«Үлгі болу - қызмет етудің ең тиімді жолы» тақырыбындағы TEAM BUILDING
Тимбилдинг: «Үлгі болу – қызмет етудің ең тиімді жолы»
Мақсаты: біртұтас команда моделін қалыптастыру, топта жағымды әлеуметтік-психологиялық климат құру
Міндеттері:
· ойын барысында жағымды атмосфера құру, ортақ іс-әрекет негізінде бірін-бірі қолдау, өзара сенім қалыптастыру
· біртұтас команда моделін қалыптастыру: топты ортақ мақсат пен міндеттерге қол жеткізуге бағыттау,топтың әрбір мүшесінің ерекшелігі мен пікірін ескере отырып бірыңғай ұжымдық ережелерді қабылдау, әр түрлі жағдайларда тиімді шешімдер қабылдай алатын дағдыларды дамыту, командадағы рөлдер мен міндеттерді өзара тиімді бөлісе алуға үйрету
· ойын арқылы түзету: шамадан тыс эмоционалдық стрессті төмендету, конструктивті қарым-қатынасқа кедергі келтіретін әрекеттерді жою, қарым-қатынасты реттеу
Күтілетін нәтиже: бірін-бірі қолдауға дайын, біртұтас команда құрылады; командалық ортақ пікір, тиімді қарым-қатынас, өзара сенім қалыптасады
Жұмыс түрі: іскерлік ойын
Пайдаланылған әдістер: ойын элементтері, психотехникалық жаттығулар
Жүргізілу барысы:
Ұйымдастыру
Топқа бөлу.
Жаттығу: «Достық шеңбері»
Ойын жаттығу: «Ормандағы ағаштар»
Жаттығу: «Ұжымдық санамақ»
Ойын жаттығу:«Жіп терапиясы»
Ойын жаттығу:«Молекула»
Ойын жаттығу: «Құбыр»
Қорытынды. «Майшам» Жаттығуы
Топқа бөлу.
Мына үстелден өздеріңізге ұнаған гүл түстерді таңдап алуларыңызды сұраймын.
Оқушылар өздері таңдап алған түстер бойынша топқа бөлінеді. (Қызыл түсті гүл алған топқа «мейірім», сары түс гүл алған топқа «қуаныш», жасыл түсті гүл алған топқа «шаттық» сөздері жазылған.
Оқушыларға таңдаған түстері туралы мағлұмат беру.
Қызыл түс – өте ерекше сұрақты көп қоятын, ойларын еркін айтатын белсенді адамдар. «Мейірім» тобымен таныс болыңыздар!
Сары түс – оптимизм. Бейбітшілікпен шешуді жақтайтын, ақжарқын адамдар. «Қуаныш» тобымен таныс болыңыздар!
Жасыл түс – қиялға бай, шығармашыл адамдар. «Шаттық» тобымен таныс болыңыздар!
Кіріспе сөз.
Рақмет. Сонымен біз түрлі-түсті гүлдер арқылы топқа бөліндік, қараңыздаршы гүлдер қандай әр түрлі болса, бізде сондай әр түрліміз. Яғни өмірде біз әр түрлі рөл атқарамыз, біз анамыз, баламыз, жармыз, әпкеміз, ағамыз және біз ұжымда ұстазбыз. Біз бір ұжымда еңбек етеміз. Қазіргі жаңартылған білім мазмұны міндеттерінің бірі ұжымда бірлесе, одақтаса еңбек ете отырып жеке тұлға қалыптастыру екендігін ескерсек, сол ұжымдық ортақ мақсатпен мүддеге бағытталған іс-әрекеттерді дамытушы ««Үлгі болу – қызмет етудің ең тиімді жолы» атты тимбилдингке қош келдіңіздер деймін! «Тим» ағылшын тілінен аударғанда – «команда», «билдинг» - «құру» деген мағына береді.
Team building (ағылшын тілінен аударғанда команда құру) – бұл ұжымды біріктіруге бағытталған белсенді демалыстар, корпоративті ойындар, тренингтер сияқты шаралар кешені
Тимбилдинг — ұйымшыл ұжым қалыптастыруға, команданың әрбір мүшесі өз орнын табуға және қабілетті барынша дамытуға жағдай жасайтын қазіргі заманғы тәсілдердің бір түрі. Тимбилдингтің барлық түрі еркін бейресми қарым-қатынас жасауды, командада жұмыс істеуді үйретеді және корпоративтік байланыстарды нығайтуға ықпал етеді. Яғни, «команда құру» деген мағына береді, бүгін сіздер, жас ұстаздар және олардың тәлімгер ұстаздары, команда құра отырып, ұжымдық ойынға қатысасыздар!
Ереже қабылдау
· Белсенді болу
· Қолдау, өзара сыйластық
· Шынайылылық
· Қатысушының жеке басын емес, оның сөзі мен іс-әрекетін ғана бағалау
Жаттығу: «Достық шеңбері»
Мақсаты: ортақ іс-әрекет негізінде бірін-бірі қолдау, өзара сенім қалыптастыру, топты ортақ мақсат пен міндеттерге қол жеткізуге бағыттау, шамадан тыс эмоционалдық стрессті төмендету, конструктивті қарым-қатынасқа кедергі келтіретін әрекеттерді жою
Шарты: лентаны шеңбер бойында бір-бірімен қол ұстап тұрып, әр қатысушы қолдарын үзбей лентадан өтеді.
Жаттығуды талқылау: Жаттығу сәтті орындалды ма? Жаттығу барысында команда болу үшін қандай әрекет қажет болды? Команда бола алдық па? Сәтті команда болу үшін қандай қасиет қажет деп ойлайсыздар? Қолдауды сезіне алдыңыздар ма?
Ойын жаттығу: «Ормандағы ағаштар»
Мақсаты: Мұғалімдерге қозғалуға, демалуға мүмкіндік беру. Музыка ойналады.
Мәтін: Сендер ағашқа айналуға дайынсыңдар ма?
Бір-біріңнің артына тұрыңдар. Орманда күн шығып барлық ағаштар оған жапырақтарын жайып қарап тұрды. Күнге әрбір жапырағы жылыну үшін жоғары-жоғары созылды. Саусақ-жапырақтар күннің астында билеп тұрды. Кенеттен қатты жел тұрып, талдарды жан-жаққа шайқай бастады. Бірақ талдың тамырлары тереңге кеткен, олар жәй ғана тербеледі. Желдің артынан жаңбыр жауып, талдар алғашқы жауын тамшыларын сезінді. Алдыңғы тұрған оқушының арқасын саусақтарыңмен жауын тамшыларындай тырсылдатыңыздыр. Кәдімгі майда жаңбыр жауып тұрғандай қимыл жеңіл болу қажет.
Жауын одан әрі күшейіп қатты жауа бастады... Талдар бір-біріне жанашырлық білдіріп жаңбырдың қатты соққысынан қорғап, сипалай бастады. Көп ұзамай көкжиектен күн көрініп, талдар қуанды, олар өздеріндегі артық жауын тамшыларын сілкіп тастады. Өздерін сенімді, сергек, тап-таза сезініп қалады.
Жаттығу: «Ұжымдық санамақ»
Мақсаты: топты ортақ мақсат пен міндеттерге қол жеткізуге бағыттау, әр түрлі жағдайларда тиімді шешімдер қабылдай алатын дағдыларды дамыту, командадағы рөлдер мен міндеттерді өзара тиімді бөлісе алуға үйрету, конструктивті қарым-қатынасқа кедергі келтіретін әрекеттерді жою,қарым-қатынасты реттеу
Шарты: шеңбер бойымен отырады, психолог әр түрлі сандар, мысалы: 3,4,5,6 деп айтады. Сол кезде, үш десе үш адам орынынан тұрады, егер төрт адам тұрса, ол қате болып саналады. Жаттығудың шарты қашан дұрыс жасалғанша жалғасады.
Жаттығуды талқылау: Жаттығу сәтті орындалды ма? Жаттығу барысында команда болу үшін қандай әрекет қажет болды?Команда бола алдық па? Сәтті команда болу үшін қандай қасиет қажет деп ойлайсыздар? Қолдауды сезіне алдыңыздар ма?
Ойын жаттығу: «Жіп терапиясы»
Мақсаты: Ұжымда психологиялық ахуалды қалыптастыру, кәсіби құлшынысын арттыру, жігерлендіріп, көңіл-күйін көтеру. Сонымен қатар ұйымшылдыққа, сенімділікке, бір-бірімен жақын танысып, білісіп, ашылуына көмектесу.
Қажетті құралдар: жіп, қарындаш, бос шырын құтысы Ережесі: Жіп қатысушылар санына қарай бөлінеді. 20 қатысушы болса 11 бөлікке бөлінген 2м жіп қажет. Әр қатысушның қолында жіптің бір ұшы қалуы тиіс. Ақылдаса отырып жіптерді алмастырып, қар үлгісін жасайды. Ортасына қарындаш қойылады. Қарындашты жерге түсірмей құтыға салу
қажет. Егер қарындаш жерге түсіп кеткен жағдайда ойын қайта басталады. Жаттығуды сөйлемей дыбыссыз өткізу, ойынның қызығушылығын арттыра түседі.
Ойын жаттығу: «Молекула»
Музыка қойылғанда барлық топ ортада билейді.Тоқтағанда жүргізушінің нұсқауымен 2-3-4 т.б. топтасады. Ойын соңында бәрі бірігіп атом құрайды. Мұғалімдердің ойын барысында алған әсерлері туралы ой бөлісу. Әрқашанда ортада өздерін дұрыс ұстай білу керектігін түсіндіру. Ынтымақшыл, бірлікте, сыйласып жүру керектігін ойын арқылы түсіндіріп өту.
Ойын жаттығу: «Құбыр»
Мақсаты: Топты біріктіру, команда қалыптастыру. Көшбасшыларды анықтау.
Қажетті құралдар: А4 қағазы (қатысушылар санына орай) Ережесі: Қатысушыларға бір А4 қағазы беріледі. Қағазды екі бүктеп қолдарымен астау кейпіне енгізеді. Барлық қатысушылар қолдарындағы астауша тәріздер иілген қағазды бір-біріне қосып беті ашық құбыр жасайды. Дайын болған кезде нұсқаушы кішкентай допты жібереді. Қағазды үзіп алмай допты өткізіп шығулары керек. Доп түсіп кеткен жағдай ойын қайта басталады. Талдау:ойын жаттығуы аяқталғаннан кейін қатысушылар алған әсерлерімен бөлісіп, өз ойларын ортаға салады
Қорытынды. «Майшам» жаттығуы.
Қазір мен майшамды жағамын. Барлығымыз бір-бірімізбен бірігіп, жұмыс жасағанымыз үшін бір-бір жылы сөз айтып, майшамды беріп отырамыз. Қоштасуға майшамды алғанымыз, жарық деген жақсы нәрсе, сондықтан да алдарыңыз ашық, жарқын болсын деген тілекпен, бүгінгі тимбилдингімізді аяқтаймыз. Рахмет!
Достарыңызбен бөлісу: |