Кіріспе Метрологиялық лексика (нумеративтер мен халықтық өлшем атауларының) тіл білімінде зерттелуі және қалыптасу жолдары


Мәшһүр-Жүсіп Көпеев шығармаларындағы метрологиялық лексика (халық өлшемі): салмақ өлшемдері



бет6/11
Дата09.06.2016
өлшемі1.25 Mb.
#124295
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

2.3. Мәшһүр-Жүсіп Көпеев шығармаларындағы метрологиялық лексика (халық өлшемі): салмақ өлшемдері
Қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі халықтық метрология мәселесін зерттеуші-ғалым С.И.Садыбекова: «В ходе исследования выявилось, что казахские наименования народной метрологии отличаются от рассматриваемых русских и английских языков более детальным характером, национальным колоритом и численностью» [162, 23] – деп, тіліміздегі өлшем мәнді сөздердің басқа тілдермен салыстырғанда мағыналы, ұлттық бояуға бай екендігін атап өтеді. Көлем, аумақ, салмақ өлшемдерін білдіретін тіл бірліктері метрологиялық лексиканың құрамдас бөлігі болып табылады. Өлшемдік атауларға деген қажеттілік сауда-саттықтың, алмастырудың дамуымен, мемлекеттің өркендеуімен туындай түсті. Кеңістік-материалдық әлемнің маңызды атрибуты болатын болса, осы әлемдік кеңістікте орын алып жататын үй салу, қару-жарақ әзірлеу, киім-кешек тігу сияты әрекеттердің бірде-бірі «өлшем үлгісінсіз»іске асқан емес.

Өткен ғасырларда шығыс елдерінде қолданылған ең төменгі салмақ өлшемі «мысқал», ал ең үлкен салмақ өлшемі «батпан»деп есептелген. Ауыз әдебиеті мұраларынан қару-жарақ салмақтарын айқындайтын батпан, пұт, мысқал атауларын жиі кездестіруге болады: ат басындай тас шоқпар, әкемнен қалған күші мұның да сегіз батпан тартыпты [163, 63, 117]. Бабыр Захир ад-дин «Бабырнама» жинағының III тарауында Үндістан елінің тарихын, мәдениетін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін арқау ете келе салмақ өлшемдеріне қатысты мынадай ой білдіреді: «Үндістанның тұрғындары салмақ өлшемін де жақсы өлшейді. Сегіз рати бір машаға тең; төрт маша бір тангіні құрайды, яғни отыз екі рати. Бес маша бір мысқалмен тең, яғни қырық рати, он екі маша бір тулаға тең, яғни тоқсан алты рати» [164, 31].

ХІХ ғасырда Орта Азия мен Қазақстан территориясына орыстың «пуд» салмақ өлшемі қолданыcқа еніп, соған сәйкестендірілген бір батпан өлшемі он пұт, яғни 170 кг болып есептелген. С.Е.Жанпейісова батпанның мынадай мағыналық түрлерін атап көрсеткен: «Батпан. 1) батман (мера веса от 4 до 16 пудов в Ферганской долине, 12 пудов в долине реки Талас). 2) сев. батман (неопределенное, большое по весу количество чего-л) 3) батман (мера земли-около двух десятин в долине реки Талас) [165, 138]. М-Ж.Көпеев мұраларынан мысал келтіретін болсақ,

Ерінсең Омбы, Семей баруыңа,

Сол бөксең ауыр батпан шойындағы.

Азабың арылмайды бойыңдағы.

(Қазақ жұртының осы күнгі әңгімесі)

Орамал кір боп жатар он бес батпан,

Бұрқырап түске дейін ұйықтап жатқан.

(Кедей болар кері кеткен, ұйқысы мол).

Н.А.Шостьин пұт өлшемі жайлы былай дейді: «По предположению акад. Ламберти и Д.И.Прозоровского, это наименование происходит от латинского слова pondus (вес, тяжесть). В древнерусской метрологии оно означало не только меру веса, но и определение весоизмерительное устройство; при взвешивании металлов пуд являлся как единицей измерения, так и счетной единицей»[166, 35]. В.И.Даль сөздігінде: «Пуд. стар.- вес, гиря и весы» [167, 547]. Пұт салмақ бірлігі басқа да түркі тектес халықтарда қолданыста, парсы тілінде пут – пұт -16,3 килограмға тең өлшем бірлігі [168, 110].

Н.М.Шанскийдің этимологиялық сөздігінде: «Пуд. др. русск. заимств. из др. сканд., где pund – «фунт» восходит к лат. pondus – вес, тяжесть», производного (с перегласовкой в корне) от pendo – «вешаю» [169, 373].

С.И.Ожеговта: «Пуд-русская мера веса, равная 16,3 килограмма» [170, 561]. Сенің бұл атың екі пұт құм теңдеп шапсаң, сонда тоқымдығы терлейді (IX т, 236-б).

Тағы бір тілге тиек етер жай, қаламгер батпан сөзін тек салмақ мағынасында ғана жұмсамаған, теріс қасиеттерді әшкерелеу құралы, яғни тәрбиелеу нысаны ретінде өз шығармаларында пайдаланған. Салақ әйелдердің үй шаруашылығына қырсыздығын әшкерелеуде, үйілген кір-қоқыстарының мөлшерін аңғартуда батпан сөзі жиі қолданылған.

Салмақ өлшемдеріне байланысты П.Хамдамов өз еңбегінде былайша ой өрбітеді: «Нумеративы, обозначающие меру веса, по значению можно разделить на две группы: нумеративы, обозначающие конкретное количество (миллиграмм, грамм, килограмм, пуд, центнер, тонна), и нумеративы, обозначающие в разных местах различное количество (мисқол, пайса, қадоқ, чакса, ботмон, дахсер, чорак) [171, 15]. Шығыс елдерінде қолданылған ең төменгі салмақ өлшемі «мысқал», ал ең үлкен салмақ өлшемі «батпан» болған. Мысқал – шығыс елдеріне кең тараған салмақ бірлігі. Мысқал бүкіл араб елдерінде, Индияда, Шығыс Африкада, Орталық Азия мен Қазақстанда қазыналық өлшем ретінде пайдаланылған. Ерте кездің өзінде-ақ мысқалдың дәл мәнін өзгеріссіз ұстау үшін, оның баламасы болып табылатын шыны сауыттар жасалған. Б.з.б. 780 ж. жасалған шыны сауыттар табылды. Қазіргі зерттеулердің көрсетуі бойынша олар миллиграмның үштен біріне дейінгі дәлдікпен істелінген. Сол сауыттардың салмағы бойынша бағаласақ, мысқал 431 г-ға тең. Мысқал негізінен алтын мен күміс ақшалардың, бағалы заттар мен бояулардың өлшемі ретінде қолданылған. Ол әр жерде, әр түрлі мөлшерде өлшенген: Египетте 4,68 г, Иранда 4,6 г, Иракта 4,46 г, Индияда 4,538 г. XIV ғасырда қыпшақтар арасында қолданылған. «Азов мысқалы» үшін 4,41 г алынған. Орта Азия мен Қазақстанды мекендеген халықтар арасында мысқалдың бірнеше нұсқасы кездеседі. Мысқалдың баламасына Хорезмде 4,55 г, Бұхарада 4,8-5,0 г, Самарқандта 4,46 г алынған. Қазақ жерінде, негізінен, бұхар мысқалы қолданылды. XVI-XIX ғасырлар аралығында бұл өлшем атауы Орта Азияның бірнеше қалалары мен облыстарында кең қолданысқа ие болып, жалпы ортаазиялық өлшем атауына ие болды [172, 23]. Мысқал – халық арасында соңғы кезге дейін дәрі-дәрмек, бояу мөлшерін анықтаудағы ең көп қолданылатын бірліктің бірі. С.И.Ожеговта: «Золотник – a, м. Мера веса, равная 1/96 фунта или 4,26 г [173, 209]. Орыс тілі сөздігінде: «Золотник – старая русская мера, равная 1/96 фунта (около 4,26 г), применявшаяся до введения метрической системы [I том, 174, 620]. Араб, парсы тілінде мескал өлшем бірлігі 4,25 грамға тең. В.Даль сөздігінде: «Золотник – въсъ, по три на лотъ, по 96 на фунтъ, и гирька этого въса [175, I том , 692].

Мысқал қымбат бағалы әшекей бұйымдарды өлшеуде қолданылған. Шығыс халықтарының тіліндегі мискал сөзін зерттеген В.Хинц еңбегіне сүйенсек, хорезм мысқалы он төртінші ғасырда 4,55 грамға тең болған. XIX ғасырға дейін осы салмақты ұстанған. Бұхарада XVI, XIX ғасырларда қолданылып, 4 грамнан 5 грамға дейінгі жергілікті салмақ өлшемі ретінде қолданылған.



Батпан зат. Салмақ өлшемі (бір батпанда 200-300 грамм ауырлық бар) [ҚТТС, II том, 149]. В.И.Даль сөздігінде: «Батман турец.-азиатский вес, весьма разнообразный: крымский батман и закавказский 26 пудов; в Средней Азии 12 пуд» [176, 39]. М.Фасмер сөздігінде: Батман: 1. «мера веса в 10 фунтов»; с XVI в., 2) «мера веса в 28 фунтов», крым-тат.и кавк. [177, 134]. Ал көне түрік сөздігінде батпан 180-нен 300 кг аралығындағы салмақ өлшемі делінген. Әр елде батпанның әр қилы мөлшері пайдаланылған: Грузияда 32,20; 16,15 және 8 фунтқа, Түркияда 25; 18,73 және 6,25 фунтқа, Хиуада 48 фунтқа, Бұқарада 7 пұт 32 фунтқа, ал Талас өңірінде 12 пұтқа тең болған. Кейбір жерлерде батпан үшін астық салынған қойманың көлемі де алынған. Қазақтың ауыз әдебиетінде батпан жалпы ауырлық ұғымы ретінде қолданылған. Бүкіл шығыс елдеріне кең тараған бұл өлшем ескілікті жазба әдебиеттерде «манн» немесе «батман» деп те айтыла береді. «Батпан» өлшем бірлігі хақында: «Орта ғасырлық Шығыста «батпан», «манн» өлшемі бірнеше еселенген мысқалға негізделген болатын. Ойымыз дәлелді болу үшін Е.Давидовичтен мына бір мысалды келтірсек: «Точный размер и происхождение манна в 47-49,5 фунта позволил установить анализ восточных источников. Оказалось, что это манн бухарско-самаркандского происхождения, равный 4000 мискалей по 5,0 г, т.е.20 кг. В Хорезме он был пересчитан в местные хорезмийские мискали по 4,53 г, которых в нем оказалось 4416. Этот манн употреблялся в Хиве, Хазараспе, Ташаузе, Шахабаде, Кате и др. В Ханках, Ургенче, Кунграде, Бишарыке, Шурахане, Шейх-Аббас-вали (Шаббазе) манн был в два раза тяжелее, т.е. 40 кг [178, 87]. «Батпан» салмақ бірлігі ретінде әр елде, әр заманда, әр кезеңде, әр түрлі хандар мен шахтардың тұсында түрліше болып отырған. Ауытқу 401,78 г-нан басталып, үлкен батмандар (ман-и-шах, падишах батмандары) 6 кг болып, кейде 7 кг-нан 83 кг-ға дейін кететін. 14-18-ші ғасырда Бұхарада шариаттық канондық манн 4,8 г Бұхара мысқалының 180 есесіне теңеліп, 180х4,8-ге тең болды. Қыпшақта, Алтын Орданың астанасы Сарайда батманн 1,953 кг-ға тең болған. Орта Азия елдерінде батпан «батман», «манн» атауларына ие бола отырып, салмақты білдіру жағынан біраз айырмашылықтар да болып отырған. Орыс халқының метрологиясында да бұл өлшем әр қырынан байқалады. Н.И.Потанин батманды 8 пұтқа тең, яғни 131,044 кг деп тіркесе, Давидовичте орыс батманы 10 пұт ретінде нан өлшемі ретінде, ал 8 пұт ретінде жеміс-жидек мақтаны өлшеуде қолданылған. Ташкент, Шымкент, Әулиеата қалаларында батпан 10-12 пұт аралығында, яғни 170-171 кг айналасында қарастырылған.

Қадақ – тіліміздің он томдық түсіндірме сөздігінде бұл сөздің мағынасына – 200 грамға тең салмақ өлшемі деген анықтама берілген. Ант айттыратұғын молдаға: «Төрттің бірі чай, не жарты қадақ қант, «жан садақасы»-деп бер»,-дейді (М-Ж. 9-т, 294-бет). Құдай үйі мешітке деген бір тері болса да, бір қадақ бидай болса да, жанды-жансыз садақа –сол үйге жиылсын! (9-т, 335-б). Қазақ тілінен басқа бұл тұлғалас әрі мағыналас сөзді қырғыздарда кадак түрікмендерде – гадак, өзбектерде – қадоқ тұлғаларында кездестіреміз де, ал мағынасына келгенде түрліше түсінік аламыз. Қырғыз, өзбек тілінде тек «фунт» деген түсінік берілген де, қазақ, түркімен тілдерінде бұған қоса, мұндай салмақ өлшемі – 409,5 грамға теңдігін және бұрынғы орыс өлшемі екенін көрсеткен. Фунттың 409,5 грамға, ал қадақтың 200 грамға тең болуы таңдандырмаса керек. Өйткені фунттың алғаш шыққан тегі – латынның «салыма», «ауырлық» мағынасында қолданылған «pondus» сөзі. Осы сөз парсы тілінде nouнд – фунт – қадақ – 453 грамға тең өлшем бірлігі [179, 111]. Еуропа елдеріне тарағанда «бір фунт» деген сөз түрліше өлшем ұғымына ие болған (ағылшындарда – 453,6 грамға, орыстарда – 409,5 грамға тең болса, аптекалар өлшемінде – 373,2 грамм [180, 148]. Тіліміздегі «қадақ» сөзі ертедегі түркі жазба ескерткіштерінде де «қадаһ» тұлғасында кездеседі. Бірақ түркі тілдеріне меншікті сөз емес, араб тілінен ауысқандығы белгіленген. Алайда, кейбір түркі тілдеріне етене болып, сіңіп кеткен. «Қадаһ» сөзінің араб тіліндегі мағынасы – сопақша келген металл ыдыс (кубок), тостаған (чаша) Біздің ойымызша, қазақ арасына жайылған қадақ өлшемі арабтардың осы сөзімен байланысты болса керек те, ал салмақ жағы сол ыдыс ішіне сыйған затпен өлшенген деуге болады. Демек, ыдыс ішіне 200 грамм зат сыйса, ол 1 қадақ болып қалыптасқан. Бір қадақ бидай – 19,47 кг [181, 60].

Қадақ – ертедегі шығыс елдерінің көбінде қолданылған салмақ бірлігі. Еуропада көп тараған фунт өлшеміне сәйкес келеді. Кейбір этнографиялық мәліметтер бойынша қадақтың төмендегідей түрлері болған:

Дешті Жұмада 317 г., Қаратегінде 634,5 г., Қатта-Қорғанда 409,512 г. Ал Египетте қадақ сұйық көлемінің өлшемі ретінде қолданылған және ол үлкен қадақ (1,68 л), кіші қадақ (0,94 л) болып бөлінген. Қазіргі Египетте қадақтың қазыналық өлшемі – 2,062 л-ге тең [182, 23]. С.И.Ожегов сөздігінде: «Фунт- 1. мера веса, равная 409,5 г. 2)Английская мера веса, равная 453,6 г, а также старинная мера веса в других европейских странах. 3) Денежная единица в некоторых странах. Австралийский ф; Египетский фунт» [183, 763]. Орыс тілі сөздігінде : «Фунт – 1. Русская мера веса, равная 409,5 г, применявшаяся до введения метрической системы мер. 2. Мера веса в странах с английской системой мер, равная 453,6г [184, IV том, 587]. В.Даль: «Фунт м. въсъ въ 32 лота или 96 золотниковъ [185, IV т, 539] .Орталық Азия елдерінде 409, 512 г салмақ көрсеткіші ретінде қолданыста болған.

Салмақ өлшемдеріне қатысты М-Ж.Көпеев шығармаларынан мысалдар келтірсек:

Тазартып жаһаннамнан шығарады, Тәніңде кір болмайды мысқал арам.

(«Ақыреттің егіні», III том, 27 ,)

Алдында жатса, ат басындай алтын, Адамзаттың хақы деп, Құдайын бір ойлап тимеген («Тәтіні жоқтау», II том, 34-б).

Домалақ келтіріңіз бар темірді, Қырық сегіз пұттан болсын ауырлығы.

Бір-біреуі жүз сегіз пұттан екен, Резина доптай қылып домалатты.

(«Ахтам хазірет һәм Ғалы батыр», III том, 206, 208- б).

Шалқасынан жатты да, төсеп төсті, Кеудесіне қойдырды үш пұт төсті.



Пұт жарымдай бар шығар екі балға, Ақбота, Субек ұста қандай күшті?!

(«Қажымұқан», I том, 224- б). Жетпіс пұт шоқпарменен Мәлік ойнап, Шыдатпай әр жағынан күші қайнап (7-т, 239-б).

Он бес қара, он пұт ұн, он қадақ қант, Баянтауда бағалы қыздың алды

(Мына заман», I том, 184- б). Бұл сөйлемде ақын бірнеше өлшемдік единицаларды қатар қолданған, ақынның шеберлігін нақтылай түсетін мұндай мысалдар ақын еңбектерінде көп. Пұт сөзін ақын екі, үш, сегіз, он, он сегіз, қырық сегіз, жетпіс есептік сан есімдерімен тіркесте жиі қолданады, арасында пұт жарымдай, пұтқа жуық, пұт жарым түрінде қолданылып, нақтылықты емес, жуық мағынаны аңғартады. Біреуден біреу пұттап май алады , Біреу – қой, біреу тайынша, тай алады (4-т, 170-б) . Осы сөйлемге назар аударатын болсақ, көсемше тұлғалы етістікті тіркес формасында орын алғанын байқаймыз. Батпан сөзіне қатысты он бес батпан, сегіз батпан, отыз батпан, ауыр батпан тіркестері картотекаға енді. Самсаның ауырлығы – отыз батпан, Келеді бұған қарсы құндап атқан (7-т, 238-б). Кір болып өне бойы сегіз батпан, Ұйқысы хайуанға ұқсап арам қатқан (4-т, 97-б). Бірінші сөйлемде салмақ мағынасында жұмсалса, екінші сөйлемде батпан сөзі арқылы салақ әйелдің бейнесін көз алдымызға әкеледі.

Ойымызды жинақтайтын болсақ, ертеден тұрақты қолданылып келе жатқан, сауда-саттық пен мәдени байланыстарда кең қолданысқа ие болған өлшем түрі – салмаққа байланысты атаулар жиынтығы. Салмақтық мәнде қолданылып қана қоймай, номинативті, экспрессивті қызметінің де алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Түркі тілдерінің көпшілігінде тұрақты түрде сөздік қорға енгені аңғарылады. Ата-бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігінің тәжірибесі негізінде біртіндеп сөздік қорға енген, салмақ мәнін аңғартатын лексикалық бірліктеріміздің де мәні зор. Қанатты сөз үлгілеріне назар аударуда салмақ өлшемдерінің кездесетіндігін көреміз: Бұл не қылған батпан құйрық, Тегіннен тегін жатқан құйрық?!; Ауру батпандап кіріп, Мысқалдап шығады (5-т, ауыз әдебиеті үлгілері).

Күні бүгінге дейін әсіресе ақ жаулықты әжелеріміз батпан, мысқал, әшмүшке, қадақ сөздерін жиі пайдаланатындығын ешкім де жоққа шығара алмайды. Әрбір халықтың өз топырағында туып, өмірлік тәжірибе нәтижесінде сұрыпталған, бастау алған салмақ өлшемдерінің де сол халықтардың рухани мәдениет лексикасының да қомақты қабатын құрайтыны айқын. Дәстүрлі халықтық метрологияның салмақты аңғартатын лексикалық тобы да үлкен тәжірибелік мектептің жемісі, сан ғасырлар бойғы өмір салтының көрінісі. Метрикалық жүйе қатарында әлі де қолданыста берік орнығуынан пайдалануға ыңғайлы, тұрақты құрылымдық бірліктер ретінде мойындалғанын аңғарамыз. Ұлттық дәстүр, салт-сана, әдет-ғұрпымызды жадымызда мәңгілік сақтау үшін осындай халықтық асылдарымызға көңіл бөлуден, ұрпақтар жадына сіңіруден ұтарымыз айқын.



2.4. Мәшһүр-Жүсіп Көпеев шығармаларындағы метрологиялық лексика: мезгіл, тәулік өлшемдері (маусым, жылдық)

Халықтық өлшемнің бір түрі – уақыт өлшемі. Уақыт - мәдениеттің маңызды категориясы. Бұнсыз рухани құндылықтарға назар аудару қиын. Адам баласына уақыт бағалы, қымбат дүние. Ата-бабаларымыз «уақыт алтыннан да қымбат» - деп тегін ой түймеген. Уақыттың, мезгіл-мерзімнің сырларына, табиғатына адам баласының қызығуы, ынта білдіруі еш уақытта толастамаған. Уақыттан ұтылған өмірде де көп нәрседен ұтылады. Уақытты қадірлемеу, бағаламау өмірді бос өткізгенмен бірдей. Уақытқа деген көзқарас халықтың тұрмыс-тіршілігіне, салт-дәстүріне, рухани, материалдық басқа да құндылықтарына байланысты қалыптасады.

Халық өлшемдеріне лингвистикалық, этнографиялық, этнолингвистикалық тұрғыдан талдау жүргізу соңғы уақытта жиі қолға алынуда. М-Ж.Көпеев ғылымның әр саласынан терең хабардар болғаны белгілі, қалам тербемеген тақырыбы жоқ десек қателеспейміз. «Қазақ тарихы және географиясы деректері» танымдық еңбегінде уақытқа қатысты мынадай ойлары бар: «Күн әр уақытта бір жерден шығып тұрмағандықтан, күннің шығысы мен асыл жақты белгілеуге қатысы болмағандықтан, Темірқазық жұлдызымен белгілеу анық болады. Жұлдызға қараған кісінің алды - сол, арты - оң. Мұнан басқа құбыланамамен белгілеуге болады. Құбыланама әр уақытта оң мен солды білгізеді»(9-т, 221-б).

Тәулік тақырыбын арқау еткен Л.О.Асқардың «Қазақ тіліндегі тәулік кезеңдері атаулары» атты кандидаттық жұмысында «тәулік» лексика-семантикалық өрісін құрайтын кезеңдерді жүйеге түсіріп, парадигматикалық қатынастарының ерекшеліктерін айқындады. Тіл білімінде тәулік кезеңдері атауларына арнайы мақалалар жазып, шығу төркінін, ауыз әдебиетіндегі қолданылу ерекшеліктерін өз еңбектеріне арқау еткен ғалым – Н. Уәлиев. Уақыт, тәулік тақырыптарын өз еңбектеріне арқау еткен ғалымдар қатарына М.Томановты, Г.Смағұлованы, Қ.Ароновты қосамыз. І.Кеңесбаевтың фразеологиялық сөздігінде бірсыпыра уақыт, мерзімдік атаулардың мән-мағынасы ашылған. Ә.Қайдар, Е.Жанпейісов, Р.Сыздық, Л.Рүстемов, Ә.Нұрмағамбетов мезгіл ұғымдарын аңғартатын жекелеген сөздер мен сөз тіркестеріне талдау жасаған.



Әрбір халықтың рухани дамуы қашанда оның тілінде көрініс табатыны белгілі, сол сияқты мезгіл, тәулік, уақытқа қатысты сөздік қордың бай қабаты да өткенімізден мол ақпарат дарыта отырып, бүгінгі жаңалықтармен тығыз ұштасып жатады. Адамзат баласы осы уақытқа дейін қаншама маңызды оқиғаларды бастан кешті, егер уақыт өлшемін дұрыс анықтай алмасақ, өмірде айрықща із қалдырған небір тарихи ахуалдардан да хабарсыз болар едік.Уақыт аралығын нақты бір өлшеммен белгілегенде ғана біз оның мөлшерін, сол мерзімнің ұзақ немесе қысқа екендігін ұғына аламыз. Жеке адамның өмірі, бір әулеттің, бір мемлекеттің тарихы - бәрі де уақытпен өлшенеді. Табиғатта, дүниеде уақытқа бағынбайтындар кемде-кем. Секундтан - минут, минуттан - сағат, сағаттан - тәулік, тәуліктен - апта, аптадан – ай, айдан – жыл, жылдан –ғасыр, ғасырдан –мыңжылдық, мыңжылдықтан дәуір құралады. Қазақ халқының табиғаттың небір құпия сырларын ғасырлар бойы ой елегінен өткізіп, ұзақ жылғы тәжірибесі негізінде туған уақыт пен мезгілді болжайтын лексемалардың метрологиялық лексиканың ауқымды бір саласын құрайтыны айдан анық. Уақыт пен кеңістік категориялары кез келген халықтың бағыт – бағдарын айқындауының алғышарты болып есептеледі және дүниетанымдық ерекшеліктерін тануға мүмкіндік береді. Уақыт өлшемдері ұғымдары мен олардың атаулары жоқ кезінде белгілі бір іс-әрекеттің белгілі мерзім ішінде өтуі немесе белгілі бір мезгілде басталуы уақыт өлшемі ретінде пайдаланған. М-Ж.Көпеев шығармаларында уақыт, мезгіл, тәулікке қатысты атаулар өте көп, атап өтетін болсақ: бие сауым, шай қайнатым, ет асым, күн арқан бойы көтерілгенде, ел орынға отырғанда , алагеуімнен, жұма ақшамында, іңір, тал түсте, таңсәріден, бесінде, күншілік, түстік, тал түсте, жазғытұрым, түс ауған соң, намаздыгер, құптан уақыты, алты айшылық жол, кештік, шаршы түс, қызыл іңір, намазшам, күзден, сәскеден, ертеңнен, жылдық, айлық, қара киік жылы, таңсәріден, таң атысымен, күн батқанша, күндіз, күзгітұрым, қыс, жаз, бүгін, ерте-кеш, жазы-қысы, биылғы, екінді, былтыр, шілде, күндіз-түні, дүйсенбі, ақшам, қыркүйек, қараша, сиыр жылы, түс т.б. Байқап отырғандай, фразеологиялық оралымдар ретінде қолданылған атауларды кездестіруге болады. Уақыттың қазіргі өлшемдері сағат, минут, секунд атаулары жоқ кезде әр түрлі құбылыс, іс-әрекеттің белгілі бір мезгілде басталуы уақыт өлшемі ретінде пайдаланылған. Осыдан қазақ тіліне мезгілдік мағыналарды білдіретін, тәулік мерзімдерін аңғартатын көп сөздер ене бастаған. Атап өтсек: бие сауым, ет пісірім, тал түсте, таң сәріде, ел орынға отырарда, бозторғай шырылдағанда, екінді мен ақшамның арасында т.б. Ә. Болғанбаев метрологияны: уақыт - мерзім өлшемдері - деп, жіктей келе, ойын былайша өрбітеді: «Ислам дінінің қазақ даласына таралуына байланысты намаз оқу, ораза ұстау мерзімдері уақыт мөлшеріне айналды» [186]. С.Кенжеахметов уақыт мезгілдерін анықтауда және оның жиіліктерін жіктеп, айыруда халық теңеулері әрі қызық, әрі анық, әрі түрге бай деп көптеген мысалдар келтірген. Соның бірі – уақыт мезгіліне байланысты: елең-алаң, құланиек, таң сәрі, құлқын сәрі, таң бозара, алакеуім, таң біліне, таң ата, күн шыға, күн қызара, күн арқан бойы көтеріле, түске жақын, тал түс, шаңқай түс, талма түс, түс ауа, түс қайта, бесін, екінті, көлеңке басы ұзара, күн бата, ымырт, апақ-сапақ, намаздыгер, ақшам, ақшам жамырай, бей уақыт, қас қарая, түн қараңғысы, ай туа, түн ортасы, жұлдыз сөне т.б [187]. Тағы да осы мәндегі сөздерді толықтыра түссек: сүт пісірім, ет пісірім, таңертең, елең-алаң, құлан иек, таң сәрі, түс, сәске түс, тал түс, шаңқай түс, кеш, ұлы бесін, намаздыгер, ақшам, түн, іңір, қызыл іңір, жарым түн, т.б. Күннің орта мезгілінің атауы – түс деп аталатын болса, оны іштей: сәске түс, тал түс, шаршы түс, тапа-тал түс, шаңқай түс деп бөлуге болады. Тал түс – күннің ысыған кезі, сағат бір шамасын аңғартса, шаңқай түс, шаршы түс – көлеңкенің әбден қысқарған кезі, сағат екі шамасы. Н.Уәлиев түс мезгілінің бірнеше түрін атап , қызықты деректер келтірген: «Халық тілінен тал түске байланысты айтылатын түрліше сөз орамдарын кездестіреміз: шаңқай түс, анық түс, таңдай тал түс, талма түс, талықсыған тал түс» [188,34].

М-Ж.Көпеев туындыларында күннің осы бір мезгіліне қатысты тал түс, шаршы түс, тапа-тал түс, тайдай тал түс тіркестері қолданылған. Ақын шығармаларынан мысалдар келтіретін болсақ:

Шатқалда – Хазіреті Ыдырыс тауларына, Аяңдап шаршы түсте жеткеніміз («Ышқышбап сапары», 1-т, 110-б, 2003ж).

Тапа-тал түс болғанда, Қызылменен боятсаң, Ода соған көрінсін.

(«Сайын батыр», 2-т, 201-б).

Сені тайдай тал түсте жөнелтсем, тамам қырғыз соңыма түсіп, өзімді бұл Алатауда тірі қоймайды («Абылайдан кейінгі хандар», 9-т, 163-б).

Келсе, бала тал түсте ұйықтап жатыр, Серейіп (сіресіп) төрт борбайы төрт тарапқа (9-т, 87-б).

Уақыттың лексика-семантикалық өрісін жан-жақты қарастырған А. Лекер тал түс тіркесінің үш сыңарлы тоғыз түрі бар екендігін көрсетеді: тапа тал түс, тапай тал түс, тападай тал түс, тайдай тал түс, таңдай тал түс, тапия тал түс, шаңқай тал түс, талықсыған тал түс, талма тал түс [189,18]. Күннің еңкейген мезгіл атауы бесін деп аталынса, М-Ж.Көпеев шығармаларында ұлы бесін, кіші бесін, құлама бесін, екінді, намаздыгер атты топтары орын алады. Қазақ тілінің сөздігінде: «Бесін: 1)түс ауып, күн еңкейген кез. 2) Түстен кейін оқылатын намаз түрі»[190,98].

Ұлы бесін – бесін намазын оқитын кез, түс ауған шақ;

Кіші бесін – ұлы бесін мен намаздыгер арасындағы мезгіл;

Құлама бесін – күн еңкейген кез;

Екінді – түс ауып, күн батуға жақындаған мезгіл, бесін мен ақшам арасы;

Намаздыгер – күннің еңкейіп, ұясына кіруге таянған кезі.

Мезгіл атауларының бұл түрлері де ақын назарынан тыс қалмаған. Бесін, намаздыгер, екінді аталатын мезгіл ұғымдарына нақты мысалдарды мына шумақтардан аңғаруға болады:

Төрт жігіт түрегеліп атқа мініп,

Екінді мезгілінде барып жеткен («Өліп тірілген Шаһызада»).

Алшын Қаражігіт бар дейді, бесіннен төмен, намаздыгерден жоғары уақытта үш жүздің баласы бас қосып, амандық айтып отырыпты («Бөлтірік би»).

Жөнелген жаяу айдап сонда зорда

Сол кезде намаздыгер уақыты болған («Өтеміс абыз»).



Бесінде Шарбақтыға Жүсіпханға

Барған соң мейман болып жаттық сонда («Ышқышбап сапары»)

Күн ұясына бата бастаған мезгіл ақшам, ымырт деп аталатын болса, оның алагеуім, кеугім, кеуім, намазшам, кеш атаулары осы ұғымды толықтыра түседі. Алагеуім - күн ұясына бата бастаған мезгіл болса, кеугім, кеуім - қараңғы түсе бастаған кез, ымырт. Намазшам – кешкі намаз оқылатын кез деп танылатын болса, кеш – ымырт жабылып, қас қарайған мезгіл.
Бұл салаға қатысты намазшам, кеш, ақшам сөздері қолданылып, ақынның мезгілге қатысты ұғымдарын толықтыра түседі.

Тырп етпей, намаздыгер оқыған соң,

Сарғайып намазшамды алса күтіп!

(«Жүсіп Шалқарбайұлына Мәшһүр Жүсіптің жауабы»)

Тамыздың екінші ақшам уақытында

Үйіне Сәдуақастың жетіп барды («Сәдуақастың мырзалығы»).

Жалбаңдап кешке дейін тышқан іздеп,

Ұшқаны бөктергінің кәсіп емес («Табылар мергенге де бұқтырушы»).

Күн шығар алдындағы мезгіл атауы таң немесе таңертең болатын болса, оның алаң - елең, алагеуім, алагөбе, құлан сәрі, құланиек, таң сәрі деп жалғасатын атаулары бар. Таңертеңгі мезгілде айналаның әлі жарықтанбай, бозғылт тартқан түрі алагеуім, алагөбе, алаң-елең аталса, таңның жаңа сыз беріп ата бастау кезі құланиек, құлан сәрі деген атауларға ие. Таң сыз беру. Қазір біз мұны «таң қылаң берді, ағарып атты»деген мағынада қолданып жүрміз. Піспек бай үйінің қасындағы бір төбенің басына алагеуімнен шығады (9-т, 238).

Таң сәрі – жерге жарық түсе бастаған кезді анықтай отырып, ақынның өлеңдерінде кездесетіндігін мына мысалдармен дәлелдеуге болады:

Таң сәріден жүріпсің, Ашулы болған кісідей («Сайын батыр», 2-т, 188-б).

Бір күні таңсәріден алаңқарақта дәрет алайын деп келе жатса, үш жалаңаш қыз суға шомылып, біріне-бірі су шашып ойнап жүріпті («Ер Едіге»)

Таң тәулік шағына қатысты тілімізде таң атқанда, таң құлан иектенгенде, таң бозарып атқанда тіркестері бар. Ал, ауыз әдебиеті мұраларына назар аударуда таң мезгіліне қатысты таң сімірі, ереуіл таң, көгала таң, рауан таң тіркестерін ұшыратуға болады. Күн көкжиектен көтерілген мезгіл атаулары да М-Ж. Көпеев қаламынан тыс қалмайды. Сиыр сәске, сәске түс, ұлы сәске, ерте сәске, қан сәске, сәске маһал деп топталып, әрқайсысы белгілі бір уақыт өлшемін танытатын болса, тал түске жақындаған мезгілді аңғартатын ұлы сәске тіркесін ақын шығармасынан аңғаруға болады:

Ұлы сәске болғанда, Аңыратып шықты Ер Сайын Қара төбе басына

(М-Ж.«Сайын батыр», 2-т, 182-б). «Сәске маһал» тіркесін «Қыз Жібек» жыранан кездестіреміз: Сәске маһал болғанда, қыз іздеген Төлеген көшкен бір елге жолықты.

Мезгіл ұғымы түн – тәуліктің кештен таңертеңгі уақытқа дейінгі аралығы. Іштей жіктейтін болсақ, іңір – тәуліктің кештен таңертеңгі уақытқа дейінгі аралығы. Іңір – күн батып, қас қарайған мезгіл. Қызыл іңір – қас қарайған мезгіл. Жарым түн – түннің ортасы. Қас қарайып, сам жамыраған мезгілде қол судың бойына келіп қонды (9-т, 135-б). М-Ж. Көпеев жыл мезгілдері, табиғат сырлары тақырыбын өз еңбектеріне көп енгізген. Ақынның сегізінші томында XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы тарихи құнды деректерді қағаз бетіне түсірген. «3 мәтін Нұх, Наурыз тарихы» еңбегінде жыл мезгілдеріне қатысты мынадай деректер келтіреді: «Жыл -өзі. Жазғытұрым - жаңа туған жас бала. Үш айға шейін солай. Үш айдан соң жігіт болып жетілгені. Ол өмірі - үш ай. Онан кейін: егде, мосқал, бурыл бас болғаны. Мұндай болған уақытын: «күз күні» - дейді. Бұл өмірі де – үш ай. Онан кейін: «қыс-зымстан»-деп атайды. Қар астында қалғандығы – ол өлгені. Он екі ай бітумен бір жылдың өмірі бітеді. Жыл басына кесілген өмір он екі айдан аспақ емес. Он екі ай бітіп, бір жылдың өмірі таусылды»(8-т, 51-б).

Жыл мезгілдерінің атауларының барлығын дерлік М-Ж.Көпеев мұраларынан кездестіруге болады: жазғытұры, қыстыкүні, ала жаздай, күздікүні, жазғытұрым, жаз, қыс, күз болып жалғаса береді : Онда байлар: «Саба жиямыз, ту бие апарармыз, не деп көңіл айтамыз, дәнеме білмейміз» дегенде, Бөлтірік би саба апаратын, ту бие апаратын байға алдымен сен сөйле: «Жазғытұрғы кез, жаманшылық уақ қой, үйтіп-бүйтіп бір сабаны әрең толтырып алып келдік дейсің» – депті («Бөлтірік би», 2-т, 64-б, 1992ж).

Ат басар жәрмеңкесі жаздыкүні, Бас қосқан арғын, найман жиын жері («Сыздық Мешінбайұлына», 1-т, 269-б, 2003ж). Бір құшақ газетпенен қабатталып, Біреудің сандығында жаздай қалып. Ел күзекке келгенде күздікүні, Аяқсыз хат домалап келді салып. Қыс өтіп, жаздың күні тақалғанда, Жауғанына, қар жұрттан,ақы алғанда («Бөгелген хат», 1-т, 176-б, 2003ж).

Жыл мезгілдерінің өлшемдерін түрлі варианттарда кездестіруге болады, бұл да ақынның сөз кестесінің алуан қырлылығын аңғартса керек. Ала жаздай, қыстай, қысы-жазы, ала жаз, жаздың күні болып түрлене береді. Сөзіміздің дәлелділігін мына бір жолдардан байқауға болады.

а) Мен неге оқымадым жазы-қысы, Қалдырған құр алақан хақтың ісі,

(«Қамаралдин хазірет», 1-т, 257-б).

ә) Жаз оқып, айналып күн күзге таман, Шаруа ескеріп, жинасып, шөп, шар, сабан («Бөгелген хат», 1-т, 176-б).

б) Бұ көңілің болды өлік қыстай, жаздай, Маңыңа жан жуымай, басың таздай («Кәф пен Нон», 1-т, 17-б).

Өлшемдік ұғымдар негізінде пайда болған фразеологизмдерге тоқталар болсақ, мынадай мысалдарды келтіре кетуге болады: күн шыға, сәске түсте, тападай тал түсте, шаңқай түсте, түс ауа, күн бата, күн ұясына кіргенде, ел орынға отыра, көз байлана, қас қарая, ымырт жабыла, қызыл іңірде, іңір қараңғылығында, құлқын сәріде, ала жаздай, ақ қар көк мұзда, ұзын сарыда, ит басына іркіт төгіліп жатқанда, ел жайлауға көшерде, ел күзекте отырғанда т.б. Енді осы уақыт-мерзімді білдіретін мысалдардың М-Ж.Көпеев туындыларында қалай орын алғандығы мәселесіне келер болсақ, ақын мұраларынан уақыт өлшемдерін өте жиі кездестіре аламыз, оған картотека жинастыру мақсатында көзіміз жетті. Атап айтқанда, кештік ғұмыр, таңсәріден, күншілік жер, бесінде, шаршы түс, жас шағымда, түні бойы, он айшылық жер, түстік жер, сөтке, жазғытұрым, жастықта, тал түсте, намаздыгер, түс ауған соң. Нақты мысалдарға жүгінсек:

Сөтке , жұма, ай, жылда бір жауап жоқ, Сүзілтіп жүргенімен екі көзін. (Таңдамалы. 1-том, 1990 ж, 30-б).

Жазғытұрым емес біз, болдық қой күз, Қыс боп қалдық дегенше күдерді үз (1-т,81-б). Жастықта біздің бастан бәрі кешті, Ақыл-ой түс ауған соң жаңа түсті (1-т, 92-б)

«Бәрін бірден жарып бала қылсам, тамақ жеткізе алмаспын!» – деп, өзі намаздыгерден жоғары, бесіннен төмен бір-ақ мезгіл ұшады» («Өлең және қара сөз ғибраты», 1-т, 95-б).

М-Ж.Көпеевтің жинаған халық әдебиетінің асыл үлгілерінен мысалдар: Бір күні таңсәріден алаңқарақта дәрет алайын деп келе жатса, үш жалаңаш қыз суға шомылып, біріне-бірі су шашып ойнап жүріпті (ІІ том, 78-бет, «Ер Едіге»).

Шоң биді шығарып салу үшін еріп шығып Еркезең деген таудың түбінде аттан түсе қалып, ұлықсат сұрап: «кеше бесінде барып түскеннен бүгін бесінде аттандыңыз («Шоң би», 2-т, 87-бет, 1992ж). Күншілік жерден болжайды екен («Желкілдек», 2-т, 159-бет). Адалға тілі тимеген Түстік жерге жүрмеген («Сайын батыр», 2-т, 170-б).



Н.Д.Оңдасынов пен И.Жеменейдің «Парсыша - қазақша» сөздіктерінде де халық өлшемдерінің мол түрін байқауға болады. Уақыт, мерзім, мезгіл атауы парсы тілінде һин деп аталады. Әсбаһ, чашт, бам–таңертең мағынасында жұмсалса, зоһр –сәске, күннің орта мезгілі дегенді аңғартады. Сәске, түске тақау мезгіліне қатысты чаштгаһ сөзі де ұшырасады. Намаздыгер - намаздигәр, кешке таман, күн батар алдында оқылатын үшінші намаз. Ертең, ертеңгі күн парсы тілінде фәрда атауына ие. Халық өлшемдеріне қатысты ақынның мына бір дерегі де қызғылықты: «Біздің қазақ Айды да білмейді, жұлдызды да білмейді, жылды тоқсан болғанда: «Жер мұз» - дейді. Отамалы, сәуірде қой қоздайды. Қыс болып, суық болса, ақпан мен қаңтар дейді. Жаз болып, ыстық болса, шілде мен сарша тамыз дейді. Көкек деген құс шақырғанда, көкек айы деседі. Қыркүйек, мизам, ақырап. «Қазан, қараша, қауыс, // Кәрі-құртаңды тауыс!- дейді. Жазғытұрым бұлт көрінсе, «Сәуірдің бұлты» - дейді. Дауыл болса, «Құралай» - дейді. Онан кейін дауыл, жауын болса, саратан, зауза дейді. Онан кейін салқын болса, «Үркердің толғағы», «Таразының туысы» - дейді. Онан кейінгі салқынды сүмбіле дейді. Олақ сүмбіле, үлкен сүмбіле. Мұнан кейін жел болса, «Қыркүйектің қара дауылы»-дейді. Қоян ағарғанда, қошқардың күйегін алады. Оны «Күйек айы»- дейді. Соғым сояды, оны «Соғым айы»-дейді [9-т,5-б).] М.Ж. Көпеев туындыларында уақыт өлшемдеріне байланысты орын алған кейбір сөздердің этимологиясын қарастырып өтейік. «Этимология грек тілінің еtymos «ақиқат» және logos «білім» деген сөздерінің бірігуінен жасалған. Тарихи лексикологияның арналы да арнаулы саласы. Ол жеке сөздердің, сөз тіркестерінің, грамматикалық тұлғалар мен морфемалардың, фразеологизмдер мен мақал-мәтелдердің де шығу тегін, олардың пайда болу, даму жолдары мен қазіргі тілдерден көрініс сабақтастығын анықтап, тарихын ғылыми тұрғыдан зерттейді [191,97]. Былтыр. Бұл сөзді естігенде, әркімнің есіне «өткен жыл» ұғымы түседі. Қазіргі қазақ тіліндегі «биыл» сөзінің қалай пайда болғандығы белгілі: бұл жыл (бұйыл, бы-йыл-биыл). Осы тұрғыдан қараған болу керек, кейбір ғалымдар «былтыр» сөзін «бір+йыл+тұр» сөздерінен пайда болған деген жорамал айтады. Бірақ, бұны біршама түркі тілдері дерегі қостамайды. Бесін лексемасы: тат. бешин, парсы тілінде пишин – күн тас төбеден ауа бастаған уақыт (время, когда солнце от зенита склонится к западу) [192,47]. Қырғыз тілінде бесін - түскі астан кейінгі уақыт, әрі оларда сарт бешим, қырғыз бешим деген атаулары кездеседі. Осы сөздің қатысуымен қазақ тілінде түрлі нумеративті мәндер бар: кіші бесін, ұлы бесін, құлама бесін, қожа бесін. Ауыз әдебиетінде айна бесін, қожа бесін түрлері кездеседі. Бесін- қытайлардан тәуліктегі сағаттарды хайуандар атымен атау салты монғолдарға 16 - 17- ші ғасырларда ауысқан. Монғол сағаттары хулугтун цағ, барыс цағ т.с. с. деп аталады. Цағтардың ұзақтығы – 2 сағат. Цағ- түріктердің «шақ» деген сөзі. Бірақ, бұл сағаттарды абыздар ғана білген, бұқара халық қолданбаған. Қазақ тілінде хайуан сағаттарынан жалғыз бесін ғана бар, бұл - мешін сағаты, күндізгі 3 пен 5 сағаттарының аралығы. Арабтарда және ислам дінінде бесін деген ұғым жоқ,- дейді М.Искаков. Бұл атау түркі тілдес халықтарда мешін, мәшін, мчін, бөчін, пічін, биджән, бесін т.б. қалыптасқаны байқалады.

Гинвардың первый басында, Сәрсенбі күннің бесінде, Халқының келіп ішіне, жерге бір тиді-ау жамбасы! ( « Мұса Шорманұлы», 1- том, 246-бет, 2003ж). Бесін сөзінің қатысуымен бүгінгі сөздік қорымызға жеткен кіші бесін, ұлы бесін, құлама бесін, қожа бесін тіркестерін атап өтуге болады. Халқымыз бесін мезгілін екі шаққа бөледі, бірі –ұлы бесін, екіншісі – кіші бесін.



Екінді – құлама бесін, ұлы бесін ұғымдарымен қатарлас жүретін өлшемдік мәндегі сөздердің қатарына екінді / екінті сөздерін алуға болады. Ежелгі түрік тілдерінде екінdі / екіпtі /ікіпсі/ ікіпді/ ікіпtі. Екінді ұғымының білдіретін мағынасы- күннің түс шағының аууынан күннің батуына дейінгі уақыт аралығы. Көріп отырғанымыздай, бесіннің мағынасы түстен кейінгі мерзімнің бірінші жартысы, ал екінді- түстен кейінгі уақыттың екінші жартысы. Екінді лексемасы М.Ж. Көпеев туындыларында осы кешке жақын, жуық деген мағынаны білдіреді.

Төрт жігіт түрегеліп атқа мініп, Екінді мезгілінде барып жеткен. («Өліп- тірілген Шаһызада», 1- том, 331-б).



Сәрі: таң сәрі, құлқын сәрі, сәресі. Түркі тілдерінің ескерткіші « Кодекс Куманикуста» кездесетін сара сөзін В. В. Радлов орыстың заря сөзімен байланыстыра қарайды. Ә. Құрысшанов « Кодексте» кездесетін сара сөзін де, қазіргі тіліміздегі таң сәрі, құлқын сәрі, сәресі деген тіркестерде кездесетін сәрі сөзін де арабтың (саһар) таң деген сөзінен ауысқан дейді. («Қазақ тілі тарихы мен диалектологиясы», 4- шығуы, 1962, 179). Құптан да уақыт метрологиясына жатады:

Таянып құптан уақыты жеткен шақта, Періште Жебірейіл хақтан келді («Миғраж» дастаны, 2-том, 147-бет) Екінтіге байланысты намаздыгер нумеративі де ұшырасады. Намаздыгер - третья из обязательных молитв, творимая мусульманами на закате солнца, когда до захода солнца оставалось расстояние в два копья (193, 139).

Таң сәрі сөзі таң және + саһар сөзінен , сәресі сөзі саһар + асы сөзінен құрылған. Һ дыбысы сөздің басында да, ортасында да түсіп қала береді. Екі дауысты дыбыс қатар айтылмайтындықтан, біреуі ғана сақталған. Сірә сөзі жіңішке айтылады, қазақша жуан айтылатын ас сөзіне де әсерін тигізеді. Ескі өлшемдер қатарынан М. Ж Көпеев шығармаларында сәске, таң сәске, ұлы сәске, құлқын сәрі, құлан иек, ақшам, ымырт, ымырт жабыла т.б. орын алады. Сонымен бірге шай қайнатым, ет асым, сүт пісірім, түс ауа сияқты мезгілдік ұғымдағы тіркестерді кездестіруге болады. Ақын қолданысындағы ала жаздай, жазғытұры, ертең, таңсәріден, бүрсүгүні, қыстыкүні, күн батқанша, күзгі тұрым, қыстай, жаздай, қысы - жазы, жаз басында, күзге таман, бұл күнде, ерте - кеш, ертең ерте, жазы - қысы, жазғытұры, биылғы, былтыр, бүгін, күндіз-түні, кешке шейін, күн батқанда, жаздың күні, т.б. Жазғытұрым, жазғытұры, жазғытұрғы тәрізді нұсқалары кездесіп, жыл мезгілінің атауынан түсінік берген:

Жазғытұры көшкенде, Қалушы едің қара жол, Қабырғадан қазылып.

(«Қалмақтың жерін айтып жылағаны», 2- том, 37-бет).

Есіл уақытым сықылды- жазғытұрым, Күз боп қалса, ашылар менің сырым («Әйелдер туралы»,1- том,159-б).

Жапырақ жазғытұрғы – жердің көркі, Бұ дүние - бұлаңдаған қызыл түлкі.(« Шонтыбай қажы»,3- том, 265-б).

М. Ж.Көпеев шығармаларының тілін жан - жақты зерттеуде ерекше үлес қосып жүрген ғалым, ф.ғ.к, доцент А.Қ. Тұрышев уақыт өлшемін білдіретін жазғытұры ұғымына сәйкес өз ойын былайша өрбітеді: «Жаз+ғы /тұр+ ғы (жаз+ ғы) сөзі мезгіл мағыналы зат есім, (тұр+ғы) етістік- ғы жұрнағының көмегімен адъективтену үрдісі арқылы сын есімге айналған, жаз+ ғы (тұрғы) сөздері кез// уақыт сөздерімен барабар мәтінге ыңғайына байланысты қолданылады да, мезгіл үстеуге айналады. Тұрғы, тұрқы сөздері жеке тұрғанда қолданылмайды. Тек қана мезгіл ұғымына қатысты сөздермен тіркеседі. Қосарлану, бірігу арқылы сөз жасауға түрткі болады. Тұры // тұрым формаларының түбірі тұр етістігі екенін ашу қиын емес.Бұлардың ерекше мезгілге байланысты екені бізді таңдандыра алмайды. Қазақтар замандас, заманы бір, бір кезде өмір сүрген, бір кезде жасаған ( тұрған) деген ұғымды бір сөзбен тұрғылас дей салады. Демек, мұндағы тұр сөзіне –ғы жұрнағы қосылып, мезгіл мәнін айқындай түскен. Бізше, тұғын// тұрған-тұрым//тұрұм ( жазғытұрым) семантикалық мағынасы жағынан болмаса, жазғы+тұрым жаздың шығу, келу қимылымен байланысты тұру әдеттегі орнында тұру (осы шақ) емес, ұйқыдан ояну сияқты мағынасы бар да, тұр // тұрған бұл да заттың тұруына байланысты қимылын білдіреді.

Уақытты болжайтын өлшемдер – қазақ халқының ұзақ жылғы бай өмір тәжірибесінің нәтижесі. Уақыт атауларының ыңғайымен пайда болған фразеологизмлер де жетерлік; күн – түн қату, күні қараң, түн баласында, түн жамылу, айдың күні аманда т.б.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет