Бұрымды қыз
Мақсаты: қазақ қызының бойындағы ұлттық дәстүрімізге сай әдептілік, көріктілік, ептілік, инабаттылық, кішіпейілділік, сұлулық т.б. жан-жақты ұлттық қасиеттерін таныта білу, қазақ халқының ұлттық өнерін, салт-дәстүрін дәріптеуге үйрету, оқушылардың танымдық және шығармашылық қабілетін, эстетикалық талғамын, шеберлігін дамыту, көпшілік алдында өзін-өзі ұстай білуге, мейірімділікке тәрбиелеу.
І-жүргізуші: Армысыздар, құрметті ұстаздар, аяулы ата-аналар, көрікті әпке, қарындастар және де осы мектептің оқушылары! Бүгін сіздер мектебіміздің асыға күткен «Бұрымды қыз» байқауы тамашалауға келіп отырсыздар. Қош келдіңіздер, емен жарқын болайық. Көңіл сарайларыңыз ашылсын, күлкілеріңіздер інжу-маржан шашылсын!
ІІ-жүргізуші: Құрметті аналар, ұстаз-аналар, бойжеткен арулар, бүлдіршін қыздар, сіздерді көктемнің ең алғашқы мерекесі-8 наурыз-Халықаралық Әйелдер күнімен құттықтаймыз! Сіздерге зор денсаулық, мол бақыт, еңбектеріңізге табыс тілейміз!
І-жүргізуші: Қазақ халқы «қыз» деген сөздің өзін әдептіліктің, әдеміліктің, инабаттылықтың, сұлулықтың белгісі деп таныған. Әсіресе қыз баланың көрікті болып өсуіне анасы ерекше көңіл бөліп, «Аттың көркі-жалы, қыздың көркі-шашы» деп қыздың шашын күтіп өсіруді өнер санаған. Ол үшін оның шашын айранмен, қынамен жудырған. Шаштарын «қос бұрым» немесе «бестемше» етіп өру бойжеткен қыздың көркі болған. Қазақ халқының жырларында қазақ қыздарының шаштарын керемет суреттеген: «Шашының ұзындығы ізін басқан», «Шаштарын он күн тарап, бес күн өрген», Қыпша бел, қиылған қас, қолаң шашты».
ІІ-жүргізуші: Халқымыздың халық ауыз әдебиетінде көптеген ақындарымыз қызға деген көптеген керемет суреттемелер берген:
Қыз сұлу көрінеді өрнегімен,
Тізілтіп сөз маржанын тергенімен,
Майысып бұратылып, майда басып,
Жаныңа наз қылықпен келгенімен.
Дарытқан бар асылды өз елінен.
І-жүргізуші: Сондай-ақ қыз баланың ұқыптылығын, жанының нәзіктігін, шеберлілігін, сүйкімділігін, өнер, білімге бейім тұратынын жоғары бағалап, оның ол қасиеттерін бейнелі сөздер арқылы ерекше көрсеткен.
Қыз сұлу көрінеді қылығымен,
Жарыса төгілген қос бұрымымен.
Бұл күнде сұлулықтың үлкені осы-
Қыз сұлу көрінеді білімімен.
Қыз сұлу көрінеді шашыменен,
Ай қабақ, қиғаш қара қасыменен.
Қыз сұлу көрінеді толған айдай,
Он бес пен он сегізде жасыменен.
ІІ-жүргізуші: Жылдан-жылға бұрымды қыздарымыз көбейе берсін деген тілекпен кезекті байқауымызды ұйымдастырып отырмыз.
І-жүргізуші:
Уа, арулар, арулар,
Ешкімің жоқ алалар,
Ару болу үлкен сын.
Оны қазың бағалар,-деп қазылар алқасымен таныстырамыз.
ІІ-жүргізуші: Ал, енді сайысымыздың шарттарымен таныстырып өтейік:
І Эстетикалық талғам.
ІІ Таныстыру.
ІІІ Салт-дәстүрге байланысты сұрақтар.
ІҮ Құрақ-құрау
Ү Өз өнерін көрсету
ҮІ Шаш үлгісінің формуласы.
ҮІІ Шаш үлгісін жасау.
ҮІІІ Үй тапсырмасы.
І-жүргізуші:
Уа, халайық, халайық,
Мұнда назар салайық.
Бұрымды қыз сайысын.
Рұқсат болса бастайық.
ІІ-жүргізуші:
Мың бұралған арулар аңдап басып,
Келеді міне ортаға толқып, тасып,
Аруларын сыйлаған халқым менің,
Көңілді қошеметпен қарсы алайық. (Арулар ортаға шыққанда «Қыз сыны» әнінің әуені қосылады).
І-жүргізуші:
Білектей арқасында өрген бұрым,
Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын,
Кәмшат бөрік, ақ тамақ, қара қасты,
Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін,-Абай атамыз жырлағандай, байқауымыздың
І бөліміне кезек берейік. Бұл бөлімде Эстетикалық талғам-деп аталады. Бұл сайыста қыздардың киімі, шаштың өрімі, жүріс-тұрысы бағаланады. Сайыс біткен соң қазылар алқасы баға береді)
ІІ-жүргізуші:
Бойжеткен арулар келіп жетті танысуға,
Бойындағы бар дарынды дарытуға
Жаймен басып сахнаға келіп жетті.
Әдеппен, ізетпен танысуға,-демекші ІІ бөлім «Таныстыру». Рет бойынша арулар өздерін таныстырып шықсын. (сайыс біткен соң қазылар алқасы баға береді).
І-жүргізуші:
Қыз емес қыздың аты қызыл алтын,
Көрінер толған айдай жүзі жарқын,
Үлкеннің алдын орап сөз сөйлемес,
Халқымның сақтай білген игі салтын,-дегендей қыздарымыздың қазақтың салт-дәстүрін қаншалықты білетіндерін байқап көрейік.
(сайыс біткен соң қазылар алқасы баға береді)
ІІ-жүргізуші:
Аңыз болған жоғалмай бұл ғасырда,
Салт-дәстүрі халқымның жалғасуда
Бұғы мүйіз оюы сәнділікпен,
Көз тартып ұрпақтарға алмасуда.-дегендей «Құрақ-құрау» бөліміне кезек берейік.. бұл бөлімде арулар ақ беттің үстіне түрлі-түсті қағаздан қиып құрақ құрайды.
(сайыс біткен соң қазылар алқасы баға береді).
І-жүргізуші:
Кедеймін деп қысылма.
Өнерің болса қолында.
Өнерлінің ырысы.
Жарқырап жатыр жолында
Сайыста ән салайық, би билейік
Өнермен өрге басып кідірмейік-аруларымыздың өнерін тамашалайық.
ІІ-жүргізуші
Бұрымды қыз сайысы.,
Тәрбиелі, мәнді де,
Шашты күтіп өсіру
Қыз баланың сәні де.
Бұл сайыста аруларымыз ұзын шаштың формуласымен таныстырып, ұзын шашты өсірудің құпияс ын ашады және жарнама жасайды.
І-жүргізуші
Сұлу қыздар, ару қыздар, бұрымдылар,
Шашты кеспей, шашқа жақсы қарандар.
Қыздың көркі шаш екенін түсініп,
Өріп қойып шаш үлгісін жасандар.-деп аруларды сіңілдерінің шаштарына өрім түрлерін яғни, шаш үлгісін жасауға шақырамыз. (қолдарын жуу)
ІІ-жүргізуші
Сырмақ ойып, текемет, киіз басқан,
Өнерлі, шеберлер бар даңқы асқан,
«Шеше көрген тон пішер» деген рас.
Қыздарымыз шебер қолға араласқан.-деп, алдымен Үй тапсырмасының 1-тапсырма, аруларымыз үйден қандай қолөнер бұйымдарын жасағанын тамашалайық. 2-тапсырма «Ұлттық тағам» әзірлеу болатын, қандай тағам дайындағандарын көрейік.
Кеш қорытындысын әділқазылар шығарады. Сайыскерлер өнерлеріне қарай атақ беріледі, мадақтау қағаздарымен марапатталады.Жеңімпаз «Бұрымды қыз» лентасы мен тәжге ие болады.
І-жүргізуші:
Сау болыңдар, көргенше,
Қайта айналып келгенше.
Жиі келіп тұрыңдар,
Қоштасайық ендеше!
Достарыңызбен бөлісу: |