Кожахметова Жанат Кенжебековна Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Эссе «Менің педагогикалық қызметім»



Дата11.07.2016
өлшемі39 Kb.
#190231
Кожахметова Жанат Кенжебековна

Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі


Эссе «Менің педагогикалық қызметім»

Мұғаліммін...
Жұмыскер жай адаммын.
Жас өренге мейірі бай адаммын.
Елге әйгілі батыры болмағанмен,
Ұстаз деген атаққа сай адаммын
...

Е.Нүсіпбеков



Иә... Жылдар, шіркін, құба жонның құланындай зымырап өте береді екен. Күні кеше өзімнің тәлім алған мектебіме жас маман болып келіп, өзіме дәріс берген аяулы ұстаздарымның қолдауымен ұстаздық еңбек жолымды бастап та кеткен едім. Енді, міне, оған да аттай 25 жыл өтіпті.

Осыдан 25 жыл бұрын мен өмірімдегі берік байлам мен таңдауымды танытып, ең батыл қадамымды жасадым. Баланы оқытуға бел байлап, тамаша шешім қабылдадым. Осынау қасиетті де ізгі мамандық жолына бағыттап, өздері де ұстаздықтың биік үлгісі бола білген ата-анама ерекше ризамын.

Мектебім мені арада 5 жыл өткен соң қайтадан құшақ жая қарсы алды. Бір кездері шәкірттік жаныма нұр құйған аяулы жандар ұстаздық жолымдағы алғашқы қадамымды қатайтты, шеберлігімді шыңдады. Сол ұстаздарымның кеудемде жаққан оты менің алдағы қиындық мен қызыққа толы еңбек жолыма жарық берді. Мен олардан оқытатын пәнімді, алдымдағы шәкірттерді сүюді үйрендім.

Жылдар өте келе бұл мамандықтың өзімнен қажырлы еңбекті, барды жарқырата көрсетіп, көрген жанның қызығушылығын арттырар шебер әдіс-тәсілдерді, бала жанына білім нәрін бағбан ретінде егіп, кемелдендіріп отыруды талап ететіндігін білдім. Сондықтан да әуелі ұстаздық қызметіме бағдар берер өзіндік ұстанымдарымды белгіледім:

* Бала мен үшін емес, мен бала үшін жұмыс істеймін;

* Баға құнды емес, бала құнды;

* Сабақты ұстаз бен шәкірттің адами қарым-қатынасына құрамын;

* Сабағымның мақсаты – баланың басқаға ұқсамайтын қасиетін ашу;

* «Шәкірттің кемшілігін көрсең, ықыласын өлтіресің» қағидасын еске

ұстау;


* Импровизация – сабақтың жаны, ал әр бала – сабақтың негізгі кейіпкері;

* Әр бала – табиғаттың ғажайып құбылысы. Әр бала – Ханзада мен Ханша!

Иә, мен үшін басты құндылық – оқушым. Оларды өсіру үшін өзім де талмай ізденіп, рухани биіктей түсуім - қажеттілік. Сондықтан да болар, бүгінде оқыту тәжірибемді заман талабына сай өзгертуге талаптанып, сындарлы оқыту теориясына негізделген Кембридждік оқыту тәсіліне ерекше қызығушылық танытқандардың бірі болдым. Бірінші деңгей бағдарламасы бойынша курсты сәтті аяқтап, өз мектебімде өзгеріс енгізу үшін көшбасшылық бағыттағы алғашқы қадамымды бастап та кеттім.

«Оқыту мен оқуда шәкірттерімнің бойында ХХІ ғасыр талаптарына сәйкес келетіндей дағдыларды дамытатын өзгерісті қалай енгізуге болады?» деген сауал төңірегінде көп толғандым, іздендім, озық елдердің тәжірибелерін саралап, ойымды жаңалауға тырыстым. Ең басты мәселе «білу» деп қабылданған білім беру мазмұнын белсенді іс-әрекеті арқылы оқушының өздігінен меңгеруіне негізделген білімге өзгерту қажеттілігін ұғындым. Шәкірттерімнің мені «білім көзі» емес, білімге апаратын жолды нұсқаушы, қажет кезінде жәрдемдесуші ретінде қабылдағанын қаладым.

Ұстаздық жолымда талай шәкірттердің талабын ұштап, қанатын қатайттым. Биіктерден көрінген шәкірттерімнің жеңісі менің де жаныма қуат беріп, жаңа бастамаларға ынталандырып отырды. Олардың өз пәніме деген қызығушылығын тудырып, сенімді қарым-қатынас орната алғаныма, олардың өмір жолына қажетті дағдыларды дарыта алғаныма қуаныштымын.

Бүгінгі күні алдымда отырған шәкірттерімнің көзіндегі қуанышы, сан-салада жүрген түлектерімнің сөзіндегі алғысы мен үшін үлкен бақыт.

Шынында, ұстаз болу – қайталанбас бақыт, өмір атты құдірет қолға ұстатқан жарқыраған жақұт! Әр қырын танып, сабырмен сүртіп, көзін ашып, қолданар болсақ, жарқырап жол көрсетер шамшырақ! Сол жолда өркендеп өсіп келе жатқан әрбір оқушымыз – еліміздің ертеңі. Қазақтың сыршыл ақыны Мағжан Жұмабаев:

Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты

Қырандай күшті қанатты



Мен жастарға сенемін!

- десе, мен де өзімнің шәкірттерімнің зор болашағына сенемін!

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет