МӘҢгі өшпес ерлік иесі



Дата20.06.2016
өлшемі146 Kb.
#149337
МӘҢГІ ӨШПЕС ЕРЛІК ИЕСІ

Бейбіт халықтың тіршілігін “соғыс!” деген жалғыз ауыз суыт хабар бұзды... Жұрттың үрейі үдеді. Аз уақыт ішінде кешегі бейбіт күннің бейнесін ұмытып, дүрбелеңге түсті. Ер­кек кіндіктінің бәрі майданға ат­танды. Елден олардың тілеуін тілегендер қалды. Отанға деген сүйіспеншілігі мен жалындаған жігерінің арқасында өз еркімен кеткен қаншама жас ұл-қыздар да болды. Олардың жасаған ер­ліктері бүгінде өскелең ұрпаққа үлгі, өнеге ретiнде дәріптеліп келеді.

Тек әйелдер мен балалар, қарт­тар еңбекке жегілді. Анала­рымыз қолына кетпен, орағын алып қырманның қамын ойлады. Олар маңдай терімен жинаған астықтарын, көз майын тауысып тоқыған киім-кешектерін май­дан­ға жөнелтіп отырды. “Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін” деген ұранмен жұмыс істеді. Өкініштісі, бұл зұлмат жыл­дар жадымызға өшпестей жа­ра салғаны. Ананы жалғыз ба­ласынан айырса, әйелі өмірлік қосағынан, бауыры мен әкесінен қалып, қайғыдан қан жұтты. Жұрт қара қағаздан қорықты. Себебі ол тек қайғы әкелетін еді.

Иә, бұл кезеңді суреттеп жет­кізу мүмкін емес. Сол со­ғыста болып, талайды көрген май­дангерлердің өзі өткенін өкініш­пен еске алады. 1941 жылы Сталин радиодан “Ұлы Отан” деген сөзді нықтап айтып, алғаш рет сарбаздарға рух пен жігер беретін хабарламасын жасады. Міне, осы хабардан соң ер аза­маттар Отан үшін деп қолына қа­руларын алды. Отан үшін от ке­шіп, жанын шүберекке түйген батырларымыздың көкейінде бір ғана ой сайрап тұрды. Ол Отаны үшін өлімге де бас тігіп, жері мен елін қорғап қалу еді.

Миллиондаған адамзат бала­сы­на қайғы-қасірет алып келген Екін­ші дүниежүзілік соғыс та­лай жанның өмірін жалмады. Ерлік­пен қаза тапқан ерлердің ерен еңбектері ұмытылмақ емес, керiсінше ұрпақтан ұрпаққа жал­ғасатын тарих болып қалды.

Сол бір сұрапыл соғыстың бел ортасында болып, жауға қарсы қару алып, қанды қырғынды өз көзімен көріп қайтқан қарт сарбаздың бірі Қожахмет Бектан болатын. Ол кісімен әңгі­меле­судің сәті түсіп, үйіне іздеп бар­дық. Тоқсанды еңсерген қарт нау­қастанып қалғанына қарамай сол жылдар жайында айтып беруді жөн санады. Осы бір ауыр кезеңді еске алған Қожахмет ақсақал ауыр күрсініп, сөзін сабақтады.

– Мен 1922 жылы кедей шаруа отбасында дүниеге келдім. 1942 жылы әскер қатарына ша­қырылып, Ташкенттiң Самар­қанд қаласына Отан алдындағы бо­рышымды өтеуге аттандым.

Екі ай өткен соң әскер қатарындағыларды соғыс майда­нына жөнелтеді. Бұлардың қа­та­рында Қожахмет Бектан да болатын. Ол кезде жиырма жас­­тағы қылыштың өткір жү­зін­дей қайралған, бойында күш қуаты тасыған жігіт еді. На­ғыз жалындап тұрған шағы. Жас сарбас өзіне жүктелген тап­сыр­маны тыңғылықты орын­дайтын. Қатарынан осы қасие­тімен ерек­шеленді. Соғыста Бело­руссия, Ук­раина жерлерінде де болып, қо­лына алыс қашықтықтан ата­тын қару алып, талай жаудың көзін жойды.

– Күні түн демей арпалысып жатқан қан майданда көз алды­мызда қаншама жандар жарақат алды, өмір мен өлім арасында жатқандардың саны көп болды. Кейбіреуіне көмек болса, ен­ді бі­рі­не ол жетем дегенше жан тапсырып жатты, – дейді ке­ше­гі күннің қаһарлы кезеңін ой елегінен өткізген ақсақал. – Қыс­та күн өте қатты суық болды. Соған қарамастан тізеден қар кешіп, мұзды жарып айтылған тапсырманы орындау үшін бәріне де көндіктік.Себебі біз үшін Отан деген сөз ыстық болды.

Алайда, 1944 жылы бастапқы орналасқан шекараға қайта бар­дық. Сұрапыл соғыстың өршіген сәті еді. Сөйтіп Польша мен не­містер шекарасы аумағына табан тіредік. Сонда болып берілген тапсырманы орындадық. Әйтеуір 1945 жылы Берлинге жақындаған тұста «соғыс бітті» деген хабар ал­дық. Осы сөзді естігенде сар­баз­дар жанарларына жас алып, орындарында мелшиіп тұ­рып қалды. Кейбірі бір-бірін құ­шақ­тап жатты. Берлинде 2 ма­мыр күні қызыл ту тігілді. Со­дан сарбаздарды елге қайтара бас­­тады. Пойыздарға кезекпен ке­зек бөлініп мініп, туған жерге тарт­­қан қаруластарға қызыға қа­­рап біз қалдық. Ел шекарасы ты­­нышталғанша сонда болдық. 1946 жылы бұйрық шықты. Ел­ге ора­­латын болдық. Сол жыл­дың қа­раша айында пойызға отыр­дық.

– Кішкентай кезімізде бiрде ашқұрсақ жүрсек, кейде бір уыс бидайды талғажау ететін едік. Ата-анам күнкөріс қамы үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Соғыстан келген соң олар өздері таңдаған қызға үйлендірді. Ол кезде ата-ана не десе сол болатын. Ешқандай қарсылық танытқан жоқпын. Отбасылы болдым.

Ал, өз өмірлерін киып, бізге азаттық таңын сыйлап кеткен сар­баздарды ұмытуға қақымыз жоқ. Біз олардың ерлігін қашанда ұлықтап, бәрін жадымызда сақ­тауға міндеттіміз. Сонау ауыр ке­зеңдерде олар от пен суға түсіп, окоптарда тоңып, толарсақтан саз кешіп келешек ұрпақтың бейбіт өмір сүруі үшін жанын қиды. Қан майданның қаһарынан ықпай, намысты ту еткен батырларымыз соғыс жылдарынан кейін түрлі салада жұмыс атқарып, тұралап қалған елдің дамуына тағы бір мәрте үлестерін қосты. Бүгінде өзім секілді қарт майдангерлердің саны азайып бара жатыр, – деді ақсақал сөзін жалғай келе.

Расында, сұрапыл соғыс жыл­дарында ерен еңбектерімен та­нылған азаматтарымыз Отаны­мыз­дың белсенді қорғаушылары сапында болды. Ұлы Отан соғы­сындағы олардың өлшеусіз ерлігі бүгінгі бейбіт күннің өтеуі. Уақыт өткен сайын батырларымыз сый­ла­ған Жеңістің маңыздылығы да артып келеді. Сол бір ауыр ке­зең жылдары қазақ халқы өзі­нің Отанына, жеріне деген пат­риоттық сезімін дәлелдеді. Олар­дың көрсеткен ерліктері ұрпақ үшін өнеге болып табылады. От пен оқтың арасындағы көрсет­кен жанкешті қимылы үшін та­лай марапатқа ие болғандар басы­ның амандығын емес, елінің бір­лігін, ынтымағын, бейбіт күн ке­шуін алдыңғы орынға қой­ды. Ұлы Жеңістің әрбір жыл­дық мерекесіне орай біздің елі­мізде, әрбір майдангер мен тыл еңбеккері қамқорлыққа бө­ле­ніп, қолдауды сезінулері үшін қажеттінің бәрі жасалуда. Өйт­кені олардың жанқиярлығы мен қаһармандықтары – мың мәр­те тағзым етерлік, даңқы өш­пес ұлы ерлік. Елбасы: “Бұл біз­дің бүгінгі бейбіт өмірімізді қамтамасыз еткен аға ұрпақтың қайсар күрескерлігі мен өр жеңісі алдындағы тағзымымыз” деп ерекше атап өткен болатын.

– Соғыста жүргенде қасым­да­ғыларға қарағанда менің жасым кіші болды. Күн-түн демей қару­ларды тазартып, окоп қазып жан­таласамыз. Үнемі сақтанып жү­ретінбіз. Себебі қай жерден жау шығып қалары белгісіз. “Тре­вога!” дегенде жер бауырлап жа­тып қаламыз. Төбемізде ұшақ­тар үнемі ұшып бақылау жасап жүреді. Байқап қалса, оқты қарша боратады, одан қалды бомба лақ­тырып айналаны көк түтінге тұн­шықтырады, мұндайда аман қалу қиын. Бірақ бәріне төздік. Мұның бәрі де келешек ұрпақтың бейбіт өмір сүруіне жол ашу еді, – деп қарт майдангер сөзін аяқтады.

Осылай соғыстан аман есен ел­ге оралған соң, ауыл шаруашы­лы­ғы саласында еңбек ете бас­тады.

Сұрапыл соғыстан кейін ел еңсесін тіктеуге еңбек етті, тұ­ра­лап қалған ауыл тіршілігін тү­зеді. Кейіннен білімін одан әрі жетілдіру үшін Ташкент қала­сына аттанады. Сонда аграрлық институтка түсіп, агроном ма­ман­дығын алды. Міне, ол маман­дығының жемісін көріп, талай жыл еңбек етеді.



Бүгінде Қожахмет ата мен Шакида апаның алты қыз төрт ұлы бар. Өнегелі тәр­бие­ні отбасынан бойларына сіңі­ріп өскен балалары қазіргі кезде түрлі салада еңбек етіп жүр. Қа­зіргі таңда қария осы балала­рынан жиырма төрт немере, сегіз шөбере сүйіп, бақытты отба­сының ұйытқысы, қамқоршы мен ақылшысына айналып отыр.

Сара ҚОРҒАНБАЙҚЫЗЫ.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет