Кеңсай ауылдық округі бойынша 2012 жылдың 1 жарты жылдығында атқарылған жұмыстар жөнінде
2012 жылдың сәуір-маусым айлары тазалықтың екі айлығы болып жариялануына байланысты барлық елді мекендерде көркейту-көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Қараталдықтардың бастамасына қолдау көрсеткен Кеңсайлық тұрғындар округ бойынша 2000 түп түрлі ағаш көшеттерін отырғызды.
Кеңсай ауылының кіре берісіне «Жәнделі» саябағы жасалып, сырты қоршалып, ішіне 600 түп түрлі ағаш көшеттері, 50 түп шырша ағашы отырғызылды. Мектеп оқушылары гүлзарларға гүл егіп ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Барлық елді мекендерде ауылнайлар: Кеңсайда-Мұсанов Бақытхан, Жарсуда-Бықаев Талғатбек, Саржырада - Байжұманов Елдос көпшіліктің шешімімен сайланды.
Саржыралықтар ауыл ішіндегі үйінділерді тегістесе, Жарсулықтар ауылнай Бықаев Талғатбектің жеке бастамасымен Ералин Ғұмар атындағы көшеге тас төгіп, тегістеп жөндеді. Бұл жұмыстарды атқаруға аудандық мәслихаттың депутаты Тлеуберлин Жексенбай мырза жомарттық көрсетіп, аудандағы СМУ-Шығыс мекемесінің грейдерін алып келсе, Дэу-33 мекемесі (Оқасов С) өз техникасымен көмек жасады. Ауылдан 7 автомашина, бірнеше тракторлар шығып ауыл тұрғындары да қолдарынан келген көмектерін жасады. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей осы күні Жарсуда біршама жұмыстар атқарылды. Жарсу ауылының тумасы, мектеп директоры Қадылбек Жағыпаров биылғы жылы «Туған жерге тағзым» акциясы негізінде ҰОС аттанып, туған жеріне оралмаған боздақтарға арнап ескерткіш қоюды қолға алды. Мәрмар тасқа аттары жазылған ескерткіш тақта таяу күндері Жарсу ауылының көрнекті жерінен орын алады.
Мәдениет үйінде де (меңгерушісі Ибраев Манарбек) биылғы көктемде бірталай жұмыстар атқарылуда. Мәдениет үйі маңайы гүл құшағына оранған десе артық айтқандық емес. Тазалық пен жинақылық қай жағыңа қарасаң да үлкен орын алған.
Биылғы көктемде Кеңсайлықтар 1595 га жерге егін егуді жоспарлап отыр.
Қазыр егін себу науқаны аяқталып, көп жылдық шөпке бірінші су құю жұмысы жүріп жатыр.
Достарыңызбен бөлісу: |