«Мемлекеттік қызмет туралы» Заң



Дата29.02.2016
өлшемі240.46 Kb.
#29499

«Мемлекеттік қызмет туралы» Заң


Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шілдедегі N 453 Заңы

Қабылданған нөмірі: 453


Қабылданған күні: 23.07.1999
Қабылданған орны: Астана қаласы
Мем. тізілімдегі нөмірі: 4054
Соңғы редакциядағы күні: 08.07.2005
Құжаттың түрі: Заң
Әрекет ету аймағы:
Қазақстан Республикасы
Деректер Базасының бөлімі:
Еңбек

1-тарау. Жалпы ережелер


1-бап. Негізгі ұғымдар

Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:


мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшi - мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң құрамына кiрмейтiн, мемлекеттiк органда тұрақты кәсiби негiзде лауазымдық өкiлеттiктi жүзеге асыратын мемлекеттiк қызметшi;
мемлекеттiк лауазым - мемлекеттiк органның нормативтiк құқықтық актiлермен белгіленген лауазымдық өкiлеттiк пен лауазымдық мiндеттердiң ауқымы жүктелген құрылымдық бiрлiгі;
мемлекеттiк қызмет - мемлекеттiк қызметшiлердiң мемлекеттiк органдардағы мемлекеттiк билiктiң мiндеттерi мен функцияларын iске асыруға бағытталған лауазымдық өкiлеттiгiн атқару жөнiндегi қызметi;
мемлекеттiк қызметшi - мемлекеттiк органда заңдарда белгiленген тәртiппен республикалық немесе жергiлiктi бюджеттен не Қазақстан Республикасы Ұлттық банкiнiң қаржысынан ақы төленетiн қызметтi атқаратын және мемлекеттiң мiндеттерi мен функцияларын iске асыру мақсатында лауазымдық өкілеттiктi жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматы;
лауазымды адам - ұдайы, уақытша немесе арнайы өкiлеттiк бойынша өкiмет өкiлiнiң мiндеттерiн жүйеге асыратын не мемлекеттiк органдарда ұйымдастырушылық-өкiм берушiлiк немесе әкiмшiлiк-шаруашылық қызметтердi орындайтын адам;
лауазымдық өкiлеттiк - заңдарда белгіленген құқықтары мен негiзгi мiндеттерi бар мемлекеттiк қызметшiлер өз қызметiн жүзеге асыратын мемлекеттiк органдардың алдында тұрған мақсаттар мен мiндеттерге жауап беретiнін, нақты мемлекеттiк лауазыммен көзделген өкiлеттiк;
мемлекеттiк әкiмшiлiк қызмет санаты - мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлер атқаратын, лауазымдық өкілеттiктiң көлемi мен сипатын көрсететiн әкiмшiлiк лауазымдар жиынтығының саралаушылық сипаттамасы;
бiлiктiлiк талаптары - мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметтi атқаруға үмiткер азаматтарға оның кәсiби даярлығының, деңгейiн, құзыреттiлiгiн және нақты әкiмшiлiк қызметке сәйкес келуiн анықтау мақсатында қойылатын талаптар;
мемлекеттiк саяси қызметшi - тағайындалуы (сайлануы), босатылуы және қызметi саяси-айқындаушы сипатта болатын және саяси мақсаттар мен мiндеттердi iске асыру үшiн жауап беретiн мемлекеттiк қызметшi;
ротация - мемлекеттiк саяси қызметшiлердi мемлекеттiк органдардың арасында, сондай-ақ мемлекеттiк органның құрылымдық бөлiмшелерiнің арасында лауазымдық ауыстыру.
Ескерту. 1-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 75 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

2-бап. Мемлекеттiк қызмет туралы заңдар

Мемлекеттiк қызмет туралы заңдар Конституциядан, осы Заңнан, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.



3-бап. Мемлекеттiк қызметтiң принциптерi

1. Қазақстан Республикасында мемлекеттiк қызмет:


1) заңдылық;
2) қазақстандық патриотизм;
3) мемлекеттiк өкiметтiң заң шығарушылық, атқарушылық және сот тармақтарына бөлiнуiне қарамастан, мемлекеттiк қызмет жүйесiнiң бiртұтастығы;
4) азаматтар құқықтарының, бостандықтарының және заңды мүдделерiнiң мемлекет мүдделерi алдындағы басымдығы;
5) жалпы қол жетiмдiлiк, яғни Республика азаматтарының мемлекеттiк қызметке қол жеткiзуге және өз қабiлеттерi мен кәсіби даярлығына сәйкес мемлекеттiк қызмет бойынша жоғарылатылуға тең құқығы;
6) азаматтардың мемлекеттiк қызметке кiруiнiң ерiктiлiгi;
7) мемлекеттiк қызметшiлердiң кәсiбилiгi мен жоғары бiліктiлiгi;
8) мәнi бiрдей жұмыстарды орындағаны үшiн еңбекке ақыны тең төлеу;
9) жоғары тұрған мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдар өз өкiлеттiгi шегiнде қабылдаған шешiмдердi орындаудың бағынысты мемлекеттiк қызметшiлер мен төменгi мемлекеттiк органдардың қызметшілерi үшiн мiндеттiлiгi;
10) мемлекеттiк қызметшiлердiң бақылауда болуы және есептiлiгi;
11) мемлекеттiк құпиялар немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия болып есептелетiн қызметтi қоспағанда, қоғамдық пiкiр мен жариялылықты ескеру;
12) мемлекеттiк қызметшiлердiң құқықтық және әлеуметтiк қорғалуы;
13) мемлекеттiк қызметшiлердi қызметтiк мiндеттерiн адал, ынталы атқарғаны, ерекше маңызды және күрделi тапсырмаларды орындағаны үшiн көтермелеу;
14) мемлекеттiк қызметшiлердiң қызметтiк мiндеттерiн орындамағаны не тиiсiнше орындамағаны және өздерiнiң өкiлеттiгiн асыра пайдаланғаны үшiн жеке жауаптылығы;
15) мемлекеттiк қызметшілердiң бiлiктiлiгiн арттыруды үздiксiз жүргiзу принциптерiне негiзделедi.
2. Мемлекеттiк органдарда саяси партиялардың ұйымдарын құруға жол берiлмейдi. Мемлекеттiк қызметшiлер лауазымдық мiндеттерiн атқарған кезде заңдардың талаптарын басшылыққа алады және саяси партиялардың, қоғамдық бiрлестiктер мен олардың органдарының шешiмдерiне байланысты болмайды.

4-бап. Осы Заңның қолданылуы

1. Осы Заң барлық мемлекеттiк қызметшiлерге қолданылады, бұған Қазақстан Республикасының Конституциясында, конституциялық заңдарында немесе өзге де заң актiлерiнде олар үшiн өзгедей құқықтық мәртебе белгiленген жағдайлар қосылмайды.


2. Техникалық қызмет көрсетудi жүзеге асыратын және мемлекеттiк органдардың жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн адамдар мемлекеттiк қызметшiге жатпайды. Мұндай адамдардың тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.

5-бап. Мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi
орган мен оның аумақтық бөлiмшелерi

1. Мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынысты және есеп беретiн, мемлекеттiк қызмет саласында бiрыңғай мемлекеттiк саясатты iске асыруды жүзеге асыратын мемлекеттiк орган, оған мынадай өкiлеттiктер жүктеледi:


1) мемлекеттiк қызметтi жетiлдiру және оның тиiмдiлiгiн арттыру саласында мемлекеттiк бағдарламаларды әзiрлеуге және iске асыруға қатысу;
2) мемлекеттiк қызметтi жүзеге асыру үшiн нормативтiк құқықтық базаны жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу, сондай-ақ өз құзыретi шегiнде заңдарда белгiленген тәртiппен нормативтiк құқықтық актiлер қабылдау;
3) мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдар санаттарына үлгiлiк бiлiктiлiк талаптарын әзiрлеу және бекiту;
4) мемлекеттiк қызмет қызметшiлерi жөнiндегi республикалық деректер базасын қалыптастыруды қоса алғанда, мемлекеттiк қызмет кадрлары жай-күйінің мониторингiн жүргiзу, сондай-ақ мемлекеттік әкімшілік қызметшілер лауазымдарына орналастыру үшін кадрлар резервiн қалыптастыру;
5) мемлекеттiк қызметшiлердiң еңбегiне ақы төлеу жүйесiн жетiлдiру, оларды әлеуметтiк-құқықтық қорғау жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу;
6) Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлер лауазымдарының тiзбесiн және осы Заңға сәйкес өзге де актілердi әзiрлеу және оларды Қазақстан Республикасы Президентiнiң бекiтуiне ұсыну;
7) мемлекеттiк органдардың мемлекеттiк қызметшiлер даярлау, қайта даярлау және бiлiктiлiгiн арттыру, оның iшiнде шетелдерде де, мәселелерi жөнiндегi қызметiн үйлестiру;
8) мемлекеттiк бағдарламалар бойынша мемлекеттiк тапсырысты қалыптастыру мен орналастыруды және мемлекеттiк қызметшiлердi даярлауды, қайта даярлау мен олардың бiлiктiлiгiн арттыруды үйлестiру;
8-1) мемлекеттік әкiмшiлiк қызметшiлерден сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн берiлген тәртiптік жазаны мерзiмінен бұрын алып тастауға келiсiм беру;
9) мемлекеттiк органдардың мемлекеттiк қызмет саласындағы заңдарды сақтауын бақылауды жүзеге асыру;
10) мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымды атқаруға арналған конкурстарды өткiзу тәртiбiн белгiлеу, сондай-ақ конкурстардың дұрыс өткiзiлуiн бақылауды жүзеге асыру;
10-1) кандидаттың қойылатын біліктілік талаптарына сай келуі бөлігінде мемлекеттік әкімшілік лауазымға тағайындауға келісу;
11) мемлекеттiк органдардың осы Заңды және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi бұза отырып қабылдаған шешiмдерiнiң күшiн жою туралы ұсыныстар енгiзу;
12) мемлекеттiк қызметшiлердiң мемлекеттiк қызмет туралы заңдардың қолданылу мәселелерi бойынша мемлекеттiк органдардың немесе лауазымды адамдардың iс-әрекетi мен шешiмiне жасалған шағымдарын қарау;
13) осы Заң бұзылған жағдайда сотқа жүгiну;
14) мемлекеттiк қызмет мәселелерi жөнiндегi халықаралық шарттардың жобаларын дайындауға қатысу;
14-1) мемлекеттiк органдар көрсететiн қызметтердiң сапасын арттыру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу;
15) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жүктеледi.
2. Мемлекеттiк қызмет iстерi жөнiндегi органдардың бiрыңғай жүйесін уәкiлеттi орган мен оған бағынысты аумақтық бөлiмшелер құрады.
Аумақтық бөлiмшелер өз қызметiн уәкiлеттi орган белгiлеген құзырет шегiнде жүзеге асырады.
2-1. Уәкiлеттi органның облыстарда, республикалық маңызы бар қалада, астанада тәртiптiк кеңестерi болады, олар туралы ереженi уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.
3. Уәкiлеттi орган мен оның аумақтық бөлiмшелерiнiң шешiмдерi бұйрықтар нысанында ресiмделедi.
Ескерту. 5-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.03.11. N 393, 2005.07.08. N 75
(2-1-тармақтың күші 2005 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі; қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.№

6-бап. Мемлекеттiк органдардың кадр қызметi

Мемлекеттiк органдардың кадр қызметi өз құзыретi шегiнде:


1) мемлекеттiк органдардың мемлекеттiк қызметшiлердiң мемлекеттiк қызмет өткеруiне байланысты шешiмдерiн ресiмдейдi, қызметшiлердiң жеке iстерiн жүргiзедi, мемлекеттiк қызметшiлердiң еңбек кiтапшаларына (қызмет ету тiзiмдерiне) қажеттi жазбалар енгiзедi;
2) мемлекеттiк қызметшiлердiң заңда белгiленген шектеулердi қабылдауы туралы келiсiмін жазбаша нысанда белгiлейдi (өзiне қабылдаған шектеулердi бұзған жағдайда құқықтық салдарлар туралы хабардар етедi);
3) мемлекеттiк қызметшiлерге олардың құқықтық жағдайының мәселелерi жөнiнде ақыл-кеңес бередi, мемлекеттiк қызметте болумен байланысты шектеулердiң сақталуын бақылайды;
4) уәкiлеттi органға ұсыну үшiн бос лауазымдар тiзiмiн, бос лауазымдарды толтыру жөнiнде өтiнiмдер және өзге де қажеттi ақпарат дайындайды;
5) мемлекеттiк қызметшiлердi оқытуды, қайта даярлауды (қайта мамандандыруды) және олардың бiлiктiлiгiн арттыруды ұйымдастырады;
6) заңдарда белгiленген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

2-тарау. Мемлекеттік қызметшілердің құқықтық жағдайы



7-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердiң қызметiн саралау

1. Мемлекеттiк қызметшiлер лауазымдарының құрамына мемлекеттiк қызметшiлердiң саяси және әкiмшiлiк лауазымдары кіредi.


2. Саяси лауазымдарға:
1) Қазақстан Республикасының Президентi тағайындайтын мемлекеттiк саяси қызметшiлер, олардың орынбасарлары; (РҚАО-ның ескертуі: қараңыз U020828)
2) Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Палаталары және Парламент Палаталарының Төрағалары тағайындайтын және сайлайтын мемлекеттiк саяси қызметшiлер, олардың орынбасарлары;
2-1) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппаратын басқаратын мемлекеттік саяси қызметші, оның орынбасарлары;
3) Конституцияға сәйкес Президент пен Үкiметтiң өкiлдерi болып табылатын мемлекеттiк саяси қызметшiлер;
4) орталық атқарушы органдар мен ведомстволарды басқаратын мемлекеттiк саяси қызметшiлер (басшылар) олардың орынбасарлары атқаратын лауазымдар жатады. (РҚАО-ның ескертуі: қараңыз U990317)
Саяси лауазымдарға Қазақстан Республикасының Президенті белгілейтін өзге лауазымдар да жатқызылуы мүмкін.
3. Мемлекеттік әкімшілік қызметшілер үшін лауазымдар санаттары
белгіленеді. Мемлекеттік әкімшілік қызметшілер лауазымдарының санаттар бойынша тізілімін уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
4. Мемлекеттiк саяси қызметшілер үшiн лауазым санаттары белгiленбейдi.
Ескерту. 7-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.03.11. N 393 Заңымен.

8-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердiң құқықтары

Мемлекеттiк қызметшiнiң:


1) Республиканың азаматтарына Қазақстан Республикасының Конституциясымен және заңдарымен кепiлдiк берiлетiн құқықтар мен бостандықтарды пайдалануға;
2) өз өкiлеттiгi шегiнде мәселелердi қарауға және олар бойынша шешiмдер қабылдауға қатысуға, тиiстi органдар мен лауазымды адамдардың оларды орындауын талап етуге;
3) белгiленген тәртiппен лауазымдық мiндеттердi орындау үшiн қажеттi ақпарат пен материалдар алуға;
4) лауазымдық мiндеттердi атқару үшiн белгiленген тәртiппен меншiк нысандарына қарамастан, ұйымдарда болуға;
5) басшыдан мемлекеттiк қызметшiнiң атқаратын лауазымына сәйкес қызметтiк өкiлеттiк мiндеттерi мен көлемiн дәл белгiлеудi талап етуге;
6) жеке басының қадiр-қасиетiнiң құрметтелуiне, басшылар, өзге де лауазымды адамдар және азаматтар тарапынан өзiне әдiл және құрметпен көзқарас жасалуына;
7) өзi атқаратын лауазымға жұмыс сапасына, тәжiрибесiне және осы Заңда белгiленген өзге де негiздерге қарай ынталандырылуына және еңбегiне ақы төленуiне;
8) тиiстi бюджет қаражаты есебiнен қайта даярлануға (қайта мамандануға) және бiлiктiлiгiн арттыруға;
9) өзiнiң мемлекеттiк қызмет өткеруiне қатысты материалдармен кедергiсiз танысуға, қажет болған жағдайларда жеке түсiнiктеме беруге;
10) бiлiктiлiгi мен қабілетi, өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн адал орындауы ескеріле отырып, қызметi бойынша жоғарылауға;
11) қызметшiнiң пiкiрiнше негiзсiз айып тағылған жағдайда қызметтiк тексеру жүргiзiлуiн талап етуге;(РҚАО-ның ескертуі: қараңыз U990321)
12) еңбегiнiң қорғалуына, денсаулығының сақталуына, қауiпсiз және жоғары өнiмдi жұмыс iстеуi үшiн қажеттi еңбек жағдайына;
13) әлеуметтiк және құқықтық қорғалуға;
14) мемлекеттiк қызметтен өз қалауы бойынша босауға;
15) зейнетақымен және әлеуметтiк қамсыздандырылуға;
16) жоғары тұрған мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдарға мемлекеттiк қызметтi жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар енгізуге құқығы бар. (РҚАО-ның ескертуі: қараңыз V001202)

9-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердiң негiзгi мiндеттерi

1. Мемлекеттiк қызметшiлер:


1) Республиканың Конституциясы мен заңдарын сақтауға;
2) Қазақстан Республикасының Президентi бекiткен тәртiппен мемлекеттiк қызметшiнiң антын беруге;
3) азаматтар мен заңды тұлғалар құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерiнiң сақталуын және қорғалуын қамтамасыз етуге, заңдарда белгiленген тәртiп пен мерзiмде азаматтардың өтiнiштерiн қарауға, олар бойынша қажеттi шаралар қолдануға;
4) өзiне берiлген құқықтар шегiнде және қызмет мiндеттерiне сәйкес өкiлеттiгiн жүзеге асыруға;
5) мемлекеттiк тәртiп пен еңбек тәртiбiн сақтауға;
6) өзiне заңда белгiленген шектеулердi қабылдауға;
7) заңдарда белгiленген қызметтiк әдеп нормаларын сақтауға;
8) басшылардың бұйрықтары мен өкiмдерiн, жоғары тұрған органдар мен лауазымды адамдардың өз өкiлеттiгi шегiнде шығарған шешiмдерi мен нұсқауларын орындауға;
9) мемлекеттiк құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны сақтауға, оның iшiнде мемлекеттiк қызметтi тоқтатқаннан кейiн де, заңмен белгiленген белгiлi бiр уақыт iшiнде, ол жөнiнде қолхат бере отырып сақтауға;
10) қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде алған, азаматтардың жеке өмiрiн, ар-намысын және қадiр-қасиетiн қозғайтын мәлiметтердi құпия сақтауға және олардан, заңдарда көзделген жағдайларды қоспағанда, мұндай ақпарат берудi талап етпеуге;
11) мемлекеттiк меншiктiң сақталуын қамтамасыз етуге;
12) мемлекеттiк қызметшiнiң жеке мүдделерi оның өкiлеттiгінен түйiсетiн немесе қайшы келетiн жағдайларда, оларды тағайындауға құқығы бар лауазымды адамды дереу хабардар етуге;
13) қызметтiк міндеттерін тиiмдi атқару үшiн өзiнiң кәсiби деңгейi мен біліктiлiгiн арттыруға мiндеттi.
2. Мемлекеттiк қызметшiлердiң осы Заңда белгiленген негiзгi мiндеттерiнен туындайтын нақты мiндеттерi үлгi бiлiктiлiк талаптар негiзiнде айқындалады және тиiстi мемлекеттiк органдардың басшылары бекiтетiн қызметтiк нұсқаулықтарда көрсетiледi.

10-бап. Мемлекеттiк қызметте болуға байланысты
шектеулер

1. Мемлекеттiк қызметшiнiң:


1) өкiлдi органдардың депутаты және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшесi болуға;
2) педагогтiк, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтi қоспағанда, басқа да ақылы қызметпен айналысуға;
3) кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға, соның iшiнде, егер коммерциялық ұйымды басқаруға тiкелей қатысу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес оның қызметтiк мiндетiне кiрмейтiн болса, ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, коммерциялық ұйымды басқаруға қатысуға;
4) үшiншi тұлғалардың істерi бойынша өзi қызмет iстейтiн не өзiне тiкелей бағынысты немесе өзiнiң бақылауындағы мемлекеттік органда өкiл болуға;
5) өзiнiң қызметтiк iс-әрекетiн материалдық-техникалық, қаржылық және ақпараттық қамтамасыз ету құралдарын, басқа да мемлекеттiк мүлiк пен қызметтiк ақпаратты қызметтiк емес мақсатта пайдалануға;
6) ереуiлдердi қоса алғанда, мемлекеттiк органдардың қалыпты жұмыс iстеуiне және қызметтiк мiндеттердi орындауға кедергi келтiретiн әрекеттерге қатысуға;
7) лауазымдық өкiлеттiгiн орындауға байланысты азаматтар мен заңды тұлғалар көрсететiн қызметтi жеке мақсатына пайдалануға құқығы жоқ.
2. Мемлекеттiк қызметшi белгiленген тәртiпке және заңдарға сәйкес, қызметке кiргеннен кейiн бiр ай iшiнде мемлекеттiк қызмет өткеру уақытына өзiнiң меншiгiндегi коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталындағы үлестi (акциялар пакеттерiн) және осы адамдарға заңды тиесiлi ақшаны, сондай-ақ мүлiктiк жалға берілген өзге де мүлiктi қоспағанда, пайдалану табыс алуға әкеп соғатын өзге де мүлiктi сенiм бiлдiрiлген басқаруға беруге мiндеттi.
Мемлекеттiк қызметшiнiң сенiм бiлдiрiлген басқаруға берiлген мүлiктен, соның iшiнде сыйақы, дивидендтер, ұтыстар, мүлiктi жалға беруден және басқа да заңды көздерден түскен табыс нысанында табыс алуға құқығы бар.
3. Заңдарда көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк қызметшiге өзiнiң жақын туыстары ата-аналары, балалары, бала асырап алушылар, асырап алған балалар, ата-анасы бiр және ата-анасы бөлек аға-iнiлерi мен апа-сiңлiлерi, аталары, әжелерi, немерелерi) немесе ерi (зайыбы) атқаратын қызметке тiкелей бағынысты лауазым атқаруына болмайды.
3-1. Мемлекеттiк қызметшiлердiң жақын туыстары мен жекжаттарына (жұбайлардың аға-iнiлерiне, апа-сiңлiлерiне, ата-аналары мен балаларына) қатысты лауазымдық өкiлеттiктерiн жүзеге асыруына Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен шектеулер көзделуi мүмкiн.
4. Мемлекеттiк қызметке:
1) белгiленген тәртiппен әрекетке қабілетсiз немесе әрекетке қабiлетi шектеулi деп танылған;
2) сот белгiлi бiр мерзiм iшiнде мемлекеттiк лауазымдар атқару құқығынан айырған;
3) бiлiктiлiк талаптарында тиiстi қызметтердi атқару үшiн денсаулық жағдайына арнаулы талаптар белгiленген реттерде медициналық мекеменiң қорытындысына сәйкес лауазымдық өкiлеттiктi орындауға кедергi келтiретiн науқасы бар;
4) өзiнiң мәртебесiн және соған негізделген беделiн жеке басылық, топтық және өзге де қызметтiк емес мүдделерге пайдалануға алып келуi ықтимал әрекеттерге жол бермеу мақсатында өзiне заңмен белгiленген шектеулердi қабылдаудан бас тартқан;
5) мемлекеттiк қызметке кiрер алдында екi жыл iшiнде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы үшiн тәртiптiк жауапкершiлiкке тартылған;
6) мемлекеттiк қызметке кiрер алдында бiр жыл iшiнде қасақана құқық бұзушылығы үшiн сот тәртiбiмен әкiмшiлiк жаза қолданылған;
6-1) мемлекеттiк қызметке кiргенге дейiн үш жыл iшiнде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн сот тәртiбiмен әкiмшiлiк жаза қолданылған;
6-2) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған;
7) мемлекеттiк қызметке кiру уақытына өтелмеген немесе заңда белгiленген тәртiппен алынбаған соттылығы бар адамдарды қабылдауға болмайды.
5. Аталған мәлiметтердi табыс етпеу немесе бұрмалау мемлекеттiк қызметке қабылдаудан бас тарту үшiн негiз болып табылады.
Ескерту. 10-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.09.25. N 484, 2005.07.08. N 75 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

3-тарау. Мемлекеттік қызметке кіру


11-бап. Мемлекеттiк саяси қызметке кiру

Мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң мемлекеттiк қызметке кiруi тағайындау не сайлау негiзiнде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының


заңдарында белгiленген басқа да реттерде, тәртiп пен жағдайларда жүзеге асырылады.
Ескерту. 11-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.03.11. N 393 Заңымен.

12-бап. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметке кiру құқығы

1. Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға орналасуға құқығы бар.


Мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналасу, осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, конкурстық негізде жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналасуы ол тиісті бос тұрған лауазымға қойылатын біліктілік талаптарына сай келген жағдайда, мемлекеттік қызметшінің және уәкілетті органның немесе оның аумақтық бөлімшесінің келісімімен конкурстық іріктеусіз ауысу тәртібімен жүзеге асырылуы мүмкін.
Мемлекеттiк қызметшiнiң сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен алынбаған тәртіптiк жазасы болған жағдайда, мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға ауысу тәртiбiмен орналасуына жол берiлмейдi.
3. Өз өкiлеттiгiн доғарған, терiс себептермен доғарғандарын қоспағанда, және қойылатын бiлiктiлiк талаптарына сай келетiн Парламент депутаттарының, тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн мәслихат депутаттарының, мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң, судьялардың мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға конкурстық iрiктеусiз орналасу құқығы бар. Парламент депутаттарының, тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн мәслихат депутаттарының, мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң, судьялардың мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға орналасу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Президентi айқындайды.
4. Мемлекеттiк қызметке кiру кезiнде жынысына, нәсiлiне, қай ұлтқа жататынына, тiлiне, әлеуметтiк тегiне, мүлiктiк жағдайына, тұрғылықты жерiне, дiнге қатынасына, сенiмiне, қоғамдық бiрлестiктерге қатыстылығына және кез келген өзге де мән-жайларға қарай қандай да болсын тiкелей немесе жанама шектеулер белгілеуге жол берiлмейдi.
5. Осы Заңда белгiленген жағдайларды қоспағанда, конкурстық iрiктеуден өтпеген азаматтарды мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметке қабылдаған лауазымды адам осы Заңның 28-бабында белгiленген тәртiппен жауапқа тартылады.
Ескерту. 12-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.03.11. N 393, 2005.07.08. N 75 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

13-бап. Мемлекеттiк қызметке кiру кезiнде қойылатын
талаптар

1. Мемлекеттiк қызметке кiретiн адамдар мынадай талаптарға:


1) Қазақстан Республикасының азаматы болуға;
2) егер Республиканың заңдарында тиiстi лауазымдар жөнiнде өзгеше белгiленбесе, жасы он сегiз жастан кем болмауға;
3) қажеттi бiлiмi, кәсiби даярлық деңгейi болуға және белгіленген бiлiктiлiк талаптарына сәйкес келуге тиiс.
2. Азамат мемлекеттiк қызметке кiрген кезде салық қызметi органдарына өзi алған табысы мен өзiне меншiк құқығымен тиесiлi, салық салу объектiсi болып табылатын мүлкi туралы мәлiметтердi табыс етуге мiндеттi.
3. Мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға орналасу азаматтар мiндеттi арнайы тексеруден өткеннен кейiн жүзеге асырылады.
4. Мемлекеттiк саяси қызметке кiру үшiн қойылатын қосымша талаптарды Қазақстан Республикасының Президентi айқындайды.
5. Мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптарын мемлекеттік органдар лауазымдар санаттарына қойылатын үлгі біліктілік талаптары негізінде әзірлейді және бекітеді.
Ескерту. 13-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.03.11. N 393 Заңымен.

14-бап. Мемлекеттiк әкiмшілiк лауазымға орналасуға
арналған конкурс

1. Мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға орналасуға арналған конкурс Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттiк қызметке тең қол жеткiзу құқығын қамтамасыз етедi.


2. Мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға орналасуға арналған конкурсты өткiзудiң шарттары мен тәртiбiн, оның iшiнде конкурстық комиссия құру тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
3. Конкурсты бос лауазымдар бар мемлекеттік орган не Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі бойынша уәкілетті орган конкурс өткізу туралы мемлекеттік тілде және орыс тілінде хабарландыру жарияланғаннан кейін өткізеді.
Конкурс орталық мемлекеттік органдар мен олардың аумақтық бөлімшелерінде және ведомстволарда өткізілген кезде хабарландырулар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таралатын мерзімді баспасөз басылымдарында жарияланады. Жергілікті мемлекеттік органдарда конкурс өткізу туралы хабарландырулар тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағына таралатын мерзімді баспасөз басылымдарында жарияланады.
3-1. Егер конкурс белгілі бір жұмыс мерзімімен бос тұрған орынға өткізілетін болса, онда жасалғалы отырған еңбек шартының жағдайы конкурсты өткізу туралы хабарландыруда көрсетілуге тиіс.
4. Конкурсқа Қазақстан Республикасының барлық азаматтарының қатысуға құқығы бар.
5. Алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2003.03.11. N 393 Заңымен.
6. Конкурстық комиссияның шешiмi мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға орналасуға не мұндай лауазымға кiруге бас тартылуға негiз болып табылады.
7. Конкурстық комиссияның оң қорытындысын алған конкурсқа қатысушылардың мемлекеттiк әкiмшілiк лауазымға орналасуға құқығы бар.
8. Мемлекеттiк органның басшысы жарияланған лауазымға конкурстық комиссияның оң қорытындысын алған қатысушыны қабылдауға мiндеттi. Бұл орайда мемлекеттiк қызметке кiру үшiн заңдарда көзделген талаптар сақталуға тиiс.
9. Конкурстық комиссияның оң қорытындысын алмаған, бiрақ ол мемлекеттiк қызмет үшiн ұсынған конкурсқа қатысушылар уәкiлеттi орган және оның аумақтық бөлiмшелерi құратын кадрлар резервiне тiркелуi мүмкiн.
10. Кадрлар резервiне тiркелген конкурсқа қатысушылар оларды тiркеу күнiнен бастап бiр жыл iшiнде қосымша конкурстан өтпестен тиiстi мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға орналаса алады.
11. Конкурстық комиссияның шешiмiне Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен шағым жасауға болады.
Ескерту. 14-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2001.06.04. N 204, 2003.03.11. N 393, 2005.07.08. N 75 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

4-тарау. Мемлекеттік қызмет өткеру және қызметтік мансап



15-бап. Мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға кiру кезiндегi
сынақ

1. Мемлекеттiк әкiмшілік қызметке алғаш рет немесе қызметiн тоқтатқаннан кейiн жаңадан қабылданған, сондай-ақ жоғары дәрежелi санаттағы мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға қабылданған азамат үшiн үш айға дейiнгi мерзiмге сынақ белгіленуi мүмкiн.


2. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшi дәлелдi себептермен қызметте болмаған кезең сынақ мерзiмiне есептелмейдi.
3. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшi сынақ нәтижесi қанағаттанғысыз болған жағдайда уәкiлеттi органмен немесе оның аумақтық бөлiмшесiмен келiсе отырып, сынақ, мерзiмiнен өтпеген адам ретiнде жұмыстан шығарылуы мүмкiн.
4. Егер сынақ мерзiмi өтiп, мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшi мемлекеттiк қызметтi жалғастыра берсе, ол сынақтан өткен болып саналады және сынақ мерзiмi мемлекеттiк қызмет стажына есептеледi. Одан кейiнгi жұмыстан босатуға Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген негiздер бойынша ғана жол берiледi.
Ескерту. 15-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.03.11. N 393, 2005.07.08. N 75 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

16-бап. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердi
аттестаттау

Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлер олардың кәсiби даярлығы, құқықтық мәдениетi, азаматтармен жұмыс iстеу қабiлетi деңгейiн анықтау мақсатында аттестаттаудан өтедi. Мемлекеттiк органдарда кемiнде 20 жыл жұмыс стажы бар мемлекеттік әкiмшілік қызметшiлер тестiлеуге жатпайды. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердi аттестаттауды жүргiзудiң тәртiбi мен талаптарын уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Республика Президентi бекiтедi.


Ескерту. 16-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 75 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

17-бап. Жұмыс уақыты

1. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң жұмыс уақытының ұзақтығы осы Заңда көзделген ерекшелiктер ескерiле отырып, Қазақстан Республикасының еңбек заңдарына сәйкес белгiленедi.


2. Тұтас алғанда мемлекеттiк органның немесе оның жекелеген бөлiмшелерiнiң қалыпты (үздiксiз) жұмысы әрi қарай жедел атқарылуына байланысты болатын шұғыл және күнi бұрын болжанбаған жұмысты орындау үшiн орган басшысының жазбаша өкiмi бойынша жұмысы Республиканың еңбек заңдарына сәйкес өтелетiн, демалыс және мереке күндерi қызметке келуге мiндеттi жекелеген мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлер тартылуы мүмкiн.

18-бап. Iссапарлар кезiндегi кепiлдiктер мен өтемақылар

1. Мемлекеттiк қызметшілерге Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн тәртiппен қызметтiк, оның iшiнде шет мемлекеттерге, iссапарларға арналған шығындары өтеледi.


Мемлекеттiк қызметшілерге Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген iссапарда болған уақытына тәулікақы алуға, көздеген жерiне барып-қайту жөнiндегi шығындарға, тұрғын үй-жай жалдау жөнiндегi шығындарға кепiлдiктер мен құқығы тиесiлi болады.
2. Iссапарға жiберiлген мемлекеттiк қызметшілердiң iссапардың бүкiл уақыты бойы жұмыс орны (қызметi) мен орташа жалақысы сақталады.
Ескерту. 18-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.03.11. N 393 Заңымен.

18-1-бап. Ротация

Мемлекеттiк қызметте мемлекеттiк саяси қызметшiлердi ротациялау жүзеге асырылуы мүмкiн. Мемлекеттiк саяси қызметшiлердi ротациялаудың тәртiбi мен шарттарын уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi айқындайды.


Ескерту. 18-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 75 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

19-бап. Мемлекеттiк қызмет өткерудiң өзге де мәселелерi

Мемлекеттiк қызметтен өтудiң осы Заңмен реттелмеген өзге де мәселелерi Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен, уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Мемлекеттiк қызмет өткеру тәртібi туралы ережемен реттеледi.


Ескерту. 19-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.03.11. N 393 Заңымен.

20-бап. Мемлекеттiк қызметтің кадрлар резервi

1. Мемлекеттiк саяси және әкiмшiлiк лауазымдарға орналасу үшiн мемлекеттiк қызметтiң кадрлар резервi қалыптастырылады.


2. Кадрлар резервiн қалыптастыру және олармен жұмысты ұйымдастыру тәртiбi уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Мемлекеттiк қызметтiң кадрлар резервi туралы ережемен реттеледi.
Ескерту. 20-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 75 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

5-тарау. Мемлекеттік қызметшілерді қамсыздандыру


21-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердiң еңбегiне ақы төлеу

1. Мемлекеттiк қызметшiлердiң еңбегiне төленетiн ақы қызметтiк мiндеттерiн сөзсiз және тиянақты атқаруы үшiн жеткiлiктi материалдық жағдайды қамтамасыз етуге, мемлекеттiк органдарды бiлiктi және тәжiрибелi кадрлармен жасақтауға жәрдемдесуге, олардың адал да бастамашыл еңбегiн ынталандыруға тиiс.


2. Мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң еңбегiне ақы төлеу жүйесiн Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейдi.
Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң еңбегiне ақы төлеу Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Еңбекке ақы төлеудiң бiрыңғай жүйесi негiзiнде жүзеге асырылады.
3. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң жалақысы республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң қаржылары есебiнен не Ұлттық Банк қаржысынан төленедi.
Бюджет қаржысының қысқаруы жалақыны, сондай-ақ осы Заңда көзделген өзге де кепiлдiктердi, жеңiлдiктердi және өтемақыларды қаржыландыруды азайту үшiн негiз бола алмайды.
4. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң жалақысы мен оларға төленетiн басқа да төлемдер Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен индекстелуге тиiс.
Ескерту. 21-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.03.11. N 393 Заңымен.

22-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердiң демалысы

1. Мемлекеттiк қызметшiлерге сауықтыру үшiн екi лауазымдық айлықақысы мөлшерiнде жәрдемақы төленiп, ұзақтығы отыз күнтiзбелiк күнге ақы төленетiн жыл сайынғы демалыс берiледi.


2. Мемлекеттiк қызметшiлердiң қалауы бойынша жыл сайынғы ақы төленетiн демалыс оларға бөлiп-бөлiп берiлуi мүмкiн.
3. Мемлекеттiк қызметшiге жалақысы сақталмайтын демалыс берiлуi мүмкiн.
4. Мемлекеттiк қызметшiлер мемлекеттiк орган басшысының шешiмi бойынша жыл сайынғы немесе қосымша демалыстан шақыртылып алынуы мүмкiн. Пайдаланылмаған демалыстың қалған бөлiгi мемлекеттiк қызметшiге тиiстi жылдың басқа кез келген уақытында берiледi не келесi жылғы демалысына қосылады.
5. Мемлекеттік әкімшілік қызметші ауыстырылған жағдайда не мемлекеттік саяси қызметшінің басқа мемлекеттік лауазымға тағайындалуына байланысты, егер мемлекеттік қызметші бұрынғы жұмыс орнында демалысын пайдаланбаған болса, жаңа жұмыс орнындағы ақы төленетін жыл сайынғы демалысы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген мерзімі аяқталғанға дейін берілуі мүмкін.
Ескерту. 22-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.03.11. N 393 Заңымен.

23-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердi көтермелеу

1. Мемлекеттiк қызметшiлер лауазымдық мiндеттерiн үлгiлi орындағаны, мiнсiз мемлекеттiк қызметi, ерекше маңызды және күрделi тапсырмаларды орындағаны үшiн және жұмыстағы басқа да жетiстiктерi үшiн:


1) бiржолғы ақшалай сыйақы беру;
2) алғыс жариялау;
3) бағалы сыйлықтармен марапаттау;
4) сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген көтермелеудiң өзге де нысандары арқылы көтермеленуi мүмкiн.
2. Мемлекеттiк қызметшiлер ерекше еңбек сiңiргенi үшiн Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградаларымен марапатталады.

24-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердi әлеуметтiк
қорғау шаралары

1. Мемлекеттiк қызметшiлер Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiп бойынша тұрғын үймен қамтамасыз етіледi.


2. Тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж мемлекеттiк қызметшiлерге жеке тұрғын үй құрылысы үшiн жер учаскесi тегiн берiледi. Жер учаскесiн беру шарттарын Республика Үкiметi белгiлейдi.
3. Мемлекеттiк қызметшiлер және олармен бiрге тұратын отбасы мүшелерi белгiленген тәртiппен тиiстi мемлекеттiк денсаулық сақтау мекемелерiнде медициналық қызмет көрсетуді пайдаланады.
4. Мемлекеттік орган таратылған немесе қайта ұйымдастырылған жағдайда мемлекеттік әкімшілік қызметшілер жаңадан құрылған не басқа мемлекеттік органда өздерінің біліктілігіне сай жұмыспен қамтамасыз етіледі. Мемлекеттік әкімшілік қызметші жұмысқа орналасудан бас тартқан жағдайда, ол Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жұмыстан босатылады. Бұл орайда мемлекеттік органдарда кемінде үш жыл жұмыс стажы бар мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге төрт орташа айлық жалақысы мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысы төленеді.
Мемлекеттiк органның штаты (саны) қысқарған жағдайда мемлекеттiк қызметшiге мемлекеттiк органдардағы жұмыс стажы үш жылдан кем болмаған кезде төрт орташа айлық жалақысы мөлшерiнде шығу жәрдемақысын төлеу жүргiзiледi.
5. Мемлекеттiк қызметшi қайтыс болған жағдайда оның отбасы мүшелерiне мемлекеттiк органдағы соңғы қызмет орны бойынша үш орташа жалақысы мөлшерiнде бiржолғы жәрдемақы төленедi, бұл орайда жәрдемақының мөлшерi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленгеннен төмен болмауы керек.
Ескерту. 24-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.03.11. N 393 Заңымен.

25-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердi зейнетақымен және
әлеуметтiк қамсыздандыру

Мемлекеттiк қызметшiлердi зейнетақымен және әлеуметтiк қамсыздандыру Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.



6-тарау. Мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік қызметті тоқтатуы


26-бап. Мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң отставкаға
шығуы және қызметтен босатылуы

1. Отставка дегенiмiз мемлекеттiк саяси қызметшiнiң тиiстi мемлекеттiк лауазымдағы мiндеттерiн атқаруды тоқтатуы, ол оның жазбаша арызы негiзiнде жүзеге асырылады.


2. Отставканы мемлекеттiк саяси қызметшiнi осы лауазымға тағайындаған (сайлаған) мемлекеттiк орган немесе лауазымды адам қабылдайды немесе одан дәлелдi бас тартылады. Отставканы қабылдау немесе одан бас тартылу туралы шешiм жазбаша арыз берiлген күннен бастап бiр ай мерзiмде қабылданады. Саяси қызметшi отставкадан бас тартылған жағдайда қызметтiк өкілеттiгiн атқаруды жалғастыруға тиiс және оның Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен қызметтен босауға құқығы бар.
3. Мемлекеттiк саяси қызметшiлер Конституцияда, осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгiленген негiздер мен тәртiп бойынша отставкаға шығады.
4. Лауазымдық өкiлеттiгiн өрескел бұзу, мемлекеттiк қызметте болуға лайықсыз қылықтар жасау мемлекеттiк саяси қызметшiнiң отставкаға шығуы үшiн негiз бола алмайды, қайта жұмыстан босату үшiн негiз болады. Мемлекеттiк саяси қызметшiлердi қызметтен босатудың негiздерi мен тәртiбiн Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейдi.
5. Осы Заңның 7-бабының 2-тармағында аталған лауазымды адамдар отставкаға шығу құқығы бар лауазымды адамдар және отставкаға шығуға мiндеттi лауазымды адамдар болып табылады.
Ескерту. 26-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.03.11. N 393 Заңымен.

27-бап. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң
мемлекеттiк қызметтi тоқтатуының негiздерi

1. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң мемлекеттiк қызметтi тоқтатуы үшiн:


1) олардың өз тiлегi бойынша жұмыстан босату туралы арыз беруi;
1-1) тараптардың өзара келісуі бойынша мерзімді еңбек шартын жасасу жолымен олардың мемлекеттік қызметте болу мерзімін бір жылға ұзарту құқығымен Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген зейнеткерлік жасқа толуы;
2) келiсiм-шарт мерзiмiнiң бiтуi не Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген негiздер бойынша келiсiм-шарттың бұзылуы;
3) мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң өз табысы мен мүлкi туралы көрiнеу жалған мәлiмет беруi;
4) осы Заңда белгiленген мiндеттер мен шектеулердi сақтамауы;
5) меншiк құқығымен тиесiлi мүлiктi сенiм бiлдiрiлген басқаруға бермеуi;
6) Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтуы;
7) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығын жасауы;
7-1) соттың айыптау үкiмiнің заңды күшіне енуi;
8) осы Заңда белгiленген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк
әкiмшiлiк лауазымды конкурстан тыс атқаруы;
9) аттестаттаудың терiс нәтижелерi;
10) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де негіздемелер негіз болып табылады.
2. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердi босатуды мемлекеттiк органның мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға қабылдауға құқығы бар тиiстi лауазымды адамы Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүргiзедi.
3. Қызметтен заңсыз босатылған жағдайда мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiнiң уәкiлеттi органға шағымдануға, сондай-ақ өзiнiң құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға құқығы бар.
4. Мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң ауысуы мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшілердiң жаңадан тағайындалған мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң бастамасы бойынша атқарып отырған лауазымдағы мемлекеттiк қызметтi тоқтатуы үшiн негiз бола алмайды.
Ескерту. 27-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.03.11. N 393, 2005.07.08. N 75 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

7-тарау. Мемлекеттік қызмет туралы заңдарды бұзу үшін жауаптылық



28-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердiң жауаптылығы

1. Мемлекеттiк қызметшiлердiң өзiне жүктелген мiндеттердi орындамағаны және тиiсiнше орындамағаны, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны, лауазымдық өкiлеттiгiн асыра пайдаланғаны, мемлекеттiк және еңбек тәртiбiн бұзғаны үшiн, сондай-ақ осы Заңда белгiленген, мемлекеттiк қызметте болуға байланысты шектеулердi сақтамағаны үшiн мемлекеттiк қызметшiге тәртiптiк жазалар:


1) ескерту;
2) сөгiс;
3) қатаң сөгiс;
4) қызметке сәйкес еместiгi туралы ескерту;
5) атқаратын қызметiнен босату қолданылуы мүмкiн.
2. Тәртiптiк жазаны:
1) лауазымдық өкiлеттiгiне сәйкес осындай құқығы бар адамдар қолданады;
2) жасағаны үшiн Қазақстан Республикасының заңында өзгедей жауаптылық көзделген әрекет үшiн қолдануға болмайды;
3) Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленетiн тәртiппен қолданады.
3. Тәртiптiк лайықсыз әрекетке жол берген мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiнi оны тағайындаған басшы белгiленген тәртiппен жауаптылығы туралы мәселе шешiлгенге дейiн лауазымдық мiндеттерiн атқарудан уақытша шеттетуi мүмкiн.
4. Мемлекеттiк қызметшi өз iс-әрекетiнiң заңсыздығы үшiн жауап бередi. Атқару үшiн алынған өкiмнiң заңдылығына күмәнданған жағдайда бұл жөнiнде ол өзiнiң тiкелей басшысына және өкiмдi берген басшыға жазбаша нысанда дереу хабарлауға тиiс. Лауазымы бойынша жоғары тұрған басшы аталған өкiмдi жазбаша растаған жағдайда мемлекеттiк қызметшi, егер оны орындау қылмыстық жазалануға тиiс әрекеттерге әкеп соқпайтын болса, оны орындауға мiндеттi. Мемлекеттiк қызметшiнiң заңсыз өкiмдi орындауының салдары үшiн осы өкiмдi растаған басшы жауап бередi.
5. Мемлекеттiк қызметшiлер қылмыс және өзге де құқық бұзушылықтар жасаған жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген негіздер мен тәртiп бойынша тиiсiнше қылмыстық, әкiмшiлiк, материалдық жауапты болады.
Ескерту. 28-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2003.03.11. N 393, 2003.09.25. N 484 Заңдарымен.

28-1-бап. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды
және сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын
құқық бұзушылықтарды жасағаны үшiн тәртiптiк
жаза қолдану мерзiмдерi

1. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды немесе сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылықтарды жасағаны үшiн тәртiптік жаза терiс қылық анықталған күннен бастап үш айдан кешiктiрiлмей қолданылады және жазаны терiс қылық жасалған күннен бастап бiр жылдан кешiктiрiп қолдануға болмайды.


2. Қылмыстық iс қозғаудан бас тартқан не қылмыстық iстi қысқартқан жағдайда, бiрақ адамның әрекеттерiнде сыбайлас жемқорлық тәртiптiк терiс қылық белгiлерi болған кезде, тәртiптiк жаза қылмыстық iс қозғаудан бас тарту не оны қысқарту туралы шешiм қабылданған күннен бастап үш айдан кешiктiрiлмей қолданылуы мүмкiн.
Ескерту. 28-1-баппен толықтырылды- Қазақстан Республикасының 2003.09.25. N 484 Заңымен.

29-бап. Мемлекеттiк қызметшiлер құқықтарының оларды
тәртiптiк жауапқа тарту кезiндегi кепiлдiгi

1. Мемлекеттiк қызметшi өзiн тәртiптiк жауапқа тартуға байланысты барлық материалдармен таныстырылуға мiндеттi.


2. Жауапқа тартылушы мемлекеттiк қызметшiлер мемлекеттiк органның немесе лауазымды адамның iс-әрекетi мен шешiмдерiне уәкiлеттi орган белгілеген тәртiппен не сотқа шағым жасай алады.

8-тарау. Қорытынды ережелер


30-бап. Осы Заңның күшіне енгізілу тәртібі

Осы Заң 2000 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енгізіледі.



Қазақстан Республикасының
Президенті

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет