Медицина және фармацевтика кадрларының біліктілігін арттыру және қайта даярлау ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2009 жылғы 11 қарашадағы N 691 Бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2009 жылғы 26 қарашада Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 5904 болып енгізілді
Қазақстан Республикасы орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдарының актілер жинағы, 2010 жылғы N 2 (Тиражға шыққан уақыты 20.03.2010 ж.)
"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылы 18 қыркүйектегі Кодексінің 175-бабына сәйкес және медицина және фармацевтика кадрларының біліктілігін арттыру мен қайта даярлауды ретке келтіру, үйлестіру және одан әрі жетілдіру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
1. Осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Медицина және фармацевтика кадрларының біліктілігін арттыру және қайта даярлау ережесібекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ғылым және адами ресурстар департаменті (Н.Қ. Хамзина):
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;
2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркелгеннен кейін ғылыми ұйымдарға және денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдарына жеткізуді қамтамасыз етсін.
3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Әкімшілік-құқықтық жұмыс департаменті (Ф.Б. Бисмильдин) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің кейбір бұйрықтарының күші жойылды деп танылсын.
5. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі Е.А. Біртановқа жүктелсін.
6. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін 10 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министрдің
міндетін атқарушы Б. Садықов
Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрінің
міндетін атқарушының
2009 жылғы 11 қарашадағы
N 691 бұйрығына
1-қосымша
Медицина және фармацевтика кадрларының біліктілігін арттыру және қайта даярлау ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Медицина және фармацевтика кадрларының біліктілігін арттыру және қайта даярлау ережесі (бұдан әрі – Ереже) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне, "Білім туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және медицина және фармацевтика кадрларының (бұдан әрі – кадрлар) біліктілігін арттыруды және қайта даярлауды ұйымдастыру және жүргізу тәртібін белгілейді.
2. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) Медициналық және фармацевтикалық мамандықтар бойынша қосымша білім беру мемлекеттік стандарты (бұдан әрі – Стандарт) – медицина және фармацевтика бойынша қосымша білім беру бағдарламаларының мазмұны мен көлеміне қойылатын жалпы талаптардың жиынтығын белгілейтін құжат;
2) медицина және фармацевтика мамандықтары бойынша қосымша білім беру (бұдан әрі – қосымша білім беру) – біліктілікті арттыру және қайта даярлау нысанында іске асырылатын, кадрлардың білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатымен жүзеге асырылатын оқыту үдерісі;
3) ғылыми-ақпараттық алмасу жөніндегі іс-шаралар – конгресстер, съездер, конференциялар, семинарлар, симпозиумдар, пленумдар нысандарында және басқа да нысандарда жүргізілетін ғылыми, ғылыми-практикалық және практикалық сипаттағы ақпараттармен алмасуға бағытталған іс-шаралар;
4) үздіксіз кәсіби дамыту – пациенттердің қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін кадрлар біліктілігінің кәсіби деңгейін қолдауға және дамытуға бағытталған оқыту үдерісі;
5) практика арқылы оқыту (жұмыс орнындағы тағылымдама) – денсаулық сақтау ұйымдарында жаңа практикалық дағдыларды үйрену және бұрын үйренген дағдыларды жетілдіру;
6) кадрларды қайта даярлау – басқа сәйкес медицина немесе фармацевтика мамандығын меңгеруге мүмкіндік беретін қосымша білім беру нысаны;
7) кадрлардың біліктілігін арттыру – бұрын алынған кәсіби білімін, шеберлігін және дағдыларын қолдауға, кеңейтуге, тереңдету және жетілдіруге мүмкіндік беретін медицина және фармацевтика мамандықтары бойынша қосымша білім беру нысаны;
8) жұмыс оқу жоспары – мамандық бойынша үлгілік оқу жоспары негізінде қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдар әзірлейтін және бекітетін құжат;
9) жұмыс оқу бағдарламасы – үлгілік оқу бағдарламасының міндетті компоненті негізінде қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдар әзірлейтін және бекітетін, міндетті компонент пен таңдамалы компонент пәндері бағдарламаларының мазмұнын ашатын бағдарлама;
10) тыңдаушы – қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымда оқуға тіркелген маман;
11) өзіндік білім алу – кадрлардың барлық кәсіби қызмет ету жылдарында өз бетінше жаңа теориялық білім алуына және бұрын алынған білімдерін жетілдіруіне бағытталған оқыту үдерісі;
12) пәннің бағдарламасы (силлабус) – қосымша білім беруді іске асыратын ұйымдар бекіткен оқытылатын пәннің сипаттамасы, мақсаты, міндеттері, қысқаша мазмұны, әрбір сабақтың тақырыбы мен ұзақтығы, тыңдаушының өзіндік білім алуына арналған тапсырмалар, оқытушының талаптары, бағалау өлшемдері мен ережелері және әдебиеттер тізімі қамтылған тыңдаушыларға арналған оқу бағдарламасы;
13) үлгілік оқу жоспары – оқытылатын пәндердің тізімі мен көлемін, оларды оқыту тәртібі мен бақылау нысанын регламенттейтін Стандарттың құрамдас бөлігі;
14) үлгілік оқу бағдарламасы – үлгілік оқу жоспарының міндетті компонентінің әрбір пәні бойынша меңгерілетін білімнің, шеберліктің және дағдының мазмұны мен көлемін анықтайтын бағдарлама.
3. Кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау қосымша білім берудің негізгі нысаны болып табылады.
4. Пациенттердің қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін кадрлар біліктілігінің кәсіби деңгейін қолдау және дамыту қосымша білім берудің негізгі мақсаты болып табылады.
5. Кадрларға қосымша білім берудің міндеттері:
1) медицина және фармация саласының жаңа теориялық білімдері мен практикалық дағдыларын алудағы және бар теориялық білімдері мен практикалық дағдыларын жаңғыртудағы кадрлардың қажеттіліктерін қанағаттандыру;
2) алынған теориялық білімдері мен практикалық дағдыларын практикада қалыптастыру, бекіту және жинау;
3) практикалық денсаулық сақтау саласына ғылыми дәлелдерге негізделген диагностикалау мен емдеудің жаңа әдістерін енгізу болып табылады.
Қосымша білім беру ғылыми-ақпараттық алмасу жөніндегі іс-шаралардан, мастер-кластардан, тренингтерден, практика арқылы оқытудан, өздігінен білім алудан тұратын үздіксіз кәсіби дамудың бір бөлігі болып табылады.
2. Кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау тәртібі
6. Біліктілікті арттырудың мақсаты медицина немесе фармацевтика мамандықтарының жалпы және жеке бөлімдері, олардың ұқсас пәндері бойынша, біліктілік талаптарына сәйкес теориялық білімдерді жаңарту мен тереңдету және практикалық дағдыларды жетілдіру болып табылады.
Біліктілікті арттыру жоғары медициналық мамандығы бар кадрлар үшін интернатурадан және (немесе) клиникалық ординатурадан (резидентурадан) және (немесе) мамандығы бойынша қайта даярлаудан, ал жоғары фармацевтикалық мамандығы бар кадрлар үшін мамандығы бойынша қайта даярлаудан өткен жағдайда қарастырылады.
Орта медициналық немесе фармацевтикалық білім және (немесе) мамандық бойынша қайта даярлау орта кәсіптік білімі бар кадрлар үшін қажетті алғашқы білім деңгейі болып табылады.
7. Кадрларды қайта даярлаудың мақсаты жаңа мамандық бойынша кәсіби іс-әрекетті орындауға қажетті жаңа білімдерді, шеберліктерді және дағдыларды меңгеру болып табылады.
8. Біліктілікті арттыру және қайта даярлау бағдарламаларының шеңберінде, сонымен бірге ғылыми-ақпараттық алмасу жөніндегі іс-шаралар, мастер-кластар, тренингтер, өздігінен білім алу, практика арқылы оқыту (жұмыс орнындағы тағылымдама) жүргізіледі.
9. Бюджет қаражаты немесе жұмыс беруші қаражаты есебінен қосымша білім беру бағдарламалары бойынша оқыту, егер кадрлар мемлекеттік емес сектордың қызметкерлері болса, бес жылда кемінде бір рет жүргізіледі.
Тыңдаушыларды әртүрлі оқу нысандарын қолдана отырып жеке оқыту шарт негізінде жүргізіледі.
10. Қосымша білім берудің оқу бағдарламаларын іске асыратын медициналық білім беру және ғылыми ұйымдарында (бұдан әрі – оқытатын ұйымдар) қосымша білім беру жүзеге асырылады.
11. Қосымша білім беру оқу бағдарламаларын игеру жұмыстан қол үзіп, қол үзбей және жартылай қол үзіп оқу арқылы жүргізіледі. Соңғы жағдайда кадрлар жұмысын толық емес жұмыс уақыты жағдайында орындайды және сонымен қатар қосымша білім беру нысандарының бірі бойынша оқуын оқиды.
12. Кадрлардың алғашқы білім деңгейін анықтау үшін және оларды тыңдаушылар қатарына қабылдау үшін – түсу, оқу кезінде – ағымдық, оқу соңында – қорытынды бақылау жүргізіледі.
Бақылау тестілеу, әңгімелесу, симуляциялық тренажерлармен, муляждармен, фантомдармен, сондай-ақ біліктілікті арттыру, қайта даярлау циклы оқытушысының жетекшілігімен пациентпен жұмыс түрінде жүргізіледі. Қорытынды аттестаудың нысанын оқытқан ұйым өзі анықтайды.
3. Біліктілікті арттырудың және қайта даярлаудың мазмұны мен мерзімдері
13. Мамандық бойынша қайта даярлау бағдарламаларын іске асыру Стандартқа, үлгілік оқу бағдарламасына, жұмыс жоспарына және жұмыс оқу бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылады.
Біліктілікті арттыру бағдарламаларын іске асыру Стандартқа және жұмыс оқу бағдарламаларына сәйкес жүзеге асырылады.
14. Оқу бағдарламалары бойынша оқу мерзімінің 2/3 бөлігі аудиторлық жұмыс және 1/3 бөлігі тыңдаушының пәндік бағдарламада (силлабуста) көрсетілген тапсырмалар шеңберінде өз бетімен білім алуы үшін қарастырылған.
15. Бір оқу аптасының ұзақтығы 56 сағаттан 60 сағатқа дейін болады, оның ішінде 36 сағаттан 40 сағатқа дейінгі – аудиторлық жұмыс академиялық сағаты және 18 сағаттан 20 сағатқа дейінгі – өз бетімен білім алуы.
1 академиялық сағаттың ұзақтығы 50 минуттық аудиторлық жұмысты құрайды.
16. Жоғары медициналық және фармацевтикалық білімі бар тұлғалар үшін оқу мерзімі қайта даярлау циклдарында – 1080 сағаттан 2160 сағатты, біліктілікті арттыру циклдарында – 54 сағаттан 216 сағатты құрайды.
Орта медициналық және фармацевтикалық білімі бар тұлғалар үшін оқу мерзімі қайта даярлау циклдарында – 216 сағаттан 648 сағатты, біліктілікті арттыру циклдарында – 54 сағаттан 108 сағатты құрайды.
Шетелдерде біліктілікті арттыру және (немесе) қайта даярлау мерзімі 144-тен 1440-қа дейінгі академиялық сағатты құрауы мүмкін.
17. Қорытынды бақылау нәтижесі бойынша:
қайта даярлау бағдарламаларын меңгерген тұлғаларға – осы Ережеге 1-қосымшаға сәйкес куәлік беріледі;
біліктілікті арттыру бағдарламаларын меңгерген тұлғаларға – осы Ережеге 2-қосымшаға сәйкес куәлік беріледі.
4. Шетелде кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау, шетелдік мамандарды тарту
18. Кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау шетелдік жетекші мамандарды тарта отырып, Қазақстан Республикасында және сонымен бірге шетелдерде жүзеге асырылады.
Шетелде оқыту медицина, фармация саласындағы білім беру, медициналық, фармацевтикалық, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыратын шетелдік ұйымдарда (бұдан әрі – шетелдік ұйымдар) жүргізіледі.
Шетелдік жетекші мамандарды тарту шақырушы қазақстандық оқытатын ұйым немесе денсаулық сақтау ұйымы немесе денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган), немесе облыстардағы, республикалық маңызы бар қаладағы және астанадағы денсаулық сақтау саласының жергілікті мемлекеттік басқару органы (бұдан әрі – жергілікті орган) мен шақырылатын шетелдік маман және (немесе) шетелдік ұйым арасында жасалған шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
19. Республикалық және жергілікті (республикалық маңызы қаланың, астананың) бюджет қаражаты есебінен шетелдік ұйымдарда біліктілігін арттыруға және қайта даярлауға мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында жұмыс істейтін мамандар жіберіледі.
20. Жасасқан шарттарда біліктілікті арттыру және (немесе) қайта даярлау бағдарламаларына сәйкес қазақстандық мамандардың шетелдік пациенттерге диагностикалық және емдеу шараларын жүргізуіне рұқсат беру қарастырылған шетелдік ұйымдарға ғана клиникалық медициналық мамандықтар бойынша біліктілікті арттыруға және (немесе) қайта даярлауға жіберу жүзеге асырылады.
Біліктілікті арттыру және (немесе) қайта даярлау бағдарламаларын мамандарды жіберуші уәкілетті (немесе жергілікті) орган немесе оқытатын ұйым немесе денсаулық сақтау ұйымы бекітеді.
Медицина және фармацевтика
кадрларының біліктілігін
арттыру және қайта даярлау
ережесіне 1-қосымша
Қайта даярлықтан өткені туралы куәлік
N _____
Осы куәлік ____________________________________________________
(тегі, аты, әкесінің аты)
_______________________________________________________ жанында
(оқытқан ұйымның атауы)
20__ жылғы "___"____________ бастап "___" _____________ дейін
________________________________________________ медициналық
(немесе фармацевтикалық) мамандығы бойынша
_________________ сағат көлемінде қайта даярлықтан өткенін растайды ________________________________________________________________
(басшының Т.А.Ә., қолы)
Мөрдің орны
Берілген күні 20___ жылғы "____" ______________
Медицина және фармацевтика
кадрларының біліктілігін
арттыру және қайта даярлау
ережесіне 2-қосымша
Біліктілігін арттырғаны туралы куәлік
N _____
______________________________________________________________
(тегі, аты, әкесінің аты)
ол 20___ жылғы "___"_______________ бастап "____"___________ дейін _______________________________________________________ жанында
(оқытқан ұйымның атауы)
____________________________________________________ мамандығы бойынша
________________________________________________ циклында
________ сағат көлемінде біліктілігін арттырудан өткені үшін берілді ____________________________________
(басшының Т.А.Ә., қолы)
Мөрдің орны
Берілген күні 20___ жылғы "____" ______________
Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрінің
міндетін атқарушының
2009 жылғы 11 қарашадағы
N 691 бұйрығына 2-қосымша
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының күші жойылған кейбір бұйрықтарының тізімі
1. "Медициналық және фармацевтикалық білімі бар мамандардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2004 жылғы 9 маусымдағы N 462 бұйрығы (Нормативтік-құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізіліміне N 2922 болып тіркелген).
2. "Медициналық және фармацевтикалық білімі бар мамандардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2004 жылғы 9 маусымдағы N 462 бұйрығына толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2004 жылғы 11 қарашадағы N 799 бұйрығы (Нормативтік-құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізіліміне N 3289 болып тіркелген, Қазақстан Республикасының орталық атқару және өзге мемлекеттік органдарының нормативтік-құқықтық актілері бюллетенінің 2005 жылғы N 1 санының 6 - бетінде жарияланған).
3. "Медициналық және фармацевтикалық білімі бар мамандардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2004 жылғы 9 маусымдағы N 462 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2009 жылғы 10 шілдедегі N 353 бұйрығы (Нормативтік-құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізіліміне N 5743 болып тіркелген, "Юридическая газета" газетінің 2009 жылғы 11 қыркүйектегі N 138 (1735) санында жарияланған).
Достарыңызбен бөлісу: |