Қазақстанның таулы аймақтарының тік белдеулілігі
Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы таулар бөктеріндегі облыстарда теңіз деңгейінен алғанда, биіктіктің өзгеруіне байланысты, топырақтарда өзгеріп отырады.Ол жерлер климаттың, топырақтын және өсімдіктердің ерекшеліктеріне қарай 27-кестеде Батыс Тянь-Шань, Солтүстік Тянь-Шань, Сауыр-Тарғабатай және Оңтүстік Батыс Алтай топырақ провинцияларына бөлінеді.
27-кесте
Қазақстанның таулы облыстарына экологиялық сипаттама
Тік-биіктік табиғи белдеулер (зоналар)
|
Топырақ жаралатын жыныс
|
Өсімдік жамылғысы
|
Климат элементтері
|
Орта жыл-дық t°
|
Кезең ұзақтығы (күндер)
|
10°-тан жоғары t° жинағы
|
Жауын-шашын мөлшері, мм
|
аязсыз
|
10°-тан жоғары
|
жылда
|
Жылы кезде>10°
|
Тау етегіндегі шөл дала
|
Лөс, лөсті құмбалшық
|
Эфемерлі-жусанды
|
7÷12
|
140-215
|
170-215
|
2700-4300
|
200-400
|
115-250
|
Аласа таулы дала
|
Лөс, лөсті құмбалшық, делювий, пролювий
|
Астық тұқымд ас аралас шөптер
|
7÷8
|
140-180
|
160-180
|
2500-3100
|
460-780
|
250-550
|
Орташа таулы шалғынды орман
|
Лөсті балшық, элювий, делювий
|
Астық тұқымд ас аралас шөптер, Жапырақты мен бүрілі орман, бұталар, арша
|
2,5÷7
|
105-145
|
115-150
|
860-2000
|
840-900
|
430-530
|
Биік таулы шалғын және алғынды дала
|
элювий, делювий, морендік (мұзарттық)
|
Аласа шөпті альпілі шалғын, биік шөпті субальпілі шалғынды далалық көгал.
|
0.8
|
50-80
|
57
|
-
|
730-750
|
170-230
|
Батыс Тянь-Шань провинциясында (Оңтүстік Қазақстан облысының территориясы) мынадай топырақ өңірлері бар: тау етегіндегі шөлейт жазықтықта құба топырақ; таудың орта шеніндегі шөбі мол орманның күрең топырағы, биік таулы жерлерде шалғындық субальпілік және альпілік топырақтар тараған.
Солтүстік Тянь-Шань провинциясында (Қырғыз Іле Алатау жоталары және Кетмень) мындай топырақ өңірлері бар: тау етегі жазықтығындағы шамалы карбонатты (солтүстік) құба топырақпен ашық қара-қоңыр топырақ; аласа таудың күңгірт қара-қоңыр топырағы және таулы жердің қара топырағы; таулы жердің сілтісізденген қара топырағы; орташа таулы жердің шалғындық-ормандық және таудың күңгірт түсті ормандық сұр топырағы, биік таулы жердің шалғындық субальпілік және алпілік топырағы тараған. Бұдан жоғары жерде мұзарттармен мәңгі қарлар жатады.
Сауыр-Тарғабатай және Оңтүстік Батыс Алтай провинцияларында тау етегімен аласа тауларда қара-қоңыр топырақпен қара топырақтың бір ғана өңірі бөлініп шығады. Алғашқы жазықтықтағы қуаң даланың нағыз қара қоңыр топырағының тікелей жалғасы болып табылады. Бұдан жоғары таудың орта шенінде шалғындық қара топырақ және орманды-даланың сұр топырақты өңірі, сондай-ақ тау-шалғындық субальпілік және алпілік топырақтар өңірі орналасқан. Сонымен қатар, Оңтүстік Батыс Алтай провинцияларында қайың және көктеректі орманның күлгін топырағы, сол сияқты балқараңай, майқарағай, самырсын орманының қоңыр топырағы басым; ожан жоғары тасты тундраның мүк, қына өсетін биік таулық топырақ өңірі орналасқан.
Тау бөктеріндегі облыстар жерінің аумағы 17,4 млн. га, яғни 6,6 пайыз. Ал тау етегіндегі өңір (Батыс және Солтүстік Тянь-Шаньдық) -16 млн. га, яғни республикамыздың жер аумағының 6 пайызына жуық. Бұл өңірдің топырағы биік тік белдеудің төменгі сатысы болып табылады.
Шалғынды-дала, орташа-таулы орманды, аласа-таулы дала, тау етегі белдеулерінің топырақтарының экологиялық сипаттамасы
Топырақ түзуші жыныстар – негізінен лесс тектес майда ұнтақталған жыныстар.
Қара топырақты аймақтың көлемі орманды далалы зонаның ішіндегі қара топырақтарды қосқанда 191 млн гектар немесе ТМД территориясының 9%-ға жуығы. Бұл зонада негізінен даланың дәнді шөбі, бұршақ тұқымдастар, жусан тағы да басқа шөпті өсімдіктер тұтасып қалың болып өседі. Бұл шөптердің тамырлары жер бетіндегі вегетативтік органдарынан көп артық. Аймақты жел жақсы қағады, күннің көзі де жақсы жылытады. Жазда жаңбыр азырақ жауып, өсімдік қалдықтары мен жапырақтар баяу ыдырап, шіриді. Сондықтан топырақтың бағалы бөлігі – қара шіріндісі мол жиналады. Топырақ түсінің қара болатыны да осыдан. Қара шірінді топырақ бөлшектерін біріктіріп, жақсы құрылым қарайды. Топырақ реакциясы бейтарап, топырақтың сіңіру-алмастыру кешені сіңірілген кальций катионына бай, жақсы қаныққан.
Қазақстанда топырағы мен климаты жағынан ерекшеленетін 4 биіктік белдеу бар:
Тау етегіндегі шөлді-далалы белдеу теңіз деңгейінен 450 – 750 м (кейбір аймақтарда 300 – 1000 м) биіктікте орналасқан. Тянь-Шань тау етектерінде негізінен сұр, Батыс Тянь-Шань тау етегінде сұр-қоңыр, Солтүстік Тянь-Шань мен Алтай таулары етектерінде ашық қара-қоңыр топырақ таралған. Бұл жерлерде суармалы және тәлімі егіншілік және мал шаруашылығы дамыған.
Аласа таулы дала белдеуі – әртүрлі таулы аймақта 600 – 2200 м биіктікте орналасқан алқап. Алтай мен Солтүстік Тянь-Шаньда таудың күңгірт қара-қоңыр және қара топырағы таралған. Ал Батыс Тянь-Шаньда (Оңтүстік Қазақстанда) сұр қоңыр және таудың қоңыр топырағы басым. Қарашірік мөлшері 10 – 15%-дай. Жайылымы – шүйгін, ағашы қалың алқап, мал шаруашылығы жақсы дамыған.
Орташа таулы орманды-далалы және шалғынды-орманды белдеулері әр түрлі таулы аймақтарды 1000 – 2500 м-ге дейінгі деңгейді қамтиды. Негізінен таудың шайылған, сілтісіз қара топырақтары мен орманның сұр топырақтары және таулы-шалғынды топырақ тараған. Батыс Тянь-Шаньда таудың қоңыр, Алтайда күлгін топырақтар түзілген. Жайылымы – шүйгін, орман шарушылығы жақсы дамыған.
Биік таулы альпілік, субальпілік шалғынды және қарлы-мұзды белдеулері Батыс Тянь-Шань мен Алтай аралығындағы биік таулы аумақтардың 1800 – 3800 м, кейде одан да биік деңгейлерді алып жатыр. Топырағы альпілік, субальпілік, шалғынды-шымды. Көпшілік жері топырақсыз тасты шыңдар мен мәңгі мұз, қар басқан шыңдардың үлесіне тиеді. Шалғынды жерлері – жазғы жайлау ретінде пайдаланылады.
Биік таулы шалғынды белдеудің ерекшеліктері
Биік таулы өлкелерге – Қазақстанның шығысы мен оңтүстік-шығысындағы Алтай, Сауыр-Тарбағатай, Жетісу (Жоңғар) Алатауы және Тянь-Шань тау жүйелері жатады. Бұл таулардың барлығы палеозой қатпарлықтарында көтеріліп, мезозой эрасында тегістелген. Жаңа тектоникалық козғалыстар нәтижесінде қайта жаңғырған. Биік таулы өлкенің аласа таулардан айырмасы жер бедерінің биік әрі күшті тілімделгендігімен ерекшеленеді. Сібірдің оңтүстігіндегі ең биік таулы өлке. Негізгі бөлігі Ресей жерінде жатыр. Қазақстан жеріне Алтай тау жүйесінің оңтүстік-батыс бөлігі ғана кіреді. Оны Оңтүстік Алтай, Батыс немесе Кенді Алтай және Қалба жотасы деп үшке бөлуге болады.
Алтай, Алтай тау жүйесі – Азия құрылғының орта тұсындағы таулы өлке. Ұзындығы батыстан шығысқа қарай 2000 км-ге созылып жатыр. Алтай солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай Батыс Сібір ойпатынан Гоби жазығына дейін жан-жаққа таралған. Оңтүстіктегі табиғи шекарасы Қара Ертіс өзені мен Зайсан көлі, ал батыс бөлігі Сарыарқадан Қалба жотасы арқылы бөлінеді. Солтүстік-шығыста Шығыс Алтайдың Шапшалы жотасы Батыс Саянмен жалғасады.
Қазақстан топырақ қорлары және олардың құнарлығын арттыру жолдары
Өркениеттің үдемелеп дамуына байланысты ауылшаруашылыққа қажетті көптеген жерлер басқа мақсаттарға пайдаланылып келеді. Мысалы, олар әр түрлі құрылыстар салуға, жол және электр тораптарын тартуға т.б. мақсаттарға жұмсалуда. Ал өндірісті қарыштатып дамыту үшін көптеген минералды заттарды, құрылыс материалдарды барлау, қазып алу және байыту кезіндегі жұмыстарды үлкен геологиялық жұмыстармен салыстыруға болады. Мәселен, 1970 жылдың басында жер бетіндегі әрбір тұрғынға шаққанда орта есеппен жыл сайын жер астынан 20 тонна әртүрлі минерал мен тау жынысын қопарса, қазіргі кезде әр адам үшін 30 тоннадай минерал мен тау жыныстарын шығарады (Василенко В. Н., 1991). Дегенмен, жер қыртысынан шығарылған соншама көп заттардың тек 2%-дайы ғана пайдалы мұқтаждыққа жұмсалады да, қалғаны табиғатқа "ұнамсыз", "сіңімсіз" түрде қайтарылады. Бұл жағдай табиғат "денсаулығына" көп нұқсан келтіреді. Көптеген пайдалы жерлерді басып калып, пайдасыз етеді. Сондықтан мұндай жерлер көп ұзамай қайта қалпына келтіріліп, пайдаға асуы кажет. Себебі бүкіл әлемдегі сияқты біздің елімізде де жылдан-жылға халық саны үдемелеп өсуде. Адам қоғамының жерден өндіретін тамақтық, киімдік заттарға мұқтаждығы, талғамы жылдан-жылға аспаса, кемімейді. Жер-Ананы пайдалануға негізгі бағыт – әр гектар жерді тиімді пайдаланып, ғылым мен техниканың барлық жетістіктерін орынды пайдалана отырып, егістіктердің әр гектарынан түсетін өнімді арттыру, жерді талан-тараждықтан сақтау. Жерді тиімді пайдаланудың бір жолы – осы айтылған өзіміз бүлдірген жерлерді қайта қалпына келтіріп культивациялау (рекультивация), құнарландыру.
Баршаға мәлім, соңғы жылдары үкіметіміз біздің сарқылмас алтын қорымыз – жерді тиімді пайдалану, оның құнарын арттыру, оны дүрыс пайдаланбаған мекемелерге тиісті шаралар қолдану жөнінде заңдар қабылдады. 1991 жылы республикамыздың жер туралы жаңа заңы қабылданды. Бұл заңдарда айтылғандай, жерді жарақаттаған мекемелер қазба-байлықтарды алып болған соң, көп ұзамай өз қаражатымен бұзылған жерлерді қайта культивациялап, калпына келтіруі тиіс. Өкінішке орай, бұл мәселе Қазақстанда әлі жөнді колға алынбай келеді.
Жерді қайта культивациялауда Украинада, Мәскеу аймағындағы, Грузияда, Оралда, Сібірдің кейбір жерлерінде жап-жақсы жетістіктері бар. Біздің республикамызда кезінде қазылып, қазір бос тасталған кен карьерлері, тау жыныстарының үйінділері, жылу электростаниияларынан шығарылған күлдер, тағы басқа әртүрлі қоқыс-қалдықтар, үйілген жарамсыз жиындылар көп-ақ. Бұл аймақтар табиғатқа адам қоғамының дамуымен енгізілген «жарақаттары» Бетінде шөп өспейтін болған соң олар желге ұшып, суға ағып, аймақты былғайды. Мұндай жерлер Қазақстанның өндірісі мен құрылысы дамыған барлық облыстарында кездеседі. Соңғы есептеулерге қарағанда. Қазақстанда мұндай өндіріс бүлдірген жер көлемі 200 мың гектардай. Оның басым көпшілігі бұрынғы Автомобиль жолдары, Түсті Металл, Құрылыс, т.б. министрліктерінің үлесіне тиеді. Ал бүкіл ТМД-да мұндай бұзылған жерлер көлемі 2 млн гектардан асады. Республикамызда осы күнге дейін «жарақат» жерлерді қайта культивациялап, қалпына келтіру әлі де жақсы жолға қойылған жоқ. Бұл бұдан әрі созуға болмайтын, толғағы жеткен мәселе.
Қазақстанда жерді қайта культивациялау бағытында бүкіл республика көлемінде жөнді қолға алынбағанымен, бұл мәсслені өз инициативаларымен қолға алып, шұғылдана бастаған мекемелер бар. Оның ішінде едәуір жетістіктерге жеткендердің бірі – Қарағанды көмір өндірушілері. Көмір шахталары бар алкаптарда террикондар – көмірдің үстіңгі бетін жауып жататын, көмір қалдықтары аралас бос жыныстардан тұратын үйінділер кездеседі. Бұлар қалаға жақын жатып, кейбіреулері тіпті жанып, желге ұшып, қаланың санитарлық жағдайын нашарлатады. Оның үстіне, құрылысқа, ауыл шаруашылығына қажетті қымбат жерлерді істен шығарады. Мұндай террикондар саны Қарағандыда соңғы жылдарға дейін жүзден астам болатын. Террикондар астындағы және санитарлык аймақты қоса есептегенде, 7000 гектардан астам жер пайдасыз жатқан. Кейінгі кездерде Қарағанды көміршілері бұл террикондарды құртуда жақсы нәтижелерге жетуде. Көптеген жылдар үйілген тау жыныстары қолдан жасалған ойпатты жерлерді немесе табиғи жағдайда кездесетін сай-саланы тегістеуге, жол құрылысында, жол деңгейлерін биіктетуге төселініп, пайдаға асуда. Тау жынысынан босап, тазаланған және қолдан тегістелген жерлерге топырақ қабаттары төгіліп, көк шөптер, гүлдер, ағаш пен бұталар егіліп, отырғызылып, ауа тазарып, қаланың сәні жақсаруда. Жүзден астам террикондардың жартысына жуығы қазірдің өзінде жойылды.
Бүлінген жерлерді қайта культивациялаудың дайын жобалары министрлікте баршылық, алайда, іс жүзіне асуы баяу жүргізілуде. Себебі бұл жұмыс әлі де сыннан өтуді қажет етеді. Жерді қайта культивациялау дегеніміз жерді бұрынғы бүлінбеген жағдайына, яғни жердің құнарын кемітпей, бұрынғы қалпына келтіру деген сөз. Ол үшін қазылған, құнарсыз карьерлер тегістеліп болғаннан кейін онын бетіне құнарлы топырақ қабаттары төселінуі тиіс. Әнгіменің негізгі түйіні осы, бірақ төсейтін құнарлы топырақ қабаттары көпшілік жағдайда табыла бермейді. Мұның себебі қайта культивациялауға қажет карьерлердің көбісі ескі. Ал соңғы уақыттарға шейін карьерлер қазудан бұрын топырақ қабаттары алынып, оларды жерді қайта культивациялау мақсаты үшін арнайы сақталған емес. Табиғи жағдайда ғасырлар бойы түзіліп, пайда болатын топырақтың негізгі қарашіріндісі бар, ең құнарлы қабаттары кезінде өзіміздің қателік жасап, ескермеуімізден рәсуә болып, үйінділер астында қалған. Ал қазір керек кезінде оны табу өте қиын. Қазіргі жер туралы заңда жер қыртысын бұзушы мекемелер алдын ала құнарлы қабатты бөлек алып, жерді қайта культивациялауға дейін сақтау кажеттігі айтылған. Демек, бұдан былай қазылатын карьерлерді қайта культивациялау көп оңайға түседі деген үміт бар.
Қазіргі кезде республикамызда бүлінген, "жарақаттанған" жерлерді культивалиялау негізінен топырақтың құнарлы қабаттары сақталмаған жағдайларда өткізілуде. Мұндай жағдайда құнары жоқ немесе құнары өте аз топырақтын төменгі қабаттарын немесе құнарлануға бейім ұнтақталған, таза тау жыныстарын жерді қайта культивациялауға пайдалануға тура келеді. Құнарсыз тау жынысында немесе құнары аз жер қыртысының төменгі қабаттарында ештеңе өсіп жарытпайтыны белгілі. Сондықтан оны ауыл шаруашылығымызға пайдалану үшін құнарын арттыру керек. Ол үшін бүл жерлерге әртүрлі тынайтқыштар енгізіп, осындай жағдайға өсуге бейім өсімдіктерді таңдап өсіру керек. Бұған культивациялауға пайдаланылған тау жыныстарының құрамы, қасиеттері көп әсер етеді. Мәселен, тау алқаптарында тараған лесс және осыған тектес тау жыныстары көп жағдайда бұршақ тұқымдас өсімдіктер мен ағаштардың кейбір түрлерінің өсуіне жарамды. Ал кей реттерде топырақтың құнарлы қабаттары сақталып қалады, бірақ оның көлемі қайта культивациялауға кажетті жерлерге төселуге жетпейді. Бұл кезде топырақты жұқалау етіп төсесе, кейбір өсімдіктерге онша көп зиян келмеуі мүмкін. Осы мәселелердің барлығын өндіріске енгізбей тұрып, тәжірибе жүзінде алдын ала тексеріп алу пайдалы. Мұндай тәжірибе жұмыстары Украинада, Мәскеу төңірегінде жүргізілген. Қазақстанның өзінде жер, климат жағдайларының әртүрлілігінен бір жерде жүргізілген тәжірибе, екінші жерде ойдағыдай нәтиже бере қоймайды. Сондықтан Қазақстанның әртүрлі топырақ-климат жағдайларында бұл бағытта тәжірибе жұмыстары жүргізілуі тиіс.
Қазақстан топырақ қорлары,оларды пайдалану және қорғау жолдары
Топырақтану ғылыми-зерттеу ииституты ғалымдарының көпжылдық зерттеулері республикамыздың жері қаншалықты кең болғанымен, оның егіншілікке жарамдысы мен ылғалмен қамтамасыз етілгені шамалы екенін дәлелдеп отыр. Сондықтан жыртылған, егістікке айналған жердің әрбір гектарын тиімді пайдалану – бүгінгі күннің басты міндеті. Егістік жерді тиімді пайдалану – онын әр гектарынан мүмкіндігінше мол өнім алу деген сөз. Ал мол өнім алу үшін егістік жерлерге жыл сайын негізгі ғылыми негізделген егіншіліктің ауыспалы жүйесін енгізумен қатар, егіншілікке барынша аудандастырылған дақыл сортарын егіп, озат агротехниканы қолдану қажет.
Көпжылдық тәжірибе республиканың негізінен жаздық астық егілетін солтүстік аудандарында қолданылатын егіншіліктің парлы-астықты жүйесі тиімді екенін көрсетті. Бұл құрғақ аудандарда парға егілген дәнді дақылдар жыл сайын астық егілетін танаптарға карағанда гектарынан 5-7 центнер артық өнім береді. Себебі танапты бір жылдай қара пар егіп өңдеп, "тынықтырса", арамшөптерден арылып, ылғалдың қажет қоры жиналады да, микробиологиялық құбылыстардың нәтижесінде қоректі заттар көбейіп (әсіресе, азотты заттар), бұдан кейінгі үш-төрт жыл бойы дәнді дақылдардың дұрыс өнім беруіне себеп болады.
Солтүстік облыстардың көпшілігінде, әсіресе, топырақ құрамы жеңіл алқаптарда жыртылған жерлердің жиі әрі қатты тұратын желдердің күшімен үрленіп, шаңданып, тозаңданып, құнары азаяды, ал эрозияға қатты ұшыраған аудандарда топырақ құнары тіпті, жойылып кетеді.
Эрозияның халық шаруашылығына тигізетін әсерін есептеп жеткізу қиын. Мәселен, жел эрозиясына ұшыраған бір гектар егістік жер 600 кг жалпы азотты, 36 кг жылжымалы азотты, 108 кг жылжымалы фосфорды, 105 кг калийді жоғалтады. Ал су эрозиясының зардабына көбірек душар болған жердің әрбір гектары екі тоннаға дейін жалпы азотты, 120 кг жылжымалы азотты, 280 кг фосфор мен 215 кг калийді жоғалтады екен (Жанпейісов Р. Д., 1977). Республикамыздың солтүстігінде тың игеру жұмыстарын жаппай жүргізген кезде жыртуға жарамды жер тандауда жіберілген қателіктерден көптеген құмдақ-құмды жерлер жыртылып, жел эрозиясына қатты ұшырағаны баршаға белгілі. Мұндай жерлер тек Павлодар облысында 805 мың гектарға жетті. Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында көптеген алқаптар жел эрозиясынан бүлінді. Кейін жүргізілген түбегейлі зерттеулердің нәтижесінде, солтүстіктегі аудандарда жел эрозиясына ұшыраған 1,5 млн. гектар егістікке жарамай, ол жерлерге әртүрлі көп жылдық шөптер егілді. Табиғаттың бұл апатымен күресуде Шортанды астық шаруашылығы институтының академик А. И. Бараев басқарған ұжымы кезінде жақсы жетістіктерге жетті (Бараев А. И., 1972).
Институт ғалымдары егіншілікті топырақ эрозиясынан қорғап, ауадан түсетін ылғалды топырақ қабатында сақтау мен арам шөптерге қарсы күресу үшін шаралар жүргізуде. Топырақты кәдімгі соқамен (плугпен) қайырмалы етіп жырту орнына, оны арнайы соқамен қопсытып, егілген егіс сабақтары қарды тоқтату үшін, сақталады және топырақ желмен ұшпайды. Танаптарға қар тоқтатып, жел күшін бәсендету үшін парды белдеу-белдеу етіп орналастырады, яғни пар танаптарынын араларына биік сабақты өсімдіктерді жолақтап егеді. Егіншіліктің қысқа ротациялы – парлы-астықты ауыспалы жүйесін қолданады, әдетте, үш жыл астық егіп, төртінші жылы пар жыртады. Егіншіліктің осы жүйесін топырақ эрозиясына ұшыраған облыстарда, Сібір және Алтай өлкесінің кейбір аудандарында қолданған кезде эрозия тоқталып, астықты дақылдар тұрақты өнім бере бастады. Егіншіліктің топырақ қорғау жүйесі Қазақстанда тың игерумен, тыңдағы егіншілікпен тығыз байланысты болғанымен, егіншіліктің бұл жүйесін практикалык жағдайда қолдану географиясы кең. Сібір, Орал, Еділ бойы, Ставрополь, тіпті, Украина егіншіліктері де егіншіліктің бұл жүйесін өздерінің топырақ-климаттық ерекшеліктеріне сәйкестендіріп қолдануда.
Егіншіліктің терістік облыстарында негізінен қолданылып келе жатқан парлы-астықты жүйесінің кемістігі жоқ емес. Жалпы парлы-астықты егістік жүйесін ауыспалы егістік жүйесіне жатқызу күмәнді. Бұл егістік жүйесінде жерді органикалық тыңайтқыштармен толықтыратын шөп танапты егіс жоқ. Бұл жағдай мал шаруашылығын дамытуға да кесірін тигізуде. Парлы танапты да тиімді пайдалану қажет сияқты.
Қазақстанның оңтүстігіндегі суармалы облыстарды негізгі дақылдарды ауыстыратын, топырақ құнарлығын, әсіресе, топырақтағы азотты арттыратын дақыл – беде (люцерна). Сонымен қатар беде – өте құнды белокты азықтық шөп. Сондықтан бұл аймақтарда беделі-күрішті, беделі-мақталы, беделі-қызылшалы ауыспалы егістер нәтижелі егіліп келеді. Топырақтың мелиоративтік жағдайларына, шаруашылықтың мамандандырылған бағытына қарай беденің ауыспалы егістерде алатын орны әртүрлі (әдетте, 30%-дан 50%-ға дейін). 1961-1962 жылдары академик В. Р. Вильямстің шөптанапты ауыспалы егісіне қарсы "шабуылы" басталған аймақтарда, оның ішінде біздің оңтүстік облыстарымызда беде егістері жөнсіз жыртылып тасталды, соның салдарынан беденің тұқымы әлі күнге дейін көп шаруашылықтарда жетіспей келеді. Суармалы аудандарда негізгі құнды дақылдардан мол өнім алу үшін ауыспалы егіс жүйесі тезірек қалпына келтіріліп, оның ішінде беде өзінің заңды орнын алуы қажет.
Егер республикамыздың солтүстік облыстарында топырақтың жел эрозиясы басым болса, оңтүстіктің суармалы алқаптарында су эрозиясы орын алған.
Топырақтың су эрозиясы деп аққан су күшімен топырақтың жоғарғы құнарлы қабатының, кейбір кезде тіпті, төменгі қабатының жуылып-шайылып, жыралар мен сай-салалардын пайда болуы сияқты табиғи құбылыстарды айтады. Топырақтың су эрозиясы суармалы егіншілік дамыған Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарының тау баурайындағы аймақтарында орын алған. Оған бұл жерлердің тым еңістігі, топырақ бетінің және оның төменгі қабаттарының су эрозиясына өте берілгіш ұнтақ жыныстардан (лесс-типтес) құралуы септігін тигізеді.
Су эрозиясының негізінен: топырақ бетінің шайылуы және жыралық эрозия сияқты екі түрі болады. Қатты нөсерден немесе суарғанда судың мөлшерден артық жіберілуінен топырақтың беткі қабаттары шайылады. Судың негізгі ағысы жүрген жерлерде тілінген майда жыралар пайда болады. Бұл жерлер жер жыртылған кезде егістің аралығы өңделіп, культивацияланған уақытта қайта тегістеледі де, топырақтың шайылғаны жөнді байқалмайды. Бұл жағдай жыл сайын қайталанған ретте, топырақтың құнарлы қабатының біразы шайылып, топырақ құнары төмендейді. Мұны шайылу эрозиясы деп атайды. Ал көлбеу тігірек, құлама беткейлерде әуелі жіңішке болып басталатын майда жыралар судың ылдиға аққан екпінімен тез ойылып, ірі жыраларға, сайларға айналады. Мұндай жайлар көбінесе, су жүретін ірілі-ұсақты арықтар бойында көп кездеседі. Оңтүстіктегі облыстардың кейбір жерлерінде осындай арықтардың табаны бірте-бірте шайылып, жер бетінен тереңдеп кетеді. Мұндай жағдайларда судың өз ағысымен айналадағы жерді суару мүмкін болмай қалады. Су эрозиясының бұл түрін жыралық эрозия деп атайды.
Су эрозиясымен күресудің үш түрлі жолы бар. Агротехникалық шаралар: еңісі мол баурайларды су ағысының бағытына көлденең жырту, топырақты қайырмасыз жырту, қыста қар тоқтатып, көктемде судың ағыс екпінін кеміту үшін егілген егістіктердің пая-сабақтарын қалдыру, топырақ құрылымын жақсарту, т.б.
Орманды-мелиоративтік шаралар: жыралар мен сайлар жағалауына, өзендер айналасына, суару жүйелерінің бойына міндетті түрде ағаштар, бұталар отырғызу.
Гидротехникалық шаралар: жыраларды бекітетін инженерлік құрылыстар салу, ирригациялық эрозия болмас үшін арықтар мен каналдардың табаны мен ішкі қапталын су өткібейтін заттармен (плита, латоктар, полиэтилен, т.б.) қаптау.
Осы шараларды ұқыпты қолданған жағдайда топырақтың су эрозиясына ұшырауы жойылады. Қазақстандағы жел эрозиясына ұшыраған жер көлемі Р. Жанпейісовтің мәліметі бойынша, 70 млн гектардан асады, яғни республика территориясының 26%-ы топырақ эрозиясына, онын 52 млн гектардан астамы жел эрозиясына бейім болса, 18 млн га астам су эрозиясына ұшыраған. Олардың жартысына жуығы егістікке жарамды жерлер. Су эрозиясы бұл аймақтарда жер бетін бүлдіріп қана қоймай, сонымен қатар жылына 2,5 млн тоннаға жуық азот, фосфор, калийді ағызып әкетеді.
Сел тасқындары да су эрозиясының аса бір қауіпті, апатты түрі екені белгілі. Алматы облысы жағдайында осы сел тасқындарын болдырмау үшін Кіші және Үлкен Алматы өзен бойларында салынған тосқауыл-құрылыстар көпшілікке белгілі. Алматы төңірегіндегі аласа таулар мен Ақсай трассасы бойындағы, негізінен тас басқан тау етектеріндегі жерлерді көгалдандыру арқылы бау-бақша отырғызып, қала халқының демалыс аймақтарына айналдырып, қала тұрғындарын саяжай ретінде учаскелері үшін бөліп беру өте ұтымды болады. Сонымен қатар бұл жағдай қала халқының қосалқы шаруашылығы ретінде де, оларды азық-түлікпен, әсіресе жеміспен, көкөніспен қамтамасыз етуде көп септігін тигізеді. Дәл осындай жерлер тау етектеріне орналасқан оңтүстіктегі басқа да облыстарда кездеседі. Жоғарыда көрсетілген әдіспен бұл жерлерді де тиімді пайдалану құптарлық мәселе.
Жыртылған егістік жерлерді тиімді пайдаланып, құнарын арттырумен қатар ауыл шаруашылығының екінші саласы – мал шаруашылығын өркендету үшін республикамыздың мол байлығы - миллиондаған гектар жайылым мен шабындық жерлерді де тиімді пайдалану керек. Қазақстанда 180 млн гектардай жайылым жерлер бар, олар бүкіл ТМД елдеріндегі жайылым жерлердің жартысынан астамы. Өкінішке орай, соншалықты мол байлық бүгінге дейін дұрыс пайдаланылмай отыр. Оның негізгі себебі бұл шөлейтті және шөлді аймақта орналаскан жайылымдар осы күнге дейін жақсы суландырылмай келеді.
Болашақта жерасты суларын, жер бетімен ағатын өзендерді тиімді пайдаланып, бұл кең алқапты суландыру – кезек күттірмейтін іс. Сондай-ақ жайылымдық жерлерді топырақ эрозиясынан сақтау қажет. Эрозияның бұл түрі малды бір жерге қайталап жая бергеннен, шөптердің сиреуінен және мал тұяқтарымен беткі қабаттарының бұзылуынан пайда болады. Мұндай "түяқтесті" жайылымдар республикамызда миллиондаған гектарды алып жатыр. Қазақ халқының "мал шөпті аузымен емес, тұяғымен жейді" дегені тегін болмаса керек. Мұндай жайылым эрозиясына ұшыраған жерлер негізінен елді мекендер мен малды суаратын аймақтарда көп орын алады.
Тарау бойынша өзін -өзі тексеру сұрақтары
1. Қазақстан топырақтар қорының көлемі?
2. Қазақстан жер қоры қандай санаттарға бөлінеді?
3. Еліміздің топырақ жамылғысының экологиялық өзекті мәселелері жөнінде баяндаңыз?
4. Топырақты ластайтын кең таралған заттарды атаңыз?
5. Шөлдену дегенде нені түсінесіз?
6. Топырақты қалпына келтіру (рекультивация) дегенде нені түсінесіз?
7. Қазақстанның топырақ жамылғысының таралуының жалпы заңдылықтарын атандар.
8. Қара топырақ зонасы Солтүстік Қазақстанда кандай ауданды алып жатыр?
9. Орманды-дала зонасының сұр топырақтарының қалыптасу жағыдайы.
10. Кәдімгі кара топырақ зонашасына сипаттама беріндер, топырақ жамылғысының құрылымын келтіріңдер.
11. Оңтүстік қара топырақ қандай табиғи-климаттық жағыдайда түзіледі?
12. Қара топырақты ауыл шаруашылығында пайдалану, қорғау және құнарлығын қалпына келтіру жолдары?
13. Сарытопырақтар және күлгінді сары топырақтар түзілу ерекшеліктері.
14. Субтропикалық ормандар топырағын сипаттаңдар.
15. Қара тропикалық топырақтарды сипаттаңдар.
16. Арктикалық, субарктикалық және оңтүстік тундраның топырақ түзілу жағдайларына сипаттама беріңдер.
17. Тундралық топырақтарды пайдалануының ерекшеліктерін көрсетіңдер.
18. Күлгінді топырақтардың түзілу жағдайларын сипаттаңыздар, олардың жаратылуына қазіргі көзқарастарды келтіріңдер.
19. Шымтұзілу процесінің мәні неде, қылқанды орман зонасындағы оның ерекшеліктері.
20. Орманның сұр топырағын сипаттаңдар.
21. Қара-қоңыр топырақтың түзілу ерекшелігін сипаттаңдар.
Достарыңызбен бөлісу: |