары күздегі,

Көңілім сені іздеді

Қия алмай өтті төбемнен,

Тырналар қайтқан тізбегі...
Сағыныш ненің белгісі?

Көңілімнің келмес сенгісі.

Құштарлық деген бойымда,

Аңсауды келер жеңгісі...


Ойларым баққа ұмтылды,

Көлімде мөлдір сыр тұнды.

Көпірден өткем көңілсіз,

Аша алмай сезім құлпыңды...


Аққулар жүзген айдында,

Сұлулық сүйер жай мұнда.

Өмірге ғашық боласың,

Ұмытылып уайым қайғың да...


Көңілдің көркем құрағы,

Барғым да келіп тұрады.

Сән берген саябағыма

Жүрегім әркез бұрады...


Үміттің жанған шырағы,

Мәңгілік сезім құрады...

Жастығым болған бағымда,

Қол бұлғап елес тұрады...




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет