Ұлы жүздің биі Төле би дің туғанына 360 жыл
Туралықты тұғыр еткен Төле би
«Адамның басшысы - ақыл, шолушысы - ой, жетекшісі - талап, қорғаушысы - сабыр, сынаушысы - халық, таусылмайтыны - арман, ең қымбаттысы - ар сақтау, бәрінен ардақтысы - өмір сүру, соның ішінде ең тәттісі – сыйластық»
Төле би
«Қазақ сөзге тоқтаған халық» дегенді жиі естіген боларсыздар?! Иә, шынында да халқымыздың ұзақ тарихында сөзбен шешілген дау, сөзбен кесілген шешім көп. Сонымен қатар «аузыңнан шыққан сөз тағдырыңа айналады» деп жатады. Осыдан-ақ, қазақ халқының жақсы сөзді кие тұтқанын, тура сөзге тоқтағанын байқауға болады. Сөз қадірлі болған ұлттан сөз шебері де шығары анық. Қазақ халқында әр сөзі мірдің оғындай, алты Алашты аузына қаратқан шешендер жетерлік. Олардың айтқан әр сөздері халық арасында тарап, көзі тірісінде-ақ аңызға айналғанын тарихтан білеміз. Осындай шешеннің бірі Төле би.
Қазақтың атақты үш биінің бірі, хандықтың бірлігін нығайтуға ат салысқан мемлекет қайраткері, «Жеті жарғыны» жазуға қатысқан шешен Төле бидің есімін танымайтын қазақ жоқ. Ол жасынан әкесі Әлібек биге еріп жүріп, ел көреді, жұрт таниды, қазақтың кіл жақсыларымен араласады. Әкенің тәлімі құр кетпесе керек, Төле он бес жасынан бастап билікке араласып, әділдігімен, шешендігімен танылады. Аңыз бойынша Төле би орта бойлы, сымбатты, жүзінен нұры төгілген жан болған деседі.
Төле Әлібекұлы Ұлы жүздің бас биі болып, ел ішіндегі дау-дамайларды шешеді. Бүгінгі Жоғарғы сот өкілдерімен пара-пар лауазымға ие болған. Қазақтың Тәуке, Болат, Әбілмәмбет, Жолбарыс, Абылай хандары тұсында мемлекет ісіне араласқан. Абылай ханның ел тізгінін ұстайтын тұлға болып қалыптасуына Төле бидің ерекше үлес қосқаны барлығымызға белгілі. Оның тұлғасының туралықпен астасып кеткені сонша, елі «Қарлығаш әулие» деген ат қояды. Халықта осы «Қарлығаш әуле» атануына байланысты аңыз қалған: «Жаугершілік кезеңде елге жоңғарлар шауып, ауыл адамдары үйлерін тастай қашады. Тек Төле би ғана түтінін бұзбастан орынында отырады. Мұны көрген жоңғар қонтайшысы көшпеуінің мәнін сұрайды. Сонда Төле көшпеуінің себебін былай түсіндіреді: «Биыл шаңырағыма қарлығаш ұя салған екен. Балапандары қанаттанғанша үйімді бұзбайын деп шештім. Жау жағадан алды екен деп ұясын бұзып, балапандарын шырылдатқым келмеді. Сендердің үйлеріңді ойран етіп, бала-шағаларыңды шырылдатса, өздеріңе жақсы болар ма еді?» Би жауабын естіген жоңғар қонтайшысы, атының басын кері бұрған деседі. Содан бері Қарлығаш әулие атанады».
Төле би шешендігімен ғана емес, майдандағы стретегиялық шеберлігімен, даналығымен көзге түскен батыр қолбасшы. Оның басты тұлғалық қасиетінің бірі ортақ мүдде үшін қазақ руларының басын біріктіре алуында болды. Абылай ханмен бірге халықты бір ту астына жинап, сыртқы қатерге бірігіп қарсы тұру қажет екендігін ұқтырады. Қазақ билерінің, соның ішінде Төле бидің қатысуымен жазылған «Жеті жарғы» да хандықтың символына айналады. Себебі, заң бар жерде әділдік, тәртіп бар.
Биыл елімізде Төле бидің 360 жылдық мерейтойы тойлануда. «Шешендіктен не пайда, артында сөзі қалмаса?» деп, Төле бидің өзі айтқандай, артында асыл даналығы қалды. Қазақтың халық ретінде сақталып қалуына аянбай қажыр-қайрат жұмсаған Төле би табиғатынан дарынды туған жан. Төле би ата тегінен билік үзілмеген, көсілгенде көсем, шешілгенде шешен, қалың елдің қайғысын жұтып, қамын жеген дарын. Қара қылды қақ жарған сөздерімен жаралы жұртына тірек болған халық көсемі. Бүгінде оның билік еткен шешімдері ел аузында аңыз болып жүр. Ғасырлар өтті, жылдар жылжыды, бірақ жұрт әлі күнге Төленің төрелігін тамсана еске алады. «Ғалымның хаты, жақсының аты өлмес» деген осы болса керек, сірә.
Достарыңызбен бөлісу: |