ЖҰмыр қҰрттар типi



Дата11.07.2016
өлшемі23.67 Kb.
#192513
ЖҰМЫР ҚҰРТТАР ТИПI

Жұмыр құрттар типi 5 класқа бөлiнедi: құрсақ кiрпiкшелi құрттар, нематодалар, түктi құрттар класы, коловраткалар, киноринхилар.

Жұмыр құрттар мұхиттар мен теңiздер түбiнде, тұщы суларда, топырақ арасында еркiн қозғалып тiршiлiк етсе, паразиттiк түрлерi өсiмдiктер мен жануарлардың барлық мүшелерiнде кездеседi.

Жұмыр құртар барлық биотоптар мен биоценоздарда кең таралған. Жұмыр құрттар «биологиялық прогресс» түсiнiгiн қолдануға болатын топ, яғни, көптеген түрлерi бар, тiршiлiк ететiн ортаға бейiмдеушiлiгi жоғары, өнiмдiлiгi мен тiршiлiк қабiлеттерi жоғары.

Мысалы: адам аскаридасы (Ascаris lumbricoides) – адам мен шошқада паразиттiк тiршiлiк ететiн, кең таралған түр.

Адам аскаридасының денесi жiп тәрiздi созылыңқы, ұштарына қарай сүйiрлене түседi. Аналығының ұзындығы 20-40 см, аталығы 15-25 см. Аскариданың денесi қиғаш орналасқан коллаген талшықтарының үш қабатынан тұратын кутикула қабатымен қапталған. Бұл аскаридаға кей жағдайда созылып, қысқаруына мүмкiндiк бередi. Кутикула астында эпителий орналасқан.

Локомоторлы жүйе. Эпителий астында ұзына бойы бұлшық еттерi орналасқан. Эпителиальды ойығына сәйкес төрт таспа тәрiздi жiктелiп, бөлiнiп жатады. Нематоданың қимылы ұзына бойы бұлшық еттерiнiң кезектесiп жиырылып серпiнуiнiң нәтижесiнде iске асады.

Асқорыту жүйесi. Ауыз қуысы үш «ерiндерiмен» қоршалған. Ауыз тесiгi жұтқыншақпен жалғасады. Жұтқыншақ бұлшықеттерiнiң жұмысы арқасында иесiнiң iшегiндегi заттардың бiр бөлiгi паразит iшегiне сорылады. Iшектерi алдыңғы, ортаңғы, артқы бөлiмдерiнен тұрады. Қорытылмаған заттар аналь тесiгi арқылы сыртқа шығарылады.

Денесiнiң алғашқы қуысы сұйық затқа толы. Алғашқы қуыс дененiң тiрегi бола тұрып, зат алмасу процесiне де қатысады.

Зәр шығару жүйесi екi бүйiр экскреторлы каналдардан құралған. Олар нематоданың бүкiл денесiнде бойлай орналасқан және алдыңғы ұштары бiрiгiп ортақ түтiкке айналады да, ол сыртқа құрсақ жағында орналасқан зәр шығару тесiгiмен шығарылады.

Нерв жүйесi типi ортогоналды. Нерв сақинасы жұтқыншақ айналасында орналасқан; нерв сақинасымен бiрнеше ганглиялар байланысқан. Нерв сақинасынан артқа қарай ұзына бойы созылған жақсы дамыған құрсақ, арқа және екi бүйiрлi бағаналары және басындағы сезiм мүшелерiне қарай алты қысқа бағаналары тарайды.

Жыныс жүйесi. Аскарида аналықтарының жыныс мүшесi өте жiңiшке, жiпше тәрiздi, қос жұмыртқа безiнен басталады. Жұмыртқа безi жуандау, екi жұмыртқа жолына ауысып, олар одан да жуан екi жатынға жалғасады. Екi жатын қосылып қынапқа айналады да, дененiң алдыңғы құрсақ жақ бөлiмiнде жыныс тесiгiмен аяқталады.

Аталықтарының жыныс мүшесi өте жiңiшке жiпшi тәрiздi аталық безiнен басталады. Ол жуандау аталық жолына ауысып, ұрық көпiршiгiне жалғасады. Көпiршiктiң артқы жағы жiңiшкерiп жұқа бұлшық еттi түтiкше немесе тұқым шашқыш каналға айналады да, ол артқы iшекке ашылады. Осы жерге арқа тұсынан ерекше екi шағылыс қалта ашылады. Онда шағылысу кезiнде көмекшi мүше ретiнде қызмет атқаратын спикула орналасқан.

Жұмыр құрттардың экологиясы. Сұйықтыққа толы денесiнiң алғашқы қуысы бар, үшқабатты буындалмаған жануарлар. Белсендi қимылдайды. Суда, топырақта және мүктерде мекендейдi. Еркiн тiршiлiк ететiн организмдер (коловраткалар) бактериялар, қарапайымдылар және балдырлармен қоректенедi, ал өздерi шабақтар, үлкен балықтар және шаяндарға қорек болады.



Паразиттiк формалары (аскаридалар, үшкiрқұрттар, трихинелла) негiзгi немесе аралық иелерi болып табылатын адам, сүтқоректi жануарлар, құстар, балықтар, насекомдар, шаянтәрiздiлер организмiнде тiршiлiк етiп, ауыр науқастарға, кейде өлiмге де себепшi болады. Сонымен қатар нематодтар өсiмдiктер мен саңырауқұлақтарда паразиттiк тiршiлiк етiп өнiмнiң түсiмдiлiгiн азайтып, ауруға шалдықтырады.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет