Жоба
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ЗАҢЫ
Кәсiптiк одақтар туралы
Осы Заң азаматтардың бірлесу бостандығына конституциялық құқығын іске асыруына, кәсіптік одақтарды құруға, олардың қызметіне, оларды қайта ұйымдастыруға және таратуға байланысты туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) аумақтық кәсіподақтар бірлестігі – аудан, қала, облыс, республикалық маңызы бар қала және астана деңгейіндегі кәсіподақтар бірлестігі;
2) әлеуметтік әріптестік – қызметкерлердің (қызметкерлер өкілдерінің), жұмыс берушілердің (жұмыс берушілер өкілдерінің), мемлекеттік органдардың арасындағы өзара қарым-қатынастың олардың еңбек қатынастарын және солармен тікелей байланысты өзге де қатынастарды реттеу мәселелері жөніндегі мүдделерін келісуді қамтамасыз етуге бағытталған жүйесі;
3) бастауыш кәсіподақ ұйымы – жергілікті немесе салалық кәсіподақтың тікелей ұйымдағы және осы ұйым қызметкерлері болып табылатын кәсіподақ мүшелерінен тұратын құрылымдық бөлімшесі;
4) жергілікті кәсіподақ – қызметкерлердің ортақ өндірістік-кәсіптік мүдделермен байланысты бірлестігі;
5) кәсіподақ мүшесі – әскери қызметшілерді, ұлттық қауіпсіздік органдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін және судьяларды қоспағанда, кәсіподақтың құрамына кіретін, оның жарғысын мойындайтын және сақтайтын, мүшелік кәсіподақ жарнасын төлейтін жеке тұлға;
6) кәсiптiк одақтар (кәсіподақтар) – өндірістік-салалық қағидат бойынша өздерiнiң кәсiптiк мүдделерiнiң ортақтығы негiзiнде өз мүшелерiнiң еңбек және әлеуметтiк құқықтары мен мүдделерiн бiлдiру және қорғау үшін азаматтар ерiктi түрде құратын дербес, тiркелген жеке мүшелiгi бар қоғамдық бiрлестiктер;
7) кәсіподақ органы – кәсіподақтың жарғысына сәйкес құрылған атқарушы орган;
8) мүшелік ұйым – осы Заңда айқындалған тәртіппен салалық кәсіподақтың, аумақтық, республикалық кәсіподақтар бірлестігінің құрамына қатысушы ретінде кіретін, оның жарғысын мойындайтын және сақтайтын кәсіподақ, аумақтық кәсіподақтар бірлестігі;
9) республикалық кәсіподақтар бірлестігі – салалық кәсіподақтардың бірлестігі;
10) салалық кәсіподақ – ортақ өндірістік-кәсіптік мүдделермен байланысты, қызметтің бір саласы (экономикалық қызмет түрлері немесе кіші түрлері) және онымен сабақтас салалар қызметкерлерінің бірлестігі.
2-бап. Қазақстан Республикасының кәсiподақтар туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының кәсіподақтар туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгендерден өзге қағидалар белгiленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
3-бап. Осы Заңның адамдардың жекелеген санаттары үшін қолданылу ерекшелiктерi
Осы Заңның ережелерi республикадан тыс жерде қызметтік iссапарда жүрген Қазақстан Республикасының азаматтарына, сондай-ақ кәсіподақ құру және оның қызметін қаржыландыру құқығы шектеле отырып, Қазақстан Республикасында тұратын және жұмыс iстейтiн шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға қолданылады.
Шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың мүшелік кәсiподақ жарналарын төлеуі Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең шарттарда жүргізіледі.
4-бап. Кәсiподақтар құру бостандығы
Қазақстан Республикасы азаматтарының кәсiподақтарға бiрiгуге құқығы бар.
Кәсiподақтар өз мүшелерiнiң тең құқықтылығы негiзiнде құрылады. Бiр сала, ұйым шеңберiнде құрылатын кәсiподақтардың саны шектелмейді.
Барлық кәсiподақтарға бір мәртебе шеңберінде тең құқықтық мүмкiндiктер берiледi.
Кәсiподақ құруға кедергi келтiруге, оның қызметiне қарсы іс-қимыл жасауға, тиісінше оның ішкі істеріне араласуға жол берілмейді.
5-бап. Кәсiподақтарды құру және олардың өзара қарым-қатынас жасау қағидаттары
Кәсiподақтар өндiрiстiк-салалық қағидат бойынша құрылады.
Кәсiподақтар жарғыларын, құрылымын дербес әзірлейді және бекітеді, кәсіподақ органдарын құрады, өз қызметін ұйымдастырады, жиналыстар, конференциялар, съездер және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен тыйым салынбаған басқа да іс-шараларды өткізеді.
Кәсіподақтар өз қызметінде барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардан, саяси партиялардан, жұмыс берушілер мен олардың бірлестіктерінен тәуелсіз болады, олардың бақылауында болмайды және оларға есеп бермейді.
6-бап. Кәсiподақтардың халықаралық байланыстары
Кәсiподақтар жарғылық мақсаттар мен мiндеттерге сәйкес халықаралық кәсiподақ бiрлестiктерiне кiруге, шетелдік кәсiподақтармен және еңбекшілердің құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласында жұмыс істейтін өзге де ұйымдармен ынтымақтастық жасауға, олармен шарттар мен келiсiмдер жасасуға құқылы.
7-бап. Азаматтарды кәсiподақтарға тиесілілік белгiсi бойынша кемсiтушiлiкке тыйым салу
Кәсiподақтарға тиесілілік азаматтардың Қазақстан Республикасының заңнамасымен кепiлдiк берiлетiн еңбек, әлеуметтiк-экономикалық, саяси, жеке құқықтары мен бостандықтарын қандай да бiр шектеуге әкеп соқпайды.
Қызметкердің кәсiподаққа тиесілілігі, оған кiруі немесе одан шығуы себебiнен жұмысқа қабылдау кезінде кемсітушілікке, жұмыста жоғарылатуға, сондай-ақ жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзуға тыйым салынады.
Адамдарды кәсіподаққа кіруден қалыс қалуға, бір кәсіподақтан шығып, басқасына кіруге, кәсіподақты өз бетінше таратуға мәжбүрлеу мақсатында оларға қоқан-лоқы көрсетіп немесе басқа да заңсыз іс-әрекеттермен ықпал етуге тыйым салынады.
2-тарау. Кәсiподақтарды құру, қайта
ұйымдастыру және тарату
8-бап. Кәсіподақ құру
Кәсiподақ өздерінің кәсіптік және өндірістік мүдделерінің ортақтығымен байланысты жарғы бекiтiлетін және кәсіподаққ органдары құрылатын құрылтай съезiн (конференция, жиналыс) шақыратын кемiнде он адамнан тұратын азаматтар тобының бастамасы бойынша құрылады.
Мүшелiкке өту және одан айыру шарттары мен тәртiбi кәсiподақтың жарғысында айқындалады.
Кәсiподақтың заңды тұлға ретiндегі құқық қабiлеттілігі мемлекеттік тiркелген кезден бастап пайда болады.
9-бап. Кәсіподақтың жарғысы
1. Кәсіподақтың жарғысында:
1) кәсіподақтың атауы, орналасқан жері, қызметінің нысанасы мен мақсаттары;
2) жеке тұлғалардың мүшелігі, мүшелікке өту және одан айырылу, одан шығу шарттары мен тәртібі;
3) мүшелік ұйым ретінде салалық кәсіподаққа, республикалық кәсіподақтар бірлестігіне мүшелік;
4) кәсіподақтың ұйымдық құрылымы;
5) кәсіподақ органдарын қалыптастыру тәртібі, олардың құзыреті және өкілеттіктерінің мерзімдері;
6) кәсіподақтың және оның мүшелерінің құқықтары мен міндеттері, оның ішінде әлеуметтік әріптестік органдарды, кәсіподақтар мен олардың өзі мүшелік ұйымы болып табылатын бірлестіктерінің органдары қабылдайтын шешімдерді орындаудың міндеттілігі;
7) кәсіподақтың ақшалай қаражаты мен өзге де мүлкінің қалыптасу көздері, кәсіподақтың мүлікті басқару бойынша құқықтары;
8) мүшелік кәсіподақ жарналарын төлеу және оларды бөлу тәртібі;
9) өз мүшелеріне ақшалай қаражаттың түсуі және жұмсалуы туралы хабарлау тәртібі;
10) кәсіподақтың жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі;
11) кәсіподақты қайта ұйымдастыру және тарату туралы шешім қабылдау тәртібі, сондай-ақ кәсіподақ таратылған жағдайда мүлікті пайдалану тәртібі көзделуге тиіс.
2. Жарғыда кәсіподақ қызметінің нысанасына қатысты және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де ережелер көзделуі мүмкін.
10-бап. Кәсіподақтарды мемлекеттік тіркеу
1. Кәсіподақтарды мемлекеттiк тiркеу Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
Кәсіподақты мемлекеттiк тiркеу үшін қажеттi құжаттар кәсіподақтың құрылтай съезi (конференциясы, жиналысы) өткiзiлген күннен бастап екі айдан кешiктiрiлмей тiркеушi органға ұсынылады.
2. Республикалық, аумақтық кәсіподақтар бірлестігі, салалық және жергілікті кәсіподақ тiркелген күнiнен бастап алты ай өткенге дейін өзін тіркеген органға осы Заңның 12-бабының 1-тармағында, 13-бабының 2-тармағында, 14-бабының 1 және 2-тармақтарында, 15-бабының 1-тармағында көзделген талаптарға сәйкестікті растайтын құжаттардың көшірмелерін ұсынуға міндетті.
3. Осы баптың 2-тармағында көзделген талаптарды орындамау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен кәсіподақтарды мемлекеттiк тiркеудің күшiн жоюға әкеп соғады.
4. Тіркеуші органның шешімдеріне сот тәртібімен шағымдануға болады.
11-бап. Кәсiподақты қайта ұйымдастыру және тарату
Кәсiподақты қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
3-тарау. Кәсіподақтардың және олардың бірлестіктерінің мәртебесі
12-бап. Республикалық кәсіподақтар бірлестігі
1. Облыстар аумағының жартысынан астамында мүшелік ұйымдары бар республикалық кәсіподақтар бірлестігін салалық кәсіподақтар Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес ерiктi негiзде құрады.
2. Республикалық кәсіподақтар бірлестігі республикалық деңгейдегі әлеуметтік әріптестікте қызметкерлердің өкілетті өкілі болып табылады.
3. Республикалық кәсіподақтар бірлестігі кәсіподақтардың қызметінің құқықтық кепілдіктерін республикалық деңгейде қамтамасыз етуге, кәсіподақтар мүшелерінің әлеуметтік, еңбек құқықтары мен мүдделерін білдіру және қорғау мәселелерінде мүшелік ұйымдардың іс-қимылын үйлестіруге жәрдемдеседі.
4. Республикалық кәсіподақтар бірлестігінің негізгі функциялары:
1) өзінің мүшелік ұйымдарының құқықтары мен мүдделерін білдіреді, қорғайды;
2) республикалық кәсіподақтар бірлестігіне кіретін кәсіподақтар қызметінің негізгі бағыттарын, стратегиясын әзірлейді және айқындайды;
3) әлеуметтік әріптестіктің барлық деңгейлерінде әлеуметтік әріптестік жүйесін дамытуға жәрдемдеседі;
4) республикалық жұмыс берушілер бірлестігімен және Қазақстан Республикасының Үкіметімен Бас келісім жасасу кезінде әлеуметтік әріптестіктің тарапы болып әрекет етеді, жобаны дайындау және оны жасасу жөніндегі келіссөздерге қатысады;
5) әлеуметтік әріптестік жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның жұмысына қатысады;
6) мүшелік ұйымдармен ынтымақтастық жасайды және оларға шетелдік, халықаралық кәсіподақ бірлестіктерімен және еңбекшілердің құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласында жұмыс істейтін өзге де ұйымдармен байланыс орнатуға жәрдемдеседі;
7) жарғылық мақсаттарды іске асыруға бағытталған өзге де функцияларды жүзеге асырады.
5. Республикалық кәсіподақтар бірлестігі өзінің мүшелік ұйымдары үшін кәсіподақтардың үлгілік жарғысын бекітуге құқылы.
13-бап. Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі
1. Аумақтық кәсіподақтар бірлестігін кәсіподақтар Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес ерiктi негiзде құрады.
2. Облыс, республикалық маңызы бар қала және астана деңгейіндегі аумақтық кәсіподақтар бірлестігі республикалық кәсіподақтар бірлестігінің мүшелік ұйымы болып табылады.
Аудан, қала деңгейіндегі аумақтық кәсіподақтар бірлестігі облыс, республикалық маңызы бар қала және астана деңгейіндегі тиісті аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің мүшелік ұйымы болып табылады.
3. Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі өңірлік деңгейдегі әлеуметтік әріптестікте қызметкерлердің өкілетті өкілі болып табылады.
4. Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің негізгі функциялары:
1) өзінің мүшелік ұйымдарының құқықтары мен мүдделерін білдіреді, қорғайды;
2) өңірлік деңгейде әлеуметтік әріптестік жүйесін дамытуға жәрдемдеседі;
3) өңірлік жұмыс берушілер бірлестігімен және Қазақстан Республикасының жергілікті атқарушы органдарымен өңірлік келісім жасасу кезінде әлеуметтік әріптестік тарапы болып әрекет етеді, жобаны даярлау және оны жасау жөніндегі келіссөздерге қатысады;
4) әлеуметтік әріптестік жөніндегі өңірлік үшжақты комиссияның жұмысына қатысады;
5) жарғылық мақсаттарды іске асыруға бағытталған өзге де функцияларды жүзеге асырады.
14-бап. Салалық кәсіподақ
1. Салалық кәсіподақты сала қызметкерлерінің немесе ұйымдарының жалпы санының кемінде жартысын біріктіретін немесе облыстардың жартысынан астамының аумағында құрылымдық бөлiмшелерi, ұйымдық мүшелері бар, ортақ өндірістік-кәсіптік мүдделермен байланысты, бір қызмет саласының және онымен сабақтас салалардың қызметкерлері құрады.
2. Салалық кәсіподақ республикалық кәсіподақтар бірлестігінің мүшелік ұйымы болып табылады және салалық деңгейдегі әлеуметтік әріптестікте қызметкерлердің өкілетті өкілі болып табылады.
3. Салалық кәсіподақтың негізгі функциялары:
1) өз мүшелерінің, мүшелік ұйымдарының еңбек және әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін білдіреді, қорғайды;
2) салалық деңгейде әлеуметтік әріптестік жүйесін дамытуға жәрдемдеседі;
3) салалық жұмыс берушілер ұйымдарының өкілетті өкілдерімен және Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдарымен салалық келісім жасасу кезінде әлеуметтік әріптестік тарапы болып әрекет етеді, жобаны даярлау және оны жасау жөніндегі келіссөздерге қатысады;
4) әлеуметтік әріптестік жөніндегі салалық үшжақты комиссияның жұмысына қатысады;
5) жарғылық мақсаттарды іске асыруға бағытталған өзге де функцияларды жүзеге асырады.
4. Салалық кәсіподақ филиалдары мен өкілдіктері салалық кәсіподақтың атынан және оның өкілеттігі шегінде қызметкерлердiң өңiрлiк деңгейде келіссөздер жүргізу жөніндегі өкiлеттi өкiлдерi болып табылады.
15-бап. Жергілікті кәсіподақ
1. Жергілікті кәсіподақты, әдетте, ортақ өндірістік-кәсіптік мүдделермен байланысты, бір ұйымның қызметкерлері құрады.
Жергілікті кәсіподақ салалық кәсіподақтың мүшелік ұйымы болып табылады.
2. Жергілікті кәсіподақ ұйым деңгейіндегі әлеуметтік әріптестікте қызметкерлердің өкілетті өкілі болып табылады.
16-бап. Бастауыш кәсіподақ ұйымы
Кәсіподақтың бастауыш ұйымы ұйымда құрылады, кемінде үш адамнан тұрады және заңды тұлға құрмай, жергілікті немесе салалық кәсіподақтың құрылымдық бөлімшесі және ұйым деңгейіндегі әлеуметтік әріптестікте қызметкерлердің өкілетті өкілі болып табылады.
Бастауыш кәсіподақ ұйымын құру, қызметін тоқтату тәртібі, құқықтары мен міндеттері жергілікті немесе салалық кәсіподақтың жарғысына және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бастауыш кәсіподақ ұйымы туралы ережеде айқындалады.
4-тарау. Кәсiподақтардың құқықтары мен міндеттері, кепiлдiктерi
17-бап. Кәсiподақтардың құқықтары
1. Кәсiподақтардың:
1) өз мүшелерiнiң құқықтары мен мүдделерiн білдіруге және қорғауға, сондай-ақ мемлекеттiк органдармен өз өкілеттігі шегінде жұмыс берушілермен, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерімен (қауымдастықтарымен, одақтарымен) және өзге қоғамдық ұйымдармен өзара қатынастарда қызметкерлердің өкілі болуға;
2) өз мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін сотқа талап қоюға, медиация жүргізу кезінде, сотта, төрелікте немесе аралық сотта, басқа органдарда олардың мүдделерiн қорғауға, оларға өзге де құқықтық көмек көрсетуге, заң консультацияларын және басқа да құқықтық көмек қызметтерін құруға;
3) мемлекеттiк органдарға олар қабылдаған, кәсiподақ мүшелерiнiң құқықтары мен заңды мүдделерiне қысым жасайтын құқықтық актiлердiң толық немесе iшiнара күшiн жою не оларды өзгерту туралы өтiнiш жасауға;
4) мемлекеттiк органдардың кәсiподақ мүшелерiнiң құқықтары мен заңды мүдделерiне қысым жасайтын актiлерi жөнiнде сотқа шағым жасауға;
5) еңбек дауларын сотқа дейін шешуге қатысуға;
6) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына және Қазақстан Республикасының медиация туралы заңнамасына сәйкес жеке және ұжымдық еңбек дауларын шешуге қатысуға;
7) өз мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделерiнің сақталуына қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға;
8) келіссөздер жүргізуге, келісімдерді, ұжымдық шарттарды дайындауға және жасауға;
9) ақша қорларын қалыптастыруға;
10) еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі комитет (комиссия) құрамында еңбекті қорғау талаптарын қамтамасыз ету, өндірістік жарақаттану мен кәсіптік аурулардың алдын алу бойынша жұмыс берушімен бірлескен іс-қимыл ұйымдастыруға, сондай-ақ жұмыс орындарындағы еңбек жағдайы мен еңбекті қорғауға тексеру жүргізуге;
11) азаматтардың еңбек және әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге қатысуға;
12) өз өкiлдерi арқылы өз кәсiподағы мүшелерiнiң кәсiпорындары мен жұмыс орындарында болуға;
13) заңда белгiленген тәртiппен жиналыстар, митингiлер, көше шерулерiн, демонстрациялар, ереуiлдер ұйымдастыруға және өткiзуге;
14) уәкілетті мемлекеттік органдарға кәсіподақтар туралы заңнаманы бұзатын, келісімдерде, ұжымдық шарттарда көзделген міндеттемелерді орындамайтын тұлғаларды жауаптылыққа тарту жөнінде ұсыныстар енгізуге;
15) баспа қызметiмен айналысуға, баспасөзде және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында, кәсiпорындарда өз қызметiн жариялауға;
16) меншiкке ие болуға;
17) егер бұл жарғы мақсатына сәйкес келсе, өндiрiстiк және шаруашылық қызметтi жүзеге асыруға құқығы бар.
2. Қазақстан Республикасының заңнамасында, жұмыс берушiлермен жасалатын келiсiмдер мен шарттарда кәсiподақтардың өзге де құқықтары белгiленуi мүмкiн.
3. Мемлекет кәсiподақтардың құқықтары мен мүдделерiн қорғауды жүзеге асырады және олардың қызметiнің кепiлдiктерін белгiлейдi.
18-бап. Кәсiподақтардың міндеттері
Кәсiподақтар:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасын және жарғының ережелерін, кәсіподақ органдарының шешімдерін сақтауға;
2) ұжымдық шарт, салалық, өңірлік, бас келісімдер бойынша өз міндеттемелерін орындауға;
3) өкілеттіктері шектерінде әлеуметтік-еңбек жанжалдарының алдын алу жөнінде шаралар қолдануға;
4) кәсiподақ мүшелерінің заңнамада белгіленген жиналыстар, митингiлер, көше шерулерiн, демонстрациялар, ереуiлдер мен басқа да акцияларды ұйымдастыру мен өткiзу тәртібін сақтауын қамтамасыз етуге;
5) кәсiподақ мүшелері арасында олардың құқықтық, оның ішінде Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы негіздері бойынша сауаттылығын арттыру, еңбек дауларында келіссөздер жүргізе алу және пәтуаға қол жеткізу дағдыларын дамыту жөнінде түсіндіру жұмысын жүргізуге;
6) қызметкерлердің ішкі еңбек тәртіптемесі мен еңбек тәртібі қағидаларын, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қағидаларын сақтауына жәрдемдесуге;
7) өз мүшелеріне ақшалай қаражаттың жарғыда айқындалған шарттарда және тәртіппен түсуі және жұмсалуы туралы хабарлауға міндетті.
19-бап. Кәсiподақ мүшелерiнiң еңбек және әлеуметтiк құқықтары мен мүдделерiн қорғау
Кәсiподақтар жұмыс берушіден тәуелсіз болып табылады және кәсіподақ органдары арқылы жұмыс берушімен қатынаста өз мүшелерiнің атынан өкілдік етеді, олардың еңбек және әлеуметтiк құқықтары мен мүдделерiн:
1) құқықтық және консультациялық, оның ішінде кәсiподақ мүшесi жұмыс берушiмен еңбек шартын жасасқан кезде көмек көрсету;
2) еңбек шартын тоқтатудың негізділігі туралы дәлелді пікір білдіру, өз мүшелерінің еңбек жағдайларын ұжымдық шартқа, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес келісу;
3) өз мүшелерiнiң құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерiн қорғау үшін сотқа өтінішпен жүгiну;
4) өз мүшелерi атынан, сондай-ақ шарттық негізде оған уәкілеттік берген қызметкерлердің атынан жұмыс берушiмен ұжымдық шарт, келiсiм жасасу;
5) жеке еңбек дауларын қарау жөніндегі келісім комиссиясының, ұжымдық еңбек дауларын қарау кезінде бітімгерлік комиссиясының және еңбек төрелігінің құрамына қатысу арқылы қорғайды.
Өз мүшелерiнiң еңбек және әлеуметтiк құқықтары мен мүдделерiн қорғау мақсаттарында кәсiподақтар Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн барлық басқа да тәсілдерді пайдалана алады.
Кәсiподақ өз мүшелерiнiң отбасыларына да көмек көрсетедi.
20-бап. Кәсіподақтардың республикалық, салалық, өңірлік деңгейлерде және ұйым деңгейінде әлеуметтік әріптестікке қатысуы және қабылданған шешімдердің орындалуына мониторинг жасау
1. Кәсіподақтар әлеуметтік әріптестікке:
1) әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық, салалық, өңірлік үшжақты комиссиялардың жұмысына қатысу;
2) келісімдер мен ұжымдық шарттардың жобаларын әзірлеу және оларды жасасу;
3) жұмыс берушілермен, олардың бірлестіктерімен (қауымдастықтарымен, одақтарымен), еңбек қатынастарын және олармен тікелей байланысты өзге де қатынастарды реттеу мәселелері жөніндегі мемлекеттік органдармен консультациялар (келіссөздер) жүргізу, қызметкерлердің еңбек саласындағы құқықтарына кепілдіктерді қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын жетілдіру жолымен қатысады.
2. Кәсіподақтар қабылдайтын шешімдер, ұжымдық шарттардың ережелері әлеуметтік әріптестік органдары қабылдайтын шешімдерге және бас, салалық және өңірлік келісімдердің ережелеріне сәйкес болуы тиіс.
3. Кәсіподақтар қабылдаған шешімдердің орындалу мониторингін жоғары деңгейдегі кәсіподақтар:
1) жергілікті кәсіподақтар қабылдаған шешімдерді – олардың мүшелік ұйымы болып табылатын салалық кәсіподақтар;
2) аумақтық кәсіподақтар бірлестіктері, салалық кәсіподақтар қабылдаған шешімдерді – олардың мүшелік ұйымы болып табылатын республикалық кәсіподақтар бірлестіктері жүзеге асырады.
21-бап. Кәсiподақ мүшелерi құқықтарының сақталуына қоғамдық бақылауды жүзеге асыру
1. Кәсiподақтар өз мүшелерiнiң, сондай-ақ шарттық негізде өздерінің мүдделерін білдіруге өкілеттік берген басқа да қызметкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерiнiң сақталуына қоғамдық бақылауды жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуына қоғамдық бақылау Қазақстан Республикасы Еңбек кодексiне сәйкес жүзеге асырылады.
Жүргiзiлетiн қоғамдық бақылауға жұмыс берушiнің тарапынан қарсы іс-әрекеттің жасалуына және кедергi келтірілуіне жол берілмейді.
2. Кәсіподақтар бес жылда кемінде бір рет өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша мерзімдік аттестаттауға қатысуға жіберілуге тиіс.
3. Кәсіподақтың уәкілетті өкілі өндірістегі жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру жөніндегі комиссияның құрамына кіреді.
4. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша ішкі бақылауды жүзеге асыру мақсаттарында кәсіподақтар тепе-теңдік негізде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі комитеттің (комиссияның) құрамына кіреді.
22-бап. Кәсiподақтардың талаптар қоюы, ереуiлдер, жиналыстар, митингiлер, көше шерулерiн, демонстрациялар ұйымдастыру және өткiзу
1. Кәсiподақтардың Қазақстан Республикасы Еңбек кодексiнде айқындалған тәртіпті сақтай отырып және жағдайларда талаптар қоюға құқығы бар.
2. Егер бiтiмгерлiк рәсiмдер арқылы ұжымдық еңбек дауын шешуге қол жеткiзiлмесе, сондай-ақ жұмыс берушi бiтiмгерлiк рәсiмдерден жалтарған не дауды шешу барысында қол жеткiзiлген келiсiмдi орындамаған жағдайларда кәсiподақтар ереуiл өткiзу туралы шешiм қабылдай алады.
Бұл ретте сот заңсыз деп таныған ереуілге қызметкерлердің қатысуын жалғастыруға шақыруға тыйым салынады.
3. Кәсiподақтар Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртiппен бейбiт жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастырады және өткiзеді.
4. Кәсiподақтар бiрлескен наразылық акцияларын өткiзу үшiн өздерiнiң күш-жiгерiн бiрiктiрiп, басқа кәсiподақтармен және қызметкерлер топтарымен ынтымақтастық белгiсi ретiнде осындай акциялар өткiзе алады.
23-бап. Бұқаралық ақпарат құралдары саласында қызметті жүзеге асыру
Кәсiподақтардың бұқаралық ақпарат құралдарын ұйымдастыру және олардың қызметі Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
24-бап. Кәсiподақтардың ақша қорлары
Кәсiподақтар меншікті және сырттан тартылған қаражат есебiнен кәсiподақтардың жарғылық мiндеттерi мен мақсаттарын іске асырудан туындайтын іс-шараларды қаржыландыруға арналған әлеуметтiк-экономикалық мақсаттағы ақша қорларын қалыптастыра алады.
25-бап. Кәсiподақтардың мемлекеттiң әлеуметтiк саясатын қалыптастыруға қатысуы
Кәсiподақтар жұмыссыздыққа қарсы күрес және жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету бағдарламаларын қоса алғанда, өз мүшелерiн әлеуметтiк қорғау, жұмыстан босатылатын қызметкерлердi қорғау жөнiндегi жоспарлар мен бағдарламаларды, ең төменгі күнкөрiс деңгейін белгiлеу және оны сақтау, табыстарды индекстеу, жалақының, зейнетақылардың, стипендиялардың және жәрдемақылардың ең төменгі деңгейiн арттыру жөнiндегi іс-шараларды әзiрлейдi, оларды тиiстi мемлекеттiк органдарға ұсыныстар ретiнде енгiзедi.
26-бап. Кәсiподақтар қызметiнiң кепiлдiктерi
Мемлекет кәсiподақтарға берiлген құқықтардың және олардың қызметі кепiлдіктерінің сақталуын қамтамасыз етедi.
Мақсаты кәсiподақтарды қандай да бiр органдарға және ұйымдарға тiкелей немесе жанама бағындыру немесе олардың құқықтарын шектеу болып табылатын, сондай-ақ заңда және кәсiподақтардың жарғысында (өзге де негiз болатын құжаттарда) көзделген қызметiне кедергi келтіретін кез келген іс-әрекетке тыйым салынады.
Мемлекеттiк органдар, жұмыс берушілер (бірлестіктер, қауымдастықтар, одақтар) кәсiподақ органына, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қорғалатын ақпаратты қоспағанда, кәсіподақ мүшелерiнiң құқықтарын қорғауға байланысты мәселелер бойынша ақпарат беруге мiндеттi.
Ұжымдық шартта көзделген жағдайларда жұмыс беруші, жергілікті кәсіподаққа, бастауыш кәсіподақ ұйымына мәдени-көпшілік және дене шынықтыру-сауықтыру жұмысына ақшалай қаражат аударады.
27-бап. Кәсіподақ органдарына сайланған және негізгі жұмысынан босатылмаған адамдарға арналған кепілдіктер
1. Негізгі жұмысынан босатылмаған, сайланбалы кәсіподақ органдарының мүшелерін олар мүшелерi болып табылатын кәсiподақ органының дәлелді пікірінсіз тәртiптiк жазаға тартуға болмайды. Негізгі жұмысынан босатылмаған кәсіподақ органының басшысын (төрағасын) жоғары тұрған кәсіподақ органының дәлелді пікірінсіз тәртіптік жауапкершілікке тартуға болмайды.
2. Заңды тұлға таратылған не жұмыс берушінің қызметі тоқтатылған жағдайларды қоспағанда, негізгі жұмысынан босатылмаған, сайланбалы кәсіподақ органдарының мүшелерін жұмыс берушінің бастамасы бойынша жұмыстан босатуға еңбек шартын бұзудың жалпы тәртібі сақталған кезде, осы адамдар мүшесі болып табылатын кәсіподақ органының дәлелді пікірін ескере отырып жол беріледі. Заңды тұлға таратылған не жұмыс берушінің қызметі тоқтатылған жағдайларды қоспағанда, негізгі жұмысынан босатылмаған кәсіподақ органының басшысын (төрағасын) жұмыс берушінің бастамасы бойынша жоғары тұрған кәсіподақ органының дәлелді пікірінсіз жұмыстан босатуға болмайды.
3. Тәртіптік жаза қолдану және осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген адамдармен еңбек шартын бұзу туралы жұмыс берушінің актісін шығарған кезде кәсіподақ органының дәлелді пікірін ескеру Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес жүргізіледі.
4. Сайланбалы лауазымдарға сайлануына орай жұмыстан босатылған адамдарға сайланбалы лауазымдағы жұмыс кезеңіне еңбек шартының қолданысы тоқтатыла тұрады. Сайланбалы лауазымға сайланған адамның лауазымында жұмыс істейтін адаммен жұмыста жоқ қызметкерді алмастыру уақытына еңбек шарты жасалады.
5. Ұжымдық шарттарда кәсіподақ органдарының сайланбалы және басқа мүшелері үшін басқа да кепілдіктер көзделуі мүмкін.
6. Кәсіподақ органдарының мүшелерi өз мүшелерiнiң мүдделерінде қоғамдық мiндеттердi орындау үшiн кәсiподақ оқуы, кәсiподақтар шақыратын съездерге, конференцияларға, сондай-ақ олардың пленумдарының, төралқаларының жұмысына делегаттар ретiнде қатысуы кезінде негізгі жұмыстан босатылады. Босату шарттары және ақы төлеу тәртiбi ұжымдық шарттарда және келiсiмдерде көзделедi.
5-тарау. Кәсiподақ органдары
28-бап. Кәсіподақ органдарының өкiлеттiктерi
Кәсіподақ органдарының өкілеттіктері кәсіподақтың жарғысында айқындалады.
Келісімдерге және ұжымдық шарттарға сәйкес кәсіподақ органдары мен жұмыс берушілер ұйымдардағы басқа да әлеуметтік-еңбек, экономикалық мәселелерді шеше алады.
29-бап. Кәсiподақ органдарының қызметі үшін материалдық жағдайлар
Кәсiподақ органының материалдық жағдайлары жарғының, ұжымдық шарттың немесе келiсiмнің негiзiнде айқындалады.
Кәсiподақ мүшелерінің өздерi кәсіподаққа берген мүлiкке, оның iшiнде мүшелiк жарналарға құқықтары жоқ.
30-бап. Кәсiподақ жарналары
Кәсiподақ ұйымның қызметiне нұқсан келтiрмей, жұмыс және оқу орны бойынша кәсiподақ жарналарын жинауға құқылы.
Жұмыс беруші тараптардың келісімі бойынша және кәсіподақ мүшелері болып табылатын қызметкерлердің жазбаша өтініштері болған кезде, айына кемінде бір рет, келесі айдың бірінші онкүндігінен кешіктірмей қызметкерлердің жалақысынан мүшелік кәсіподақ жарналарын кәсіподақтың есепшотына аударады.
Кәсіподақ жарналары кәсіподақтың меншігі болып табылады.
6-тарау. Кәсiподақтардың меншiгi, олардың
шаруашылық және қаржылық қызметi
31-бап. Кәсiподақтардың меншiгi
Кәсiподақтардың меншiгiн Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен құрылған, алынған немесе оған берілген мүлік құрайды.
Кәсіподақ меншігін қалыптастыру көзі:
1) мүшелік жарналардан түсімдер;
2) ерікті мүліктік жарналар және қайырмалдық;
3) заңда тыйым салынбаған өзге де түсімдер болып табылады.
Кәсiподақтар өздерiне меншiк құқығымен тиесiлi мүлiкті кәсіподақтар мүшелерінің мүдделеріне орай иеленедi, пайдаланады және оларға билiк етедi.
Кәсiподақтар өз кезегiнде кәсiподақтардың мiндеттемелерi бойынша жауап бермейтін мемлекеттiң, жұмыс берушiлердiң, басқа да шаруашылық жүргізуші субъектiлердің мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.
Кәсіподақтардың ақшалай қаражатының көздері, қалыптастыру және жұмсау тәртібі кәсіподақтың жарғысында айқындалады. Кәсіподақтардың қаржылық қызметі олардың жарғыларына сәйкес жүзеге асырылады.
32-бап. Кәсiподақтардың өндiрiстiк және шаруашылық қызметi
Жарғылық мақсаттарға қол жеткiзуге қызмет ететіндіктен, кәсiподақтардың өндiрiстiк және шаруашылық қызметтi жүзеге асыруға құқығы бар.
7-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер
33-бап. Қазақстан Республикасының кәсіподақтар туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілік
Қазақстан Республикасының кәсіподақтар туралы заңнамасын бұзған жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
34-бап. Өтпелі ережелер
Кәсіподақтар осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап бір жыл ішінде осы Заңның талаптарына сәйкес өздерінің ұйымдық құрылымдарына және құрылтай құжаттарына тиісті өзгерістер енгізуге міндетті.
35-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi
1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
2. «Кәсiптiк одақтар туралы» 1993 жылғы 9 сәуiрдегі Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1993 ж., № 8, 200-құжат; 1995 ж., № 20, 121-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2002 ж., № 15, 147-құжат; 2007 ж., № 9, 67-құжат; 2009 ж., № 8, 44-құжат; 2013 жылғы 4 шілдеде «Егемен Қазақстан» және 2013 жылғы 5 шілдеде «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне төреліктің және аралық соттың қызметін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2013 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы) күшi жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Достарыңызбен бөлісу: |