Коммерциялық табу бонусы
Жалпы ережелер
1.Салық Кодекс бойынша 317 баптың 2-тармағында аталған жағдайларды қоспағанда, жер қойнауын пайдаланушы коммерциялық табу бонусын келісімшарт аумағындағы пайдалы қазбаларды әрбір коммерциялық табу үшін, оның ішінде бастапқыда белгіленген алынатын қорларды арттыруға алып келетін кен орындарына қосымша барлау жүргізу барысындағы табу үшін төлейді.
2. Пайдалы қазбалардың кен орындарына оларды кейiннен өндiрудi көздемейтiн барлау жүргiзуге арналған келiсiмшарттар бойынша коммерциялық табу бонусы төленбейдi.
Төлеушiлер
Жер қойнауын пайдалануға арналып жасалған келісімшарттар шеңберінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде келісімшарт аумағында пайдалы қазбаларды коммерциялық табуы туралы жария еткен жер қойнауын пайдаланушылар коммерциялық табу бонусын төлеушілер болып табылады.
Салық салу объектiсi
Осы келісімшарт аумағында осы мақсаттар үшін уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен алынатын пайдалы қазбалар қорларының нақты көлемі коммерциялық табу бонусын салу объектісі болып табылады.
Салық базасы
Осы мақсаттар үшін уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен алынатын пайдалы қазбалар қорлары көлемінің құны коммерциялық табу бонусын есептеу үшін салық базасы болып табылады.
Коммерциялық табу бонусын есептеу мақсатында алынатын пайдалы қазбалар қорлары көлемінің құны Халықаралық мұнай биржасында немесе Лондонның металл биржасында пайдалы қазбаларға белгiленген баға мен төлемді жүзеге асыру күні «The McGraw-Hill Companies Inс» компаниясының «Platt's Crude Oil Marketwire» анықтамалығында, «Metal Bulletin Journals Limited» баспасының «Metal Bulletin» журналында, «Metal-pages Limited» баспасының «Metal-pages» журналында жарияланған биржалық баға бойынша, осы Кодекстің 334 және 338-баптарында белгіленген тәртіппен айқындалады.
Пайдалы қазбаларға биржалық баға белгiленбеген жағдайда, алынатын қорлардың құны осы мақсаттар үшін уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен келісімшарттың техникалық-экономикалық негіздемесінде көрсетілген өндіруге арналған жоспарлы шығындардың жоспарлы рентабельдiлiк мөлшерiне ұлғайтылған сомасының негізінде айқындалады.
Коммерциялық табу бонусын есептеу тәртібі
Коммерциялық табу бонусының сомасы салық салу объектісінің, салық базасы мен ставкаларының негізінде айқындалады.
Коммерциялық табу бонусының ставкасы
Коммерциялық табу бонусы салық базасының 0,1 процент ставкасы бойынша төленедi.
Коммерциялық табу бонусын төлеу мерзiмi
Коммерциялық табу бонусы осы мақсаттар үшiн уәкілетті мемлекеттік орган кен орнындағы алынатын пайдалы қазбалар қорының көлемiн бекiткен күннен бастап 90 күннен кешiктiрiлмей төленедi.
Салық декларациясы
Коммерциялық табу бонусы жөнiндегi декларацияны жер қойнауын пайдаланушы орналасқан жерi бойынша салық органына төлеу мерзiмi басталған айдан кейiнгi екінші айдың 15-не дейiн табыс етедi.
Достарыңызбен бөлісу: |