«Мен дүниеде өз жұртымнан асқан
ел бар деп танымаймын»
Қазыбек бек
(1692-1776)
А Т А Ш Е Ж І Р Е
(Үзіеді)
Әлхисса. Үшбу жазуды менің туған-туысқандарым, болашақ ұрпақ, үрім-бұтақтарым сендерге арнаймын.
Мен, Шапырашты тайпасының Асыл руынан шыққан Тауасар бидің баласы Қазыбек бек, осы жазбалармен айналысып отырғанда, ерігіп отырмадым. Ажал есігімді қағып тұр. Сондықтан да мен бұл жазбаны қазіргі хат танитындар сияқты парсышылап, ноғайшылап, Қазан-Өпешілеп жатқым келмеді. Олар білген аят-хадисті мен де білемін және оны көп адамнан артық білемін. Құдайдың құдіретін жақсы ұққан құлдың бірі-мен. Бірақ құдайға қатты сенгенмен, одан бергі ғафил (ілімсіз) адамдардың қолдан жасайтын шариғатына бас ие алмаған сорлымын. Бес уақыт намаз оқып, құдайдың мазасын алған жан емеспін, бірақ пәк жүрдім, мөлдір ғұмыр кештім.
Мен осы китапты жазғанда білімім болса да, ол тасып төгіліп, арты- лып бара жатқандықтан жазған пенде емеспін. Мен көзіммен көргенімді ғана, анық білген, айғақты айнытпай көрген нәрселерімді қағазға түсірмек болдым. Ондағы ойым қазіргі жуан ағаш өсіп, өркендеп, бұтағын, берегін, бостанын таратқанда, шыбық ұшы арғы ата-бабасын, жеті ата, жетпіс жеті пұстысын, түп-тұқианынан хабардар болсын, Майқы атам айтқандай, біреулер үрім-бұтағымызды «жеті атасын білмеген жетесі жоқ неме» демесі үшін, осы жазбаны қалдырдым. Сондықтан да мен оны Ғалішер Науоиша және жалайыр Қыдырғали атамша өзіміздің жалпақ тілімізде жазып, жалпыға ұғындырғым келді. Яғни «Жәмиғат-Тауарихша» кеттім. Азды-көпті жазған жазбаларымды менің ұрпағым оқыса, өткен күннен бірер сөз білсе, мен өз тілегім ақталды деп жасағанға шүкіршілік етпекпін. Мен өзімнен бұрынғы қазақ жерінде жасаған Елсау бидің немересі Албанның Қас-Қажыл тұқымы, Баласағұнда ғұмыр сүрген Жүсіп бабаша ескішілемедім. Бір сөз болса да елім ұқсын, білсін деп едім. Бәлкім, менің ол ұлық адамдарға өз тілін пайдаланбағанына ренжуім орынсыз да болар. Олардың әруағына бас иіп, тәжім, тәуап етемін, жаны жәннатта болсын, дегенмен өз тілімде сөйлегеніме не жетсін дедім. Сондықтан да Қыдырғали атамша кеттім. Оның үстіне Махмуд бабаның: «Қасірет-мұңын түсіндіріп, шағыну үшін түркілерге өз тілінде сөйлеуден жақсы жол жоқ»,- дегені де бар еді.* Егер ғұмырым төрт-бес айға созылса, онда осы бір нәманы ағайын-туған жадына сақтап жүрер жағдаят болса, мен, міне құдай, басқа ештемені армандамай о дүниенің босағасын ашармын деп ойлаймын.
* * *
Мен жазудан, сызудан аузы күйген адаммын. Жазбаларымды талай жоғалтып алып, аласұрған кездерім де өте көп болды. Өйткені мазасыз, шабыншылық заман, соғыс үстінде алендіктің қара көлеңкелі кезінде алаудың көмегін пайдалана отырып жазған, соғыс жазбаларымның көбісі жоғалып кетті. Қолға түсіп қалған кездерде құба қалмақтар қазақтың жазуымен дүмін тазалады, отын тұтатты, жауының рисаласын олар неғылсын.
Ішім удай ашитын жағдайлар менің от пен оқтың арасындағы ажал аузындағы ғұмырымда талай кездесті. Ботхишармен болған соғыс жазбалары қалпынша қағазға түсірілген еді, Таластың суынан өткенде қоржынды суға түсіріп алған қосшы бала қағазды кептіремін деп отырған да, аяқ астынан құйын соғып, он екіде бір нұсқасы қалмаған.
Кейінгі қалғаны-қаршыда бектік жасап отырғандағы азын-аулақ жазулар.
Мен Абылайдың, Жолбарыстың әруағын асырайын деп ойлаған адам емеспін. Жалпоштық, жағымпаздық - менің жексұрын көретін қылықтарым. Екеуінің де ғұмырын айшықтап көрсеткен емен. Барын болғанша қазақтың, өзіміздің сөйлейтін жалпақ тілімізбен әдейі жаздым. Менің хандарға, хан атанғандарға бас шұлғи бермейтінімді олар да жақсы біледі. Біз бірде көптің көзінше оларға тіке сөйлеп қалғанда көтере алмай да қалады. Бірақ сүйекке біткен қу мінез, оны түзей алмаған күйі дүниеден кетіп барамын.
Мен өзімнен бұрын тауарих жазған ғұламаларды бабам Махмудты, Мұхаммед Хайдарды, Қожа Ахметті, Жүсіпті, тіпті кеше өткен Қыдырғали Қосымбек баласының жазғандарын тегіс оқыған адаммын. Шығыстың тауарихшыларынан да мол хабарым бар: баяғыда Өтен екеуміз оқу іздеп Шам, Басыра, Бағдат шаһарларында, Иран жерінде қаңғып жүргенде, оларды ұйқы көрмей оқығанмын. Сонда Өтен айтар еді: «Әй Қазкен, осы сен китап оқығанда, жаныңдағы жалғыз мені ұмытып кетесің»,- дейтін-ді. Мен солар- дың бәрін оқи отырып, тауарих жазуды өзіме жүктей алмадым. Тауарих жазу- ға ілімім қисынды болмайды, оны түзуге еру заман керек, ерттеулі ат, қос керегеден тіккен шошаламен отырып, ондай зор да, нән де іліми китапты жазу мажалдан аулақ болады.
Тауарих жазуға өткен заманның һәммә жазбаларын қарар болар, білер болар. Тауарих – дәлдікті, дәлелді білдіретін, содан мағлұмат берер ілім. Ал оның һәммасын шола алмағанда, шикі ішекті қырынымен, тоқ ішекті тоғысымен жұртқа қайнатып бергендей болмақ-ты. Мен содан қаштым.
Мейлі тауарих десін, мейлі кейінгі үрім - бұтақ атамыздан қалған мұра десін, мен көзіммен көргенімді, өзім жете біліп, зерттеген керлерді, мандарды бермек болдым. Көбін солай істедім. Жанымнан әдемілеп шылғи жал қоспадым. Аракідік алғыншыларды да айта отырдым. Ақты ақ, қараны қара дедім.
Мен қазақтың, қырғыздың қайдан шыққанын зерттеп, оған лебіз білдіретін Махмуд, Мұхаммед Хайдар сияқты ғұлама емеспін. «Атамыз Адам пайғамбар» деп ақындар айтатындай, ондай ұзаққа бара алмадым. Аталарымыз пәлендей бір ғарабтан, Нұхтан тарапты деп қазіргі бір шала молдалардың айтып жүргенін жөн көрмеймін. Біз - Ислам діні жоқ кезде де ғұмыр кешкен халықтың үрім - бұтағымыз. Біздің тектіміз-тамырымыз өте алыста, одан бері ығылым замандар өткен. Әңгімелейтін анық білдім дейтін жердің өзі екі мың бес жүз жылдай. Осы кезеңді мен хижыра жылнамасымен бердім. Мен басқалардай ай санамадым, жылды күнмен есептедім. Мен жазған жылға 622 жыл қоссаңыз, тура нығрани-христиан дінінің жыл санауы шығады. Мұны келешектегі ұрпақты шатастырмау үшін әдейі істедім. Мұным күпірлік болмас дедім. Мен алдыма мынадай уәжіп қойдым. Анық хақиқатын білмейтін жерден мен қашанда аулақпын. Әрине, менен бұрын өткендер сияқты мен де жорамалдап бірдемелеп кетуіме болады, бірақ артынан өтірігім шығып, мынасы теріс екен дегізгім келмейді. Өйткені тексіз иен Әбілқайыр өз хандығын құру үшін, бүткіл қазақ елінің мүддесін сатып, тебірлік-тексіздік көрсеткеннен кейін, мынау ойда жатқан орыстар бері жылжығысы келіп, кең даладағы кенімізге кенеліп, сүттей ұйыған елімізді айран тамғандай етпек пиғылдары бар екенін білемін. Міне, мен осы жазбаны жүргізіп жатқанда, Бұқар ағам орыстың баса-көктеп Көкшеге келгенін айтып та берді. Міне сондықтан да орыс, тағы бөтен елдердің тауарихшылары бұлар неткен, неген жатқан ел екен, әлде иен жатқан жердегі бейқұт елді басып ала салып кенге кенеліп, халқын құлданып, тұлымдысын тұл етсек, айдарлысын құл етсек деген ниетпен бізді зерттемек болады. Қанша білімпаз болса да мен бір елдің тауарихын екінші бір халықтың өкілі бүге-шүгесіне дейін біле алады дегенге инанбаймын. Салауатты адам өз елінің мүддесін басқа мүддесінен көбірек ойлар болар. Сондай аузы түктілер, арандар бізді бөлшектемек болады. Біз қазір, бүгінгі шабыншылық заманда, кейде әркім өз басын ғана күйттеген күйкі заманда бөлшектеніп, бөлініп жатпасақ, ата-бабаларымыздың бір екенін, осы жүрген, қазір қара қазақ атанған халықтың, ру-руға бөлініп жатса да, бір діңнен тараған бұтақ-берек екенінің хақиқаттығына мен қашанда міне біллаһи дей аламын. Оның үстіне Қытай, тағы да басқа ел тауарихшылары біздің тілімізді жете білмегендіктен, бәрін шатастырады. Мысалы, Ғайса тумастан бес жүз жыл бұрын өткен Төбей биді хижыра жыл санауы басталған кезде ғұмыр сүрген Түркешпен шатастырады. Ол екеуінің арасында 1100 жылдан артығырақ дәуір бар. Мысалы, Дулат пен Дулының (Елсау баласы) арасы 700 жылдай, соларды Қытай тауарихшылары бірге жасаттырады. Бұл тауарихқа қиянат болады.
Менің одан кейін анық білетін шындығым: арғы түбіміз Сақ болсын, Хун болсын, Түрік болсын (бәлкім, бұлар да бір кезде бір халық болған шығар), әйтеуір, қырғызбен ағайынды ел екендігіміз. Оны көбіне қырғыз арасынан шыққан мынадай мәтелдің қазақ арасында қатты тарап кеткендігінен байқаймын. Ол мәтел былай дейді: «Қазақ - қырғыз бір туған, сарт итті кім туған?!» Әрине, сарт деген де бөтен халық емес, бірақ тым жылпостығымен, саудагерлігімен қазақты ығыр қылып жіберген халық. Бірақ біздің халқымыз нағыз тәжіктерді білмейді деп ойлаймын. Оларда білгір, бар мақсаттан мол хабардар адам көп. Оларда қазақтағыдай мандар көп болмаса да, керлер жеткілікті, өте қолы ұсынақты адамы көп халық. Ал өзбек аталып жүрген елдің біздің елімізден айырмасы жоқ, тек бөлек хандыққа қарап қана өзгеленіп, ара-жігіміз ажырап барады. Еліміз «өзбек өз ағам» дегенде, міне, сол өзімен тағдырлас, тек хандар қолдан бөлшектеген елді айтады, сондықтан да сол хандарды, бізді басқарып келген бір кезде мұңғұлдан, қалмақтан қалғандарды Төле аға да, Қазыбек аға да иттің етінен жек көрді. Тәуке ханнан кейінгі бөлінісіміз де осылардың өзара алалығына, хұһіметке таластығына, нараду таба алмағандығына түйінді еді.
Мына мен білетіннен бері біздің қазағымыз, мысалға Үйсін деген елімізді айтар болсақ, бірнеше рет атқа қоныпты. Сонда да барлық уақытта «атамыз Алаш, керегеміз ағаш қазақпыз» дегені сірә да өзгеріп көрмеді. Ирандар, сәлделі араптар, желкемізде жатқан шындар (олар өздерін ханзу деседі) бізді барлық заманда, атам заманда да, осы заманда да қазақ деп қана білді. Әлі солай болып қала беретінімізге жақында Үш жүздің басы, жаны қосылған топта да нараду тапты.
Біздің жұртымыз, үйсіндерді айтамын,Үйсін, Абыл, Азық, Шығыл, Алүйсін, Қараүйсін, Сарыүйсін, Түргеш, Дулат атанып келді. Сонда солардың бірде-бірі: «Жоқ, мен қазақ емеспін»,-деген жоқ. Ал менің білуімше, осы аталған атаулар елді басқарған кезде бүгінгі Жолбарыс елі, Абылай елі деген сияқты ғана немесе билік еткен елдің нәмімен кете берген болса керек-ті.
Ішкерідегі Ересей елі бізді қырғыз атайтынын білетін едім. Оны бірді- екілі бізге келген елшілерден өзім де талай естідім. Олармен сөйлескенмін де. Өтен екеуміз Бижнек теңізіне құятын теріскей Доң өзенінің бойындағы бір орыс шіркеуінің қызметшісінен төрт ай сабақ та алғанбыз. Сонда олардың да бізді осылай атайтынын естігенбіз. Оның себебі де бар болатын. Өйткені Сібірді орыстар алғаш жаулағанда, олардың ең қорқынышты жауы қырғыз болған-ды. Өйткені жерімді тартып алып жатқан болса, мен неге оларға жауықпаспын. Сол қырғызбен бізді де жүнбастар шатастырған. Қырғыз бен біздің қанша айырмамыз бар, олардың әлпеті біз сияқты, мінезі де аңқаулығы да, сенгіш ақкөңілдігі де біздің жұртымыздан айнымайды. Ендеше олар бізді қырғыз атандырса, тіпті де ол ерсі көріне қоймайды. Ал қырғыз туралы кейін де бір әңгіме етемін деген ойым бар.
Біздің халқымыз - ежелгі елдің бірі. Жалпы, біздің Алатауларымыздың бауыры - Тұран жері - бүкіл адамзат ғаламының Отаны. Ол сонау ежелгі заманнан бүгінге дейін адамзатқа, оның аяқтануына, жетілуіне бірден-бір дәйекші болған жер. Оны Шын, Машын тауарихшылары да жоққа шығара алмақ емес. Құдай бізге далитып кең дала беріп, кенді таулар, суатты кешулер - өлеңдер беріп, жан - жағымыздағы дінсіздердің, орыстардың бізге көзін алартып қойды. Сол далиған жерді ұстап тұрамыз деп-ақ, сол жер үшін де таусылып бара жатқан жайымыз бар. Менің анық білерім, атамыз Майқы айтқанынан дәл жеткен болса, ол былай депті «Біздің халқымыз осыдан тура мың жыл бұрын да қазақ атанған. Атамыз Алаш, керегеміз ағаш қазақпыз». Ал атамыз Майқы осы жазбаның егесінен бір мың жеті жүз жыл бұрын ғұмыр кешкен.
Мен мұны қазақ болған соң айтты демеске керек. Бізден 600-700 жыл бұрын ғұмыр сүрген Фәрдауси, Махмуд жазбаларынан да кездестірдім. Соңғы үш жүз жылдай уақтымыз қалмақтармен соғыста болғандықтан, одан бұрынғы бөтен халықтар шапқыншылығынан жазу, сызудан айрылып, енді міне жабайы ел сияқтанып отырған жайымыз бар-дүр. Бұл менің де ел билеген Төле, Қазыбек ағаларымның да жанына қатты батады, еңірегенде етегі толады. Осы соңғы үш жүз жыл соғыста да жартымыздан көбіміз қырылып қалдық. Ал біздің еліміздің, басқасын айтпағанда тек Үйсін атаулының шежіре-тауарихы мәлім жылдардың өзінде де жартылап қырылып, жойқан төбе болғаны он шақты дүркін болыпты. Өзімізді өзіміз қырған кезіміз де аз болмапты. Оған Шыңғыстың, Темірдің, Қатағандардың жасаған жорықтарын айтсам да болар еді. Ол үшеуі де бізден бөлек адамдар емес еді. Бірақ, не керек, үшеуінің қазақ жеріне істеген зияны шашымыздан көп.
Тауарих зерттеуші адамдар маған шейін де, менен кейін де еліміз туралы айтқан, әлі де айтар, ләкин қалайда бүгінгі заманда шапқыншылықта, басы қосылып, аузы бірігіп қалмақты , Аштарханда қалған азғантайы болмаса, бәрін жер бетінен жоқ қылып жіберген қазақтың бір әкенің баласы екеніне мен кәміл сенемін. Оған дәлелім: сонау түп -тұқианнан жатталып келе жатқан, егер менің аталарымның жазбасы, жаттауы болмаса, Төле ағам да, Қазыбек ағам да біле алмайтын ата шежіре.
Ата шежіре атайтын себебім: қолы хат білгені жазып, қара танымайтыны жаттап келе жатқан үшбу шежіре біздің қазақ өңіріндегі көбесі де, көріктісі де. Біршама біздің жұртымыздың бір ығылым, қадым ( ескі) заманнан бері келе жатқандығына айғақ. Менің хасида жазбай, шежіре жазу себебім де осы.
Бұл мен жазар шежіренің орасан кемшілігі де бар. Ол өз аталарын айтады да, екіші өзімен бірге туған адамдарға тоқтамай жылжып өте береді. Бұған бола шежіренің құнын кемітуге болмайды деп болжалдаймын. Өйткені егер өзімен сабақтас атаны шежіреде әңгімелер болса, онда бұл нақ осындай дәл де, нақты да болмас еді, ауа жайлаған, сайда саны жоқ, құмда ізі жоқ, дәлдіктен, шындықтан жұрдай бірдеме болып шыға келер еді.
Осы шежірені жазушы мен де, дәлірек айтсам, Шапырашты Қазыбек бек бүткіл қазақ қауымын әңгімелеуге шамам келмейді. Шамам неге жетпейтінін жоғарыда айттым. Қалмақтың улы найзасынан қалған, қырық жерімдегі жара қырсаулап алған, сондықтан тек тірі қалған Шапыраштының атасын айтып бермекпін.
Қарт тауарих атадан балаға қалдырған мұра. Оның ішінде қилы-қисусан ертегілер, аңыздар, тіпті шындыққа жанаспайтын әңгімелер толып жатыр. Оның бәрін тізу хақиқатқа жасалған жал болар еді. Енді мен білетін тауарихты әңгімелеп берейін.
* * *
Менің атам Матай – бізден бұрынғы хандарға қызмет қылған, едәуір сауаты болған адам, Қытайдың, Қалмақтың , Парсының тілін, жазбасын қайдам, ауызша бірсыдырғы білген кісі. Шал кезінде ол атамның бөгде ел ұлық адамдарымен , елші – жаушылармен, саудагер-саттықтарымен, жиһангез-дәруіштерімен сөйлескенін, тіпті үйімізге әкеліп тамақ бергенін, олармен ұзақ, түн бойы шүршітшілесіп, қалмақшыласып отырғанын талай көрдім.
Атам айтар еді: ертеректе қазақ елінің өзі салған мәдениеті, әдебиеті болды дер еді ол.
Жазуы, өнері болған еді, енді біз ғарабтың шимайына көштік. Бұған да біраз уақыт - жеті жүз жылдай мерзім болды. Атам менің есімді білген кезде дүние салды. Бірақ, бар қазаққа белгілі жай - атам алдына отырғызып қойып, бабаларымызды үйрететін - ді. Ер жеткен соң ол кісінің жазбасы да қолыма келді, бірақ зорлықпен келді. Атамның 9 ұлы болды да, менің әкем соның үлкені еді, ол сондықтан да үлкен үйді басты. Бірақ атамұрасының біразы әкемнің ең кіші інісі Төлекейдің қолында қалды. Атаның енбайлығын бөліскен мұрагер ағамыз күйдіргі, күлкілі, сал - сері, ерке кісі болыпты. Оған кейін тоқталамын.
Мен бек атағын алып, Қаршыға кетер кезімде ғана атамнан қалған сол мұраны – ата шежірені - ол маған сыйға тартты. Бір заманда әлде бір қазақшаны шала білетін адамның қолымен жазылып, біраз жерін ноғайшылап, біраз жері сартшылап кеткен шежірені маған Төлекей ағам атамның қара орманын түгел бергендей болып, жыларманға келіп тұрып ұсынды. Ол китаптың бір шетін мен ұстағанда, кәдімгідей көзінен жасы ағып жылап жіберді. Мажардан қолында келе жатқан бұл китап атасының көзіндей еді. Расында, атамыздан қалған он қос жылқы, жирма шақты отар қойдан бұл артық еді. Ағамның осыны осылай аспансайбақ түсінгеніне риза - қош болмай, раушан - ра болмай тұра алмадым. Өйткені надандарға бұл бір бәһра түсіне алмайтын, түсіне де кірмейтін жағдаят еді. Китап әбден ескірген, төңірегі жұлымданып, қағазы сарғайып, іріп , бөлек - бөлек түсіп қалуға әзер тұр. Егер ұқыпсыздау кісі морт ұстар болса, китап пайра боларға керек.
Мен китапты қос қолдап алып, Төлекей ағамның көзінше ортасын ашып, бетімді тигізіп тәуап еттім. Ағам осыны күтіп тұр екен, өкіріп тұрып жылап жіберді. Жылағаны менің ата шежіренің қадір - қасиетіне жететініме көзі жеткендіктен, шын іштей разылықтан туған-ды. Төлекей ағам - сол кезде шапырашты –дулатты тіреп тұрған Тауасар бидің інісі, дәулеттен басы айналған тоғыз ұлдың кішісі, мұрагердің бірі. Сондықтан оның есерлеу -есіріктеу көрінетін жүріс - тұрысына күмән - күдікті көңілмен қарар едім. Міне, мен солай көретін ағам мен ойлағаннан әлдеқайда терең, әлдеқайда ғақылды адам болып шықты.
Төлекей ағамның он ұлы бұл китап сонша құнды, адам жылап айырылар нәрсе болса, неге береді дегендей бәрі де бастары салбырап, көздері төменшіктеп тұрды. Нақ осы бір сәтте менен бұл дүниеде бақытты да, дәулетті де адам жоқ еді. Өйткені ата шежіре өзім ішіндегісін тегіс жатқа білсем де, талай осы китапты қолыма алып тоқсан аударып оқысам да, енді бұл қолыма біржола келгенде патша тағы, қор қызына мұны айырбастамақ емес едім. Төбем көкте, көңілім аспан ғаламын шарлап, шартарапқа кеткен-ді.
Мен китабымдағы жыл санауды Мұхаммедтің (хижыра) жыл санауымен бердім.
Мұхаммед тумастан бір мың тоғыз жүз жыл бұрын бідің аталарымыз Хазар мен Алаштың , Алатау мен Алай орманының арасын шыр айналып көшіп, шиырлап жүрсе керек-ті. Ол шақта оны дәл былай атапты деп құдайға күнәһар бола алмаймын. Бұл бір заманға жеткен әңгімеге қарағанда, олар сонау Сияп тауларына, Күзгес Алатауына, Тұрпан асып шүршіт салған Семкерге дейін барып жайлап, қыстап, бірақ Жетісуға осы заманғы алты арыс Ұлы жүз , жирма тоғыз тамғалы Кіші жүз, алты арыс Орта жүз жатқан жерлерді, тіпті Биженек теңізінің төңірегін де жайлайды екен. Терістігінде таң атпайтын, таң атса күн батпайтын кілеңге де жетіп, малының өрісін ойлап жүреді екен. Жер бетінде адам аз, жер кең болса керек-ті. Міне сол Мұхаммед туғаннан мың тоғыз жүз жыл бұрын Қадыр , Қалша деген аталарымыз болған. Мен де, бұрынғылар да мұның хақиқаттығына кепілдік бере алмаймыз. Олар әлде Түрік, әлде Сақ әлде Хун аталған деседі. Көбіне Сақ дегенге көбірек арқа сүйейді. Сақ деген сөзде оған әрқашан жауына сақ тұратыны, күндіз бе, түн бе, тәуліктің қай шамасында болса да ер қаруы бес қаруы дайын тұратынына бола айтылса керек. Атамыз деп айтылатын Түрік те осылай ат үстінде күн көрген, аптада белін шешпеген, пыран киіп, пырақ мінген ерлер болған екен.
Қадыр екі ағайынды жігіттің үлкені біздің бабамыз болыпты. Оның баласы Алаш делініпті. Міне, біздің ұранымыз Алаш болатыны осыдан. Мен тауарихшылардың, ілім адамдарының Алаш деген мұнғұлдың алашы деген сөзінен екен, сөйтіп қалмақтар қорыққан соң, алашылап шауыпты дегеніне бой ұсынбақ емеспін. Оның себебі қазақ рулары ешқашан басқа біреуді, басқа бір сөзді басына көтереді дегенге сенгім келмейді. Қазақ қашанда тек өз атасының атын атап, соған жалбарынып, соған ағынып, тіпті құдайдан бұрын соған ағынып жауына шабады. Атасының аты аталғанда оның делебесі қозып, арқасы, екі жаурынының арасы шымырлап, айбаттанып, әруақтанып, жауланып - жалауланып кетер болар. Міне, ұранымыздың Алаш болуы осыдан делінгені дұрыс деп есептеймін.
Сол атамыз Алаш дүниені аралап, шарлап кетіп, әлде қандай бір теңіз жағасындағы елден әйел алып қайтыпты. Әлгі әкелген әйелі әуелде өз тілінде сөйлеп, Алаш өз өз тілінде сөйлеп, екеуі көкейімен ұғысып келген екен дейді. Содан бұл киіз туырлықты елге келген соң, Теңіз елінің қызы Алаш сөйлеген тілде сөйлемей, тіпті үн шығармай қойыпты. Ел оны мылқау деп ұғыпты. Содан дүниеден сол алаш тілінде сөйлемей өтеді де десе, бір күні Алаш сөйлеген тілде тіл қатыпты:
-Мен өлген соң бие сауымнан кейін көріме кел, егер мен дыбыс берер болсам, көрімді аш, мен ұл туамын, соны алып, мені қайта көміп, балаңды алып асырарсың. Атын – Жайыл қой. Жайыл дейтін менің арғы атам, ол менің елімде асқан білікті адам болған, соның маған берген аяны осындай. Сенің балаңның ұрпағы, яғни біздің ұрпағымыз атқа мінгенде жер қайысқан қол болып, күннің көзі көрінбей қалады. Олар аттың үстін үйіндей жайлайтын болады. Жылқы малы ғақылды мал ол өзін арлаған, ардақтаған елге ерекше қызмет қылады, ол біздің ұрпағымызды жылқы баласындай көретін болады. Жайылдың жар дегенде жалғыз ұлы болады. Оның атын Қазақ деп қой, - деп жантәсілім қылыпты.
Алаш әйелі өлген соң бие сауымнан кейін әйелінің көріне барса, моладан ыңырсыған дауыс шығады. Дереу көрді ашып жіберсе, өлі әйелден ұл бала туғанын көреді. Үйіне әкеледі. Сонымен ол баладан, Жайылдан Қазақ деген жалғыз ұл көреді.
Қазақтан екі ұл болыпты: Жұман, Тұман. Содан былай болып шығады:
Қадыр, Қалша
Алаш,
Жайыл,
Қазақ,
Жұман, Тұман.
Бұл аңыз сияқты әлде ертегі сияқты әңгіменің растығына, хақиқаттығына ешкім куәлік бере алмайды. Бұдан кейінгі айтылатындарға бұл китапты оқыған адам шүбә келтірмесе де болады. Өйткені ендігі әңгіме тек біздің түп-тұқианымыз Жұманнан тараған ұрпақ туралы болмақ.
Жұманның екі ұлы Арыс, Сабыр аталады. Арыс деген кісі шамадан тыс ірі, өте күшті, айбатты адам болыпты. Міне, барлық қазақтың «ой мынау Арысым екен», «Арыстай кісі екен» дейтіні осыдан қалыпты. Міне, бүгінгі (1776ж*) 1154-жылында тірі жүрген қазақ атаулының атасы осы кісі. Әрине, қазақ ішінде басқа, бөтен сіңбелер де бар, әсіресе жаугершілікте қолға түскендердің сіңіп, қазақ руының бір баласы болып кеткендер қанша, жаудан бауар болған қызды алмаған қазақ аз десе де болады, бүгінде солардың бәрі қазақ. Дегенмен қазақтың өз ұрпағы да жеткілікті. Еуропада ерекше елміз, Арыс ұрпағымыз дейтіндер бар. Оны біз Өтен екеуміз Дунай дайрасы жағасынан кездестіргенбіз. Ал егер Арыс ұрпағы ерекше ел болса, ол-осы жүрген , бүгінде қалмақты, Жоңғар атанған қалмақты, жердің бетінен жоқ қылып жіберген қазақтар. Әрине, еліміз дарақылықтан да құралақан емес, дегенмен ер екендігін ешкім мансұқ ете алмақ емес. Оның үстіне Арыстың дүниені кезіп оқыған адам болғанын Майқы бабамыз үнемі айтып отырады екен. Арыстың өз аты Анарыс болған деседі. Шешесі еркелетіп Арыс атап кетіпті. Ол ілімді Еуропа елдерінде алып, көп ғұмырын өткізіп, өз еліне келгенде он екі-ақ жыл тұрыпты. Ол артына пәлсафа қалдырған. Жазба майқы заманына дейін келген екен. Сол замандағы бір жер сілкіністе ол топырақ астында қалған. Арыс ақын да, ахун да адам болған. Еуропада көрген өнегесінің жақсы жақтарын өздерінің патшалығына кіргізуге ұмтылған. Ол өзінің туған бауырымен осы жөнінде келісе алмай мерт болған. Әсіресе табиғат сырына көп үңілген. «Дүние шексіз, оның алды да, арты да жоқ, хақиқатта да мөлшер жоқ, өткен күннің белгісі жоқ» деген сөз қалған. Оның көп өлеңі сақталған екен, ол да жер сілкінгенде құрыған. Арыс Еуропаны өз туысқаны Тоқсары диуанамен бірге аралаған. Патшаның қандай болуы керектігін айтамын деп, туысқанына жақпаған. Асқан шешен Арыстың айтқаны көп екен, ол бізге жетпепті. Өз еліндегі соңғы он екі жылында артында алты бала қалдырған. Өзі де тұқымым көп болады деп есептеген. Арыстың алты ұлы болыпты:
Ақ, Пан, Жан, Бол, Бек, Бал. Сол бір заматта Арыс атамыз Тәңір тауының маңын қыстайды екен. Атамыз қазіргі бар әдет-ғұрыпымыз, дәстіріміздегідей алты баласын үшке бөліп, екі-екіден еншілес етіп қойыпты. Алғаш аталған екі ұл жылқы кезегіне кетіп, Тәңір тауының түбінде мұздап дүние салыпты. Ақ алтаудың үлкені екен. Одан бала қалыпты. Пан үйленбеген, одан тұяқ болмапты. Жетісуда қаңтардан кейінгі айды қазақтар ақпан немесе екіағайынды дейді. Ағайынды Ақ пен Пан өлген ай, әйтпесе ағайынды екі жігіт өлген ай - екіағайынды атанған.
Алатаудың сол Тәңір шоқысының жанында одан да биік шоқы бар. Екі жігіт өлімі сонда болған деседі. Сондықтан да ол шоқы Ақпан аталған.
Достарыңызбен бөлісу: |