Мейірімді де Рахымды Аллаһтың есімімен бастаймын .
Күнәлар әсері .
Барша мақтау бүкіл әлемдердің Раббысы Аллаһқа тән . Және Аллаһтың игілігі мен сәлемі Оның елшісі Мухаммедке болсын .
Біз бұл тақырыбымыздың астында күнәлардың жекелеген адам мен қоғамға тигізетін әсерлері жайында айтып өтпекшіміз . Имам Ибн Қайим Әл-Жаузия өзінің бір сөзінде :
-Күнәлардың зиян тигізетіні сөзсіз . Және оның жүрекке тигізетін зияны удың өз дәрежесіне қарай денеге тигізетін зияны сияқты . Бұл дүние немесе ақыретте болсын адамдарға жолығатын жамандық пен ауырулардың көбісінің себебі осы күнәлар емес пе ? Ойланшы Адам ата мен Хауа анамызды жаннаттан шығарған не нәрсе ? Сондай бір ләззаттар мен нығметтердің , қуаныштар мен рахаттардың жайы балған жаннаттан , уайым –қайғы мен қиыншылық , сынақтардың жайы болған бұл дүниеге оларды не нәрсе түсірген еді ?
Ал , Ібілістің Аллаһтың рахметінен алыстатылып , лағнетке ұшырап , оның ішкі –сыртқы дүниесінің қорқынышты да , ұсқынсыз бейнеге айналып аспан иеліктерінен қуылуына не нәрсе себеп болған еді ? Иә , ол Ібілістің жақындықтан алыстыққа , рахметтен лағнетке , сұлулықтан ұсқынсыздыққа ,жаннаттан тозаққа , иманнан күпірлікке , Раббысына балған достығынан дұшпандыққа , ұлықтау , пәктеу сөздерінен өтірік пен қиянатқа , серік қосушылық пен жаман жаққа , сауапты істерден күнәларға өтуіне себеп балған нәрсе ол – күнә .Соның салдарынан ол Аллаһтың шексіз мейірімінен алыстап , қатты азабына душар болды . Және бүкіл кәпірлер мен серік қосушылардың , парасатсыз пасықтар мен күнәһар жасықтардың басшысыша айналды . Аллаһтың әмірлерін атқармай , тиымдарынан тиылмай Оның рахмет назарынан махрұм қалып , қор болудан Аллаһтың өзі қорғасын !
Және кешегі Нұх пайғамбар қауымының ешбір құтқарушы таба алмай ,топан су астында қалып өлім қауышуларына не нәрсе себеп болған еді ?
Ал ,үстерінен жеті түн , сегіз күн тұрған жойқын желден жойылып кеткен Ғад елінің сондай үрейлі азапқа душар болуларының себебі неде ?
Ашты дауыстан кеуделеріндегі жүректері тоқтап өлген Самуд елінің жойылуына не себеп ? Періштелер жоғары аспанға көтеріп , кейін аударып жермен жексен етілген Лут қауымының зардабы неден ? Төбелеріне қорқынышты бұлт шоғырланып , сол бұлттан үстеріне от жауып қырылған Шұғайып қауымының қасіреті неден ? Кеше “Мен құдаймын” –деген Ферғауынды , оның жойқын әскерін теңіз астына шөктірген нәрсе не еді ? Ал , байлығына мастанып , Құдайын ұмытқан Қарунды малымен , жанымен , үй –жайымен жерге жұтылуына себеп болған нәрсе не еді ?Және кітап түсірілген қауым ияһдилердің бастарынан бірнеше азаптарды өткізіп , тіпті кейбір тайпаларының маймылға , шошқаға айналуларының салдары неде ?Иә , Нух пайғамбардан кейін қаншалаған қауымдар өтті ? Олардың қаншасы азаптарға душар болды ? Не себептен ? Әлбетте бәрі күнәнің себебінен !
Сөзсіз әрбір күнәнің ішінде азап бар .Егер кімде –кім сол күнәні жасаса және сол күнәлі істен бас тартып тезірек тәубе жасамаса , онда ол күнәнің қасіретті зардабы оған міндетті түрде айналып соғары сөзсіз .Бірақ өкінішке орай , Құдайын ұмытып жасаған күнәні , Құдай да ұмытады-деп ойлап , алданып жүргендер қаншама ? Ал , ақиқатта Аллаһ еш нәрсені ұмытпайды .Муса пайғамбар ғалайһиссалам қасиетті Құранда Аллаһты былай деп сипаттаған :
“ Менің Раббым жаңылмайды да , ұмытпайды ” (Таһа :52)
Ал , кейбір адамдар білімнің саяздығынан Аллаһтың кеңшілік-мәрхеметі мен кешірім-мейіріміне сүйеніп алып , көптеген парыз етілген әмірлер мен тиым етілген харам істерде бейғамдық жасауда . Яғни олар мойындарына парыз етілген істерді тастап қойып немесе оны атқаруда жалқаулық танытады да , сол өзінің кемшілігіне Аллаһтың кеңшілігін айтып сылтауратады . Болмаса Аллаһ харам еткен істі жасайды да ,“ Е, Аллаһ кешіруші , мейірімді ” – деп , өз айыбын ақтап жатады . Қайталана беруменен кішкене күнәлар үлкен күнәларға айналады . Ал сол күнәлардан қайтпай , қайта-қайта оралып жасай беру Аллаһтың заңына ерегісіп қарсы шығумен тең . Ал , Аллаһтың қылмыскер қауымдар мен Оның шариғатына ерегісіп қарсы шығушы қауымдарға беретін азабы өте қатты . Аллаһтың мейіріміне ғана сүйеніп , күнәлі істерге түскен қауым , сол Аллаһтың азабының қатты екенін де ұмытқан .Жаратқан Аллаһ Өзінің кітабында былай деп айтқан :
Ей, Мухаммед ! “ Құлдарыма хабар бер . Күдіксіз Мен аса жарылқаушы , ерекше мейірімдімін . Және шын мәнінде азабым да өте күйзелтуші „.(49:50)
Мәшһүр хадистанушы имам Муслимнің сахих хадистер жинағында пайғамбарымыз Мухаммедтің ( Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқан сөзі бар: “Дүниеде артықша нығметтер ішінде өмір сүрген , тозақтықтардан болған бір пенде келтіріледі . Содан ол тозаққа бір батырылып алынады . Кейін оған ; “ ей , адам баласы ! Сен бірде –бір жақсылық көрдің бе ? . Саған бірде –бір нығмет кезігіп пе еді ? ”- делінеді . Оған ол ( Аллаһтың атымен ант ішіп ) : “ Жоқ , Уаллаһи ! Ия , Раббым –дейді . ( Яғни , ешбір жақсылық көргенім жоқ , маған ешбір нығмет кезіккен жоқ – дейді .)Және дүниеде ең қатты қиыншылықтарды көрген , жаннаттықтардан болған бір пенде келтіріледі . Ол жаннатқа бір батырылып алынады . Кейін оған : “ Ей , адам баласы ! Сен қандай да бір ауыртпашылық көріп пе едің ? . Сенен қандай да бір қиыншылық өтіп пе еді ? – делінеді . Сонда ол ( Аллаһтың атымен ант етіп ) : “ Жоқ , Уаллаһи , Ия , Раббым ! Менен ешқандай ауыртпашылық өткен жоқ . Мен ешқандай қиындық көргенім жоқ ””-дейді . ( Муслимнен риуаят етілген ) . Аллаһ бір батырылып шығарылғанда бүкіл көрген жақсылықтарды ұмыттырып қоятын тозақтан сақтасын ! Және қойынына бір түсірілгенде бүкіл көрген қиыншылықтарды ұмыттырып қоятын жаннатына жайғастырсын!
Баршамызға мәлім болған нәрсе егер адам күнәлардан тәубе менен тазармаса , онда ол күнәлардың сол пендені ақырет күнінде үлкен апаттар мен азаптарға жолықтыратыны . Сонымен қатар күнәлардың бұл дүниеде де адамға тигізетін өкінішті әсерлері бар . Сол әсерлердің ішіндегі ең ауыры иманға тигізетін әсері . Иманға Әһлі Суннаның танымы бойынша былайша түсіндірме берілген : Иман – дегеніміз оны тілмен айту , жүрекпен растау және бұйырылған амалдарды орындау . Және ол иман тағат-ғибадаттармен артып , ал күнәлардан кемиді . Міне бұдан көріп отырғанымыздай , күнәлардың мұсылманның екі дүниеде бақытты болуына себепкер болатын иманға зарарын тигізетіні. Расында Аллаһқа және ақырет күніне шынайы сенген мұсылман кеңшілікте де , таршылықта да өзін бақытты сезінеді . Оның жүрегі тыныштыққа толы болады . Ол әркез Аллаһтың берген рызық-несібесіне қанағатшыл , тағдырына риза , нығметтерге шүкір қылушы , сынақтарға сабыр қылушы пенде . Бұл турасында пайғамбарымыз ( Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын ) былай деп айтқан : “ Исламды қабылдаған және жеткілікті дәрежеде рызықтандырылған , әрі Аллаһ оны Өзінің оған бергенімен қанағаттандырып қойған пенде шынынды табысқа жетті ”.( Ибн Әмірден Муслим риуаят еткен ).
Пайғамбарымыз ( Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын )және бір сөзінде :“ Иман егесінің ісі ғажап . Расында оның бүкіл ісі өзі үшін қайырлы. Және бұл нәрсе тек иман келтірген кісі үшін ғана . Егер оған бір қуанышты нәрсе жетсе шүкірлік қылады . Онысы оған қайырлы болады . Ал , егер оған бір қиыншылық жетсе сабырлық танытады . Сөйтіп онысы да оған қайырлы болады„-деп айтқан . ( Имам Муслим және имам Ахмад Суһейбтен риуаят еткен . )
Бірде мәшһүр Ибраһим ибн Адһам өзінің серіктерімен бірге бір судың қасында , кепкен нан жеп отырып былай деп айтқан екен :
Егер патшалар мен олардың балалары біздің иман нығметінің арқасында қандай бақытты күйде екенімізді сезсе , онда олар оған жету үшін бізге қылышпен күрес ашар еді .
Ибн Таймия өзінің бір сөзінде :
-Бұл дүниеде бір жаннат бар . Кім ол жаннатқа кірмеген болса , онда ақыреттегі жаннатқа да кіре алмайды –деген . Яғни , бұл дүниедегі жаннат – иман , ислам жаннаты .Иманның шынайы дәмін сезінген адамның жаннаты .
Ал , екінші бір ғалым :
-
Аллаһтың әуел бастан маған бекітіп қойған рызық-несібесін ешкімнің алып қоя алмайтынын білгенімде , жаным тыныштық тапты –деген .
Пайғамбарымыз ( Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын ) өзінің шарапатты хадистерінің бірінде :
- Расынды Аллаһ дүниені сүйген пендесіне де , сүймеген пендесіне де береді . Ал , иманды тек сүйген пендесіне ғана береді –деген . ( Бұл хадис имам Бухаридің « Тарих » атты кітабында келген . Тирмизи мен Бағауилер де риуаят еткен . Және имам Заһаби сахих хадистер қатарына қосқан .)
Міне осы Пайғамбарымыздың ( Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын ) иман тұрғысында айтып өткен бірер хадистері мен ғұламалардың сөзінен нәрленгеннен кейін , өзіміздің негізгі тақырыбызға қайта оралайық . Расында харам етілген бұл күнәлардың адамның жүрегіне , тәніне , осы дүниесі мен ақыретіне тигізетін жаман әсерлері мен қатты қасірет пен өртеуші өкініш әкелетін зиянкестіктері бар .Сол жаман әсерлердің кейбіріне жеке-жеке тоқталып өтеміз .
1.Күнәнің келтіретін зардаптарының бірі ; адамға халал мен харамды , жақсы мен жаманды ажыратуына көмектесетін , әрі дүниедегі басқа түскен сынақтардан сүрінбей өтіп , ақыреттегі Аллаһ уәде еткен жаннат жақсылықтарына жетуіне мүмкіндік беретін пайдалы ілімге жетуінен тосып қояды . Ілім –ол Аллаһтың жүрекке орнықтыратын нұры .Ал, күнә болса сол нұрдың өшуіне себеп .Бірде имам Шафиғи ұстазы имам Мәлікке кітап оқып беріп отырады . Имам Мәлік оның даналығы мен түсінігінің тереңдігіне таң қалып , оған :
- Сенің жүрегіңе Аллаһ нұр орнатқан екен . Сен сол нұрды күнәлардың кесірімен кетіріп алма –дейді . Расында сол имам Шафиғидің жаттау қабілеті өте күшті болған . Ол кісі кітабын ашып көзін салса болды , ондағы аяттарды немесе хадистерді көңіліне түйіп , санасында сақтап , жүрегінде жаттап қояды екен . Сол үшін ол кісі жаттау кезінде екі беттегіні араластырып алмау үшін , кітаптың бір бетін жауып отыратын болған .Бірде ол сол жаттау қабілетінің аздап әлсірегенін сезеді . Ол нәрсеге уайымдаған ол , Уакиғ деген ұстазына барып бұл іс жайында кеңес сұрайды . Ұстазынан оның себебін білген ол , сол ұстазының өсиетін өлең жолдарына түсіріп , былай деген екен :
Шағым еттім ұстазыма ардақтаулы ,
Жаттауымда пайда болған шабандықты .
Кеңес етті күнәлардан алшақтауды ,
«Жуытпа» –деп маңайыңа жамандықты .
« Тыңда»-деді , сөзіме көңіл бұрып ,
Сөз суырып білімнің тереңінен :
- Ілім – ол нұр . Ал , Аллаһтың ондай нұры ,
Орнамайды күнәһардың жүрегіне .
Расында , Исламның бірінші бұйыратыны - ілім.Және ол ілім таза жүректерге қонады . Әрі ілім болмаса ақыл азады . Ал , ақылсыз пенде дін қадірін түсінбейді . Ал , дін қадірін түсінбеген адам діндемін десе де дінсіз ¸.Ал , дінсіз адам - жаннаттан махрұм адам .
2.Күнәнің екінші зардабы адамның рызқысын кемітеді . “ Муснад „ атты кітапта : “Расында құл жасаған күнәменен рызық-несібеден махрұм етіледі „ – деген хадис бар . ( Имам Ахмад , ибн Мажалардан риуаят етілген . )
Сол сияқты тақуалық рызық несібенің кеңейуіне бір себеп . Ал тақуалықты тастау пақырлыққа бастайтын жол . Расында күнәларды тастау менен адамның рызық-несібесіне береке енеді . Құдіретті Аллаһ Құранда :
“ Кім Аллаһтан қорықса , (Аллаһ ) оған бір шығар жол пайда қылады . Және оны ойламаған жерден рызықтандырады „ –деген . ( Талақ : 2,3 ) .
3. Күнә әсерінен болатын үшінші зардап ; күнә жасаушы пенде өзінің жүрегінде Аллаһтан алшақтап бара жатқандықты сезінеді . Ақырында сол алшақтық оны оқылған Құран мен айтылған азаннан ләззат алуынан , естіген уағыз насихаттарынан әсерленуінен махрұм етеді .
4. Күнәнің тигізетін төртінші зардабы ; Күнәһар пенде Аллаһтың сүйген салихалы пенделерінен алыстай бастайды . Осы күнәлар себебінен болған алшақтық күшейген сайын , ізгілерден алыстауы да күшейе береді . Олармен бас қосып отырудан жүрегі шаршап тұратын болады . Олардан алыс жүрудің әрекетін іздестіре бастайды . Олармен бірге отырмау үшін , олармен бірге болмау үшін түрлі себептер мен істерді сылтауратуды шығарады. Тіпті Аллаһтың Өзі оның күнәлары себепті ондай пайдалы отырыстарда болуына тапиқ бермеуі мүмкін . Соның салдарынан сондай салихалы отырыстардың берекетіне жетуге лайықсыз болып , одан алар пайдалардан алыстап қалып жатады . Ол Аллаһтын есімін жиі еске алатын ізгі кісілердің тобынан алыстаған сайын , шайтанның тобынан болған күнәһар қылмыскерлерге жақындай беретін болады .
5. Күнәнің бесінші келтіретін зияны істері қиындай бастайды . Бір істі бітірейін деп қолына алса , сол істі ақырына жеткізе алмай кедергілерге тап болады . Ал , кім Аллаһтан қорықса , Оның тиым еткен істерінен тиылып , парыз еткен істерін атқаруда ықтиятты болса , онда Аллаһ оның істерінің шешілуін оңай етіп қояды . Аллаһ Құранда былай деген :
“ Кім Аллаһтан қорықса , оның ісіне оңайлық жасайды „.( Талақ:2,4 )
Сәләф ғалымдарының бірі :
-Мен егер бір күнә жасап қойсам , сол күнәмнің әсерін әйелім мен мінетін көлігімнін мінез-құлқынан кездестіремін –деген .
Ия , адам күнәсі себепті жанұясындағы жақсы да ,жайдарлы қарым-қатынастардан ажырап , мінетін көлігінде де, істейтін тірлігінде де көптеген сәтсіздіктерге жолыға беретін болады .Ал , ол нәрсе оның жүйкесін жұқартып , құлшыныстарын азайтып қояды .
6. Күнәнің тағы бір зияны жүрекке қаранғылық орнатады .Күнәнің артуыменен ол қаранғылық та арта береді . Нәтижесінде сол қаранғылық бетке шабады . Сөйтіп түсінің игі көрінісін кетіреді . Көз жанарының нұры солады . Жақсы мен жаманды , халал мен харамды ажыратудан қалады . Расында тағат-ғибадат ол - нұр . Ал, күнә - қаранғылық , түнек . Пайғамбарымыздың ( Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларының бірі Абдуллаһ ибн Аббас ( Аллаһ одан разы болсын ) былай деген :
Әрбір жақсылық іс адамның жүзіне жарқындық , жүрегіне нұр орнатады . Әрі оның рызқысын кеңейтіп , денесінің қуатын арттырады . Және елдің жүрегінде махаббат орнатады . Ал, күнәлі іс адамның жүзін түңертеді . Кеудедегі жүрек пен ертең түсетін қабірге қаранғылық орнатады . Дененің қуатын әлсіретіп , рызқыны кемітеді . Әрі елдің жүрегіне жеккөрушілікті орнатады .
7. Күнәнің жетінші зардабы ; жүрек пен денені әлсіретеді . Жүректегі әлсіреу белгілі нәрсе . Күнәлардан әлсірей бере жүрек ақырында өз тіршілігін тоқтатады . Сол сияқты күнә әсерінен дене де әлсірейді . Расында мұсылман адам денесіне қуатты жүрегінен алады . Мұсылманның жүрегі иманмен қуаттанған сайын , денесінің қуаты да арта түседі . Ал , күнәһар адам болса денесі қанша қуатты болса да , нағыз қысылтаяң шақтарда ең әлсіз адам сол . Оның бойқуаты өзіне ең керекті шақтарында қапы қалдырып , қиянатқа ұшыратады .Расында , тарихтың ақиқатты айтып тұрған ақ парақтарына назар салып , ой көзіңді жүгіртіп көрші ! Кеше дүниені дүркіретіп тұрмыз деген Парсы империяларының , Рим империяларының дене қуаттары мен әскери дайындықтары қандай еді ? Бірақ сол дене қуаттары аздаған ғана мұсылмандармен болған бетпе-бет соғыста оларды қапы қалдырған жоқ па еді ? Мұсылмандар ол майданда аз болса да , жүрек қуаттарымен , сол жүрек қуатымен қайраттанған дене қуаттарымен олардан үстем болған жоқ па еді ?
Бірақ қазіргі уақытта біздер мұсылманның әлсіздігін жиі көреміз . Оның басты себебі олардың діни ұстанымдарының Құран мен сүннеттің көрсеткен ұстанымдарынан алшақтауында . Егер олар Аллаһтың кітабы мен Оның пайғамбарының ( Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын)сүннетіне қайта оралса , онда оларға келер жеңіс те , табыс та , жақсылық та қайта оралатыны сөзсіз .
8. Күнәнің келтіретін сегізінші зардабы ; адамды тағат ғибадаттардан махрұм етеді. Күнә артқан сайын оның қарсысындағы тағат-ғибадаттар кеми береді . Пенде намаз оқығандағы , Құран оқығандағы ләззаттарынан ажырайды . Иманның тәттілігін жоғалта бастайды .Намазда Раббысынан болған қорқыныштарды жоғалтады . Жүрегі қатайып , көзінен жас тамбайтын болады . Ал, адам күнәдан алыстаса бұл нәрселер керісінше болады . Кім тағат-ғибадатқа беріліп , харам істерден тиыла бастаса , Аллаһ оны тәрк еткен нәрсесінен де артықша нәрсеге жолықтырып , оны иман ләззаттарымен , ғибадат ләззаттарымен бақытты етіп қояды . Пайғамбарымыздан( Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) келген мынандай бір хадис бар Ол хадисте :
- Назар Ібілістің жай оқтарынан болған бір оқ . Кім Аллаһтан қорқып сол назарды тастаса , Аллаһ оның орнына жүрегінде тәттілігін тапқан иманды береді , - делінген .
Ия , кім көзін , назарын харам нәрсеге салса , онда ол Ібілістің уланған оғыменен жарақаттанып , бақытсыздыққа ұшырайды . Ал, кім көзін , назарын харам нәрседен тиса , Аллаһ оны иманмен қуаттап , туралыққа жетектейді . Әрі ол пенде иманның ләззатын тауып , жүрегі бақытқа кеңеледі .
9. Күнәнің тоғызыншы кесапаты ; өмірді қысқартып , оның берекетін кетіреді . Адамның өмірі оның тірі болғандығымен өлшенеді . Бірақ адамды тірі деп айта алмаймыз , егер ол өзінің өмірін Аллаһқа деген махаббат , Аллаһтан болған қорқыныш , Аллаһтан болған үмітпенен , Оның разылығы үшін ғана жасалған тағат-ғибадаттарменен зейнеттемесе . Пайғамбарымыздың( Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) шарапатты хадистерінің бірінде :
- Раббысын еске алушы пенде мен Оны еске алмайтын пенденің мысалы , тірі мен өлінің мысалындай , - делінген .( Бухари риуаят еткен ).
Яғни , кім Раббысын жүрегімен , тілімен , дене , мал ғибадаттарымен жиі еске алып жүретін болса , онда ол тірі адам . Ал , Раббысын ұмытқан адам өлген адаммен тең . Расында күнәлар адам өмірінің берекетін алып қояды . Мысалға ілгергі өткен ғұламалардың өміріне назар салсаң бұл нәрсені анық байқайсың .Олардың күнәдан сақтанғандықтары үшін Аллаһ олардың өміріне , уақыттарына , істеген амалдарына , сөйлеген сөздеріне , жазған кітаптарына , Аллаһтың разылығы үшін жасаған барша әрекеттеріне берекет беріп қойған .Олардың заманында қазіргідей алысты жақын ететін , қаранғыны жерді жарық ететін , көп жұмысты аз ететін техникалық жетістіктер болған жоқ . Олар бір аят пен бір хадисті үйрену үшін айлап сапар шегетін болған . Олар күннің жарығымен білім жинап , айдың жарығымен кітап жазатын . Қазіргідей қаптап жатқан қағаз , қалам да жоқ . Бір парақтың бетіне бір нәрсені жазу үшін , қаламын бірнеше рет сияға батырып отыратын . Сөйте тұрып олар әлі күнге дейін құнын жоғалтпаған , талай адамдардың көзін ашып , көкірегін оятқан том-том кітаптарды жазып қалдырған . Ал осы уақыттарда ол кітапты жазу емес , оқып бітіруге уақытымыз жеткіліксіз болып жатады . Ия , күнәлардың көбейуінің себебінен , техника қанша жетістікке жетсе де , көп адамдар өз істеген істерінің де , уақыттарының да берекетін таба алмай жүр .
10.Күнәнің оныншы кесапаты ; жасаған күнә өзімен бірге келесі күнәны ілестіріп ала жүреді . Бір күнә бірнеше күнәнің туындауына себепкер болуы мүмкін .Саңылау тапқан судың ақырында сарқырап төгілетіні сияқты , күнә да бір пенде біреуін халал етсе қалғандары соңынан қаптап келе қалады . Ақырында күнә егесі ол күнәлардан құтылудың жолы мен , ажыраудың қамын таба алмай қалады . Ілгергі салаф ғалымдары : - Күнәнің жазасы соңынан келетін тағы бір күнә , ал жақсылықтың сыйы соңынан келетін тағы бір жақсылық , -деп қорытқан .
Яғни , жамандық өз соңынан жамандықтарды ілестіріп , пенденің бақытсыздығын тездетеді . Сол сияқты жақсылық та өз соңынан жақсылықтарды ілестіріп , егесін ізгілікке жетектейді .Сол үшін пенде бір күнәлі іс жасап қойса , оның зардабына ұрынбау үшін тезірек тәубеге асығуы керек . Және сол тәубесінен кейін ол күнәға қайта оралмау қажет . Расында шынайы тәубе күнәларды кетіреді .
11. Күнәнің келтіретін он бірінші қасіреті ; кеудедегі жүректі ізгі қалауынан қайтарады . Жүректің тақуалыққа деген , тәубеге деген қалауларынан тосады . Олардың орнына күнәға деген қалаулар патшалық құра бастайды . Жүректе сол күнәлардың патшалығы күшейе келе , одан тәубеге деген қалауды ысырады . Ал, тәубеден ажыраған пендені күнәлар тікелей тозаққа тарта жөнеледі .
12. Күнәнің он екінші қасіреті ; күнә күшейе келе адамның жүрегінен сол күнәға деген жеккөрушілікті жояды . Соның салдарынан ол адам үшін харам деген түсінігін жойып , әдеттегі істердің қатарынан болып қалады . Пенденің ол күнәні жасаудан жаны ешбір түршікпейтін болады . Тіпті елдің көзінен де , сөзінен де ұялуды қояды . Ақырында күнәнің құлына айналғандар үшін күнә көңіл көтерудің құралы мен жалған ләззат табудың жолына айналады . Керек десең сол жасаған күнәларымен мақтанудан да жандары рахаттанғандай болып жатады . Сол күнәсін білмейтіндерге білдіруді дәреже тұтатын болады . Осы нәрсе оларды тәубе жолынан тосады . Жасаған күнәларын өзгелерге жариялауға жаны құмар болғандар туралы пайғамбарымыз былай деп айтқан :
- "Жариялаушылардан басқа барша үмбетім кешірімге бөленеді . Расында жариалау – дегеніміз , бір кісі түнде бір ( күнәлі ) істі жасайды , кейін таң атырады . Аллаһ оның ол күнәсін жасырып қойған еді . Ал оның болса "ей пәленше мен өткен кеште анандай істі жасадым , мынандай істі жасадым " – деп айтуы . Ол күнәсін Раббысы перделеген күйде түнді өткізген еді . Таңды атырады да , Аллаһтың оған жапқан пердесін ашып тастайды". ( Бухари , Муслим риуаяттарында келген ).
Салаф ғалымдарынан бірі :
Күнәнің кіші, не үлкендігіне қарама , сол күнәні кімге жасап жатқаныңа қара , - деген .
Ия , күнә жасаушы адам Раббысының алдында күнәһар болады . Және мәселе ол пенденің кіші , үлкен күнә жасағанында емес , мәселе сол күнәнің салдарынан Раббысының рахмет назарынан алыстап қалатынында . Ал , кім Аллаһтың рахмет назарынан тыс қалса , кім оны жұбатып , жақсылыққа кеңелтіп , екі дүниеде бақытты ете алар екен ? Оған ешкімнің де , ешбір нәрсенің де шамасы келмейді ! Ондай нәрседен Аллаһтың Өзі сақтасын !
13. Күнәлардан келер он үшінші зардап ; пенде Раббысының назарынан тыс қалып , ақыретте қорлыққа тап болады . Ол тұрғысында Хасан Басри былай –деп айтқан :
- Олар Аллаһтың алдында құрметсіздікке ұшырады . Сол үшін оған күнә жасауда . Егер олар Аллаһтың алдында құрметке ие болса еді , Аллаһ оларды ол күнәлардан қорғап қояр еді .Егер пенде Аллаһтың алдында қор болса , оны ешкім құрметтемейді . Құранда Аллаһ ол жайында былай деген :
«Және кімді Аллаһ қор етсе,сонда оны ешбір құрметтеуші болмайды ».
(Хаж :18).
Егер сен бір адамдардың күнәһар біреуді үлықтап , құрметтеп жатқанын көрсең , онда біл ; олар оны оған деген мұқтаждықтары үшін құрметтейді . Немесе оның келтіретін жамандықтарынан қорыққандары үшін құрметтейді .Бірақ расында , ол пенде олардың жүрегінде ең қор да , құрметсіз адам .
14. Күнәнің он төртінші зияны ; пенде ол күнәні жасай бере менсінбей кіші көріп қалады . Бұл оның жойылуға жақындағанының нышаны . Себебі күнә пенденің көзінде кішірейген сайын, Аллаһтың қасында үлкейе береді . Пайғамбарымыз( Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) :
- Сендерге еленбейтін кіші күнәлардан сақ болу қажет. Расында еленбейтін кіші күнәлардың мысалы бір сайдың бауырына түскен қауымның мысалы сияқты . Олардың бірі қолына бір шыбық ұстап келеді , тағы бірісі бір шыбық ұстап келеді . Нәтижесінде нандарын пісіріп алуға жеткен нәрсені ( отынды ) жинап әкеледі .Егер кім күнәларды елемей бастаса , онда сол елемеушілік оны күйреуге ұшыратады ,-деп айтқан .
Құрметті сахабалардың бірі Абдуллаһ ибн Масғуд былай дейді :
-Расында мұсылман адам күнәларын үстінен құлайын деп тұрған таудай көріп қорқады . Ал , бұзақы адам болса күнәларын, қақса болды ұша кететін , мұрынның үстіндегі шыбындай көреді . ( Бухари , Муслим ,Тирмизилер риуаят еткен ).
15.Күнәлардың он бесінші зардабы ; сол күнәһардың күнәсінің кесірі өзге адамдар мен хайуандарға да тиеді . Белгілі тәпсірші ғалым Мужаһид былай деген :
- Егер жерге тамшы тамбай қуаншылық орнаса , онда жан –жануарлар адамдардың күнәһарларына лағнет айта бастайды . Бұл жұт адам баласының күнәсінің кесапатынан , - дейді олар . Және Ғиқрима айтады :
- Жердегі барша тіршілік етуші жануарлар мен жәндіктер , құрт-қоңыздар мен өрмекші-шаяндар ; « адам баласының күнәсі үшін жаңбырсыз , сусыз қалдық »- дейді . Сөйтіп күнәһкар пенде өз күнәсінің зардабы жетпегендей , ешбір күнәлары болмаған махлұқтардың да лағнет-қарғысын арқалап алады . Ал , Аллаһтың разылығы үшін амал жасаушы ғалымның жағдайы керісінше болады . Ол үшін аспан-жердегі нәрселер Аллаһтан жарылқау -кешірім өтінеді . Тіпті судағы балыққа дейін . Ал , күнәһар пенде маңайындағы адамдар мен жан –жануарларға да кесірін тигізіп , олардың қарғыстарына ұшырап жатады . Сондықтан пайғамбарымыз ( Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Аллаһтың азабына ұшырап толығымен қырғынға тап болған Самуд елінің жайынан өткенде , сахабаларына ол жерден жыламай өтуден тиым салды . Олардың құдықтарынан су алуға , су ішуге тиым етті . Тіпті сол жердін суымен иленіп қойған қамырды пайдаланбай , түйелерге тастауды бұйырды .
16.Он алтыншыдан күнә адамды қорлыққа , құрметсіздікке душар етеді . Өйткені ізет пен мәртебе тек Аллаһқа мойынсынудан ғана табылады . Аллаһ Құранда :
« Кім ізет-құрметті қаласа , расында бүкіл ізет-құрмет Аллаһқа тән » - деп айтылған .( Фатир:10)
Яғни , ізет-құрметті Аллаһқа мойынсынудан іздеу керек . Себебі адам ізет-құрметті тек Рабббысына тағат-ғибадаттар арқылы мойынсынумен ғана таба алады . Және ілгергі өткен мұсылмандардың кейбірінің дұғасы : « Иә , Аллаһ Өзіңе деген тағат-құлшылығым арқылы мені ізет-құрметті ет ! Және күнә себепті қор ете көрме ! », - деген тілек болатын .
17. Күнәнің тағы бір зардабы ақылды бұзады . Адамға берілген ақыл нұр сияқты . Ал , күнә сол нұрды өшіреді . Содан ақыл әлсіреп , тұмшаланады . Ақыл кеткен адам ақ-қараны , халал-харамды ажыратпайды . Расында адамның ақылы азбай әрдайым өзімен бірге болатын болса , онда егесін күнәдан тосып тұрар еді .Сау ақыл әрдайым Аллаһты ойлатады . Оған оның атқарған ісінің , жасаған әрекетінің , сөйлеген сөзінің , ойлаған ойының ешбір сәт Аллаһтың назарынан тыс қалмайтынын , әрі сол нәрселер үшін ертең есеп күнінде сөзсіз жауап беретінін есіне салып отырады .Және де сау ақыл өз егесін уақытша дүниеде болмайтын бір күнәлардың соңынан түсіп , соның салдарынан дүние-ақырет қайыр-жақсылықтарынан ажырап , ертең зор өкініштер мен , қасіретті қайғыруларға түсуіне мақұл болар ма еді ? Әлбетте жоқ !.Бірақ біздер ақылдымын деген бәз біреулердің дүние істерін ақырет істерінен артық қойып , ертең Раббысының алдында есеп беретін күнін ұмытып, харам істерге түсіп жүргенін көрсек , онда бұл нәрсе оның істеген күнәларының зұлыматы ақылының нұрын тұмшалағанының белгісі .Өйткені , ақылды адам тас пен алтынның парқы мен құнын білгені сияқты , ертен біз одан сөзсіз өтетін уақытша тұрақ болған бұл дүние мен Аллаһтың қасындағы жаннат атты мәңгілік тұрақтың да парқы мен абзалдығын оңай ажырата алады . Әрі сөзсіз жаманнан жақсылыққа қарай, алдамшыдан ақиқатқа қарай адымдайды . Пайғамбарымыздың осыған байланысты мынандай хадисі бар :
- Ақылды адам - өзін есепке алып , өлімнен кейінгі болатын ақырет күніне амал жасаған адам .
18. Күнәдан болған он сегізінші қатер ; пенденің жүрегі мөрленеді де , егесі қаперсіздердің қатарынан болады . Ол жайында Пайғамбарымыз былай деп айтқан :
- Расында мұсылман пенде күнә жасаса жүрегінде қара тат пайда болады . Ал , егер тәубе етсе , тастаса және кешірім өтінсе жүрегі тазаланып жарқырайды . Егер ( күнә ) артса ,ол татта арта береді .Кейін ол кісі ; Аллаһ Құранда : « Жоқ , бәлкім олардың жүректерін істеген қылықтарының таты басты »-деп айтып өткен таты да осы тат, деп жоғарыдағы аятты оқыды . ( Бұл аят Мутаффифин сүресінің 14-ші аяты ). Бұл хадисті Ибн Мажа өзінің кітабында риуаят еткен .
Негізінен жүрек күнәлардың әсерінен тат басады . Егер күнә арта берсе , ол тат та күшейіп , ақырында жүрек қарайып , бекітіліп қалады . Егер пенденің жүрегі бұл күйге тура жолды тауып , ақиқатқа көзі жеткеннен кейін ұшыраса , онда ол жүрек тас болып , асты үстіне қарап төнкеріліп қалады . Ал , ауызы астына қарап төңкеріліп қалған ыдысқа құйған нәрсе сыртқа төгілетіні сияқты , ол кейіпке түскен адамның жүрегі де ешбір жақсылықтарды қабылдай алмай қалады . Содан оған шайтан серік болып , оны қалаған жағына жетектеп жүре беретін болады . Әрі ол пенде жақсылықты жақсылық деп , жамандықты жауыздық деп , ақиқатты ақиқат деп ажырата алмайтын болады .
1.Мутаффифин :141
19.Күнәнің он тоғызыншы зардабы , Аллаһтың елшісінің ( Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) лағнетіне кіріптар етеді . Себебі пайғамбарымыз кейбір күнәларға лағнет айтқан . Мысалға жер белгілерін өзгертушілерге лағнет айтқан . Бұл хабар имам Бухаридің риуаят еткен хадисінде келеді . Лұт пайғамбардың қауымының жасаған күнәсін қайталағандарды лағнет еткен . Бұл дерек имам Муслимнің риуаят еткен хадисінде келеді . Ол Лұт қауымының адамдары еркектері еркектерге , әйелдері әйелдерге жыныстық жақындық жасайтын . Және әйелдің киімін киген еркекті , еркектің киімін киген әйелді лағнет еткен . Ол жайында хадисте : « Әйелдің киімін киетін еркекті және еркектің киімін киетін әйелді Аллаһ лағнет етсін !»- 2делінген .( Аби Һурайрадан Абу Дауд , Әл-Хакимдер риуаят еткен ).Пара беруші мен пара алушыны да лағнет еткен . Бұл нәрсе Тирмизи , Ибн Мажа , Абу Даудтердің риуаят еткен хадистерінде келген . Беттеріне таңба , белгі , ен салушыларды және салдырушыларды да лағнет еткен . Бұл хабарды жеткізетін хадисті Бухари , Муслим Ибн Масғуд атты сахабадан риуаят етеді . Өсім жеушіні , жегізушіні және соған куәгер болушыны , сол нәрсені жазушыны лағнет еткен . Бұл мағынадағы хадисті де Ахмад , Абу Дауд , Тирмизи , Ибн Мажалар Ибн Масғуд атты сахабадан риуаят еткен . Арақ ішушіні , құйушыны , сығып жасаушыны , тасушыны , тасытушыны , одан түскен пайданы жеушіні лағнет еткен .Бұл түрдегі хадисті Абу Дауд , Әл-Хакимдер Ибн Ғумардан риа уят еткен .
Бұдан да басқа күнә түрлерін лағнет еткен . Ал бұл аталғандардан да үлкен күнәға түсушілер әлбетте лағнетке лайықтырақ болады . Бұл аталған күнәларды өзі істемеген адам , өзге істеушілерге риза болса, онда ол да Аллаһ , Оның елшісінің , періштелерінің лағнетіне ұшыраушыларға қосылғандардан болады . Жәй адамның лағнетінің өзі жақсы емес . Ал , пайғамбардың лағнет еткені одан да ауыр , әрі қабыл болуы тез . Ал ақылы бар адамдар үшін бұл лағнетке ұшырататын күнәларды тастау үшін осы хабарлар да жеткілікті болар еді
20. Күнәдан келер жиырмасыншы зардаб ; Аллаһтың елшісінің (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын ) , Оның періштелерінің ізгі дұға -тілектерінен махрұм қалдырады.Аллаһ Құранда былай деген :
« Сондай ғаршыны көтерген және оның маңындағы періштелер , Раббыларын мақтаумен дәріптейді , Оған сенеді . Сондай-ақ иман келтіргендер үшін : « Раббымыз ! Мархаметің , білімің әр нәрсені сидырып , ішіне алған . Сондықтан тәубе етіп , жолыңа түскендерді жарылқа ! » ,- ( деп тілейді ) . « Раббымыз ! Оларды әрі аталарынан , жұбайларынан және ұрпақтарынан кім түзу болса , оларды Өзің уәде еткен Ғадын жаннаттарына кіргізе көр ! . Күдіксіз Сен Өзің тым үстем , аса данасың ...» . « Оларды жамандықтардан қорға. Ол күні кімді жамандықтан қорғасаң , сөз жоқ , оны мархаматыңа бөлеген боласың .Міне сол , зор қолы жеткендік , ».( Ғафир :7-9 ) . Аллаһ және айтқан :
( Ия, Мухаммед ) «Енді біл ! Шын мәнінде Аллаһтан басқа ешбір тәңір жоқ . Өзіңнің , әрі иман келтірген ер , әйелдердің күнәларының жарылқануын тіле ! Аллаһ айналған , әрі тұрақтаған жерлеріңді біледі » . ( Мухаммад :19).
21. Күнәдан келер тағы бір кесір ;Жүректің тіршілік көзі болған , әрі мұсылманның мінез – құлқының шыңы болған ұятты жояды . Осы ұяттың арқасында қоғам өз қарым-қатынасын дұрыстайды . Және ұят-бүкіл хайыр-жақсылықтың бастауы. Оның кетуі сол бүкіл жақсылықтың кетуімен тең . Пайғамбарымыз (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын ) ұят жайында былай деп айтқан сөздері бар :
- Ұят-баршасы жақсылық .( Бухари , Муслим).
- Егер ұялмасаң қалағаныңды жаса .(Бухари).
- Ұят иманнан . ( Муслим , Тирмизи ).
- Негізінде барша діннің мінез-құлқы бар , ал , расында Ислам дінінің мінез-құлқы – ұят .( Ибн Мажа ).
- Ұят тек жақсылықты әкеледі . ( ).
22. Сонымен қатар күнә жүректегі Аллаһқа болған ұлықтау мен құрметті кетіреді . Әлбетті егер пенденің жүрегінде Аллаһқа деген ұлықтау , тағзым-құрмет болса еді , онда күәға ешбір кіріспес еді . Ол күнәһар пенде Аллаһтың Құран, намаз сияқты құлшылық рәсімдерін құрметтемейтін болады . Аллаһтың шариғатында бекітілген бұндай рәсімдерді құрметтеу – тақуалықтан .Ал тақуалық дүние –ақыреттегі жақсылықтардың бастауы . Аллаһ Құранда :
« Міне осы . Кім Аллаһтың діни рәсімдерін ұлықтаса ; күдіксіз ол жүректің тақуалығынан » - деп айтқан . ( Хаж :32 ) .
Және бір аятта Аллаһ Тағала :
« Олар Аллаһты Оған тән қадірінде қадірлемеді...»- деп айтқан .( Зумар :67 ).
Иә , Аллаһтың иелігінде жүріп Оған күнәһар болу – Аллаһ туралы танымдағы төмендік. Оның барлық нәрсеге толық құдіретті екендігінен , барлық нәрседен толық хабардар екендігінен , зәредей күнә істесе де , зәредей жақсылық жасаса да Оның назарынан тыс қалмайтындығынан қаперсіздік .Аллаһ қаперсіз болып , қасіретке жолығудан сақтасын !.
23. Күнәнің әкелетін тағы бір қасіреті ; Аллаһты ұмытқан күнаһарды Аллаһ та ұмытады . Яғни, оны қолдау , қорғауынсыз қалдырып , нәпсі мен шайтанның жетегіне тастайды . Расында олар – пасықтар . Құран аяттарының бірінде бұл жайында былай делінген :
« Мунафиқ ерлер мен мунафиқ әйелдер бірі – бірінен . Олар жамандыққа бұйырып , ізгіліктен тосады . Сондай-ақ олар қолдарын жұмады ( яғни , сарандық қылады ).Олар Аллаһты ұмытты . Сондықтан Аллаһ оларды ұмытты . Расында мунафиқтер – олар пасықтар ». ( Тәубе : 67 ).
Және құдіреті күшті Аллаһ Тағала иман келтіргендерге былай деп бұйырған :
« Әй , иман келтірегендер ! Аллаһтан қорқыңдар . Әркім ертең үшін не жібергеніне қарасын .Және Аллаһтан қорқыңдар . Шәксіз Аллаһ не істегендеріңді толық біледі . Және сондай Аллаһты ұмытқан , Аллаһ оларға өздерін ұмыттырған пенделер тәрізді болмаңдар . Міне солар пасықтар ». ( Хашр : 18 ,19 ).
Иә , Күнәһар пенде Аллаһты ұмытады , өзін ұмытады . Ертең сол күнәнің қасіреттерге шөктіріп , орны толмас өкініштермен өртейтінін ұмытады .
24. Күнәлар нығметтерді кетіреді . Осыған байланысты Құранда мынандай аят бар :
« Аллаһ сендерге тыныш та , жайбарақат болған бір кентті мысал етті.Оған оның рызқысы әр тараптан мол болып келуші еді . Кейін Аллаһтың нығметтеріне күпірлік келтірді . Сондықтан Аллаһ оларға істегендеріне қарай ашаршылық және қауіп-қатердің ауыртпашылығын таттырды ».( Нахл:112).
Ия, бұл аяттан көріп тұрғанымыздай , Аллаһ пенделерге бейбітшілік пен кеңшілікте , рахат пен молшылықта өмір сүрген бір қала тұрғындарын мысал етеді . Кейін Аллаһ сол тұрғындардың хәлін молшылықтан ашаршылыққа , тыныштықтан қауіп-қатерге ауыстырды . Кеше рахат күйде өмір кешкен олардың ондай бақытсыздыққа душар болуының себебі неде еді ? Себебі олар Аллаһтың нығметтерін жоққа шығарып , шүкірліктен күпірлікке өтіп , күнәларға батқан еді .Күпірлік дегеніміз – Аллаһтың берген нығметтеріне тілмен шүкірліктер айтпау ,әрі ол нығметтерді Аллаһтың бергенін мойындамай, өзімнің білімдарлығыммен, маңдай теріммен таптым –деп даңдайсу және сол нығметтер үшін намаз оқып , зекет беріп , тағы да басқа амалдарды жасап шүкілік етпеу. Ал , егер бір кент тұрғындары бірін-бірі халалға бұйырып , харамнан қайырып , имандарын салихалы амалдармен бекемдеп ,Раббыларының алдында тақуалық танытса еді , онда Аллаһ оларға аспан мен жерден берекет берер еді . Аллаһ Құранда :
« Егер ол өлкелердің елі иман келтіріп , тақуалық танытса еді , әрине оларға көк пен жердің берекеттерін ашып жіберер едік . Бірақ олар жасынға шығарды . Сондықтан қылмыстары себепті оларды қолға алдық »-деген . ( Ағраф :96).
25. Күнәлар қайғы мен қасіретке ұшыратады . Пендеге келер көп қайғы-қасірет күнәнің себебінен болады. Хазреті Али(Аллаһ одан разы болсын) бұл жайында :
- Егер бір пенденің басына қасірет орнаса , ол нәрсе күнәдан . Егер пендеден бір қасірет кетсе , ол нәрсе тәубенің себебінен - деп айтқан .
Ал , Құдіреті күшті Аллаһ Қасиетті Құранда :
« Бастарыңа келген бір ауыршылық , қолекі істегендеріңнің салдарынан болады . Және де Аллаһ көбін кешіп жібереді ». ( Шура :30).
Қазіргі уақытта мұсылмандардың әлсіздіктері мен құрметсіз болуларының , және артта қалулары мен жеңіліске ұшырауларының себептері өз діндерінен бекем ұстамай , күнәларға бой ұрғандықтарынан . Сол нәрсенің айқын дәлелдерінің бірі ретінде Ухуд соғысындағы оқиғаны алса болады. Оларға жеңіс уәде етілген еді . Бірақ олар сол соғыста жеңіліске тап келді .Жетпістей сахаба шаһит болып , бірнешелері ауыр жарақат алды . Осының бәрі олардың пайғамбардың (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын ) әмірін орындамағандықтарынан . Пайғамбарымыз елу садақшыны жаудың өтуі мүмкін деген тұсқа орналастырып , оларға ол жерден жеңген күнде де , жеңілген күнде де қозғалмауларын әмір еткен болатын . Бірақ олар мұсылмандардың әуел баста кәпірлерге бой көтертпей қуа жөнелгенін көргенде , жеңіске жеттік деп ойлап , әрі соғыс олжасынан үлесімізді алайық деп пайғамбардың (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын ) әмірін ұмытып кетеді . Ол жайында Аллаһ Құранда:
« Расында Аллаһ сендерге деген уәдесін шындыққа айналдырып . Оның бұйрығымен оларды өлтіре бастадыңдар . Дегенмен Алла өздеріңе сүйген нәрселеріңді көрсеткеннен кейін , осалдық қылып , берілегн әмір жайында таластыңдар да қарсы келдіңдер . Сендерден біреулер дүниені қалайды да . біреулер ақыретті қалайды . Сонан соң Аллаһ сендерді сынау үшін олардан беттеріңді қайтарды да , онымен қатар кешірім етті . Аллаһ мүміндерге кеңшілік иесі ».( Ал-Ғимран :152).
Және Аллаһ осы сүренің 165-ші аятында былай деген :
« Сендер оларды екі есесіне ұшырытқан қайғыға өздерің ұшырағандықтан : « Бұл қайдан келді ?» ,- дедіңдер .Оларға : « Ол өз пиғылдарыңнан » деп айт . Расында Аллаһ барша нәрсеге құдіретті ». ( Ал-ғимран:165).
26.Күнәнің тағы бір кесепаты ; құрлық пен теңіздерде болатын көптеген жер сілкінісі , жойқын дауыл , қуаншылық сияқты апаттардың себепшісі . Аллаһ Құранда бұл жайында :
« Құрлық пен теңізде адамдардың қолекі істегендерінің кесірінен бүліншілік шықты.Олардың істегендерінің кейбірінің сазайын таттыру үшін . Мүмкін олар бағыттарынан қайтар »-деген. (Рум:41).
Шыншыл халифалардың бірі хазреті Омардың(Ол кісіден Алллаһ разы болсын ) тұсында жер сілкінгенде ол кісі :
-
Ей , адамдар ! Бұл жер сілкінісі сендердің жасаған бір күнәлі істеріңнен болды .Жаным қолында болған Аллаһқа ант етейін , егер бұл сілкініс қайталанса сендермен бірге бұл жайда ешбір тұрмаймын – деген .
27. Күнәнің жиырма жетінші кесапаты ; Иманның серігі болған қызғанышты кетіреді . Қызғаныш болмаған адамда дін де , иман да жоқ . Бұл жердегі қозғалып жатқан қызғаныш адам өзінің жанұясының арсыздық істерге түсіп кетуінен қызғанып , оларды әрбір күнәлі істерге бой ұруынан қоруы . Сол үшін Аллаһ өзінің жанұясын арсыздықтардан қызғанып , әрі оларды харам істерден қорымайтындарға жаннатты харам еткен . Ол нәрсеге Абдулла ибн Омардан келген мына хадис дәлел . Ол хадисте пайғамбарымыз (Ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) :
- Үш адам бар . Расында Аллаһ оларға жаннатты харам еткен . Арақты әрдайым ішушілерге , ата-анасына қарсы шыққандарға және жанұясында арсыздықтарға риза болғандарға - , деп айтқан . ( Ахмад , Байһақилар риуаят еткен ).
Жанұясында арсыздықтар мен күнәлі істерге риза болатын адам , расында сол жанұясын Аллаһ сүйетін істерге бұйырып , Оның ашуына кіріптар ететін істерден қайтармайды . Және әйелдері мен қыздарын бөтен адамдардың көз салуларынан, олармен жеке қалып әңгімелесуінен қызғанып , қорымайды .
28.Күналардан келер жиырма сегізінші зардап ; адамға берілген нығметтердегі , рызық-несібелердегі берекетті кетіреді . Және бұл нығметтердегі берекет мұсылмандарға тән нәрсе . Өйткені кәпірлерге де рызық-несібе , нығметтер беріле береді . Бірақ олар ол нәрселердің берекеттерінен махрұм . Оған мына аят дәлел:
« Егер ол өлкелердің елі иман келтіріп , тақуалық танытса еді , әрине оларға көк пен жердің берекеттерін ашып жіберер едік . Бірақ олар жасынға шығарды . Сондықтан қылмыстары себепті оларды қолға алдық »-деген . ( Ағраф :96).
29. Күнәдан болар жиырма тоғызыншы зардап ; адамнан айбын мен сесті кетіреді . Күнәһарда айбын да , сес те болмайды . Керісінше бар нәрсе оған сес көрсеткісі келіп тұрады . Ал, тақуалықта болған пенде ондай емес . Расында кім Аллаһтан қорықса , әрі сол қорқынышына қарай күнәдан қайтып , ізгі амалдарға бекем болса , онда Алллаһ оны айбынмен , сеспен құрметтеп қояды .
30. Сонымен қатар күнәлар дұға тілектердің қабыл болуына , Аллаһтан келер жеңіс пен жәрдемнің жетуіне тосқауыл болады . Күнәһар пенденің өте мұқтаж сәттерде тілеген дұға-тілектері қабыл болмай жатады . Аллаһтың жәрдемі мен көмегінен шеттетіліп қалады . Себебі ол кеңшілік пен тыныштық кезеңдерде Раббысын ойлап , Оның шариғатынан ұстанбаған . Осының салдарынан ол , ажалы жақындап , жаны алқымға тығылып жатқанда да тұрақтылық таппай қиналады .Құранда былай деп айтылған аят бар :
« Расында « Раббымыз Аллаһ »деп , сосын мықты тұрғандар , оларға періштелер түседі де : « Қорықпаңдар , қайғырмаңдар ! Сендерге уәде етілген жаннат арқылы қуанышқа бөленіңдер » - дейді . ( Фуссилат :30 ).
Абдулла ибн Аббас атты сахаба өзінің жеткізген бір хадисінде ;
- Бір күні пайғамбардың артқы жағында болған едім . Ол кісі маған : « Ей, бала ! Саған бір сөздерді үйретейін бе ?» – деді де , былай деп айтты : « Аллаһты сақта , Аллаһ сені сақтайды . Аллаһты сақта Оны алдыңнан табасың . Егер сұрасаң Аллаһтан сұра . Әрі , егер жәрдем тілесең Аллаһтан ғана жәрдем тіле ....» - деп айтқан дейді . ( Тирмизи риуаят еткен).
Бұл хадистен көріп тұрғанымыздай кім егер Аллаһты естен шығармай жадында сақтаса , әрі Оның көрсетке шариғатын сақтаса Аллаһ ол пендесі жәрдем сұраса жәрдем етіп , тілек тілесе қабыл етіп , алдынан табылып отыратыны .Әрі оның дін істерін де , дүние істерін де сақтайды . Расында кім Аллаһты есінде ұстаса күнәдан алыс болады . Ал кім күнәдан алыс болса Аллаһтан жақын болады . Әрі , кім шариғаттың бұйрықтарын зая кетірмей , салихалы амалдарын қорғаса Раббысының разылығына боленеді . Ал , күнәһар пенде күнәсі кесірінен бұндай жақсылықтардан махрұм қалушы . Аллаһтың панасында болмағанның хәлі қандай аянышты .
31. Күнәдан келер отыз бірінші кесапат . Ол күнә жүректі тыныштығы мен тұрақтылығынан , мазасыздық пен уайымға , саулығынан ауруға салады . Күнәлардың денеге тигізер зияны аурулардың денеге тигізер зияны сияқты . Күнә - жүрек ауруы . Ал , оның дәрісі – ол күнәларды тастау мен нәфсі қалауына қарсы жүру . Өйткені кім нәпсісінің бұйыратын жаман қалауларынан қайтарса , оның барар жері жаннат . Оған Аллаһтың мына аяты дәлел :
« Ал , енді кім , Раббысының алдында тұратын күннен қорқып , нәпсісін қалауларынан қайтарған болса , расында оның барар жері жаннат » . ( Назиғат :40,41)
Күнәдан алыс болған пенденің жүрегі тек ақыреттегі жаннатта ғана емес , бұл дүниенің де өзіне тән жаннатында болады . Сондықтан күнә істерге беріліп , ізгі істерден ажырау – бұл дүниеде де , ақыретте де жақсылықтардан ажыраумен тен . Аллаһтың Құрандағы :
« Расында ізгілер әлбетте нығмет ішінде . Және расында бұзақылар әлбетте тозақ ішінде болады » ( Инфитар :13.14) – деген сөзін , тек ақыреттегі тозақ пен жаннатқа апарып тіреп қоя салуға болмайды . Бәлки ол ізгілік немесе азап пендеге үш дүниеде де кезігеді . Яғни , пенде ол нәрселерге уақытша бұл дүниеде де , өлгеннен кейін болатын барзах дүниесінде де , Аллаһтың қасындағы бақи дүниеде де жолығады . Ізгілер осы аталған үш дүниеде де нығметтер ішінде болып , ал күнәһар-қылмыскерлер үш дүниесінде де азап ішінде қалып қояды .Нығмет дегеніміз тек жүрек нығметтерімен шектеліп қоя ма ? Ал, азап дегеніміз тек жүрек азабымен шектеліп қалушы ма еді ? Қауіп пен уайымнан , көкіректің тарылуы мен Аллаһтан , ақыреттен бас тартудан , жүректің Аллаһтан бөлек нәрсеге байланып қалуынан өткен азап бар ма ? Әрбір Аллаһтан өзге нәрсені сүйіп , Одан өзге нәрсеге байланған адам үш мәрте , үш есе азаптың уытты дәмін татады . Бірінші сол , Аллаһтан өзге сүйген нәрсесіне , мейлі ол нәрсе дүние , мал , билік , мансап болсын , соған жетемін деп азаптарға түседі . Яғни жету жолында жүрегі тыныштықтан ажырап , ұйқы кеміп , ми шаршап , күлкі азаяды . Ал ол нәрсеге жеткен соң тағы да азап . Жеткенімнен ажырап қаламын ба ? Жоқ әлде біреу үстемдігін көрсетіп тартып ала ма ? Не болмаса қандай да бір қасіретті себептермен жоғалтып аламын ба ? –деген уайым теңізіне шөгіп , оның ашты суына шашалып азапталады . Ал , ондай пендеге кезігер үшінші азап – сол жеткен нәрсесін жоғалтқаннан кейін көретін азап . Бұл азап қаттырақ соғады . Ия , бұл азаптар Аллаһтың әмірінен алыс болып , Одан өзге сүйген нәрселерінің бұйрығына бой ұрғандардың бұл дүниеден өтпей жатып көретін азаптары . Ал , өлгеннен кейін Барзах дүниесінде көретін азабы өз алдына бір қасірет . Бірінші өмірден өткізген өлімнен соң , сол өміріне қайта орала алмайтынын біліп қатты қайғырады . Екінші шүкірлік қылмай күпірлік қылып, оған лайықты амал жасамай жаннат атты үлкен нығметтен ажырағанын түсініп қасірет шегеді . Және ең өкініштісі Раббыларының разылығынан алыста қалып , Оның дидирын көруден махрұм қалатындықтары . Содан қабірге қойылған ол күнәһар пенделердің денелерін құрт-құмырсқалар қалай үнгіп - тессе , бастарына орнаған ашты да , өткір қайғы –қасіреттер мен уайым-өкініштер жандарын солай тескілеп , кеміре бастайды . Ал осы күнәлар кесірнен мазасыздықта болған күнәһардың жүрегі мен Раббысын зікір етумен тыныштыққа толған мүмін пенденің жүрегін салыстыруға келе ме ? Әрбір әрекеті мен , әрбір басқан қадамы ақыры тозақ болып тірелетін , бірінен бірі өткен азаптарға алып бара жатқан күнәһкар мен әрбір ниеті , сөзі , ісі ақыры жаннатқа жайғастыратын , жақсылық үстіне жақсылылық , нұр үстіне нұр болған мұслыманның жағдайы тең бе ? Әлбетте тең емес ! Өйткені Аллаһ қасиетті Құран кітабында :
« Тозақтықтар мен жаннаттықтар тең емес . Жаннаттықтар – олар табысқа жеткендер » (Хашр: 20 )-деп айтқан .
Күнәлардың келтіретін кесапат-қасіреттері осымен шектеліп қалмайды . Күнә пенденің жеке басына да , жанұясына да , өмір сүріп жатқан ортасына да , ішкі-сыртқы дүниесіне де , ақыретіне де көптеген зардаптарын тигізетіні сөзсіз . Күнә -адамның көзін тұмшалап , жүрегін бекітетін зұлымат , қаранғылық . Сол үшін Аллаһ пенделерін күнәлардың көзге көрінер ашығы болсын , көрінбейтін жасырыны болсын , баршасынан тиған . Ол жайында Құранда :
« ...Және арсыздықтардың көрнеуіне де , көмесіне де жақындамаңдар...»-
деп айтылған . ( Анғам :151).
Кім күліп күнә істесе , жылап тозаққа кіреді . Және ойланшы ! Ертең сол күнә сені Аллаһтың қатты азабына душар етсе , сені сол азаптан кім құтқара алады .Ол қияметтің күні барша билік Аллаһқа ғана тән болады .Ол күні ешкім ешкімге Аллһтың рұқсатынсыз арашашы, шапағатшы , жәрдемші бола алмайды . Ондай болса өзіңнің өзіңе жаның ашысын . Және күнәлі істерді тастап , есесіне сауапты салихалы істерді көбейт . Қабірге ізгі амалдарсыз түсу, теңізге қайықсыз түсумен тең . Аллаһтың алдында жүзің жарқын болып , Оның жаннатынан жай табу үшін жүрегіңді иманнның нұрымен нұрландырып , күнәнің кірінен арашала . Себебі Аллаһ Құранда :
« Ол күні мал да , балалар да пайда бермейді .Бірақ кім Аллаһқа таза жүрекпен келсе ғана (пайда береді ) » деп айтқан .( Шуғара:88,89).
Аллаһ баршамызды күнәлардан сақтап , Өзі риза болатын салихалы амалдарға лайықты етсін ! Және Аллаһтың игілігі мен сәлемі Оның елшісі Мухаммедке болсын !
Достарыңызбен бөлісу: |