ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ ДІНИ-ПӘЛСАПАЛЫҚ САРЫН (ХV-ХVІІІ ҒАСЫРЛАР)
Қазақ әдебиеті тарихында ХV-ХVІІІ ғасырлар қазақ хандығы дәуірі әдебиетіне жататыны белгілі. Себебі бұл дәуірде қазақ даласында Керей, Жәнібек басқарған қазақ хандығы құрылған болатын.
Филология ғылымының кандидаты Меңдібай Әбілұлы жыраулар поэзиясы (ХV-ХVІІІ ғасырлар) туралы былай деп жазады: «Ислам дәуірі әдебиетінің көрнекті өкілдері Махмұт Қашғар, Жүсіп Баласағұн, Ахмет Жүйнектердің шығармалары түркі халықтарының әдеби мұрасына айналды. Әрине, осындай әдебиетші-ғұламалардың поэзиялық шығармалары қазақ жыраулық поэзиясының өкілдеріне әсер етпей қойған жоқ. Асан қайғы жырау мен Сыпыра жырау, Қотан жырау, Шадкиіз жырау мен Бұқар жыраулар өздерінің поэзиялық шығармаларында діни дәстүрді қалыптастырды. Бірақ кешегі Кеңес заманында жыраулық поэзия өкілдерінің шығармаларындағы діни ағым жөнінде ғылыми тұрғыдан пікір өрбітуге кеңестік идеология кедергі келтірді...» \1, 2 б\.
Белгілі ғалым-жазушы М.Мағауин аталмыш дәуір әдебиеті туралы ой қозғап Моғолстанмен шектес жерде Шу өзені бойында құрылған қазақ хандығы ондағы саяси-әлеуметтік жағдайлар туралы, қазақтардың тұрмысы мен жаңа мәдениетке ұмтылуы жайлы былай деп жазды: «Мұсылманшылықтың күш алуына байланысты бұл кезеңде көне түркі жазуы мүлде ұмытылған еді. Оның орнын араб жазуы басты. Шығыс тарихшыларының айтуынша, қазақтар өздерінің балаларын мектеп, медреселерде оқытатын болған. Халық арасынан сауатты, өз заманы үшін білімдар адамдар шығады. Жазба әдебиет нұсқасы деп танылуға лайық шежіре жинақтары, тарихи үлгідегі шығармалар жазылады. Бұл кезеңде туған еңбектердің көпшілігі жоғалған... Әлбетте, қазақ әдебиетінің ортақ арнадан оңаша жол тартқан алғашқы қадамдарының өзінен-ақ кемел өре, көркем келісімге жетуі заңды болса керек...» \2. 7-8 б\.
Осы ХV-ХVІІІ ғасырларды қамтитын қазақ хандығы дәуірі әдебиетіндегі жыраулар поэзиясындағы діни-философиялық сарынның пайда болуы заңды құбылыс еді. Араб шапқыншылығының нәтижесінде көне түркі жазуы ұмыт болды. Енді түркілер, соның ішінде қазақтар енді білімін, жазу-сызуын араб таңбасына ауыстырды.
Ислам дәуірі әдебиеті өкілдерінің шығармалары ХУ ғасырға жете алмады деу орынсыз еді. Араб шапқыншылығы араб идеологиясын алып келді, бұл тарихи шындық. Бірақ Ислам дәуірі әдебиетінің өкілдері тарапынан шығарылған әдеби-мәдени еңбектер қазақ даласына ұрпақтан ұрпаққа ауызша жетіп келген еді. Сондықтан Ахмет Ясауи, Ахмет Жүйнеки, Жүсіп Баласағұн шығармалары қазақ жыраулары мен ақындарының нәр алатын бұлағы болды.
ХV-ХVІІІ ғасырлар әдебиетіндегі Асан жырау, Шалкиіз жырау, Бұқар, Шал ақындардың поэзиясында діни-философиялық сарынның орын алуы әдеби дәстүр жалғастығынан туындаған фактор екенін атап айтуға тиіспіз.
Асан жырау туралы М.Мағауин: «Кейінгі ұрпақ әулие танып, аңыз кейіпкерлеріне айналдырған, ал Шоқан Уәлиханов «көшпенділер философы» атаған Асан Қайғы өз заманының үлкен ойшылы еді...»-деп жазды \2, 8 б\.
Шалкиіз жыраудың шығармашылығы жайлы М.Мағауин: «...Жыраудың ғасырлар көгінен өтіп, біздің дәуірге жеткен шағын көлемді, шымыр толғауларынан көне заман таңбасы – түз тұрғынының дүниетанымы, адамдық табиғаты, мінез ерекшеліктері, моральдық, этикалық қағидалары айқын аңғарылады...» -деп жазды. Сонымен бірге Бұқар жырау туралы: «...Арқалы жырау, қабырғалы би Бұқар өз тұсындағы қазақ хандығының бас идеологы болады...»-деп жазды \2, 9 б\.
Ал Шал ақынның діни бағыттағы шығармашылығын ой елегінен өткізген М.Мағауин: «...Шал ақынның (1748-1818) біздің заманымызға жеткен мұрасы тақырыптық жағынан алғанда біршама бай. Бұлар: дін, этика, мораль мәселелері, байлық пен кедейлік, о дүние мен бұ дүние жайы сөз етілетін философиялық-дидактикалық үлгідегі туындылар...» \2,10 б.\ -деп атап көрсетуінде үлкен маңыз бар.
Асан жыраудың :
...Ай, Жәнібек, ойласаң,
Қилы,қилы заман болмай ма,
Суда жүрген ақ шортан,
Қарағай басын шалмай ма,
Мұны неге білмейсің?...» \2, 24 б\ -деуінде үлкен діни-философиялық мән жатыр.
Филология ғылымының кандидаты М.Әбілұлы ХV-ХVІІІ ғасырлардағы жыраулар поэзиясындағы мұсылманшылық идеялардың қалыптасуы мен дамуы туралы мынадай ғылыми-танымдық тұжырымдар жасайды: «Асан әулиенің Жерұйықты іздегені, өз халқына деген махаббаты да осы орта ғасырлардағы діни-танымдық идеологияның жемісі екенін атап айтуымыз қажет. Асан заманында ХV-ХVІІ ғасырларда мұсылманшылық идеологияның пәрменділігі сонша, қазақ жерін мекендеген тайпалар көкті, күнді, отты құдай тұтып, табиғаттың әр алуан құбылыстарына (жер сілкіну, өрт, тасқын, дауыл, т.б.) сиынып келсе де, мұсылманшылық дәстүрлер халық санасына орнықты. Хандар мен сұлтандардың, билер мен батырлардың жыраулар өсиеті мен кеңестеріне бас июі осының айғағы. Хандардың жырауларды кеңесші, ақылшы етіп алуы да осы пікірімізді дәлелдейді.
Жыраулардың толғаулары мен жырларында мұсылманшылық идеология қалыптасты. Аллаға табыну, адамгершілік, ізгілік, адалдық, жалпы мұсылман қауымының дүние-танымы, сенім-түйсігі орнықты. Асан әулие- жырау да өзінің толғауларына Ислам дінінің философиялық ой-пікірлерін арқау етті.
Асан әулиенің:
«...Құйрығы жоқ, жалы жоқ,
Құлан қәйтіп күн көрер?!
Аяғы жоқ, қолы жоқ,
Жылан қәйтіп күн көрер?!»-деп келетін бір ғана шумақ жырынан бүкіл табиғат, адам өмірі туралы терең пәлсапалық толғанысты көреміз (Мұхамедрахым Жармұхамедұлы). Ал, табиғат пен адам өмірін қорғау- Ислам дінінің басты мақсаты...» \3, 2 б\
Шалкиіздің «Би Темірді хаж сапарынан тоқтатуға айтқаны» деген өлеңінде:
«...Тіленшіұғлы Шалкиіз,
Иесі би Темірдің тұсында,
Бұлтқа жете жаздады бұ мүйіз.
Иесі би Темірдің соңыратын,
Тұқылдықтан тарсылдап,
Үзілер болғай сол мүйіз.
Әбсінде ғалым жидырып,
Ақ кітабын жайдырып,
Ай, хан ием, сұраймын:
Тәңірінің үйі Кебені,
Ибраһим Халил Алла жасапты,
Ғазырейіл-жан алмаға қасап-ты,
Жығылғанды тұрғызсаң,
Жылағанды уатсаң,
Қисайғанды түзетсең,
Тәңірінің үйі бәйтолла,
Сұлтан ием, қарсы алдыңда жасапты!...»- деп жырлайды.
\2, 41-42 б\.
Белгілі ғалым-жазушы Меңдібай Әбілұлы «Шалкиіз жырау жырларындағы діни-танымдық сарындар» атты ғылыми мақаласында: «Жырау «тәңіріні үйі Кебе» -деп Қағбаны айтып тұр. Қағба Алла тағаланың жер бетіндегі алғашқы үйі. Әйгілі Қағба әл-Масхид әл-Хәрәмнің дәл ортасында орналасқан.
Әрбір мұсылманның төртінші парызы –Қажыға бару болса ол Меккеге баруы шарт. Исламның ең қасиетті орны Қағба-шағын үй, төрт бұрышты тас ғимарат. әл-Қағбаның төрт бұрышы төрт жақты көрсетеді.
...Ислам дінін құрметтеп, адамгершілік пен имандылыққа ұйытылған адамның көңілі әрқашан нұрланып жүреді. Адам баласы Алланы білуі және оған шын көңілмен сенуі қажет...
...Қазақ жыраулар поэзиясының атасы Шалкиіз Тіленшіұлының діни көзқарастарында ғылыми тұрғыдан пікір өрбіту, оның діни бағыттағы шығармаларын жинап, зерттеу, біздің әдебиетшілеріміз бен ғалымдарымыздың ізгі ниетті парызы болмақ...» \1, 2б\
Бұқар жыраудың «Алла деген ар болмас» деген өлеңінде:
«...Алла деген ар болмас,
Ақтың жолы тар болмас,
Тар пейілді кеңімес,
Кең пейілді кемімес,
Берем деген құтылмас,
Берік байлаған шешілмес,
Қазулы жолдар көмілмес,
Қартайсаң қарт бабаңды сыйлай бер,
Күндердің күні болғанда,
Кімдердің де кімнің дейсің белі бүгілмес...» \2, 97 б\ , немесе :
«...Айтар болсаң Алланы айт,
Таңертең азан шақырған.
Дауыс салу молданы айт,
Өз жынысының ішінде,
Дауысы ащы тырнаны айт...» - деген философиялық таным жатыр \2, 102 б\.
Жыраулар поэзиясының көрнекті өкілдері Асан жыраудың, Шалкиіздің, Бұқар жыраудың, Шал ақынның діни-пәлсапалық шығармалырын жіті зерттеп, қоғамға ұсыну қазіргі ғалымдардың міндеті.
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
1. Меңдібай Әбілұлы, «Шалкиіз жырау жырларындағы діни-танымдық
сарындар», Тараз қалалық «Жамбыл-Тараз» газеті, №31, 17-шілде, 2004-
жыл.
2. М.Мағауин, « Бес ғасыр белестері», кітапта: «Ай, заман-ай, заман-ай...», Алматы, Қазақ ССР баспасөз жөніндегі мемлекеттік комитеті Бас редакциясы, 1991 жыл, 9 бет
3. Меңдібай Әбілұлы, « Асан қайғының діни көзқарастары», республикалық
«Аймақ» газеті, 13-шілде, 2005-жыл.
Достарыңызбен бөлісу: |