Қазақстан Республикасының 2010 жылғы қаңтардағы әлеуметтік-экономикалық дамуының ағымдағы жағдайы
ЖІӨ өндірісі. Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің жедел деректері бойынша 2009 жылғы қаңтар-желтоқсанда ЖІӨ өндірісі 15887,8 млрд. теңгені құрап, 1,2%-ға өсті. ЖІӨ құрылымында тауар өндіру үлесі 43,8%-ды, қызмет көрсету – 54,8%-ды құрады.
Қысқа мерзімді экономикалық индикаторы (ҚЭИ) 2010 жылғы қаңтарда 2009 жылғы қаңтарға қарағанда 108,5% құрады.
Экономиканың нақты секторы. 2010 жылғы қаңтарда өнеркәсіп өндірісінің көлемі қолданыстағы бағаларда 884,6 млрд. теңгені құрды, бұл 2009 жылғы қаңтармен салыстырғанда 10,3%-ға көп. Тау-кен өндіру өнеркәсібі және өндіріс карьерларын әзірлеу 5%-ға, өңдеу өнеркәсібі - 24,5%, электр энергиясымен жабдықтау, газ, бу беру және ауаны желдету 4,6%-ға өсті.
Газ конденсатын қоса алғанда, мұнай өндіру көлемі 6,6 млн. тоннаны құрап, өткен жылдың тиісті айына қарағанда 4,6%-ға ұлғайды, көмір – 9,2 млн. тоннаға (14,3%-ға ұлғайды), табиғи газ – 3,2 млрд. текше метр (4%-ға өсті) ұлғайды.
Өңдеу өнеркәсібінде 231,0 млрд. теңгеге өнім өңдірілді, бұл өткен жылдың қаңтарына қарағанда 24,5%-ға артық. Тамақ өнімдерін өндіру 20,1 %-ға, сусындар өндіру 41,1 %-ға, тоқыма өнеркәсібі 15,5 %-ға, кокс және мұнай өнімдерін өндіру 34,8 %-ға, металлургия өнеркәсібі 114,4 %-ға, машина жасау 46,6 %-ға ұлғайды.
2010 жылдың қаңтарында ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 45,1 млрд. теңгені құрап, 2009 жылдың қаңтарымен салыстырғанда 2,1%-ға ұлғайды.
Құрылыс жұмыстарының көлемі 2010 жылғы қаңтарда 56,9 млрд. теңгені құрады, бұл 2009 жылғы қаңтардағы деңгейден 12,6%-ға төмен. 1443 жаңа ғимараттардың құрылысы аяқталды, олардың 1216 тұрғын және 227 тұрғын емес мақсаттағы ғимараттар. Пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 625,1 мың шаршы метрді құрады, бұл 2009 жылдың қаңтарына қарағанда 42,6 %-ға артты. Тұрғын үй құрылысына 10,1 млрд.теңге салынды.
Жүк тасымалдаудың жалпы көлемі 2010 жылғы қаңтарында 25,8 млрд. ткм (комерциялық жүк тасымалдаумен айналысатын көліктік емес ұйымдар мен кәсіпкерлердің жүк айналымы көлемін бағалау есебімен) құрып, 2009 жылғы тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,3%-ға өсті.
2009 жылдың қаңтарымен салыстырғанда жолаушылар айналымы 16,7%-ға артып, 10,5 млрд. жкм құрады.
Байланыс қызметтері 2010 жылғы қаңтарда 38 911,8 млн. теңгені құрап, 6,8%-ға өсті.
Есепті кезеңде бөлшек сауда тауар айналымы (қоғамдық тамақтану айналымынсыз) 221138,5 млн.теңгені құрап, 2009 жылғы қаңтарға қарағанда 11,8%-ға ұлғайды.
Есепті кезеңде көтерме сауда тауар айналымы 424961,9 млн. теңгені құрап, 2009 жылғы қаңтармен салыстырғанда 17,1% артты.
Негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі 2010 жылғы қаңтарда 175,9 млрд. теңгені құрды, бұл өткен жылғы ұқсас кезеңге қарағанда 2,9%-ға артық.
2009 жылғы қаңтар-желтоқсанда Қазақстанның сыртқы сауда айналымы (ұйымдаспаған сауда есебінсіз) 71604,4 млн. АҚШ долларын құрады және 2008 жылғы қаңтар-желтоқсанымен салыстырғанда 34,4%-ға төмендеді, оның ішінде экспорт – 43195,7 млн. АҚШ доллары (39,3%-ға төмендеді), импорт– 28408,7 млн. АҚШ доллары (25%-ға төмендеді).
2009 жылғы қаңтар-желтоқсанда 67,3 млн. тонна мұнай мен газ конденсаты экспортталды, бұл өткен жылғы ұқсас кезеңге қарағанда 10,8%-ға көп, құндық мәнде экспорт 26,2 млрд. АҚШ долларын құрап, 39,8%-ға азайды.
Тұтыну бағаларының индексі 2010 жылғы қаңтарда 2009 жылғы қаңтармен салыстырғанда 107,3%-ды құрды. Азық-түлік тауарларына бағалар 3,9%-ға, азық-түлік емес тауарлар – 9,4%-ға, ақылы қызметтер көрсетуге – 10,1%-ға өсті.
Өнеркәсіп өнімін өндіруші кәсіпорындар бағалары 2010 жылғы қаңтарда 2009 жылғы қаңтармен салыстырғанда 48,6%-ға өсті.
2010 жылғы қаңтарда Brent маркалы мұнайдың әлемдік бағасы бір баррелі үшін 76,01 АҚШ доллары (2009 жылы қаңтарда бір баррелі үшін – 41,54 АҚШ долл.) болды.
Еңбек нарығы. 2010 жылғы қаңтарда жұмыссыздар саны 542,9 мың адам болды. Жұмыссыздық деңгейі 2010 жылғы қаңтарда экономикалық белсенді халық санының 6,4%-ына жетті. Жұмыспен қамту органдарында жұмыссыздар ретінде тіркелгендер саны 2010 жылғы қаңтардың соңына 63,4 мың адамды құрды немесе экономикалық белсенді халық санының 0,7%-ын құрады. Жасырын жұмыссыздық деңгейі бағалау бойынша экономикалық белсенді халық санының 0,7%-ын құрды.
Халықтың табысы. 2009 жылғы желтоқсанда халықтың орташа жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табыстары 39806 теңгені құрды. 2008 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда өсім 13,2%-ды, нақты ақшалай табыстар – 6,6%-ды құрды.
2009 жылғы желтоқсанда қызметкерлерге есептелген орташа айлық атаулы жалақы 82 779 теңгені құрды. Өсім 2008 жылдың желтоқсанына 13,6%-ды құрады. Нақты жалақы индексі 2008 жылғы желтоқсанға 106,9%-ды құрады.
Ақша-кредит және банк статистикасы. Ұлттық қордың ақшасын қоса алғанда (24,6 млрд. долл.) елдің халықаралық резервтері 2010 жылғы 1 ақпандағы жағдайы бойынша 51 млрд. АҚШ долл. құрды, бұл 2009 жылғы 1 ақпандағы жағдайдан 10,3% артық.
ҚР Ұлттық Банкінің мәліметтері бойынша екінші деңгейлі банктердің экономика салаларына салған кредиттік салымдары 2009 жылдың соңына 7644,1 млрд. теңгені құрады және бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,5%-ға ұлғайды.
Депозиттік ұйымдарда депозиттердің көлемі 2010 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша 6620,6 млрд. теңгені құрады, бұл өткен жылдың тиісті айынан 25,9%-ға артық.
Жеке тұлғалардың депозиттері 1893,8 млрд. теңгені құрады және 28,5%-ға ұлғайды.
Теңгенің АҚШ долларына ресми айырбас бағамы 2010 жылғы қаңтарда 148,09 теңге болды (2009 жылы қаңтарда – 121,27 теңге), теңгенің еуроға қатысты бағамы – 211,84 теңге (2009 жылғы қаңтарда – 161,00 теңге) болды.
Достарыңызбен бөлісу: |