«Мәңгілік Ел» ұлттық идея ретінде



Дата30.06.2016
өлшемі69 Kb.
#167913
«Мәңгілік Ел» - ұлттық идея ретінде
Бостандық, еркіндік, тәуелсіздік – асыл арман. Оған жетудің жолы әрқилы. Негізгісі екеу. Бірі – күрес жолы, екіншісі келісім жолы. Ал тәуелсіздікке қол жеткізген соң оны сақтап қалу, одан да қиын. Тәуелсіздікті сақтап қалу үшін ел ішінде алауыздық болмау керек. Ал, ол үшін халыққа біртұтас идея, алға жұмылдыратын бағыт, мақсат – мұрат керек.

Ұлттық идея - халық мұраты. Бұл бiр көптен көтерiлiп жүрген тақырып.

Ұлттық идея - ұлттың сол тарихи кезеңде өзін-өзі тануынан көрініс табатын ұлттық санада басымдыққа ие көзқарастар. Зерттеушілер бұл үғымның екі қырына баса маңыз береді. Бір жағынан, қауымдастықтың өзін-өзі ұлт деп танып, түйсінуі, екінші жағынан оның ерекше тарихи адамдар қауымдастығы ретіндегі өз көзқарастары, ұстанымдары, құндылықтары жайлы жалпақ әлемге жар салуы.

Тарихта мемлекет пен қоғам көшбасшылары халықтың интеллектуалдық күш-қуаты мен ұлттық ресурсын біріктіріп, ортақ мақсатқа бастайтын жалпыұлттық идея тауып отырған. Қиын-қыстау кезеңнен ұлтты алға сүйреп шығаратын ұлттық идеялар мен ұлттық бірегейліктердің әлемдік тәжірибесін көптеп кездестіруге болады.

Екінші дүниежүзілік соғыста күйрей жеңілген Жапонияның қарыштап дамуына күшті идеологиялық тұғырнама себеп болды. Жапония соғыста тас-талқан болып жеңіліске ұшырағаннан кейін «Біз соғыста жеңілсек те, бейбіт өмірде жеңіске жетуіміз керек. Қан майданда жеңілдік, бірақ экономикада жеңу қажет» деген ұлттық идея алға шықты. «Игілікті мемлекет» ұранын көтерген Исибаси үкіметінің, одан кейін Икэда үкіметінің «ұлттық табысты екі еселеу» ұранын жалау еткен жоспарлары жапон жұртынан кең қолдау тауып, соғыстан қалжыраған елдің экономикасы өрлей бастады.

Күншығыс елі ақыр соңында әлемдегі көшбасшы мемлекетке айналды. Түбі бір, саяси жүйесі бөлек Солтүстік Кореядан қауіпсіздігін қамтамасыз етуді басымдық тұтқан Оңтүстік Кореяның ұлттық идеясының мәні – бұрынғы отарлаушы ел – Жапонияны экономикалық даму жағынан қуып жетіп, басып озу болды. Кінәсін мойындау идеясы және оны жалпыеуропалық құндылықтарға қосу соғыстан кейінгі Германияға өзінің ұлтшылдық болмысын жеңіп шығуға жағдай туғызғаны анық.

Бір кездері генерал Шарль де Голльдің «Ұлы Франция» ұлттық идеясын жүзеге асырғаны белгілі. Өмірінің 27 жылын түрмеде өткізген Нельсон Мандела Оңтүстік Африка Республикасында ақ не қара нәсілге бөлмейтін, яғни апартеидсіз ел саясаты ОАР-дың ұлттық идеясына айналды. Бұл ұлттық идея жүректерге жол тауып, әлемнің қолдауына қол жеткізіп, ОАР-дың өрлеуіне мүмкіндік берді.

Хронологиялық тұрғыдан келер болсақ, қазақстандағы ұлттық идеяның жасы - қазақ этносымен түйдей құрдас. Ол қазақтармен бiрге дүниеге келдi әрi тарих сахнасына да қазақтармен қол ұстаса көтерiлдi. Мұратсыз ұлт ұлт болып қалыптасуы да, сақталып қалуы да мүмкiн емес. Қазақ хандығы тұсында ұлттық идеяның өзегiн мемлекеттiктi нығайту, этникалық территорияны қалыптастыру болса, одан кейінгі кезеңде Ресей, Қытай, Жоңғар, Орта Азиялық мемлекеттермен оңтайлы қарым-қатынас орнатып, елдігімізді сақтап қалу болды.

Қандай да болмасын ауқымды да, келелі жалпы халықтық істерді орындау кім көрінгеннің қолынан келе бермесі ақиқат. Ол үшін халықты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін патриоттық, ұлттық идея керек екені, күмәнсіз шындық.

«Ол идея – мәңгілік Ел идеясы» деп көрсетті Елбасымыз. Соның арқасында халқымыз мәңгілік мұраттарына қол жеткізді. «Еліміз тәуелсіздігіміздің тірегі – Мәңгілік Елордамызды қысқа мерзімде тұрғызды. Қазақтың Мәңгілік Ғұмыры – Ұрпақтың Мәңгілік Болашағын баянды етуге арналды. Ендігі Ұрпақ Мәңгілік Қазақтың Перзенті. Қазақ Елінің Ұлттық идеясы Мәңгілік Ел».

«Мәңгілік ел - ата-бабамыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы екенін барлығымыз білеміз. Ол арман әлем елдерімен терезесі тең қатынас құратын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын тәуелсіз мемлекет атану еді. Ол арман тұрмысы бақуатты, түтіні түзу шыққан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. Біз бұл армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік елдің іргесін қаладық.

Мен қоғамда «қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек» деген сауалдың жиі талқыға түсіп жүргенін естіп жүрмін, біліп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар етіп ұлтты ұйыстыра ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол -мәңгілікел идеясы. Тәуелсіздігімізбен бірге халқымыз мәңгілік мұраттарына қол жеткізді. Біз еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі мәңгілік елордамызды тұрғыздық. Қазақтың мәңгілік ғұмыры ұрпақтың мәңгілік болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ -мәңгілік қазақтың перзенті. Ендеше, қазақ елінің ұлттық идеясы - Мәңгілік ел», - деді Президент.

Ең бастысы Қазақстан болашағын – барша халқымыздың, оның ішінде қазіргі жас ұрпақтың, жарқын болашағын құрып, қамтамасыз ету болып табылады. 

Болашақ жастардікі – оны құратын, әрі дамытатын, сол дамыған елдің жемісін көретін де жастар. Ол үшін басты талап елімізде белсенді де білімді, денсаулықтары мықты жас ұрпақ тәрбиелеп өсіру аға буынның асқақ міндеті болмақ.

Қазір барлық дамыған елдерде жоғары сапалы білім беру жүйесі қалыптасқан. Сондықтан да бізге ең бірінші кезекте ұлттық білім беру жүйесін жақсарту, жаңарту қажет. Ол үшін, 2020 жылға дейін 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды түгелдей мектепке дейінгі білім беру жүйесімен қамтамасыз ету бірінші кезектегі талап болады.

Жалпы орта білім беру аясын жаңадан ашы­лып жатқан Назарбаев интеллектуалды мек­тептер деңгейіне жеткізу, оларды бітіріп шығушыларды қазақша, орысша, ағылшын тілдерінде еркін сөйлеуге үйрету керек. 

Сондай-ақ, алдымыздағы үш жыл ішінде елдегі оқу орындарының жетіспеушілігін жоя отырып, барлық мектептерде 2 ауысымды білім беру жүйесіне көшіру жұмысы толық орындалуы кажет. Осымен қатар алдағы, жақын мерзімдерде еліміздің жастарына мемлекеттік тапсырыс бойынша тех­никалық білім беруді қамтамасыз ету мін­деті тұр. Жалпы жоғарыдағы аталған мәселелерді жүзеге асыру шараларын жасап дайындау Қазақстан Үкіметіне осы жылдың 1 маусымына белгіленді.

Тәуелсіздік- қасиетті сөз, қастерлі де киелі ұғым. Тәуелсіздіктің туын желбіретіп, жықпай ұстау, біздің қолымызда. Тәуелсіздігіміздің қадіріне жетіп, оның көзіміздің қарашығындай қорғау, баршамыздың борышымыз. Ұлттық санамыз саяси өрісіміз сілкініс жасап, өрлеу жолына түскенде біздің кім екенімізді, ата-бабамыздың қандай болғандығын, ұлан байтақ өлкені қалай қорғағанын, бостандықты қалай аңсап, қалай қастерлегенін, кешегі тектілердің ұрпағы екендігімізді ұғынып, келешекке жеткізу парызымыз.

Ғасырдан ғасырға жібек желі болып жалғасып келе жатқан бабалар аманатын орындап жалғастыру біздің еншімізде екеніне мақтанамын.

Мен мәңгі өлмейтін халықтың ұрпағымын.

Мен жолдау туралы қысқаша ғана ой-пікірімді Елбасымыздың төмендегідей ыстық қанатты сөздерімен тәмамдағым келеді. «Қазақстан 2050» – Мәңгілік Елге бастайтын ең абыройлы, ең мәртебелі жол. Осы жолдан айнымайық, сүйікті халқым! Әр бір күніміз мерекелі, әр бір ісіміз берекелі болсын! Дамуымыз жедел, келешегіміз кемел болсын! Жарқын іспен күллі әлемді таң қылып, Жасай берсін Елдігіміз Мәңгілік!»

Алдыға қойған ұлы мақсаттары бар, ертеңіне сеніммен қарайтын, жастары алғыр, жаңалыққа жаны құштар, рухы биік ел ғана мәңгілік ел болып ғасырлар бойы жасайды. Олай болса Елбасы салған сара жолдан таймайық, елдігіміз бен туған тіліміз мәңгілік жасай берсін!

Киялов Асхат Кадержанович

«Мәңгілік Ел» - ұлттық идея ретінде

Қостанай Мемлекеттік Педагогикалық Институты, құқық және экономика негіздерінің 2-ші курс студенті,

сот. 8778-933-50-33



электрондық пошта askhat-kost@mail.ru

Ғылыми жетекшісі: Шаймаганбетова Айгуль Хамитовна, педагогика кафедрасының оқытушы

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет