МЕМЛЕКЕТ ӨЗ МІНДЕТТЕМЕЛЕРІН ОРЫНДАЙДЫ
Ұлттық Банк Төрағасы Григорий Марченконың «Жеті күн» бағдарламасына берген сұхбаты (2009 жылғы 8 ақпан)
– Аптаның басты қаржы жаңалықтары – теңгенің девальвациясы және бастапқы төрттіктегі екі банктегі мемлекет үлесінің ұлғаюы болды. Көптеген адамдар қазір ең алдымен депозиттегі, жалақыдағы өз тәуекелдерін бағалай отырып, девальвация салдарына микродеңгейде қарап отыр. Сірә, олар 4 ақпанда атап көрсетілген цифрларға назар аудармаса керек. Ал цифрлар өткен жылдың төртінші тоқсанында және 2009 жылдың қаңтарында Ұлттық банк теңгені қолдау үшін алтын-валюта резервтерінен 6 миллиард доллар жұмсағанын, яғни елдің стратегиялық қоры 6 миллиард долларға азайғанын айтады. Теңгені одан әрі де қолдау саясаты қандай макроэкономикалық тәуекелдерге апарар еді?
– Иә, макроэкономикалық мәселелер туралы Ұлттық банк және Үкімет ойлануы тиіс. Біз ол үшін жауап береміз, ал халық өз мүддесі өз отбасының мүддесі туралы ойлайды, ал бұл жерде микроэкономикадан теріс айналып кете алмайсың. Біз көп жыл бойы, (мен Ұлттық банк төрағасы лауазымын алғаш атқарған кезде және менен кейін Әнуар Сәйденов және Ұлттық банктің барлық басшылары) соңғы он жылда бір жәйтті талай қайталап айттық. Қаражатты екі немесе үш “себетте” ұстап, оның ішінде кемінде 50%-ын теңгемен, ал қалғанын кім қалай ұнатады, кім қайда барады және қаражатты қандай валютамен жұмсайды соған байланысты екі немесе үш валютаға бөліп салу қажет. Сондықтан осы ұсынысты ұстанғандар шын мәнінде ештеңе жоғалтқан жоқ. Себебі теңге долларға қатысты нығайған 2003 жылдан 2007 жылдың ортасына дейінгі 4 жыл ішінде депозит портфелінің теңгедегі құрамдас бөлігі ұтты. Одан кейін екі жыл курс тұрақты тұрып, шамамен 120 теңге болды. Енді теңге долларға қатысты құнсызданған кезде портфельдің валюталық құрамдас бөлігі ұтады. Сондықтан, ақшаны әртүрлі валютада (немесе өзіміз айтқандай, түрлі “себетте”) ұстаған адамдар осы кезең бойы ештеңе жоғалтқан жоқ. Сонымен қатар, егер “ұзақ” депозиттер, “ұзақ” (ұзақ мерзімді) кредиттер туралы айтатын болсақ, қазір адамдар міне, менде үш жылдық депозит бар еді, сендер құнсыздандырып отырсыңдар дейді! Егер мұнай мен металл бағалары өсетін болса, онда теңгенің долларға қатысты бағамының бір-бір жарым жылдан кейін айтарлықтай нығаюы мүмкін. Сонда бәрі де өз орнына келеді. Доллармен берілген “ұзақ” ипотекалық кредиттерге келер болсақ, 2005, 2006 жылдары, 2007 жылдың басында адамдардың көпшілігі оларды теңгенің долларға қатысты нығайғанын көргендіктен және доллармен берілетін кредиттерді алу қолайлы болатындықтан алды. Енді теңге долларға қатысты 25% құлдырады, егер бір дәліздің ортасына қатысты басқа дәліздің ортасын алатын болсақ, үш жылдан кейін жағдайдың тағы да өзгеруі мүмкін. Сондықтан бір сәттік көңіл-күйді немесе жекелеген БАҚ-тардағы дақпыртты жарияланымдарды басшылыққа алудың орнына жақсылап ойлану керек. Адамдардың көпшілігі дәл қазір ештеңе жасамау керектігін түсінді.
Біз бағамның бір деңгейінен екіншісіне өттік. Бағам осы деңгейде айтарлықтай ұзақ сақталады. Жұма күні (7 ақпанда) биржадағы бағам бір доллар үшін 149,54 теңге болды, ал банкаралық рынок 149-дан төмен деңгейде жабылды. Сонымен бірге Ұлттық банк аздап валюта сатып алды, яғни жұма күні нығаю басталды. Неге? Себебі, құнсыздану күтіліп отырғандықтан көптеген кәсіпорындар қараша-желтоқсанның өзінде-ақ долларды жаппай сатып ала бастады. Нәтижесінде, көпшілігі тауарды доллармен сатып алды, және енді теңгемен есеп айырысып, теңгемен салық төлеу үшін олар валютаны сата бастайды.
– Сіз атап өткен дақпыртты жарияланымдар мәселесіне келсек. Қазір интернетте әр түрлі пікірлер пайда болды, осындай соңғы сыбыстардың бірі жақында барлық депозиттерге “құлып” салынады және банкноттар ауыстырылады дегенге саяды. Тіпті 10 ақпан деп нақты күні де аталды.
– Біз қазір интернеттегі ең орынсыз, қисынсыз идеяларды жинайтын болдық. Шынында 10 ақпанда ұлттық валюта банкноттары айырбасталады дегенді мен де оқыдым. Жаңа банкнотты енгізу үшін бір жарым жыл керек дегенді талай айттым. Ұлттық банк төрағасы ретінде мен бірдеңе білетін шығармын. Оның үстіне онда менің қолым болуы тиіс. Мәселе былай: бұл сияқты ешқандай жоспар жоқ. 2006 жылы енгізілген банкноттар қызмет көрсетіп тұр. Ортақ принцип сол баяғы біреу – қандай да бір қорғаныш элементін қосу, енді бірін алып тастау үшін 5-7 жыл уақыт қажет. Жақын жылдары ауыстыруды да, қайта номинациялауды да жоспарлап отырған жоқпыз.
Депозиттерді тоқтату туралы мәселеге қатысты айтарым – бұл барып тұрған сандырақ. Мемлекет құрамына енген банктердің клиенттеріне салықтық тексерулер, тағы басқалар болады-мыс дейді... Сыбыстың бір бөлігі саналы түрде таратылады және жекелеген БАҚ-тардың кімдерге тиесілі екені және осындай сыбыстарды тарататын “талдаушыларды” кімдердің қолдап отырғаны біздерге түсінікті. Іс жүзінде мемлекеттің екі ірі банк құрамына енуі жағдайды объективті түрде жақсартты, банктердің салымшылары мен клиенттерінің уайымдамауларына болады, біз де бұл орайда алаңсызбыз. Оның сыртында біз, Ұлттық банк, қол жеткізген уағдаластықтар шеңберінде осы банктерді қысқа мерзімді өтімділіктер бойынша қолдау жөнінен міндеттеме алдық. Біз өз міндеттемемізді орындайтын боламыз.
Осы екі ірі банкпен мәселені шешіп алмай тұрып қаражатты экономиканың нақты секторына жеткізу жөнінде іс-әрекет жасауға да (әңгіме өте көп, бірнеше миллиард доллармен бағаланатын ақша туралы болып отыр), сол сияқты девальвацияны жүргізуге де болмайтын еді.
– Григорий Александрович, “Тұран Әлем” банкті сатып алуға Ресей Жинақ банкі мен Еуразия банкі мүдделі болып отыр деген хабар пайда болды. Әңгіме жақын уақыттағы мәміле туралы ма, әлде стратегиялық инвесторды таңдау үшін ұзақ келіссөздер талап етіле ме?
– Әрине, келіссөзді “Самұрық-Қазына” қоры жүргізетін болады, себебі қор басты акционер болып табылады (қосымша капиталдандыру нәтижесінде), онда акциялардың 78%-дан астамы бар. Бірақ, жалпы құрылым басқа ірі банктердегі сияқты болуы тиіс, яғни “Самұрық-Қазынада” акциялардың небәрі 25%-ы қалуы тиіс. Олар үлкен, бірақ портфельдік инвестор болады. Яғни, оларда “тоқтатқыш” пакеттер де болмайды, бұл жағдайда 53,14% болатын бақылау пакетін стратегиялық инвестор сатып алуы тиіс. Бұл Жинақ банкі немесе Еуразия банкі, не қандай да бір басқа топ бола ма (бұл келіссөздер мәселесі), кімнің жақсы талаптар ұсынарын уақытында көреміз. Басқа инвестор неғұрлым жылдам келсе, мемлекеттің бұл банкті бақылауға мүдделі болмағаны да соғұрлым тезірек айқындала түседі. Басып алу, рейдерлік туралы көп әңгіме болды, бұл әңгімелерді кім шығарып отырғаны да түсінікті. Бірақ мұнда ондай ештеңе болған жоқ. Қаржы институтының, оның үстіне елдегі ең ірі банктің қалай жұмыс істейтініне қарау қажет. Оның жағдайының нашарлап кетуіне ешкім де жол бермейді, банк төлемдер жасап, өз салымшылары, клиенттері алдындағы міндеттемелерін орындауы тиіс. Сол үшін де мемлекеттің араласуы қажет болды. Бұл, біріншіден, мәжбүрлі қадам болды. Екіншіден, ол уақытша қадам болып табылады. Оның сыртында (мен бұл туралы баспасөз конференциясында айттым), егер Әбіләзов мырза өз әріптестерімен осы бір миллиард екі жүз миллион доллардан астам соманы жинаса, және ол ақша заңды болса, ол заңды түрде 53,14%-ды сатып алады. Онда ол осы банктің стратегиялық инвесторы болады. Мұндай нұсқаны да қарастыруға болады. Бұл ретте ол өзін барлық жерде банктің иесі ретінде көрсетеді.
– Соңғы уақыттары іскерлік белсенділікті ынталандыру қажеттігі туралы өте көп айтылды. ХВҚ-ның таяудағы есебінде де алдағы кезеңде Ұлттық банктің қайта қаржыландыру ставкасын абайлап төмендету үшін мүмкіндіктің бар екендігі айтылды, бұл іс жүзінде кредиттер бойынша да ставкаларды төмендетуге әкелуі тиіс. Сіз 5 ақпаннан бастап қайта қаржыландыру ставкасы 10%-дан 9,5%-ға дейін төмендейтінін жария еттіңіз. Сіз банктердегі кредиттік ресурстар арзандайды деп күтесіз бе?
– Негізгі арзандау (қазір сол басталып та кетті) мемлекеттің қаражатты беруі есебінен өтуде. Бұл цифрлар жария етілді. Шағын және орта бизнесті (ШОБ) кредиттеу бойынша ставка 12-12,5% болады. Яғни, ШОБ үшін ставкаларға қарағанда 4-5% төмен. Алайда, арзандау неғұрлым арзан мемлекеттік қаражатты берудің арқасында орын алып отыр.
Дәл осы жағдай ипотекаға да қатысты. Ипотеканы қайта қаржыландыруға қатысты тұтастай бағдарлама болады. Қазіргі уақытта доллармен ипотекалық кредит алғандардың девальвациядан зардап шеккендігі туралы әңгімелер өте көп, дегенмен, қайта қаржыландыру бағдарламасы ауыртпалықты айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік жасайды. Мен мұны өтемақы дей алмаймын, бірақ бұл ипотекалық кредиттері бар заемшыларға көмек болады.
Сондықтан ставкалар негізінен қайта қаржыландыру ставкасының төмендеуі арқылы төмендемейді, дегенмен, белгі ретінде бұл да маңызды және біз дәл осы белгіні беріп отырмыз. Бұл осымен бірнеше айдағы екінші төмендеу. Біз ставкаларды төмендету қажеттігі туралы белгі береміз, себебі, инфляция деңгейі төмендеуде. Қаңтар айында Қазақстанда бүкіл біздің тарихымызда инфляцияның рекордтық төмен деңгейі белгіленді.
– Григорий Александрович, сіздің Қазақстандағы жинақтаушы зейнетақы жүйесінің идеологтарының және құрушыларының бірі болуыңызға байланысты, аса маңызды инфрақұрылымдық жобаларды кредиттеу үшін Үкіметтің зейнетақы активтерін тарту туралы шешіміне қатысты пікіріңізді білгіміз келеді.
– Соңғы бірнеше жылда біз жақсы инвестициялық жобалардың жетіспеушілігін анық көріп отырмыз. Екінші жағынан, инфрақұрылымдық жобаларға инвестициялардың жетіспеушілігі де көрінуде. Еліміздің түрлі аймақтарының өзара жақсы байланысуы үшін жолдарды да, темір жолды да нақты салуымыз керектігі түсінікті. Бұл суды тазарту және басқа да көптеген мәселелерге қатысты.
Бұл өте дұрыс, өйткені, инфрақұрылымдық жобалар ұзақ мерзімді және зейнетақы ақшасы да ұзақ мерзімді. Сондықтан да зейнетақы жүйесін, оның іс-әрекетін 30-40 жыл бойы бағалау қажет екендігін түсіну керек. Девальвацияның немесе қандай да болмасын үдерістердің әсеріне келсек, жасы жеткенде адамның қанша зейнетақы алатынына қарау керек. 30-ға келген адамның, мысалы, бір жылды бағалай отырып зейнетке шыққанда ештеңе алмаймын деп пайымдауы, біріншіден, сауатсыздық. Екіншіден, адамдар мемлекеттік кепілдіктің бар екендігін және олар өз салымдарына қоса инфляцияға орай жинақталған түзету сомасын алатынын түсінуі тиіс, яғни, нақты алғанда адамдар кез келген жағдайда да ұтылмайды. Сондықтан зейнетақы қорларының қаражаты (бюджет қаражатымен және басқа инвесторлардың қаражатымен қатар) тартылатын инфрақұрылымдық жобаларға қатысты осынау дұрыс механизмді пысықтап, заңнамалық тұрғыдан бекіту қажет
«Егемен Қазақстан» №59 (25456) 11 АҚПАН СӘРСЕНБІ 2009 ЖЫЛ
Достарыңызбен бөлісу: |