Класс Time.- 2013.- №17.- 24 сәуір
Асықтан спартакиада өтті
Қашанда қазақ халқы өз ұрпағына әлімсақтан өркениет жауһарларын мұра етті. Оның әрбір әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, ұлттық ойыны ата-бабаның мәйекті мәдениетімен астасып тұр. Осы ұлттық мұраларымыздың қатарында ептілікке, мергендікке баулитын асық ойыны да бар.
Жуырда С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті Ұлыстың ұлы күні – Наурыз күні мейрамын ұйымдастырып, асық ойынын жаңғырту рәсімін өткізді. «Халық сөзі» газетінің командасы 10 мың студенттен іріктеліп алынған «ҚазАТУ қырандары» құрама командасымен бақ сынасты.
Асық ойынын жаңғырту мақсатымен «Асығыңыз алшысынан түссін» атты спорттық сайысты құттықтау сөзімен ашқан университет ректоры Ақылбек Күрішбаев өзінің асық ойынын бала кезден ойнағанын еске алып, екі командаға сәттілік тіледі. Сайыста «Халық сөзі» газетінің құрама командасы мен Қазақ агротехникалық университетінің «ҚазАТУ қырандары» студенттер командасында асықты алшысынан түсіретін қолдары орамды, қимылдары епті сегіз студент бақ сынады.
Қазақтың асық ойынының төрт түрінен өткен жарыстың қорытындысы бойынша жеңімпаздарға атаулы номинациялар бойынша сыйлықтар табыс етілді.
Жарыс қорытындысы бойынша «Ең зерек» номинациясы бойынша «Халық сөзі» газетінің бас редакторы Қуат Әуесбай, «Ең байсалды ойыншы» номинациясы бойынша журналист Жангелді Қаржан, «Ең шерткіш» номинациясы бойынша ҚазАТУ студенті Ербол Айзақов марапатталса, бас жүлдені «ҚазАТУ қырандары» құрамасы иеленді.
ҚазАТУ-дағы Наурыз мейрамын атап өту барысында ұлттық асық ойынымен қатар, «Қазақша күрес», «Арқан тарту» сынды ұлттық ойындардан жарыстар өтті.
Достарыңызбен бөлісу: |