Жоспар: Жыныс мүшелерінің қалпына келуі



Дата29.03.2023
өлшемі19.27 Kb.
#471345
Лекция Босанғаннан кейінгі кезең


Тақырып: Босанғаннан кейінгі кезеңнің физиологиясы. Босанған ана мен нәрестеге күтім көрсету. Емшекпен емізу.
Жоспар:

  1. Жыныс мүшелерінің қалпына келуі.

  2. Босанған әйелдің күтімі.



  1. Босанғаннан кейінгі кезең плацента түскен уақыттан басталып, 6-8 аптаға (42 күнге) созылады. Бұл кезең ерте және кеш болып екіге бөлінеді. Ерте кезең - плацента түскен сәттен басталып, 24 сағатқа (1тәулікке) созылады. Ал кеш кезең - екінші тәуліктен бастап, 42 күнге созылады. Осы уақыт ішінде әйел организмінде жүктілікке, босануға байланысты болған өзгерістер біртіндеп жойылып, жыныс мүшелері бұрынғы қалпына келеді. Тек сүт бездерінің қызметі күшейеді.

Жатыр – бала жолдасы туылып шыққаннан кейін жиырылып, дөңгеленіп, түбі кіндік тұсынан анықталады (салмағы 1 кг, биіктігі шат қырынан 15 см). Күн өткен сайын жатыр жиырылып, түбі 1,5 см-ге (1 көлденең саусаққа) төмендеп отырады.
Босанғаннан кейінгі 1-ші күні жатыр түбі кіндік тұсында болса,
босанғаннан кейінгі 2-ші күні жатыр түбі кіндіктен 1,5 см – 1 к/с төмен тұрады;
3-ші күні – кіндіктен 3 см немесе 2 к/с төмен;
4-ші күні – кіндіктен 4,5 см немесе 3 к/с төмен тұрады;
5-ші күні жатыр түбі кіндік пен шаттың қақ ортасында анықталады;
6-шы күннен бастап жатыр түбі шаттан 4 к/с жоғары орналасады;
7-ші күні шаттан 3 к/с жоғары;
8-ші күні – 2 к/с жоғары;
9-шы күні 1 к/с жоғары;
10-шы күні – шат тұсында анықталады.
Келесі күндерден бастап жатыр кіші жамбас қуысына түсіп, сыртқы тексеру кезінде анықталмайды.
Босанғаннан кейін жатыр қуысынан қанды сұйықтық – лохия бөлінеді. Алғашқы 2-3 күнде лохия – таза қан болады, 4-5 күндері – қанды-сарысулы, 6-8 күндері сарысулы болады. Күн өткен сайын лохия құрамында қан азайып, түсі ағарып, мөлшері азайып, 10 күндері тоқтайды.
Бала емізетін әйелдерде лохияның кедергісіз бөлінеді, жатыры жақсы жиырылып, тез қалпына келеді. Ал бала емізбейтін әйелдерде бұл процесс төмен болады. Жатырдың жақсы жиырылуын - жатыр инволюциясы дейді. Жатырдың дұрыс жиырылмауын субинволюция деп атайды. Бұл жағдай бала емізбейтін әйелдерде немесе жатыр қуысында бала жолдасы қалдықтары, лохия кідіргенде, қуық, тік ішек уақытында босатылмағанда, әйел аз қимылдағанда байқалады.
Жатыр мойнының қалпына келуі ішкі жұтқыншақтың жабылуымен басталады. Ішкі жұтқыншақ 10-шы күнде жабылып, 2-3-ші апта аяғында сыртқы жұтқыншақ жабылады. Сөйтіп, босану кезінде 10 см-ге ашылған жатыр мойны қайта жабылып, қалыптасады.
Аналық без қызметі реттеліп, бала емізбейтін әйелдерде 6-8 аптадан кейін етеккір келеді. Бала емізетін әйелдерде етеккір кештеу, 6-8 айдан кейін, немесе баласын омыраудан шығарғаннан кейін келеді.
Сүт бездері қызметі күшейіп, алғашқы 2-3 күнде уыз бөлінеді. Уыз - сары түсті, қою, қоректі затқа бай болады. 3-4-ші күндері уыз біртіндеп ағарып сүтке айналады. Әйел сұйықтықты көп ішсе, сүт көп бөлінеді. Баласы шетінеген жағдайда немесе омыраумен емізбейтін жағдайда, сүттің бөлінуін тежеу үшін әйелге бромкриптин, микрофоллин дәрілері тағайындалады. Олар гипофизден пролактин гормонының синтезін тежейді.

  1. Босанған әйелдің тамыр соғуы минутына 70-75 рет, толымды, дем алысы 14-16 рет, қан қысымы қалыпты болады. Кіші дәретке алғашқы 3 күнде жие, әр үш сағат сайын отыруы керек. Себебі қуық, ішек гипотониясы болып, әйел қуығының толғанын сезбейді. Ішкен сұйығының бәрі емшекке сүт болып жиналатындықтан іші қатады. Тершеңдік байқалады. Қуықтың, ішектің жие босатылып тұруы, жатырдың жиырылуына жақсы әсер етеді. Қуық, ішек толып тұрса, жатырдың жиырылуына кедергі жасайды.

Қалыпты босанған әйелге еркін төсек режимі тағайындалады. Еркін режим, жеңіл жаттығулар жасау әйел денесінің қатаюына, лохияның кедергісіз шығуына әсер етіп, қабыну ауруларына қарсы қабілетін арттырады. Дегенмен босанған әйелдің жамбас түбі еттері қатайып, қалпына келгенінше ауыр көтеруге, қатты күшенуге болмайды. Ол жатырдың, қынап қабырғасының төмен түсуіне себепші болады.
Босанған әйелдер дәрет алған сайын, тазалық бөлмесінде жуынып тұрулары керек. Жыртылысы болып, астына тігіс салған әйелдерге алғашқы күндері құйрығына отыруға рұқсат етпейді. Себебі тігісі керіліп, сөгілуі мүмкін. Әйел баласын жатып немесе түрегеп тұрып емізеді. Тамағын түрегеп тұрып ішеді. Біртіндеп, күн өткен сайын құйрығының ұшынан отыруға, кейін тігісі бітісуіне қарай кеңейтіп, толық отыруға болады.
Босанған әйел іш көйлегін, төс көтергішін күн сайын, төсек орнын 3 күн сайын, астына салатын төсенішін күніне 6-5-4 рет ауыстырып отырады.
Күніне 2 рет қызуын, қан қысымын өлшеп, 1 рет тамыр соғуын, жатыр деңгейін, лохияның сипатын, мөлшерін, сүт бездерінің жағдайын анықтап отырады. Қуығын әрбір 3 сағат сайын босату керек. Үлкен дәрет 3 күн болмаса тазалық клизмасы қойылады, немесе ішті айдайтын дәрі беріледі.
Сүт бездерінің күтімі - бала емізер алдында емшек үрпісін сабынды сумен жуады. 2-3 тамшы сүтті жаялыққа тамызып жіберіп, 4*3*4 ережесімен емізеді. Бала еміп болған соң, қалдық сүтті сауып тастап, емшекті жуып, құрғатады. Сүт көп жиналса, ішетін сұйық мөлшерін азайтып, сұйық дәрет айдайтын дәрі береді. Әйел емшегін қыспайтын, мақта матадан тігілген шақ төскөтергіш киюі керек. Емшекті тартып байлауға болмайды. Ол омыраудың тамырларын қысып, қан айналымын бұзып, лактостаздың дамуына себепші болады.
Әйелдің жағдайы жақсы болса 3 күннен кейін перзентханадан үйге шығады. Үйге шыққан күннен бастап 3 күн ішінде учаскелік медбике немесе акушерка әйелге патронаж жасайды. Әйел операциямен ауыр босанса,патронажды дәрігермен бірге жасайды.
Перзентханадан шыққан әйел 10-шы және 30-шы тәулікте әйелдер кеңесіндегі гинекологке барып тексерілуі керек. Босанған әйел денесін жылы, таза ұстауы керек. Алғашқы 2 ай жыныстық қатынас болмайды. Ыстық моншаға түсуге болмайды. Тек душ қабылдайды. Бұның бәрі қабыну ауруларын алдын алуға бағытталғған іш шаралар.

Қолданылған оқулықтар:


Р.С. Бисенова «Акушерия»
А.Т.Раисова «Акушерия және гинекология»

Сұрақтарға жауап беріңдер:



  1. босанғаннан кейінгі ерте кезең ұзақтығы қандай?

  2. босанғаннан кейінгі кеш кезең ұзақтығы қандай?

  3. босанғаннан кейінгі І күні жатыр түбі қай деңгейде болады?

  4. жатыр күн сайын қандай көлемге жиырлып, кішірейеді?

  5. лохия сипаты қандай?

  6. жатырдың жақсы жиырлуына не әсер етеді?

  7. жатыр мойны жұтқыншағы қашан жабылады?

  8. жатыр шат артына, кіші жамбас қуысына қашан түседі?

  9. лохия қашан тиылады?

  10. омырау сүтін тежейтін дәрілерді ата

  11. босанған әйелдер күтімі қандай?

  12. баланы қалай емізеді?


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет