МАЙДАНГЕР МЫРЗАБАЕВ
Еліміздің жарқын болашағы үшін Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарында толарсақтан қан кешіп, кеудесін оққа төсей жүріп, Ұлы Жеңіс күнін жақындатқан майдангер ардагердің бірі Шиелі ауданы Жөлек ауылының тумасы Шәмші Мырзабаев.
1941 жылы 22 шілде күні радиодан Ұлы Отан соғысы басталғанын, өмір мен өлім беттескенін хабарлады. Сөйтіп әлемді жалынға ораған соғыс өртін сөндіруді, бейбіт өмірімізді бұзған жауды талқандау үшін ел азаматтары қасиетті борыштарын атқаруға майданға жөнелтілді. Жауға қарсы аттанған жөлектіктердің қатарында енді ғана 18 жасқа толған бозбала Шәмші Мырзабаев та бар еді. Барлық майдандарда кескілескен қызу ұрыстар жүріп жатқанына қарамастан іріктелген бір топ жігіт, Ашхабадтағы жаяу әскерлер училищесінде дайындық сапына қабылданды. Арнайы дайындалған бұлар көп ұзамай бірінші Украина майданындағы генерал лейтенант Котюковтың армиясына қосылды. Алғаш рет Козятин қаласын азат ету ұрысына қатысты. Жас жауынгер қиямет арпалыстың бірінде өртенген танкіде жарақат алады. Өзі жеңіл деп есептегенімен ауруханада айға жуық жатады.
Ардагердің көз алдынан әлі күнге дейін Украина жерінде жанталаса арпалысқан сәт кетпейді. 1943 жылы майданның барлық жерінде жеңіс біздің әскерлердің қолына көше бастаған кез еді. Тұтқиылдан тап берген дұшпанды толық жеңу үшін білек түре шайқасуға тура келеді. Украина ормандарында жауды өкшелей қуған жеңімпаздар сапында бағыттаушы атқыш Шәмші Мырзабаев капитан В.Карипоновтың танк ротасында еді. Жауды өкшелей, ес жидырмай ентелеп келе жатқан бұлар желтоқсан айында Тернаполь қаласына жақындайды. Танк ротасына жаудың атыс ұяларын талқандау туралы тапсырма берілді. Танкистер таң сәріде межелеген жерге жетеді. Тернапольдің оңтүстік шығысындағы шағын хуторды қорғаныс шебіне айналдырған фашистер жауынгерлердің алдыңғы тобына зеңбіректен оқ жаудырады. Негізгі күштен бөлініп басқа бағытпен орағытып келген кеңес зеңбірекшілері танкистерге қосылып хутордағы жау тобырын атқылауға кірісті. Күтпеген жерден жаудың ауыр зеңбірегінен атылған оқ Шәкең танкісінің бүйірін тесіп жібереді. Құлақ тұндырар жарылыс пен от-жалыны қолқаны атар ащы түтіннен ол естен танып қалады. Ұзақ жатып емделгенімен оң аяғын сақтап қалу дәрігерлердің қолынан келмеді. Ақыры тізеден төмен кесуге шешім қабылдайды. Ерлігі үшін медальмен марапатталғанын да госпитальда естиді. 1945 жылы ордалы жыланның ұясы Рейхстагқа Жеңіс туын тіккенде Шәмші туған ауылында бухгалтерлік қызметін атқарып жүрген болатын. Сол Жеңіс жылы Ленин партиясының қатарына қабылданды. Кейіннен соғыстан алған жарақатынан зейнеткерлікке шықты.
Қаһармандық ерлік салты мен ерен еңбекті қастерлеу – ұлттық идеологиямыздың басты қайнары. Қазір біздің ашық аспан астында бейбіт өмір сүріп жатқанымыз – ерен ерлік көрсеткен аталарымыз бен ерен еңбектерін төккен аналарымыздың арқасы. Бүгінгі ұрпақ пен келер буын болашақта Отан Ана алдында ұлы борышын өтеген, ел еңсесін көтерген қастерлі есімдерді ұмытпақ емес. “Енді соғыс болмасын...” дейді Шәмші атамыз. Кеудесіндегі “Ұлы Отан соғысы”, “Қызыл жұлдыз” ордендері мен медальдары соғыстан хабар бергендей, бейбіт өмірдің де үлесі бар дегендей, сылдыр қағып, тізіле қалған.
– Иә, Ұлы Отан соғысы елге де, ерге де сын болды. Халық мыңдаған азаматтарын жоғалтып, бала әке мен шешеден айрылды. Ажал оғынан аман қалғандар ортамызға оралды. Олар соғыстан кейінгі кезеңде бейбіт еңбекке араласып, ел еңсесін көтеру жолында да аянбай қызмет жасады. Қаншама адам соғыс даласын мәңгілік мекен етіп қалды. Бірақ олардың рухы мәңгі жадымызда, олар – ұмытылмайды! – деп, ауыр күрсінді қария. «Ұлы Отан соғысының 1945 жылы жеңіспен аяқталғанына да 70 жылға таяп қалды. Осы бір даңқты Жеңіс күні – 9-шы Мамыр тарихымызға тереңдей еніп, алыстаған сайын оның ұлылығы сезіле бастайды. Ол жеңісті жақындатқан, әкелген Шәмші атамыз секілді оқ жұтқан, батыл, ержүрек, батыр да өжет аталарымыз. Олардың қаһармандық ерліктері – бүгінгі ұрпаққа өшпес белгі. “Адам мәңгі жасамайды, мәңгі жасайтын – оның ісі. “Елдің ісі – ердің мойнында” деген осы шығар. Шүкір, бәріне шүкір!» – дейді, қарт жауынгер.
Тарихтың сонау бір қаһарлы күнінің қатпарлы қойнауына үңілсек, Ұлы Отан соғысы адамзат тарихындағы ең үлкен трагедия екен. Сонау жаугершілік заманда біздің ата-бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен Отанын, туған жерін қасық қандары қалғанша сыртқы жаулардан қорғады. Тарихта мәңгі өшпес із қалдырған, екі жаққа да көп шығын алып келген Ұлы Отан соғысында да халықтың атпал ұлдары ата-бабаларымыздың ерлігін қайталады.
Қаншама боздақтар болашағы үшін қиян-кескі шайқаста жанын пида етті. Ел басына қиын-қыстау заман туып, халықтың зардап шеккен жылдары, яғни, 1941-1945 жылдар аралығында Германия мен Кеңес өкіметі арасында болған қантөгісте қазақ жауынгерлерінің ерлігі өлшеусіз. Олардың жасаған ерлігін еш нәрсемен салыстыруға да болмайды. Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқандар есімі мәңгі өшпейді, ұмытылмайды. Отанға деген сүйіспеншілік оларға өздерінің жауынгерлік борышын ақырына дейін орындап шығуға қуат берді. Олар өз қадір-қасиетін, тәуелсіздігі мен бостандығын қорғау үшін семсерін суырған Ұлы қазақ халқының қаһармандарына айналды. Ерлік көрсеткен қандастарымыздың есімдері кез келген отандастарымыздың жүрегінде сақталмақ. Жеңіс күнін бізге сыйлаған батыр ата-апаларымыздың алдында әрқашан бас иеміз. Ұлы Отан соғысында қайтыс болғандардың мәңгілік алауы маздап жанады. Бүгінгі арамызда жүрген батырларымызға қаншама қошемет көрсетсек те соғыс жылдарында көрген қиыншылықтың орнын толтыра алмасымыз анық. Ел басқарып отырған азаматтар оларға әркез құрметпен қарап, мереке қарсаңында құттықтап, алғыстарын жеткізуді жыл сайынғы дәстүрге айналдырған.
1942-1944 жылдар аралығында бауырлас Украина және Польша қалаларын азат етуде кейіпкеріміз Ұлы Жеңістің атаулы мерекелік медальдарымен, ордендерімен марапатталған. Елге оралған соң, Бәйгеқұм сельпосында, Сырдария совхозында есепші болып 1995 жылға дейін қызметін абыроймен атқарды. Жұбайы марқұм Базаркүл апа екеуі 8 бала өсіріп, қазір 28 немере, 9 шөбере сүйіп отыр.
Арада жыл өткен сайын Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің саны да азайып бара жатыр. Бізге бейбіт өмір сыйлаған майдангерлердің отаншылдық, батырлық қасиеттері, ерлігі кейінгі толқынға үлгі-өнеге. Олар әрқашан батыр майдангерлердің есімін мақтанышпен атайды.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
Достарыңызбен бөлісу: |