Мемлекеттiк кәсiпорынның басшысын тағайындау және аттестаттау, сондай-ақ оның кандидатурасын келiсу қағидаларын бекiту туралы



Дата23.02.2016
өлшемі109.74 Kb.
#9628
Мемлекеттiк кәсiпорынның басшысын тағайындау және аттестаттау, сондай-ақ оның кандидатурасын келiсу қағидаларын бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2011 жылғы 18 қарашадағы № 1353 Қаулысы


"Егемен Қазақстан" 2011 жылғы 29 желтоқсандағы № 660-665 (27057)

      «Мемлекеттiк мүлiк туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы Заңының 139-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:


      1. Қоса берiлiп отырған Мемлекеттiк кәсiпорынның басшысын тағайындау және аттестаттау, сондай-ақ оның кандидатурасын келiсу қағидалары бекiтiлсiн.
      2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiнiң күшi жойылды деп танылсын.
      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

Қазақстан Республикасы


Үкiметiнiң    
2011 жылғы 18 қарашадағы
№ 1353 қаулысымен
бекiтiлген   

Мемлекеттiк кәсiпорынның басшысын тағайындау және
аттестаттау, сондай-ақ оның кандидатурасын келiсу қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қағидалар «Мемлекеттiк мүлiк туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы Заңына сәйкес әзiрлендi және Қазақстан Республикасының Президентi қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын жекелеген мемлекеттiк бiлiм беру кәсiпорындарының бiрiншi басшыларын қоспағанда, мемлекеттiк кәсiпорынның (бұдан әрi - кәсiпорын) басшысын конкурстық iрiктеу, тағайындау және аттестаттау тәртiбiн регламенттейдi.


      2. Кәсiпорынның басшысын конкурстық iрiктеудi, тағайындауды және аттестаттауды, оның кандидатурасын келiсудi тиiстi саланың уәкiлеттi органдары (жергiлiктi атқарушы органдар) жүргiзедi.
      3. Мемлекеттiк кәсiпорын басшысының кандидатурасын келiсу байқау кеңесi бар шаруашылық жүргiзу құқығындағы мемлекеттiк кәсiпорындарда жүзеге асырылады.

2. Мемлекеттiк кәсiпорынның басшысын тағайындау тәртiбi

      4. Кәсiпорын басшысының қызметiне кандидатураларды iрiктеу кезiнде қойылатын негiзгi талаптар мыналар болып табылады:


      1) қажеттi бейiнi бойынша жоғары бiлiмiнiң және тиiстi саланың уәкiлеттi органы (жергiлiктi атқарушы орган) бекiткен бiлiктiлiк талаптарына сәйкес келетiн кәсiби даярлық деңгейiнiң болуы;
      2) мамандығы бойынша экономика саласы кәсiпорнының бейiнiне сәйкес басшы лауазымдарда кемiнде 5 жыл жұмыс өтiлiнiң болуы.
      5. Конкурсқа мынадай тұлға қатыса алмайды:
      1) он сегiз жасқа толмаған;
      2) бұрын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған;
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар;
      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да жағдайлар.
      6. Тиiстi саланың уәкiлеттi органы (жергiлiктi атқарушы орган):
      1) конкурсты өткiзу туралы шешiм қабылдайды;
      2) конкурсты өткiзу шартын, күнi мен орнын анықтайды;
      3) конкурстық комиссияны (бұдан әрi - Комиссия) қалыптастырады,
тиiстi саланың уәкiлеттi органы өкiлдерiнiң арасынан Комиссия төрағасын және Комиссия хатшысын тағайындайды.
      7. Комиссия мүшелерiнiң саны тақ санды, кемiнде бес адамды құрайды.
      8. Комиссия мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      1) конкурстық құжаттаманы дайындайды;
      2) тиiстi кәсiпорынның қаражаты есебiнен конкурс өткiзу туралы
хабарландыру жариялауды қамтамасыз етедi;
      3) конкурсқа қатысу үшiн ұсынылған құжаттарды қабылдауды, тiркеудi және сақтауды жүргiзедi;
      4) конкурстың қорытындылары бойынша тиiстi саланың уәкiлеттi органына (жергiлiктi атқарушы органға) шешiмдi енгiзедi.
      9. Республикалық, облыстық және аудандық кәсiпорын басшысының қызметiн атқаруға конкурс өткiзу туралы хабарландыру ресми республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ уәкiлеттi органның (жергiлiктi атқарушы органның) интернет-сайтында мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде конкурс өткiзiлетiн күнге дейiн күнтiзбелiк он бес күн бұрын жарияланады.
      10. Конкурс өткiзу туралы хабарландыру мынадай мәлiметтердi қамтуы тиiс:
      1) конкурс өткiзiлетiн күнi мен орны;
      2) орналасқан орнын, пошталық мекенжайын, телефонын көрсете отырып, кәсiпорынның атауы, оның негiзгi қызметiнiң қысқаша сипаттамасы;
      3) конкурсқа қатысушыларға қойылатын талаптар;
      4) конкурсқа қатысу туралы өтiнiштердi беру мерзiмi;
      5) бұқаралық ақпарат құралдарында конкурс өткiзу туралы хабарландыру орналастырылған күннен бастап айқындалатын конкурсқа қатысуға ниет бiлдiрген тұлғалардан құжаттар қабылдау басталған күн. Конкурсқа қатысуға ниет бiлдiрген тұлғалардың құжаттарын қабылдау бұқаралық ақпарат құралдарында конкурс өткiзу туралы хабарландыру жарияланған күннен бастап күнтiзбелiк он бес күн еткеннен кейiн аяқталады.
      11. Конкурсқа қатысуға ниет бiлдiрген тұлға конкурс өткiзу туралы хабарландыруда көрсетiлген мерзiмде Комиссияға мынадай құжаттарды ұсынады:
      1) конкурсқа қатысу туралы өтiнiш;
      2) мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде түйiндеме;
      3) еркiн нысанда жазылған өмiрбаян;
      4) бiлiмi туралы құжаттардың көшiрмелерi;
      5) еңбек кiтапшасының (ол болған кезде) немесе еңбек шартының көшiрмесi не соңғы жұмыс орнынан жұмысқа қабылданғаны және еңбек шартының тоқтатылғаны туралы бұйрықтардың көшiрмелерi;
      6) денсаулығы туралы белгiленген нысандағы анықтама.
      Конкурсқа қатысушы өзiнiң бiлiмiне, жұмыс стажына, кәсiби даярлық деңгейiне қатысты қосымша ақпаратты (бiлiктiлiгiн арттыру, ғылыми дәрежелер мен атақтар беру, ғылыми жарияланымдар, бұрынғы жұмыс орнының басшылығынан ұсынымдар туралы құжаттардың көшiрмелерi және т.с.) беруiне болады.
      12. Осы Қағидалардың 11-тармағында көрсетiлген барлық құжаттар болған, сондай-ақ тұлға осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келген кезде Комиссия құжаттар қабылдау аяқталған күннен бастап бес жұмыс күнi iшiнде құжаттар тапсырған тұлғаны конкурсқа қатысуға жiберу туралы шешiм қабылдайды. Конкурсқа қатысуға жiберiлген тұлғалардың тiзiмi Комиссия хаттамасымен бекiтiледi.
      13. Конкурсқа қатысуға жiберiлген тұлғалардың тiзiмi бекiтiлгеннен кейiн Комиссия конкурсқа қатысушылар ұсынған құжаттарды зерделейдi және күнтiзбелiк он күн iшiнде конкурсқа қатысушылармен әңгiмелесу өткiзедi.
      14. Комиссия конкурсқа қатысушылармен әңгiмелесу өткiзу кезiнде мемлекеттiк кәсiпорын қызметi саласындағы қатынастарды реттейтiн Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiн бiлуiн тексередi.
      Сондай-ақ тиiстi саланың уәкiлеттi органы (жергiлiктi атқарушы орган) бекiткен тиiстi кәсiпорын басшысының бiлiктiлiк талаптары мен лауазымдық нұсқаулығының негiзiнде конкурсқа қатысушылардың кәсiби бiлiмi анықталады.
      15. Комиссияның шешiмi Комиссия мүшелерiнiң жалпы санының қарапайым көпшiлiк ашық дауыс беруiмен қабылданады. Дауыстар тең болған кезде Комиссия төрағасының дауысы шешушi болып табылады. Комиссия отырысы Комиссия мүшелерiнiң жалпы санының үштен екiсi қатысқан кезде заңды болып саналады.
      Комиссия мүшелерiнiң ерекше пiкiрге құқығы бар, ол бiлдiрiлген жағдайда жазбаша түрде мазмұндалып және Комиссия хаттамасына қоса тiркелетiн.
      Талқылау барысы және Комиссия қабылдаған шешiм Комиссияның барлық мүшелерi мен Комиссия хатшысы қол қоятын хаттама түрiнде ресiмделедi.
      Комиссия отырысының хаттамасын ресiмдеудi Комиссия хатшысы жүзеге асырады.
      16. Егер конкурсқа қатысуға осы Қағидаларда белгiленген талаптарға сәйкес келетiн екi үмiткерден кем конкурстық өтiнiм ұсынылса немесе конкурстық өтiнiмдер түспесе немесе қайтарылып алынса, сондай-ақ конкурс нәтижесiнде Комиссия кандидаттарды анықтамаса, конкурстық комиссия конкурсты өтпедi деп таниды және қайта конкурс өткiзу туралы шешiм қабылдайды.
      17. Комиссия отырысын өткiзу кезiнде бейне немесе аудио жазу жүзеге асырылады.

2.1. Шаруашылық жүргiзу құқығындағы мемлекеттiк кәсiпорын
басшысының кандидатурасын келiсу

      18. Байқау кеңесi бар шаруашылық жүргiзу құқығындағы мемлекеттiк кәсiпорындарда тиiстi саланың уәкiлеттi органы (жергiлiктi атқарушы орган) Комиссия шешiмдерiнiң негiзiнде мемлекеттiк кәсiпорынның басшысын тағайындау мәселесi жөнiнде ұсынысты байқау кеңесiне келiсуге енгiзедi.


      19. Шаруашылық жүргiзу құқығындағы мемлекеттiк кәсiпорынның байқау кеңесi тиiстi саланың уәкiлеттi органы (жергiлiктi атқарушы орган) мемлекеттiк кәсiпорын басшысының кандидатурасын енгiзген күннен бастап он жұмыс күнi iшiнде ұсынылған кандидатураны келiседi.
      20. Байқау кеңесi ұсынылған кандидатура бойынша терiс шешiм қабылдаған жағдайда тиiстi саланың уәкiлеттi органы (жергiлiктi атқарушы орган) кәсiпорын басшысын таңдау бойынша қайта конкурс өткiзедi. Байқау кеңесi тиiстi саланың уәкiлеттi органы (жергiлiктi атқарушы орган) ұсынған мемлекеттiк кәсiпорын басшысының кандидатурасын көп дегенде екi рет келiспеуге құқылы.

2.2. Басшыны қызметке тағайындау

      21. Комиссияның оң шешiмiн алған конкурсқа қатысушымен және осы Қағидалардың 2.1-кiшi бөлiмiнде көзделген шаруашылық жүргiзу құқығындағы мемлекеттiк кәсiпорынның байқау кеңесiнiң келiсуi қажет болған жағдайларда тиiстi саланың уәкiлеттi органының (жергiлiктi атқарушы органның) басшысы еңбек шартын (бұдан әрi - Шарт) жасасады және кәсiпорынның басшысы танысуы тиiс қызметке тағайындау туралы бұйрық шығарады.


      Сонымен бiр мезгiлде Комиссияның оң шешiмiн алған конкурсқа қатысушы және осы Қағидалардың 2.1-кiшi бөлiмiнде көзделген шаруашылық жүргiзу құқығындағы мемлекеттiк кәсiпорынның байқау кеңесiнiң келiсуi қажет болған жағдайларда «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 2 шiлдедегi Заңына сәйкес:
      1) тиiстi саланың уәкiлеттi органының (жергiлiктi атқарушы органның) кадр қызметiне өзiнiң мәртебесiн және оған негiзделген беделiн жеке, топтық және қызметтiк емес мүдделерге пайдалануға әкелуi мүмкiн iс-қимылдарға жол бермеу мақсатында шектеулердi қабылдауға жазбаша келiсiмiн;
      2) тұрғылықты жерi бойынша салық органына:
      табысы туралы декларацияны;
      көрсетiлген мүлiктiң бағалау құны мен орналасқан жерiн көрсете отырып, салық салу объектiсi болып табылатын, оның iшiнде Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлердегi мүлкi туралы декларацияны;
      мыналар:
      банк мекемесiн көрсете отырып, банк мекемелерiндегi салымдар туралы және бағалы қағаздар туралы, оның iшiнде Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлердегi бағалы қағаздар туралы, сондай-ақ осы тұлғалар жеке немесе басқа тұлғалармен бiрлесiп иелiк етуге құқылы қаржы қаражаты туралы;
      жарғылық капиталдағы қатысу үлесiн және көрсетiлген ұйымдардың толық банктiк және өзге де деректемелерiн көрсете отырып, акционер немесе заңды тұлғалардың құрылтайшысы (қатысушысы) ретiнде өзiнiң тiкелей немесе делдалдық қатысуы туралы;
      егер тұлға немесе оның зайыбы (жұбайы) осы трасттардың бенефициары болса, тиiстi банктiк шоттардың нөмiрлерiн көрсете отырып, трасттар мен олар тiркелген мемлекеттер;
      тұлғаға немесе зайыбына (жұбайына) тиесiлi, айлық есептiк көрсеткiштiң бiр мың еселенген мөлшерiнен асатын мөлшердегi материалдық немесе қаржылық қаражатты ұстау немесе уақытша сақтау жөнiндегi тұлғамен шарттық қатынастары, келiсiмдерi мен мiндеттемелерi (оның iшiнде ауызша) бар басқа ұйымдардың атаулары мен деректемелерi туралы мәлiметтердi беруi қажет.
      22. Шарт тараптардың келiсiмiмен анықталатын кемiнде бiр жыл мерзiмге жасалады. Қолданылу мерзiмi аяқталғаннан кейiн Шарт тараптардың келiсiмi бойынша ұзартылуы немесе жаңа мерзiмге жасалуы мүмкiн.
      Шартта сынақ мерзiмi белгiленедi. Сынақ мерзiмi аяқталғаннан кейiн кәсiпорын басшысының атқарып отырған лауазымға сәйкессiздiгi анықталған жағдайда, Шартты тиiстi саланың уәкiлеттi органы (жергiлiктi атқарушы орган) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының талаптарына сәйкес бұза алады.
      23. Мемлекеттiк кәсiпорынның басшысымен еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының Еңбек кодексiне сәйкес:
      республикалық мемлекеттiк кәсiпорын - тиiстi саланың уәкiлеттi органымен;
      коммуналдық мемлекеттiк кәсiпорын - жергiлiктi атқарушы органмен еңбек шартын жасасуы арқылы ресiмделедi.
      Еңбек шартында Қазақстан Республикасының Еңбек кодексiнде белгiленген талаптардан басқа, мемлекеттiк кәсiпорын басшысының:
      таза табыстың белгiленген бiр бөлiгiнiң бюджетке уақтылы аударылуы;
      қаржы-шаруашылық қызметiнiң қанағаттанарлықсыз нәтижелерi;
      мемлекеттiк мүлiктi пайдалану кезiндегi заңсыз әрекеттерi;
      мемлекеттiк мүлiктiң тiзiлiмiне ақпараттың уақтылы және сапалы берiлуi;
      сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет етуге бағытталған шаралар қабылдамағаны үшiн жауапкершiлiгi айқындалады.
      24. Шарт Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес бұзылуы мүмкiн.
      25. Байқау кеңесi бар шаруашылық жүргiзу құқығындағы мемлекеттiк кәсiпорындарда тиiстi саланың уәкiлеттi органы (жергiлiктi атқарушы орган) кәсiпорын басшысымен шартты бұзу мәселесiн алдын ала байқау кеңестерiмен келiседi.

3. Аттестаттау жүргiзу тәртiбi

      26. Аттестаттау кезiнде бағалаудың негiзгi өлшемi кәсiпорын басшысының өзiне жүктелген мiндеттердi орындау қабiлетi болып табылады.


      27. Кәсiпорынның басшысы кәсiпорын басшысы қызметiнде болған әрбiр келесi үш жыл өткеннен кейiн аттестаттаудан өтедi.
      Бұл ретте аттестаттау көрсетiлген мерзiм басталған күннен бастап алты айдан кешiктiрiлмей өткiзiледi.
      28. Тиiстi саланың уәкiлеттi органының (жергiлiктi атқарушы органның) басшысы аттестаттау өткiзу мерзiмдерi және аттестаттау комиссиясының құрамы, сондай-ақ оның жұмыс кестесi бекiтiлетiн бұйрық шығарады.
      Аттестаттау комиссиясының құрамына тиiстi саланың уәкiлеттi органының (жергiлiктi атқарушы органның) құрылымдық бөлiмшелерiнiң, кадр және заң қызметтерiнiң басшылары енгiзiледi.
      Комиссия мүшелерiнiң саны тақ санды, кемiнде бес адамды құрайды.
      Аттестаттау комиссиясы мүшелерiнiң арасынан төраға, хатшы тағайындалады.
      29. Тиiстi саланың уәкiлеттi органының (жергiлiктi атқарушы органның) кадр қызметi кәсiпорынның аттестатталатын басшысын аттестаттау өткiзу күнiне дейiн бiр айдан кешiктiрмей оны өткiзу мерзiмi туралы жазбаша хабардар етедi.
      30. Кәсiпорынның аттестатталатын басшысына кадр қызметi тиiстi саланың уәкiлеттi органының (жергiлiктi атқарушы органның) құрылымдық  бөлiмшiлерiмен бiрлесiп, кәсiпорын басшысының кәсiби, жеке басының қасиеттерi негiзделген бағалауын, қызметiнiң нәтижелерiн қамтитын қызметтiк мiнездеме ресiмдейдi.
      31. Кадр қызметi кәсiпорынның аттестатталатын басшысын аттестаттау коммиссиясының отырысына дейiн күнтiзбелiк жиырма күннен кешiктiрiлмейтiн мерзiмде оған берiлген қызметтiк мiнездемемен таныстыруға мiндеттi.
      32. Кәсiпорынның аттестатталатын басшысына тиiстi саланың уәкiлеттi органының (жергiлiктi атқарушы органның) кадр қызметi аттестаттау комиссиясының бекiтiлген шешiмi енгiзiлетiн аттестаттау парағын ресiмдейдi.
      33. Кадр қызметi аттестаттау комиссиясына аттестаттау материалдарын жiбередi.
      34. Аттестаттау әңгiмелесу нысанында жүргiзiледi. Аттестаттау комиссиясының отырысы, егер оған оның құрамының кемiнде үштен екiсi қатысқан кезде, заңды деп саналады.
      Дауыс беру нәтижелерi комиссия мүшелерiнiң көпшiлiк дауысымен анықталады. Дауыстар тең болған кезде, комиссия төрағасының дауысы шешушi болып табылады.
      Аттестаттау комиссиясының шешiмi оның отырысына қатысқан аттестаттау комиссиясының мүшелерi және хатшысы қол қоятын хаттамамен ресiмделедi.
      Аттестаттау комиссиясының мүшелерiнiң ерекше пiкiрге құқығы бар, ол бiлдiрiлген жағдайда жазбаша түрде мазмұндалып және Комиссия хаттамасына қоса тiркеледi.
      35. Комиссия отырысына дәлелдi себептермен қатыспаған кәсiпорынның аттестатталатын басшысы аттестаттаудан жұмысқа шыққаннан кейiн өтедi.
      Комиссияның отырысына аттестатталатын басшы дәлелсiз себептермен келмеген жағдайда, аттестаттау комиссиясы мiнездеменiң негiзiнде оның қатысуынсыз аттестаттауды өткiзу туралы шешiм қабылдауға құқылы.
      36. Аттестаттау комиссиясы ұсынылған материалдарды зерделегеннен және аттестатталатын басшымен әңгiмелесуден кейiн мынадай шешiмдердiң бiрiн қабылдайды:
      1) атқаратын қызметiне сәйкес келедi;
      2) қайта аттестаттауға жатады;
      3) атқаратын қызметiне сәйкес келмейдi.
      37. Комиссия отырысын өткiзу кезiнде бейне немесе аудио жазу жүзеге асырылады.
      38. Аттестаттау комиссиясының атқаратын қызметке сәйкес келмеуi туралы шешiм қабылдауы аттестаттаудың терiс нәтижесi болып табылады.
      39. Аттестаттау комиссиясының шешiмi ашық немесе құпия дауыс берумен қабылданады. Дауыс беру тәсiлi аттестаттау комиссиясының қалауы бойынша таңдап алынады.
      40. Қайта аттестаттау осы Қағидаларда айқындалған тәртiппен бастапқы аттестаттау өткiзiлген сәттен бастап алты айдан кейiн өткiзiледi. Аттестаттау комиссиясы қайта аттестаттауды өткiзе отырып, мынадай шешiмдердiң бiрiн қабылдайды:
      1) атқаратын қызметiне сәйкес келедi;
      2) атқаратын қызметiне сәйкес келмейдi.
      41. Кәсiпорынның аттестатталатын басшысы аттестаттау комиссиясының шешiмiмен танысады.
      42. Аттестаттау комиссиясының шешiмдерiн бiр ай мерзiмде тиiстi саланың уәкiлеттi органының (жергiлiктi атқарушы органның) басшысы бекiтедi.
      43. Тиiстi саланың уәкiлеттi органының (жергiлiктi атқарушы органының) басшысы бекiткен аттестаттаудың терiс нәтижелерi кәсiпорын  басшысымен еңбек қатынастарын тоқтату үшiн негiздеме болып табылады.

4. Қорытынды ережелер

      44. Кәсiпорын басшысы қызметiнiң бос орнына орналасуға конкурс өткiзу, оны тағайындау және аттестаттау кезiнде туындайтын даулар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен қаралады.

      Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң     
2011 жылғы 18 қарашадағы
№ 1353 қаулысымен
қосымша      

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң күшi жойылған кейбiр
шешiмдерiнiң тiзбесi

      1. «Мемлекеттiк кәсiпорындардың басшыларын тағайындау және аттестаттау ережесiн бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2003 жылғы 10 шiлдедегi № 685 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2003 ж., № 29, 287-құжат);


      2. «Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2003 жылғы 10 шiлдедегi № 685 қаулысына толықтыру енгiзу туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2006 жылғы 19 қыркүйектегi № 881 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2003 ж., № 29, 379-құжат);
      3. «Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2007 жылғы 30 сәуiрдегi № 352 қаулысымен бекiтiлген Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне енгiзiлетiн өзгерiстер мен толықтырулардың 13-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 13, 157-құжат);
      4. «Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2003 жылғы 10 шiлдедегi № 685 қаулысына өзгерiстер енгiзу туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2009 жылғы 23 маусымдағы № 976 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2009 ж., № 31, 287-құжат).

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет