Лекция мақсаты: Қазтуған жыраудың шығармашылығымен таныстыру, толғауларының мәнін көрсету.
Жоспар:
1.Қазтуған жырау Сүйінішұлы (ХV ғ.) шығармашылығының өзіндік сипаты.
2. Жыраудың шыққан ортасы, өмірінен мәлімет.
3. Жырау мұрасының басылуы, зерттелуі.
Қазтуған жырау шамамен ХV ғасырдың 20-30 жж. Еділ бойында, қазіргі Астрахань облысының Красный Яр қаласының маңында туған. Оны халық Қарға бойлы Қазтуған деп атап кеткен. Жыраудың дәл қай жылы туып, өлгені туралы деректер әзірге белгісіз. Шамамен 75 жасында қайтыс болған. Ол көшпенді шонжарлар әулетінен шыққан. Жаугершілік заманда қолбасы батыр, жорық жыршысы болған.
Қазтуған туралы алғашқы деректерді С.Сейфуллин жинақтаған. Жырау туып-өскен жері — Еділ, Жайық, Жем, Сағыз, Ойыл өзендері бойын өз еркімен тастап кетпей, оны амалсыз қалдырып бара жатқанын жырларына арқау етеді.
ХІХ ғ. көрнекті ақыны Мұрат Мөңкеұлы Қазтуған туралы көп толғап, оның пікірлерін талмай уағыздап өткен.
Өзіне арнаған мадақ жырында («Бұдырайған екі шекелі…») жырау өзін ең күшті, ең құрметті заттарға балайды. Тарпаң тағыны ұстар ұзын құрық, ақ орданы сүйеп тұрған әшекейлі сырық, жас бураның тал шайнар өткір азуы, қыранның ең қуатты тырнағы. Осы жолдардан Қазтуғанның жорықшы, жауынгер жырау болғандығы көрінеді.
Қазтуған нәр алған әдебиет — көшпенділердің көне поэзиясы. Кет-Бұға, Сыпыра жыраулардың толғаулары.
Қазтуғанның нағыз ақындық қуатын танытатын шығарма – оның туған жермен қоштасу жыры. («Алаң да, алаң, алаң жұрт»). Еділ бойы — Қазтуғанның ата-бабасының ғұмыр кешкен, өзінің туып өскен жері. Сондықтан да Еділді қиып тастап кету мүмкін емес. Жырау қайғы айтып еш түңілмейді. Батырлар дәстүрін қолдап, асқақ жыр шертеді. Ескі елдік, бөлінбес бірлік, қайтпас ерлік дәстүрлерін уағыздайды.
ҚР ҒА қолжазба қорында «Қазтуғанның қоныстан ауғанда айтқаны» деген бір толғау бар. Бұдан Қазтуғанның Асан қайғының жер туралы пікірлерімен бағыттас екенін байқап, Асанның баласы Абат екеуінің көзқарасының бір екенін көруге болады. Толғау Асан, Абат, Қазтуған үшеуінің диалогы ретінде беріледі. Ол кезде Асан 120 жасаған қария. Ол ел бастауды екі батырға жүктеп, ақылшы ғана болып отырады.
Кейінгі ақындар, әсіресе Махамбет сияқты батыр ақын оған еліктеген, Қазтуған образдарынан тікелей үлгі алған, сөз саптаулары бірыңғай, әуендес. Себебі, бұлардың алдына қойған мақсаттары ұқсас. (портрет, теңеу, аллитерация қолданудағы ерекшеліктер).
Қазтуған эпостық жырлар да шығарған. Олардың көбі ел аузында сақталмаған. Бізге жеткен санаулы шығармаларының өзінен-ақ өршіл романтикалы жауынгер ақын болғаны байқалады.
Өзін-өзі бақылау тапсырмалары:
1. Қазтуған жыраудың өзіне арналған мадақ жырын талда.
2. Еділмен қоштасу толғауын жатта.
3. Қазтуған жырларындағы Асан қайғы сарыны қалай көрініс тапқан?
4. Өлең-толғауларының көркемдік сипатын айқында.
5. Қазтуған шығармаларының кейінгі жырауларға әсері қандай?
Әдебиет:
1. Ай, заман-ай, заман-ай. А., 1991.
2. Бектуров Ж. Художественно-композиционные особенности поэзии жырау и акынов. (Автореферат дисс.) А., 1990.
3. Бес ғасыр жырлайды. (екі томдық). А., 1989.
4. Кенжебаев Б. Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері. А., 1973.
5. Мағауин М. Қобыз сарыны. А., 1968; Ғасырлар бедері. А., 1991; Қазақ тарихының әліппесі. А., 1994.
6. Мәдібай Қ. Хандық дәуір әдебиеті. А., 1996.
7. Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері. А.,1967 Қазақ әдебиетінің тарихы. А., 1997.
8. М.Мағауин. Қазтуған жырау.- «Лениншіл жас», 1965, 15 тамыз
Қазтуған Сүйінішұлы
Қазтуған Сүйінішұлы (шамамен 15 ғасырда өмір сүрген) – жырау, жорық жыршысы, қазақ эпосын жасаушылардың бірі. Қазтуған жыраудың артынан өмір, болмыс туралы, атамекен, туған ел жайлы және әскери тұрмысқа қатысты сан алуан жырдан құралған мол мұра қалған. Бірақ жырларының көпшілігі сақталмаған. Бізге жеткен шығармаларынан қазіргі кезде «Бұдырайған екі шекелі», «Алаң да алаң, алаң жұрт», «Белгілі биік көк сеңгір» деп аталатын үш толғауы ғана бар. Алайда аталған үш шығарманың өзі-ақ Қазтуғанның қазақ әдебиет тарихынан орын алуына негіз бола алды. Қиялының ұшқырлығы, кеңдігі, суреттеу тәсілдерінің байлығы мен әсемдігі орта ғасырларда қазақтың ақындық өнерінің жоғары дәрежеде әрі өзіндік сипатқа толы болғанын танытады. Ұлттық бояуы ашық, өршіл романтикаға суарылған, афористік толғаныс, көркем тіркестерге бай Қазтуған жырлары әлденеше ғасырлар бойы қазақ ақындарына үлгі, өнеге мектебі болған.
Жыраудың «Бұдырайған екі шекелі» толғауында әрі жырау, әрі батырға тән өз портретін өзі жасап, ұтымды да дәл метафоралық салыстырулар арқылы әсем көмкерген. Ал, «Алаң да алаң, алаң жұртта» халықтың туған мекен ? Еділін тастап, шу бойында алғаш хандық құрып, қоныс тебуі, тәуелсіз ел болу кезеңін меңзейді. Қазтуғанның туған жер, өскен елге деген махаббаты да кіршіксіз әрі шексіз. Ол «Кіндік кесіп, кір жуған» ата қоныс ? Еділдің дарқан байлығы мен шексіз де шетсіз қуатты мекен екенін сипаттау арқылы өз сүйіспендігін жайып салады. «Жатып қалған бір тоқты жайылып мың қой болған жерді» суреттегенде, оның елге қорған, мықты тірек болғанын да ұмытпайды. «Белгілі биік биік көк сеңгір» жырынан жауынгер-жыраудың өмір жайлы тыныс-түсінігі айқын аңғарылады. Бұл аталған жырлар қазақ әдебиетінде өзінің мазмұны мен көркемдік сипаттары жағынан ғана емес, сыртқы түзілім-құрылыс тұрғысынан да ерекше дараланады.
Қазтуған жырлары алғаш рет Ғ.Мұштақтың «Шайыр, яки қазақ ақындарының басты жырлары» деген кітабында басылған. Кейіннен «Ертедегі әдебиет нұсқалары», «Алдаспан», «15-18 ғасырлардағы қазақ поэзиясы», «Бес ғасыр жырлайды» атты жинақтарда жарық көрген. Дереккөзі: Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 5 том
Қазтуған жырау
Қазтуғанның туып-өскен қонысы – Еділден бөліне шығып, онымен жарыса ағатын Ахтуба, Бодан (Бозан) өзендерінің бойы, қазіргі Красный Яр қаласы тұрған маңай. Жырау көшпенділердің шынжыр балақ, шұбар төс әскери аристократиясынан шыққан сияқты. Халық аңыздарында ол қолбасы батыр.
Өзіне арнаған мадақ жырында Қазтуған былай толғайды:
Бұдырайған екі шекелі,
Мұздай үлкен көбелі,
Қары ұнымы сұлтандайын жүрісті,
Адырнасы шәй жібек оққа кірісті,
Айдаса – қойдың көсемі,
Сөйлесе – қызыл тілдің шешені,
Ұстаса – қашағанның ұзын құрығы,
Қалайылаған қасты орданың сырығы,
Билер отты би соңы,
Би ұлының кенжесі,
Буыршынның бұта шайнар азуы,
Бидайықтың көл жайқаған жалғызы,
Бұлыт болған айды ашқан,
Мұнар болған күнді ашқан,
Мұсылман мен кәуірдің
Арасын өтіп бұзып дінді ашқа
Сүйінішұлы Қазтуған!
Таза далалық поэзия! Бұл жолдар қазақ тілінде ғана сұлу, қазақ оқушысына ғана түсінікті. Мұздай ызғарлы ауыр сауыт киген батыр көтермелеу үшін өзін номадтың түсінігіндегі ең әулетті, ең құрметті деген заттарға балайды. Тарпаң тағыны ұстар ұзын құрық, ақ орданы сүйеп тұрған әшекейлі сырық, жас бураның тал қайзар өткір азуы, қыранның жембасар тырнағы, - алтын да, күміс те, алмас та емес, бірақ алтыннан да, алмастан да салмақты, іріктеліп, екшелеп алынған образдар. Осы жолдардан Қазтуғанның жорықшы, жауынгер жырау болғандығы көрінеді. Сонымен бірге жыраудың эпосшы болғандығы да аңғарылады. Ноғайлы цикліндегі жырлардың біразынан Қазтуған поэзиясының әсері байқалады. Бұл тұрғыдан алғанда Қазтуған – қазақ эпосын жасаушылардың бірі.
Бұлыт болған айды ашқан,
Мұнар болған күнді ашқан, -
деп шалқыған Қазтуғанның білегінің күші қаншалық болғанын біз білмейміз, ал ақындығына келсек, оның мұндай сөздерді айтуға толық хақысы болғандығы көрінеді. Қазтуғанның нақыл-тақпақ, жыраулық ой толғанысынан келетін:
Балдағы алтын құрыш болат
Ашылып шапсам дем тартар,
Сусыным қанға қанар деп.
Арғымақтың баласы
Арыған сайын тың жортар,
Арқа мен қосым қалар деп.
Ақ дария толқын күшейтер,-
Құйрығын күн шалмаған балығын
Ортамнан ойран салар деп.
Азамат ердің баласы
Жабыққанын білдірмес,
Жамандар мазақ қылар деп, -
Іспеттес жолдары жыраулық поэзияның бізге жеткен ең ескі үлгісі. Бұл жерде үлкен ақыл иесі, кең тынысты жырау бой көрсетеді.
Алайда Қазтуғанның ақындық қуатын танытатын шығарма – оның туған жермен қоштасу жыры. Бұл толғаудан кейін бүкіл қазақ поэзиясына азық болған образдарды ұшыратамыз.
Алаң да алаң, алаң жұрт,
Ағала ордам қонған жұрт,
Атамыз біздің бұ Сүйініш
Күйеу болып барған жұрт,
Анамыз біздің Бозтуған
Келіншек болып түскен жұрт,
Қарғадай мынау Қазтуған батыр туған жұрт,
Кіндігімді кескен жұрт,
Кір-қонымды жуған жұрт,
Қарағайдан садақ будырып,
Қылшанымды сары жүн оққа толтырып,
Жанға сақтау болған жұрт!
Бұл жолдарда оқушысын баурап алатын ерекше бір күш бар сияқты. Аңдап қарасақ, өзгеше ештеңе де жоқ, қарапайым сөз тіркестері. Алайда осы қарапайым сөздердің өзінде адамды елітер, ерітер қаншама сезім жатыр десеңші!
Қазтуған поэзиясы – табиғат аясындағы көңілі таза сәби көшпендінің поэзиясы. Бұл поэзия номадтың санасының қаншалық дәрежеде болғандығын көрсетеді, оның өзін қоршаған, әлі адам қолы бүлдірмеген табиғат туралы түсінігінен елес береді, өмірге көзқарасын білдіреді. Табиғат аясындағы ақкөңіл номадтың қиялы өзінің ұшқырлығымен, кендігімен, сонымен қатар балаңдығымен бізді таң қалдырады. Жырау туғызған кейбір муреттер мен образдарға біз кішкене баланың құмнан соққан құрылыстарына қараған үлкен кісінің сезімімен қызықтай қраймыз, бірақ күлмейміз, - сүйсінеміз. Бұл сезім кейде бас ұруға дейін жетеді. Өйткені Еділ жөнінде айтылған:
Шырмауығы шөккен түйе таптырмас,
Балығы көлге жылқы жаптырмас,
Бақсы мен шаяны
Кежідегі адамға
Түн ұйқысын таптырмас, -
деген жолдар хас суреткердің қолынан ғана шығуы мүмкін еді. Сүйкімсіз шөп шырмауықтың қалыңдығы, адамға тыныш ұйқы ұйықтатпайтын бақа-шаянының көптігі де жырауға соншалық ыстық. Туған жердің қасиеттілігінің бір белгісі іспеттес. Бірақ біз жатырқамаймыз, тыжырынбаймыз – суреткердің қиялына таңырқап, демімізді ішке тартамыз. Өйткені біздің алдымызда орта ғасырдың поэзиясы, ортағасырлық көшпенді. Осы тамаша толғау:
Сөйткен менім Еділім,
Мен салмадым, сен салдың,
Хайырлы болсын сіздерге
Менен қалған мынау Еділ жұрт, -
деп Еділ бойында қалған түрік тектес руларға бақыт, береке, тыныштық тілеумен аяқталады.
Біздің қолымыздағы Қазтуған атына қатысты деректер әзірге осымен шектеледі. Бізге жеткен, әрине, Қазтуған мұрасының жүзден бірі ғана. Бірақ осының өзі қазақ әдебиетінің басы болып есептелуге тиіс суреткердің творчествосы жайынан біршама елес бере алады.
Сүйініш ұлы Қазтуған
Қазтуған туралы аз жазылған жоқ. Зерттеу еңбектердің баршасы да оны ХV ғасырдың тұлғасына жатқызады. Бірақ ол пікірдің шындықтан ауылы алыстау. Қазтуған – Ноғайлы жырауларының ең кенжесі, ХVІІ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген тұлға.
Жыраудың өмір сүрген кезеңін анықтауға Ноғайлы шежірелері септеседі. Қазтуған шежіресі былай түзіледі: Ысмайыл – Дінбай – Тінікей – Абдол – Сүйініш – Қазтуған. Ысмайыл Мұса бидің ортаншы ұлдарының бірі болғандықтан, 1480 жылдар шамасында дүниеге келді деп болжауға болады. Ал өлген жылы 1563 жыл. Оның төртінші ұлы Дінбай Орыс би заманының 1578-1590 жылдары атыс-шабыстың бел орта¬сында болды. Қазтуған Ысмайылдың бесін¬ші ұрпағы. Әр ұрпаққа 20-25 жастан бергенде Қазтуған 1600 жылдар шама¬сында дүниеге келген болады.
Ол ноғай ұлтының төл перзенті. Үшін¬ші атасы Дінбай би дәрежесіне көтеріл¬мегенмен, Башкирияның уәлиі болған Ноғайлының атақты мырзалары¬ның бірі. Қарғыс тигендей атыс-шабыспен өмірлері Ысмайыл ұлдары арасында үнемі әділет жолына жығылушылардың бірі болды.
1556 жылы Астраханды орыс ләшкері екінші рет алып, Ысмайылдың талабымен Еділдің өткелдеріне қатаң күзет қойылған-ды. 1558 жылы Ливон соғысы басталып, күзет алынып тасталғанда, Ысмайылдың қитұрқы қылықтарына наразы болған Дінбай әкесінен бөлініп, Қырымға ауған-ды. Қырым ханы Дәулеткерей апаларынан туған жиен еді. Хан Ысмайыл балалары Дінбай мен Құтлықбайды, олармен бірге ілесе барған Сейідахмет би ұрпақтары мен Оразалы¬ның тоғыз ұлын құшақ жая қарсы алды. Дәулеткерей 100 мың ләшкермен Мәскеуге жорыққа аттанбақшы еді. Әлгі¬лерді ләшкер санатына қосты. Бірақ орыс межелерінің күзеті мықты екенін барлап біліп, жорықтан бас тартты. Ноғайлыдан келгендерге елдеріне қайтуға кеңес берді. Дінбай қайтар жолда Дон казактарының шабуылына ұрынып, інісі Құтлықбайды тұтқында қалдырып, соңындағы қалың найман елін жауға беріп, он бес адаммен ғана қашып келді (В.В. Трепавлов... 303-б.). 1559 жылы әжептәуір жасақпен барып, тұтқын болған інісін, қолды болған елін және бүлгін кезінде ауып кеткен қыруар жұртты қайтарып әкелді. Риза болған әке оны Башкирияға уәли ғып жіберді.
Дінбай 1563 жылдың қысында Ноғай¬лы¬дан қашып кеткен Шейхмамайдың үш ұлы Ташкент билеушісі Барақ ұлы Баба жасақтарымен тізе қосысып, Ноғайлының шығыс қанатын тонағанда, соңдарынан аттанып, мал-мүлікті айырып алып, жо¬рық жетекшілерінің бірді-екісін байлап алып қайтқан да осы Дінбай еді (Сонда, 309-б.).
Ал 1576 жылы Дінахмет бидің тұсында Башкирия уәлиі Дінбай дәрежесі жағынан бимен теңестірілді (Сонда, 315-б.). Ал Орыс би тұсында ол батыс тарап шекараға жауап¬ты – нұрадын қызметін 1584 жылға дейін атқарды. 1586 жылы қаңтарда Орыс пен Дінбай елшілері Бақшасарайға келіп, Түрік сұлтанына сұранды. Дінбай Орыс бидің түрікпен тізе біріктіру саясатын қолдады.
Міне, осы шамадан бастап, Дінбай аты құжаттарда кезікпейді де, Дінбай ұрпақтары атымен Тінікей, Қанай, Рахманқұл есімдері ауызға ілігеді.
Демек, Дінбай ақ патшаға жаны қас Орыс бидің үнемі серіктесі болып, саяси сахнаға Орыс бидің ұлы Жанарслан шыққанда да, Дінбай ұлдары оның шашбауын көтерді. Сөйтіп, Дінбай және Дінбай ұрпағы Ноғайлының Ресейге қарсы тобының басты тіректерінің бірі болды деуге негіз бар. Дінбай ұрпақтары орысшыл Ормамбетті өлтіруге қатысты. Осы оқиғадан кейін Ноғайлыға Астрахан атқыштары шыққанда Дінбай ұрпақтары Жемнің сыртына көшіп кетті.
Бұл мәселелерді тәптіштеп баяндап отырған себебіміз: сөз болған жағдайлар¬дың көбісі Қазтуған толғауларына жыр жолдары болып енген.
Сап-салпыншақ анау үш өзен ,
Салдары менің ордам қонған жер...
Мұндағы үш өзен: Еділ, Жайық, Жем. Бұл үш өзенді жайлағаны рас. Соңғы¬сында тіпті Жемнің шығысына асып кеткен-ді.
Мұсылман мен кәуірдің
Арасын өтіп бұзып дінде ашқан,
Сүйінішұлы Қазтуған.
Мұндағы кәуірі Ресей екені бесенеден белгілі. Кәрі атасы Дінбайдың орысқа қарсылығымен жастайынан сусындап өскен Қазтуғанның бұл мәселедегі көзқарасы анық та біржақты.
Еділ – Жайық арасын 1508-1513 жылдар аралығында Ормамбет інілері мен балалары тастап шыққан соң, Есет, Ор, Жем сыртында жүрген Орыс пен Дінбай ұрпақтары Астрахан аймағына келіп, қазіргі Қызылжар, Володар ауданындағы Бозан суының бойына қоныстанды. Құт-береке Бозан өзенінің көрінісі қаз-қалпы Қазтуған жырына көшірілген:
Ботташығы бұзаудай,
Боз сазаны тоқтыдай,
Балығы тайдай тулаған,
Бақасы қойдай шулаған.
Шырмауығы шөккен түйе таптырмас,
Балығы көлге жылқы жаптырмас,
Бақасы мен шаяны
Кежедегі адамға
Түн ұйқысын таптырмас.
(Бес ғасыр жырлайды. Алматы, 1989. 29-б.).
Осы шумақтағы “ботташық” Бозан өзені бойында өсетін тамырлы жеміс, осы өңір тұрғындары арасында әлі де ботташық деп аталады.
Мұрат Мөңкеұлы “Үш қиянда”:
Қабыршақты, Қарасу
Қанатымды залым қияр деп,
Қарғабойлы, Қазтуған
Қайғыланып көшкен жер, – деп, Қазтуғанның ата қонысы Қабыр¬шақты, Қарасу деп көрсетеді. (Мұрат. “Арыс” баспа¬сы, Алматы, 2001. 135-б.). Әлбетте, осыған ұқсас жер аты әр жерде кездесуі мүмкін. 1576-1586 жылдарда Қаз¬туғанның ұлы атасы Ноғайлыға нұра¬дын болып, батыс шекараның жауап¬кершілігін мойнына алды. Бұл қауым Сарай-Бату қаласының үйіндісі мен Сарай-джедид (Жаңа Сарай) аралығын қоныстанғаны белгілі. Демек, Қазтуған Еділді төмеңгі саласында Ақтөбенің Бозанға құяр бұрылысында туды деуге негіз бар.
Ал Дінбай ұлдарының орыс ләшкерінің жазалауынан қорқып, Жем сыртына кетіп, Орск маңын жайлап, Еділ-Жайық арасынан ел кеткенде, Астрахан воевода¬сының шақыруымен Астраханның іргесі Бозан бойына көшіп келгені анық.
Астрахан воеводасының, бір жағынан, үгіттеп, бір жағынан, күштеуімен Қырым бетке ауған Ормамбет інілері мен балалары да Еділ-Жайық арасына қайта оралды. Олар Естерек би мен нұрадын Шайтерек өлген соң, қарсылас екі топқа бөлініп алған-ды. Бірінші топты кейқуат Жастерек басқарды. Оның шылауын¬дағылар Естерек пен Дінмұхаммед балала-ры еді. Ал екінші топты тайбұға Ормамбет ұлы Қара Келмұхаммед басқарды. Оның қарамағында Ормамбет балалары мен марқұм нұрадын Шайтерек ұлдары еді. Жастерек тобы малды-жанды, іргелірек еді. 1519 жылдың мамырында Жастерек тобы қарсыластарына тұтқиылдан тап берді. Бірақ тайбұға Қара Келмұхаммед ат тізгінін белге байлап, қаруды басқа жастап ұйықтап, күтініп отырған. Қарсыластарын беттен ұрғандай қылды. Бірақ атыс-ша¬быс¬та Дінмұхаммед ұлы Қарагөз-Мамай тайбұғаның інісі Мамайды өлтіріп кетті.
Астрахан воеводалары жағдайды Мәс¬кеуге хабарлап еді, Елшілік басқармадан (Посольский приказ) “араласпаңдар, мейлі” деген нұсқау түсті. Астрахан воеводалары А.А. Хованский мен А.М. Львов нұсқауды асқан ептілікпен асыра орындады. “Олардың бір-бірімен аразды¬ғын үрлеп бықсытып, бетпе-бет шайқасу¬ға дейін жеткізіп отырдық... Ым-жы¬мымызды білгізбей екі жаққа да жасырын барып, бір-біріне айдап салудың арқасын¬да біржола құрып бітудің аз-ақ алдында тұр” деген воеводалардың Елшілік бас¬қармасына жазған хатын В.В. Трепавлов жария етеді (Сонда, 402, 403-бб.).
Жауласқан екі топқа да воеводалар көмекке деп атқыштар бөлімшесін жіберіп отырған. Орыстан қарулы арқа тірек таптым деп ойлаған әлгілер бір-бірін өршелене шабады. Атқыштар ешқашан оқ шығындап, шөп басын сындырмайтын, қызықты қызықтаушылар ғана еді.
1619-1620 жылдардағы атыс-шабысқа Дінбай ауылы араласпады. Олар бес мың үй болып Астрахан іргесінде отырды. Бұл кездегі Дінбай ұлысының жетекшісі Қанай еді. Ол Қазтуғанның үшінші атасы Тінікейдің туған інісі. 1622 жылдың қы¬сын¬да воеводалар қолдауымен би лауазы¬мына тағайындалған Қанай мен нұрадын Қара Келмұхаммед сол жылдың сәуірінде Мәскеуге елшілерін жіберді. Ақ патша воеводалардың бұл ұсынысын бекітуі керек еді. Елшілік сәтті барып қайтты да, 1622 жылдың 10-шы қара¬шасында Астра¬хан қаласында Қанайды ақ киізге салып, би көтерді. Ол осы тізгінді 16 жыл бойы қолын¬да ұстады. Қанай иісі ноғай¬лының соң¬ғы биі, одан кейін би қою дәстүрі жоғал¬ды. Осы ретте Қаз¬туғанның “Мадақ жырындағы”:
Билер өтті, би соңы,
Би ұлының кенжесі, –
деген жолдар шындыққа дөп келеді.
Қанай 1638 жылдың орта шамасында дүниеден озды. Оның орнына Тінікей ұлы Абдол (Қазтуғанның төте атасы) ұсыныл¬ды. Бірақ ақ патша кеңсесі енді би сайлаудың қажеті жоқ деп тапты.
Қанай би туралы құжаттар өте көп, ал Қазтуғанның төте атасы Абдол, туған әкесі Сүйініш туралы да деректер ұшыра¬сады (История Казахстана в русских источниках ХVІ-ХХ веков. Алматы, 2005. Том І. Құжат №239. 355, 356-б.б.). 1645-1646 жылдың 29-шы қазаны аралығын қамтитын аталмыш шолу құжатта Абдол да, Сүйініш те Жетісан ұлысының билеушілері ретінде ауызға алынады. 1645 жылдың 13-ші қыркүйегімен таңбаланған құжатта олардың Жем бойында отырғаны айтылса, 1646 жылдың 29-шы қазанында Жетісанның үш мырзасы, ішінде Абдол да бар, Дендер тауы тұсынан Жайықтан өтіп, Нарынның шет пұшпағында отырғанын куәландырады (Сонда, 356-б.). Олардың Астраханға барып, орысқа берілуді мақсат еткені хабарланады.
Қазтуғанның Ноғайлыдан кетуі туралы әдеби дереккөз жеткілікті. Оның ең бастысы Қазтуғанның “Туған жұртпен қоштасу” толғауы:
Қайран менің Еділім,
Мен салмадым, сен салдың.
Қайырлы болсын сіздерге
Менен қалған мынау Еділ жұрт!
(Бес ғасыр жырлайды. Алматы, 1989. 29-б.). Ноғай ғалымы А.И-М. Сакалиев Қазтуғанның “Жембойлық” атты ұзақ толғауы болғанынан хабар береді. Жембойлықтар Ноғайлының бір ұлысы бола тура Ноғайлының қалмаққа қарсы аттаныстарына қосылмай, қайта қалмақ¬пен ауыз жаласып өз жұртына жасаған опасыздығы дастанға арқау болғанын, былайша толғайды:
Алдаспан мен мақсым (ішімдік – Ә.С.) тапса,
Бұ жембойлық дегенің
Алты атасын сатады.
Әлемге әлек келгенде,
Алып ноғайлым арқа бойында
Қан төгісе өлгенде,
Бұ жембойлық туғаным
Атандай шеке беріп жатады...
(Сикалиев А.И-М. Ногайский герой¬ческий эпос. Черкесск, 1994. 49-50-бб.).
Екінші аса мәнді дереккөз Мұрат Мөң¬кеұлының “Қазтуған” жыры. Әжеп¬тәуір көлемді бұл толғаудың мазмұндық құрылымы айрықша ден қойғандай. Мұрат ырың-жырың, бит-құрт болған Ноғайлыдан безінген Қазтуған тақыры¬бын жырлай отырып, атақты жыраудың артында қалған мұрасы ұмытылып, өліп қалмасын дегендей, Қазтуған толғауларын дастанға түгел қосып жіберген. Ол толғаулардың көбінің сөзбе-сөз жырлаған да, жадында көмескіленгендерін мазмұн¬дап жырлаған. Мәселен:
Еділді қоныс етпеңіз,
Жағалай қалмақ алады,
Жайықты қоныс етпеңіз,
Сыдыра біткен көк жиек
Кәпірлер қала салады.
Астарханды қоныс етпеңіз
Шаһарын оның алады.
(Мұрат. “Арыс” баспасы, Алматы, 2001. 171-б.).
Осы толғаудан Қазтуған жырларын сүзіп алып, жыраудың мұрасына енгізер шумақтар аз емес. Одан Мұрат ақынның айдыны ортаймайды.
Мен неткенмін, неткенмін,
Қурайлы жүріп кеткенмін.
Тайсойған мен Дендерден,
Сағыз бенен Жемдерден
Құралайдай шұбырып,
Гулеп те желіп өткенмін.
Ойылдың Тамдыкөліне
Бір түстеніп кеткенмін.
Маңғыстаудың ойына
Етек-жеңім жыртылып,
Ақ қырауда жеткенмін.
Мұрат ақын Қазтуғанды Маңғыстауға жеткізіп салады.
Ал Қазтуғанның бұдан кейінгі ба¬сынан өткендері Мұрын жыраудың “Қар¬¬ғабойлы, Қазтуған” жырында баян¬далады.
Орыстан опа таппай, қалмақтан қашып-пысып жан созған Абдол, Сүйініш мырзалар орысқа берілуден басқа амал жоқ деп шешкен сияқты. Мұрын жырау да Жемде Ноғайлы мырзаларының он сегіз құң кеңесін, мәмілеге келмей, бет-бетіне бытырағаны, Қарғабойлы мен Қазтуғанның өзге Ноғайлыдан жырылып Шам аспақ болып, Оқ-Балқанға бет түзегені айтылады.
Қолда бар деректерді жиынтықтай келгенде 1638 жылы Астрахан іргесіндегі Бозанды тастап шыққан Қанай ауылдары, Тайсойған, Дендер арқылы Жемге өткен. Қалмақтар екі-үш күншілік жерде еді. Ара¬лас қонған кездері де болған. Қазақ ханды¬ғына жол жабық болғанымен, Маң¬ғыстау арқылы Үргеніш, Бұхар асу мүмкіндігі жоқ емес-ті. Ноғайлының билеуші қаймағын құраған ағайындары¬ның дені Қырым тарап¬та еді. Абдол мен Сүйініш Бұхарға ұзамай, Астраханға қайта барып орысқа берілуді жөн көрген. Ата, әкелерінің бұл шешімімен келіс¬пеген Қарғабайлы мен Қазтуған ағайын¬дарымен Жемде ажырасып, Оқ-Балқанға ұзайды. Демек, бұл 1645 жылы болған уақиға.
Қуғыннан қайтып оралған Әбілғазы баһадүр қалмақ тайшысының шақыруы¬мен Жемге барып, қонақтап қайтқанда, Маңғыстаудың осы тұстағы жағдайын өз көзімен көріп, шежіре кітабына енгізген. Ол Маңғыстаудың ұзына бойында 100 қаралы түрікмен шаңырағы барын, басқа өңірінің құлазып бос жатқанын жазып кеткен. Мұрын жырау Әбілғазы жазбаларымен таныс адамдай, тарихи құжаттың баянын қаз-қалпында айнытпай суреттейді. Жемнен Оқ-Балқанға дейінгі бір айлық жолда қалмақтың жол торыған жасақтарынан басқа жан баласы жоқ-ты.
Оқ-Балқанға жетіп, бұлаққа малдарын суарғанда, су лайланып кетіп, боз мая суға қанбай қалады. Әлгі жануар ботасын тастап, бұрылып алып кері салады. Содан Жем суына жеткенше Қазтуғанға қайыру бермейді. Ырың-жырың кесірінен елден безген Ноғайлыға қарағанда мал екеш малдың да туған жерді қимағанын қиыстыра суреттейді. Эпос астарлы философиялық мәнге ие боп, көркем туынды ретінде шырқап сала береді. Қазақ әдебиетінде бұл сюжет талай жырланды, ал ол Мұрын шығармасының жаңғырығы екені айтылған емес.
Эпоста елден ажырай көшкен Ноғайлының шағын тобының ел ағалары Қарғабойлы мен Қазтуғанның бірге тумағанмен, үзеңгі жолдас, бастас-достас адамдар екені әңгімеленеді. Қарғабойлы¬ның бірінші боп аталуына қарағанда Қазтуғаннан бір иткөйлек бұрын тоздырған үлкендігі болса керек. Ұлы жоқ Қазтуғанның үлкен қызы Асылзат – 15-те, ал Қарғабойлының ұлы – 10-да. Осыған қарағанда ол екеуі де 40-45 жас шамасындағы күші қайтпаған, дер шағындағы батырлар. Біз жоғарғыда құжаттан Қазтуғанның әкесі Сүйінішті айтпағанда, атасы Абдолдың ел-жұртын қорғаштап, ат арқасынан қалмаған адам екенін көрдік. Атасы Абдолға – 80, әкесі Сүйінішке – 60 жас бергеннің өзінде Қазтуған – 40 жас шамасындағы азамат. Мұрын жырау өз қаһармандарының жас мөлшерін дұрыс шамалады десек, ендеше Қазтуған 1600 жылдары туған болады.
Сонымен Қазтуғанның үшінші атасы Тінікені Ноғайлы құжаттарынан кезіктіре алмағанмен, Тінікенің туған інісі 1622 – 1638 жылдар аралығында би болған Қанайдың іс-әрекеттерінен, Қазтуғанның төте атасы Абдол мен өз әкесі Сүйініш туралы хатталған құжаттарға иек сүйей отырып, Қазтуғанды ХVІІ ғасырдың бірінші ширегінде өмір сүрген тұлға деп таңбалай аламыз.
200-250 мыңға жуық жауынгер атты жасақ ұстап орысты қамыстай қалтырат¬қан, 200 жыл бойы Ресейден албана алып тұрған Ноғайлының алауыздықтан аяқ асты болғанына күйінген намысшыл жырау тесік тау өтіп, Шамға кетуді ниет етіп, Оқ-Балқанға маңдай тіреді. Одан кейінгі тағдыры белгісіз. Түрікмендер ол туралы ләм-мим ештеңе білмейді. Қаз¬туған¬ның өзі Ноғайлыдан кеткенмен, ұрпағының туған топырақта қалғанына Мұрын жырау куәлік етеді. Ол Қазақ Ғылым академиясының сұрауымен қан¬дай жырларды жатқа білетінін айтып, хаттатқанда: “Қазтуған батыр. Оның ұлы Манаш батыр. Оның ұлы Тұяқбай батыр” деп көрсеткен. Бұл дерек Қ.И. Сәтбаев пен Н.Т.Сауранбаевтың Мұрын жырау мұраларын жазып алу туралы Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Н.Д.Оң¬дасыновқа жолдаған мәлімдеме хатында сақталған (Батырлар жыры, Алматы, 1990. Том. 6. 258-260-бб.). 1645 жылдар шамасында қалмақ шапқыншы¬лығына тап болып, қатты кеміп қалған атасы Абдол, әкесі Сүйініш ауылдары орысқа берілу үшін Астраханға қайтып оралып, Қазтуған мен Қарғабойлы олардан бөлініп Оқ-Балқанға ұзағанда, Қазтуған баласы Манаш атасымен бірге кеткен. Олар Астраханға қайтып оралған¬мен, Бозандағы байырғы қоныстарын ала алмай, Бозанның сәл шығысына Қиғаш сыртына орналасқан. Манаштың моласы Атырау-Астрахан тас жолының іргесінде әлі де Манаш деп аталады. Манаш мола¬сының орны ғана қалып, ол елді мекен атына айналған. Исатай мен Махамбет Қарауылқожамен алғашқы шайқасын осы моланың іргесінде өткізді. Осы Манаштан Тұяқбай туып, әкелі-балалы екеуі де жырдың қаһарманына айналды.
МАДАҚ ЖЫРЫ
Бұдырайған екі шекелі,
Мұздай үлкен көбелі,
Қары ұнымы сұлтандайын жүрісті,
Адырнасы шайы жібек оққа кіріс-ті,
Айдаса — қойдың көсемі,
Сөйлесе — қызыл тілдің шешені,
Ұстаса — қашағанның ұзын құрығы,
Қалайылаған қасты орданың сырығы,
Билер атты би соңы,
Би ұлының кенжесі,
Буыршынның бұта шайнар азуы,
Бидайықтың көл жайқаған жалғызы,
Бұлұт болған айды ашқан,
Мұнар болған күнді ашқан,
Мұсылман мен кәуірдің
Арасын өтіп бұзып дінді ашқан
Сүйінішұлы Қазтуған!!!
Белгілі биік көк сеңгір
Басынан қарға ұшырмас,
Ер қарауыл қарар деп,
Алыстан қара шалар деп;
Балдағы алтын құрыш болат
Ашылып шапса дем тартар,
Сусыным қанға қанар деп;
Арғымақтың баласы
Арыған сайын тың жортар,
Арқа мен қосым қалар деп;
Ақ дария толқын күшейтер,
Құйрығын күн шалмаған балығым
Ортамнан ойран салар деп;
Азамат ердің баласы
Жабыққанын білдірмес,
Жамандар мазақ қылар деп!
Алаң да алаң, алаң жүрт,
Ақала ордам қонған жұрт,
Атамыз біздің бұ Сүйініш
Күйеу болып барған жұрт,
Анамыз біздің Бозтуған
Келіншек болып түскен жұрт,
Қарғадай мынау Қазтуған батыр туған жұрт,
Кіндігімді кескен жұрт,
Кір-қоңымды жуған жұрт,
Қарағайдан садақ будырып,
Қылшанымды сары жүн оққа толтырып,
Жанға сақтау болған жұрт.
Салп-салпыншақ анау үш өзен
Салуалы менің ордам қонған жер,
Жабағылы жас тайлақ
Жардай атан болған жер,
Жатып қалып бір тоқты,
Жайылып мың қой болған жер,
Жарлысы мен байы тең,
Жабысы мен тайы тең,
Жары менен сайы тең,
Ботташығы бұзаудай,
Боз сазаны тоқтыдай,
Балығы тайдай тулаған,
Бақасы қойдай шулаған,
Шырмауығы шөккен түйе таптырмас,
Балығы көлге жылқы жаптырмас,
Бақасы мен шаяны
Кежідегі адамға
Түн ұйқысын таптырмас,
Қайран менің Еділім,
Мен салмадым, сен салдың,
Қайырлы болсын сіздерге
Менен қалған мынау Еділ жұрт!...
Достарыңызбен бөлісу: |