КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаты. Қазіргі лингвистиканың даму жағдайында тіл деңгейлері арасындағы байланысты анықтау қазақ тілінің грамматикалық жүйесіндегі негізгі бағыттардың бірі болып саналады. Грамматикалық бірліктер арасындағы парадигмалық қатынасты қарастыру функционалды грамматиканың міндеті болып табылады.
Қазақ тіліндегі есімді сөйлемдер бір жүйеге түсірілмеген, оған вербоцентристік көзқарастың ықпалы мол. Өйткені етістік шақ және модальділік қатынасты білдіреді деген көзқарас басым орын алған. Сол себепті де жалпы тіл білімінде (орыс тіл білімінде) есімді сөйлемдер толымсыз сөйлемдер деп немесе нөлдік тұлғадағы сөйлемдер деп қана танылды. Ал түркі тіл білімінде А.П. Поцелуевский, қазақ тіл білімінде М. Балақаев бірінші рет есімді сөйлемдерді жеке бөліп, оның етістікті сөйлемдерден ерекше екенін алғаш көрсетті. Біздің жұмысымызда қазақ әдебиетінің классигі, жазушы М. Әуезовтің «Абай» эпопеясындағы есімді сөйлемдер, түрлері, олардың берілу жолдары, жұмсалымдық мәселесіне назар аударылды. Соның бірі – автордың есімді сөйлемдер түрлерін молынан қолдануы және олардың жасалу ерекшеліктерін анықтау. Жалпы басқа түркі тілдерінде М. Әуезов сияқты жазушылардың еңбектерін тілдік жағынан талдау жан-жақты қолға алынған. Ал қазақ тілінде осы сияқты еңбектердің тілдік жағы тіпті сөз болмады десе де болғандай. Сөйлем синтаксисі өте күрделі. Осы күрделілік олардың түр-түрімен байланысты. Қазіргі кезде қазақ тілінде жай сөйлем, құрмалас сөйлем, жалаң, жайылма, жақты жақсыз, хабарлы, лепті, сұраулы, бұйрықты, болымды, болымсыз, толымды, толымсыз, белгілі жақты, белгісіз жақты, атаулы деп беріліп келеді. Осылайша сөйлемдерді беру қалыптасты да, дегенмен соңғы кезде осы сөйлемнің түрлері қатарына есімді, етістікті сөйлемдер дейтін де түрлері орын ала бастады.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Есімді сөйлемдерде ой қысқа, нақты түрде жеткізілетіні белгілі. Есімді сөйлемдер стильге тек нақтылық пен қысқалық беріп қоймай, сонымен бірге мәтін көркемдігін арттырып, шығарма мәтініне эстетикалық мән, стилистикалық, экспрессивтік реңк беріп, коммуникативтік-прагматикалық қызметте жұмсалады. Сондықтан қазақ тіл біліміндегі ертеден келе жатқан есімді сөйлемдердің ерекшелігін М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясынан іздеу, етістікті сөйлемдерден өзгешелігі мен коммуникативтік мақсатын анықтау арнайы зерттеуді қажет етеді. М. Әуезов романдарының көркемдік күшінің ең негізгі ерекшеліктерінің бірі оның тіл шеберлігінде. Жазушы тілінің шеберлігі, оралымдығы оның авторлық баяндауларынан да, табиғат көріністерінен де, кейіпкерлердің сөздік, бейне сипаттарынан да әрдайым айқын көрініп отырады. Қазақтың ғасырлар бойы жасалып, молығып келген тіл байлығын жазушы толық меңгерген және сонысын өзінің романдарында мейлінше мол әрі шебер пайдаланған. Тарихи тақырыпқа арналған шығарма болғанымен М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы қазақтың қазіргі әдеби тілімен жазылған және сонымен қатар оны белгілі дәрежеде байыта, молықтыра түскен, жаңа биікке көтерген. Бұл ретте М. Әуезов романдарының атқарған рөлі ерекше. Қазақтың қазіргі әдеби тілінің байлығы мен алуан түрлі қырын М. Әуезовтің Абай туралы романдары мейлінше анық көрсетті. Есімді сөйлемдерді тек «Абай жолы» эпопеясынан ғана іздеу, оның ерекшеліктерін көрсету мәселесінің де өзіндік ерекшеліктері бар.
Оның негізгі себебі мынада деп білеміз.Осы кезге дейін есімді, етістікті сөйлемдердің жасалуы, эволюциясы туралы түрліше көзқарастар бар. Сонда ірі ғалымдар есімді сөйлемдер бұрын қалыптасты десе, керісінше, етістікті сөйлемдер бұрын қалыптасты деген де көзқарастар орын алуда. Әрине ол ғылыми талас пікір.
Біз осы фактіні байқау үшін есімді, етістікті сөйлемдердің ХХ ғасырдағы тарихи шығармалардағы берілу дәрежесіне көңіл аудару барысында есімді сөйлемдер көп те, ал қазіргі шығармаларда керісінше етістік сөйлемдер көп деген шешімге келдік, мұның себебі, біздіңше, бұрынғы жазба әдебиеті мен ауыз әдебиетінде елді, жерді, табиғат құбылыстарын, қазақ халқының таным-сенімін, мінез-құлқын, тұрмыс-салтын таныту жағы ерекше болса, соңғы кездегі әдебиеттерде оқиға желісі көбінесе іс-әрекетке, талас-тартысқа құрылғандықтан етістікті сөйлемдер басым болатын сияқты.
Достарыңызбен бөлісу: |