Құлпырады Қарқаралы – жер жаннаты АРҚАДАҒЫ
Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған биылғы, «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауында: «Мен 20 жылдан бері бар күш-жігерім мен білік, тәжірибемді аямай, халқыма қалтқысыз қызмет етіп келемін.
Осы жылдары мәртебемізді көтеріп, мерейімізді асырған барша жетістіктеріміз – біздің ортақ табысымыз.
Сондықтан, бастамашы азаматтар мен тілекші болған барша қазақстандықтарға ризашылық білдіремін!» деген болатын. Елбасының алғысы облыс, қала берді Қазақстан үшін орны да, қадірі де бөлек Қарқаралы ауданының тұрғындарына да ортақ.
Халқымыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздік таңы атқан алғашқы жылдары бірден елдің маңдайы шылқып кетпегені әмбеге аян. КСРО құрамында болған республикалар отаршылдық тізесі әбден батқан Ресейден алапес індеттен қашқандай аулақтап, күні кешегі басқа да «бауырларынан» іргесін бөлуі сабақтасып жатқан экономикалық байланыстарды үзіп, елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын күрт ауырлатып жіберді. Тіпті, кейбір көрші-қолаңдардай саяси ойындарға бой алдырмай, өндіріске ден қойған, ірі, орта және шағын бизнесті дамытуға күш салған Қазақстанның өзінде күрделі ахуал қалыптасты. Әрине, оған бұрын жоспарлы экономикаға тәуелді болған халықтың нарықтық қатынастар заңдылығын білмеуі, сондай-ақ тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында асығыс жүргізілген реформалар зардабын тигізгені белгілі.
Әңгіме болып отырған сәтсіздіктер Қарқаралы ауданын да айналып өткен жоқ. Өңір экономикасының локомотиві Қарағайлы кен-байыту комбинаты күйреп, шаруашылықтардың мүлкі бұрын дербес іс жүргізіп көрмеген жеке меншікке беріліп жатқанда оңтайландыру желеуімен Қазыбек би /Егіндібұлақ/ ауданы таратылып, Қарқаралының құрамына берілді. Жайшылықта «Елге ел қосылса – құт» десек те, өзінің берекесі кетіп жатқан өңірге одан әрмен талқандалған әкімшілік бөліністің қосылуы үстеме қиындықтар әкелмесе, пайда берген жоқ. Өнеркәсіпті орталықтардан нәпақа табу үмітімен тұрғындар үлкен қалаларға көшіп, тұтас ауылдар қаңырап қалды. Азын-аулақ мал бартердің аранына түсіп, тозығы жеткен техника шағылып, жаппай жұмыссыздық жайлаған шалғай өңір тұрғындары айлап, жылдап электр жарығын көрмегені күні кеше бастан өткен өмір шындығы.
Адамзат баласы жаңа мыңжылдықтың межесінен аттап, тәуелсіздік ұранымен рухтанған еліміз экономиканы өркендетуге инвестициялар мен жаңа да озық технологиялар тартқан шақтан бастап қана қарқынды даму жолына түсті. Қарқаралының қарышты қадамы да дәл осы мезгілден бастау алады. Қарағайлының қаңырап қалған кен-байыту комбинаты «Қазақмыстың» иелігіне өтіп, қалталы корпорация қаржымен қарайласқаннан кейін кәсіп табылған кент тұрғындары тырбанып, тіршілік қамына кірісті. Кентөбеге де жан бітті. Енді, міне, Шарықты селолық округінің аумағынан Көктасжал кен ошағы ашылып, көптің ырысына айналғалы отыр. Басқа да шағын және орта кәсіпорындар құрылып, шеберханалар мен цехтар қатары көбеюде. Бір кездері тоқырап қалған тұрғын үй құрылысы Қарқаралы қаласында ғана емес, ауылдық округтерде де өріс алып келеді.
Кеңестік дәуірде-ақ ауыл шаруашылығын ұйымдастырушылық қабілетімен танылып, іргелі кәсіпорындарды басқарған Қайдар Бурабаев, Разақ Әлин, Қабыл Құттин (марқұм), т.б. іскер азаматтар жетекшілік жасаған шаруа қожалықтары жедел дамып, басқаларға үлгі болды. Біртіндеп мал басы өсіп, агроөнеркәсіп саласы қалыпқа келді. Қазір түлік түрлерін уақыт сұранысына сай асылдандыру жұмысы жедел өркендеу үстінде. Егіншілікпен айналысатын ұжымдар ауыл шаруашылығы машиналарын жаңартуға ынталы боп отыр. Жер өңдеу, тұқым баптау, дәнді дақылды өсіру мен жинау технологиясы да заманауи талаптар деңгейіне жетуге ұмтылуда. Диқандар қауымы бұрынғыдай, жоғарыдан түсетін жарлық бойынша, әйтеуір жоспарды орындасақ болды деп бәленбай мың гектар жерді жыртып тастап, тұқым шашпайды. Өз мүмкіндігін, еңбегі қаншалықты пайда беретінін есептеп барып іске кіріседі. Мысалы, қарқаралылықтар 45,9 мың гектар алқапқа дән сіңіріп, әр гектардан 8 центнерден астам өнім жинады биыл.
Қарқаралының экономика саласындағы қомақты табыстарын қомпайта көрсете отырып, әлі де болса шешуін таппаған мәселелер жайлы жақ жазбағанымыз ақиқатты айналып өтіп, айды алақанмен бүркегендей әбестік шығар. Аудан тұрғындарының, әсіресе, автожол мен ауыз суға қатысты шені үлкен шенеуніктерге айтар базынасы жеткілікті. Өйткені, бұл өңір өздігімен шешуге аса ауыр соғатын жұмыстар.
1991 жылғы тамыз бүлігінен соң Одақтың күні батқаны белгілі болып, оның құрамындағы республикалар тәуелсіздік шеруін бастап кеткенде Қазақстан өз болашағы үшін өте мәнді шешім шығарды. Ол Елбасы Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы еді. 40 жылдан астам уақыт бойы дәл іргесінен ажал уын бүркіп тұрған, қазақтың тұқымын тұздай құртуға бағытталған тамұқтың жабылуы бірнеше ұрпақтың бойына сіңген атом кесапатын сылып тастамаса да Қарқаралы – Балқантау аймағындағы халықтың еңсесі көтеріліп, рухани түлеуіне оң ықпал жасағаны анық. Сонымен бірге, тәуелсіздік алған еліміздің көкжиегі кеңейіп, тынысы ашылуына мәдениетті қолдау, денсаулықты қорғау, ауылды өркендету сияқты, т.б. игілікті мақсаттарға бағыт ұстаған атаулы жылдар жақсы әсерін тигізді. Орталық Қазақстандағы білім мен біліктің қара шаңырағы болған өңірде, тіпті, тоқырау жылдарының өзінде мектептердің дені сақталған-ды. Мемлекет қазынасына тиын-тебен түсіп, жергілікті бюджеттің бүйірі қампиған соң көптеген білім ошақтары әрленіп, әлденіп, заман талабына сай жабдықталды. Егіндібұлақ аулындағы №43 орта мектеп, №17 кәсіптік мектеп, Қарқаралыдағы № 44 мектеп интернат қалпына келтірілді. №5 кәсіптік лицейдің корпусы мен Матақ орта мектебі жаңадан салынды. Жыл өткен сайын материалдық базасы жақсарып, маман педагогтармен толығып келе жатқан ауданның білім беру жүйесі Қарағанды облысының маңдай алдында десек, асылық айтқандық емес. Қарқаралылық түлектердің Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағында жыл сайын жоғары нәтижеге қол жеткізіп отырғаны бұған дәлел.
Ауданның денсаулық сақтау саласында да ілгерілеушілік бар. Қарқаралыда үр жаңа аурухана-емхана кешені пайдалануға берілсе, Егіндібұлақ пен Қарағайлы кентіндегі, басқа да елді мекендердегі емдеу-сауықтыру мекемелеріне жөндеу жүргізілді. Ауылға маман дәрігерлер шақырылып, жедел жәрдем көліктері жаңадан алынуда. Ұзақ жыл атом полигонымен қоңсы болған, облыс орталығынан шалғай ауыл тұрғындарының денсаулығын жақсарту үшін әлі де қыруар жұмыс атқаруға тура келеді. Дегенмен, ізгі ниеттің алғашқы қадамдары жасалғанын ауыз толтырып айту керек.
Қазақ рухының алтын діңгегі боп табылатын Қарқаралы – облыс көлемінде оқырманы ең көп аудан. Елдің экономикасы тұсауланған жылдардың өзінде өңірдегі кітапханалар сақталды, рухани қазына талан-таражға түскен жоқ. Облыстағы кітап қоры мол аудан тұрғындары газет-журналдарды да зор қуанышпен, қызыға оқиды. Мұнда мерзімді баспасөзге жазылу науқаны жыл сайын табысты өтеді. Мәселен, «Орталық Қазақстанның» ең көп оқырманы осында – желтоқсанның басындағы мәлімет бойынша 2100 дана.
Қарқаралы, қала ғана емес, бүкіл атырап – ашық аспан астындағы мұражай. Әр тасы ұлт шежіресін шертетін өңірдің баяғыдан бар, киіз туырлықты қазақ баласы ардақ тұтатын тарихи-мәдени орындарының қатарына тәуелсіздік жылдары дала демократиясының дарабозы, қасиетті өлкені ата қоныс қылған ұлы би Қаздауысты Қазыбектің, тәтті күйдің тәңірі Тәттімбеттің ескерткіштері, Мәдидің кеуде мүсіні (Егіндібұлақ аулында) мен тұғырлы ескерткіші, Ардақтылар аллеясы мен Қаһармандар кешені, «Бәйтерек» алаңы (Қарқаралы қаласында), т.б. нысандар қосылды. Туғанына 200 жыл толу қарсаңында Тәттімбет ауылдық округінде ұлы күйшінің мүрдесі қойылған қорым жөндеуден өтіп, абаттандырылуда. Заман талабына сай келбетке ие болған, жаңадан салынған мәдени, танымдық қызмет көрсету ғимараттары да бірқатар.
Қазақтың маңдайына жоғарыда аталған Тәттімбет пен Кемпірбай, Мәди мен Ғаббас, Қаллеки мен Жүсіпбек, Қасым мен Әлжаппар сынды көптеген дүлдүлдер мен бұлбұлдарды берген, ұлт мәдениеті мәйекті болуына теңдессіз үлес қосқан Қарқаралы қайтадан самғау биігіне көтерілгеннен кейін өнерін одан әрі өрістете түсті. Өнер ұжымдарының қатары көбейіп, олардың репертуарлары көркемдігі жоғары заманауи туындылармен баюда. Тәуелсіздік жылдары Егіндібұлақтағы «Балқантау сазы» Голландиядағы халықаралық байқаудан «гауһар топ» атанып қайтса, әйгілі «Салтанат» ән-би ансамблі фольклорлық өнер ұжымдарының Болгарияда өткен әлемдік фестивалында айды аспанға шығарды. Облыстық деңгейдегі сайыстарды былай қойғанда, республикалық һәм халықаралық деңгейдегі бәсекелерде топ жарып жүрген өнерпаздар ондап саналады. Кезінде Сарыарқаның сайын даласын думанға бөлеген Қоянды жәрмеңкесін дүбірлеткен Біржан сал мен Жаяу Мұсаның, Балуан Шолақ пен Майраның бүгінгі ізбасарларын «ел іші – өнер кенішінен» қалқып алып, бүкіл республика халқының, қала берді адамзаттың мәдениетін түзу үшін самғатуда сала қызметкерлері. Аталған игілікті мақсатты орындау үшін мұнда «Қарқаралы даусы» республикалық фестивалын өткізу дәстүрге айналды. Ол үшінші мәрте ұйымдастырылды биыл.
Өңірде салауатты өмір салтын орнықтыру, бұқаралық спортты, туризмді дамыту, көркем таулары көкжасыл қарағай, желекті қайыңмен көмкерілген ғажап табиғат мүмкіндігін пайдаланып, демалыс және сауықтыру шипажайларын құру бағытында да қыруар жұмыстар атқарылуда.
Қарқаралы атауы тарлан тарихтың бетінде таңбаланғаннан бастап қазақтың ұлан асыр жиын-тойының ордасы болып келеді. Тәуелсіздікке қолы жетіп, алаштың айдарынан жел ескеннен беріде талай мереке атқарған өңірде биыл қазақ поэзиясының алыбы Қасым Аманжоловтың 100 жылдық мерейтойы өтті Ай абдырап, Күн қызығатындай деңгейде. Ел іргесі аман, жұрт ұйқысы тыныш болса, Арқадағы жер жаннатының базары тарқамайтыны, торқалы тойы жалғаса беретіні күмәнсіз.
Сағыныш ӘБІЛОВА,
Ермек БАЛТАШҰЛЫ.
Орталық Қазақстан. - 2011. - 8 желтоқсан (№ 204/205). - 3 б.
Достарыңызбен бөлісу: |