13-лекция. Тақырыбы: Ясауи методы: зікір және қылует
Лекция жоспары:
1.Ясауи методы: зікір
2. Қылует
Лекцияның оқыту нәтижелері:
1.Жеке, мәдени, кәсіби қатынастарда ғылым, діни төзімділік, адамдар қатынасы, құқығы туралы ясауилік ұстанымдарды қалыптастырады;
2.Ясауи дүниетанымын көпшілікке жеткізу дағдыларын көрсетеді;
3.Түркі халықтарының дүниетанымындағы ортақ сопылық мәселелерін шешу барысында өз көзқарастарын, идеалдарын жақтауда жоғары сенімділік көрсетеді;
Лекция мазмұны:
Зікір сөздікте «еске сақтау», «еске ұстау» деген мағынаны берсе, сопылық тариқаттарда Аллаћтың атын еске ұстауды және оны қайталауды, Аллаћты атымен мадақтауды «зікір» дейді. Құран Кәрімдегі: «ең сұлу есімдер Аллаћтікі», «Аллаћқа сол есімдермен дұға жасаңдар», «мені еске алыңдар, мен де сендерді еске алайын», - деген Аллаћтыңәмірі мен пайғамбардың бір құдси хадисінде:“Құлым мені зікір (еске ұстау, еске алу) етіп, мені қалай бағаласа, мен де оны солай бағалаймын. Құлым мені өз жанымен зікір ететін болса, мен де оны шын көңіліммен зікір етемін. Құлым мені бір қауыммен зікір ететін болса, мен де оны одан да жақсы бір қауымның ішінде зікір етемін. Құлым маған бір қарыс жақындайтын болса, мен де оған екі қарыс жақындаймын. Құлым маған екі қарыс жақындайтын болса, мен де оған бір құлаш жақындаймын. Құлым маған бір құлаш жақындайтын болса, мен де оған екі құлаш жақындаймын. Құлым маған жүріп келетін болса, мен де оған жүгіремін”, - делiнгенi сияқты сопылық тариқаттар зікір салуды бір қағида ретінде қалыптастырған.
Зікір салудың түрлі жолдары бар. Солардың ішінде ең жақсы зікір – намаз. Яғни адам намазда тұрғанда Аллаћты ойлайды. ¤зінің Аллаћтың хұзырында әлсіз, бишара екенін сезінеді. Сонымен қатар сопылық тариқаттарда Аллаћтың есімдерінен және кейбір Құранның аяттарынан құралған зікірлер бар. Зiкiр салушы дәруіш осы Аллаћтың есімдерін қайта-қайта айту арқылы оны көңiлiне тоқиды.
Мұсылмандық тариқаттарда зікір “хафи” (іштей) зікір, “жәћри” (дауыстау) зікір болып екіге бөлінеді екен. Хафи Хазiретi Әбу Бәкiрден қалған зiкiр болса, жәһри Хазiретi Алиден қалған. Ал Ясауи тариқатындағы зікір жәћри, яғни дауыстау зікіріне жатады. Осы тариқат бойынша дәруіш екі тізесімен шөкелеп отырып, “ћу”, “хай” және “Аллаћ” деген сөздерді дауыстап, оны қайта-қайта айтумен жалғастырады.
Ясауи тариқаты бойынша зікір салушының тамағынан ағаш аралаған араның дауысы сияқты дыбыс шығатын болғандықтан, мұны “зікір әррә” (ара зікірі) деп атаған. Аңыз бойынша осылай зікір салуды Ахмет Ясауиге Қызыр (Қыдыр) ата үйреткен екен. Тіпті бұл зікірді Хазіреті Зәкәрия пайғамбардан қалған дейтіндер де бар.
Достарыңызбен бөлісу: |