Мен ол кісіні жыл сайын көремін. Өзгермеген. Баяғы, бала кезімде "хат бар ма, аға" деп, күн-күн сайын жылтыңдап барып тұратын кездегі қалпы десем, сәл жалғандау болар. Жылдар дегеніміз - киімге түскен қара күйе секілді ғой, адамның да жасын кеміктеп, жанын білдірмей тоздыра бастайтыны рас-ты. Ауылымыздың жиырма бес жылдан бергі почта бастығы Зәкең де қартайыңқырап, бала-шағасын өсіру әуресімен қажыңқырап жүр екен. Табиғатынан салмақты, көпіртіп көп сөйлемейтін, ал анда-санда "ұрттап" алса, ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермейтін; көп күлмейтін, зәуімен бір күлсе, ішек-сілесі қатып жас балаша мәз болатын; кім-кімдерге тас кескір сараң, кім-кімдерге жалғыз дәнді жарып берер жомарт; кеңсесінде отырған кезде, алдына келсе тістеп, артынан келсе тебетін кезеп; ғұмыр жалғанда қара бақырдан қате жібермейтін сауысқаннан сақ, үй шаруасының қиюын кашырып алар олақ - міне, солай да солай біздің Зәкең.
Осы кісінің кішкентай кезінен ғадет қылып, көлеңкедей еріп қалмай келе жатқан кәсібі дейміз бе, жоқ болмаса сүйекке сіңді әдеті дейміз бе - ермегі бар еді. Жұмыстан қолы қалт етіп босаса, құрығы мен қармағын қолтығына қысып өзен жағалап кететін де, әбден көз байланып, қараңғы түскен-де, тал шыбыққа желбезегінен тізген балықтардың құйрығын жер сыздыра қараңдап келе жатар еді. Бала кезімізде Зәкеңнің соңынан талай ердік. Өйткені суға салған қармағы құр шықпайтын, балығы тайдай тулаған иірім, айлақтарды тек қана сол кісі білетін. Ердік дегенім жай әншейін сөз, расын айтсам, ол біздерді ертпейтін де, жақындасақ қуалап, немесе тал-теректің ара-арасымен қаша, ізін жасырып кететін. Зәкеңнің бұл қызғаншақтығы - балықшы, аңшы атаулының бәріне тән өзімшілдік екенін ол шақта білдік пе. Көп ретте тас лақтырып, балықты үркітіп итжынына тиюші едік-ау...
Бір күні Зәкең біздерге өмірбаянын айтып берді. Аяқ астынан жел соғып, арты сілбілеген жаңбырға айналып кеткен соң, кәрі қайыңның түбін паналап отырғанбыз. Зәкең әрең дегенде от жақты. Жапырақтардың ара-арасынан қуалап, сорғыған нөсер тамшылары қайта-қайта отты өшіріп тастай берген соң, үстіндегі қаудырлақ сулығын ошақтың үстіне керіп, шатыр жасады. Сол күні ағынан ақтарылған көл-көсір көңіл, қамқор пейілін айтсаңызшы... Біз, лапылдап жанған отты қаумалай отырған үш-төрт бала, Зәкеңнің жауынды күні оқыстан ашылған аялы алақанына әрі таңдандық, әрі аң-таң қалдық. Түстен бері ұстаған балықтарын қылдай етіп бөліп берді де: "Кәне, әркім өзі пісіріп жесін", - деді. Қарнын жарып, істік ағашқа шанышқан балықты шоқтың қызуына қақтай бастадық.
- Жалын шалмасын, оттан әрірек ұстаңдар, - деп, анда-санда ақыл айтып қояды. Ал өзі пісті-ау деген балықты сыртқы күйік шалған қабығын сыдырмастан, құйрығынан ұстап басын қоса күтірлетіп шайнайды.
- Ең тәтті жері - басы, - деп, күйелештенген аузын жеңімен сүртіп, қомпаң-қомпаң етеді.
Сырт көзге Зәкеңнің біздерден еш айырмашылығы жоқ: бойы да бірдей, аяқ-қолы да қысқа, томаршадай тым кішкене еді. Кейін есейгенде байқадым ғой. Өзінің осыншалық қораш болып жаралғанына қорынады екен...
- Мен, әке-шешемнен бесіктен белім шықпай жетім қалған адаммын, - деді Зәкең ағаштың көз жасы секілді тамшыға алақанын тосып. - Ағайын-туғанның есігін сағалап күн кешуге тура келді. Сондықтан да тойып тамақ жемедік, бүтін киім кимедік. Сондықтан да аузым аққа жарымай мешел күй кештім. Қарным ашқан соң, қара судың шабағын аулап, талшық ететінмін. Кейін ер жетіп, ел қатарлы өмір сүре бастағанымда, осы әдетті қоя алмай жүрдім. Жал-жая жеп отырсам да, кітірлеп піскен балықтың басын аңсайтын болдым... Қолым қалт етсе, өзенге жүгіретін ауруым бар, тіпті бала-шағамнан ұят...
Сібірлеп жауған жаңбыр, тамшы тиген сайын әнтек дірілдеп қалатын су-су жапырақ, өзеннің бір қалыпты арылы, анда-санда шоқ атқылап сырт-сырт жанған от - бар-барлығы біздерді ертекті дүниеге бастағандай еді. Әншейінде алысып-жұлысып тыныш отырмайтын қазақтың қара домалақ ұлдары жым болған, өңдерінде өзгеше жуастық, салмақты сабыр бар. Бұтаққа керілген сулық-шапанның астында қаздың балапанындай үрпиісіп отырмыз. Оттан көтерілген түтін Зәкеңнің сырттығын ыстап-ақ жатыр, бірақ оған мән берген ешкім жоқ.
- Мен бір атадан жалғыз қалған жанмын. Сондықтан да ерте үйлендім. Әйелімнің шамасы қаншаға жетеді, сонша бала көргім келеді.
Зәкеңнің бұл әңгімесі біздерден көрі ересектеу адамдарға айтылар сыры екенін сездік пе, аузымызды аңқайтып тыңдай бергеннен өзге не келеді қолымыздан. Бәлкім, әңгіменің түпкі төркінін түсінбесек те, ынта қоя тыңдағанымыз, айтушының мұңға толы қоңыр үнінің әдемі әуені шығар... Бәлкім, Зәкең әңгімесін айтар ересек адам таба алмаған соң, біздерге ақтарылғаны шығар... Тіпті ауылдағы үлкен кісілер Зәкеңді күні бүгінге дейін менсініп, жігіт ағасы қатарына қосқанын естіп, көргенім жоқ. Қайсыбірі де, "әй, бала" деп, арқасынан қағатын... "Қашан ер жетесің-ей" деп, кекете қарқ-қарқ күлетін... Алайда Зәкең ондай аспансыған ағайынды кісі қатарына балап, елеп-ескерген емес.
Жаздың ыстығы түскенде, ауылдың қара жолын шаңдатып, почта бөлімшесіне қарай саспай аяңдап келе жататын тәпелтек кісіні көрсеңіз - Зәкең екенін айнытпай танисыз. Жалаң аяғына галош іліп, галифе шалбарының бауын салақтата, асықпай аяңдайтын. Дүние өртеніп бара жатса да, бірқалыпты - марғау да маңғаз жүрісін де, асып-саспайтын мінезін де өзгерткен емес. Сол жүрісінен жаңылмаған қалпы почтаның үш бірдей құлыбын ашады, ең алдымен жұмыс столы мен сейфті тексеріп көреді, есеп шотын, қағазы мен қаламын ыңғайлайды, әбден орнығып алғанша, жаны шырқырап безілдеген ауылдың жалғыз хабаршы-телефонына қол апармайды. Әр түрлі квитанцияларды парақтап, мөрін үрлеп ақ қағазға басып, түсетін-түспейтінін байқап көріп, әлгі мөр басылған қағазды уақтап жыртып, көпке дейін күйбің тірлікпен отырар еді. Бұл кезде пенсия, баланың ақшасын, хат, газет-журнал алуға, не болмаса ауданға телефон соғуға келген ауылдың кәрі-жастары қорған тақтайдың ар жағында жұдырықтай ғана болып, тәкаппар отырған Зәкеңді атарға оғы жоқ, әрең шыдар еді... Кейде шыдамайтын... Жер-жебірі, жекен суына жетіп ұрысатын, тақтайды ұрғылап қайдағы былапыт сөздерді қардай боратып балағаттайтын. Бірақ Зәкең ешқашан да қарсы шабуылға көшіп көрген емес. Жүйкесін жұқартып, намыстанбайтын да. Бейне бір нашар оқитын оқушының шатты-бұтты айтқан сабағын нәумез көңілмен мысқылдай тыңдаған мұғалімдей-ақ, "айтып болдың ба?" дегендей бетіне ұзақ қарайтын да, миығынан күлетін. Телефонды май жағып қойғандай жиіркене көтеріп, соншалықты нығыз дауыспен "әл-л-лө-у!" дер еді. Ар жағынан саңқылдаған әлдекімнің айғайын үнсіз тыңдайтын, дабырлап сөйлеспейтін, бар болғаны "ұқтық, жарайды" деп, тұтқаны ершігіне тастай салатын. Ауылдастарының "міністір болатын-ақ адам" дейтіні де осындай қылығынан-ау... қайдан білейік, ауылда арқандалып қалмай ұзап жайылса, министр болары рас та шығар.
Бұл дүниеде адам жанының қалтарысын түгел білемін дейтін көріпкел тумаған шығар. Әйтпесе бізді ағамыздың түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз, аумалы-төкпелі мінезін қаншалықты ұққан, соған үйренген сайын, солғұрлым түсініксіз де жат қылықтардың шуатылған қыл арқаны ұшығынан ұстатпайтыны қалай? Айталық, Зәкең оқта-текте шахмат ойнай қалса, қарсыласын ылғи да қажап, ата-бабасының байқамай жіберіп алған осалдықтарын тізбелейді де отырады. Ол кісі ешқашан да жеңемін деп ойламайтын. Тіпті өзі күші басым жағдайда да қиыннан қиыстыра, тең ойынға келісетін. Немесе қарсыласының үстемдік ала бастағанын сезсе, "ничья жасайықшы" деп, жатып келіп жабысатын.
"Біреуді біреудің жеңгенінен жек көретін нәрсем жоқ" дейтіні де сондықтан шығар.
Иә, біздің Зәкең өмірдегі тепе-теңдікті жақсы көреді.
Сынаптай толқып тұрар, біреу түсініп, біреу түсінбес мінез ұшпақка шығармасын да біледі. Ширек ғасырдан бері үстінен түскен домалағы бар, домалақ емесі бар - арыздарды жинап-терсе, екі-үш томға жетіп қалары да рас. Дегенмен, Зәкеңнен қателік табар әулие әзірше жаратылмапты.
Ауылдағы атқамінерлер мен сауаты барлардың аса алмай жүрген тауы, ата алмай жүрген жауы, ала алмай жүрген жалғыз-ақ шебі бар. Ол - Зәкеңді қалай почтаның бастықтығынан түсіру. Әттең, осы қызыл көз пәледен құтылса, соңғы бес-алты жылда кенезесі кеуіп, безеріп тұратын аспаннан ағыл-тегіл жаңбыр жауатын секілді... Құрғақшылықтан құтылып, айран-асыр байлыққа кенелетін секілді. Қырсыққанда Зәкең күн өткен сайын мығым әрі сақ; ал Алтайдың аспаны болса, жарықтық суалып-ақ тұр. Ауданнан, сонау облыстан тексеру келген сайын, ауылда сыпсың-сыпсың өсек тарайды. "Дәл осы жолы сайтан болып кетсе де мұрттай ұшар" деген желікті үміттің жетегіндей желдей есер еді. Амал не, ертеңінде де бір дорба кілтін сылдырлатып, почтаға қарай асықпай аяңдап бара жатқан Зәкеңді тағы көріп, маңдайлары тасқа соғылар еді. Елуге келген жасына дейін тірі жанның ала жібін аттамаса да, көзге шыққан сүйелдей бүкіл ауыл адамдарының өлердей өштесетіні мүлдем түсініксіз. Бәлкім, адал болған соң, суқандары сүймес, әлде мінезінен бе екен...
Сентябрь айының аяқ шені еді. Күздің тамылжыған әдемі шағы, шаруаның етек-жеңі жинақталып, жұрттың ермек іздеп еріге бастаған бейбіт те берекелі күндерінің бірі. Біздің Зәкең де қораға шөбін жеткізіп алған. "Елмен көрген ұлы той", кеше кешке көршінің баласы үйленіп, қолдан ашытқан сырадан біраз сілтеңкіреп алып еді, таңға жуық басы сынып, қатты ауырды. Ыдыс-аяқтарды сылдырлатып, сусын іздеді. Әйелі оянды. "Өк, қарасан!" - деді, көзін ашып-жұмып жатқан қалпы.
Өгің не?" - деді Зәкең таңдана.
"Үйге сиыр кіріп кеткен екен десем, сен екенсің ғой", - деді.
"Сиыр мендей емес үлкен ғой, тайынша шығармын", - деді. Түк те ашуланған жоқ. Ашылыңқырап қалған балаларының үстіне көрпені қымтай жапты да, орнына қайта жатты. Бірақ көпке дейін ұйықтай алмады. "Әттең, балыққа барар ма еді" деп ойлады. Осы кезде есік дүрсілдеп қоя берді. Жау шапқандай ұрғылады. Атып тұрып есік ашып еді, ар жағында үш-төрт кісі тұр. Мұның танығаны - аудандық байланыс торабының бастығы ғана, қалғандарын шырамыта алмады.
- Не керек сендерге? - деді есінеп. Түйеден түскендей сөзге қасындағы бөтен адамдар болмаса, өз бастығы шам шақырмайтын. Зәкеңнің мінезіне әбден тойған.
- Киін! Почтаны тексереміз, - деді асықтырып.
- Жұмыс уақыты басталуға әлі үш сағат бар.
- Жігітім, кергімей тез киін де, бізге ер, - деді бөтен кісі.
- Сен кімсің-ей?!
- Кім екенімді почтаға барған соң білесің...
- Бұл кісі - облыстық байланыс басқармасынан, - деді өз бастығы бір қызарып, бір сазарып. Тегі, Зәкең үшін өзі ұялып тұрғандай.
- Жарайды, ендеше, почтада танысайық, - деді де, асықпай киініп, кілттерін сылдырлатып сыртқа шықты.
Зәкеңді ұзақ әрі мұқият тексерді. Көлденең көзге білінбегенімен, почта бөлімшесінің ұсақ-түйек шаруасынан көп зат жоқ: Пенсия, баланың ақшасы, жан-жаққа жолдаған, жан-жақтан келген ақша, дүкеннің барлық табысы да осы почтаға өткерілетін. Есебін табамын десе, алақандай почтадан-ақ екі асауға болатын еді. Ана бір жылы көрші ауылдағы байланысшы, өлген кемпірдің пенсиясын жарты жыл бойына өзі пайдаланып жүріпті... құдай сақтасын...
Сонымен не керек, түске дейін созылған тексерудің қорытындысында Зәкеңнің есебіндегі мыңдаған сом жұмыстан не бары бес тиын жетпей қалды.
- Міне, тазалық, әділдік деп осыны айт! - Аудандағы бастығы алақанын шапалақтап қуанды. Әйел адам еді, Зәкеңнің сауысқан шоқығандай шұрық-шұрық бетінен сүйіп алды. Облыстан келгендер де алғашқы әзірейіл қалпын өзгерткен. Күліп: "Молодед!" - деп, арқасынан қақты.
Ал Зәкең болса қабағынан қар жауып, екі шекесін қос қолдап қысқан күйі: өң жоқ, түс жоқ сұлық отыр. Қуанбады.
- Атаңа нәлет-ай, қай жерден жібердім қателікті?!
- Қандай қателік? - деп бастығы таңдана сұрады.
- Бес тиынды айтамын...
- Да ну, - деді облыстық тексеруші қолын сермеп. - Бес тиын - бес жүз сом емес қой, тіпті бес-он сом болса бір сәрі. Құны жоқ нәрсеге қайғыра ма екен кісі. Так держать!
- Мен үшін құнсыз еш нәрсе жоқ. Жиырма бес жылдан бері тұңғыш рет бес тиын қате жібердім. Ертең ауылдастарымның, бала-шағамның бетіне қалай қараймын... Пәленің барлығы осы бес тиыннан басталмай ма... Атаңа нәлет-ай, қайда жібердім, неғып қара басты мені...
Сұңқылдап, түрмеге қамалатындай зар еңіреп отырып алды.
Зәкеңнің бұл қылығын әдейіге жорыған тексерушілер, иықтарын қиқаңдата есікке беттей берген кезде, Зәкең саңқ етіп, атып тұрғаны.
- Таптым!
- Нені?
- Бес тиынды! - Жүгіріп есік алдына шықты да, қолына балта ұстап тез қайта оралды. Тексерушілер сескенісе жылыстап, үдірейе қарап тұр. Оның не істегелі жүргенінен хабарлары жоқ. Зәкең жұмыс столы тұрған тұстың тақтайын балтаның жүзін салып қопарып қалды да, саңылаудан қол жүгіртті. Содан соң ептеп тоттана бастаған бес тиын бақыр ақшаны тауып алды. Саусағына шымшып ұстаған күйі облыстан келген тексерушіге ұсына берді.
- Осыдан екі ай бұрын тақтайдың жарығынан түсіп кетіп еді... Ерініп алмап едім, жатыр екен жарықтық...
Ыржиып күледі...
- Бұған дауа жоқ екен, - деді облыстан келген кісі басын шайқап. - Асылы, бізді бұл тексергені дұрыс болар еді...
Мұрнынан өзіне ғана таныс әуенді ыңылдап, асықпай аяңдап үйіне қайтты. "Болмады, - деді есік-терезеден сығалаған ауылдастары, - араға ай салып барып, арызды қайта жазу керек".
Әйтпесек, қазақ боламыз ба?..
|