Жұмасұлтанов Ә. Ғибраты мол кездесулер / Ә. Жұмасұлтанов // Орталық Қазақстан. 2005. 15 қаңтар



Дата17.06.2016
өлшемі42.74 Kb.
#142808
Жұмасұлтанов Ә.

Ғибраты мол кездесулер / Ә. Жұмасұлтанов // Орталық Қазақстан.- 2005.- 15 қаңтар.


Белгілі қайраткер, ғұлама ғалым Евней Арыстанұлының туғанына 80 жыл толуына байланысты ақпарат құралдары бетінде замандастарының естеліктері жазылып жатыр, Алаштың зиялы азаматымен қызметтес, жақын болған кімде-кім болсын Евекең туралы есте қалған жақсы лебіздерін айта алар еді.

Мен, Евней Арыстанұлын қызмет бабында көріп, ұлағатты сөздерін естігенмен ол кісімен жүзбе-жүз кездесуім көп болған жоқ. Соның бір-екеуін оқырман қауымға жеткізгім келді.

1970 жылдардың орта кезі, Қарағанды политехникалық институты партия тарихы кафедрасының меңгерушісі болып қызмет етіп жүргенмін.

Бір күні ректорымыз Әбілқас Сағынов шақырып алып: «Қарағанды жоғары оқу орындарына қоғамдық кафедраларының жұмысын тексеру үшін Алматыдан комиссия келеді, комиссияны тарих ғылымының докторы, профессор Манаш Қозыбаев басқарады» деп хабарлады. Мен М.Қозыбаевты жақсы білуші едім, жерлесім, университетте бірге оқыған досым. Ол кезде ол әділетсіз сөздерге ілініп Орталық комитеттің партия тарихы институтында істеп жүрген ғылыми қызметінен ығыстырылып, Алматы Зоовет институтының партия тарихы кафедрасының меңгерушілігіне ауысқан болатын. Көп кешікпей айтылған комиссия да келді. Мен комиссияны қарсы алып, жолдасыма жолығайын деген ниетпен олардың алдынан шықтым. Комиссия мүшелерін орналастырғаннан кейін Манаш маған:

- Бүгін демаламыз, ал ертең жүмысты Қарағанды мемлекеттік университетінен бастаймыз, оның басты себебі ректор ағамыз, Евней Арыстанұлына жолығып, сәлем беру, - деді. - Ал сен, Әзірхан, менімен бірге жүр Евекеңе сәлем берейік, - деді. Келісім бойынша ертеңгі күні сағат 10 кезінде біз сол кездегі университеттің бірінші ректоры Евней Арыстанұлының кабинетінде болдық.

Евекең бізді жылы шыраймен қарсы алды. Менің аңғарғаным Манаш Қабашұлы Евекеңді бұрыннан біледі екен. Бұлар бір сағаттай әңгімелесіп біраз серпілісіп қалды. Біз кетуге айналғанда Евекең:

- Манаш шырағым, кешке біздің үйде жеңгеңнің шәйін ішіп отырып әңгімені жалғастырайық, мына жолдасыңды ерте кел, -деп мені нұсқады да өз үйінің адресін берді.

Ол кезде Евней Арыстанұлы Ленин көшесінде тұратын. Кешке біз сол үйге бардық. Евекең өте қарапайым, тұрған үйі де бірінші қабатта екен.Ұмытпасам үш бөлмелі болу керек.

Жеңгеміздің жақсылап баптаған қоңыр шәйін ішкеннен кейін, бізді Евекең кабинет ретінде жиналған бөлмеге шақырды. Белмесінің сөрелері кітапқа толған. Бізге ағамыздың үйіндегі ең үлкен байлық осы кітаптар ма деген ой келді.

Евекең:

- Манаш, қарағым, менің аздап жазушылықта қабілетім бар сияқты, оны өзің білесің, соған байланысты қазір Қаныш ағамыз (Сәтбаев) туралы роман жазсам ба деген



үмітім бар еді.

Соның бірінші тарауын бітірген едім. Сен тарихшысың ғой, оқып бергім келіп отыр. Бірінші тараудың негізгі оқиғалары Қаныш ағамыздың балалық шағы, оқуға Семей, одан кейін Орынбор қалаларына баруы. Бүл 1916-1918 жылдар ғой. Ол кез тарихы қарама-қайшылыққа толы кезғой. Алаш партиясының, Алаш Орда автономиясын құруы сияқты. Ал, Қаныш ағамыздың сол оқиғаларға қатысы болды ғой және Алаш партиясының көсемдерімен де кездескен болуы керек.

Міне, осы жерлерін тындап маған өз пікіріңді айтсаң көп рахмет айтар едім, - деп Қаныш Сәтбаевтың жас кезіндегі өміріне арналған романның біткен бірінші тарауын оқып берді. (Кейін бұл еңбек бітті ме бітпеді ме, жарық керді ме, жоқ па, ол туралы менде мағлүмат жоқ).

Тарау оқылып біткеннен кейін Манаш:

- Евеке, бүл романның басталуы өте дүрыс жазылған. Сол кездегі тарихи, әлеуметтік-саяси жағдай да негізінен дұрыс сипатталған. Ал Алаш Орда көсемдері: Ә.Бөкейханов,. А.Байтүрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаевтар туралы енді ашық жазу керек. Олар тегіс ақталды ғой, еліміздің тарихынан тиісті орнын алу керек және алды да. Ал, Қаныш ағамыз олармен сөз жоқ байланыста болды. Әсіресе Ахмет Байтұрсыновпен, өзіңіз білесіз ол кісі (Ахмет Байтұрсынов) Қарқаралы жақта көп болды ғой,- деп біраз пікірлерін айтты.

Бұл Евней Арыстанұлымен дәмдес болып, ұлағатты сөздерін тындағанымның алғашқысы болатын.

Евекеңмен екінші рет кездесуім сол жетпісінші жылдардың аяқ кезі еді. Бұл жолы ол кісімен бірге ұлы қаламгер, ғулама ғалым Ғабит Мүсіреповпен бірге Қарқаралыдағы «Шахтер» демалыс үйінде жүздестік.

Сол жетпісінші жылдары, жаз айында Қарағанды мемлекеттік университетінде кафедра меңгерушісі болып қызмет атқаратын жолдасым профессор Дүйсетай Шаймұханов екеуіміз демалуға «Шахтер» шипажайына бардық. Демалыс үйінде біз білетін азаматтардан Ғабекең ақсақал мен Евекең ағамыздың да осында екенін естіп, ол кісілерге сәлем берейік деп демалып жатқан жерлеріне бардық.

Біз барғаннан кейін Евекең бізді Ғабекеңе таныстыра отырып, былай деді:

- Бүл екеуі Қарағандыдан келген осы заманның «пірадарлары», екеуіде жоғары оқу орындарында кафедра басқарады. Біз сияқты бұлар да демалып жүрген шығар.

Мені ойлаңдырған Евекеңнің «осы заманның пірадарлары» деген сөзі еді. Кейін түсінсем бүл «осы заманның оқымыстылары» деген мағынаны береді екен. Ал ерте кезде діни ғүламаларды «пірадар деп айтады екен.

Біз, Ғабең, Евекеңмен оншақты күндей дем алдық. Ол күндер өте қызықты, тез өтті. Екі ғүлама таңертеңгі астан кейін бізді ертіп, демалыс үйінің жанындағы «Пашенная» көлінің жағасына апарып кілем төсетіп, жастық қойғызып жатып әңгіме бастайтын. Көбіне Ғабең сөйлеп өзінің еміріндегі өткен талай қызық оқиғаларды жазушылық тілмен тамашалап айтып беретін. Әңгіме желісіне Евекең де арасында сөз қосып қостап қоятын.

Біздің есімізде қалған бүл бір тамаша кездесулер еді.

Бұл кездесулерден біздің көңілімізге түйгеніміз ұлы жазушы Ғабит Мүсірепов пен ғүлама ғалым әрі жазушы Евней Арыстанұлы Бөкетов арасында қалыптасқан достық, сыйластық бар екенін аңғардық. Ғабен, ол кезде Қарағандыға жиі келіп демалысың, «Шахтер» шипажайында өткізіп, Евекең ағамыз жазушының жанында болып, Ғабең болса кейбір шығармаларын осында жазып Евекеңе оқып берсе, Евней Арыстанулы өзінің кейбір әдеби туындыларын Ғабеңе көрсетіп ақылдасып отырады екен.



- Мен, Ғабенді досым емес, ұстазым ретінде сыйлаймын, -деп отырады екен Евекең.

Ғұлама ғалым әрі жазушы Евней Арыстанұлының 80 жылдығына байланысты біздің қосатынымыз осы.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет