Манаш қозыбаевтың «Өркениет» МӘселесі жайлы



Дата03.07.2016
өлшемі94.35 Kb.
#174462
МАНАШ ҚОЗЫБАЕВТЫҢ «ӨРКЕНИЕТ» МӘСЕЛЕСІ ЖАЙЛЫ
Бимаканова З.Ш., Жанайдарова М.К.

(М.Қозыбаев атындағы СҚМУ)

Тәуелсіз Қазақстанның Отан тарих майданының туын ұстаушы ғалымдардың бірі, академик Манаш Қабашұлы Қозыбаев еңбектеріндегі өзекті мәселелердің бірі – өркениет. «Өркениет және ұлт» атты еңбегінде: «Ұлт болмысы, ұлт намысы, ұлт тілі, ұлттық мәдениет, ұлттық рух» сияқты мәселелерді көтерген.

Қозыбаевтың аса бай тарихи мұралары: ғылыми еңбектері, мақалалары, баяндамалары ұлт тарихы үшін маңызы зор дерек көздері болып табылады. Бұл қатарға «История и современность», «Ақтаңдақтар ақиқаты», «Жауды шаптым ту байлап», «Тарих зердесі», «Казахстан на рубеже веков: размышления и поиски», «Өркениет және ұлт» және т. б. ғылыми еңбектерін жатқызамыз.

Осы зерттеулерінде көне заманнан бастап Қазақстанның тәуелсіздігі жолындағы тарихы толықтай қамтылады. Аталған тарихи еңбектерінде ғалым қазақ тарихының көмескі тартқан тұстарын ашып, оның маңыздылығын айқындайды. Осы еңбектер ғалымның ұлттық тарихқа түбегейлі бет бұрғандығын көрсетеді. Ғалым ұлт тарихының мәселелерін көтергенде тарихи сананы қалыптастыру қажеттігін және қазақ халқының тарихын жазу барысында «ақтаңдақтар» аталынған мәселелерді көтеруді ұсынады.

Қазақстанның тәуелсіз ел болуы, ұлт мәселесі ғалымның еңбектерінің басты тақырыбы деуге болады. 1991–2002 жылдарда мерзімді басылым беттеріне М. Қозыбаевтың тәуелсіздік, ұлт тақырыбына арналған көптеген мақалалары жарияланды. Атап айтқанда «Тәуелсіздік толғаныстары», «Тіл тағдыры – ұлт тағдыры», «Киелі тәуелсіздік», «Тәуелсіздік даңғылы», «Ана тілім – айбарым», «Тәуелсіздіктің рухани көрінісі», «Отан туралы сөз», «Қандай елміз – қандай болуға тиіспіз», «Тәуелсіздік самалы», «Ұлт болмысы», «Ұлт намысы», «Ұлт тілі», «Ұлттық мәдениет», «Ұлтжандылық», «Ұлт зиялылары» және тағы басқа мақалалары жарық көріп, Қазақстанның тәуелсіздікке жету жолдары мен оның тарихи маңызы, халқымыздың ұлтжандылық қасиеттері айқындалды.

Академик «Тарих зердесі» атты еңбегінде «Тәуелсіздік» ұғымының саяси, экономикалық және рухани болып бөлінетіндігін, саяси тәуелсіздіктің мәні зор екендігін, сондықтан халыққа ең бірінші саяси тәуелсіздік қажеттігін атап өтеді. Тәуелсіз ел болуы үшін ұлттық қасиеттерді қадірлеу, дәріптеу, ұлттық тілді құрметтеу ең басты жолда тұру керектігін баса айтады. Ұлттық тілдің мемлекеттілік дәрежесін көтеруде қазақ тілінің мемлекеттік статусын іске асырушылар мен билік жүйесінің ара қатынасын бірізділікке салу қажеттігін көрсетеді. Тіл саласындағы басты кемшіліктерді атап өтеді. Ана тілімізде сөйлеуді намыс көрген, тілін білгісі келмегені үшін, балаларын ана тілі мектебіне бермей, қазақ ұлтының атын жамылған, «жаңа қазақ» атанғандардың қылықтарына қынжылады. Тәуелсіз еліміздің тұғыры биік болуы үшін ұлт перзенті болу қажеттігіне меңзейді. Тәуелсіздік алған заманда ұлтжандылық халықта бірнеше түрде байқалатынын көрсетеді.

«Өркениет және ұлт» атты еңбегінде ұлттық рух пен ұлттық намыс жөнінде: «Рух деген не? Рух–Ахмет Байтұрсыновтың анықтамасы бойынша, халықтың жаны. Аруақ, Шоқанның айтуы бойынша, ата-баба рухы. Рух–туған жер, туған ел, ана тілі, ата тарихы, ұлт менталитеті ұғымдарымен, түйіндеп айтқанда, Отанмен тағдырлас. Рух жан қара басын күйттемейді, ол ел, Отан, халық, ұлт деп толғанады. «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тауып, бар қалан», - деген девизбен өмір кешеді. «Жүктің ауырын нар көтереді, қазаның ауырын ел көтереді», - дейді халық. Оған мен қосар едім: «Отанның ауыр ісін рухы мықты ердің ері көтереді». Рухты ердің алды-жарық, рухты елдің еңсесі-биік, есесі мол. Сондықтан, қазақ ұлының рухты болғанын, қызының қылықты болғанын тілейді. Ұлы рухты болса - сүйікті, қызы қылықты болса - бақытты. Рухты жан–Азамат–Адам, рухсызы – тұғырсызы – надан, не есалаң.

Бір сөзбен айтсақ: Рух-адам баласының жан дүниесінің арқауы.Ұлттық намыс.Ол – пенденің өзінің ұлт перзентімін деп, ұлттың «мен» дегізерлік қасиеттерін тануы; Ол – пенденің ұлттық мүддеге табынуы; Ол – пенденің қара басының мақсатын ұлттық мүддеге бағындыруы; Ол – пенденің ұлт үшін қабырғасы қайысып, қара нардай тартқан жүктен майысып, ағынан жарылуы; Ол – пенденің өз ұлтының шыққан тауы биік болсын деп, мәртебесі басқа халықтардан озсын деп, жеңісіне сүйсініп, сүрінгеніне күйініп, қуануы мен қамығуы; Ол – пенденің ұлтынан қол үзгенде өзегі өртеніп, көңілі құлазып, барын жоғалтқандай, аңсап сағынуы; Сүйгіш жанның керек жерден табылуы, ұлт намысын қорғауға дайындығы керек.Ұлттық намыс – қара бастың қамы емес, рудың не тайпаның зары емес, адамзаттың баласы – ұлтымыздың ұлықтығы үшін теңдігі мен елдігі үшін өтейтін әр пенденің қарызы мен парызы болса керек.Ұлт намысын жүрегінде маздатып жандырмай, Азамат тәрбиелеу мүмкін емес.

«Намыс – адам өмірінің әр сатысында әр түрлі байқалады. Ол – «мен», «мен» деген сәби намысы, ол өзін – өзі біле бастаған балғын жастың жігіттік намысы, ол – бойжеткен ару қыз намысы, ағайынның аты озғандағы, ауылдастың тайы озғандағы намысы, азаматтық намыс, ұлт намысы...», - деп келтіреді Манаш Қозыбаев. Расында да, бала өмірге келгеннен бастап, оның бойындағы ұттық рухы адам өмірінің әр сатысында өзгеше байқалады емес пе? Менің ойыма қазақ халқы ұлттық намысын, ұлттық болмысын жоғалтпау үшін не істеу керек деген сауалдар келеді.Ұлтты ұлт ететін–оның тілі, дәстүрі, мәдениеті. Тарихқа көз жүгіртсек, халқымыз ата - бабаларының ғасырлар бойы жинақталған өмір тәжірибесін, бай рухани қазынасын жас ұрпақты тәрбиелеуде пайдаланған. Оларға биік жауапкершілік жүктеп, келелі кепілдікпен тағылым дарытқан. Қазіргі кейбір өскелең ұрпақ қылығы көңілден шықпай жатады. Мұның себебі не? Мүмкін, отбасында дұрыс тәрбиеге көңіл бөлінбегендіктен деп ойлаймын. Алайда, еліміздің болашағы жастардың қолында болғандықтан, оларға сәби кезінен дұрыс тәрбие беру – ата–ана міндеті. Олай болса, болашақтың бет-бейнесін бүгіннен бастап қалыптастыруымыз қажет» - деп сипаттайды. Жастардың тәрбиесіз өсуі отбасына ғана емес, ұлтымызға сын деп жас ұрпақтың болашағы үшін алаңдайды.

Манаш Қозыбаев ұлтаралық қатынастар мен интернационализм проблемаларын қарастырып, В. И. Ленин бастаған большевиктер ұлт программасының жүзеге не себепті аспағандығын: «Патшалық Ресей езілген ұлттардың түрмесі болатын...Оның бірнеше себептері бар. Біріншіден, ұлт мәселесі–жан–жүйеге байланысты нәзік мәселе. Ал большевиктер оны шешуде диктатураға, күшке, білекке сүйенді. Екіншіден, ұлы державалық биліктен бас тарту сөз жүзінде ғана болды, іс жүзінде халықтар бір орталыққа қарады, орталық империяның, саясаттың тірегіне айналды. Үшіншіден, ұлт мәселесін шешу үшін экономикалық тәуелсіздік керек еді. Ал ұлт аймақтары баяғы қалпында шикізат қоры болып қала берді. Төртіншіден, ұлт мәселесін шешу үшін отаршылдық идеологиядан, көзқарастан арылу керек еді. Ал іс жүзінде большевиктер партиясы орыс халқын аға халық санады, сол халықтың ғана ата тарихы, ана тілі, әскери, діни дәстүрі дәріптелді. Отаршылдық идеологияның мұртын балта кеспеді. Совет империясының тарихында көптеген халықтар геноцид саясатының құрбаны болды. Оған тек қана Сталин айыпты емес, айыпты – Ленин қалыптастырған бір партиялық, диктатуралық, мемлекеттік дәрежеде шендестірілген система»- деп «Ақтаңдақтар ақиқаты» еңбегінде қарастырған. Академик бұл ойын былай жалғастырады. Ұлы отан соғысының қызу шағында неміс фашистерімен бетпе – бет окопта жатып, Баубек Бұлқышев Пушкин мен Лермонтовты, Гете мен Гейнені, Байрон мен Шиллерді, Чайковский, Бетховен мен Шопеннің есімдерін сүйіспеншілікпен атамады ма? Осы Баубек айтқандай: «Софокльден Ленинге дейін, Гомерден Горькийге дейін, Бахтан Шостаковичке дейін адам баласы ұзақ өмір сүріп, ғасырлар бойы мәдениет байлығын жасап келді. Сондықтан біздің тұс адам баласының ең бір бай ұрпағы».

Ал осы ұлы адамдар тізбегінде, мәдениет байлығын жасағандар санатында өз халқымыздың да үлесі барын білеміз. Міне, осы тарихи сабақтастықты, барша халықтың мәдениетіне, әдебиетіне, тарихына деген құрметті, ұлы мұраны ана сүті арқылы жастарға мирас етіп беру – әр ананың парызы. Манаш Қозыбаев өскелең ұрпаққа өсиет ретінде «Болашақ ұрпағың анасының құрсағында жатып, гүмбірлеген ана тілін естіп жетілсін! Тәуелсіздіктің көгілдір туы ұлтжанды, ұлтқанды ұрпағыңнан ұрпағыңа өтілсін!» - дейді.Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады», – деген. Ал, адамзат тарихында көптеген өркениетті елдердің құрып кетуі алдымен тілді жоғалтудан басталғаны белгілі. Қазіргі таңда, шыны керек, қазақпыз деп жүргендердің көбісі ана тілімізге шорқақ екені, ауызекі сөзді қойыртпақтап немесе орыс тілін қосып сөйлейтіні, қолына қалам ұстаса, өз ойын дұрыстап қағазға түсіре алмайтыны белгілі. Демек, ұлттың ұлт болып сақталып қалуына ана тілдің әсері зор. Ұлы Мұхтар Әуезов: « Ел боламын десең, бесігіңді түзе»,- деп еді, онысы ұрпақ бойына туған тілді қасиетті бесік жырымен дарытуды меңзегені емес пе? Тіпті Отаны жоқ сығандар өз тілдерінде сөйлейді. Ал біз егеменді, тәуелсіз Отанымыз бола тұра, өз тілімізді барынша ардақтай алмаймыз. Бұл қазақ халқы үшін үлкен сын деп ойлаймын. Бесіктен шығып, есіктен аттаған баланың тәрбиелі болмағы отбасына байланысты. Қоғамда әдеп - инабат өлшемдерінің терең тамырланып, кең жайылуында тәрбиенің маңызы айқындалып тұр.

Академик еңбектері «ұлтжандылық» пен «ұлтшылдық» ұғымдарын шатастырмау қажеттігін ескертеді. Ғалымның ойынша, әр халық ұлтын өзінше сүйеді. Ұлт тұлғаларын танытуда Манаш Қозыбаевтың ерен еңбектерінен көруге болады. Ғалымның жазған еңбектерін саралай отырып, оның ұлы тұлғаларды танытуда орта ғасырдан бастап өмір сүрген қайраткерлерден бастап, тәуелсіз Қазақстанның іргесін көтеруге ат салысқан қоғам қайраткерлері мен ғалым, мәдениет қайраткерлерінің бейнелерін жасап, тарихтағы орнын анықтап, тұғырына ат салысқандығын аңғарамыз. Тұлғаны танып білуде ғұмырнамаға сүйенуі қажеттігін көрсетті. Тарихи тұлғаларды танып білуде М. Қозыбаев орта ғасырдағы ел билеушісі Ақсақ Темірден (Әмір Темірден) бастап, соңғы ғұмырнама жазушылардың жазғандарын салыстыра талдау арқылы көрсетуге тырысады. Мырза Мұхаммед Хайдар Дулатидың тұлғалық ерекшелігін, Жалаңтөс батырдың тарихи бейнесін, Қожаберген дипломат, замана саясаткерлігін, Абылайдың саясат жолындағы ұстанған көзқарасын, Бұқардың даналығын, ақындық, жыраулығын, қазақ халқының бірлігін, тұтастығын көксеген Хан Кененің тұлғасын, Абай бейнесі мен ұлылығын, ХХ ғасыр басында қазақ зиялылар қалыптасқан ұлт зиялылары Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ж. Ақбаев, Х. Досмұхамедов сынды азаматтар мен кеңестік жүйеде өздерінің қоғамдық-саяси қызметімен ерекшеленген Қ. И. Сәтпаев, Ә. Х. Марғұлан мен Е. Б. Бекмаханов, І. Омарұлы, Ж. Шаяхметов тұлғасын барша қазаққа танылу қажеттігін М. Қозыбаев басты парыз санады. М. Ғабдулиннің бойындағы батылдық, Нұртас Оңдасыновтың іскерлік қасиеттері мен ғылым саласында ғылыми еңбектерімен танымал болған Ақай Нүсіпбеков, Салық Зиманов, Өмірзақ Сұлтанғазин, Кеңес Нүрпейіс, Таутан Амандосов, Сұлтан Сартаев, Оразай Батырбеков сияқты ғалымдардың ғалымдық, қайраткерлік қасиеттерін бағалайды.

Манаш Қозыбаев «Тарих зердесі» атты еңбегінде: Халықтың ұлттық санасын оята түсу, ұлтжандылықты дамыту, социализм дәуірінің бір сәтіндегі рухани өмірге деген «қалдық» принциптерден үзілді – кесілді бас тарту, қазақ халқының тілін мемлекеттік дәрежеге сөз жүзінде емес, іс жүзінде көтеру, парасаттылықты, имандылықты насихаттау, бірақ діни дүмшелікке халықты ұрындырмау, жаңалыққа бастау, қоғам дамуының үлкен белесіне қайта оралу жоқтығын есте сақтау; жақсыдан үйрену, адам баласының арасындағы ізгі қатынасты тек тиын – тебен арқылы мөлшерлейтін, азғындықты, сатқындықты, тек қана өлтіру, ату – сату, күшті, қаруды, зорлық – зомбылықты культқа айналдырған капитализмнен жиіркену; қазақ халқының қанына сіңген мейірмандық, бауырмалдық, ұлтаралық татулық, қонақжайлық, өнерсүйгіштік сияқты ата – баба мұрасынан айырылып қалмауға шақырады. Расында да, мұның бәрі сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де іске асу керек деп ойлаймын. Дәстүрлер халықтың идеологиясының негізі болып табылады. Ендеше, қазақтың ғасырлар бойы жинақтаған жақсы дәстүрлерін сақтау керек. Оны жаңарта отырып, негізін бекіту қажет. Жасыратыны жоқ, ғасырлар бойы қазақ жерінде орыс тілінің үстем болуы, біздің ой - санамыздың соларға табынуы әлі де жалғасын тауып келе жатыр. Бұл қазақ тілінің аясының тарылуына, дәстүр мен ұлттық тәрбиенің өзгерісіне әкеліп отыр. Қазіргі тәрбиенің барлығы да болашақ ұрпақты ұлттық салт - санаға, дәстүрге қиғаш жолдарды ұстануға құрылған. Сөйтіп, өркениетті елдердің жасығына еліктеп, қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрпына қауіп төндіріп отырмыз. Кейбір саясаткер азаматтарымыз қазақтың әдет – ғұрпының мағынасына, мәнісіне бара бермей, ұлт тәрбиесінің негізін түсінбей, оны ғаламдық тәрбиеге үйлестіруді ойлайды. Бұл — қазақ халқының қалыптасқан ұлттық тәрбиесінің негізін әлсіретеді. Идеология қай қоғамда болсын, оны бекітуге қызмет етеді. Социалистік идеология кешегі коммунистік режимді қалай көтергенін, дүние жүзін тітіркендірген алып империяның негізін бекіткенін жақсы білеміз. Сталин өлгеннен кейін Брежнев сияқты солақай басшылар өндіріс өркендесе, астық болса, идеология шешуші рөл атқармайды деп санап, мемлекетті әлсіретіп алды. Аяғы немен біткенін тағы да көрдік. Сондықтан жас мемлекетті идеологиялық жағынан да өркендету әбден қажет.

Қорыта келе, Манаш Қозыбаевтың көтерген өзекті мәселесі болып саналады. Және ол бүгінгі күнде өз шешімін іздестіруде. Ал жастарға келетін болсақ, қазіргі ұлттық саясат жүргізудің бір әдісі – оларға басқалардың құн­ды­лықтарына еліктеп кетпейтіндей дең­гей­де ұлттық болмысымызды насихаттай білу. Әрине, бұл – олар басқа ұлт пен ұлыстардың озық үлгілерін үй­рен­бесін, олардан тыс қалсын деген сөз емес. Бұл жердегі басты мақсат – тұтастық, бірлік, елдік мәселесі. Елімізде тарихи сананы қалып­тас­ты­ру – ел бірлігінің кепілі, ол тұтас руханиятқа жеткізеді. Елдегі қазақтар әртүрлі тілде сөйлеп отырса, дүние жү­зіндегі қазақ үш әліпбиді пай­да­ла­нып отырса, дініміз де бөлініп, жіктеліп, әртүрлі пиғылдағылар әсіреңкі істерімен тыныштығымызға іріткі салса, тұтастық қайдан болады, тұтас руханият қалай қалыптасады.

Ұлттығымызды сақтап қалуымыз үшін кешегі Абай жүрген жолдан, Әлихандар нұсқаған бағыттан ауытқымауымыз керек дегім келеді. Тамыры жоқ ағаш, тарихы жоқ халық болмайды. Бұл ғұламалардың нұсқаған бағыттары арқылы қазақ халқының ұлылығы, оның өткен өмірінің тарихы, сол тарихтың түбірлі кезеңдері анықталды емес пе? Бүгінгі азаттықтың ақ таңы атқан уақытта елімізде ұлттығымызды сақтап қалу үшін сан түрлі іс – шаралар өткізілуде. Осы іс – шараларға жастар да белсенді атсалысуда.

Академик «Қазақ халқы – өр халық, білімді халық. Ұлт намысына мінсең, сен алмайтын қамал жоқ. Ұлт өзінің ұлттық намысына мінбесе – ол тобыр. Намысы бар қазақ – ұлт. Намысы жоқ қазақ ыға береді, бар пәле оған жұға береді. Ұлт болашағын ойламағанның үміті үзіледі.»,- деп «Өркениет және ұлт» еңбегінде айтқандай, ұлттық намысымызды қор қылмай, өркениетімізді асқақтата берейік дегім келеді.



Әдебиет:

  1. Қозыбаев М. «Өркениет және ұлт» Алматы, 2001 жыл – 369 бет.

  2. Қозыбаев М. «Тарих зердесі» Алматы, 1998 жыл – 344 бет.

  3. Қозыбаев М. «Ақтаңдақтар ақиқаты» Алматы, 1992 жыл – 272 бет.


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет