ЖҰмабекова алмаш төлегенқызы қазіргі кездегі иерсиниоздың балалар жасына байланысты ағымының ерекшеліктері



Дата29.02.2016
өлшемі304.03 Kb.
#32567
түріАвтореферат


ӘӨЖ 616.98:579.842.23] – 053- 036.1-053.2 Қолжазба құқығында


ЖҰМАБЕКОВА АЛМАШ ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

Қазіргі кездегі иерсиниоздың балалар жасына байланысты

ағымының ерекшеліктері

14.00.10 – жұқпалы аурулар


Медицина ғылымдарының кандидаты

ғылыми дәрежесін алуға арналған диссертацияның

авторефераты

Қазақстан Республикасы

Алматы, 2010

Жұмыс С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің балалар жұқпалы аурулар кафедрасы мен Алматы қалалық клиникалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасында жасалынған.


Ғылыми жетекшісі: медицина ғылымдарының докторы,

профессор Тыныбеков А.С.

Ресми оппоненттері: медицина ғылымдарының докторы,

профессор Құрманова Г.М.

медицина ғылымдарының кандидаты,

доцент Эфендиев И.М.

Жетекші ұйым: Қазақстан Республикасы Денсаулық

сақтау министрлігінің Алматы

мемлекеттік дәрігерлердің білімін

жетілдіру институты.

Жұмыс 2010 жылдың «12» қарашасында, сағат 14.00 Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің Д 09.01.01 Диссертациялық Кеңесінің отырысында қорғалады.


Мекен жайы: 050012, Алматы қаласы, Төле би көшесі, 88
Диссертациямен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің кітапханасында танысуға болады.

Автореферат 2010 жылдың қазан айының « __» жұлдызында таратылды.


Диссертациялық Кеңестің

ғылыми хатшысы,

медицина ғылымдарының докторы А.Қ.Дүйсенова



КІРІСПЕ
Бүгінгі күні иерсиниоздың Y.enterocolitica қоздырғышымен шақырылған түрі Америка мен Африкада, Европа мен Азияда да кеңінен таралған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, онымен ауыратындар саны жағынан сальмонеллез, шигеллез сияқты ішек инфекцияларынан кейін екінші орында тұр (Учайкин В.Ф., 2005). Бірақта, оның анықталуы барлық мемлекеттерде біркелкі емес. Оның өзіндік себептері де бар. Басқа елдерге қарағанда лабораториялық зерттеулердің деңгейінің жоғарылығына байланысты иерсиниоз Еуропа мен АҚШ елдерінде жиі тіркеледі. Мысалы, жыл сайын Америка Құрама Штаттарында әр 100 мың адамның 17 мыңына иерсиниоз диагнозы қойылса, ал бұл көрсеткіш біздерге көршілес Ресейде 4-5 мың науқасты ғане құрайды.

Ал, енді біздің елімізге келетін болсақ, Қазақстанда табиғи және антропургиялық ошақтардың жеткілікті екендігін ескерсек, онда бұл дерттің дамуына эпидемиологиялық жағдайдың қолайлы екендігін байқаймыз (Дмитровская Т.И., Дмитровский А.М., 1984; Некрасова Л.Е., 2004). Соған қарамастан иерсиниоз Қазақстанда өз дәрежесінде зерттелмеген деп айтуымызға әбден болады. Себебі, республикалық санитарлық-эпидемиологиялық станцияның мәліметтері бойынша, ол жылма-жыл республиканың тек 5-6 аймағында (Алматы, Жамбыл, Оңтүстік, Шығыс және Солтүстік Қазақстан) және Алматы қаласында ғане тіркеледі. Соңғы 15 жылдағы, еліміздегі оның жыл сайынғы көрсеткіші 50-300 адамның аралығын құраса, олардың тең жартысына жуығы балаларға тиесілі.

Әрине, жоғарыдағы көрсеткіш, иерсиниоз диагностикасының біздің республикада әлі де болса дұрыс жолға қойылмағандығын көрсетеді. Оның өзіндік бірнеше себептері де бар. Олардың басты-бастыларына, біріншіден дәрігерлердің бұл дертті өз деңгейінде жеткілікті білмейтіндігі болса, екіншіден лабораторлық зерттеу мүмкіншіліктеріміздің төмендігі жатады.

Осы себептерге байланысты диагноз қою барысында дәрігерлер жағынан қателіктер көп кездеседі, әсіресе, көбіне амбулаторлық-поликлиникалық деңгейде (Антоненко Ф.Ф. ж. б.,1986). Өз кезегінде мұндай жағдай иерсиниоздың диагнозының уақытында қойылмауына және емнің кеш тағайындалуына алып келеді де, оның арты асқынумен, кейде, тіпті әртүрлі аутоиммундық дерттердің дамуына ұласуы да мүмкін (Бениова С.Н., Гордеец А.В., 2001).

Соңғы 10-15 жылда, жоғарыдағы айтылған олқылықтардың орнын толтыру мақсатында Қазақстанда да иерсиниозға байланысты ғылыми-зерттеу жұмыстары біршама қарқынды жүргізіліп, соның нәтижесінде бірнеше ғылыми еңбектер жарық көрді (Дмитровский А.М., 1985; Тыныбеков А.С., 2000; Абентаева Б.А., 2002).

Бірақта, бұл ғылыми жұмыстарда да, алыс-жақын шетелдік зерттеулерде де басты көңіл иерсиниоздың індеттануына, көрінісіне және оның микробиологиясы мен иммунологиясына бөлінген (Степанов В.М., Безрукова Л.С., 1983; Шестакова И.В., Ющук Н.Д., 2006; Carter J.E., Nelson J.J., 2007).

Иерсиниоздың төңірегінде қазіргі күнге дейін шешімін таппай тұрған үлкен мәселелердің қатарына оның диагнозының дер кезінде қойылмай, басқа дерттердің атын жамылып уақытылы емделмеуі және оның болжамы мен диспансерлік бақылауының жеткілікті деңгейде зерттелмеуі жатады (Соломатина О.Г. ж. б., 1983; Ющук Н.Д., Кареткина Г.Н., 1997).

Сонымен қатар алыс-жақын шетелдерде және республикамызда иерсиниоздың індеттануы мен көрінісінің және ақырының балалардың әр жас тобына байланысты ерекшеліктерін зерттеген ғылыми еңбектердің жоқтығы.

Бұл инфекцияға байланысты шешілмеген тағы бір мәселе, оның этиотропты емі. Әсіресе, оның жайылған түрі мен қайталамалы түрін емдеу кезінде алдымен қандай антибиотиктерге басымдылық беру керектігі.

Жоғарыдағы айтылған ойларды саралай келе, бұл дерттің төңірегінде әлі де болса аяғына дейін зерттелмеген мәселелердің барлығын және де осының өзі бұл жоспарланған ғылыми еңбектің тақырыбы мен мақсатының өзектілігін байқатса керек.

Сондықтанда, біз, өзіміздің ғылыми зерттеуімізді жоғарыдағы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында иерсиниоздың мектепке дейінгі, ерте және кеш мектеп жасындағы балалар топтарының арасындағы оның індеттануының, көрінісінің ерекшеліктері мен ерте диагностикасына, болжамына және диспансерлік бақылауы мен этиотропты емін жетілдіруге арнадық.


Зерттеудің мақсаты: Иерсиниоздың Y.enterocolitica қоздырғышымен шақырылған түрінің балалардың әртүрлі жас топтарындағы ағымының ерекшеліктерін зерттеу және оның диагностикалық алгоритмі мен болжамын жасап, дерттің диспансерлік бақылауы мен емін жетілдіру.
Зерттеудің міндеттері:

1.Балалардың әртүрлі жас тобындағы иерсиниоздың ағымының ерекшеліктерін анықтау.

2.Иерсиниозбен ауырған балаларды катамнезде зерттеу.

3.Иерсиниоздың диагностикалық алгоритмі мен болжам көрсеткіштерін жасап, оның диспансерлік бақылауын жетілдіру.

4.Иерсиниоздың Y.enterocolitica қоздырғышымен шақырылған түрінің антибиотиктерге сезімталдығын анықтау.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен теориялық құндылығы:

1.Алғаш рет иерсиниоздың Y.enterocolitica қоздырғышымен шақырылған түрінде, оның әртүрлі жас тобындағы балалардағы ағымының ерекшеліктері анықталды.

2.Тұңғыш рет иерсиниоздың диагнозын ерте қою мақсатында оның диагностикалық алгоритмі жасалынды.

3.Зерттеу нәтижесінің негізінде алғаш рет иерсиниоздың болжам көрсеткіштері берілді.

4.Иерсиниоздың диспансерлік бақылауы мен этиотропты емі жетілдіріліп, онымен ауырған балаларды бақылаудың нақты жолдары ұсынылды.
Зерттеудің тәжірибелік құндылығы:

1.Зерттеу барысында иерсиниозбен ауырған 0-ден 1 жасқа дейінгі (I топ), 1 жас 1 айдан 3 жасқа дейінгі (II топ), 3 жас 1 айдан 7 жасқа дейінгі (III топ) және 7 жас 1айдан 14 жасқа дейінгі (IV топ) балалар арасында, оның кейбір эпидемиологиялық, клиникалық және лабораториялық көрсеткіштерінің өзіндік ерекшеліктері бар екендігі анықталды.

2.Иерсиниоздың диагнозын ерте қою мақсатында оның диагностикалық алгоритмі ұсынылды.

3.Катамнезде иерсиниоздың созылыңқы немесе созылмалы түрлерге және одан пайда болатын аутоиммундық асқынуларға жол бермеу үшін, оның болжам алгоритмі жасалынып, диспансерлік бақылауы жетілдірілді.

4.Иерсиниозбен ауырғандарға этиотропты ем ретінде бірінші және екінші кезекте тағайындауға болатын антибиотиктердің тізімі берілді.
Қорғауға ұсынылған диссертацияның негізгі қағидалары:

1.Иерсиниозбен көпшілік жағдайда III-IV топтағы (79,8%) балалардың ауыратындығы және дерттің жиі жаз айларында (31,7-57,1%) індеттік көтерілуі байқалды.

2.Иерсиниоздың көрінісі мен лабораториялық көрсеткіштерінің балалардың әртүрлі жас топтарында әрқилы болып жүруі, өз кезегінде амбулаторлық-поликлиникалық деңгейде диагноз қою барысында қателіктерге ұрындыруы (63,5-78,5%), оның диагностикалық алгоритмін жасауға алып келді.

3.Иерсиниоздың клиникалық және лабораториялық көрсеткіштерінің ерекшеліктерін катамнезде зерттеудің барысында дерттің болжам алгоритмі жасалынып, оның диспансерлік бақылауы жетілдірілді.

4.Иерсиниоздың антибиотикограммасы жасалынып, оның қоздырғышының антибиотиктерге сезімталдық ерекшеліктері анықталды.
Зерттеу нәтижелерін енгізу. Диссертация барысында алынған ғылыми нәтижелер Алматы қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасының бөлімшелерінің емдеу тәжірибесіне енгізілді.

Сонымен қатар иерсиниоздың көрінісі мен лабораториялық ерекшеліктері, диагностикалық алгоритмі мен болжамы С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ балалар жұқпалы аурулары кафедрасының оқу үрдісінде қолданылады.


Зерттеу нәтижелерінің ресми жариялануы. Зерттеу жұмыстарының негізгі нәтижелері баяндалып, талқыланды: С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ балалар жұқпалы аурулары кафедрасы мен АМДБЖИ балалар жұқпалы аурулары кафедрасының қатысуымен өткізілген БҚКЖАА дәрігерлер конференциясында (Алматы, 30.06.2007; 26.05.2010); Алматы қалалық педиатрлар қоғамының ғылыми-тәжірибелік конференциясында (Алматы, 18.11.2009); V-Ресей балалар инфекционистерінің конгресінде (Москва, 4-6.12.2006); ХIII, ХIV-халықаралық реабилитация мен иммунореабилитацияға арналған медициналық конгрессте (БАЭ, Дубай, 26-29.04.2008, 6-9.02.2009); Т.Н.Никонованың 100 жылдық мерейтойына арналған ғылыми-тәжірибелік конференцияда (Алматы, 11.12.2009).
Жариялаулар. Диссертация тақырыбы бойынша 10 мақала жарық көріп, оның 6 Қазақстан Республикасының Білім және ғылым саласын бақылау Комитеті бекіткен басылымдарда, 4 тезис халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар материалдарында жарияланды.

Ізденушінің жеке үлесі. Диссертанттың жеке басы зерттеу кезінде өзі пайдаланған материалдарды жинақтап, оларға статистикалық өңдеу жасап, сосын оны талдап, содан кейін алынған ғылыми еңбегінің нәтижесінен түпкілікті қорытынды шығарды.
Диссертацияның құрылымы мен көлемі. Диссертациялық жұмыстың мазмұны 115 компьютермен терілген бетке жазылған. Жұмыс кіріспеден, әдебиеттерге шолудан, негізгі бөлімнен, материалдар мен әдістерден, өзіндік зерттеу нәтижелерінен, 5 науқастар тарихының көрінісінен, қорытындыдан, тұжырымнан, тәжірибелік ұсыныстар мен әдебиеттер тізімінен құралған. Сонымен қатар қолжазба 19 кестемен, 20 суретпен ресімделген.

Қолданылған әдебиеттер саны 159, оның ішінде 109 орыс тілінде, 50 шетел тілінде.


НЕГІЗГІ БӨЛІМ

Зерттеу материалдары мен оның тәсілдері

Ғылыми жұмыс С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің балалар жұқпалы аурулар кафедрасында (кафедра меңгерушісі-м.ғ.д., профессор Ғ.Ғ.Құттықожанова) және Алматы қалалық клиникалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасында (бас дәрігер-К.Е.Нәдірова) жүргізілді.

Сонымен қатар бактериологиялық және серологиялық зерттеулер М.Айқымбаев атындағы Қазақтың карантинді және зоонозды инфекциялар ғылыми зерттеу орталығының микробиология бөлімі мен Алматы қалалық клиникалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасының бактериологиялық лабораториясында жасалынды.

Зерттеуге 1995-2009 жылдары Алматы қалалық клиникалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасында иерсиниоз диагнозымен емделген 6 ай мен 14 жас аралығындағы 550 науқас бала алынды. Оларды іріктеу барысында аралас инфекциясы барлары алынып тасталып, тек қане иерсиниоздың Y.enterocolitica қоздырғышымен шақырылған 313 бала таңдап алынып, оның ішінен 104 (33,2%) бала дерттің жедел кезеңінде динамикада қаралып (1, 2, 3 айда) және 11 бала (10,5%) дерттің 3-6-12 айларында катамнезде диспансерлік бақылауда болды. Бұл жұмыстар Алматы қалалық № 1, 3, 8, 10, 11, 15, 17 және 18 емханаларының жұқпалы ауруларды бақылау бөлмелері мен Алматы қалалық клиникалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасында жүргізілді.

Бақылауға алынған әрбір балаға «Катамнездік бақылау картасы» толтырылды. Картаға баланың аты-жөні мен жасы, тұратын жері, иерсиниозбен ауырған уақыты, ауруханадағы клиникалық белгілері мен жасалынған зерттеулердің көрсеткіштері, алған емі мен одан шығарылған кездегі жағдайы сияқты мәліметтер енгізілді. Осыларға қосымша балалардың қазіргі кездегі жалпы жағдайына, шағымына көңіл бөлінді.

Иерсиниоздың диагнозы дерт туралы анамнездің, клиникалық-эпидемиологиялық және бактериологиялық немесе серологиялық зерттеулердің нәтижесінің арқасында қойылды. Сонымен қатар керек болған жағдайда аспаптық тексерулер де жасалынды.

Бактериологиялық зерттеуге ауыз-жұтқыншақтан артқы қабырғасынан жағынды және қан, зәр, нәжіс алынды.

Серологиялық зерттеу ТЕГАР әдісі бойынша жүргізілді. Күмәнді жағдайда ПТР әдісі пайдаланылды.

Сонымен қатар науқастардан дертіне, індеттанулығына, өміріне байланысты және жалпы хал-жағдайы төңірегінде мәліметтер жиналып, барлықтарына жалпы клиникалық, керекті жағдайда біраз бөлігіне биохимиялық, аспаптық зерттеулер жүргізілді.

Олардың қатарына: жалпы қан анализі, жалпы зәр анализі, қанның биохимиялық анализі, копрограмма, электрокардиограмма, рентгенологиялық, ішкі ағзаларды ультрадыбысты зерттеу, бактериологиялық және серологиялық зерттеулер жатады.

Науқастарға қажет болған жағдайда кардиолог, гастроэнтеролог, аллерголог сияқты мамандар шақыртылып, кеңестер берілді.

Жоғарыда айтылған барлық зерттеулер мен мәліметтер арнайы жасалынған карталарға түсірілді.

Зерттеу жұмыстарының мақсаты мен міндетіне байланысты, иерсиниозбен ауырған науқастар баланың жасына байланысты 4 топқа бөлінді, олар:

I топ – 0-ден 1 жас арасындағы балалар;

II топ – 1 жас 1 ай мен 3 жас арасындағы балалар;

III топ – 3 жас 1 ай мен 7 жас арасындағы балалар;

IV топ – 7 жас 1 ай мен 14 жас арасындағы балалар.

Сонымен қатар, иерсиниоз диагнозымен зерттеуге алынған балалар Н.В. Воротынцева мен оның әріптестестерінің (1987) ұсынған жіктелісіне сәйкес және дерттің негізгі белгілеріне байланысты 2 топқа бөлінді: жергілікті және жайылған. Өз кезегінде дерттің жергілікті түрі 5 бөлініп, оларға жатады:

1.Катаральды түрі.

2.Асқазан – ішектік түрі.

3.Бауырлық (гепатиттік) түрі.

4.Іштік (абдоминальды) түрі.

5.Жедел қызбалық түрі бөртпемен жүретін.
ЗЕРТТЕУДІҢ НӘТИЖЕСІ МЕН ОНЫ ТАЛДАУ

Біздің зерттеуімізге алынған 313 иерсиниозбен ауырған баланың 14 (4,5%) 0 мен 1 жастың арасындағы балалар құраса, 49 (15,7%) 1 жас 1 ай мен 3 жасқа дейінгілер, 126 (40,2%) 3 жас 1 ай мен 7 жасқа дейінгілер, ал 124 (39,6%) 7 жас 1 ай мен 14 жасқа дейінгілерден тұрды.

Енді, иерсиниозбен ауыруға көпшілік жағдайда қай жастағы балалар бейім келеді дегенге келсек, негізінен бұл дертпен 3 жастан асқан балалардың (79,8%) жиі ауыратындығын байқаймыз. Себебі, бұл жастағы балалар жалпы тамақтануға көшкен кезде, олардың тағам рационына дерттің қоздырғышының таралуына жағдай туғызатын жеміс-жидектер мен көкөністер қосылады. Ал, 1 жасқа дейінгі балалардың бұл дертпен сиректеу ауыруы, шамасы олардың бұл жастағы тамақтану үрдісіне байланысты болса керек. Сол себепті, емшек жасындағы балаларға қоздырғыш негізінен қарым-қатынас арқылы жұғады деп айтуға болады.

Ғалымдардың пікірінше иерсиниоздың індеттік көтерілуіне жылдың мезгілі қатты әсер етіп, көбіне дерт жылдың күз-қыс мезгілдерінде көбейеді (Maruyama T., 1997; Малашенкова В.Г., 2000; Gustavsson A. et al., 2002; Ценева Г.Я., 2002).

Әсіресе, дерттің жоғарылауына қыс мезгіліндегі төменгі температураның, жоғары ылғалдылықтың, жарықтың аздығы мен әр елдегі климаттың және қоздырғыштың психрофильділігінің де әсері бар (Шубин Ф.Н., 1997; Головчак Г.С., 1999; Учайкин В.Ф. ж. б., 2005; Тыныбеков А.С., 2000).

Бірақта, біз зерттеген науқастардың әр топтағы жастарында жыл мезгіліне байланысты аурушаңдықтың көрсеткішінде ерекшеліктер байқалды.

Барлық жас топтағыларында да балалардың жиі жаз айларында ауыратындығы байқалып, оның топтар арасындағы көрсеткіші 31,7-57,1% аралығын құрады. Ал, екінші орында II-III-IV топтағыларда күз-көктем айлары болса, I топтағыларда-көктем, II топтағыларда қыс-көктем айларында байқалды.

Сонымен, басқа иерсиниозды зерттеушілер дерт көбіне жылдың салқын мезгілінде кездеседі десе, біз зерттеген жас тобындағы балалардың барлығында да аурушаңдық негізінен жаз айларында жоғары болды.

Мұның басты себебі, Алматы қаласының климаттық ерекшеліктеріне байланысты болса керек.

Иерсиниоздың Y.enterocolitica қоздырғышымен шақырылған балалардың жасына байланысты бөлінген топтардың кейбір клиникалық және лабораториялық ерекшеліктері де зерттелді. Зерттеу барысында әр топтағы балалардағы иерсиниоздың ағымының ерекшеліктеріне, олардың физиологиялық, иммунологиялық дамуымен қатар жоғарыдағы айтылған эпидемиологиялық өзгешеліктердің және науқастардың қосымша дерттерінің әсер ететіндігі байқалды.

Сондықтан болса керек, иерсиниоз диагнозымен зерттеуге алынған балалар топтарын жоғарыда айтылған Н.В. Воротынцева мен оның әріптестестерінің ұсынған жіктелісіне сәйкес салыстырып қарау кезінде 1 жасқа дейінгі науқастарда дерттің абдоминальді, гепатитті және катаральді түрлерінің мүлдем кездеспейтіндігі, ал 3 жастан асқандарда барлық түрлерінің болатындығы белгілі болды.

Иерсиниоздың көрінісінің әрқилылығы оның диагностикасын дер кезінде қоюды қиындатады.

Біздің зерттеуіміз бойынша алғашқы диагноз қою кезінде дәрігерлердің балалардың барлық жас топтарында жіберген қателіктері 63,5-78,5% арасын құрады.

Ал, енді олардың алғаш рет қателікпен қандай диагноздарды қоятындығына келетін болсақ, көпшілік жағдайда жедел респираторлы вирусты инфекция (15%), баспа (10,8%), ЭВИ (6,4%), жәншау (6,3%), жедел ішек инфекциясы (5,1%), жұқпалы мононуклеоз (4,8%), вирусты гепатит (4,1%) сияқты диагноздарды қоятындығы анықталды.

Біз сонымен қатар науқастардың ауруханаға ауырғанының нешінші тәулігінде түсетіндігін де зерттедік.

Зерттеу барысында балалардың тең жарымынан сәл астамы ауруханаға дерттің алғашқы 5 күнінде түсетіндігі белгілі болды.

Сонымен қатар алдыңғы I топқа қарағанда II,III,IV топтағылардың 16,3-21,8% ауруханаға кеш, ауырғанының 10 күнінен кейін түсетіндігі белгілі болды.

Мұның өзі, балалардың соңғы 3 тобына диагноздың бірінші топқа қарағанда дер кезінде қойылмай, олардың амбулаторлық деңгейде басқа диагноздармен емделетіндігін көрсетеді.

Барлық топтағы науқастарға дерттің орташа-ауыр және ауыр түрі қойылып, бірде-біреуіне иерсиниоздың жеңіл дәрежесі қойылмады. Бірақта науқастардың басым бөлігіне, оның ішінде II, III, IV топтағыларға иерсиниоздың орташа-ауыр түрі қойылса, II топтағыларда дерттің ауырлығы біркелкілеу болды.

Шамасы, балалардың көпшілігіне дерттің орташа-ауыр түрінің қойылуы, иерсиниозда жалпы уыттану белгілерінің онша қатты болмайтындығына байланысты болса керек.

Енді иерсиниоздың әртүрлі жас топтарындағы оның көрінісінің кейбір белгілерінің ерекшеліктеріне тоқталып кеткенді жөн көрдік.

Осындай айырмашылығымен көрінген негізгі белгілердің қатарына қызбаны жатқызуға болады.

Иерсиниозда фебрильді қызба негізінен I, II, IV топтағы балаларда байқалып, негізінен I топтағыларда жиі фебрильді (92,9±6,8%) болып, ал III топтағыларда қалғандарына қарағанда қызбаның субфебрильді түрі басымырақ (52,4±4,4%) кездесті. Енді, қызбаның екінші бір қасиеті, оның ұзақтығына келетін болсақ, ол науқастардың соңғы 3 тобында көпшілік (48,4±4,4%) жағдайда 2 жетіге дейін созылса, ал I топтағылардың барлығында да ол тек 1 жетіге дейін көтерілді. Ұзақ қызба – 1айға дейін, 3 жастан асқан балаларда 1,6% - 4,1% жағдайда байқалды.

Иерсиниоздың келесі бір белгісі – бөртпе. Бөртпе 313 баланың 123 (39,3%) кездесті.

Айта кету керек, бақылаудағы балалардың жас топтарына байланысты бөртпенің өзгешелігі байқалды.

Бөртпе науқастардың I тобында сирек (7,1%) кездесіп, ол тек қане майда- дақты түрде болды. Науқастардың қалған 3 тобында әрқилы бөртпе кездескенімен, оларда да майда-дақты бөртпе қалған түрлеріне қарағанда басымдау болып, көпшілік жағдайда (32,5%) оның көрсеткішінің III топта басқаларынан гөрі жоғарылау екендігі байқалды. Бөртпенің басқа түрлерінен дақты-бүртікті II, III, IV топтарда 5,6-12,2% аралықта байқалып, науқастардың тек 1,6% геморрагиялық бөртпе анықталды.

Бөртпеден кейін науқастардың 1,6% терінің түлеуі болса, қалғандарының бәрінде ол ізсіз жоғалды.

Жоғарғы тыныс жолдарының қабынуы зерттеудегі науқастардың барлығында да байқалып, ол тонзиллит пен фарингит жағдайынды жүрді.

Бадамша бездердің қабынуы I топта сирек 7,1% болса, IV топта баспа II-III топқа қарағанда көбірек (43,5±4,4%) кездесті. Ал, фарингит III, IV топтарда (13,0-27,0%) көрінді.

Иерсиниоздың әртүрлі жас тобындағы балалардағы ағзаның қалған мүшелерінің қабынуына келетін болсақ, лимфа түйіндерінің (мойын, қолтық, шап) тек I дәрежелі ұлғаюы 3 жасқа дейінгі балаларда, ал оның II дәрежесі соңғы 3 топта да байқалып, III дәрежесі 3,1-7,0 жастағылардың аз ғана бөлігінде (3,2±2,4%) кездесті.

Буындық белгі артралгиялық көрініспен 3 жастан асқан балаларда 4,0-8,7% кездессе, реактивті артрит тек қане IV топтағылардың бар болғаны 2,4% байқалды. Дерт негізінен ірі буындардың қабыну көрінісімен жүрді.

Төменгі тыныс жолдарының қабынуы (2,4%) жағдайда, бронхит, пневмония түрінде, тек IV топтағы балаларда кездесті.

Жүрек қан-тамыр жүйесінің қабынуы соңғы 3 топтағы балалардың аз ғане бөлігінде байқалып, ол жүрек дыбысының тұйықталуымен, систольді шуылмен, тахи - немесе брадикардиямен және ЭКГ-де кардиопатияның белгілерімен жүрді.

Гепатомегалия барлық жас топтарында байқалғанымен, негізінен 3 жастан асқан балаларда ұлғаюы көбірек кездесті, әсіресе II-III топта (77,6±5,9%- 69,8±4,0%). Ал, 1 жасқа дейінгі балалардың (14,3±9,3%) бауыры 0,5+1,0+1,5см ұлғайғанымен, оларда паренхиматозды гепатиттің белгілері болмады. Бірақта, IV топтағы балаларда (33,9%) дерт жиі паренхиматозды гепатит түрінде жүріп, гиперферментемия (АСТ, АЛТ) қалыпты жағдайдан 2-3 есе өсіп, гипербилирубинемия (жалпы билирубин-28-68 ммоль/л) анықталды.

Талақтың қабынуы сирек байқалып, ол IV топтағы балалардың тек қане 1,6% көрініс берді.

Ультрадыбысты зерттеу жүргізілген балаларда бауыр паренхимасының өзгерісі, реактивті панкреатит, холецистит және өт жолдарының дискинезиясы анықталды (32,9%).

Кейде іштік (абдоминальді) белгі иерсиниоздың жалғыз көрінісі ретінде байқалады (Антоненко Ф.Ф. ж.б., 1986).

Бұл белгінің пайда болуы терминальді илеит пен мезентериальді лимфаденитке, кейбір жағдайда (1,0-23,8%) соқырішектің қабынуымен тікелей байланысты (Золотухина И.Н., Ющенко Г.В., 1982; Антоненко Ф.Ф. ж. б., 1986).

Біздің бақылауымызда болған балалардың жас топтарының арасында іштік белгі 3 жастан асқан балалар тобында сирек кездесті (2,4%). Барлық балаларда іштің ауыруы жиі кіндік пен илеоцекальді аймақта айқын байқалып, балалардың 8% хирургке көрсетілді.

Иерсиниозының тағы бір көрінісі, ол асқазан-ішек жолдарының қабынуы, негізінен диарея түрінде байқалып, дерттің алғашқы күндері айқын көрініспен өтті. Бұл балаларда нәжіс сұйық, сары-жасыл түсті, кілегейлі болып, кейбірінде энтерит немесе гастроэнтерит түрінде, жиілігі тәулігіне 3-6 реттен болды. Мұндай нәжіс I топтағылардың 100% болса, II топтағылардың 90% анықталып, ал III-IV топтағы науқастардың тек 3,2% көрініс берді.

Науқастардың бірде-біреуінде эксикоздың белгілері болмады.

Бүгінгі күні иерсиниоздың жайылған түрінде болмаса, басқа түрлерінде жалпы қан анализінің өзіндік ерекшеліктері жоқ деп айтуға болады.

Оның ішінде лабораториялық зерттеудің бұл түрін олардың жас топтарына байланысты әлі ешкімде зерттеген жоқ.

Науқастардың барлық топтарында да жалпы қан анализінде ерекшеліктер байқалды. Бірінші топтағы балалардың барлығында да қосымша дерт ретінде анемия анықталса, жастары ұлғайған сайын қаназдық біртіндеп азайып, 4 топтағылардың бірде-біреуінде оның көрінісі болмады. Дерттің қабыну үрдісін көрсететін көрсеткіштің бірі лейкоцитоз I (7,1%) мен IV топта (8,1%) сирек болғанымен, II (46,9%) мен III топта оларға қарағанда басымырақ кездесті. Нейтрофилез қалған топтармен салыстырғанда II (48,9%) мен III топтағыларда (29,4%) жиі болды. Лимфоцитоз III, IV топтарда 17,5-20,2% науқастарда анықталды. Осыған ұқсастау жағдай ЭТЖ байланысты да байқалды. Бұл көрсеткіштің жоғарылауы негізінен соңғы 3 топта байқалып, әсіресе IV топта (60,5%) басқаларынан басым болды.

Балалардың барлық жас тобында несеп шығару жолдарының қабынуы сирек кездесті. Балалардың алғашқы 2 тобында дизметаболикалық нефропатияның (уратурия, оксалурия) көрінісі соңғы 2 топқа қарағанда басымдау болды.

Иерсиниозбен ауыратын балалардағы бұл көрсеткіш, оларда басқа өзгерістермен салыстырғанда жиі дизметаболикалық нефропатияның белгілерінің байқалатындығын көрсетеді (Огай Е.А. ж. б., 1986; Сапега Е.Ю., 2001; Шестакова И.В. ж. б., 2007). Кейбір ғалымдар иерсиниоздың жедел үрдісінің нәтижесі ретінде созылмалы пиелонефриттің болатындығын айтады (Denneberg T., 1982; Davenport A., Finn R., 1987).

Бірақта, біз бақылаған науқастарда пиелонефриттің көрінісі байқалмағанымен, сирек те болса дерттің 1-2 аптасында лейкоцитурия мен протеинурия балалардың соңғы 3 тобында байқалса, эритроцитурия тек III- IV топтарында ғане кездесті.

Жоғарыдағы зәр жолының өзгерістері иерсиниоздың 2-3 жетісінде оның жалпы уыттану белгілерінің азаюына байланысты қалпына келді.

Иерсиниозды лабораториялық жолмен дәлелдеу барысында, оның бактериологиялық және серологиялық әдістерінде айырмашылықтар байқалды.

Бактериологиялық зерттеу кезінде қоздырғыш аңқаның жағындысынан, зәрден, нәжістен барлық топтағы балаларда табылды. Бірақта I топтағы балаларда бактериологиялық дәлелдеу жиі, оның зәрі арқылы дәлелденіп (57,1%), бұл көрсеткіш қалған биосубстраттардан жоғары болды.

Ал, енді серологиялық зерттеулерге келетін болсақ, оның нәтижесінің қалған топтарға қарағанда I топтағы балаларда сирек екендігі және оларда қарсы күштердің көрсеткішінің төмендігі байқалды.

Айта кету керек, иерсиниоздың диагностикалық көрсеткіші негізінен 1:100-1:200 қатынасындай болатындығы, ал титрдің одан жоғары болуы сирек кездесетіндігі анықталды.Серологиялық зерттеудің көрсеткішінің I топтағы балалардағы сиректігі, оларда қарсы күштердің пайда болып үлгермеуіне байланысты болса керек.

Сонымен қатар, Алматы қаласында иерсиниоздың серологиялық түрлерінің қайсысы жиі кездеседі дегенге келетін болсақ, біздің аймақта оның 0:3 серологиялық түрінің басым болатындығы байқалды.

Енді иерсиниоздың ағымының ұзақтығына келетін болсақ, оның созылыңқы ағымының жиі соңғы 2 топта болатындығы және де осы топтағы балалардың 10,5% дерттің қайталамалы түріне ауысатындығы, ал, алғашқы 2 топтағы науқастарда иерсиниоздың ағымының қолайлы аяқталатындығы байқалды.

Бүгінгі күнге дейін иерсиниоздың ақырының немен аяқталатынына келетін болсақ, ол туралы ғалымдардың арасында ортақ пікір жоқ десе де болады.

Сондай-ақ, көптеген ғылыми жұмыстар дерттің жедел кезеңінің ағымына арналған да, оның катамнезіне жеткілікті көңіл бөлінбеген (Бениова С.Н., Гордеец А.В., 2002; Абентаева Б.А., 2002).

Өз кезегінде бұл мәселе иерсиниоздың басқа дерттердің қалқасында қалып қойылуына алып келіп, оның болжамы мен диспансерлік бақылауын уақытында шешуді кешеуілдетеді. Кейбір еңбектерде дерттің дәнекер тіннің диффузды кеселдеріне алып келіп, соған байланысты ревматоидты артриттің, Рейтер белгісінің, Висслер-Фанкони субсепсисінің дамитындығы айтылады (Бениова С.Н., Гордеец А.В., 2001).

Айта кету керек, иерсиниоз созылмалы түрмен жүреді деген пікір көпшілік жағдайда ересектерге байланысты айтылған, ал оның балалардағы зерттелуі жеткіліксіз деп айтса да болады (Яковлева А.А., 1989; Учайкин В.Ф., 2005).

Бұл айтылған пікірлерге ой жүгіртіп қарайтын болсақ, онда қазіргі кезге дейін иерсиниоздың ақырының немен аяқталатыны туралы, оның ішінде, әсіресе балаларға байланысты зерттеулердің жоқтығын көреміз.

Өз кезегінде дерттің диагнозының дұрыс қойылмауы, бұл науқастардың көбіне соматикалық бөлімшелерде басқа диагноздармен емделетіндігін көрсетеді. Сондықтан балаларға иерсиниоз диагнозын ерте қою мақсатында біз өзіміздің зерттеуімізге сүйене отырып, алғаш рет оның диагностикалық алгоритмін жасауды жөн көрдік.

Алгоритм дәрігерлерге көмек ретінде балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, оларды қарау барысында оның диагнозына күмәнденіп, уақытылы тексеріп, дер кезінде емін тағайындауға көмектеседі.

Әрине, мұндай жағдайда педиатрлар балалардың жас шамасына байланысты иерсиниоздың эпидемиологиясына, оның ішінде дерттің жұғу жолдарына, клиникалық көрінісінің кейбір белгілеріне баса көңіл аударуы қажет.

Сонымен қатар дәрігерлер дер кезінде қандай лабораториялық зерттеулер жасау керектігін және олардың ерекшеліктеріне көңіл аудара білуі керек.

Жоғарыдағы айтқандарымызды нақтылай түсу үшін, біз онымен ауырған балаларға ерте диагноз қою мақсатында, оның диагностикалық алгоритмін ұсындық (сурет 1).







Сурет 1 - Иерсиниоздың диагностикалық алгоритмі


Жоғарыдағы 1 суретте иерсиниоз диагнозына күмәнденген жағдайда, дәрігерлердің науқастың эпидемиологиясы мен көріністерінің қайсыларына көңілін бөлу керектігі және содан кейін қандай лабораторлық-аспаптық зерттеулерді жүргізу жолдары түсіндірілген.

Біздің ойымызша, педиатрлар иерсиниоз диагнозын қою барысында жоғарыдағы ұсынылған диагностикалық алгоритмді дұрыс пайдалана білсе, онда бұл дерттің алғашқы диагнозын қою дәрігерлерге онша қиыншылық туғызбайды.

Егерде науқастың иммунды жүйесі жетімсіз болса, әсіресе, оның ішінде жасушалық иммунитет, онда екіншілік ошақтың пайда болып, дерттің созылыңқы, кейде созылмалы түрге ауысуы ықтимал (Ottermann U.et.all., 1989; Тыныбеков А.С., 2000; Бениова С.Н., 2003; Германенко И.Г. ж. б., 2008). Әсіресе, қоздырғыштың лимфа түйіндері мен талақта ұзақ уақыт сақталуы, өз кезегінде иммундық депрессияға алып келуі мүмкін.

Белгілі әдебиеттерге шолу жасау барысында, біз иерсиниоздың ағымын болжауға арналған ғылыми еңбектерді кездестермедік.

Соған байланысты зерттеу барысында біздің алдымызға қойған міндеттерімздің бірі, ол иерсиниоздың клиникалық және лабораториялық көріністерінің негізінде, дерттің қандай жағдайда созылыңқы немесе созылмалы түрге ауысуын болжап, оның болжам көрсеткіштерін жасау еді.

Осы мақсатта иерсиниоздың жедел түрімен ауырған 104 науқасты катамнезде зерттеу кезінде, олардың 11 (10,5%) дерттің қайталамалы ағымы дамып, соның ішінен 7 (63,6%) науқаста созылыңқы, әрі қарай 3 (27,2%) оның созылмалы түрі дамыды.

Жоғарыдағы балалардың жас ерекшеліктеріне көңіл бөлсек, I-II топтардағы науқастарда дерттің созылыңқы немесе созылмалы ағымы болмай, ол тек III-IV тобындағы балаларда анықталды. I-II топтағы балалардың 63 (60,5%) иерсиниоз жедел, тегіс ағымда өтіп, сауығумен аяқталса, ал III, IV топтағы 41 науқастың 30 дерт сауығумен аяқталып, тек 11 (10,5%) қайталамалы ағыммен жүрді.

Міне, осы науқастардың сырқатнамасын талдап, зерттеу барысында олардың жалпыклиникалық және лабораториялық көрсеткіштерінінің нәтижесімен дерттің болжамын жобалауға мүмкіншілік пайда болды. Иерсиниоздың қайталамалы ағымымен жүрген 11 (10,5%) науқастың 40% дерттің жайылған, ауыр түрі байқалса, 30% иерсиниоздың жедел қызбалық бөртпемен жүретін түрі және 30% буындық түрі көрініс берді.

Барлық науқастарда лимфа түйіндерінің ұлғаюы, 1 айдан асқан субфебрильді қызба, қайталамалы жоғарғы тыныс жолдарының қабынуы, кейбірінде буынның қабынуы, гепатоспленомегалия, аракідік әрқилы бөртпе мен нәжісінің сұйықтау болып өтуі байқалды.

Гемограммада қалыпты немесе сәл көтеріңкі лейкоцитоз, нейтрофилез және барлығында ЭТЖ деңгейі жоғарылады.

Қанның биохимиялық анализінде кейбір гепатомегалиясы мен буындық белгісі бар науқастарда ферменттер (АЛТ, АСТ) мен С-реактивті белоктың көрсеткіштерінің аздап көтерілуі көрінді.

Сонымен қатар бұл науқастардың бактериологиялық анализдерінде Y.enterocolitica қоздырғышы жиі табылып, серологиялық (ТЕГАР) зерттеуінде титрдің көрсеткіші 1:80; 1:100 қатынасындай аралықта байқалды.

Жоғарыдағы анықталған мәліметтерге сүйеніп, біз төмендегі 2 суретте балалардағы иерсиниоздың болжам көрсеткіштерін беріп отырмыз.


Сурет 2 - Балалардағы иерсиниоздың болжам көрсеткіштері.
Біздің ойымызша, жоғарыдағы 2 суретте көрсетілген иерсиниоздың клиникалық-лабораториялық көрсеткіштері, дәрігерлерге оның болжамын анықтап, дерттің ақырын жобалауға көмектеседі деп ойлаймыз.
Бүгінгі күнге дейін иерсиниоздың төңірегінде аяғына дейін шешілмеген мәселелердің бірі, ол оның диспансерлік бақылауы.

Қазіргі кезде, Қазақстанда, иерсиниозбен ауырып кеткен балаларды диспансерлік бақылаудың нақты мерзімі мен оның көлемін анықтайтын Қазақстан республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы сияқты, нормативтік нақты құжат жоқ.

Біз де өзіміз зерттеген науқастардан алынған нәтижелерді талдау барысында иерсиниоздың диспансерлік бақылауына басқаша көзқараспен қарауға мүмкіншілік алдық.

Біздің зерттеген балаларымыздың кейбірінде иерсиниоздың кеш қайталамалы көрінісі, ол ауруханадан шыққаннан кейін 6 айдан 12 айға дейін тіркеліп келді.

Осы жағдайды ескере отырып, иерсиниоздан сауыққандарды төмендегідей мерзімдерге бақылау керек деп есептейміз:

-егерде инфекция тегіс, қайталамасыз жүретін болса, онда 1- 3 - 6 айда қарап, барлығы қалыпты болса 6 айдан кейін бақылаудан алып тастау керек;

-егерде дерт қайталамалы болса, онда мұндай науқастарды 1 жылға дейін бақылау қажет;

-егерде дерт созылыңқы немесе созылмалы болса, онда оларды толықтай жазылғанша бақылау тоқтатылмайды.

Диспансерлік бақылаудың сапасын жақсарту үшін, балаларды жоғарыдағы мезгілдерде қарау барысында, оларға жасау керек:

-жалпы қан анализі;

-жалпы зәр анализі;

-биохимиялық қан анализі (ферменттер, ревмаәдіс);

-бактериологиялық анализ.

Керек болса:

-ЭКГ;

-УЗД;


-кардиолог, гастроэнтеролог, иммунологтің кеңесі.

Қазіргі кезде иерсиниоздың емінде антибиотиктерді қандай реттілікпен қолдану керектігі үлкен проблемаға айналуда. Әсіресе, дерттің қайталамалы түрінде (Шабалов Н.П., 2005; Германенко И.Г., 2008).

Иерсиниоздың асқазан-ішек жолының қабынуымен жүретін жеңіл түрінде антибиотиктерді қолданбаса да болады. Бірақта иерсиниоздың орташа-ауыр және ауыр түрлерінде оны пайдалану керек. Тағы бір ескеретін жағдай, ол антибиотикті парентеральді қолданған құрлы, оның екіншісін энтеральді тағайындаған дұрыс. Сонда ғане біз инфекцияның ену қақпасындағы қоздырғышты залалдай аламыз.

Айта кететін тағы бір мәселе, ол антибиотикті неғұрлым ерте тағайындасақ, соғұрлым оның әсері жақсы болады. Егерде, антибиотиктер науқастың ауырғанының алғашқы 7 күнінде тағайындалмаса, онда біз дерттің негізгі белгілерін ескеріп барып, оны тағайындауды ойлауымыз керек.

Этиотропты емнің қолданылуының басты көрсеткіші ретінде ағзаның әртүрлі мүшелерінің қабынуымен жүретін иерсиниоздың жайылған түрі жатады.

Қазіргі таңда дәрігерлердің алдында тұрған тағы бір үлкен проблеманың бірі, ол қай антибиотикті қолдану, себебі елімізге келіп жатқан антибиотиктердің түрлерінің көптігі сондай (50 астам) және де оның саны ұлғаю үстінде.

Иерсиниоздың этиотропты емі ретінде көптеген антибиотиктер қолданылады. Антибиотикті таңдау барысында оған қоздырғыштың сезімталдығын ескеру қажет. Бірақта, антибиотикограммада кейбір антибиотиктерге иерсиниоздың қоздырғышы 50-70% сезімтал деп берілгенімен, іс жүзінде оның әсері байқалмайтын жағдайлар да кездеседі.

Сонымен қатар, иерсиниозда антибиотикті тағайындау барысында, оның қоздырғышының (Y.enterocolitica) клеткаішілік екендігін есімізде ұстап, оған қарсы бактерицидті дәрілерге таңдау жасаған жөн.

Ал, иерсиниоздың көмескі белгілермен жүретін созылмалы түрлерінде иммунокоррекциялық, патогенетикалық емге баса көңіл бөлу керек.

Иерсиниозбен бақылауда болған 313 балаға әртүрлі топтағы антибиотиктермен этиотропты ем жүргізіліп, барлығы 16 түрлі антибактериальді дәрі қолданылған.

Науқастардың тең жартысы Y.enterocolitica қоздырғышына сезімталдығы аз пенициллинмен және амоксициллинмен емделген.

Антибиотиктердің ішінен жиі (34,5%) қолданылғаны пенициллиннің қатары (ампициллин, амоксиклав) болса, одан кейін аминогликозидтердің (22,5%) қатары (гентамицин, амикацин, канамицин), сосын цефалоспориндер (5,1%) мен 6,9% жағдайда - левомицетин, доксициклин, сумамед тағайындалған.

1,2% науқасқа сезімталдығы жоғары цефалоспориндердің III қатары мен 0,6% балаға фторхинолондардың қатары қолданылған.

Сонымен қатар 28,4% бала 2 антибиотикпен (гентамицин+пенициллин) емделген.

Иерсиниоздың диагнозы кеш қойылып, ауруханаға кеш түскен 52,5% балаға антибиотиктердің әсері, оның 2-3 түрін тағайындаған соң ғане байқалған.

Тағы бір айта кететін мәселе, ол 36,5% науқас антибиотиктердің 2 курсын қабылдаса, 9,1% 3 курсын алған, ал 1,9% жағдайда антибактериальді емнің әсері болмаған.

Төмендегі 1 кестеде, біз М.Айқымбаев атындағы Қазақтың карантинді және зоонозды инфекциялар ғылыми зерттеу орталығының микробиология бөлімі мен Алматы қалалық клиникалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасының бактериологиялық лабораториясының Y.enterocolitica қоздырғышына жасаған антибиотикограммасының көрсеткіштерін беріп отырмыз.
Кесте 1 - Иерсиниоздың Y.enterocolitica қоздырғышының сезімталдығына арналған антибиотикограмманың көрсеткіші (%).



Антибиотиктердің тобы

Антибиотиктердің тізімі

Карбопенем

Имипенем 99%

Цефалоспориндер

Цефтриаксон 97%

Цефтазидим – 82%

Цефазолин - 0%

Аминогликозидтер

Амикацин – 89%

Нетилмецин – 88%

Гентамицин – 70%

Канамицин - 30%

Макролид

Эритромицин - 20%

Сульфаниламид

Бисептол - 20%

Тетрациклиндер

Тетрациклин - 20%

Доксициклин - 30%

Фторхинолондар

Ципрофлоксацин – 95%

Норфлоксацин – 90%

Офлоксацин – 75%

Левомицетин

Левомицетин -50%

Пенициллин

Пенициллин - 0%

Ампициллин – 40%

Амоксициллин – 50%

Жоғарыдағы 1 кестеде сипатталғандай, иерсиниоздың Y.enterocolitica қоздырғышының пенициллин мен цефазолинге сезімталдығы ешқандай болмағанымен, бисептолға, тетрациклинге, эритромицинге, канамицинге, доксициклинге 20-30% аспаса, ампициллинге, амоксициллинге, левомицетинге 40-50% болса, ал аминогликозидтерге (гентамицин, амикацин), нетилмецинге, офлоксацинге, цефтазидимге 70-89% құрады.

Сонымен жоғарыдағы антибиотиктердің Y.enterocolitica қоздырғышына сезімталдығын зерттей келе, оның норфлоксацинге (90%), ципрофлоксацинге (95%), цефтриаксонге (97%) және имипенемге (99%) өте сезімтал екендігі анықталды.

Қоздырғыштың сезімталдығы жоғары фторхинолондардың қатарын тағайындау барысында, оның балалардың жасына байланысты тигізетін кері әсерін ескеріп, оған үлкен сақтықпен қарауымыз керек. Бірақта, жоғарыдағы көрсетілген басқа антибиотиктерден ешқандай әсер болмаған жағдайда дәрігерлер консилиум жинап, оны тағайындауға болады деп санаймыз.


ҚОРЫТЫНДЫ
1.Иерсиниозге көпшілік жағдайда 3 жастан асқан, III-IV топтағы (79,8%) балалар бейім келіп, олар жиі жаз айларында ауырып, оның топтар арасындағы көрсеткіштері 31,7-57,1% аралығын құрады.

2.Иерсиниоздың көрінісінің әрқилылығына байланысты дәрігерлер алғашқы диагноз қою барысында жиі қателіктер (63,5-78,5%) жіберіп, көпшілік жағдайда науқастарға жедел респираторлы вирусты инфекция (15%), баспа (10,8%), ЭВИ (6,4%), жәншау (6,3%), жедел ішек инфекциясы (5,1%), жұқпалы мононуклеоз (4,8%) және вирусты гепатит (4,1%) сияқты диагноздар қоюына алып келді.

3.Иерсиниоздың алғашқы 2 тобына қарағанда, оның III-IV тобындағы балаларда дерттің көрінісі әртүрлі болып, 76,3% дерт орташа-ауыр түрде жүріп, ол қызбамен, лимфоаденопатиямен, ал I топтан басқасында көбірек (43,5±4,4%) жоғарғы тыныс жолдарының қабынуы мен әрқилы бөртпелермен (39,3%), IV топтағы балаларда сирек жағдайда төменгі тыныс жолдары (2,4%) мен III-IV топтағыларда буынның (2,4%) қабынуымен көрінді. Жүрек қан-тамыр жүйесінің қабынуы соңғы 3 топтағы балалардың аз ғане бөлігінде (9,5%) байқалып, гепатомегалия барлық жас топтарында, негізінен соңғы 3 топта, әсіресе II-III топта (77,6% - 69,8%) байқалып, жиі паренхиматозды гепатиттің көрінісімен IVтопта (33,9%) кездесті.

4.Қанның жалпы анализінің көрінісі иерсиниозбен ауырғандарда әрқилы болды. Лейкоцитоз I (7,1%) мен IV топта (8,1%) сирек, ал II (46,9%) мен III (38,9%) топта басымырақ кездесіп, нейтрофилез қалған топтармен салыстырғанда II (48,9%) мен III топтағыларда (29,4%) жиі көрінді. Лимфоцитоз III, IV топтарда 17,5-20,2% науқастарда анықталды. ЭТЖ көрсеткішінің жоғарылауы негізінен соңғы 3 топта байқалып, әсіресе IV топта (60,5%) басқаларынан басымдау болды.

5.Бактериологиялық зерттеуде қоздырғыш I топтағы балалардың зәрінде қалған биосубстраттарға қарағанда көбірек (57,1%) табылып, бірақта серологиялық зерттеулердің нәтижесі қалған топтарға қарағанда I топтағы балаларда сирек оң болып және Алматы қаласында негізінен иерсиниоздың 0:3 серологиялық түрінің (70% астам) кездесетіндігі байқалды.

6.Катамнезде зерттелген 104 науқастың 89,4% ағымы қолайлы біткенімен, соңғы 2 топтағы баланың 11 (10,5%) иерсиниоздың қайталамалы түрі пайда болып, оның 4 (36,4%) емдеу барысында сауығып, қалған 7 (63,6%) науқаста 3 айдан кейін оның созылыңқы түрі байқалып, артынан 3 (27,2%) аутоиммундық дерттерге ұласатындығы белгілі болды.

7.Иерсиниоздың диагнозын ерте қою мақсатында, дерттің эпидемиологиясын, көрінісін және лабораториялық көрсеткіштерін ескеріп, оның диагностикалық алгоритмі ұсынылды.

8.Иерсиниоздың клиникалық-лабораториялық көрсеткіштерінің аясында дерттің ақырын болжау мақсатында, оның болжам алгоритмі жасалынды.

9.Иерсиниоздың әр жас тобындағы балалардағы ағымын зерттеу барысында, онымен ауырғандарды диспансерлік бақылаудың нақты жолдары жетілдіріліп, берілді.

10.Иерсиниоздың қоздырғышына сезімтал антибиотиктердің бірінші қатары ретінде аминогликозидтер (70-89%) мен цефтазидим (82%), ал оған өте сезімтал, екінші қатары ретінде норфлоксацин (90%), ципрофлоксацин (95%), цефтриаксон (97%) және имипенем (99%) ұсынылады




ТӘЖІРИБЕЛІК ҰСЫНЫСТАР
1.Иерсиниозбен ауырған балалардағы дерттің көрінісінің әрқилылығына байланысты, оның диагнозын ерте қоюдың қиындығын ескеріп, дерттің диагностикалық алгоритмі ұсынылды.

2.Иерсиниоздың ақырын болжау мақсатында, оның көрінісі мен лабораториялық көрсеткіштерінің аясында дерттің болжам алгоритмі қолдануға берілді.

3.Иерсиниозбен ауырғандарды диспансерлік бақылауды жақсарту үшін, оның жолдары жетілдіріліп, ұсынылды:

-егерде инфекция тегіс, қайталамасыз жүретін болса, онда 1- 3 - 6 айда қарап, барлығы қалыпты болса 6 айдан кейін бақылаудан алып тастау керек;

-егерде дерт қайталамалы болса, онда мұндай науқастарды 1 жылға дейін бақылау қажет;

-егерде дерт созылыңқы немесе созылмалы болса, онда оларды толықтай жазылғанша бақылау тоқтатылмайды.

4.Қазіргі кездегі иерсиниоз қоздырғышының сезімталдығын ескеріп бірінші (гентамицин, амикацин, нетилмецин, офлоксацин, цефтазидим) және екінші (норфлоксацин, ципрофлоксацин, цефтриаксон, имипенем) кезекте пайдалануға болатын антибиотиктердің тізімі берілді.


Диссертация тақырыбы бойынша жарияланған жұмыстардың тізімі

1 Поражение верхних дыхательных путей при иерсиниозе у детей // Сборник научных трудов международной конференции – Москва, 2006.- С. 173

2 Показатели иммунитета у детей при иерсиниозе с дисбактериозом кишечника // Сборник научных трудов международной конференции посвященный 175-летию рождения С.П.Боткина. – Санкт-Петербург, 2007, №7.- С. 300-301.

3Балалардағы Y.enterocolitica қоздырған иерсиниоздың клиникалық ерекшеліктері мен ағымы // Педиатрия и детская хирургия. - 2007, №1. Б. 23-25

4 Иммунокорригирующая терапия при иерсиниозе // Сборник научных трудов международной конференции Всемирный форум по астме. «Аллергология и иммунология» - Дубай, 2008, №1. Том 9. С.137

5 Состояние клеточного звена иммунитета при иерсиниозе у детей // Сборник научных трудов международной конференции Всемирный форум педиатров. «Аллергология и иммунология» - Дубай, 2009, №1. Том 10. С.62.

6 Ошибки диагностики кишечного иерсиниоза // Медицина.- Алматы, 2009, №4. - С.58-59.

7 Қазіргі таңдағы балалардағы иерсиниоздың клиникалық және лабораториялық ерекшеліктері // Қазақ Ұлттық медицина университетінің хабаршысы – 2009, №1.- Б. 40-42.

8 Особенности гепатитной формы иерсиниоза у детей // Қазақ Ұлттық медицина университетінің хабаршысы. Проф. Т.Н. Никонованың туғанына 100 жылдық мерейтойына арналған 2009.- С.68-69.

9 Клинико-лабораторные проявления иерсиниоза у детей // Қазақ Ұлттық медицина университетінің хабаршысы. Проф. Т.Н.Никонованың туғанына 100 жылдық мерейтойына арналған 2009.- С.69-70.

10 Бір жасқа дейінгі балалардағы иерсиниоздың клиникалық және лабораторлық көрінісі // Қазақ Ұлттық медицина университетінің хабаршысы - 2010.- №2.- Б.151-155.

Қысқартулар тізімі
АСТ - аспартатаминотрансфераза

АЛТ - аланинаминотрансфераза

БҚА - биохимиялық қан анализі

ЖҚА - жалпы қан анализі

ЖЗА - жалпы зәр анализі

ҚазҰМУ – Қазақ ұлттық медициналық университеті

ПТР - полимеразды тізбекті реакция

ТЕГАР - тікелей емес гемагглютинация реакциясы

ЭВИ - энтеровирусты инфекция

ЭКГ - электрокардиография

ЭТЖ - эритроциттердің тұнбаға түсу жылдамдығы

ИФА - иммунды ферментті анализ



УДЗ - ультрадыбысты зерттеу



Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет