Мойынқұмның көне атауларының шығу тарихы.
«Ақсақ құлан» күйінің шығу тарихы
Мойынқұм өңіріндегі Хан тауын Шыңғысханның үлкен ұлы Жошы хан мекендегенін тарих растайды. Бұл өңір ол кездері құландардың мекені болған деседі. Бірде Жошы ханның еріккен баласы қасында адамдары бар аңға шығады. Аңшылар сай-саймен бөлініп кеткенде хан баласы бір топ құланның үстінен түседі. Топтың ішіндегі құланның жасамысы баланың жасаған айбарына қарамай (құландардың күйлеп жүрген кезі болса керек, қызғаныш туғызыпты) ат үстінен баланы шайнап, жұлып алып таптап, тепкілеп өлтіреді. Хан қаһарына мініп құлан біткенді қырамын деп ор қазып құландарды қамаған жер, құланды қырған ор «Ханның оры» атанады. Олардың сілемдері әлі жатыр. Аңыз әңгімелерде осы оқиғаға байланысты «Ақсақ құлан» күйін ХІІІ ғасырда өткен, атақты күйші Ершедегей деген адам шығарған екен. Қырылған құландардың сүйегі тау-тау болып үйілген жерді кейін Ақсүйек деп атайды.
Ақбақай туралы
Ат қою жағынан қазекең ешкімнен, ешқандай жұрттан ақыл сұрай қоймаған. Бауыр ет баласы түгіл, астындағы атымен қолындағы құсына, жетегіндегі итіне дейін айтуға жеңіл, құлаққа жағымды естілетін ойнақы сөзбен атайды. Қыстауы мен жайлауына, тау-төбе мен сай-саласына қойған аты сол жердің бет-бедеріне дөп келеді, түр-түсін, ауасының ау-жайын айтпай-ақ әйгілеп тұрады. Жаңа туған нәрестеге халқымыз көп ретте батыр бағландардың, елі үшін еңіреген ерлердің, атақты адамдардың есімін берген. Сол арқылы ұланымыздың өркені өсіп, өресі биік, өрісі кең болуына ұлы әруақтың шапағаты тисін деген ізгі тілегін білдірген. Ал жер-суға көбіне ұрпаққа ұран, ерлік пен елдікке ұйытқы болған ардақты адамдардың аттарын берген. Жер аттары кейде ел басынан өткерген тарихи оқиғаларға да орайластырып қойылады. «Хан тағы», «Аңырақай» деген тәрізді жер аттары соның айғағы. Демек,ат қоя білу үлкен өнер. Атына қарап жердің затын сыр-сияпатын бағамдауға болады. Содан болар сырт адам жер-судың, ауыл-аймақтың өзге тірлігінен бұрын, әуелі аты-жөнін сұрайды. Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін, құлаққа сүйкімді естілетін шуақты да шұрайлы сөзбен аталатын адам есімін, жердің атын естігендер ілкіде елең ете қалады. Дүбек кен табылған жердің ежелгі атын қаламады. Алтыны арқылы атағы алысқа кеткелі тұрған аймақтағы жер-су аттарын өз құрсағынан шыққан қазыналы атыраптың бойына шақ көрмеді. Содан ел тарихымен бірге жасап келе жатқан атауларға бет бұрды. Ұлтымыздың рухани-мәдени мұрасының кең жайлауын кезіп жүріп Дүбек «Ақбақай» дейтін «Тұлпарға» шалма тастады. Шынында тұлпарбекті жылқының аты халқымызбен бірге жасап келе жатқан ең озық әннің бірі «Ақбақай». Мұндағы жалындаған жастың сері көңілі мен ақылына ажары сай аруға іңкәр сезімі тыңдаушыны еркінен тыс бір тылсым күшпен селт еткізеді. Еріксіз ойға батырып, адамды парасат пен кісілік қасиетке ұйытып, ар мен ұяттың алдында тізе бүгуге мәжбүр етеді. Сонымен бірге бұл әнмен Ақбақай дейтін тұлпар текті жануардың жүрісінің өзі көңілге әдемі әуенінің иірімді ырғағын үйіріп тұрғандай сезінесің. Сондай-ақ «Ақбақай» деп аталатын осы асқақ ән.
Қолбасы ер Қабанбай ту ұстаған,
Қайраты қаһарланса құрыштаған.
Үш жүздің бар батырын ұйыстырып,
Маңына қас дұшпанын жуытпағаған!
- деп сипатталатын халқымыздың біртуар қаһарманын Абылай ханның «Дарабозын» еріксіз еске түсіреді. Өйткені Қабанбай жарықтықтың кезінде Ақбақай дейтін аты болғанын ел күні бүгінге дейін аңыз қылып айтады. Демек, Ақбақай Ақан серінің Құлагері секілді тарихи әрі әруақты адамның тұлпары болуға тиіс. Ендеше аталмыш әндегі ат еліміздің іргелі тарихынан хабардар етеді, ал алтын бақ пен дәулеттің киесіндей болып көрінеді. Дүбек Шошақтың шөлінен өзі тапқан кен орнына әйгілі әнге ұқсап ел жүрегінен өшпестей орын алсын дегендей таза тілек, ұлы үмітпен Ақбақай деп ат қойды. Бұл 1970 жылдың қоңыр күзі болатын.
Аңырақай туралы
Тарихтағы атақты Аңырақай шайқасы Мойынқұм жерінде өткен. Аңырақай шайқасы 1729 жылы жаз айында басталып 44 күнге созылған. 1776 жылы жазылған «Қазақ тарихы» Аңырақай шайқасы басталардан Аңырақтың елшісі келеді. Сол кезде қалмақтардың 25 мың қолы Хан тауында бекініп дайындалып жатқан. Қазақтардың 29 мың қолы Шу бойында жатты дейді. Сонымен 29 мың қолмен Хан тауындағы қалмақтардың 25 мың қолына аттанған. Келесі күні Хан тауында соғыс басталды. Ортаға «жекпе-жек» деп Аңырақ батырдың өзі шықты. Қазақтар жағынан Сатай бидің баласы Бөлек батыр шығады. Бөлек батыр біраз айқастан кейін Аңырақтың сол жағынан шоқпармен желкесінен ұрып құлатады. Кейін Хан тауындағы Аңырақай өлген жер деп жүріп Аңырақай атанып кеткен дейді.
Андасай жайында
Ол - Бетпақдала бесігі, Сарыарқаның есігі. Бетпақдала мен Мойынқұмның қиылысар тұсында Андасай атты қорғалым (заказник) бар. Бұл табиғаты әсем, қолат-қолат сайлары аң-құсқа бай тарихи жер. Осыдан екі жарым ғасыр бұрынғы Ақтабан шұбырынды тұсында мұнда Андас атты сері де пері саятшы жігіт өмір сүрген екен. Жамбыл тауының етегіндегі дүбірлі бір жиында баған басындағы жамбыны атып түсіріп ел аузына іліккен сол нар қасқа азамат жонғар шапқыншылығында ерлікпен қаза табады да, ол оққа ұшқан жер оның есімімен байланыстырыла Андасай деп аталған.
Андасай қорғалымы туралы
Ертеде Андас Арғын ішіндегі Кәрсон руынан шыққан атақты бай әулие болған. Андас қайтыс болғанда Жамбыл тауының батыс жағындағы бір сағаға жерленеді. Андас әулиенің басына өрнектелген жақсы күмбез тұрғызылады. Кейін бұл сай Андас сайы деп аталып кетеді. Ол кезде бұл өңірде уақытша қырғыздар тұрған. Қырғыз манабы Орман хан сол күмбезді талқандап бұзып ешқандай белгі қалдырмай жермен жексен етеді. Ондағы ойы қазақтың халі нашарлап тұрғанда Шудың сол жақ бетіндегі жерлерін басып алуды көздейді. 1968 жылы Қазақ ССР Министрлер Советінің қаулысымен 1 млн. гектардан астам жерімен бұл өңір қорық болып жарияланды. Қорықтың аты Андас әулиенің атымен «Андасай қорығы» деп аталды.
Қозыбасы тауы туралы
Ертеде хандар таққа отырғанда оның қарауындағы қалың жұрт кезекпен жабыла қозы сойып, топтанып тамаша үстінде етін жейді екен. Сөйтіп қозының бас сүйегі, басы үйіліп қалады екен. Содан бастап бұл жеке тау Қозыбасы аталған екен.
Желтау туралы
Мойынқұм ауданы Ақбақай Бетпақдаланың Мойынқұммен қойындасып, Арқамен жанасатын тұсында жатыр. Балқаштың Алматыдан, Тараздан бірдей қашықтықта 500 шақырымдай жерде тұр. Демек Ақбақай арқа, Жетісу, Бетпақ үшеуінің кіндігі. Осынау үш өлкенің бойындағы барша қасиеттер кіндігіне келіп қиысып, Ақбақайда тоғысып тұрғандай көрінеді. Сондықтанда Ақбақайдың ауасы басқа жердікінен бөлекшелеу болып келеді. Арқаның ақырған аязын, құмның аптап ыстығын, оңтүстіктен құтырған желін осы жерден табасың. Сондықтан Ақбақайдың аспанында ұшқан құстың қанаты күйеді, жерінде жортқан аңның тұяғы тозады. Шөлінде жортуылдаған жолаушы қақырығы түтеп қалады. Өйткені ұлан-ғайыр даланы қалай шарласаң да тамақ жібітер су таппайсың. Жаздың шіліңгір ыстығында жер өз-өзінен түтіндеп тұрады. Тау-төбе, қырқа қыраттарда өрт шалғандай қара қошқылданып, тұнжырай түнеріп тұрады. Тау-тастан шашырай лапылдаған ыстық леп бет шарпиды. Ал дауыл дегенің Ақбақайдың үйреншікті «ауруына» айналған. Құдайдың құтты күні ызыңдайды да тұрады. Сондықтан осы атырапты бұрынғы бабаларымыз «Желтау» деп атапты.
Қызылжартас
Ақбақай кентінен он бес шақырымдай жердегі өзекшенің бойында жатыр. Өзекшенің бер жағы жалпақ жазыққа ұласып, арғы жағалауы қызыл-қоңыр жартаспен көмкерілген. Жартас қынамен боялғандай, қызыл шырайымен сонадайдан көз суыра қылаңдап, кейде сағым орана сылаң қағып тұрады. Содан болар, жартас сонау Ақбақайдың қоңыр қырат-қырқалы биігінен бері құлаған заматта құдды қолдан қалаған қабырға кейпінде қылаң беріп қалады. Ал өзекшенің жартаспен жапсарласқан тұсынан шымырлап ағатын бастау суы жартастың түбіне келіп қайырлайды. Тауды тіліп, тасты жарып шыққан тұнба суы тұнық та мөлдір қалыбын бір бұзбайды, ақырған аязы да қатпайды, аптап ыстықта суалмайды. Қашан көрсең де бұл жердің суы өзекшенің табанын қуалай жылжып келіп, жартастың жылға-жықпылына сынаптай жылтырай сіңіп жатады. Сол судың арқасында өзекшенің өн бойы көк қияғы түбінде тусырылған аппақ шидің шоғырымен өріліп тұрады. Бұл жердің Қызылжартас аталу себебін өткен ғасырдағы Қазан төңкерісінің қанды оқиғаларынан да іздеуге болады.
Ақбақайдың арғы бетіндегі Көшкінбай сайындағы жарғабақтың түбінде де бір тұма бар. Бірақ жердің қалың қыртысынан қайнап шығып жататын судың көзі көп ретте өз-өзінен жоғалып кетеді. Соның салдарынан бұл сайдың «құйқасы» жұқалтыңдау болып келеді. Қоры мардымсыз болғандықтан ол жердің тұщы да тұма суы көп жұрттың қаперіне кіре де бермейді. Шөл-шөлейттің кепкен тандырын жібіте алмаса да, бұл тұма суы жүргіншінің кеберсіген ерніне жағуға жетіп жатыр. Содан болар, осы тұманы құдайым Бетпақтың безбүйрек тірлігіне қарлығаштың қанатымен су сепкендей болмашы болса да шарапатын тигізбек болып жаратқандай сезініп те қаласың. Ал осы екі тұманың, Қызылжартас пен Көшкінбай сайындағы судың Ақбақайдың екі жағында шығыс пен батысында әрі ауылдан бірдей қашықтықта жатуы еріксіз ойға қалдырады.
Кеңгір - көне сөз, біздің қазіргі тілдің қалыбына салсақ – «арналы», «өте кең» деген ұғымды білдіреді. Ал Ақбақайдан он бес шақырымдай қашықтықтағы Кеңгір деген жайдақ жазық пен өзектің қиысқан тұсындағы тар қолтыққа сұғына еніп жатыр. Демек, бұл жердің аты затына кереғар қойылғандай болып тұрады. Сондай-ақ осы атыраптағы Тараңғыл деген сайдың аты да жердің бет-бедеріне мүлдем кереғар келіп тұр. Өйткені Тараңғыл деген тал-теректің бір тегіне жатады. Алайда Ақбақайдан он шақырымдай жердегі Тараңғыл сайынан тал түгіл, тіс шұқырлық ши де таппайсың.
Тұлпарсаз деген жер - Хантау, Жамбыл, Байғара тауларына дейін созылып жатқан көгалды жазық дала. Кезінде мұнда ат бауырынан келетін шалғын болған екен.
Қазақ мемлекетінің тұңғыш туын көтерген жері
Халқымыздың ұлт болып ұйып, өз мемлекетінің тұңғыш туын көтерген жері қазіргі Мойынқұм ауданына қарасты Қарабөгет ауылының аумағында жатыр. Әділ әрекетпен дана саясаттың арқасында ел жадында әз-Жәнібек деген киелі есіммен қалып, аты аңызға айналған біртума ханымыздың тұрақ жайы - Керегетас деген жерде. Күні бүгінге дейін «Хан қорасы» деп аталатын осы қасиетті мекен-жай Қарабөгет ауылынан 15, Ақбақайдан 50 шақырымдай жерде жатыр. «Хан жолы» деп аталатын күре жолда Ақбақайды таспадай тіліп өтіп, сонау Арқаға қарай жосылып жатыр.
Бетпақдала
Нақты деректер болған оқиға мен көз көрген дүниені әсірелеуге, олай-бұлай бұра тарта бұғарлауға ырық бермейді, қаз-қалпында елестетіп отырады. Сондықтан қазақ әр нәрсенің қиюын келтірмей тұрып, әуелі қисынын іздеген. Халықтың сол «қисын» қалыбына салсақ, Арқа мен Жетісу аралығындағы ұлан-ғайыр далаға Бетпақ деген ат беріде берілген.
Бетпақдала - шөл даланың сүйкімсіз, сұрықсыз қалпына қарай, бұл атау парсы тілінің «бад-бахт» сөзі (жаман, жексұрын, жиренішті) арқылы жасалған болуы мүмкін. Бұған қосымша Бетпақбала өте көне заманда су жайылған жер болуы ықтимал. Уақыт өткен сайын су тартылып, оның орында батпақты дала пайда болып, міне, сол кезде оған «Батпақдала» атауы берілуі ғажап емес. Сол кездегі көл-көсір судан қалғаны Балқаш көлі болуы мүмкін. Кезінде осы өңірдің сай-саласы суға толып, тау-төбесі нуға тұнып тұрған. Шалғыны мен шүйгін шөбі аяққа оралып, жүргіншіге жол бермейтін болған. Қамысы теректей, шиқурайы жеңді білектей әрі аттылы адам көрінбейтіндей биік те қау болып өскендіктен, бабаларымыз төрт түлікке өрісті осы өңірден сайлаған. Ол кезде бұл өлкенің балығы тайдай тулап, бақасы қойдай шулаған. Қазіргідей қу тақыр, тұзы бетінде кілегейленген сор топырақ деген атымен болмаған. Айдай атыраптың қай қиырына қарасаң да, шөбі өртеңге өнгендей қау болып өсіп, киіздей тұтаса қаулаған болатын. Ол кезде бұл өлкенің қысы қысқа да жұмсақ, жазы ұзақ та салқын болса керек. Осындай артықшылығына орай Арқа мен Жетісу аралығындағы айдай атырапты бабаларымыз жер жаннатына балаған. Сол үшін байырғы бабаларымыз иісі қазақтың байтақты да баянды тірлігінің алтын қазығын Қарабөгет пен Ақбақайдың аралығына әкеп қадады. Ұлтымыздың ұядағы ұлы мен қиядағы қызын мәмілеге ұйытатын, береке-бірлікке бастап, ырысқа ұйытқы болатын қазақтың қасиетті қара шаңырағын ежелгі Тараз қаласы мен Балқаш көлінің жуан ортасынан көтерді. Дүниенің төрт бұрышында тарыдай шашырап жүрген қазақ баласын бауырына тартып тұратын атасындай айбарлы, анасындай аяулы Отан да дәл осы өлкеден, Шудың сағасынан, Мойынқұмның жотасынан орын тепті.
Шынында біртұтас үлкен ұлттың мал-жанының өсіп-өнер жері «жаман» болмауға тиіс. Демек, қазіргі Шошақтың шөлі мен Бетпақдала кезінде «жер» ұйығы болған. Ақбақайдың шығысы мен батыс жағындағы сулы да нулы жерлер көктен түспеген. Олай болса, шөл даланың жуан ортасындағы «жайлау» сол кезіндегі жап-жасыл «жазираның» жұқанасы деуге болады. Онда Ақбақайдың іргесіндегі Кеңгір сайы Арқадағы Кеңгір өзенімен кезінде жалғасып жатқан ғой?! Ендеше, Тораңғыл өзегі баяғыдағы ит тұмсығы батпайтын қалың орманның орны болады да шығады.
Тегінде Ақбақай аймағының жер жағдаяты жөніндегі жорамал әңгіменің мұндай қисынына да құлақ асқан абзал. Себебі күллі ғалам тынымсыз қозғалыс жасап, іркіліссіз өзгеріске ұшырап отырады. Жаратылыстың осындай заңына орай Жетісу мен Арқаның аралығындағы ұлы даланың жер асты суы тереңге тартып, түрлі арналар арқылы алыс қиырға қарай қаша бастады. Соның салдарынан өзендер сарқылып, бұлақтар тартылып айдай атырап тақырға айналды. Қорегін 80 м тереңдіктен тартатын сексеуіл, жусан, бетеге, баялыштан басқа өсімдіктің бәрі жер жұтқандай жоғалды да, кезіндегі көкорай көркем атырап біртіндеп құлазыған қу далаға айналды. Кенеуі кетіп, құты қашқан өлкеге мал мен байлық құтаймады. Шаруашылықтың шаңырағы шайқалып, ел тірлігінің кетеуі кетті. Жұтаған жұрт Оңтүстік пен Арқаға қарай ауа көшті. Хан ордасы Түркістанға, қараша қалың қауым Жетісу мен Арқаға қарай жылыстап кетті. Сөйтіп, елі кеткен ен дала сұп-сұр реңінен бір жазбай, жылдың төрт мезгілінде де бедірейіп жата беретін болды. Осындай түр-түсіне орай бұл даланы жұрт Бетпақ деп атап кетеді.
Достарыңызбен бөлісу: |