Жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 13 желтоқсандағы № 1522 Қаулысы
«Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңының 76-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
|
К. Мәсімов
|
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 13 желтоқсандағы
№ 1522 қаулысымен
бекітілген
Жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау
қағидалары
1. Негізгі ұғымдар
1. Осы Жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңының 76-бабының 1-тармағына сәйкес әзірленген, әуе көлігінде жолаушыларды, багажды және жүктерді тасымалдау тәртібін айқындайды және жолаушыларды, багажды және жүктерді әуеде тасымалдаудың, оларға қатысты қызмет көрсетуді қоса алғанда, технологиялық процестерінің барлығына қолданылады.
2. Халықаралық тасымалдарды орындау кезінде осы Қағидалар Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға, сондай-ақ аумағына, аумағынан немесе аумағы арқылы осындай тасымалдар жүзеге асырылатын елдің заңнамасына қайшы келмейтін бөлігінде қолданылады.
3. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар мен терминдер пайдаланылады:
1) авиакомпания - азаматтық әуе кемелерін пайдаланушының сертификаты бар заңды тұлға;
2) агент - авиакомпанияны білдіретін, осы авиакомпанияның әуе кемесінің, экипаждың, жолаушылардың, багаждың, жүктің, поштаның және борттық қорлардың келуіне, жөнелтілуіне және ресімделуіне байланысты барлық рәсімдерді орындау кезінде ол тікелей уәкілеттік берген немесе оның атынан әрекет ететін жеке немесе заңды тұлға;
3) багажды (PIR - Property Irregularity Report), жүкті (CIR - Cargo Irregularity Report) тасымалдау кезіндегі ақаулар туралы акт - бір немесе бірнеше авиакомпанияның әуе кемелерімен тасымалданған багажға (жүкке) келтірілген зиян белгілі болғанда авиакомпания тез арада жолаушының (алушының) қатысуымен ресімдейтін, авиакомпания мен жолаушы (алушы) қол қоятын құжат;
4) әуежай - әуе кемелерін қабылдау мен жөнелтуге, әуе тасымалдарына қызмет көрсетуге арналған және осындай мақсаттар үшін әуеайлақ, аэровокзал, басқа да қажетті ғимараттары мен жабдықтары бар құрылыстар кешені;
5) межелі әуежай (пункт) - әуе тасымалы шартына сәйкес жолаушы, багаж немесе жүк жеткізілетін әуежай (пункт);
6) жөнелту әуежайы (пункті) - әуе тасымалы шартына сәйкес жолаушыларды, багажды немесе жүкті тасымалдау басталатын әуежай (пункт);
7) трансфер әуежайы (пункті) - әуе тасымалы шартына сәйкес жолаушы ұшақты ауыстыратын немесе жүкті тасымалдау бағыты бойынша әрі қарай бет алу үшін бір рейстен басқасына жүкті тиеуді жүзеге асыратын, билетте немесе жүкқұжатта көрсетілген әуежай (пункт);
8) багаж - әуе кемесінің бортында тасымалданатын жолаушылардың немесе экипаждың жеке заттары;
9) тіркелген багаж - сақталуын авиакомпания өз жауапкершілігіне алып, тасымалдауға қабылданған және ол жүк түбіртегі мен жүк белгісін берген жолаушы багажы;
10) қате жөнелтілген багаж - авиакомпанияның кінәсынан межелі пунктке жіберілмеген багаж;
11) талап етілмеген багаж - багаж белгісінде көрсетілген межелі әуежайға (пунктке) келген және жолаушы алмаған багаж;
12) тіркелмеген багаж - тіркелгеннен басқа, Тасымалдаушының келісімімен әуе кемесінде тасымалданатын, «Қол жүгі» белгісімен куәландырылған және оның жүк бөлімдері мен жолаушылар салонында орналасқан жолаушы багажы. Әуе кемесінің бортына жолаушылардың өзі жеткізеді. Тіркелмеген багаж жолаушының жауапкершілігімен тасымалданады, тіркеу орнында міндетті өлшеуге жатады және багажды тегін тасымалдау нормасына кіреді;
13) билет (жолаушы билеті және багаж түбіртегі) - авиакомпания не оның агенттері беретін тасымалдауға арналған, жолаушыны әуеде тасымалдау талаптары бар шарт жасалғанын куәландыратын құжат;
14) күні белгіленбеген билет - жөнелту, межелі пункті, авиакомпания, қызмет көрсету класы көрсетілген, бірақ рейстің нөмірі мен әуе кемесінің ұшатын күні, уақыты көрсетілмеген билет;
15) тапсырыс - бірегей цифрлық-әріптік код беріле отырып, ұшу ақпаратынан және жолаушы, багаж немесе жүктер туралы өзге де ақпараттан тұратын Авиакомпанияның жаһандық дистрибутивтік жүйесінде электрондық жазбамен расталатын әуе кемесінде жолаушыларды тасымалдау үшін, сондай-ақ багаж бен жүктерді тасымалдауға арналған жүк көлемі үшін орындарды алдын ала бөлу. Тапсырысқа екі мәртебе беріледі - «Сатылмады» және «Сатылды»;
16) соманы қайтару - жолаушыға (жөнелтушіге) не оның атынан әрекет ететін тұлғаға ол бұрын төлеген, бірақ пайдаланылмаған тасымалдау немесе қызмет көрсету құнының бір бөлігін немесе толық құнын төлеу;
17) әуе тасымалдары - жеке және заңды тұлғалардың жолаушыларды, багажды, жүктерді және пошта жөнелтілімдерін әуе кемесімен тасымалдау жөніндегі қызметі;
18) халықаралық әуе тасымалы - орындалған кезде жөнелту және межелі пункттері тасымалдауда немесе жүкті қайта тиеуде үзілістің бар-жоғына қарамастан:
екі немесе одан да көп мемлекет аумағында;
егер басқа мемлекеттің аумағында аялдау көзделсе, бір мемлекет аумағында орналасқан әуе тасымалы;
19) ұшақ - ауадан ауыр, ұшу кезіндегі көтеру күші негізінен осы ұшу жағдайларында қозғалмаған күйінде қалатын үстіңгі беттердегі аэродинамикалық реакциялар есебінен құрылатын күш қондырғысымен қозғалысқа келтірілетін әуе кемесі;
20) әуе желісі - араларында тұрақты әуе тасымалдары жүзеге асырылатын пункттерді анықтайтын белгіленген желі;
21) Варшава конвенциясы - 1929 жылғы 12 қазанда Варшавада қол қойылған халықаралық әуе тасымалдарына қатысты кейбір ережелерді сәйкестендіруге арналған конвенция;
22) жүк - поштаны, борттық қорларды және багажды қоспағанда, әуе кемесінің бортында тасымалданатын кез келген мүлік;
23) тез бұзылатын жүк - сақтау және тасымалдау кезінде ерекше жағдайларды талап ететін өсімдік немесе жануар тектес өнімдер, оларды өңдеуден алынған өнімдер, тірі өсімдіктер, балық өсіру материалы;
24) транзиттік жүк - жүкқұжатқа сәйкес аралық пунктке жеткізілген рейспен одан әрі тасымалданатын жүк;
25) трансферлік жүк - жүкқұжатқа сәйкес трансфер әуежайына (пунктіне) бір рейспен, ал одан әрі сол немесе өзге авиакомпанияның басқа рейсімен тасымалданатын жүк;
26) бағалы жүк - нақты құны Варшава конвенциясының 22-бабында белгіленген жүк;
27) жүкқұжат (Air Waybill) - әуе тасымалы, оның шарттары мен жүкті әуе желілері арқылы тасымалдауға қабылдау шартының жасалғанын куәландыратын әуе тасымалы құжаты;
28) интерлайн-серіктес - басқа тараптың желілері арқылы тасымалдау үшін бір тарап берген тасымалдау құжаттарын және мұндай тасымалдар үшін есептеу тәртібін тану жөніндегі тараптардың өзара міндеттемелерін танитын серіктес-авиакомпаниялар;
29) ақылы багаж түбіртегі - тегін алып жүрудің белгіленген нормасынан артық багажды немесе тасымалдауы міндетті төлеуге жататын заттарды тасымалдау төлемін растайтын, сондай-ақ багаждың жарияланған құндылығы үшін алынатын алымдарды растайтын құжат;
30) тасымалдау маршруты - белгілі бір жүйелікпен билетте (жүк тасымалдағанда жүкқұжатта) көрсетілген жөнелту, трансфер және межелі әуежайлар (пункттер);
31) жөнелтуші - жүкті жөнелтетін заңды немесе жеке тұлға;
32) жолаушы - экипаж құрамына кірмейтін және әуе тасымалы шартына сәйкес немесе өзге де заңды негіздерде әуе кемесінде тасымалданатын жеке тұлға;
33) жолаушы купоны (Passenger Coupon) - жолаушыны және оның жүгін әуеде тасымалдау шартының жасалғанын куәландыратын, электрондық-цифрлық жазба түрінде немесе қағаз тасығышта (БСО) ұсынылған билет бөлігі;
34) ұшу купоны (Flight coupon) - жолаушыға билетте көрсетілген пункттер арасында ұшуға құқық беретін билеттің бөлігі;
35) багаждың, жүктің зақымдануы - тасымалдау кезінде багаждың, жүктің немесе багаждың, жүктің бір бөлігінің өзінің бастапқы мақсатында толық немесе ішінара пайдаланыла алмайтындай жарамсыз жағдайға келуі (өз құндылығын толық немесе ішінара жоғалтады);
36) алушы - жүкқұжатта жүкті алушы ретінде көрсетілген заңды немесе жеке тұлға;
37) рейс - маршруттың бастапқы пунктінен соңғы пунктіне дейін бір бағытта орындалатын әуе кемесінің ұшуы (кесте бойынша немесе кестеден тыс);
38) тұрақты рейс - бекітілген кестеге сәйкес орындалатын рейс;
39) алым - авиакомпания алатын және енгізетін және жолаушыларды, багажды, жүк пен пошта жөнелтілімдерін тасымалдау құнына кіретін әуежай және отын алымдары;
40) тариф - белгілі бір маршрут бойынша жөнелту пунктінен межелі пунктке дейін бір жолаушыны тасымалдағаны не багаждың немесе жүктің салмақ немесе көлем бірлігін тасымалдағаны үшін авиакомпания өндіріп алатын төлем;
41) белгілі бір қызмет көрсету класының тарифі - бір жыл ішінде ешқандай шектеулерсіз қолданылатын, тиісті қызмет көрсету класының тарифі (қолданылу мерзімі тасымалдау маусымымен анықталатын маусымдық тарифтерді қоспағанда);
42) трансфер - әуе тасымалы шартына сәйкес ауысып отыру әуежайына дейін бір рейспен орындалатын тасымал, ал одан әрі тасымал сол немесе өзге авиакомпанияның басқа рейсімен жүзеге асырылады;
43) электрондық билет - кәдімгі қағаз бланктің орнына ұсынылатын авиабилеттің электрондық нысаны;
44) төлем құжаты - Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес ресімделген және тапсырыс төлемін растайтын фискалдық құжат (кассалық чек, төлем туралы түбіртек немесе банктен үзінді жазба);
45) қалыпты тариф - қолданыс мерзімі 1 (бір) жыл және шектеулері жоқ бірінші, бизнес немесе экономикалық/(туристтік) қызмет көрсету класы үшін белгіленген ең жоғарғы (толық) тариф;
46) арнайы тариф - сату мерзімдері, кері ұшу пунктінде аялдаудың ең төменгі талаптары, алдын ала тапсырыс/(төлеу) шарттары, жолаушы санаты, ұшып шығу/(ұшып келу) уақытын және күнін өзгерту сияқты кейбір арнайы шектеу талаптарын көздейтін қалыпты тарифтерден басқа тарифтер түрі;
47) тарифті қолдану шарты - кез келген жастағы жолаушы немесе жолаушылардың белгілі бір санаттары үшін тарифті қолдану кезінде шарттар қамтылған және сақталуы (қамтамасыз етілуі) тиіс тариф шарттары.
4. Тасымалдаушы жасаған әуе тасымалы шарттарына сәйкес және авиамаршрутқа арналған куәлік негізінде тұрақты рейстермен жолаушылар тасымалын ұйымдастырады, қамтамасыз етеді және орындайды. Тұрақты рейстер жарияланған кестеге сәйкес белгілі бір кезеңдегі рейстердің жүйелі сериясы болып табылады және әуе тасымалы шартын жасасуға және тұрақты рейс маршруты бойынша ұшуға ниеті бар кез келген жеке тұлғаға арналған.
Әуе кемелері қозғалысының жарияланған кестесі әрбір тұрақты рейс бойынша мынадай ақпаратты көрсетеді:
1) жөнелту әуежайы;
2) межелі әуежай;
3) әуе кемелері қозғалысының кестесі бойынша әуе кемесінің қонуы көзделген тасымал маршруты бойынша орналасқан әуежай(-лар);
4) авиакомпаниялар коды;
5) рейс нөмірі;
6) рейс орындалатын апта күндері;
7) жөнелту уақыты (жергілікті);
8) келу уақыты (жергілікті);
9) рейсті орындау кезеңі;
10) әуе кемесінің үлгісі(-лері).
Әуе кемелері қозғалысының кестесінде қосымша ақпарат болуы мүмкін.
Авиакомпания әуе тасымалы шартына (жалдау шарты) сәйкес рейстің белгілі бір тапсырыс берушісі (жалдаушысы) үшін тұрақты емес (чартерлік) рейстермен жолаушылар тасымалын ұйымдастырады, қамтамасыз етеді және орындайды.
Авиакомпания тұрақты тасымалдаулар орындалмайтын авиамаршруттар бойынша жарияланған кестеге сәйкес тұрақты емес рейстерді жүйелі тобымен тасымалдауды ұйымдастырады, қамтамасыз етеді және орындайды.
Авиакомпания жасалған әуе тасымалы шарттарына сәйкес багаж, жүктер және пошта тасымалдарын тұрақты немесе тұрақты емес (чартерлік) рейстерде ұйымдастырады, қамтамасыз етеді және орындайды (жалдау шарты).
2. Жолаушыларды тасымалдау тәртібi
5. Жолаушының авиакомпания немесе агент ресімдеген және берген жарамды билеті болғанда ғана ол тасымалдауға жіберіледі.
Билетке өзгерістер енгізуді авиакомпания немесе авиакомпания мен жолаушының келісімімен уәкілетті агент жүзеге асырады.
6. Билет жолаушыны және оның багажын онда көрсетілген маршрут пен қызмет көрсету класы бойынша жөнелту пунктінен межелі пунктке дейін тасымалдау үшін жарамды болып табылады. Әрбір ұшу купоны жолаушыны және оның багажын, онда көрсетілген маршрут учаскесі, қызмет көрсету класы, күні және алдын ала тапсырыс берілген рейс бойынша тасымалдау үшін жарамды.
Егер билет орынға алдын ала тапсырыс беру туралы белгісінсіз (күні белгіленбей) берілсе, онда орын жолаушының сұрау салуына сәйкес сұрау салынған рейсте бос орындар болған кезде беріледі.
Билеттің сатылған жері мен күні оның барлық купондарында көрсетіледі.
7. Ұшу күні белгіленбеген тасымалға берілген билет жолаушы мен оның багажын тасымалдау үшін, бірінші тасымалдау басталатын күннен бастап бір жыл ішінде, ал егер бірде-бір ұшу купоны пайдаланылмаса, онда билет берілген күннен бастап жарамды.
8. Арнайы тариф бойынша тасымалдауға берілген билет авиакомпания белгілеген мерзімде жолаушы мен оның багажын тасымалдауға жарамды.
9. Егер жолаушы:
1) билетте көрсетілген рейс кейінге қалдырылған немесе кідіртілген;
2) билетте көрсетілген әуежайда әуе кемесі қонуды орындамаған;
3) билетте көрсетілген рейс пен күні бойынша жолаушыға орын ұсынудың мүмкін болмауынан ол жөнелтілмеген;
4) рейсті орындамаған әуе кемесі жөнелту әуежайына қайтып оралған;
5) кестеде көрсетілген әуе кемесінің үлгісі ауыстырылған;
6) билетте көрсетілген класс бойынша қызмет көрсетілмеген;
7) әуе кемесінің амалсыз қонуы себебінен рейс үзілген;
8) қарап тексеруге байланысты жөнелтудің кідіртілу себебінен жолаушы ұшудан немесе ұшуды жалғастырудан бас тартқан;
9) авиакомпания билетті дұрыс ресімдемеген жағдайда билеттің жарамдылығы мерзімі ішінде ұша алмаған болса, билеттің жарамдылық мерзімі бастапқы төленген тарифке сәйкес келетін сол қызмет көрсету класы бойынша бос орын бар авиакомпанияның ең жақын рейсіне дейін ұзартылады.
10. Егер тасымалдауға билеті бар жолаушы орынға алдын ала тапсырыс беру жөнінде өтініш жасап, ал авиакомпанияның билеттің жарамдылық мерзімі ішінде орын ұсыну мүмкіндігі болмаса, онда мұндай билеттің жарамдылық мерзімі авиакомпанияның бастапқыда төленген тарифке сәйкес келетін қызмет көрсету класы бойынша бос орны бар ең жақын рейсіне дейін ұзартылады.
11. Жолаушы авиакомпанияға ұшу купоны бар билетті көрсетеді. Пайдаланылған ұшу купондары бар билет жолаушыны тасымалдау және ақшаны қайтару үшін жарамсыз.
Авиакомпания ұшу купондарын жолаушы мен оның жүгін тасымалдау үшін жолаушы купонында көрсетілген жөнелту пунктінен бастап тек қатаң жүйелікпен қабылдайды.
Жолаушы пайдаланылмаған барлық ұшу купондарын тасымалдың бүкіл кезеңінде сақтайды және авиакомпанияның талап етуі бойынша көрсетеді және тапсырады.
Халықаралық тасымалдарда жолаушы аумағына, аумағынан немесе аумағы арқылы тасымалдау жүзеге асырылатын елдің заңнамасына сәйкес кету, келу және тағы басқа құжаттарды ресімдейді.
12. Электрондық тикетинг (e-ticketing) билетті басып шығармай-ақ авиатасымалдарды сатуға мүмкіндік береді. Бұл жолаушыға басып шығарылған билетсіз рейске тіркелуіне және отыруына мүмкіндік береді.
Электрондық билет (e-ticket немесе ЕТ) қағаз купондар Е-ticket сервері (ETS) немесе авиакомпания серверінде сақталатын электрондық билет жазбасымен ауыстырылғанын білдіреді. Электрондық түрде ұшу купондары ғана сақталады.
Электрондық билетті сатып алу фактісін растау ретінде маршрут түбіртегі беріледі.
Электрондық билеттегі маршрутты басып шығарудың (ITR) бірнеше опциялары бар:
1) принтерде шығару;
2) жолаушының электрондық мекенжайына жіберу.
Шетелге ұшу кезінде паспорттық бақылаудан өту кезінде маршрут түбіртегі кері билет айғағы ретінде қажет болады.
Жолаушы әуежайға тіркелу үшін ұшақ ұшқанға дейін тіркеу бойынша рәсімдерді орындау үшін авиакомпания не әуежай белгілеген уақыттан кешікпей келеді.
Егер жолаушы тіркелу үшін белгіленген мерзімде келмесе, онда авиакомпания осы әуежайдан ұшып шығу үшін оған бөлінген орынды жояды.
Ұшатын жолаушылардың билеттерін тіркеу және багажын ресімдеу операциялық залда немесе тіркеудің басқа тәсілдері арқылы жүргізіледі.
Жолаушы электрондық билеттің нөмірін интернет арқылы тіркелу кезінде сәйкестендіру үшін пайдаланады немесе тіркелудің басқа нысандарын (өздігінен тіркелу бағаны немесе ұялы телефон арқылы тіркелу) пайдаланады.
13. Билет немесе оның кез келген бөлігі жоғалып, бүлінген жағдайда не ұшу купондары жоқ билет ұсынылған жағдайда, авиакомпания жолаушының өтініші бойынша чекті қоса беріп, мұндай билеттің орнына билеттің телнұсқасын береді.
Шетелдік авиакомпания берген билет (немесе оның кез келген бөлігі) жоғалған, бүлінген жағдайда, авиакомпанияға жолаушының өтініші бойынша чек қоса беріле отырып, телнұсқаны ресімдеу үшін жазбаша өтініш жолданады.
14. Авиакомпания, егер:
1) жолаушы бастапқы тасымалдау құжаты туралы дұрыс ақпарат ұсынбаса;
2) бастапқы билет интерлайн-серіктес бланкілерінде, бейтарап бланкілерде ресімделген болса, жолаушыға телнұсқаның көшірмесін беруден бас тартады.
15. Жолаушы алдын ала тасымалдау тапсырысын және кейіннен билет жазып беруді жүзеге асыру және арнайы қызметтерді ұсыну мен ұшу қауіпсіздігі талаптарын орындау үшін қажетті мынадай мәліметтер мен құжаттарды ұсынады:
1) тегі, аты, әкесінің аты;
2) жолаушының құжаттары туралы мәліметтер (паспорт немесе оны алмастыратын құжат);
3) қосымша құжаттар туралы мәліметтер (виза, медициналық анықтама, балаларды тасымалдауға арналған құжаттар);
4) тұрақты тұратын жерінің мекенжайы;
5) межелі пунктте болған кезеңде уақытша тұратын жерінің мекенжайы туралы мәліметтер немесе тұрақты тұратын жерінің мекенжайы.
16. Жолаушы немесе жолаушының атынан алдын ала тасымалдау тапсырысын жүзеге асыратын адам авиакомпанияны рейс басталғанға дейін күнтізбелік 5 күн ішінде мынадай жағдайларда хабардар етеді:
1) жолаушының шектеулі қозғалысы;
2) бала тасымалы;
3) жолаушының нашар көруі (көрмеуі), естуі;
4) бұл жағдайда жетектеуші итті алып жүру қажеттілігі;
5) инфекциялық аурудың болуы;
6) 28 аптадан астам мерзімдегі жүктілік;
7) жеті күндік жасқа дейінгі нәрестені тасымалдау;
8) жануарларды (құстарды) тасымалдау;
9) тасымалдау нормасынан жоғары немесе ірі габаритті, ауыр салмақты багаждың болуы;
10) тек әуе кемесінің салонында ғана тасымалдау қажет багаждың болуы;
11) қару-жарақ, оқ-дәрілерді тасымалдау.
Авиакомпания көрсетілген ақпаратты алғаннан кейін, егер көрсетілген жағдайларда әуе кемесінің техникалық мүмкіндіктеріне байланысты тасымалдауды орындай алмаса, жолаушыны тасымалдаудан бас тартатыны туралы күнтізбелік бір күн ішінде хабардар етеді.
17. Әуе кемесінде белгілі бір рейс пен күнге жолаушы орнын және жолаушыны, багажды, жүкті тасымалдау үшін тасымал сыйымдылығын бекіту әуе көлігімен жолаушыны, багажды, жүкті тасымалдаудың міндетті шарты болып табылады.
18. Егер жолаушы (жолаушылар тобы) ұсынылған орыннан бас тартса немесе тіркеу орнына авиакомпания белгілеген уақытта келмесе, онда жолаушының (жолаушылар тобының) билетіне тарифті қолдану шарттары қолданылады.
19. Жолда аялдауға тек ол авиакомпаниямен немесе оның агентімен алдын ала келісілген және билетте көзделген жағдайда ғана рұқсат етіледі.
20. Егер билетке авиакомпанияның арнайы тарифі бойынша ақы төленген болса, жолаушының жолда аялдауы тарифті қолдану шарттарымен реттеледі:
Жолда аялдау үшін билетке ақы төлеудің көрсетілген жағдайларының кез келгенінде мына шарттар сақталуы қажет:
1) аялдама билеттің қолданылу мерзімі шегінде жасалады;
2) аялдамаға авиакомпания және тиісті елдердің заңнамасымен рұқсат етіледі.
21. Авиакомпания тасымалдауда өзінің кінәсінан орын алған өзгерістерге байланысты, егер жолаушы тарифі және өзгертілген маршрут бойынша тегін тасымалдау нормасынан жоғары багажды тасымалдау тарифі төленетін сомадан төмен болса, қосымша төлем алмайды. Бұл ретте құнындағы айырма жолаушыға жөнелту пунктінде қайтарылады.
22. Егер авиакомпания жолаушыға жазылып берілген билетке сәйкес тиісті қызмет көрсету класы салонында орын тауып бере алмайтын болса, онда:
1) егер жолаушы бастапқы жасалған билетке сәйкес келетін, тамақ беріліп және норма бойынша жүкті тегін алып өту құқығы берілетін басқа қызмет көрсету класы салонында ұшуға келіссе, онда төленген және ұсынылған қызмет көрсету класында тасымалдау құны арасындағы айырма бойынша қайта есептеулер жүргізіледі;
2) егер жолаушы төленген класпен салыстырғанда арзандау класс салонында ұшудан бас тартса, авиакомпания жолаушыға авиакомпанияның рейсінде немесе басқа авиакомпанияның рейсінде бастапқы жасалған билеттің қызмет көрсету класына сәйкес орын тауып бере алатын уақытқа дейін бұл жолаушыны қонақ үйде орналастыру, тамақтандыру, байланыс құралдарын пайдалану және әуежайға бару және әуежайдан келу үшін жер көлігін пайдалануға кететін іс жүзіндегі шығындардың шегіндегі шығыстарды көтереді.
23. Авиакомпания жолаушыны әуемен тасымалдау шартын біржақты тәртіппен мынадай:
1) жолаушы әуе кемесі ұшуының алдында Заңның 107-бабында белгіленген қарап тексеруден бас тартқан;
2) жолаушы әуе тасымалы жүзеге асырылатын немесе жөнелту пункті, аялдау орны немесе тасымалдайтын межелі пункт орналасқан мемлекеттің заңнамасының ережелерін бұзған;
3) егер жолаушының алкогольмен, есірткімен, уытқұмарлықпен масаң күйде болуы және оның рухани немесе физикалық жағдайы өзінің денсаулығына немесе әуе кемесінің бортындағы адамдар мен мүліктің қауіпсіздігіне қатер төндіретін, сондай-ақ басқа жолаушыларға қолайсыз жағдай туғызатын жағдайларда тоқтатады.
Жолаушының алкогольмен, есірткімен, уытқұмарлықпен масаң күйде болуы психикалық белсенді затты пайдалану фактісін және мас болу жағдайын анықтау үшін Медициналық куәландыру жүргізу нұсқаулығымен немесе нұсқаулықты алмастыратын нормативтік құқықтық актімен белгіленген тәртіппен медициналық куәландыру арқылы расталады.
24. Егер жолаушыны тасымалдаудан осы Қағидалардың 23-тармағында көрсетілген себептер бойынша бас тартылса, оған осы Қағидалардың 5-тарауына сәйкес тарифті пайдалану шартын қолдану арқылы пайдаланылмаған билет немесе оның бөлігі үшін сомасы қайтарылады.
25. Дипломаттық курьерлер мен байланыс фельдъегерлерін тасымалдау дипломатиялық органдар мен консулдық қызмет талаптарына сәйкес жүргізіледі.
Дипломаттық курьер мен байланыс фельдъегері авиакомпанияның талап етуі бойынша дипломаттық багажды алып жүретін адам ретінде оның арнайы өкілеттігін растайтын құжаттарды көрсетеді.
26. Балалар ересек жолаушымен бірге, сондай-ақ оларсыз да тасымалданады.
Ересектер еріп жүрмейтін балаларды авиакомпания тасымалдауға тек ата-аналары (асырап алушылары, қорғаншылары) немесе қамқоршылары жазбаша өтініш бергеннен кейін ғана қабылдайды.
27. Халықаралық рейстерде жасы 6-дан 16-ға дейінгі, ішкі рейстерде жасы 6-дан 15-ке дейінгі ата-аналарсыз және жолаушылардың қайсыбіріне сеніп тапсырылмаған балалар еріп жүретін адамдары жоқ балалар ретінде тасымалданады.
6 жасқа толмаған балалар тек кәмелетке толған жолаушының бірге жүруімен тасымалданады.
Егер Қазақстан Республикасының кәмелетке толмаған азаматы Қазақстан Республикасынан бірге жүретін адамсыз шығатын болса, оның паспорттан басқа, өзімен бірге шығу мерзімі және ол (олар) баруға ниет еткен мемлекет (мемлекеттер) көрсетілген Қазақстан Республикасының кәмелетке толмаған азаматының шығуына ата-аналарының, асырап алушыларының, қорғаншыларының немесе қамқоршыларының нотариалды түрде ресімделген келісімі болуы қажет.
28. Жеке орын алмайтын және кәмелетке толған жолаушымен еріп жүретін 2 жасқа толмаған бір баланы халықаралық рейстерде тасымалдау үшін ақы алынбайды.
Егер 2 жасқа толмаған бала халықаралық рейсте жеке орында тасымалданатын болса, оны тасымалдау үшін ол еріп жүретін кәмелетке толған жолаушының тиісті тарифінің 50%-ы төленеді.
Халықаралық рейсте бір ересек жолаушының 2 жасқа толмаған екінші және одан кейінгі балаларды тасымалдауы үшін еріп жүретін кәмелетке толған жолаушының тиісті қалыпты немесе арнайы тарифінің 50%-ы төленеді.
Халықаралық рейсте кәмелетке толған бір жолаушыға еріп жүретін 2 жастан 12 жасқа дейінгі әрбір баланы тасымалдау үшін еріп жүретін кәмелетке толған жолаушының тиісті немесе арнайы тарифінің 50%-ы төленеді.
Межелі пунктке төлемсіз ұшатын балаларға багажды тегін алып жүру құқығы және салоннан жеке орын берілмейді.
29. Ішкі тасымалдарда жолаушы жеке орын берілмейтін 2 жасқа толмаған бір баланы ақысыз тасымалдауына болады; егер 2 жасқа толмаған бала ішкі рейсте жеке орын беріліп тасымалданатын болса, оның тасымалы үшін ол еріп жүретін кәмелетке толған жолаушының тиісті тарифінің 50%-ы төленеді; ішкі рейстерде жолаушымен бірге ұшатын 2-ден 15 жасқа дейінгі басқа балалар толық тарифтің 50%-ы төленген билеттер бойынша және жеке орын беру арқылы тасымалданады.
30. Тасымалдануы үшін тиісті белгілі бір қызмет көрсету класының 50%-ы төленген әрбір балаға жасына қарамастан жеке орын беріледі және стандартты тарифті төлеген жолаушылар үшін белгіленген норма бойынша багажды тегін тасымалдауға рұқсат етіледі. Егер бұл жағдайларда тегін тасымалдау нормасынан асатын мөлшердегі багаж тасымалданатын болса, онда оған тиісті тариф бойынша ақы төленеді.
31. Сырқат адамды зембілмен тасымалдау оған әуе кемесінде тарифті қолдану шарттарына сәйкес төлеммен қосымша орындар ұсыну арқылы жүргізіледі.
Авиакомпания жолаушыны кресло-арбада, сырқат адамды зембілде тасымалдаудан мұндай жолаушыларды тасымалдау үшін жекелеген әуе кемелерінде қажетті жағдайлар болмаған кезде бас тартады.
32. Мүгедекті арбада (жазылмалы креслода) және сырқат адамды зембілде тасымалдау ұшу кезінде мұндай жолаушыларға күтімді қамтамасыз ететін адам бірге жүргенде ғана жүргізіледі. Сырқат адамды зембілде тасымалдау авиакомпания белгілеген төлеммен әуе кемесінде оған орын ұсыну арқылы жүргізіледі.
Авиакомпания немесе агент мүгедекті арбада (жазылмалы креслода) немесе сырқат адамды зембілде тасымалдау кезінде әуе кемесінің бортынан (бортына) жеткізу үшін мұндай жолаушының тасымалдануы туралы әуежайды алдын ала хабардар етеді.
33. Жүкті әйелдер авиакомпанияға медициналық ұйымнан билетте көрсетілген рейс орындалатын күні әуеде тасымалдануына қарсы айғақтардың жоқ екені туралы медициналық қорытынды ұсынған кезде ғана тасымалдауға қабылданады.
34. Авиакомпания көздеген жағдайлардан басқа, авиакомпаниялар әуежайлар арасында немесе әуежай мен қала арасында жолаушылар мен багажды жерде тасымалдауды жүзеге асырмайды.
Жердегі көлікпен қызмет көрсетуді дербес ұйымдар орындаған жағдайларда, онда олар авиакомпанияның агенттері ретінде қаралмайды.
35. Авиакомпанияның кінәсінен тасымалдауда кідіріс болған немесе әуе кемесінің кеш келуі салдарынан рейс кешіккен, орындалмаған, тасымалдау маршруты өзгерген кезде авиакомпания жолаушылар үшін жөнелту пункттерінде және аралық пункттерде мынадай:
1) жеті жасқа дейінгі балалы жолаушыға ана мен бала бөлмесін ұсыну (болған кезде);
2) рейстің жөнелтілуін екі сағаттан аса күткен кезде ұзақтығы бес минуттан аспайтын екі телефон қоңырауын шалу, оның ішінде халықаралық байланыс желісі бойынша қоңырау шалу немесе электрондық пошта арқылы екі хабарлама жіберу;
3) рейстің жөнелтілуін екі сағаттан аса күткен кезде салқындатылған сусындармен қамтамасыз ету;
4) рейстің жөнелтілуін төрт сағаттан аса және әрі қарай күткен кезде:
күндізгі уақытта - әрбір алты сағат сайын;
түнгі уақытта - әрбір сегіз сағат сайын ыстық тамақпен қамтамасыз ету;
5) рейстің ұшуын күндізгі уақытта сегіз сағаттан аса және түнгі уақытта алты сағаттан аса күткен кезде авиакомпания ұсынған қонақ үйге орналастыру;
6) қонақ үй қосымша ақысы алынбай ұсынылатын жағдайда авиакомпания ұсынған көлікпен әуежайдан қонақ үйге дейін және кері қарай жеткізу қызметтерін көрсетуді ұйымдастырады;
7) тасымалдаушының кінәсінен рейс орындалмаған немесе он сағаттан астам мерзімге кідіртілетін кезде, жолаушының қалауы бойынша, тасымалдаушы:
осы тармаққа сәйкес қызметтерді көрсете отырып, жолаушыны билетте көрсетілген баратын жеріне жақын арада ұшатын рейспен тасымалдауды қамтамасыз етуге;
жолаушыға билеттің толық құнын қайтаруға міндетті.
Осы тармақта көрсетілген қызметтер жолаушыларға қосымша ақысы алынбай көрсетіледі.
Жолаушының сұрауы бойынша оған хат ұсынылады немесе авиакомпанияның арнайы тағайындалған лауазымды адамы тасымалдың кешіктірілген себептері туралы билетке белгі қояды.
36. Авиакомпания жолаушыға көрсетілген қызмет көрсетуді ұсыну нәтижесіндегі немесе соған байланысты ол көтерген залалдарды немесе шығыстарды өтейді.
37. Авиакомпанияның кінәсынан жолаушыны тасымалдау кідіртілген кезде, егер ол еңсерілмейтін күштің, әуе кемесіндегі жолаушылар денсаулығына немесе өміріне қатер төндіретін әуе кемесінің ақауын жою, не авиакомпанияға байланысты емес өзге де жағдайлар салдарынан мерзімі өтуін дәлелдей алмаса, соңғысы жолаушыға әрбір кідіртілген сағат үшін билет (кідіріс болған ұшу учаскесінде) құнының 3 %-ы мөлшерінде айыппұл төлейді.
Өндіріп алынған айыппұл сомасы сатып алынған билет (кідіріс болған ұшу учаскесінде) құнынан аспауы қажет.
38. Егер авиакомпания өзінің кез келген рейсін ұшырмаса, үзсе, кейінге қалдырса, кідіртсе, онда жолаушымен келісім бойынша авиакомпания мұндай жолаушыны өзінің басқа рейсімен тасымалдауды орындайды немесе оны тасымалдау үшін басқа авиакомпанияға береді немесе сомаларды қайтаруды жүргізеді және жолаушының нақты тұрғылықты жері бойынша тасымалдау шартының бұзылуынан келтірілген шығындарды жолаушыға өтейді.
Достарыңызбен бөлісу: |