«Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы»
атағын беру қағидаларын
бекіту туралы
«Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңының 5 бабының 8-3) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын беру қағидалары бекітілсін.
2. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім, халықаралық ынтымақтастық департаменті (Ж.Қ. Шаймарданов):
1) осы бұйрықтың белгіленген тәртiппен Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуін қамтамасыз етсін;
2) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттiк тiркеуден өткеннен кейін осы бұйрықты мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауды қамтамасыз етсін;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау білім және ғылым вице-министрі Т.О. Балықбаевқа жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министр А. Сәрінжіпов
Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2015 жылғы «____»__________
№ ____ бұйрығымен
бекітілген
«Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын беру
қағидалары
-
Жалпы ережелер
1. Осы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын беру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленген.
2. Қағидалар меншік нысандарына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, педагогикалық және ғылыми қызметте жоғары жетістіктері бар жоғары оқу орындарының (бұдан әрі - ЖОО) оқытушыларына оларды көтермелеу және қолдау мақсатында «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын (бұдан әрі - атақ) беру тәртібін айқындайды.
3. Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) Конкурстың қатысушысы - Конкурсқа қатысу үшін құжаттарын осы Қағидаларға сәйкес ұсынған ЖОО-ның штаттағы оқытушысы;
2) республикалық конкурстық комиссия - «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын беру үшін білім беру саласындағы уәкілетті орган құратын комиссия (бұдан әрі - Комиссия).
4. Атақ бір адамға келесі бес жыл ішінде бір реттен артық берілмейді.
5. Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен атақтың иегеріне куәлік беріледі және республикалық бюджеттің қаражаты есебінен тиісті қаржы жылына арналған Республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген 2000 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде мемлекеттік грант төленеді.
-
«Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын беру тәртібі
6. «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын беру Конкурсына мынадай талаптарға сай келетін Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады:
1) ЖОО-ның штаттық оқытушылары болып табылатындар;
2) Конкурсқа құжаттарын тапсыру сәтінде кемінде бес жыл үзіліссіз
ғылыми-педагогикалық өтілі барлар.
7. Конкурс жыл сайын екі кезеңде өткізіледі:
1) I кезең - ЖОО-ның ішінде, ол ағымдағы жылғы қазанда өткізіледі.
Конкурсты ЖОО-ның ішінде өткізу тәртібін ЖОО дербес айқындайды.
ЖОО-ның ішкі конкурсы нәтижелері бойынша 50 штаттық оқытушыға 1 үміткерден аспайтын есеппен ғылыми кеңестің шешімімен Конкурстың II кезеңіне қатысуға ұсынылатын ЖОО-ның үздік оқытушылары айқындалады. Оқытушылардың штаттық саны 50 адамға жетпейтін ЖОО-да 1 үміткер айқындалады.
2) II кезең - республикалық, ол ағымдағы жылғы желтоқсанда
өткізіледі.
Конкурстың республикалық кезеңін Комиссия өткізеді, білім беру саласындағы уәкілетті органның басшысы оның төрағасы (бұдан әрі - Комиссия төрағасы) болып табылады.
8. Комиссия білім беру саласындағы уәкілетті органның, басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың қызметкерлерінен, жетекші ғалымдар мен мамандардан, сондай-ақ саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім жүйесінің заңды тұлғалар бірлестіктері өкілдерінен құрылады.
Комиссия мүшелерінің саны тақ болуы тиіс (19-дан аспайды). Комиссия отырысы оның мүшелерінің кемінде үштен екісі болған жағдайда заңды деп саналады.
9. Комиссияның дербес құрамы білім беру саласындағы уәкілетті органның шешімімен бекітіледі.
10. Конкурс Қазақстан Республикасының барлық аумағына таратылатын бұқаралық ақпарат құралдарында ол туралы ақпарат жарияланғаннан, сондай-ақ білім беру саласындағы уәкілетті органның интернет-ресурсында ағымдағы жылғы қыркүйекте орналастырылған күннен бастап жарияланған деп саналады.
11. Конкурсқа қатысу үшін ағымдағы жылғы қарашада үміткерлер білім беру саласындағы уәкілетті органға мынадай құжаттарды ұсынады:
1) білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысандар бойынша өтінім, сапалық және сандық көрсеткіштерге сәйкес мәліметтер, жылдық жұмыс жоспар-кестесі;
2) ЖОО ғылыми кеңесінің ұсынымы;
3) жұмыс орны растаған кадрларды есепке алу жөніндегі жеке парағы;
4) жеке куәліктің көшірмесі;
5) карточкалық базадағы 20 таңбалы ағымдағы шоты туралы хабарлама.
12. Конкурсқа ұсынылған құжаттар жетекші ғалымдар, ЖОО-лардың профессор-оқытушылар құрамының арасынан құрылған сараптама тобы жүзеге асыратын сараптаудан өтеді.
Сараптама тобының дербес құрамы және Конкурсқа ұсынылған құжаттарға сараптау жүргізу мерзімі білім беру саласындағы уәкілетті органның шешімімен бекітіледі. Бұл ретте сараптама тобының дербес құрамы Комиссия құрамымен сәйкес болмауы тиіс.
Сараптама тобы қосымшаға сәйкес әрбір құжат бойынша сапалық және сандық көрсеткіштерге сәйкес қорытынды береді.
13. Конкурсқа қатысушы дұрыс емес немесе толық емес мәліметтер ұсынған жағдайда, сараптама тобы оны қатысушылардың тізімінен шығару туралы ұсынысты жазбаша негіздемемен Комиссияға ұсынады.
14. Сараптама тобының қорытындысы хаттамамен рәсімделеді және қарау үшін Комиссияға беріледі, бұл ретте сараптама тобының әрбір мүшесі ерекше пікірге құқылы.
15. «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын беру туралы Комиссияның шешімі қатысқан мүшелердің жай көпшілік дауысымен қабылданады. Комиссия мүшелерінің дауыстары тең болған жағдайда, Комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады.
Комиссияның шешімі хаттамамен рәсімделеді.
16. Конкурстың қорытындылары Қазақстан Республикасының барлық аумағына таратылатын бұқаралық ақпарат құралдарында конкурстың қорытындысы шыққаннан кейін күнтізбелік он күн ішінде жарияланады, сондай-ақ білім беру саласындағы уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.
17. Комиссияның шешіміне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағымдануға болады.
________________________
Достарыңызбен бөлісу: |