Жоба 2013 жылға арналған Қызылорда облыстық бюджетінің атқарылуын бақылау нәтижелері туралы



Дата29.02.2016
өлшемі141.53 Kb.
#33907


Жоба

2013 жылға арналған Қызылорда облыстық бюджетінің

атқарылуын бақылау нәтижелері туралы

Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясы төрағасы

Қ.А. Мүбарақовтың облыстық мәслихат сессиясындағы баяндамасы
Құрметті сессия төрағасы!

Құрметті депутаттар, сессияға қатысушылар!
Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясымен ҚР Бюджет кодексінің 142-бабына сәйкес мазмұны жағынан жергілікті атқарушы органның 2013 жылға арналған тиісті есебіне қорытынды болып табылатын облыстық бюджеттің атқарылуын бақылау нәтижелері туралы есеп әзірленіп, ұсынылған болатын.

Есепті дайындау барысында жергілікті бюджеттің атқарылуына, оның ішінде ҚР бюджет жүйесінің принциптеріне сәйкес жүзеге асырылуына бағалау жүргізілген.

Өңірлерді жеделдетіп дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып табылады. Осыған байланысты, облыстық бюджеттің өз мүмкіндіктерін арттыру және республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттерді барынша толық игеру бірқатар жетістіктерге қол жеткізуге мүмкіндіктер беріп отыр.

Қызылорда облысының 2013 жылғы жалпы өңірлік өнімі 1 трлн. 374 млрд. 26,7 млн.теңге құрап, 2012 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 5,3 пайызға артқан. Республикалық ішкі жалпы өнімнің 4 пайызын құрайтын өңірлік өнімді облыс халқының жан басына шаққандағы мөлшері 1 млн. 873,9 мың теңге құрап, 2012 жылмен салыстырғанда 239 мың 330,4 теңгеге артқан (2012 жылы - 1634569,6 теңге).

Есепті қезеңде негізгі капиталға салынған инвестициялар 371 млрд. 340 млн.теңге құрап, 2012 жылдың салыстырғанда 40 пайызға артып, мемлекеттік сектордың үлесі 27,1 пайыз құраған.

2013 жылға арналған облыстық бюджет кірістер бойынша 118 млрд. 541 млн. 226,0 мың теңге, оның ішінде өз кірістері 5 млрд. 910 млн. 840 мың теңге, шығындар бойынша 118 млрд. 513 млн. 842,0 мың теңге болып бекітілген.

2013 жылы облыстық бюджет 7 рет, оның ішінде 5 рет облыстық бюджеттің өз кірістерінің көлемінің өзгеруіне байланысты нақтыланған.

2013 жылы аудандар мен Қызылорда қаласы бюджеттеріне 29 млрд. 573 млн. 715 мың теңге субвенция, 12 млрд. 036 млн. 210 мың теңге ағымдағы нысаналы трансферттер, 17 млрд. 654 млн. 437 мың теңге нысаналы даму трансферттері берілген.

2013 жылғы облыстық бюджетте республикалық бюджеттен берілген қарыздар түсімі бекітілген бюджетте 2 млрд. 951 млн. 772 мың теңгені, нақтыланған бюджетте 5 млрд. 441 млн. 038 мың теңгені құраған.

Қызылорда облысы жергілікті атқарушы органның жоғары тұрған бюджет алдындағы борышы бойынша 2013 жылы барлығы 662 млн. 595 мың теңге өтелген.

2013 жылға бекітілген бюджетте жергілікті атқарушы органның резерві заңнама талаптарына сай 114 098,0 мың теңге көлемінде бекітілгенмен, облыстық бюджетті 2013 жылы бірнеше нақтылаулар нәтижесінде ҚР Бюджет кодексінің 19-бабы талаптары сақталмай жергілікті атқарушы органның резервінің көлемі 1 млрд. 474 млн. 435,0 мың теңгеге жеткен (489,088 млн.теңгеден аспауы тиіс болатын, 3 есе артып отыр).

2013 жылы түзетілген облыстық бюджеттің кірістер 152 млрд. 358 млн. 053,1 мың теңгеге немесе болжам 100,4 % орындалып, 637 млн. 222,7 мың теңге болжамнан артық түскен. Оның ішінде өз кірістері 102,6 пайызға салықтық түсімдер 101,4 пайызға, салықтық емес түсімдер 122,8 пайызға, негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер 115,1 пайызға орындалған.

Бюджеттің кіріс бөлігінің артығымен орындалуы негізінен салықтық түсімдерден қоршаған ортаға эмиссия үшін төленетін төлемақы – 169 млн. 692,2 мың теңгеге, жеке табыс салығы – 63 млн. 616,5 мың теңгеге, әлеуметтік салық – 91 млн. 819 мың теңгеге, салықтық емес түсімдерден – 307 млн. 013,9 мың теңгеге, негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер – 2 млн. 158,0 мың теңгеге артығымен орындалуы себебінен орын алып отыр.

Жергілікті бюджетке түсетін түсім болжамы жалпы есеппен артығымен орындалғанмен 2 кіріс коды бойынша түсім көздерінен болжам орындалмаған. Атап айтқанда, төлем көзінен салық салынатын шетелдік азаматтар табыстарынан ұсталатын жеке табыс салығы 93,6 пайызға және жер бетіне жақын көздердегі су ресурстарын пайдаланганы үшін төлем 89,4 пайызға орындалған. (Бірінші жағдайда, мұнай және жол құрылысы компанияларындағы шетелдік мамандардың азаюынан орын алса, екіншісінде 2013 жылы «Аккорд Окан» бірлескен кәсіпорны қате төлеген 619,9 мың теңгені қайтарып алуына және «КТЭЦ» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны су ресурстарын пайдалануын қысқартуына байланысты барлығы 10,6 мың теңге төлеуі себебінен болжамдар орындалмаған).

ҚР Бюджет кодексінің 20-бабының 6-тармақшасы талаптары сақталмай жергiлiктi атқарушы органның резервi пайдалануға берілген қаржыдан Қызылорда облысының құрылыс басқармасы – 9 млн.903,1 мың теңге, Қармақшы аудан әкімі - 399,7 мың теңге, Қазалы ауданы әкімі - 296,6 мың теңге, жыл iшiнде пайдаланылмаған немесе iшiнара пайдаланылған барлығы 10 млн. 599,4 мың теңге резерв қаражатын 2013 жылдың 20 желтоқсанына дейiн тиiстi бюджетке қайтармаған.

2013 жылы облыстық бюджеттің 157 млрд. 490 млн. 981,4 мың теңге түзетілген бюджеті бойынша тіркелген міндеттемелер 156 млрд. 629 млн. 095,3 мың теңгені құрап, 861 млн. 886 мың теңге (оның 339,9 мың теңгесі қарыздардың толық өтелмеуінен) қаржыға міндеттеменің алынбауы, тіркелген міндеттемелердің 1 млрд. 106 млн. 735,4 мың теңгесі игерілмеуі салдарынан облыстық бюджет 148 млрд. 076 млн. 595,9 мың теңгеге немесе 98,7 пайызға атқарылған, 2012 қаржы жылымен салыстырғанда қаражаттың игерілу көрсеткіші 1,9 пунктке артқан (2012 жылы 96,8 пайыз).

Жалпы жылдық қорытындымен 29 облыстық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бойынша 1 968 621,4 мың теңге қаражат игерілмеген, оның басым бөлігі 88 пайызы облыстық құрылыс басқармасының – 1,030 млрд. теңге, облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының – 509,2 млн. теңге, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының – 98,1млн. теңге, облыстық білім басқармасының – 89,2 млн.теңге үлесінде болып отыр.

Облыстық және республикалық бюджеттерден аудандар мен Қызылорда қаласы бюджеттеріне бөлінген 37 млрд. 721 млн. 034,8 мың теңге нысаналы трансферттердің 37 млрд. 189 млн. 911,2 мың теңгесі игерілген, облыстық бюджеттік бағдарлама әкімшілері тарапынан нысаналы трансферттерді игеру барысына тиісті бақылаудың жүргізілмеуі, ал аудандық жергілікті атқарушы органдар оларды тиімді, әрі уақтылы пайдалануды қамтамасыз етпеуі салдарынан 531 млн. 123,6 мың теңгесі игерілмеген. Игерілмеген нысаналы трансферттердің 50,1 пайызы немесе 266 млн. 135,5 мың теңге Қызылорда қаласы бюджетіне, 15,1 пайызы немесе 80 млн. 056,4 мың теңге Жалағаш ауданы бюджетіне, 12,5 пайызы немесе 66 млн. 475,0 мың теңге Қазалы ауданы бюджеті үлестеріне тиесілі болып отыр.

Сонымен қатар, 2013 жылы «Байқоңыр әлеуметтік –кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының жарғылық қорына 1 109 920,0 мың тенгеге 5 жобаны жүзеге асыруға жоспарланған, оның ішінде 692 153,8 мың тенгесі игеріліп, 417 766,2 мың тенгесі игерілмеген. Жалпы алғанда 2 жоба бойынша түпкілікті нәтежесіне қол жеткізілмеген.

Облыстық бюджеттік бағдарлама әкімшілері бойынша 2013 жылдың қорытындысымен қалыптасқан дебиторлық қарыз 821 млн.806,6 мың теңге, кредиторлық қарыз 92 млн.060,0 мың теңге құрап, 2012 жылмен салыстырғанда дебиторлық қарыз көрсеткіші 292 млн.775,4 мың теңгеге, кредиторлық қарыз көрсеткіші 80 млн.709,2 мың теңгеге азайған.

2013 жылы тексеру комиссиясы бақылаумен барлығы 263 бақылау объектісін (оның 48 объектісі үстеме бақылау) қамтыды, оның ішінде мемлекеттік органдар мен мекемелер - 195, квазимемлекеттік сектор субъектілері – 68. Бақылау нәтижелері бойынша 235 бақылау объектісінде нормативтік құқықтық актілердің сақталмауы фактілері орын алған немесе 89,4 пайызынан.

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетімен 10 қосарлас бақылау іс-шаралары жүргізілді.

Бақылаумен қамтылған қаражат көлемі 133 млрд. 746 млн. 094,0 мың теңгені құрады, оның ішінде жергілікті бюджеттер қаражаттары 108 млрд. 572 млн. 066,0 мың теңге, республикалық бюджеттен бөлінген қаражат 25 млрд.174 млн. 028,0 мың теңге. Анықталған бұзушылықтар сомасы 15 млрд. 976 млн. 976,0 мың теңге болса, оның ішінде қалпына келтіруге жататын бұзушылықтар сомасы 10 млрд. 816 млн. 937,0 мың теңге болды. Есепті кезеңде 10 млрд. 307 млн. 100,0 мың теңге қалпына келтірілді немесе 95,3 пайызы, оның 33 млн. 145,0 мың теңгесі ақшалай түрде, 10 млрд. 273 млн. 956,0 мың теңгесі жұмыстармен және қызметтермен қалпына келтірілген.

Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен 2012 жылғы 25 мамырда Тараз қаласында өткен «Оңтүстік өңірлерді дамыту мәселелері туралы» Кеңесте берілген тапсырмаларды орындау мақсатында «2011-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту», «Қол жетімді баспана-2020», «2011-2020 жылдарға арналған «Ақбұлақ» және «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламаларының іске асырылу тиімділігіне бақылау жүргізіліп, мынадай кемшіліктер орын алғандығы анықталды.



1. «2011-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасы бойынша бақылаумен қамтылған жалпы қаражат көлемі 467,8 млн.теңгені құрап, онда 163,8 млн.теңге қаржылық және заң бұзушылықтар анықталған.

2. «Қол жетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша бақылаумен 11 млрд. 803 млн. 222,0 мың теңге қамтылып, Қазақстан Республикасының заңнамалық және өзге де нормативтік-құқықтық актілер талаптарының сақталмауы салдарынан 1 млрд. 195 млн. 120,0 мың теңге бұзушылықтары анықталған, оның ішінде қалпына келтіруге жататыны 5 млн. 087,4 мың теңге.

3. 2011-2020 жылдарға арналған «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша бақылаумен 4 млрд. 320 млн. 099,0 мың теңге қаражат көлемі қамтылған. Онда Қызылорда қалалық құрылыс бөлімі бойынша техникалық-экономикалық негіздемеде айқындалмаған жобаларға қаражат бөлініп, жұмыстар атқарылған және жоба алды құжаттарға заңмен белгіленген тәртіппен тиісті өзгерістер жасалмай, соның салдарынан жалпы сомасы 297 млн. 919,0 мың теңге нысаналы мақсаты сақталмай пайдаланылған республикалық бюджеттің трансферттері 2014 жылы республикалық бюджетке толық қайтарылды.

4. «Жұмыспен қамту–2020» бағдарламасы бойынша бақылаумен қамтылған қаражат көлемі 2 млрд. 459,6 млн.теңге, анықталған заң бұзушылықтар сомасы 752,2 млн. теңге, оның 14,5 млн. теңгесі қалпына келтірілуі тиіс қаржы. Бағдарламаны іске асыру барысында мемлекеттік сатып алу заңнамасының талаптары сақталмағандықтан жалпы сомасы 249,0 млн.теңге заң бұзушылықтары орын алған.

Сонымен қатар бағдарламаның IV-бағытының тікелей және түпкілікті нәтижелерге қол жеткізілмеген, атап айтқанда 22 жоба негізінде 228 жұмыс орны ашылуға тиіс болса, бақылау қорытындысымен облыс көлемінде жұмыспен қамту орталығында тіркелген тек 142 жұмыссыз азаматтар уақытша жұмыспен қамтылған, 86 жұмыссыз азамат жұмыспен қамтылмаған.



5. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетімен техникалық және орта білім беруді дамытуға, білім беру ұйымдарының материалды-техникалық жарақтануына республикалық бюджеттен бөлінген қаржылардың пайдаланылуына және «Жалпыға бірдей әскери міндетті атқару шеңберіндегі іс шаралар» бюджеттік бағдарламасының тиімділігіне қосарлас бақылау іс шаралары жүргізілді.

Бақылаумен Қызылорда облысының білім басқармасы мен 14 кәсіптік білім беру ұйымдары қамтылды. Бақылау барысында Қазақстан Республикасының Бюджет Кодексінің және басқа да нормативтік құқықтық актілерінің талаптары дұрыс басшылыққа алынбағандықтан 11 колледж бойынша барлығы 70 млн. 099,3 мың теңгенің қаржылық бұзушылықтары анықталған, ( оның ішінде Қызылорда инженерлік техникалық колледжінде 1 млн. 243,7 мың теңге, Арал көпсалалы колледжінде 7 млн. 036,1 мың теңге, Жалағаш индустриалды-аграрлық колледжінде 126,9 мың теңге, Қазалы көлік-техникалық колледжіде 25 млн. 437,7 мың теңге, Қызылорда құрылыс және бизнес колледжінде 21 млн. 282,7 мың теңге, Қызылорда политехникалық колледжінде 2 млн. 249,2 мың теңге, Сырдария аграрлы-техникалық колледжінде 1 млн. 585,8 мың теңге, Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінде 914,9 мың теңге, Қармақшы аграрлы-техникалық колледжінде 291,1 мың теңге, Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжінде 9 млн. 893,1 мың теңге, И.Әбдікәрімов атындағы аграрлы-техникалық коледжінде 38,1 мың теңге қаржылық бұзушылықтары орын алған.)

Ал, әскери міндетті атқару саласында жалпы сомасы 14 млн. 684,95 мың теңгенің заң бұзушылықтары анықталған. Атап айтқанда, мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының талаптары басшылыққа алынбау салдарынан – 13 млн. 853,1 мың теңгенің бұзушылықтарына жол берілсе, 2013 жылдың 1 қаңтарына 161,8 мың теңге кредиторлық қарыз қалыптасып, 535,4 мың теңгенің тауарлық-материалдық құндылықтары бухгалтерлік есепке дұрыс алынбаған, 133 мың теңге қаражат мақсатсыз, 1,65 мың теңге қаражат негізсіз пайдаланылған.

Облыстық бюджеттен қаржыландырылатын бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне бөлінген бюджет қаржыларының пайдаланылуына бақылаулар мен 2011-2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспарларына бағалаулар жүргізіліп, Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасына және оған қарасты 16 медицина ұйымдарында 11 млрд. 938,0 млн.теңге қаражат көлемі қамтылып, 501,4 млн.теңге бұзушылықтар анықталған, оның ішінде қалпына келтіруге жататыны 120,5 млн.теңге құрады, ауыл шаруашылығы басқармасы бойынша бақылаумен 7 мемлекеттік мекеме және 1 квазимемлекеттік сектор субъектісі қамтылып, онда қамтылған қаржы көлемі 14 млрд. 717,4 млн. теңгені құраса, анықталған бұзушылықтар сомасы 950 млн. 310,3 мың теңгені құрады, оның қалпына келтіруге тиіс 39 млн. 412,3 мың теңге, бұзушылықтың 22 млн. 597,1 мың теңгесі қалпына келтірілген.

Қызылорда облысының туризм, денешынықтыру және спорт басқармасы мен оған қарасты 9 ведомствалық мекемелерде бақылаумен барлығы 2 млрд. 873 млн. 109,8 мың теңге қаржы қамтылып, 72 млн. 526,3 мың теңгенің қаржылық бұзушылықтары анықталған. Оның ішінде: қалпына келтіруге тиісті 24 млн. 101,9 мың теңгенің бақылау барысында 11 млн. 949,7 мың теңгесі қалпына келтірілсе, бюджетке өтеуге тиіс 457,1 мың теңгенің 304,9 мың теңгесі бюджетке өндірілген.

Қызылорда облысының білім басқармасына бөлінген қаржылардың атқарылуын бақылау, сонымен қатар 2011-2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспарын бағалау іс шарасы барысында анықталғаны:

Бағдарлама әкімшісі тарапынан 2011-2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспарында қөзделген тұрақты әлеуметтік-экономикалық өсуды қамтамасыз ететін білім саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыруда түпкілікті нәтижелерге қол жеткізілмеген.



(2011 жылы мектептердің жалпы санынан серверлік қызмет көрсететін жаңа модификациядағы кабинеттермен жабдықтау, физика 0,5 пайызға, химия 3,5 пайызға, мектепті «Алтын белгі» белгісімен 6,3 пайызға, педагогтердің жалпы санынан жоғары және бірінші санаты бар жоғары білікті қызметкерлер саны 2,7 пайызға, білім алушылардың жалпы санының жұмыс берушілердің қаражаты есебінен білім алатын білім алушылардың үлесі 0,7 пайызға орындалмаған, ваучерлік-модульдік қаржыландыру принципі бойынша біліктілікті арттырудан өткен педагог кадрлардың үлесі 5,8 пайызға жоспарланып мүлде орындалмай, түпкілікті нәтижеге қол жеткізілмеген.

2012 жылы мектепке дейінгі мекемелерде педагог қызметкерлердің жалпы саны жоғары және бірінші санатты үлесі 3,8 пайызға, мектепті «Алтын белгі» белгісімен бітіру 63,1 пайызға, ваучерлік-модульдік қаржыландыру принципі бойынша біліктілігн арттырудан өткен педагог кадрлардың үлесі 5,8 пайызға, менеджмент саласында білім беру жүйесінің басшы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және қайта даярлау курстарын ұйымдастыру 24,5 пайызға, барлық мектеп оқушылар санынан сапалы дәруменді тамақпен қамтамасыз ету 23,9 пайызға, мемлекеттік тапсырыс есебінен техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орнын бітірушілердің оқу бітіргеннен кейінгі бірінші жылы жұмысқа тұрғызылғандар үлесі 7,5 пайызға, 2020 жылға әлемдік білім кеңістігіне біріктірілген техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін тиімді қызметі, кадрларды даярлау мен бәсекеге қаблеттілік сапасын арттыру, кәсіби біліктілікті тәуелсіз бағалаудан өткен бітіруші түлектер үлесі 0,8 пайызға орындалмай, түпкілікті нәтижеге қол жеткізілмеген.)

Қызылорда облысының ішкі саясат басқармасына бөлінген қаржылардың атқарылуын бақылау, сонымен қатар 2011-2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспарын бағалау іс-шарасы бойынша жүргізілген бақылау нәтижесінде басқарманың стратегиялық жоспарында 4 көрсеткіш бойынша түпкілікті нәтижеге қол жеткізілмегендігі және мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың талаптары сақталмай жалпы сомасы 7 млн. 396,9 мың теңгенің заң бұзушылықтары орын алғандығы анықталды.

Жалпы, 2013 жылы жүргізілген бақылау іс-шаралары нәтижелері бойынша 5 материал құқық қорғау органдарына, 13 материал әкімшілік іс қозғауға уәкілетті органдарға, 6 әкімшілік хаттама сот органдарына жолданды. Бір материал бойынша Қызылорда облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментімен «Бастау Демеу» несие серіктестігінің лауазымды тұлғаларына (ҚР ҚК-нің 325-бабының 1,3 бөліктерімен) қылмыстық іс қозғалып, өз кезегінде ақтамайтын негіздер бойынша (ҚР ҚК-нің 67-бабының 1-тармағына, ҚР ҚІЖК-нің 37-бабы 1-тармағының 2-тармақшасына сәйкес) қысқартылды. Әкімшілік іс қозғауға жолданған материалдар бойынша: 7 материал бойынша уәкілетті органдармен әкімшілік істер қозғалып барлығы 657,8 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұлдар салынып, бюджетке өндірілді, Сот органдарымен 5 әкімшілік хаттамалар бойынша барлығы 389,5 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұлдар салынып, бюджетке өндірілді.

Бақылау нәтижесімен 2013 жылы барлығы 161 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылып, оның 148-не түрлі тәртіптік шаралар көрілсе, 4 лауазымды тұлға атқаратын қызметінен босатылған.

Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiн лауазымды адамдардың сақтамауының анықталған фактiлерi бойынша, сондай-ақ тиiмдiлiктi бақылау нәтижелерi бойынша ҚР Бюджет Кодексінің 142-бабының 10 тармағына сәйкес 5 мемлекеттік мекемелерінің лауазымды тұлғалары үшін облыстық, қалалық мәслихатқа ұсыныстар берілді (Қызылорда облысының білім, денсаулық сақтау, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, дене шынықтыру және спорт басқармалары, Қалалық білім бөлімі басшылары).

ҚР Бюджет кодексіне сәйкес Тексеру комиссиясы тарапынан аудандар мен Қызылорда қаласы бюджеттерінің 2013 жылғы атқарылуы туралы есептері талданып, аудандық және қалалық бюджеттерге қарасты мекемелер мен кәсіпорындарға жүргізілген бақылау нәтижелері туралы есептер тиісті мәслихаттар сессияларында қаралды.

Осы уақытқа дейін шешімін таппай келе жатқан күрделі мәселенің бірі республикалық, облыстық бюджет қаржысы есебінен құрылысы аяқталып, мемлекеттік қабылдау комиссиясы актісімен пайдалануға қабылданған объектілер пайдаланушы мекемелер мен кәсіпорындар теңгерімдеріне берілмеу фактілерінің орын алуы.

Қызылорда облысының құрылыс басқармасы бойынша 2014 жылдың 1-қаңтарына 28 млрд. 828 млн. 921,7 мың теңгенің құрылысы аяқталған 91 құрылыс нысаны, облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы бойынша жалпы құны 4 млрд. 018 млн. 020,9 мың теңге болатын 54 нысан, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бойынша құны 2 млрд. 236 млн. 885,4 мың теңгенің (Қызылорда қаласындағы теміржол арқылы өтетін жол өткелі) құрылысы пайдаланушы мекемелердің теңгерімдеріне берілмеген, яғни жалпы құны 35 млрд. 083 млн. 828,04 мың теңгенің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген 146 құрылыс нысандары пайдаланушы мекемелердің теңгерімдеріне заңдастырылып, берілуі тиіс.

Сонымен қатар, заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Қызылорда облысының Үйлестіру кеңесінің 2014 жылғы 25 сәуірдегі отырысының күн тәртібінде Қазақстан Республикасының «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» Заңында көзделген талаптардың орындалуы мәселесінде террористік тұрғыдан осал объект басшыларымен террористік іс-әрекеттің алдын алу мақсатындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары өз дәрежесінде жүргізіліп жатпағандығы атап өтілді. Осы отырыстың шешімімен, құрылыс жұмыстары аяқталып, бірақ пайдалануға берілмеген (қабылданбаған) объектілерді айқындап, оларды террористік тұрғыдан осал объектілер тізіміне енгізу мақсатында тиісті жұмыстарды ұйымдастыру ұсынылған болатын.

Облыстың жергілікті атқарушы органы әзірлеген жылдық есепке жоғарыда айтылғандай қорытынды бере келе, тексеру комиссиясының ұсыныстарын назарларыңызға жеткізгім келеді. Олар:


.
2013 жылы облыс бюджетінің халықтың әлеуметтік мәселелерін қамту бағытындағы көрсеткіштерінің басым бөлігі орындалғанмен, бюджеттік инвестициялардың игерілуі, түпкілікті нәтижеге қол жеткізу, құрылыс салу нысандарын жоспарланған мерзімде пайдалануға берілмеуі салдарынан облыс бюджеті 98,3 пайызға, облыстық бюджеттің 98,7 пайызға орындалған.

Бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің трансферттер бөлуде заңнама талаптарында белгіленген Келісім жасау міндеттемелерін өз деңгейінде орындалмағанына қарамастан төмен тұрған бюджеттерге қаржы бөлу фактілері орын алғандығы, бюджет процесінде тиісті қадағалау жоқтығын көрсетеді.

Облыстық бюджеттің кіріс көлемін арттыру тетіктерін жетілдіру;

Дебиторлық және кредиторлық қарыздарды болдырмау;

Облыстық бюджетті нақтылау және түзету барысында Қазақстан Республикасы Бюджет кодексі талаптарын сақтау;

Нәтижеге бағдарланған бюджеттік жоспарлау жүйесін енгізуге байланысты аудандар мен Қызылорда қаласы бюджеттеріне берілетін трансферттер туралы Келісімде бөлінген қаржы игеру барысында қол жеткізілетін тікелей және түпкілікті нәтижені шынайы айқындау, Келісімдерді заңнамаларда белгіленген мерзімді уақытылы әзірлеу;

2011-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы тұрғын үй -коммуналдық шаруашылықты жаңғырту» бағдарламасы шеңберінде жөндеу жұмыстары жүргізілген көппәтерлі тұрғын үйлердің қайтарымды қаражаттарының өтелуін бақылауға алу;

Террористік тұрғыдан осал объектілер құрамына енетін құрылысы аяқталған объектілерді пайдаланушы мекеме теңгеріміне берілуі мерзімін айқындап, нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеу ұсынылады.

2013 жылы бюджеттің атқарылуы негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемінің 2012 жылмен салыстырғанда 2,4 есеге, тіркелген заңды тұлғалардың санының 2012 жылмен салыстырғанда 9,7 пайызға артуы, жұмыссыздық деңгейінің 0,1 пайызға азаюйы сияқты облыстың негізгі макроэкономикалық көрсеткіштеріне оң әсер етті. Елбасының қолдауымен ипотекалық несиелендіру арқылы тұрғын үй құрылысын дамытуға, жұмыспен қамтамасыз ету мәселелерін шешуге, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған мемлекеттік (салалық) бағдарламаларды іске асыруда бюджет қаражатын тиімді, заңнаманы бұзбай, түпкілікті нәтижеге қол жеткізе отырып пайдалануда ҚР Бюджет кодексінің 104-бабына сәйкес бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің, аудан және қала әкімдерінің жауапкершілігін арттыру ұсынылады.


Баяндама аяқталды.

Назар қойып тыңдағандарыңызға рахмет!





Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет