Мектепке дейінгі ұйымда қазақ этнопедагогикасын қолданудың мәні
Қанша заман өтсе де, маңызын жоймаған этнопедагогиканы, яғни халықтық педагогиканы тәлім - тәрбиеннің түп қазығына айналдыру ата - ананың да, қоғамның да басты борышы.
Қоғамның барлық тарихи даму кезеңдерінде халық педагогикасы жайлы ұғымды анықтау, әр түрлі ғылыми - педагогиқалық көзқарастарды қалыптастыру проблемаларына көптеген ғалымдар, педагогтар көңіл аударды, құнды пікірлер айтты, өмірлік мұра қалдырды.
Халық педагогикасының жан - жақты зерттеген ғалымның бірі Г. Н. Волков. Ол ең алғаш рет «Этнопедагогика» терминін қолданды. Ал қазақ тілінде этнопедагогиканың мән-мағынасын ашқан ғалым Қ.Жарықбаев. Этнопедагогика жас ұрпақты тәрбиелеуде халық тәрбиесін негізге алады.
Халық педагогикасы - бұл ұлттық қазына. Ұлттық тәрбие беру мәселесі әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің еңбектерінде көрініс табады. Ұлтымыздың ұлы тұлғалары түркі халықтарының тәрбиелік ерекшеліктеріне үлкен мән бере отырып, ұлттық тәрбие берудің әдіснамалық негізін жасады. Халқымыздың кемеңгер ағартушылары Ш.Уәлихановтың, Ы.Алтынсариннің, А.Құнанбаевтың, Ш.Құдайбердиевтің, М.Жұмабаевтың, А.Байтұрсыновтың, Ж.Аймауытовтың, М.Дулатовтың, т.б. педагогикалық мұрасында тұлғаның қалыптасуы мен дамуындағы ұлттық тәрбиенің маңыздылығы мен мазмұны ашып көрсетілді.
Тәрбиенің қайнар көзі ретінде халықтық педагогиканың аумағы кеңейе түседі. Олар: ертегілер, "жырлар, жаңылтпаштар, жұмбақтар, санамақтар, мазақтамалар, мақал - мәтелдік сөздер, ұлттық салттар мен дәстүрлері, халықтық ойындар мен ойыншықтар.
Ертегілер баланы қызықтырады, сөзді тыңдай білуге үйретеді, оның қиялын дамытып, жан - дүниесін, мінез - құлқын қалыптастырады, дарын нышандарын өрнектейді.
Жаңылытпаштар баланың тілін ширатады. Жаңылтпаштың дүниетанымдық түрлері мен тәрбиелік нұсқалары әрі баланың тілін ширатып, әрі ой - өрісін кеңейтеді.
Жұмбақтар мен жұмбақ айтыстар баланың ойын, қиялын шарыктатып, қисындық пайымдау қабілетін дамытады, оны тапқырлыққа баулиды.
Санамақтар баланың ойлау жүйесін жетілдіріп, оның сюжеті нұсқаларға тапқырлық танытуға құштар етеді, дүниетанымдық мәнде құрылған санамақтар балғын жастың тапқырлық қабілетін дамытуға септігін тигізеді. Мазақтамалық, әзіл уытымен баланың басындағы кемшіліктерді көрсетіп, сергектікке тәрбиелейді, дегенмен, ертеде құрылған мазақтамалардың анайы түрлері де болған, халықтың мәдениеті өскен сайын, ауыз әдебиетінің бұл түрі сыпайы сын, әдемі әзіл түрінде құрылып жүр.
Мақал - мәтелдер халықтың жиі қолданатын тәрбие құралы. Қазақ халқының мысалдап, мәтелдеп, мақалдап сөйлейтін ұлттық, ерекшелігіне сәйкес оның мақал - мәтелдері де мол. Ауыздан - ауызға тарайтын бұл жанрды халық күн сайын толықтырып отырады.
Халықтық ойындар мен ойыншықтар бала тәрбиесінде елеулі орын алады. "Ақсерек пен көксерек", "Алтыбақан" сияқты ойындармен бірге "Көкпар", "Аударыспақ" тәрізді спорттық сайыстар дене тәрбиесінің асыл арқауы. Жас қыздар қуыршақ ойынын кейде күрделендіріп "қуыршақ театры" сияқты сюжетте құрып ойнайтын. Әсіресе қыз баланың үй ішінің тіршілігіне үйренуі осы қуыршақ ойындарынан басталады. Ертеде ойыншықтарды, көбінесе балалардың өздері жасап, өз талғамы, өз еңбеп, өз өнері арқылы іске бейімділігін, ойын дамытып отырған.
¥лттық мерекелер мен тойлардың да тәрбиелік мәні зор. "Шілдехана тойы", "Тұсау кесер", "Атқа мінгізу", "Наурыз тойы" тағы баска тойлар мен мерекелер баланы шаттыққа бөлейді. Тойдың болғанынан боладысы қызық деп, халық тойға дайындық кезінде баларды өнерге ынталандырып, еңбекке баулиды, салтанатты салттарды қайта өткізу жолдарын үйретеді. Әулеттік тағылымдар мен тәжірибелер бір атадан тараған әулеттік тұрмыстық әулеттік, әдептік өзгешеліктері болып табылады.
Халықтық педагогика тәлім - тәрбиелік ой - пікірің бастауы, халықтың рухани мұрасы. Сондықтан қазіргі таңда этнопедагогиканы оқу - тәрбие жұмысына мақсатты түрде енгізіп отыр.
Достарыңызбен бөлісу: |