Жұмабай Шаяхметовпен болған оңаша бір әңгімеде Ілияс Омаров:
«Мен домалақ арыз жазбаған күні таң атқанша дөңбекшіп ұйықтай алмай шығамын. Ал, керісінше, сол күні бүкіл Ғылым Академиясы тыныш ұйықтайтын болады»,– деп кердең қағып жүретін ана сумақайды жазаға тартпайсызба? Мынадай науқанда оның әр арызы өте қатерлі әрекетке ұрындыруы мүмкін»,– деп өтінеді. Сонда Ілиясқа қажыған, шарасыз қабақпен қараған Ж.Шаяхметов: «Кеш қалдық, Ілияс, кеш қалдық. Бұл адам қазір Мәскеудегі әлдекімдердің көңілін тауып алған. Тіпті сеніміне де кіріп алды. Егерде біз оған тиіссек, ол біздің басымызды алып түседі. Ахметжан Қойшығұлов осыдан үш жыл бұрын оны жазалауды өтініп еді. Мен оған құлақ аспап едім. Сол кездің өзінде онымен күресу қиын болатын. Ал енді тіпті түк те істей алмайсың», – депті» (Ильяс Омаров: өмір және илолсофия).
Ілияс Омаровтың «Күнделігінде» аты көрсетілмеген бұл Пәленше кім? Әрине, сырттан сыралғы тыңшы келген жоқ. Ал іштегі іріткішілді іздеп біз де әуреге түспедік. Мұнымыз бекершілік екенін түсінеміз. Бірақ аты-жөні анық көрсетіліп тұрмаған соң, тәуекелдің өзі де қиянат сияқты көрінді.
КПСС Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы М.А.Сусловтың жетекшілігімен үгіт-насихат бөлімінің және «Правда» газетінің баспасөзде ұйымдастырған «науқандық шабуылын» әшкерелейтін хаттар мен құжаттардың, мағлұматтар мен түсініктердің, мақалалар мен домалақ арыздардың мазмұнына жүгінсек Ж.Шаяхметов пен І.Омаровтың Кенесары қозғалысын әшкерелеуге қарсы болған, олар үш айға дейін «Правданың» мақаласын бастауыш партия ұйымында талқылауға рұқсат бермеген, тек Шаяхметов ісспарға кеткен кезде екінші хатшы Круглов пәрменімен мақала Тарих институтының партия ұйымында асығыс талқыланған. Ал Д.А.Қонаевтің естелігінде: бұл науқанды өршітуге ұйытқы болған және осы мәселеде дұрыс бағыт ұстамаған – Ж.Шаяхметов басқарған Орталық Комитеттің өзі – деген емеуірін танылады. 1951 жылдың желтоқсан айында шақырып алыпөзіне Ғылым Академиясының президентінің орынын ұсынған Ж.Шаяхметов. Қ.Сәтбаевтің орынынан алынуының себебін Ж.Шаяхметов Д.А.Қонаевқа:
«– Орталық Комитеттің сегізінші пленумында «Республика партия ұйымдарындағы идеологиялық жұмыстардың жайы және оны жақсарту туралы» мәселе қаралды. Ігерілеу аз. Әсіресе, Ғылым Академиясында. Сонымен қатар, Академияның президиумы мен оның президенті Сәтбаев бұқараның сыни ескертпелерінде көрсетілген қателерді түзету үшін ешқандай шара қолданбады, тіпті, нольге тең. Академияда барып тұрған берекесіздік анықталды, онда феодальдық-байшылдық қарым-қатынас орнаған, кадрлар жершілдік сыпаты бойынша жұмысқа алынған, мемлекет қаражатын үлкен мөлшерде шығындаған. Академиянының президиумының қолдауымен президенттің көмекшісі Оспанов пен іс басқарушысы Садықовтың тарапынан үлкен қателіктер жіберілген. Олар сотқа тартылды. Мұның барлығына қоса, Сәтбаев кезінде «Алашорда» үкіметінің насихатшысы болған. Сәтбаевтің әрекетіндегі осындай аса ірі қателіктердің барлығын ескере келе Бюро оны атқарып отырған міндетінен босатуды ұйғарды»,– деп (Д.Қонаев.Сталиннен Горбачевқа дейін) түсіндіріпті.
Саяси қайраткерлердің, оның ішінде кеңестік идеология мен коммунистік этика мектебінен өткен тұлғалардың мемуарларының дені – сол тұстағы қаулы-қарарлардың, хаттамалардың негізінде жазылатын жазылмаған дәстүр бар. Д.А.Қонаевтің пікіріне де БКП(б) Орталық Комитеті үгіт-насихат бөлімінің нұсқаушылары П.Апостолов пен Б.Н.Митрейкиннің және партия, кәсіподақ пен комсомол ұйымдары бөлімінің инструкторы А.Петровскийдің БКП(б) Орталық Комитетінің хатшысы Г.М.Маленковқа жазған «Қазақ ССР Ғылым Академиясындағы ұлтшылдықтың орын алуы және саяси тұрғыдан жат мамандармен былықтырылуы (засоренности – Т.Ж.) туралы» мәлімхаты, «Правда» газеті және оның Қазақстандағы меншікті тілшісі А.Черниченко ұйымдастырып, оның бас редакторы Ильичев арқылы М.А.Сусловқа жолданған айыптау мағлұматы және жоғарыдағы «домалақ арыздың классигінің» формулировкалары сөзбе сөзге жуық негіз етіліпті. Әдетте, уақыттың ыңғайына бейімделе баяндауға әдеби өңдеушілер жиі жүгінетін бұл тәсіл – мемуар иесінің шынай көзқарасын білдіре бермейді. Осы жолдардан кейін Д.Қонаев өзінің көзқарасын:
«Бұл хабарды естігенде үстіме суық су құйып жібергендей болды. Сәтбаевті аса ірі геолог ретінде білетінмін, оған үлкен құрметпен қарайтынмын. Енді, аяқ астынан оны босатпақшы. Біраз үнсіздіктен кейін Шаяхметов: Орталық Комитеттің боросында ақылдаса келіп, республика Ғылым Академиясының президенттігіне мені ұсыныпты. – Сіз бұған қалай қарайсыз?,– деді. Мен: – Сенімдеріңізге рахмет, бірақта мен бас тартамын,– дедім. Сонымен тарқастық. Екі айдан кейін мені Орталық Комитетке Шаяхметов тағы да шақырды. Ол тағы да маған Академияны басқаруды ұсынды. Сол кезде Орталық Комитеттің екінші хатшысы (Круглов – Т.Ж.) кірді, ол да Шаяхметовтің ұсынысын толық қолдады, ұзақ әңгімеден кейін мен келісім бердім. Жиырма күннен кейін мен Мәскеуге бардым. БКП(б) Орталық Комитетінің ғылым бөліміндегі Ю.А.Жданов (А.А.Ждановтың ұлы) менімен ұзақ әңгімелесті, кеңес берді, Сәтбаевті сынады, әңгімелесу сәтті өтті»,– деп білдіріпті.
Қаныш Сәтбаевқа қарасты: «кадрлар жершілдік сыпаты бойынша жұмысқа алынған»,– деген арызға орай комиссия мынадай анықтама берген: 1951 жылы академияда 1785 адам қызмет еткен, оның 289 адамы қазақ, яғни, 14,5%. Батыс Қазақстаннан – 33, Павлодардан – 29 , Семейден – 28, Алматыдан – 20, Ақтөбе мен Қызылордадан – 13, Қостанайдан – 12, Гурьевтен – 11, Ақмола мен Оңтүстік Қазақстаннан – 10, Жамбылдан – 8, Талдықорғаннан – 7, Шығыс Қазақстаннан, Көкшетаудан – 5, Солтүстік Қазақстаннан – 4, сондай-ақ республикадан сырт жерден келгендер – 18 қазақ. Сонда Кремль мен домалақ арызқой осы 14,5%. қазақты қазақтың Ұлттық Ғылым Академиясына қимай отыр ма? Сондықтан да бұл арыз дәлелденбегендіктен де Қ.Сәтбаевқа мүлдем басқа кінә таққан, яғни, жаңадан ашылған маманы тапшы академияға 1937-1938 жылдары саяси қуғынға ұшыраған, мерзімін өтеп келген 42 ғылым докторы мен кандаидаттарын, сирек маман иелерін қызметке алғанын айып ретінде таққан. Сонда әлгі «жершілдік дерті» мен «ұлтшылдық пиғыл» қайдан туындап отыр? біздің пайымдауымызша БКП(б) мен ҚК(б)П Орталық комитеттеріне де, Министрлер кеңесіне де, әлгі домалақ арыз иесіне де Сәтбаев пен Тәжиевтің төмендегі ұсынысы «жершілдік пен ұлтшылдық» болып көрінген сияқты.
Ш.Шокин: «Қырық сегізінші жылы Алматыны Қарағандыға не Ақмолаға ауыстыру туралы мәселе республика деңгейінде талқыланды. Бастаманың иелері Сәтбаев пен Тәжиев (Қазақ ССР Жоспарлау комитетінің сол кездегі төрағасы) астананы көшіру туралы ұсынысты – тек соңғы екі қаланың Алматыға қарағанда жағырафиялық тұрғыдан республиканың орталығы болып есептелетіндігінен ғана жасаған жоқ. Орталық және Солтүстік Қазақстанда минеральды-шикізат қоры (темір, жез, боксит, сирек металлдар, көмір) аса мол мөлшерде орналасқан еді. Шикізаттарды кеңінен игеру тек қана республиканың ғана емес, бүкіл елдің өндіргіш күштерін еселеп өсіруге мүмкіндік беретін. Астананың Алматыдан көшірілуі Орталық және Сотүстік Қазақстанның өндіргіш күшіне ерекше екпін береді – деп жобаланды».
Иә, мұндай жалаң патриоттардың жаласының дәйексіздігі, сонау 1905 жылы Потанин мен Бөкейханов ұсынған бұл идеяның тарихи қажеттілігі тәуелсіздік тұсында жүзеге асырылды. Шындығында да, бұл сол кезде партия мен кеңес үкіметінің құқына қол сұққан өте одағай, «менменшіл ұсыныс» болып табылатын.
Хххххххххххххххххххххххххххххххххх
Ал өзіне төнген қауіпті сезісімен Қаныш Сәтбаев тікелей Сталинге:
«Осы күндері бір топ адамдар, менің жас кезімдегі кейбір деректерге теріс түсініктеме беру арқылы басымды саудаға салып, мені арандатумен айналысып жүр. Рухани сергелдеңге ұшыраған сәтімде, сізден: тиісті деңгейде байыппен тексеру үшін мен туралы материалдарды Мәскеуге алдырту туралы тікелей өзіңіздің нұсқау беруіңізді қатты өтіне сұраймын»,– деп жеделхат жолдады.
Іле өзінің жеке басына жабылған жала мен Ғылым Академиясындағы қалыптасқан қауіпті бағытты және оған саяси астар беріілген, арандатушылардың қаскүнем пиғылдарын тиянақты баяндап хат жазды. Бұл жеделхат пен хаттың Қ.Сатбаевтың тағдырына қандай ықпалы тиді, оны нақтылап айтатын дерек кезікпеді. Тек одақтық деңгейдегі министр Тевосян мен СССР Ғылым Академиясының президенті Несмеянов оған қамқорлықпен қарап, лауазымды қызметтер ұсынғаны ғана анық.
Бұл деректің шындығын академик Шафик Шокиннің мына естелігі растайды:
«Осыдан бұрын Сәтбаев пен Әуезовті Республикадан қудалап шығарған оқиғаның орын алғаны әркімнің есінде шығар. Ол елден кеткеннен кейін біраз уақыттан соң мен Қаныш Имантайұлымен Мәскеуде кезіктім. Ұстазым арандатуларды өте ауыр қабылдапты. Басшылар мен баспасөздің оған неге осыншама жабыла шүйіліп алғанын еш түсінбепті. Мен академиктің осыншама дәрменсіз, осыншама шарасыз күйге түскенін соған дейін де, содан кейін де көргемін жоқ. Сөйлесіп отырған сәттерімізде ол менен өзін демейтін қандай да бір сүйеніш, тым болмағанда, өзінің көңілін орнықтыратындай жұбату іздеп отырғандай сезілді. Қуғындалған ғалым маған: СССР Ғылым Академиясы екі қызмет – Академик-хатшының орынбасары мен СССР ҒА-ның Урал филиалының төрағалығын ұсынып отыр, – деді. Жалпы алғанда өте жоғары қызметтер, бірақ та мен оны осы екі ұсыныстан да бас тартуға көндірдім. Өйткені Сәтбаев – халықтың ортақ сүйіктісі. Оған ешқандай да жала дақ-түсіре алмайды. Егерде ол осы екі ұсыныстың бірін қабылдай қалса, онда халықтың сенімі мен құрметіне кірбің түседі. Яғни, академик өзі құрмет тұтқан осы өмірдегі ең қымбатынан айырылады. Мен оған Жезқазғанға баруды ұсындым. Өмір жолын сонда бастады, ондағылардың бәрі мұны біледі әрі бағалайды. Сонда жұмыс істедіңіз, – дедім мен ойымды жалғастырып, – уақыттың өзі бәрін де орынына келтіріп, сізді Қазақстан ғылымына қайта алып келеді. Сәтбаев менің ұсынысыма қатты қуанды. Әңгіме «Москва» қонақүйінің бөлмесінде өтті. Әйелі Таися Алексеевна қосалқы бөлмеде желтанау болып ауырып жатқан. Қаныш Имантайұлы әйеліне: «Сенде ішетін бірдеңе бар ма? Жақсы ұсынысты жуу керек», – деп оны орынынан тұрғызды. Академиктің жұбайы да: «Несі бар, онда Жезқазғанға кеттік», – деді көңілденіп.
Одан да сәл кейінірек Мұхтар Әуезовпен де Мәскеуде кезіктім. Күні бойы Ленин кітапханасында отырдым да сергу үшін «Метрополь» кинотеатрына дейін жаяу келдім. Қалың нөпір адамның арасында Мұхтар Омарханұлы екеуміз бетпе-бет келіп қалдық. Сондағы оның түрін көрсеңіз! Өңі қабара қарайып кеткен, костюмі мыж-мыж. Мен шошып кетіп: «Сізге не болған, Мұқа?»,– деп сұрадым жазушыдан. Үнсіз, баяу жымиып, екі қолын жайды. Екеуіміз ең бірінші кезіккен ресторанға кірдік те бос орынға отырдық. Бір-бір рюмке коньяк ішкен соң, әңгіме басталды. Оның Мәскеуге келген беті де сол екен. Қазір мәдениет жөніндегі Мемлекеттік комитеттен келе жатқан беті екен. Костюмінің ішкі қалтасынан екі бүктелген қағазды алып шықты. Бұл – Әуезовті ММУ-нің профессоры етіп тағайындау туралы Комитет төрағасының бұйрығы екен. Психологиялық өзгеріске бейімделе қоймағаны бірден білініп тұрды. Сонымен қатар, өзінің профессорлық қызметке ауысуының қаншалықты орынды болғанына күмәндана қарайтынын да аңғардым. Шындығына көшкенде бұдан басқа оның барар жері қалыппа еді?
Сөйтіп, Кенесары мен Шәмілдің айналасындағы науқан Сәтбаев пен Әуезов үшін осындай сергелдеңге ұласты. Олардың халық алдындағы сіңірген еңбегі бір демде жоққа шығарылды. Әрине, олардың әлеумет арасындағы орыны сәл төмен болғанда ғой, олардың күні қараң болар еді. Себебі, атағы олардан сәл қалыңқы тарихшы Бекмахановтың тағдырының тас-талқаны шығып, талқыға түсіп, түрмеге қамалды». .
1952 жылы Ж.Шаяхметов «Мәскеу» қонақүйінде сонда жатқан Қ.Сәтбаевпен оңаша кездесіп:
«Орталық басылымдардың мақалаларынан кейінгі аласапыранды оқиғадан соң сізді президенттік қызметте алып қалудың еш мүмкіндігі болмады. Алайда мен сізден Қазақстанға қайтып келуді табанды түрде өтінемін. Геология институтының директоры боп істеңіз. Егерде ол қызмет сізді қанағаттандырмаса басқадай орын табамыз. Қазақстан Компартиясының басшылығы сізге бұрынғыдай сеніммен қарайды. Сөгісті де алып тастаймыз, тек сабыр сақтаңыз. Бюрода қараймыз»,– депті (М.Аққозин.Вернуть из забвения).
Ххххххххххххххххххххххххххххх
Сол кездегі Орталық Комитеттің идеология жөніндегі хатшысы Мұхамедқали Сужиков – қазақ руханиятындағы орыны анықталмаған қайраткердің бірі. Алайда оның «Мен ол туралы жақсы көзқарастамын» атты Ж.Шаяхметов туралы естелігіндегі:
«Қазақтың маңдай алды интеллигенция өкілдерімен қоян-қолтық араласа еңбек еттім. А.Жұбанов, М.Әуезовті қудалауды тоқтатуға қатыстым. Әңгіменің шыны керек, қуғындалған Әуезовті, Сәтбаевті Мәскеуден Алматыға шақырып алған, Е.Бекмахановты түрмеден босатуға көмек берген – Пономаренко мен Брежнев еді. Мұндай жақсылықты қазақ халқы еш уақытта ұмытпауы керек»,– деген (Күрделі заманның қайсар қайраткері, Астана, Аударма, 2002, 67-бет) дерек назар аударуды қажет етеді.
Мәселе мынада, егерде осы үш адам – Понмаренко, Брежнев, Сужиков республиканың басшылығын қолға алмаса, онда бұрынғы жетекшілер Ж.Шаяхметов пен І.Омаров, немесе осы екі топтан мүлде басқа біреулер билік тізгінін ұстаса, онда Әуезовті, Сәтбаевті, Е.Бекмахановты елге қайтару шаралары қолданылар ма еді, жоқ па еді? Біздің ойымызша, бұл жалпы кеңестік қоғамның бағыты және қаласа да, қаламаса да ондай шешімді қабылдауға мәжбүр болар еді. Егерде Ж.Шаяхметов пен І.Омаров өз орынында қалғанда, мүмкін, осы «ойранды науқанды» бастаған С. мен Т., және тағы да басқа Пәленшелер мен Түгеншелер ғылым мен мәдениеттің сақнасынан мүлдем ығыстырылар ма еді, кім білсін. Өйткені олар кейін де, әсіресе, Сәтбаев пен Әуезов, Бекмаханов дүниеден өткен соң өздерінің азуын қайтадан білеп шыға келді де, сексеніші жылдарға дейін идиология сайысында ықпалын жүргізді, онымен қоймай, артына алған бетімен айнымайтын шәкірттерін қалдырып кетті. Ал ол шәкірттер тәуеслсіздіктен кейін де сол ұстанымын бұрынғыдан бетер қорғап, Қазақстан ғылымын жалған бағытқа бейімдеп, жалған саясат пен идеяны тұжырым ретінде ұсынып, мемлекеттік идеяны Алаш идеясынан ауытқытып әкетті.
Ал М.Сужиковтың жоғарыдағы пікіріне сол кездегі Ғылым Академиясының президенті Д.А.Қонаевтің:
«1952 жылы 16-17 көкек күні республика Ғылым Академиясының жалпы жиналысы өтті. Сессияның бірінші күні М.П.Русаков пен А.Қ.Жұбановты – академияның толық мүшелігінен, Қ.Ж.Жұмалиевті – мүше-корреспонденттік дәрежесінен айыру туралы мәселе қаралды. Русаков – Қазақстанның геологиялық ғылымына ерекше үлес қосты. Оны академияның құрамынан: «Кеңестік социалистік республикалар одағына қарсы бағыталған зиянкестік әрекет» үшін» – деген айыппен шығарды. 1952 жылы мұндай айыптың тағылуы соттың үкімімен тең еді. Өз саласындағы ірі ғалымдар Жұбанов пен Жұмалиевті – «Қазақ ССР Ғылым Академиясынан қол үзгені үшін» деген желеумен шығарды. Орталық Комитет пен Орталық Комитеттің идеология жөніндегі хатшысы М.Сужиковтың тікелей басшылығымен қабылданған бұл шешімді мен мүлдем қате, әділетсіз деп есептедім және солай деп есептеймін. Ол күндері мен әлі академик емес едім, сондықтан да ағысқа қарсы жүзе алмадым, алайда мен, өз кезегінде бұл шешімнің күшін жоятынымызды білдім. Солай болды да. Әрине, жіберілген қатені осы бір тамаша ғалымдардың бұрынғы құқын белгілі бір қиыншылықпен қалпына келтіруіме тура келді. Ашығын айтқанда, соғыстан кейінгі кезеңде де Қазақстанның көрнекті ғалымдары мен мәдениет қайраткерлеріне қарсы орынсыз қуғын жүргізу тоқтатылған жоқ. Тарихшылар Ермұхан Бекмаханов пен Бекжан Сүлейменов тұтқындалып, ұзақ мерзімге сотталды. Сонымен қатар ғалым-әдебиеттанушылар Есмағамбет Исмаиылов пен Қайым Мұхамедханов та сотталды, соңғысына Абайдың әдеби мектебін зерттеу мәселесінде жіберген «ұлтшылдық қателері үшін» деген айып тағылды».
Өкінішке орай, Орталық Комитеттің басшылары бір қатар ғалымдарға негізсізден негізсіз жағымсыз көзқараста болды.
Бірде мені Орталық Комитеттің хатшысы Шаяхметовке шақырды. Мені бөгеліссіз тез қабылдады, ерсілі-қарсылы жөн сұрасқаннан кейін ол: тарих, Тіл және әдебиет институты қандай мәселелермен айналысып жатқанынан мәлімет беруді өтінді. Мен әлеуметтік саламен айналысатын аталған институттардың немен айналысып жатқанына қысқаша тоқталдым. Орталық Комитеттің хатшысы: Ғылым Академиясының тарихшылары өзінің жіберген қателерін баяу түзетуде, ал Тіл және әдебиет институты оның жұмысы туралы Орталық Комитеттің қаулысын нашар орындап жатыр – деді. Мен қателікті түзетуге қажетті шаралардың барлығы жүзеге асып жатқанын айттым. Маған: Орталық Комитеттің шешімі бойынша қазақ эпосы жөнінде өткізілуге тиісті дикуссияға Орталық Комитеттің хатшысы қатысуы тиіс екеніне көзін жеткізуімді күткендей көрінді. Шаяхметов: өзінің дикуссияға қатыса алмайтынын, оған Орталық Комитеттің идеология жөніндегі хатшысы (М.Сужиков –Т.Ж.) баратынын айтты. Мен кетуге ұмтылғанда Шаяхметов мені тоқтатып:
– Әуезов қазір не істеп жүр?,– деп сұрады. Мен:
– Оның немен айналысып жүргенін білмеймін, жаңа роман жазып жатқан шығар,– дедім. Хатшы маған:
– Сізге, әрине, профессор Бекмахановтың Қазақ ССР-нің тарихын бұрмалағаны және Кенесары Қасымовтың қозғалысын саяси зиянды тұрғыдан көрсеткені үшін оны кеңес соты ұзақ мерзімге соттағаны белгілі ғой. Сонымен қатар мүше-корреспондент Жұмалиев пен басқа да ғалымдар сотталды. Бізге қазір: Әуезовтің өзі-өзі нашар ұстап, ескі қателіктерін қайталап жүргені, Қазақстаннан мүлдем қол үзіп, үнемі Мәскеуде тұрақты тұратыны туралы хабарлар түсіп жатыр. Оны Академиктердің құрамынан шығаруы керек,– деді сөзінің қорытындысында. – Мұны Оталық Комитеттің ғылым бөлімі мен Орталық Комитеттің хатшысы Сужиков талап етіп отыр. Олардың өзімен сөйлесіңіз, сонда көзіңіз анық жетеді.
Мен мұндай мағлұматқа таң қалдым. Мұның мүмкін емес екенін ашық айттым.
– Әуезов – аса көрнекті жазушы, кеңес мәдениетінің белгілі қайраткері, Мәскеудің және қазақ университетінің профессоры, тамаша мамандар даярлап жүр. Ғалымдар ғана емес, сондай-ақ миллиондаған оқырмандар да біздің бұл шешімімізді түсінбейді. Сонымен қатар Академияның Жарғысында Академияның құрамынан шығару туралы мұндай ереже қарастырылмаған. Академик дегеніміз – мәңгілікке берілген атақ.
Ал Кенесары Қасымовтың қозғалысын бағалауға келгенде еріксіз мынадай ой келді: біздің кеңестік сот қаншалықты әділ болғанымен де бұл (үкім шығару – Т.Ж.) оның міндеті емес, ертеде өткен заманның аса күрделі, қарама-қайшылығы мол тұлғасының тарихи салмағы мен маңызын анықтау – оны білетін тарихшылар мен қоғамтанушылардың еншісі болса керек. Алайда, өзіне тікелей қатысы жоқ іспен жоғарыдағылардың нұсқауынсыз, сот өз бетінше айналысты деп айтсам, жалғандық болмай ма?
– Орталық Комитеттің нұсқауын орындау керек, жолдас Қонаев,– деді соңын ала Шаяхметов.
Содан кейін мен Әуезовті қорғау үшін шұғыл түрде Мәскеуге ұшып кеттім. КПСС Орталық Комитетінің Ғылым бөлімі арқылы Әуезовті сондай бір қиыншылықпен әзер қорғап қалдым. Бұл туралы П.К.Пономаренко 1954 жылғы Жазушылардың сьезінде айтты. Ол менің аты-жөнімді атап: ол Орталық Комитеттің нұсқауын орындаудан жалтарып, Әуезовті қорғады, бұл істе ол үлкен табандылық танытты – деген сөзін сондай бір таңданыспен тыңдадым. Тек бір ғана жайды түсінбедім: менің ол әрекетімді Пономаренко қайдан білді? Әуезов туралы мен оған ештеңе айтқан жоқ едім ғой. Кейіннен білдім. Пономаренко бұл мағлұматты КПСС Орталық Комитетінің ғылым бөлімінен алыпты» (Д.Қонаев «Сталиннен Горбачевқа дейін»).
Әрине, аса кірпияздықпен жазылған бұл естеліктің мәтінінің астарында тағдыр мен талқығы негізделген, емеуірін мен егжейі терең әрі күрделі, мүмкін қарама-қайшылығы да бар, тылсым құбылыстар жатыр. Оны дәл қазір тарата пайымдаудың уақыты ерте. Ол үшін бұрынғы партия, қазіргі Президент мұрағатының қатпарлы сөрелерінің көбесі сөгіліп, таяу тарихтың ықпалынан ада зиялы ой иесі пікір қорытуы абзал. Ол күндер де кезегімен жылжып келері анық. Ал Д.А.Қонаев пен М.О.Әуезовтің арасындағы жоғарыдағы байланыс кейін нысаналы сарсүйектікке ұласты.
Бұл деректі ұстазымыз Зейнолла Қабдоловтың:
«Университетке келіп, қазақ әдебиеті кафедрасына кірдім. Қаңырап тұр. Бұрышта Байкенжин (Кенжебев– Т.Ж.) күбірлеп отыр. Әуезов жоқ. Университеттің ректоры Төлеген Тәжібаевті ұлтшыл әрі «халық жауы» Ермахан Бекмахановтың пікірлесі ретінде қызметтен босатыпты. Оны алмастырған ұлтшыл емес Асқар Закарин ұлтшылдардың ішіндегі сенімсіз ұлтшыл ретінде Әуезовті де жұмыстан шығарыпты. Байкенжин құлағымызға сыбырлап қана:
– Шаяхметовтің өзі Әуезовті тұтқынға алу туралы қаулыға: «Қарсы емеспін»,– деп бұрыштама қойса, Закарин не істей алмақ?,– деді»,– деген («Әуезов», 169-бет) естелігі де растайды.
Расында да, жоғарыдан келген пәрменге Закарин түгіл Шаяхметовтің өзі не істей алар еді және не істей алды? Мұны М.Әуезовтің өзі мөлдірете жазған, бүкіл қазақ үшін махаббаттың асыл бейнесіне айналған Тоғжанның төлі, қатымды да татымды журналист Мәдет Аққозин өзінің Жұмабай Шаяхметов туралы кітабінда:
«Жоғарыдағы деректі растайтын өзге бір естелік «Қазақстан милициясы» журналының 1998 жылғы №3 санында, 12 жыл қатарынан Ішкі Істер министрлігін басқарған Шырақбек Қабылбаевтің туғанына 90 жыл толуына арналған арнайы санында жарық көрді. Қабылбаевтің көмекшісі, отставкадағы полковник, ҚР ІІМ-нің ардагері З.М.Исғатов былай деп жазды: Қабылбаев Қазақстан КП(б) Орталық комитетінің әкімшілік бөлімінің меңгерушісі болып істеп жүрген кезінде оған Қауіпсіздік комитетінің төрағасы келіп Әуезовті тұтқындау туралы санкцияға рұқсат беруді сұрайды. Бұл туралы Шаяхметовке баяндаған Қабылбаев өзінің қауіпсіздік комитетіндегілермен мүлдем келіспейтіндігін білдіреді. Содан кейін Жұмабай Шаяхметов БК(б)П Орталық Комитетінің хатшысы Г.М.Маленковпен хабарласады, сөйтіп, Әуезов тұтқыннан аман қалды»,– деген («Вернуть из забвения, 117-118 беттер) деректі келтіреді.
Демек, Ж.Шаяхметовтің де қолынан «бірдеңе» келген, «комитетчиктердің» ырқында кетпеген, М.Әуезовті ұстау туралы бұйрыққа қол қоймаған, шама-шарқынша уақытша қолдаған. Мұны бұрынғы партия, кейінгі президенттік архивтің құпия сөрелеріндегі деректерді қарастыруға мүмкіндігі еркін жеткен қайраткер, қаламгер Мұхтар Құлмұхамед:
«Сол кездегі өмір сүрген партиялық идеология мен саяси қондырғылардың қатаң тәртібіне қарамастан Жұмабай Шаяхметов белгілі ғылым мен мәдениет қайраткерлерін батылдықпен қорғау жағында болды. Тарихи шындықтың салтанат құруы үшін Жұмабай Шаяхметовтің Әуезов пен Сәтбаевтің тағдырынан ерекше орын алғанын, соның нәтижесінде олардың 50-жылдардағы жаппай қудалаушылықтан аман қалғанын бүгін ашық айтуымыз керек. Шаяхметовтің кеңесі бойынша ғылыми жұмысын жалғастыру үшін Қаныш Сәтбаев Мәскеуге жіберілді»,– деп сеніммен мәлімдеді.
Сонда шындық қайсы? Біздің ойымызша осы айтылғандардың барлығының дүбарасында. Соның ішінде, Қ.Сәтбаевтің ең сенімді серігі, әрі ізбасары, бірінші деректің иесі, яғни, олардың айтқандарын сөз бе сөз келтірген көз бе көз куәгер Шафиқ Шокиннің естелігін нысанаға алып пікір түйген лазым сияқты.
ххххххххххххххххххххххххххххххх
Ш.Шокин: «... 1954 жылы қарашада Қазақ ССР Ғылым Академиясының жалпы жиналысының кезекті сессиясы өтті. Онда мені академик және шикізат қоры бөлімінің төрағасы етіп сайлады. Келесі жылы мені академик-хатшы етіп бекітті. Академияның құрылғанына тоғыз жыл өтті. Бір жыл бұрын республика басшылығында кезекті өзгерістер болды. Қазақстанның партия ұйымын П.К.Пономаренко мен Л.И.Брежнев басқарды. ... Республиканың жаңа басшылары әділеттілікті қайта орнатуды көздеді. Елу бесінші жылдың жазында Сәтбаев, Павлов, Пальгов, Әуезов, Тәжібаев және мен Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетіне шақырылдық. Орталық Комитеттің бірінші хатшысының кең бөлмесінде бізді Пономаренко мен Брежнев қарсы алды. Пантелеймон Кондратьевич, (мен онымен үш рет кездестім), ашығын айтсам, ол мені өзіне тартып әкете алмады. Көбінесе ұрандатып сөйледі, мүмкін, әдейі солай жасады ма, әлде, партияның тақтасына орынды-орынсыз тұздық араластырып сөйлеу өзінің үйреншікті мәнері ме екен, кім білсін. Оны: сен сайламасаң да, тек таныстыру арқылы ғана тағайындап қойса да, көсемнің бойынан оның моральдық және парасат пайымының сенен қаншама биік тұрғанын іздейсің ғой. Онсыз қандай басшы болмақ? Мұндай артықшылық Пономаренконың бойынан байқалмады. Брежнев оның сол жағында отырды. Сол жылдардағы фильмдердегі парторгтің көп көшірмелерінің біріне ұқсайды. Қарап отырады, тыңдайды, бірінен кейін бірін тоқтатпай темекі тартады, кенет – әділеттілікті орнатып шыға келеді. Ал Брежнев адамдардың бетіне тура, қадала, ашық қарайды. Бір сөзбен айтқанда жігіттің қыраны. Екі-үш сөз айтады да, тағы да тура қарап тыңдауға көшеді.
Пономаренко бізге: Қонаевтің Министрлер Кеңесіне ауысуына байланысты бізбен академияның президенті туралы ақылдасуға шақырғанын – хабарлады. «Сіздер академияның басшылығына кімді лайық деп есептейсіздер?»,– деп сұрады бірінші хатшы. Сәтбаевтан басқалардың барлығы да бір ауыздан Қаныш Имантайұлын ұсынды. Академик өзінің денсаулығы мен геология институтындағы жұмысының қарбаластығын алдыға тартып, бірден бас тартты. Әңгіменің аяғында Пономаренко: Брежнев екеуі дәрігерлермен кеңесіп, содан кейін шешім қабылдайтынын жеткізді. Бірнеше апта өткеннен кейін Сәтбаевті қайтадан президент етіп сайлады».
Хххххххххххххххххххххххххххххххххх
Мұхтар Омарханұлының өзі емес, оның атағы қазақ халқы мен оның ғылымының алдындағы ең соңғы ірі парызын өтеді. Өйткені бұл кезде оның атағының өзі КПСС Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы, кеңестік идеологияның «сұр кардиналы» М.А.Сусловты алған бетінен қайыруға себеп болды. Ал бұл дегеніңіз кеңес тұсында екі тұлғаның біріне бұйыра бермеген сес.
Ш.Шокин: «Мәскеуге барғаннан кейін, Әзірбайжан академиясының президенті Әлиевпен бірге КПСС Орталық Комитетінің ғылым бөлімінің меңгерушісі Криллиннің қабылдауына сұрандық. Академик Криллин мені докторлық диссертация қорғауға дайындалып жүрген кезімнен білетін. Ол МЭИ-дің проректоры кезінде менің докторлықты қорғауыма көмектескен болатын. Академик, көп жылдар бойы еліміздің ауқымды салаларын зерттеуге жетекшілік етті, ғылыми зерттеу мен әкімшілік қызметті үйлестіре атқарды. Ірі ғалым-энергетик, көптеген тамаша кітаптардың авторы, оған қоса аса мәдениетті адам. Ғылым жөніндегі кез-келген мәселе бойынша онымен кездесуге құдайдың өзі сәтін сап тұрды. Әлиев екеуміздің алдымыздағы ең басты мәселе – қоғамтану бағытындағы институттардың жағдайы еді. Өйткені олардың көбінің категориясы жаратылыстанушыларға қарағанда төмен еді, соған орай олардың жалақысы аз әрі өзге де психологиялық сәйкессіздіктер тудыратын. Сондықтан да біз академиктен: біздің республикаларымыздағы қоғамтану институттарын бірінші категорияға көтеруді өтіндік. Криллин бізге: мұндай мәселелерді шешуге өзінің өкілеттігі жүрмейтіндігін айтты. Алайда ол бізді Сусловпен кездестіруге уәде берді. Бірнеше күннен кейін қонақүйге нәзік дауыс хабарласып, Михаил Андреевичтің: Әлиев пен мені қабылдайтынын жеткізді. ... КПСС Орталық Комитетінің хатшысы әдеттегідей тығыз қосқабатты қоңыр тоқымадан тігілген костюм киген (ол бұл үлгіні қашан көзі жұмылғанша өзгерткен жоқ), мектептің мұғалімі сияқты сұсты, ОК-тің идеология жөніндегі хатшысы сондай болу керек деген менің түсінігіме сай адам екен. Бір ауыз артық сөзі жоқ. Өлшенген, бірақ та өте сусымалы, жаттанды сөздер. Біз ұзын столдың екі жағына жайғастық, Сусловтың әңгімеге шақыруына орай:
– Михаил Андреевич, түсініспестік туып отыр. Ғылымның аты – ғылым. Қоғамтану ма, жаратылыстану ма, бәрі бірдей. Тіпті патша уақытының өзінде олар өзінің сыншылары мен тарихшыларын қорлаған жоқ. Белинскийді қалай сыйлады! Бенуа мен Стасевті ше?, – дедім.
Суслов шыдамсыздана сөзімді бөліп жіберді:
– Патшаның уақытында не болғанын біз білеміз. Қоғамтану ғылымдары қоғамға тікелей пайда әкелмейді. Біз ең алдымен коммунизмді жақындататын нақты ғылымдарға көмектесеміз. Сізге ашық айтайын, біз бұл мәселені Орталық Комитетте ұзақ талқыладық. Оны білетін адамдар дайындады, сондықтан да...
Орталық Комитеттің хатшысына қарсы шығуға болмайды. Сондықтан да мен әдеттен тыс мәселе ретінде Тіл және әдебиет институтына бірінші категория беруді өтіндім:
– Таяуда жазушы Әуезов «Абай» эпопеясын аяқтады. Ол да осы институтта қызмет істейді және...
Осы арада Суслов мені тағы да бөліп жіберді:
– Мұхтар Әуезов пе? Әрине, оны білемін. Онда былай істейік. Ұсынысыңды тастап кет. Бір нәтиже шығрауға тырысып көрейік,– деді».
Бұл 1961 жылдың 6 көкек күні болған сұхбат еді. Бұл күні Қаныш Сәтбаевтің асқазан рагіне ұшырағаны анықталған, Мұхтар Әуезовтен де тура сондай дерттің белгісі байқалған күн еді.
Иә, «сұр кардинал» Суслов Әуезовті білетін. Өйткені, елуінші жылдардағы өзінің «Правда» газеті арқылы салған идеологиялық ойраны мен сергелдеңінің басты нысанасының бірі де осы Мұхтар Омарханұлы еді. Сондағы әділетсіздігінің кінәсін жеңілдеткісі келді ме, жоқ, орынды ұсынысқа тоқтады ма, кім білсін, әйтеуір, Әуезовтің есімі оның «сусымалы, жаттанды» жауабына бір сәт дәміл жасатып, игілікті шешім қабылдауға мұрсат берді.
Ххххххххххххххххххххх
Адамның алпыс екі тамырын идіріп, жұлын-жүйкеңді босататын сәттің бірі – алыс сапардан отаныңа оралу. «Мың тоғыз жүз алпыс бірінші жылдың наурыз айында үш адам Мәскеу сапарынан Алматыға поезбен қайтып келе жатты. Сырттағы алашұбар далаға терезден көзін сәл қыса қарап тұрған Қаныш Имантайұлына – өңірі өрнектелген ақ көйлек, кең балақ мата шалбар, тері сүйретпе киген Мұхтар Омарханұлы Мәскеуде өткен жазушылардың сьезі туралы әңгімелеп тұр. «Мәскеу» қонақүйінде кездесіп қалған екі академик, кәмелетке толар-толмас кездерінде танысып, бүкіл өмірді бірге өткізген достар емін-еркін шер тарқатысу үшін осы жолды әдейі таңдап алған. Туған даланың көктемгі ауасы мен таныс «кең, биік көк аспан» тыныстарын кеңіткендей болған мезетте әр кім өз бөлмесіне тарасты. Түскі дәмге дейін өз ойларымен өзі боп, ойын жинақтауға мүмкіндік алды. Қаныш қалың-қалың папкаларды ашып, құжаттарды ақтарыстыруға кірісті. Мұхтар «Новый мир» журналындағы әдеби шығармаларды оқуын жалғастырды. Қаныштың шәкірті әрі бауырындай қастерлі Шафиқ Шоқыұлы түстікке шақырғанда барып олардың бастары қайта қосылды. Армян коньягі, «Боржоми» суы, Мәскеуде дәмі ұмытыла бастаған қазы, қарта. Жол ұзақ, оңаша әңгімеге уақыт жеткілікті. Көңілді отырыс. Саратов қаласының вокзалында Шафиқ сыртқа шығып, қайта кіргенде екі ағасының қабақтарындағы кірбіңді байқады. Екеуара әңгімеге еріксіз куә болды.
Ш.Шокин: «Қаныш Имнтайұлы мен Мұхтар Омарханұлы менің қайтып келгенімді аңғармады. Екеуіне де жайсыздау аса маңызды әңгіме басталып кетіпті. Сәтбаев Әуезовке қатқыл сөйлеп отыр. Мұқаңның қабағы шытқыл тартқан. Әңгіме – Мұхтар Омарханұлының Сәбит Мұқановпен арадағы қырғиқабақ дүрдараздығы туралы. Президент: Әуезов сияқты жазушының жастарға теріс үлгі қалдырғаны жараспайды – дегенді айтып жатты. Мұхтар мен Сәбиттің арасындағы қарым-қатынас бұрыннан бері шиеленісіп келе жатқан. Оны жазушылардан өзге жұртшылық та жақсы білетін. Олардың арасындағы дүрдараздық қазақ әдебиетінің қамын ойлайтын әріптестеріне аз алаңдаушылық әкелген жоқ. Мұқанов пен Әуезов – таланты жағынан да, жұртшылықтың алдындағы беделі тұрғысынан да бір-бірінен алшақ жазушылар, олардың адам ретінде өзара тіл табыса алмауының кесірінен екеуі де аз зардап шеккен жоқ, көп нәрсе жоғалтты. Қайсысының кінәсі басым – ол мен баға беретін мәселе емес. Тіпті оған тіреліп тұрған ештеңе де жоқ. Сәтбаев Мұқаңды: әдебиеттің мүддесі үшін жеке басының менмендігінен жоғары тұруға шақырды:
– Мұқа, өсекшілер сені емін-еркін арандатып, пайдаланып жүргені ешкімге де құпия емес. Пиғылы жаман адамдар Мұқановты аңдып, оның сөзін саған жағымпаздана әсірелеп жеткізеді, сөйтіп, екі үлкен жазушыны жастардың көзінше біріне бірін табалатып қояды. Ал сен ғой сол қаскүнемдердің мойынын қайырып, қасыңнан қуып жіберуің керек. Саған құдай көп нәрсені берген, сондықтан да сенен сұраныс та үлкен. Сондықтан да сен бірінші болып Сәбитке достық қолыңды ұсынуың керек. Саған бүкіл республиканың зиялылары қарайды. Сен өзіңнің жауапкершілігіңді бәрінен де жоғары сезінуің тиіс...
Мұқаң Қаныш Сәтбаевпен келісті, бірақ оған: Сәбит Мұқанов та қазір бала емес қой, – деп қосып қойды. Сәтбаев одан бетер ашуланып: ұсақшылдық – күпіршілдік, бұл саған жараспайды – деген пікір айтты. Мұндай әңгімені тыңдап отыру маған қолайсыз көрінді де шығып кеттім. Жиырма минуттан кейін Әуезов пен Сәтбаев дәлізге шықты. Мұхтар Омарханұлы Қаныш Имантайұлына разылығын білдірді. Менің байқауымша, алғысын шын жүректен айтқан сияқты. Сәтбаевтің өңінен өзінің алаңдаушылығын дұрыс түсінген жазушыға деген риза көңілі білініп тұрды».
Шындығында да екі ұлы адамның ұзақ уақыттан бері оңаша арыла шер тарқатқаны да осы болуы керек. Қос алыптың еске алатыны да, ескеретіні де, алдағы уақытта атқарылар аңсарлы мақсаттары да мол болатын. Олардың осы бір екеуара әңгімесіне өткен өмірдің «соқтықпалы, соқпақсыз», даңқ пен дақпыртқа толы, ауыр да абыройлы шақтары желі тартты. Ойлары тең, қарымы қатар, беделдері қапталдас, екеуі де алаш идеясын мұрат ерткен азамат еді, бірақ алдағы күндердегі армандары одан да зор болатын. Алайда екеуі де осы келе жатқанда олардың тәніне ең ауыр дерт – асқазан рагі дендей жайылып келе жатқанын білген жоқ. Жиырмасыншы жылдардың екінші жартысында Жүсіпбек Аймауытов жазбақ болып тиісті дайындықтар жүргізе бастаған Абылай туралы романды аңсарына айналдырған Мұхтар Әуезов, енді оны жүзеге асыратындай қуаты мен мүмкіндігінің жоқтығын, жарық дүниенің дәмін үш ай ғана тататынын сезгендей, сол жолы алаш ұранды бұл тақырыпты Әлкей Марғұланға аманаттап, оны қадағалауды Шафиқ Шокинге тапсырады. Өйткені, осы жолда Қаныштың дерті анықталып – емделуге, Мұхтардың дерті анықталып – операция жасауға ұйғарым жасалған болатын.
Бұдан кейін олардың сыр ашып сөйлесетіндей уақыттары да қалмады. Демек, бұл жолғы сырласу – екі ұлы адамның бақұлдасуға мүмкіндік алған ант мезгілі еді. Ал Мұхтар мен Сәбиттің «достық қолдарын алысуға» өткінші уақыт, қарбалас тіршілік, қатерлі сырқат мұршаларын келтірмеді.
Өкінішке орай, жақсы дайындықпен басталған бұл тақырыпты қилы-қилы тіршіліктің қыспағында ғұмыр кешкен Әлкей Марғұлан да жүзеге асыра алмай кетті. Әлекең марқұм бізге соны армандай айтып, өкінішін жасыра алмай, Ілияс Есенберлинге үміт артумен дүниеден өтті. Абылай мен Кенесары жөніндегі жинастыра бастаған архив деректерінің топтамасы арнайы қорда шаң басып жатыр. Ант мезгілі тақағанда қызы Дәнел арқылы бізді іздетіп, аманаты барлығын сездіріпті. «Аяулы Тұрсын!..» – деп басталған өсиет хаты да аяқталмай қалыпты. Үзілмеген үміттің жібін – үзілмейтін Алаш идеялы ұрпақтың келешекте жалғастыратынына сенім кәміл.
Ххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххх
Өсиет хат.
В.Н.Әуезова: «Соңғы хат – бұл мұрагерлікке жазған өсиет хат еді... Мен оны Мұхтардың Москвадан қайтқан бір сапарынан соң алдым:«Егер олай-бұлай болып кетсем... деп бері ұшардың алдында салып едім»,– деп түсіндірді. Ол хат ашылмаған күйінде жылдар бойы сақталып жата берді. Соңғы жылдары Мұхтар алыс сапарларға өте көп шығатын еді де, кетерінде:«Хат сенде ме?», – деп сұрайтын, әрдайым:«Иә»,– деген жауап естіген соң сапарға қаперсіз ұшып кететін.
Міне енді, ол алыс сапарға, мәңгі қайтпайтын сапарға аттанып кетті, енді оны күтудің қажеті жоқ еді. Мен хатты ашып оқыдым: «Валечка, жаным!.. Не сен, не мен бір-бірімізден айырылып, қайғы шегер мезгіл әйтеуір бір келеді ғой. Мен сенің артыңда қалғым келмейді, балалар үшін де, бір семьяның ақыры дұрыс боп бітуі үшін де сенің қалғаның жөн, қайратты, адамгершілігі таза қалпыңда, менің сүйікті балаларымның алтын анасы болып қал. Міне, сондай жағдай бола қалса деп мына өсиет хат жазылды. Тағдырдың күтпеген талқысы келе қалса, осы хат әрдайым сенде болсын. Сағынышпен сүйдім өзіңді, әмәнда менің сүйіктім. Сенің М.»
Ххххххххххххххххх
Хххххххххххххххххххх
1925 жылы 18 маусымда БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің «Партияның көркем әдебиет саясаты туралы» қаулысы шықты.
1939 жылы 9 ақпанда Қазақстан Қ(б)П Орталық Комитеті мен Қазақ ССР халық комиссарлары кеңесі «Қазақстанда өнер мен әдебиетті одан әрі дамыту туралы» қаулы қабылдап, сынды және өзара сынды күшейту туралы мәселе қойды. Сол қаулының желеуімен М.Әуезов пен С.Мұқановтың арасында алғашқы ашық ой егесі басталды.
1946 жылы 30 тамызда Қазақстан Қ(б)П Орталық Комитеті бюросы «Қазақстан Қ(б)П Орталық Комитеті насихат және үгіт бөлімінің үгіт-насихат жұмыстарына басшылықты жақсарту шаралары туралы» қаулысы шығып, баспасөздегі сынның пәрменділігіне идеологиялық басымдылық берді.
1940 жылы 26 қыркүйегінде БК(б)П Орталық Комитеті «Әдебиеттік сын және библиография» туралы қаулысы шықты.
1932 жылы сәуір айында БК(б)П Орталық Комитетінің «Әдеби-көркем ұйымдарды қайта құру туралы» қаулы қабылдады. Осыған байланысты «Алқа» әдеби үйірмесі туралы айыптың тұздығы жұмсарғандай көрінді.
Хххххххххххххххххххххххххххххх
Бұл құттықтауларға «Правда» газеті де қосылып:
«Сізді алпыс жасқа толған күніңізбен шын жүректен құттықтайды... Денсаулық, ұзақ жыл өмір және шығармашылық табыс тілейміз»,– деп жеделхат жолдады.
Өздері «шын жүректен тілеп» отырған, әлі де «сұр кардинал» Сусловтың уысында отырған басылым содан төрт-бес жыл бұрын Әуезовтің денсаулығы мен шығармашылық қайратын қажытып, жүйкесін шүйкелеген өзінің кінәсін өзі жуғысы келгендей де көрінуі мүмкін. Әрине, заманның қабағы да, идеология мен саясатқа ықтаған басылымның ұстанымы да, ондағы редакциялық алқа мен оның көзқарасы да өзгерді. Бірақ та бұл басылым қашанда «мылтығы оқтаулы» оқшантай күйінде қалды.
Ххххххххххххх
Сәбит Мұқановтың сөзі халықтық ауызекі мадаққа құрылып, өзі өмір бойы табанды түрде күресіп, «әшкерелеп келген, әшкерелей беретін» морганизмге, вильямизмге, тектік тұқымға қарсы «маркстік-диалектика» тұрғысындағы ұстанымын ұмытып, мақтай отырып мақтамен ысатын, екеуінің арасындағы ашық айтылмайтын басты құпияны емеуірін етіп:
«Ұрықсыз ешнәрсе өнбейтінін біз биология заңынан жақсы білеміз. Жер қанша құнарлы болғанымен, дән сеппесе ешбір өсімдік шықпайды. Жақсы дәннен – жақсы өнім, жаман дәннен – жаман өнім аламыз. Олай болса, егер, Мұхтар жаман болса, оны қаншама мәпелегеніңмен, қазіргі жақсы Мұхтар өспес еді, оның орынына әдеттегі Мұхтардың біреуі ғана өсер еді»,– деп тілінің астына маржан қоя сөйледі.
Осы бір нағашы мен жиеннің арасындағы «мысық жымиыс» пен «қазақы таба» екі тұлғаның арасындағы тепе –теңдікті бұзған басты кілтипанның бірі. Сол «үнсіз мысқылына» тиым салмауы арқылы Сәбит нені дәлелдегісі келді. Өзінің Ғ.Мүсіреповке жазған хатында Мұхтардың сол күні мұның сөзіне риза болмауының себебі – оның мақтауының жетпеуінде емес, жоғарыдағы мысқылдың астарында еді. Тым құрығанда сол күні жұртшылықтың көзінше миығынан жымимаса да болатын ба еді? Кейде ірі тұлғалардың осындай қазақшылыққа келгенде арынын баса алмай қалатын осалдығы болатыны да өкінішті. Бұл олардың арасын бұрынғыдан да ушықтырып, біріне-бірін тітіркендіре тіксіндіріп қойды. Ұлттық сәбилік түйсік – ұлыларға да тән.
ххххххххххххххххххх
Ал Сақтаған Бәйішев бір кезде өзінің «Профессор Әуезов ескіліктің шырмауында» атты жаппай әшкерелеуші мақаласындағы Мұхтарды іске алғысыз еткен пікіріне мүлдем қарама-қарсы бағытта сөйлеп:
«... Ғылымның, әсіресе, оның аса маңызды тұлғаларының бірі – қоғамдық ғалымдардың Қазақстандағы ірге тасының қалануына, кейін құлаш сермеп өрлеуіне алдымен ат салысқан, өзіне лайық үлес қосқан азамат – дарынды ғалым М.О.Әуезов болды....Қазақстандағы мәдениеттің, оның ішінде ғылымның жаңа ғана аяқ басып, тұсауын кесер-кеспес кезінде М.Әуезовтің әдебиеттен тұңғыш рет оқулық жазуы аса сүйсінерлік іс еді, қазақ мәдениетінің тарихындағы зор табыс еді... М.О.Әуезов – барынша прогресшіл, өмірден үйренгіш, жаңаны сезгіш, болашақты болжағыш ғалым... Қазіргі кезде М.О.Әуезовтің тіклей басшылығымен қазақ әдебиетінің төрт томдық тарихы жазылуда. Мұның бірінші томы бұдан бірнеше жыл бұрын жарыққа шыққан болатын, ол қазір толықтырылып екінші рет басылуға әзірленіп жатыр. Қазақ ауыз әдебиетінің (фольклорының) де толып жатқан тамаша үлгілері М.Әуезовтің қатысуымен жарыққа шығуда. М.Әуезов соңғы жылдары қазақ мәдениетінің тарихына байланысты күрделі тарауларды жазу және редакциялау арқылы «Қазақ ССР тарихын» жасау жұмысына белсене қатысты»,– деді.
Сөйтіп, ол өзінің бұрынғы «ұлтшыл-буржуазияшыл бұрмалаушылыққа ұрынған», «Алашорданың» идеясын сыналап кіргізген», «ескіліктің шырмауынан шыға алмай жүр» – деген айыптауларын мүлдем ұмытып, енді оған – «барынша прогресшіл, өмірден үйренгіш, жаңаны сезгіш, болашақты болжағыш ғалым» ретінде баға берді. «Өз қатесін өзіне түзеттірген» (М.Әуезов) бұл да бір уақыттың үкімі шығар. Ең ауыр үкім, әрине.
Ондай мүмкіндік Мұхтар Әуезовтің өзінде де болды. Қашан кеңес өкіметі құлағанша басылымға рұқсат етілмеген Дулат, Шортанбай, Мұрат, Шәңгерей, Мәшһүр Жүсіп позиясын ақтап алудың орайы келген 1959 15-19 маусым аралығында өткен «Әдеби мұра және оны зерттеу» атты ғылыми-теориялық конференцияның түпкі мақсаты да сол болатын. Өзге республикаларда да жарыса өткен мұндай бас қосуда бұрынғы қателіктерін орынына келтіріп, Шәміл сияқты күрделі тұлғалардың да басын ашып алды. Сондай дәмелі үмітпен Сәйділ Талжанов – Шортанбай Қанайұлы, Ханғали Сүйіншәлиев – Дулат Бабатайұлы, Заки Ахметов – Шәңгерей Бөкейұлы, Ісләм Жарылғапов – Машһүр Жүсіп туралы дербес баяндама жасады, бұл мәселе Қ.Жұмалиевтің, Б.Кенжебаевтің, Ы.Дүсенбаевтің да талдауының арқауы болды. Осы конференцияда қазақ әдебиеттану ғылымы өкілдерінің негізгі көзқарастары екіге бөлінді: Қ.Жұмалиев – қазақ әдебиетінің тарихы Бұқар жыраудан, ал Б.Кенжебаев – көне түркі дәуірінен басталып, жыраулар поэзиясымен жалғасады – деген тұжырымды ұстанды. Бұл тұжырым қашан кеңес өкіметі жойылғанша өзінің пәрменін сақтап қалды. Міне, осының барлығына тоқтам айтып, «жазықсыз жазалыларды» жарыққа шығаруға болатындай пәрмен мен құқық Мұхтар Әуезовке берілді. Ол өзінің қорытынды және конференцияның қарар қабылдауына тікелей ықпал беретін тұжырымды сөзінде:
«Шортанбай жайында С.Талжанов ... Шортанбайдың көпке мәлім керітартпа, қайшылығы мол мұраларын, сол қайшылықтарды атай отырып, ақтау жағына бейім болды. Ал анығында Шортанбайдың бар көзқарасының бір ғана шыны бар емес пе еді? Ол – діншілдік, керітарпалық сарынға соғатын. Шортанбайлық көзқарастың түп қазығы, сарқып құяр сағасы қайсы десек, ол: «заман азды, бұл ақырзаман ғаламаты» дегенге саятын. Осы сияқты Ханғали Сүйіншәлиевтің Дулат турасындағы тексеруі де сыңаржақ боп шықты. Дулаттың идеялық тарихтық керітартпалығы, міні деп айтылып жүрген жайлардың бәрін баяндамашы бүркемелеп, көмескілей сөйледі. Көпке мәлім даулы, күдікті жерлердің бәрін де «әрі итеріп, бер жығып» дегендей бұлдырға соға берді... Машһүрде іздесең – пантюркистікті де, панисламистикті де табуға болады. Бірақ ол жайлар бұнда Гаспиринский тәрізді пантюркистердей програмдық бағыт, өріс алған ойлар емес еді десе – бір сәрі... Қожахмет Яссауи туралы сөйленген сөздерге жауап ретінде айтарымыз: Яссауи сияқты адамдарды кітаби жазушылардың да қатарына кіргізуге мүлде болмайды. Яссау ескі шағатай тілі деп аталатын, беріде, қазір де көне өзбек тілі деп аталып жүрген тілде жазған. Ол тарихқа кірсе тек өзбек әдебиеті тарихына кірер еді. Бірақ мұрасының залалды мистикалық діншілдік, керітартпалық санасы себепті өзбек тарихынан да шығарып тасталған. Бір кезде оны өзбек ұлтшылдары әдебиет тарихына кіргізе бастаса да, кейінгі маркстік-лениндік әдебиеттану негізі бойынша өзбек ғалымдары Яссауиді жоғарыда айтқандай, әдебиет тарихынан мүлде өшірген... Жоғарыда айтқандардан ұзамай, әрі сондай пікірлерге жол бере берсек, біздің әдебиеттану ғылымымыз тағы да қырқыншы жылдардың ішіндегі көпшілігіміз жіберген қателіктерге тағы да қайта соғар еді. Шортанбай, Мұрат, Дулаттардың бәрі де бірдей «анау ақауы», «мынау кемшіні», ол-пұл міні бола тұрса да, «жақсы ақын дейтін болсақ, тағы да бірыңғай ағын арнасына түсеміз. Ал бұған бізге тарих та, партия да бір де бір рұқсат етпейді. Солары шексіз дұрыс, біздің ғылымның ырысы»»,– деп екіұштылау қорытынды жасады.
Керісінше, Шортанбайды – Шоқанға, Дулатты – Ыбырайға, Мұратты – Абайға қарсы салыстыра «тексеруді» ұсынды. Оның бұл сөзі қаулыға негіз қалады. Сөйтіп, олар тағы да отыз жыл бойы тылсым тағдыр кешті. Ал өзбектер Яссауиді дербес зерттеп, қолжазба жинағын шығарып, ұлттық руханиятының меншігіне айналдырып та үлгерді. Бұл тұста Әуезовтің сөзі – сөз, айтқаны – үкім, дегені – орындалатын. Құнанбай туралы да осындай пікір ұстанды. Зады, зауығы сөнген көңілге қайта шоқ тастағысы келмеді ме, екен? Соның нәтижесінде Кенесары қозғалысы да «керітартпа» күйінде қалды.
хххххххххххххххх
2010 жыл. 16 –мамыр. Сағат күндізгі 13.58. Астана. Жеті қазына.
Достарыңызбен бөлісу: |