Бүгінгі таңда республиканың қалаларын да сумен жабдықтау проблемасы орын алуда.
Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің деректері бойынша, 2010 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша қала халқының орталықтандырылған сумен жабдықталуы 72 %-ды құрайды.
Халықтың орталықтандырылған сумен жабдықтаудың жүйелеріне қол жеткізу деңгейі бойынша Қазақстан Республикасы дамыған елдерден артта қалады, бұл көрсеткіш 90-95 %-ды құрайды.
Республика бойынша қалалардағы су құбыры желілерінің жалпы ұзындығы 27 000,3 км-ды құрайды, оның ішінде, таратушы су құбыры желілері — 18 173,7 км, бұл ретте, қазіргі уақытта республика бойынша «иесіз» 2 188 км желі бар.
Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің деректері бойынша, су құбырлары желілерінің көпшілігі қанағаттанарлықсыз жағдайда, сенімді пайдаланудың 25 жылдық қалыпты мерзімін ескере келе, жұмыс жағдайында 36 % желі бар, шамамен 64 % желіге күрделі жөндеу немесе толығымен алмастыру қажет болып отыр.
Негізінен су құбыры желілері 25 - 40 жыл бұрын пайдалануға берілген және ішкі беті қорғалмаған (негізінен, болат құбырлар). Сондықтан, тот басудың салдарынан су таратқыштар мен су құбыры желілері тез тозып, бұзылады, ол су құбырларының өткізу мүмкіндігін азайтып, апаттардың артуына, судың жоғалуы мен ауыз су сапасының нашарлауына алып келеді.
Осының салдарынан сумен жабдықтау желілерінде шығындардың жыл сайын артуы тіркелуде, мысалы, 2009 жылы 2004 жылмен салыстырғанда шығындардың саны 10,9 %-ға артты.
Бөлінген бюджет қаражатын пайдалану нәтижесінде республика бойынша сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізу 5,3 %-ға артты, жалпы республика бойынша сумен жабдықтау желілеріндегі апаттардың саны 2004 жылмен салыстырғанда 15,8 %-ға азайды.
Қазіргі уақытта қалалық жүйелердің ағымдағы жағдайы туралы толық және нақты ақпараттың болмауы қалалық жерде сумен жабдықтау желілерін қайта жаңарту мен жаңғырту жұмыстарының қажетті көлемін нақты бағалауға мүмкіндік бермейді.
Сумен жабдықтау жүйелерін жобалаудың сапасы
Сапасыз құрылыс себептерінің бірі сумен жабдықтау жүйелерінің жобалау-сметалық құжаттамасының әзірлену деңгейінің төмендігі болып табылады.
Мысалы, Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің деректері бойынша, бүгінгі таңда сараптамаға ұсынылатын жобалардың жартысы мемлекеттік құрылыс нормалары мен ережелерінің талаптарына сәйкес келмей, пысықтауға қайтарылуда.
Тек 2009 жылдың өзінде жобаларда 326 мыңнан астам әр түрлі кемшіліктер мен жобалау нормаларынан ауытқу анықталған. Негізінен, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеумен сумен жабдықтау және суды тарату объектілерін жобалау тәжірибесі жоқ ұйымдар айналысады.
Қазіргі уақытта «Лицензиялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес субъектілерді, оның ішінде сумен жабдықтау субъектілерін лицензиялау облыстық (Астана және Алматы қалалары) жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне кіреді.
Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің деректері бойынша, 2010 жылдың 1 қаңтарында Қазақстанда жергілікті атқарушы органдар жобалау жұмыстарын өткізуге 12 мың лицензия берген. Бұл ретте, көп дегенде 50 кәсіпорын сумен жабдықтау объектілерін жобалауға маманданған және жақсы өндірістік базасы мен білікті мамандары бар.
Жобалау-іздестіру жұмыстары деңгейінің төмендігі құрылыс жұмыстарының қымбаттауына, ал кейде мүлдем өткізілмеуіне алып келеді. Сумен жабдықтау объектілерін салу немесе жаңғырту жұмыстары сапасыз жасалған жобалау-сметалық құжаттама (бұдан әрі - ЖСҚ) негізінде жүргізіледі.
Нәтижесінде жаңадан салынған желілер 1-2 жыл істеп, пайдаланудан шығады. Сумен жабдықтау объектілерін жер бөлінісінің мәселелері және электр энергиясымен жабдықтайтын техникалық жағдайлар ескерілмей аудандық әкімдіктер әзірлеген ЖСҚ бойынша салу орын алған жағдайлары болды.
Жер асты су объектілері суының сапасы жер асты суынан әлдеқайда жоғары, сондықтан оларды ауыз сумен жабдықтау көздері ретінде пайдаланған тиімдірек. Соған қарамастан, елді мекендердің маңызды бөлігі жер асты суларын ауыз су және шаруашылық-тұрмыстық мақсатта пайдаланбайды.
Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің деректері бойынша елімізде 2009 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мемлекет теңгерімінде тұрған жер асты суларының 1282 кен орындары барланған.
Барланған ауыз судың пайдалануға берілетін қоры республиканың жиынтық қажеттілігінен 2 есе артады және тәулігіне адам басына 1,12 м3 құрайды.
Сонымен қатар, жер асты суларының барланған қорларын игеру баяу қарқынмен жүргізіліп жатыр, ал соңғы жылдары республиканың бірқатар аудандарында мүлдем дерлік тоқтатылған. Көптеген жер асты суларының кен орындары 10 - 15 жыл қатарынан пайдаланылмай келеді, ал жекелеген жағдайларда олардың пайдалануға берілу мерзімінің кешіктірілуі 25 - 30 жылды құрайды.
Сондықтан, барланған қорлар халықтың ауыз суға деген қажеттілігін толық көлемде қамтамасыз ете алады.
Бұдан басқа, қазіргі уақытта барланған кен орындарының жалпы санынан (1282) 402 кен орны ғана пайдаланылуда (алынатын судың көлемі тәулігіне 2,0 млн. текше метрді құрайды), ол халықтың ауыз суды пайдалануының жалпы теңгерімінде 56 %-ды құрайды.
Келтірілген фактілер жер асты су көздерінің қолда бар әлеуетін толық көлемде пайдаланбауының куәсі болуда.
Сумен жабдықтау жүйесіндегі тарифтік саясат
Бұрын атап көрсетілгендей, су шаруашылығы секторына сумен жабдықтау желілерінің тозуы мен су шаруашылығы секторы кәсіпорындарының активтерін жаңартуға және жаңғыртуға жұмсалатын қаржының жетіспеушілігі туралы мәлімдейтін нормативтік техникалық шығындардың жоғары деңгейі тән.
Осыған байланысты, сумен жабдықтау саласындағы табиғи монополиялар субъектілері қызметтеріне тариф белгілеумен байланысты мәселелерге басты назар аудару қажет. Сумен жабдықтау қызметтеріне арналған тарифтердің алдыңғы жылдардағы деңгейі су шаруашылығы саласы субъектілеріне толық көлемде жөндеу және қайта жаңарту жөніндегі бағдарламаларды орындауға мүмкіндік бермейді, ол түпкі нәтижесінде негізгі қорлардың тозуының ұлғаюына өндірістік емес шығындардың өсуіне және су сапасының төмендігіне алып келді.
Қазіргі уақытта көптеген сумен жабдықтау кәсіпорындарында негізгі құралдарды жаңарту мен жаңғыртуға, желілердегі шығындардың азаюына бағытталған даму бағдарламары жоқ, арнайы техника мен технологиялар жабдығы жаңартылмайды, өндірістік көрсеткіштер жақсармай отыр, көрсетілетін қызметтерге шығындар артуда.
Сумен жабдықтау саласындағы жағдай, сонымен қатар суды ұтымсыз пайдалану проблемасымен күрделене түсуде. Сондықтан бүгінгі таңда сумен жабдықтау қызметтерін жеткізушілерді ынталандырумен бірге, тұтынушыларды суды үнемді пайдалануға, оның ішінде суды есептеу аспаптарын орнату жолымен ынталандыру, суды үйлесті пайдалану нормаларын төмендету, пайдаланылған су көлеміне байланысты және тұтынушылар топтары бойынша сараланған тарифтерді енгізу мәселесі де өткір тұр.
Сезімталдығы жоғары, нақтылығы төмен класты суды есептеудің арзан аспаптарын пайдалану, аспаптарды дұрыс монтаждамау, пайдаланылған суды дұрыс есептемеу коммерциялық шығындарға әкеледі, тиісінше пайдаланушы кәсіпорындар елеулі түрде табысын жоғалтады.
Осылайша, 2010 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің деректері бойынша қалалардағы суды есептеу аспаптарымен қамту деңгейі республика бойынша орташа есеппен 76 %-ды құрады. АЕМ суды есептеу аспаптарымен қамту 40 %-ға да жетпейді.
Жалпы, өткен кезеңде мемлекеттің халықты ауыз сумен жабдықтау бағытталған іс-шараларды іске асыруы кезінде мынадай кемшілікте; анықталған:
- сумен жабдықтау жүйелерін жаңғырту мен дамыту жұмыстарын жоспарлауда жүйелік тәсіл мен орталық және жергілікті атқарушы органдардың қажетті өзара іс-қимылының болмауы;
- су қорының (ашық су айдыны) шектілігіне байланысты суды әзірлеу және суды бөлу мәселесін шешуде кешенді тәсілдің жоқтығы;
- сумен жабдықтау жобаларын іске асыру барысында мониторингінің болмауы;
- ЖСҚ әзірлеу деңгейінің төмендігі;
- жер асты суларының қорларын растамай сумен жабдықтау жобаларын іске асыру;
- тұтынушыларға берілетін судың есепке толық алынбауы;
- кәсіпорындардың сумен жабдықтау жүйелерін қайта жаңартуға және жаңғыртуға жұмсалатын инвестициялық ресурстарының жеткіліксіздігі;
- сумен жабдықтаудың қолданыстағы жүйелерін техникалық пайдаланудың қажетті деңгейінің болмауы.
2-кесте
Достарыңызбен бөлісу: |