Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігі
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті
Мәшһүртану ғылыми-практикалық орталығы
А.Қ. Тұрышев
МӘШҺҮР-ЖҮСІП ШЫҒАРМАЛАРЫ ТІЛІНІҢ ӘДЕБИ ТІЛГЕ ҚАТЫСЫ
Оқу әдістемелік құралы
1 Бөлім
Павлодар
Кереку
2009
УДК 809.434.2
ББК - 84(5 каз)5
Т 31
Абай атындағы Қазақ ҰПУ-нің жанындағы «Білім» тобындағы мамандықтар бойынша оқу-әдістемелік секциясы және ҚР БҒМ Республикалық оқу-әдістемелік Кеңесінің 2008 жылдың 11 желтоқсанындағы №8 хаттамамен баспаға ұсынған
Пікір жазғандар:
М.С. Серғалиев - Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қазақ тіл білімі» кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор;
Ф.Ш. Оразбаева - Абай атындағы Қазақ ұлттық педогогикалық университеті, «Қазіргі қазақ тілі теориясы және әдістемесі» кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор;
Н.Қ. Жүсіпов - С.Торайғыров атындағы ПМУ, «Қазақ филология» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор.
Құрастырушы: А.Қ. Тұрышев
Т 31 «Мәшһүр-Жүсіп шығармалары тілінің әдеби тілге қатысы»: оқу әдістемелік құралы. – Павлодар : Кереку, 2009. – 74 б.
ISBN 9965-568-94-9
«Мәшһүр – Жүсіп шығармалары тілінің әдеби тілге қатысы» Оқу әдістемелік құралы 05 01 17 – мамандығы: «Қазақ тілі мен әдебиеті» міндетті компонент. САЕ 306 «Қазақ әдеби тілінің тарихы». Таңдап алынған компонент: МZҺ ТМ «М. Ж. Көпеевтің әдеби мұралары» БВ Masһ 3205 – «Мәшһүртану» арналған. Қосымша оқу құралы ретінде бакалаврлар мен магистрлар, мәшһүртанушылар, лингвистер пайдалана алады
ISBN 9965-568-94-9 ББК - 84(5 каз)5
© А.Қ. Тұрышев., 2009
© С.Торайғыров атындағы ПМУ, 2009
Кіріспе
Мәшһүр - Жүсіп Көпеев өзінің артында 30 томдық мол мұрасын қалдырған. Осы мол мұраны игеру ісі шыны керек еліміз Егемендік алуымен тығыз байланысты. С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің кейбір гуманитарлы факультеттерінде «Мәшһүртану» курсы енгізілді. Ал «Қазақ филология» кафедрасында 2007 жылдан «М - Ж. Көпеевтің әдеби мұрасы» және «Мәшһүртану» таңдап алып оқылатын пәндер қатарынан орын алды. Сондықтан да Мәшһүр – Жүсіп шығармаларын тек қана әдеби тұрғыдан ғана емес тілдік тұрғыдан да оқыту міндеттері алдымызда тұрды. Осы мақсатта жиыны оншақты: монография, әдістемелік құрал, оқу құралдары, бағдарлама қазақ тілі мамандығына байланысты жазылды.
Әсіресе, Мәшһүр - Жүсіп шығармалары тілінің ұлттық әдеби тілге қатысы, тілдік ерекшеліктері зерттелді. Зерттеу нәтижесінде Мәшһүр - Жүсіп шығармасында ескі этномәдени лексиканың тілдік қоры өте мол екендігі анықталды. Ақынның қолжазбаларында, шығармаларында монғол, қалмақ, араб-парсы, орыс тілінен енген тілдік қабаттар да ұшырасады. Мәшһүр - Жүсіп тілінің автономды болмағандығы, ол да өзінің алдындағы Ыбырай түзетуге күш салған, Абай негізін қалаған жаңа жазба әдеби тілге ден қойып, Шәкәріммен бірге қазақ әдеби тілін дамытуға өзіндік үлесін қосты десек артық айтпаймыз.
Әрине, көлемі шағын оқу әдістемелік құралға тұтас бір дәуірдің әдеби тілінің тарихын сыйғызу мүмкін емес. Жазылған деректерді жүйелеп, студенттерге ұғынықты болу үшін анағұрлым ықшамдап беруге тура келді. Көптеген тың деректер әдістеме көлемі көтермейтін болған соң қысқарып, алынып тасталды. Дайындалған осы оқу-әдістемелік құралдың қолжазбасы екіге бөлінгенмен тілдің ішкі талдау заңдылығын, логикалық жүйесін қатал сақтап, бірін – бірі толықтыратындай мағыналық байланысы үзілмеген бір дүние. Үзілсе де тілші мамандар ондай үзілген мағыналық байланысты екінші әдістемеден тауып алып оқи алады. Оқу-әдістемелік құрал Мәшһүр - Жүсіп шығармаларынан алынған нақты мысалдармен толықтырылған. Және де тілдің ұзақ жылғы даму барысында өзгеріске түскен тілдік тұлғалардың да өзіндік ерекшеліктері ашылған. Ыбырай, Абай, Шәкәрім қолданысындағы тілдік ерекшеліктер де салыстырыла зерттелген.
ХVIII – ХIХ ғасырдағы қазақ әдеби тілі аса бір күрделі даму дәуірлерін бастарынан кешірді. Осы кезеңдердегі қазақтың ұлттық әдеби тілінің дамуына қатысты көптеген зерттеу еңбектер жарық көрді. Сондықтан да қазақ әдеби тілінің даму тенденциясына байланысты өзіміздің көзқарасымызды әр уақытта мерзімді баспасөздерде жазып, арнайы монография арнағандықтан қайталап бұл жайтқа оралмаймыз. Бірінші және екінші оқу әдістемелік құралдың қолжазбасында нақты әдеби тілдің тарихи даму сатысындағы тілдік өзгерістерге ғана тоқталғанды жөн көрдік. Егер де бірінші оқу құралында Мәшһүр - Жүсіп шығармаларындағы - ман, - мен, - бан, - бен, - пан, - пен тұлғалы етістіктердің қолданылуы. I жақ жекеше мәндегі морфологиялық көрсеткіштер, - мыс, - міш (міс//ген мысалы: Төлеміс//Төлеген) формасына дейін жеткендігі тілші ғалымдардың қилы көзқарасы басшылыққа алынып дәлелденген болатын.
Қолдарыңыздағы оқу әдістемелік құралының қолжазбасында алдыңғы кейбір морфологиялық тұлғалардың айталық, «сана» қызметі мен мағынасы жағынан -мыс//мыш, -дүр, -ғана сөздерінің тіл қолданысына ұқсататыны белгілі (Е.Жұбанов) осы тұрғыдан келгенде оқу құралында айтылатын -дүр етістіктің келер шағын білдіретін тұлғасы көне түркі дәуірінен келе жатқан құбылыс екендігі, бірақ та -дүр тұлғасының кейбір мәні мен мағынасы, қызметі алдыңғы оқу құралында бәрібір басқа морфологиялық тұлғаларға қатысты айтылып, талданады, тілшілер мұны жақсы біледі. Сондықтан да, тек қана -дүр тұлғасының жалаң қызметін алдыңғы, соңғы кейбір өзі қатысты тұлғалармен бөліп алып қарастыру өте қиын.
Мінекей, тіл ғылымы осы жағынан да басқа ғылымдардан өзінің ерекшелігімен айқындалады. Тіл аясында сыйып тұрған -дүр//-дұр тұлғасына ұқсас сияқты формалардың тілдің даму сатысында өз қалпынан өзгертпей қолдан-қолға жетуі, сол тілдік тұлғаны көнелік тұлғасын бұзбай қолдану ақын – жыршылардың үлкен шеберлігін қажет еткендігі Мәшһүр – Жүсіп шығармалары тілін зерттегенде анық көрінді. Мысалы, дир, дыр, дюр, дур татар тілінде тыр, тур, дыр, дур тұлғасында қолданылады. Мелиоранский бұл жұрнақтың -тұрған деген сөзден ықшамдалып барып жасалғанын айтады. Сондықтан да бұл - әдістеме көне тілдің барысы туралы шағын ғана мәлімет бере алады.
1 Мәшһүр- Жүсіп шығармалары тілінің морфологиялық ерекшеліктері
- ман, -мен, -бан, -бен, -пан, -пен тұлғалы етістіктердің қолданылуы. I жақ жекеше мәндегі морфологиялық көрсеткіштер М-Ж. Көпеев шығармаларында өте жиі қолданылған тіл ерекшелігі болып табылады. Махамбет, Абай, Ыбырай тілі зерттеулерінде ішін-ара сөз болады. Зерттеушілер -ман, -мен, -бан, -бен, -пан, -пен формасын ауыспалы осы (келер) шақтың -ма-й-мын, -ме-й-мін, -ба-й-мын, -бе-й-мін, -па-й-мын, -пе-й-мін болымсыз тұлғасының I-жақ түрінің қысқарған варианты деп көрсетеді.
М.Балақаев: «Болымсыз етістіктің келер шақтық тұлғасының бірі I жақта май-й-мын болуы грамматикалық - норма. Сонымен қатар ол ауытқып -ман түрінде де жұмсалады. Грамматикалық тұлғасының негізгі нормадан өзгеше болып ауытқуы бұл арада заңды: -ман (басқа варианттары да) тұлғасы осындайда -май-мын қосымшалары орнына жұмсалғанда, ерекше стильдік қызмет атқарады: егер бармаймын, айтпаймын жай болымсыздық хабар болса, барман, айтпан деген істі істеуден қайсарлықпен үзілді-кесілді бас тартқандықты білдіреді. Мұны нормадан жөнімен ауытқу деп тауып, сондайды дұрыс қолданған кісілерді қоштап отыру керек» - дейді [1, 58 б.].
А.Ысқақов: «Жазуда да, ауызекі тілде (лебізде) де екінші үлгі бойынша жіктелетіні белгілі өкінбеймін, аямаймын, жібімеймін деген сияқты көсемшенің ауыспалы формасының орнына: өкінбен, аяман, жібімен деген форма қолданылады» [2, 73 б.].
Н.Жүнісов оңтүстік аймақтың тіл ерекшеліктерін зерттеп: «Жіктік жалғауының -мын, -мін түрі зерттеліп отырған говорда кейде -ман, -мен болып фонетикалық өзгеше вариантта қолданылады. Жіктік жалғауының бараман, жатырман, барыппан түрінде қолданылуы қарақалпақ тілінде де бар» - деп көмектес септігінің жалғауы мен жалғаулық шылаудың жергілікті тұрғындар тілінде -ман, -бан, -пан, тұлғасында кездесетінін -мен қосымшасы, -мен жалғаулық шылауы бұл жерде атпан, тұсман, малман т.б. болып жуандатылған тұлғаларда айтылды дейді. Демек, омоним тұлғалы жіктік жалғауынан ажырата білу керек. Р.Сыздықова: «…бірыңғай мәндегі сөйлемдердің етістіктері болымды түріне –ар жұрнақты, болымсызында –ма+н жұрнақты тұлғалармен берілген» - дейді [3, 278 б.].
Ғ. Мұсабаев келер шақ аффиксі болып кеткен жіктеу есімдігін -мын, -мін деп жақтық қосымшаға теліп жүрміз, мұнда осы шақтың көрсеткіші жоқ. Қазақ тілінде осы шақтың тұлғасы жоқ, ол аналитикалық тәсілмен беріледі (отыр, жатыр, тұр, жүр) көмекші етістіктерін атайды. М. Қашқари да осы шақ туралы сөз қозғамайды оның тұсында болмаған дейді. Ауыспалы осы шақ етістіктің түбіріне көсемшенің -а, -е, -й жұрнағы мен жіктік жалғауы жалғану арқылы жасалатыны белгілі (кел+е+мін, бар+а+мын). Ғ. Мұсабаев көне түркі тілінде бұлай жасалған етістіктерді келер шақтың орнына қолданғанын татар, башқұрт тілдерінде: қил+ә, бұл+а етістіктері келер шақтық мағына береді дейді. Түркі тілінде келер шақ тек қана көсемшелі тұлғалар арқылы жасалатын, сонда ғана келер шақ аффиксін қабылдайтынын орта ғасырда болғанын (Мен кел+е+мін, Сен кел+е+сің) дегендегі -мін, -сін көне түркі жазуларында мен, сен шылау бола бастаған есімдік, орта ғасырда қалыпты шылаудың рөлін атқарғандығын айтады [4, 122-123 б.].
Қ.Жұбанов есімшенің осы шағын атамайды оның орнына тел есімшені (әрі септеледі, әрі жіктеледі) көрсетеді. Көне түркі тілінде -мін, -сін есімдік, тілдің даму үрдісінде мен, сен деп өзгеріп (орта ғасырда) шылауға айналған. Тілшілер мен жалғаулық шылауын (менен) әуелде бірлән формасынан ықшамдалғанын, Осы тұлғалас мен көмектес септігін шылаудан қалыптасқанын айтады. Қ. Жұбанов: «Мен Менен-мелен-меллен-бір+ле+ин. Мұндағы ін бұрын инструментальный (көмектес) падеж болған. Қол ма қол деген күрделі сөздегі ма бұрынғы мен. Йадағын=аяқпен. Жіктеу. Бұл – есімге тура жалғанады, етістікке тура жалғанбайды; демек ол алғашында септікке ұқсап келіп, кейін жік жалғауы болып кетуі мүмкін. Мысалы, келіп=келубан (келіппін); «барған»» [5, 77 б.].
С. Исаев «Көмектес септік жалғауы есімдіктерге тікелей жалғанбай, о баста ілік септік тұлғасының үстіне жалғанған болу керек, қазіргі кезде соның қалдығы сақталған: менімен-меніңмен-мениң білән, бұнымен-буниңмен-буның билән т..б.» сол сияқты көмектес септіктігінің қосымшасы «…тарихи жағынан бірлән-білән-мынан-менен септеулік шылауынан қалыптасқан» - деп, [6, 91 б.] көмектес септік жалғауын омонимдес жалғаулық шылаудан (-мен, -бен, -пен) ажырата білу керектігін, басқа түркі халықтарында бұл септіктің түрі жоқтығын, буын үндестігіне бағынбайтын ерекшеліктерін атап өтеді.
Қ. Молгаждаров: «Көне түркі тіліндегі бірле септеулігі екі категориялық дәрежеде көрінеді деп жүрміз. Біріншісі көмектес септігінің мен/бен/пен қосымшалары қызметінде, екіншісі септеулік шылау бірге тұлғасының мағынасында болмақ» - деп, көмектес септігінің якут, тува тілдерінде бар екендігін, көне түркі ескерткішінде бірле шылауы көмектес септігінің мағынасында емес, бірге шылауының қызметінде жұмсалғанын, көмектес септігінің қосымшалары (мен, пен, бен) кейінгі тілдің даму процесінің жемісі еместігін айтып өтті. Жіктік жалғауы дыбыс заңдылығының әсерінен өзгереді I, 2-жақ жалғауының жекеше, көпше түрі өткен шақ есімшенің қысқарған түріне жалғанады (барға+н+мын (-ған-н=ға) н дыбысы түсіп қалады, керісінше жіктік жалғауы, өткен шақ есімшенің қысқарған түріне өзі қысқарып барып жалғанады (барғанмын//барғам) –ған-н=ға//-мын-ын=м формуласы бойынша түзіледі, -а, -е, -й формалы көсемшеде ықшамдалады (табам, тігем, барам, кіред) жіктік жалғауы екпін қабылдамайды (келемін), жіктік жалғауының жақтық түрінде ерекшеліктер бар т.б.
М.Қашқари: мән ет тоғрағаймән, мән аңар оғрағаймән [7, 140 б.] мән есімдік, -ғай келер шақ қосымшасы, мән жіктік жалғауы, мен-мен (түрікше) ман сөйлеуші жақ орнына қолданылатын сөз деп көрсетеді [7, 327 б.]. Тілдердің даму барысында алдымен есімдік, шылау (жұрнақтан көсемше жұрнағына айналуы мүмкін), септік жалғауы қалыптасқан. Ассимиляция заңдылығына байланысты: -мен, -мін, -бын, -бін, -пын, -пін (-ман, -мен, -бан, -бен, -пан, -пен) көне түркілік жіктік жалғаулары пайда болған.
Етістіктердің бірінші жағы мен, біз тарихи қалыптасуы жағынан есімдікпен тығыз байланысты. Мысалы: -м жалғауының мен есімдігінен жасалғаны сияқты. Осыған орай Қ. Жұбановтың «Оқып дегендегі п әуел баста мен деген көмектес септіктен шыққан. «Мен» - жалғау ғой, сондықтан п қосымшасын да жалғау ретінде қарау керек тәрізді» - деген сөзінің жаны бар.
Ғ. Мұсабаев көсемшенің п жұрнағын тереңірек қарап, өзбек тілінде II жақ жұрнағы б түрінде келетінін, тарихи шығармаларда бон//бан түрінде ұшырайтынын жазады. Көсемшінің арғы төркіні бан (бән), бен, ман (мән), пен деген формадан қысқарғанын «сүләпән» (Күлтегін) сүле түбір, пән көне тұлға, ендеше мен/бен/пен үндестік заңына бағынатыны сондықтан пен дегенді п жұрнағының арғы кезеңі деп қарастырады. Оның о бастағы шыққан төркіні бан есімдігі (барибан-барып, алибан-алып) дейді.
М. Томанов түркі тілдер I жақ қосымшасын үш топқа I топ: -маң, -мең, -мән, -ма, -ме және –мың, -мің, -мұң, -мұн. М дыбысынан басталатын варианттар қыпшақ тобында , б дыбысынан басталатын оғыз тобында кездесетінін айтады. М дыбысынан басталатындар кейде п, б/п дыбысымен алмасып қолданады, н дыбысының түсіп қалуы қарашай-балқарларда ұшырайды, сен есімідігі сіз - ге, біз есімдігі жекеше мәнді білдіретін есімдікке қатыстылығы, II жақ есімдіктердің с дыбысынан басталатынын ал, біз есімдігінің м дыбысынан басталмағанын, б дыбысынан басталатын есімдіктер кейін пайда болғанын көрсетеді [8, 111-113 б.].
Зерттеушілер жіктеу есімдігінің ұқсастығын олардың шығу тегінің бір екендігінен іздейді. Мысалы: О. Бетлинг жіктеу есімдіктерінің көптік тұлғасын жекеше тұлғаларының өзара кірігуінен қалыптасқан деп: (- мін, - сін, - біз, - сін, - сің, сіз), ал Котвич, Мукачи, Банг, Рамстедт – бұлардың көптік тұлғаларының құрамындағы з екілікті (көптікті) білдірген қосымша, алдыңғы бөліктері (мі, сі) – жекеше түрлері, яғни о бастағы сипаты деп қарайды. Бұл авторлар жіктеу есімдіктерінің ең алғашқы сипаты мына тәріздес болған деп түсіндіреді: 1. Ме / н, бі / н, мі / н, се / н, сі / н, е / н, і / н. II ба / н, ма / н, са / н, ан; III. Біз, сіз, із. Ал, А.М. Щербак жіктеу есімдіктері жүйесінің алғашқы сипаты мына тәріздес болған деп қарайды: пән, сән, ын, ан, пи, с, си, с, анлар. М. Томанов түркі тілдеріндегі жақ тұлғаларының -м, (-ң) -н өздерінің алғашқы қалыптасу дәуірінде коллективтіік немесе екілік мән берген болу керектігін [8, 111 б.] айтса, Р.Әміров: «Жақтық мағынаның бірде арнаулы жалғаулар –мын, -мін, -сың, -сің, бірде тәуелдік жалғаулар арқылы білдірілуінің тарихи себебі бар. Жалғаулардың бұл екі түрі де бір төркіннен тараған. Бұлардың төркіні-жіктік есімдіктер (- мен, - мын, - мін, - м, - ым, - ім, - сен, - сың, - сің - ң, - ың, - ің, т.т.) Осы себептен бұл жалғаулар қызметі жағынан селбесіп, қатар келе береді» - дейді [9, 105 б.].
-Мын//-пын дыбысталу жағынан бірінен-бірі алыс жатыр. Бұлар етістіктің түбірімен жымдасу үшін әр түрлі дыбыстық өзгерістерді басынан өткізген. Осыдан келіп жуан, жіңішкелікке байланысты жоғарыдағы варианттары пайда болған. Сөйлеу тілінің әсерінен бұл жіктік жалғауларының толық және ықшамдалған формасы жарыса көрсетілген морфологиялық тұлғаларда М-Ж.Көпеев шығармаларында (ауыз әдебиетінің үлгісінде) қолданыс тапқан.
М-Ж.Көпеев шығармаларындағы жіктік жалғауының жалғануының өз ерекшеліктері бар. Олар: -мын жалғауының дыбысы түспей жалғануының себебі: етістіктің өткен шағынан аулақ болуы; жүр, тұр, отыр, жатыр төрт етістіктен басқаларының түбіріне тікелей жалғанбай, етістіктің көсемше, есімше жұрнақтарынан кейін жалғануы. Есім сөзге жалғану үшін жалғанатын сөз субъектімен тікелей байланысты болуы. Мысалы: Алладан пәрман тілеген (Қыз Жібек), Күн батса ханша пәрман қылып (Зияда-Шахмұрат), Береме дертке дәрмен құдірет керім (Мәлік-Хасан), Жіберді алла бізге пәрман (Мәлік-Хасан), Болған соң не шара бар хақтан фәрман (Әбубәкір Кердері), Болды деп не ғып бұлай ойламаңыз, Шара не, бір құдайдан пәрман болса (Мәшһүр-Жүсіп). Немесе: шорман, арман, думан, ат-тұрман, сайман, дұшман, батпан (салмақ өлшемі), пұшайман (Мәшһүр-Жүсіп). -Ман//-пан тұлғалары көнеленіп жеткен, түбірдің өзіне кіріккен заттық ұғымдағы мағынаны береді.
М-Ж. Көпеев -ман//-мен, -бан//-бен, -пан//-пен қосымшасы өзгелік етіс формасы іс-әрекет, қимылдың тікелей өзіне қатыспай бөгде біреу арқылы жасалуына әсер етеді. Келеді қалай жұтсам, саған шамам, Бастырман аяғыңды жалғыз қадам! (Мәшһүр-Жүсіп). (Бас+тыр+ман) -тыр+ман форманты өзгелік етіс жұрнағымен тіркесіп іс-әрекетке болымсыздық мән береді -тыр жұрнағы қатаң -(с), сонор дыбысына біткен етістіктің түбіріне жалғанады. Шақтық мәні (Мен бас+тыр+ма+й+мын аяғыңды жалғыз қадам) іс-әрекет сөйлеушінің хабарлауынан кейін болады. Яғни, -ман тұлғасы арқылы болашақта болатын қимылды, әрекетті жүзеге асырмау ниеті барлығы аңғарылады.
Р.Сыздықова етістіктің болымдысына -ар жұрнақты, болымсызында -ма+н жұрнақты тұлғаларды жатқызады [3, 278]. Бұндай қолданыс тек қана М-Ж. Көпеевке тән екендігін анықтадық. М-Ж. Көпеев шығармаларында аналитикалық форманттар белгілі бір грамматикалық категорияға қатысты мағынаны білдіретін морфологиялық көрсеткішке ие болады. -Ман болымсыздық тұлғасы -а ал формантымен (аналитикалық етістік) қосылып екі компонентті күрделі етістіктің тіркесінен жасалады. Амал-қимылдың өту үрдісі болымды мағыналы етістік түбіріне болымсыздық мағынаның үстелуі арқылы беріледі. М-Ж. Көпеевте ала алман, бара алман, алып қала алман етістікті тіркесте алман) етістігі көсемшенің -а жұрнағымен жалғасып тұр (ал+май+мын) (-ма-й) көсемше тұлғалы болымсыз мәндегі ауыспалы осы шақтық үлгіде жасалғанымен іс-әрекет, қимыл әлі іске аспағандығын көрсетеді. Амал-қимылдың өтпеу үрдісіне қосымша болмау мағынасы үстеледі. Іс-әрекеттің иесі амал-әрекетті өзіне бағыштайды. Бұл мысалдарда лексикалық мағыналары басқа-басқа болғанымен, семантикалық реңктері бірдей болымсыздық мағына білдіреді. Кешегі кетіп қалды-ау күнім өтіп, Айырып ала алман қуып жетіп (Мәшһүр-Жүсіп), Кешегі кетіп қалды-ау күнім өтіп, Айырып алып қала алман, қуып жетіп (Мәшһүр-Жүсіп).
М-Ж. Көпеев жинаған ауыз әдебиеті үлгісінде де Ақылыңды ала алман, Елге қайтып бара алман жиі ұшырасады. Сол сияқты көрмен, жағаламан сөздері көмекші есімдермен бетін, шетін тіркесіп келеді, атаушы көмекшілер өздері тіркесетін атаушы сөздерге қосымша лексика-грамматикалақ мағына үстейді, бұл күрделі (аналитикалық) формалардың құрамындағы көмекші сөздерде бірдей емес, олар семантикалық жағынан да, түрленуі жағынан да, қызметі жағынан да зат есімдерге ұқсас болуымен қатар, үнемі сол есімдермен тіркесіп жұмсалады беті, шеті сөздері лексикалық мағынасы тек солғындаған көмекші есімдер. Қарпықта Құлымбеттің көрмен бетін, Нұраның жағаламан енді шетін (Мәшһүр-Жүсіп).
-Ла//-ле жұрнағы өзі жалғанатын етістік түбіріне амалдың үсті-үстіне еселеніп, жиілеу сипатын білдіретін реңк қосатыны белгілі, ал, М-Ж. Көпеев зат есімді сөзге -ла қосымшасын жалғап жаға+ла+ман вербалдану үрдісі арқылы болымсыздық мағынаны беретін етістік жасайды. Ауыспалы осы шақтың болымсыз тұлғасының (-й жұрнақты көсемшенің жіктелген түрі мен қысқартылған варианты) -ман, -бан, -мон, -пан (фонетикалық түрі) М-Ж. Көпеев шығармасында актив жұмсалған. Байлардан қылман дәме құнан, тайдай, Біледі бұл Орта жүз біздің жайды (Мәшһүр-Жүсіп); -Мені бұған қаратам десе құдай, Өлер майын ұсынбан!-депті (Мәшһүр-Жүсіп); «Ойқымон» анасат!-деп, аят келген, Намаздың парыздығын ғалам білген (Мәшһүр-Жүсіп); Жүгіріп пайғамбарға Біләл келді, Пайғамбар: -Бара алман!-деп жауап берді (Мәшһүр-Жүсіп); Ей Ғалы, мен сескеніп сенен қорықпан, Пайғамбар «Ұр» деп өзі рұқсат берген (Мәшһүр-Жүсіп); Кітаптан көргенімді айтпан теріс, Құдіреттің қылған ісі тіпті келіс (Мәшһүр-Жүсіп).
М-Ж. Көпеев -ман ықшамдалған жіктік формасын де етістігінен өрбитін дейді көсемшелі формасымен тіркестіріп, төл сөзді автор сөзімен ұштастырады, төл сөздің интонациясы, синтаксисі мен өзіне тән сөздері толық сақталады, де көмекшісі автор сөзінің құрамына енеді де етістігі ауыспалы келер шақ формасында жіктеліп тұрады (де+й+ді) бұған -ман өз тұлғасы да, дейді көмекші етістігі қосымша мағына үстейді, оның жетекші жәрдемі арқылы айтылар ойды жалғастырады. Автор сөзінің құрамындағы дейді төл сөзді болар іс-амал әрекеттен сақтандырады, амалдың жүзеге аспауына дәнекер болады.
Жоғарыдағы мысалдан дейді көмекші етістігі мен қатар -ман деп тұлғалы көсемше формасы М-Ж. Көпеев шығармасында жиі қолданылады. -Күнәні біле тұра қылман!-дейді, -Сенімен бір түн ойын-қызық үшін, Қараны ақ жүзіме салман!-дейді; -Бірігіп сеніменен жатпан!-дейді, -Қорқамын жаратқыш хақтан!-дейді, -Ойнаған аз ғана күн қызық үшін, Ақыретті жалғанға сатпан!-дейді (Мәшһүр-Жүсіп). М-Ж. Көпеевте дыбыстық өзгеріске ұшыраған -мон тұлғасы туралы М. Томанов зерттеушілердің пікіріне орай «Қазіргі түркі тілдерінің көпшілігінде нимә, мемә, неме, нима, ниме есімдіктері айтылады. Зерттеушілер бұлардың қайсысы. Алдыңғы не сұрау есімдігі де, ме чуваш тілдеріндегі -мон сөзінің (не мәніндегі) қысқарған варианты болу керек деп есептейді» [8, 133 б.]. Түркі тілдерінде есімдіктердің әртүрлі дыбысталатынын якутта: мін, эн, кіні, біһігі, эһігі; чуваш. әбі (эп), эзі (эс), выл (ву, у, ул) эбір (эбі-ір, ібір), эзір, (эз-ір, і-бір) візім (узім) т.б. ескерсек –мон расында д а о баста жіктеу есімдігінің ең алғашқы сипатынан 1. мо/н қалыптысқанын байқауға болады.
Қ.Жұбанов -бан алғашында септікке ұқсап, кейін жіктік жалғауы болып келуі мүмкін дегенді айтады Мысалы, келіп=келубан (келіппін) [5, 77 б.]. С. Исаев есімдіктердің ауыспалы осы (келер) шақ -ма (ба, -па)-й -мын, -ме (бе, -пе) -й-мін тұлғасынан емес, есімшеден болған болжалды келер шақтың –ма-с-пын, -ме-с-пін, -бе-с-пін, -па-с-пын, -пе-с-пін деген болымсыз тұлғасынан ықшамдалып қалыптасқанын [6, 128 б.];
Р. Сыздықова -ар жұрнақты есімшенің болымсыз түрі (-ма+с) I жақ жекеше түрде жіктелгенде, отырмаспын, тұрмаспын деген толық тұлғалардың орнына отырман, тұрман тәрізді ықшам варианттарының қолданылуы-қазіргі көптеген түркі тілдерінде жоқ норма - дейді [3, 277 б.]. С. Исаев - ман, - мен, - бан, - бен, - пан, - пен формасының келер шақ есімше тұлғасынан ықшамдалғанын - е көмекші етістігінің қолданылуынан да (емен), яғни – емес - пін бар да – е – мей - мін деген жоқ екендігі де, дәлелдеп тұрғандығын айтады [6, 128 б.].
Сұрақтар
1. Әдеби тіл дегеннің төрт түрлі сипатын анықтаңыз?
2. Нормадан жөнімен ауытқу деп Балақаев қандай қосымшаларды айтқан?
3. Мұсабаев келер шақ аффиксі болып кеткен жіктеу есімдігінің қай тұлғасын жақтық қосымшаға теліп жүр дейді?
4. Орта ғасырдағы қалыпты шылаудың рөлін атқарған шылау бола бастаған есімдікті атаңыз?
5. Қ.Жұбановтың «Қазақ әдеби тілі мәселесі» 1934 жылы қандай журналда жарияланды?
1.1 -Емен мен емей
М-Ж. Көпеев шығармаларындағы ерекшелік етістіктің болымсыздық категориясы емен, емей варианттары арқылы да беріледі. Емен көмекшісі (ер+ме+н) емей (ер+ме+й) -ма//-ме болымсыздық формасынан ықшамдалып қалыптасқан е (ер) түбір етістігінен өрбіген. Емен, емей көмекшілері өзі тіркескен сөздерге ешқандай шақтық мағына үстемейді (Ысқақов) тек қана грамматикалық мағына жамайды, жақ формаларын қабылдамайды болымсыздық мағына білідіретін дәнекер болып қалыптасқан.
С.Исаев -ман, -мен, -бан, -бен, -пан, -пен формасының келер шақ есімше тұлғасынан ықшамдалғанын -е көмекші етістігінің қолданылуы да, (емен) дейді. Қ. Жұбанов «Ер»-дің түрленуі: бұрын: ерді, еркен, ермес. Қазір: еді, екен, емес деп көрсетеді. Демек, емен, емей болжалды келер шақтың болымсыз тұлғасынан ықшамдалған. Емен, емей қолданысы көнеден жеткен құбылыс. Мысалы: Сол сықылды қалмақтан, Төлеген емей кім дейді (Қыз Жібек); Алыстан қызыл көрінсе, Манат емей немене, Көтеріліп ұшқан соң, Қанат емей немене, Екі жақсы бас қосса, Санат емей немене (Бұқар); Екі кісі ұрсса,-Ағат емей немене!, Екі жақсы сөйлессе, -Сағат емей немене!, Мінген атың болдырмай Мәрелі жерге жеткізсе, Қанат емей немене! (Мұса Саққұлақ); Оңбаған емей немене- Өтірік сөзге алданып (Әй, Махамбет жолдасым); Разы емен осындай ат мінбесем,- (Абай); Ойын емей бұ жалған шын деймісің, Қалсаң биге шыға алмай үндеймісің (Мәшһүр-Жүсіп); Ит емен жөнін таппай лағарға (Мәшһүр-Жүсіп); …біздің өмір жасымызды ұрлап жүрген осылар емей, кім? (Мәшһүр-Жүсіп) де етістігінен өрбіген көсемшелі демей болымсыздық мағынаны білдіретін сирек түрі кездеседі, де етістігінің көмекшілік қызметі көбіне болымды мағынаны білдіреді –Шын деп қалай ойлайын, ойын демей (Мәшһүр-Жүсіп).
Емен болымсыз мағыналы сөз М-Ж. Көпеев шығармаларында көбіне есімшенің -ған//-ген жұрнағымен тіркесте жұмсалады: Жазығым сол-зерекпін, «неген» емен, Несие сөз жасымнан деген емен. Сабақ білмей, болмаса ойын ойнап, Мен таяқты молдадан жеген емен (Мәшһүр - Жүсіп); Кетеді оны тағы біреу алып, Қалтаға көрген емен ақша салып (Мәшһүр-Жүсіп. Емен көмекші сөзі бірыңғай есім сөздермен де тіркесе жұмсалады: Хан да емен, төре де емен, қожа да емен, Керуенмін ел аралап мал алысқан (Мәшһүр - Жүсіп) да, де ыңғайластық жалғауы сөз бен сөзді байланыстыруда маңызды рөл атқарады. Емен көмекші сөзі сын есімді сөзбен де тіркеседі: Ешкімнен артық емен менің өзім, Аяқ-қол, жұртпен бірдей, құлақ-көзім (Мәшһүр-Жүсіп); -Кедей емен, өлмелі таңсық малға, Жағымдымын күзетші өзім ханға (Мәшһүр-Жүсіп). Жіктік жалғауының ықшамдалған формасы есімшемен байланысы жиі ұшырасады. Есімше формалы болымсыздық мәніндегі -мын//-мін ықшамдалып барып: барғам, келгем, сүргем, жүргем деген формада қолданылады. Бұл арада неген//деген варианты қатар қолданыс тапқан. Жалпы, өкінбеймін (өкінбен), аямаймын (аяман), жібімеймін (жібімен) етістіктің жекеше түрінің болымсыздық мағынада жұмсалады, өзге жақта қолданылмайды бірақ, бұл форма көтеріңкі ырғақпен, зілді үнмен айтылып, белгілі эмоциялық, экспрессивтік рай білдіреді. Олардың қызметімен емен, емей көмекші сөзінің мағынасынан бәлендей айырмашылық жоқ, емен, емей көне форма М-Ж. Көпеев тілінде қайыра жаңғырып, өзгеше түрленісте, басқаша реңкте қолданылғанын көреміз. Емес болымсыздығы емес, емей, емегенде деген тәрізді тұлғалық өзгерістерге ұшырағыны байқалады. Есімшенің келер шағының -р жұрнағының орнына жүретін -с жұрнағы болымсыз -ма түрінен кейін жалғанады: е-ме-с. Осы түріне көсемшенің үнемсіз түрін жасайтын -й жалғасақ емей көмекшісі болып шығады.
М-Ж. Көпеев шығармаларында жіктік жалғауының ықшамдалған формалары мен толық формалары тәуелдік жалғауының III жағын (-і, -ы) қабылдап түрленеді: Егерде гүл ашылса, бұлбұлымын, Дананың сөзге жүйрік дүлдүлімін. Басқаға қаз бен қудан шабытым жоқ, Қыраны, қаршығаның тұйғынымын (Мәшһүр-Жүсіп) жарыса қолданған. Ықшамдалған түрі ауызекі тілде қалыптасып, ертеден жеткен құбылыс. Бұндай ықшамдалудың бірнеше түрі кездеседі. Біріншіден, -ған есімше формасымен тығыз байланысты: -Жол бермен саған!-дейді, -Намаз үшін көп барғам мешіт жаққа! (Мәшһүр-Жүсіп); Сонда мен қапаланып, болдым наза, Қылғам жоқ ұрлық, өтірік, бұл не жаза? (Мәшһүр-Жүсіп); Екіншіден, көсемше -а, -е, -й формалы ықшамдалу үлгісі: Болмаса тағы тимей қайтып барам (Мәшһүр-Жүсіп); Мұңымды хақтан басқа кімге айтам; Аз ғана мазмұнынан қалам тартам; «Қалайша мұны азғырып шығарам» - деп (Мәшһүр-Жүсіп). Бұндай ықшамдалуға жіктік жалғауының екпін қабылдамауы да себеп болған. Үшіншіден, шартты раймен байланысты ықшамдалған жіктік жалғауы: Есенімде ескімді берсем елемес, Еңсеге жыға тисем кектемес (Едіге жыры); -Меккеге барсаң балам, Базарына отынның бассаң қадам. Беп-белгілі ішінде түрі бөлек, Бір араға бас қосса (қ) мың сан адам (Мәшһүр-Жүсіп). II жақтағы жіктік жалғауының қысқа түрі -са -ң формасы арқылы көрінсе, жіктік жалғауының қысқа түрінің I жағының көпше түрі -са-қ формасы арқылы көрініс табады. Келтірілген мысалда қоссақ (қосайық) -йық бұйрық мәнді жіктік жалғауының көпше түрінің (-қ) қосымшасының түсіп қалғандығын көреміз. -Са шартты рай мен әдеби нормадағы бұйрық райдың II жақ сыпайы -ңыз түрінде етістіктің орнына жұмсалады: Ол йереру барсар, Ол жерге барсан (Орхон-Енесей); -Ренжітпей Мұхаммедті жұмсаңыз!-деп (Мәшһүр-Жүсіп). Сол сияқты -ң (-ың), н (-ін) қосымшасы әдеби тілдегі бұйрық райдың II жағының сыпайы -ыңыз түрінің орнына жұмсалады: Бар ма екен түс жорушы шақырың деп, Пақырға ғаріп-ғасыр беріп алтын …( Мәшһүр-Жүсіп). В.А. Богородицкий бұл қосымшаның II жақ сыпайы түрдегі -ңыз, -ңіз қосымшаларымен мағыналас екенін айтқан болатын. Н.Жүнісов -ң/ың, -ін қосымшаларының көптік мағына беретінін, қарақалпақ өлкесінде ол етістіктің ашық райлы II жақ, көпше, жеке түрінде тұрып, толық сөйлемде тиянақты түрде баяндауыштық қызмет атқаратынын жазады. -Ң,/-ың, -ің/ қосымшасы ауыз әдебиетінде ұшырасады: Кемпір айтты: е, балам, кірің,-деді, Әзір ас бар ішіңіз үйден,-дейді. Барша ғайып жарандар, Медеткер болың балама, Үйде, түзде болса да, Бұйрықтан адам қала ма? (Қыз Жібек); Қаже(ке, қабыл болсын бұ қылығың, Бұйырған бұл өзіңе халал малың; Күнәны ішкі-тысқы кетіруге, Суына зәмзәм Шәриф шомылғаның (Мәшһүр-Жүсіп); –Ей, достым, көп түйінді шештің-дейді, -Куә бол, періштелер, естің –дейді (Мәшһүр-Жүсіп); М. Қашқари: «…барыңлар (бұйрықтың көпше түрі) Құрмет үшін бұйрық тұлғаға түріктер –лар қосып айтады. Жеке адамға да құрмет үшін барың деп айтады» - дейді [7, 117 б.]. Тәуелдік жалғауының II жақ (анайы) түрінің тәуелдену үлгісі кездеседі: Күйдірген уы құрғыр, өртеп ішің, Кетірді сонда бойдан қуат-күшің. Елжіреп іші-бауырың от боп жанып, Бір түрлі қап-қара боп кетті түсің (Мәшһүр-Жүсіп).
Сұрақтар
1. Емен, емей варианттары қалай қалыптасқан? «Дым, дың» емек етістігінен қысқарғанын Қазамбек қалай түсіндіреді?
2. -ң/ың, -ін қосымшаларының көптік мағына беретінін кім айтқан?
3. Әміров көсемшелер мен етістіктердің тіркесуі екі шартпен өлшенеді дегенде нені меңзеген? -Демей ауыз екі формада эмоциялық ритм білдіретінін немен түсіндіреді?
4. «Дала уалаяты» газетіндегі «емес» сөзінің болымсыздық мағына да беретінін нақты мысалдармен кім дәлелдеді?
5. Көсемшенің ауыспалы формасының орынына қандай сөздер қолданылады?
1.3 -Мыс пен -мыш
-Мыш, -міс қосымшасы арқылы есімшенің бұрынғы өткен шағы жасалады. -Мыш кейбір түркі тілдерінде (татар, башқұрт) етістіктің актив қосымшасы болғанымен, қазақ тілінде қолданылу өрісі тарылған. Қазіргі әдеби тілде -мыс түрінде қолданылады. Н. Жүнісов «Бұл қосымшаның -мыш варианты ерте кездегі оғыз тілінің элементі сияқты» - дейді. - Міш тұлғасының көне форма екендігі М. Қашқари еңбегінен көрінеді: Істің істелгендігін білдіретін тұлға кузәтміш сияқты.Мысалы, күзәтміш ат-күзетілген ат, бітілміш бітік-жазылған хат [7, 134 б.]. Б. Әбілқасымов -Мыш//-міш// -міс формалары бір кезде өткен шақтың есімше жасайтын өнімді формалар болған [10, 122 б.]. Ертеректе түркітанушылар С.Е. Малов, И.А. Батманов, З.Б. Арагачи, Г.Ф. Бабушкин, А.Н. Кононов, А.М. Щербак -мұш//-міс варианттары туралы айтып өткен. Қ. Жұбанов Суффикс этот, наличный в форме -міс в южных языках и теперь, являясь синонимом казахского -ген – форматива причастия прошедшего времени - дейді [5, 434 б.]. М-Ж. Көпеев шығармаларының тіліндегі тағы бір ерекшелік осы көне тұлғаларды тиімді пайдалана отырып, көне тәсіл етістіктердің адьективтену (сын есім) категориясына көшу құбылысы байқалады: Құдай менен пайғамбар қалаған соң, Айтылмыш өңшең ерлер сонда қалған (Мәшһүр-Жүсіп); Осылай айтылмыш өңшең ерден, Емеспін соның бәрін көзбен көрген (Мәшһүр-Жүсіп); …қасында сайланмыш ғалымды, білімді адамдары болсын (Мәшһүр-Жүсіп); Жазымыш қылыш ойнатты, жұмыс бітті (И.Байзақов). Анықтауыш қызметінде: Жазымыштың сөгеміз бе еткен ісін? (И.Байзақов). Толықтауыш қызметінде: Жазымыштан пәрмен болған соң, Өлшеулі демі біткен соң (Мәшһүр-Жүсіп); «Жазымыштан – озымыш (зат.е.) болмас»-деген мысал (Ш.Жәңгіров). Адвербиалданған (үстеуге айналған) формасы: Шыны аяқпен іштірген Орындығын оймыштап (Бұқар). М-Ж. Көпеев бір ретте көне етістіктерден сын есім тудыратын -мыш тұлғасының орнына -ғұш сын есім тудыратын орта ғасырда өнімді болған жұрнақты пайдаланғанын көреміз: Көкларда уа жерлерде болғұш нұр, Нұр қылған патша хақ құдіретін көр (Мәшһүр-Жүсіп); Дүниеге алданғышы болмағайсың (Мәшһүр-Жүсіп) -ғұш//-ғыш (сын есімнің шырай формасы) варианты ретінде қарастыру үшін қосымшалы сөз адьективтеніп сын есімге айналу қажет. Бұл жұрнақ омонимдес жұрнақтардың қатарынан жатады (сыпырғыш//байқағыш). Болжалдық демеуліктер - мыс//- міс сөздермен тіркесіп ойға күмәндану, сенімсіздік, мысқылдау, көмескілендіру, болжалдау мәнін береді: Хауа ана жүгіріп келіп сұрайды - мыс, - Бақырым, білемісің өлмес кепті ?! (Мәшһүр-Жүсіп); Қажыларға түрлі айла қылады-мыс, Бәтшағар бәдәуилер ақша алуға (Мәшһүр-Жүсіп). М.Балақаев, Е. Жанпейісов, М. Томанов, Б. Манасбаев Экспрессиялық мән беруде -мыс//-міс аффиксінің қызметін (-п көсемшелерінің жіктелуімен) бірінші, екінші жақтағы мән айқын емес ал, үшінші жақтағы мән туғызатын -мыс аффиксі қосарлы қолданылатынын айтқан еді. Хабарлы сөйлемді болымды, болымсыз деп екіге бөліп қарастырады да олардың өзін күмәнды, болжалды деп айту тәсілін ұсынады, күмәнды хабарлы сөйлемнің қатарына -мыс шылауы арқылы жасалған күмәнды сөйлемді жатқызады.-Мыш//-міс формалары туралы жоғарыда көрсетілген зерттеу еңбектерде де сөз болды. М. Томанов - ған тұлғасы Орхон-Енесей ескерткішінде өткен шақ мәнінде жазбалар тілінде - мыш тұлғасы қолданылғанын ал, Е. Жанпейісов -мыш бұрынғы әдебиеттерде қазіргі өткен шақ есімшенің - ған (ген), - қан (кен) тұлғасының орнына жұмсалғанын келтіреді. Бұдан әрі Томанов - Ған тұлғасы ортағасырлық ескерткіштер тілінде - мыш тұлғасында қатар қолданылған. - Мыш тұлғасы өткен шақ мәнінде Қарахан жазба ескерткіштірінде бар. - Ған тұлғасы қазақ тіліндегі - оған тұлғасымен салыстыруға болады. Оған тұлғасынан - ған тұлғасын ажыратады - аған (а+ған) тұлғалық мағыналарының қалыптасуынан кейін болған. Этимология тұрғысынан - мыш Якут тіліндегі - быт тұлғасымен байланысты - екендігін дәлелдейді. Ғ. Мұсабаев көне заманның өзінде - ты // - ті, - ды // - ді өткен шақтың орнына көне жазба ескерткіштерінде - мыш // - міс қолданылғаны байқалады: балықдақы тағы ықмыс, тағдақы енміс (қалғандары тауға ықты (ағылды), таудағы төмен түсті мысалы болғандығын тіліне тиек етті.
Сұрақтар
1. Өтеміс пен төлеміс формасы туралы Қ.Жұбанов пен Е. Жұбанов не дейді?
2. Алпамыс, айтады-мыс дегендегі, Төлеміс // Төлеген -мыс//-міс тұлғалары жайлы не айтасыз?
3. Ескірген осы морфологиялық тұлғалар туралы Е. Жанпейісов не дейді?
4. Екен мен еміс (еміс - еміс) формасын талдаңыз?
5. Әбілғазы ханның «Түрік шежіресін» соңғы уақытта кім зерттеді және -мыш//- міш жұрнағы туралы не айтты?
1.3 -Ла мен -ған
Етістіктің - ла жұрнағы - ған есімше тұлғасының тіркесімен (синтетикалық) тәсіл арқылы сөз жасалады:
Көп жұртты Кенесары жаралаған,
Жаманда жақсылардан саралаған,
Поштайға келіп сонда қорғалаған,
Саудагер кезіп жұртты аралаған
I, II жақта жіктеу есімдігінің (сілтеу) септелген (синтаксистік) тәсіл арқылы зат есім орнына қолданылып тұрған -ған//-ген есімше формалы субстантивтенген сөзбен тіркесте қолданылып жаңа үлгідегі тілдік единицалар жасайды:
Менің саған тигенім,
Жүзіңнен сенің сүйгенім,
Атама хабар бергенің,
Сен бен бізді көргенің…
… Сен менің көргенім,
Бірігіп сонда жүргенім
Болымды етістіктің түбіріне - ме жұрнағы мен - ған есімше тұлғасының тіркесуі арқылы болымсыздық етістік жасайды, демеулік соңынан келеді:
Қиындық мұндай патша көрмеген-ді,
Қылышын қысылған соң сермегенді,
Арыстан өліп қалды қылыш өтіп,
Ажалсыз патша мұңдық өлмеген-ді (Мәшһүр – Жүсіп).
Бір қарағанда болымсыздық етістіктің жұрнағы болып көрінетін екінші жолдағы серме ген-ді сөзі құрамындағы ме түбір тұлғаның кірігіп кеткен болымды мағынадағы өз қосымшасы, -ді демеулік шылауы айтылар ойға күшейтпелі мағына үстейді. Бұйрық мағыналы түбір сөздерге есімше тұлғасы -ған//-ген, -қан//-кен тікелей жалғанады: берген, кірген, білген, шашқан, ашқан, асқан, қашқан, күйген, қалған, алған, көрген, жанған, салған, жазған, өткен, кеткен. Көсемше тұлғалы сөзбен аналитикалық тіркесте жәрдемші етістік ретінде -іп//-ып жат форманты -ған есімше тұлғасын қабылдап шақтық мәнде қолданылады: солып жатқан, болып жатқан, толып жатқан, жұлып жатқан, сорып жатқан, бүріп жатқан. Есімдерден етістікке айналып, -ған есімше тұлғалы субстантивтеніп барып тәуелдік жалғаулы (-ы) жаңа сөз жасалады: ойлағаны, бойлағаны, тойлағаны; вербалдану (етістікке айналу) тәсілі арқылы қыбырлаған, сыбырлаған, ұрлаған кездеседі. Есім сөзден етістік тудырушы жұрнағы мен есімше тұлғасы арқылы сөз жасалады: табаласқан, араласқан, жараласқан, мақұлдасқан, татуласқан.
Өзгелік етіс жұрнағы мен -ған есімше формасының қатысымен сөз жасалады:
Бір атын алған Байбек өз ағасы,
Қожахмет, Асқар дейді үлестірген.
Саған сондай шығардым деп есіттірген,
Аттан-тайлық, тайыншадан қойлық алып.
Сұрақтар
1. Абай тіліндегі сөз жасайтын өнімді жұрнақтар?
2. Абай тіліндегі - лық жұрнағының алатын орны?
3. Мәшһүр - Жүсіп тіліндегі жаңа сөз жасайтын жұрнақтардың қызметі?
4. Мәшһүр - Жүсіп тілінің ұлттық әдеби тілде алатын орны?
5. -ма, - ме мәнді жұрнақтардың екі функциялығы?
1.4 - Сана тұлғасының қызметі
М-Ж. Көпеев шығармасында «сана» тұлғасы өлең жолдарына өзгеше реңк беріп, мақұлдау, құптау сияқты жәрдемнің орнын атқарады, қызметі жағынан - мыш тұлғасына жуық келеді:
Жаяуым өлең айтып қақса сана,
Көшімді тер-тоныммен жақта сана.
Соңынан айқай салып қуып жеттім,
Ұрлықты білмей қылсаң таста сана (Мәшһүр-Жүсіп).
Немесе, Жылады соны көріп Адам ата,
-Я, раббы, бізді сонан қылма сана!
«Сана» тұлғасы ауыз әдебиеті үлгісінде ежелден бар құбылыс.
Мысалы:
Тоқсан торқа қи сана,
Тоғыз жорға мін сана,
Хан мен билер отырсын,
Ғақылмен ойлап біл сана (Ер Сайын).
Жан татулусын саңа білдүрейін мі
Қаты қазаб едерем шимди саңа Қара башум құрбан алсум бугун саңа
Сенуң де ічінде бінідүң варисе йігіт дегіл маңа (Қорқыт-46).
- Келгін, балам. Қайт-сана,
Әкеңе сырын айт сана,
Патша қызын алсаң да
Өз еліңе жат-сана (Қыз Жібек).
М-Ж. Көпеев «сана» тұлғасын тек қана көмекші ретінде қолданбаған, өз алдына дербес мағынада жұмсаған: Көрмеген мұндайлықты бұрын бала, Балаға көргеннен соң түсті сана: «сана» тұлғасы ой түсті, сана кірді мағынасында айтылады. А. Байтұрсынов: «Азалы райдың түріне жақын өтініштеу рай бар: Мәселен: барсана, тұрсана, жүрсана, қойсана, кетсана уа ғайри солай. Бұл рай бұрын айтылса да, бұл күнде тіпті айтылмайды десе де болар. Некен-саяқ бұрынғы ертегілерде ғана келеді («Қара батыр» деген ертегіні қара)» - дейді. М.Томанов сана тұлғасының орнына -мыш, -міш формасының жүруі туысқан елдерде кездеседі. Оғыз тобындағы тілдерде: Әзербайжан, Түрік, Гагауыз тілдерінде –ған тұлғасының орнына –мыш тұлғасы қолданылады. Түркімен тілдерінде -маңа, -сана барыс септігінде тұратын есімдік екенін, Ғ. Мұсабаев көне кезде жасалған барыс септік -ға//-қа өзгеріссіз қалып қойғанына -маңа//- манга, -аңар /аң+ғар/ дәлел болатынын айтқан болатын. М.Томанов Көне түркілік –са /қазіргі тілде «сана» / етістігі бір негізді, яғни қосымша дербес етістіктен өзгеше функциядан қалыптасқан десе, Е.Жұбанов «сана» тұлғасының қызметі мен мағынасын -мыс//-мыш, -дүр, -ғана сөздерінің тіл қолданысына ұқсатады. С. Исаев «сана» сөзінің қайталанып келуін сөз қолдану сипаты мен дәстүрі де, жырдың түрі де ақын-жырауларда қайталанып келуімен дәлелдейді. Е.Жұбанов …сана тармақ ішінде квентивті мақсаттарда, буын санын толтыру үшін деталь болып та жүре беретінін, ал С.Исаев …осы сарын да ондағы сөз қолдану сипаты мен дәстүрі де басқа ақын-жырауларда кездесетінін ескертеді. Р.Сыздықова Тармақтар соңында бір сөзді қайталау арқылы толғау құрастыру-жыраулар әдебиетінде өте ертеден қалыптасқан тәртіп екені байқалатынын, А.Ибатов -сы, -сі, -сын, -сін есім сөзден туынды етістіктер жасайтын аффикс түп негізі санды, санадым, санадың сияқты сөздердің түбір бөлшегі сана тұлғасымен тектес, са>сан>са>н>сан>са – түбірі сияқты санады мағынасында қолданылғанын, сан формасы сана тұлғасымен бірдей екенін, сана бұйрық райдың а жұрнағын қосу арқылы жасалғанын айтады.
Сұрақтар
1. Ауызекі сөйлеу тіліндегі «сана» қызметінің рөлі?
2 .Томановтың «сана» тұлғасы туралы пікірі?
3. Е. Жұбановтың «Қозы көрпеш – Баян сұлу» жырындағы «сана» тұлғасы туралы?
4. - сан формасы мен - сана тұлғасы туралы Ибатовтың пікірі қандай?
5. «Азалы рай» тұлғасына кім жатқызды?
1.5 - Дүр тұлғасының қызметі
Тілдің қалыптасу процесінде -дүр етістіктің келер шағын білдіретін тұлғасы, көне түркі тілдерінен келе жатқан құбылыс. Қожа Ахмет Яссауийден бастап, Абай Құнанбаев, М-Ж. Көпеевке дейін жеткен бұл форма әр ақынның жырлауында әр қырынан көрініп, әрқайсысы өз мүмкіншілігінше қолданған. Ұқсас морфологиялық тұлғалардың екінші ғасырда өмір сүрген замандастарынан ұшырасып жатуы бірін-бірін қайталағандық емес. Тіл аясында сыйып тұрған айталық, -дүр тұлғасына ұқсас сияқты формалардың тілдің даму сатысында өз қалпын өзгертпей қолдан-қолға жетуі, сол тілдік тұлғаны көнелік тұлғасын бұзбай қолдану ақын-жыршылардан үлкен шеберлікті қажет етеді.
М.А.Казем-Бек: Глогол нринуждающий (transitiv) образуется через прибавление частицы (дир, дыр, дюр, дур), которая в татарских наречиях произносится тыр, тур, дыр и дур …-деген еді; С.Аманжолов Өзбектің, шағатайдың -дұр, -дүрлерін бірден апарып теліген Қазембектікі дұрыс. Біздің тұрлардың функциясы көп - деп Казембектің пікірін қолдайды; Ал профессор П.М.Мелиоранский бұл жұрнақ -тұрған деген сөзден ықшамдалып барып жұрнаққа айналғанын жазады; Проф. П.М.Мелиоранский өзінің қазақ тілі грамматикасының I – бөлімінде -ды жайын екі жерде қысқаша сөз етеді. Бірінде дыр қысқарып ды болады дейді. Бұған қарағанда -ды формасы дыр // дүр-дан шықты деп түсінуге болатын сияқты. Ал, сол кітаптың 45-бетінде дыр, ды, тұр деген етістіктен пайда болған дейді, бұдан ол кісі барды, отырды сияқтылардың соңындағы III-жақтық, өткен шақтық тұлғаны еске алғанын көреміз. Сонда барған-ды дегендегі ды дәнекері мен барды дегендегі ды формасының төркіні бір деген ұғым туады. Біздің ойымызша, ол екеуі екі түрлі тұлға, олардың тарихы да басқа болу керек. Өйткені барған-ды, зерек-ті дегендегі ды-ді (ты-ті) дәнекерінің еді етістігінен айта қаларлықтай мағыналық, функциялық ерекшеліктері жоқ болса, елеусіз стильдік айырмашылығы ғана бар: алдыңғысы бұл күнде есім баяндауышқа тән өткен шақтық істің, заттың, сындық сапаның орнықты екенін білдіреді. Осындай өте нәзік айырмашылығын елемегенде, -ды дәнекері мен еді көмекші етістігін қатар қоюға да болады. Сондықтан ды дәнекері еді етістігінің қысқарған варианты болу керек деген жорамал жасауға болатын сияқты. Бірақ, ол тұлғаның ескі орхон жазуында қолданылуына қарағанда оның тарихын әріден іздеу керек болады деп айтады зерттеушілер. Осыған орай, Ғ.Мұсабаев шықты, өшті етістіктерінің шығады, өшеді деген айырмасы түбір етістіктен десек қателесеміз, себебі шықты//шығады бір түбірден өрбіген, бұлардың грамматикалық категорияға айналуы сыртқы тұлғаның айырмасы мен ішкі мәнінің тұтастығынан деп түсінеміз шықты дегеннің - ты аффиксі әрекет тудырушы дейді. - Дүр тұлғасы туралы Н.А.Баскаков, Г.И.Рамстедт; М.Қашқари да Тур бұйрық рай етістік. Турур келер шақ формасында болады: Ол йоқар – ол жоғары тұрар. Бұл етістікке екі -р бар: бірі-түбірдікі, екіншісі-келер шақ етістіктің қосымшасы …Оғыздар ықшамдау үшін бір р-ды түсіріп айтады. Жалпы сөзге р әрпін қосып келер шақтық форма тудырған. Мысалы: кәлді (кәлір), күлді (кулур) т.б. алдыңғы аталған еңбекте жазған еді. Х. Досмұхаметұлы …- тұғын деген, сөз - тұң күйінен өзгеріп, құйқылжымалы түн деген жалғау болғандығын айтып кеткен болатын. Қ.Жұбанов өткен шақтың =ды жұрнағы бұрынғы «тұр» деген сөзден қысқарғандығын тұр сөзіндегі -р дыбысының түсіп қалғанын тұйық буындарда келетін р, л, н дыбыстарының түскіштігіне мынандай дәлел келтіреді : ал+бар (алып бар) апар; ал+кел (алып кел) әкел сөзі ықшамдалған немесе ол (оған), бұл (бұған), мен (менің), сен (сенің) аталған дыбыстың түскіштігін білдіреді. Екі дауыстының арасында келген үнсіз дыбыстардың үндіге айналып кету фактісін қоссақ, -тұр, т дыбысы д болған, кәу-куә, куәдүрміз, куәлікке жүрәдүрміз дегенгі -дүр қосалқысы әуелде -тұр болған осындағы -тұр қазірігі жік жалғауының көрсеткіші болып кеткен -ды элементінің бастапқы тұлғасы – деп көрсетеді. Ғ. Мұсабаев -дүр етістіктің келер шағын білдіретін жұрнақ болса, оның арғы тегі - тұр деген толық мағыналы сөз, етістіктің түбірі. Мұның о бастағы мағынасы алыстап, формасы өзгере келе, - ды, (-ді, ты), -ті етістіктің өткен шақтық көрсеткіші болғандығын көрсетеді. Ал, А.Ибатов -тұғын тұлғасы, баратыр (бара жатыр) -тырдың арғы тегі -тур көне қыпшақтарда (турур) болып айтылған. Турур сөзінің түбірі тур (ур-жалғау) қазіргі қазақ тіліндегі тұр сөзімен бірдей, -тұ, -тын, -ты тұлғаларында осы іспеттес о бастағы тур сөзінен өзгеріп барып қалыптасқандығын, Е.Жұбанов - дұр шылауының түп - төркіні де осы модальдық мағына туғызатын - дір аффиксіне қатысты болуға тиіс. Алайда поэзия тілінде бұл тек етістікке ғана жалғанбай, есім сөздермен де тіркесіп айтыла беретінін өзінің докторлық диссертациясында жазды. Ғ.Мұсабаев -дүр тұлғасы сияқты өткен шақтың жұрнағы – ты/ - ті, - ды/ - ді тарихи тұрғыдан алғанда, бір күндердегі дербес мағыналы тұр деген сөз. Оның аты -Тама дұр. Жүрген жерінен қан тамалдұр (Махимет Салих - «Шейбани нама») дегендегі дұр тұлғасы көне заманғы тұр етістігі екеніне ешкім шүбәланбаса керектігін баса айтады. М.Томанов түр етістігінің қысқарған, бір дыбыстан тұратын қырғыздарда сақталған -т: жазыш-а-т. жазса, Қайдаров пен Оразовта қарапайым тілінде - дур /ду/д түрі осы қалыпта да қолданылатынын айтқан еді. Бұл орайда С.Исаев - дүр тұлғасының туынды түбір ғана жасап қоймай есімдіктермен тіркесетінін, кісі есімімен тіркесетінін атап өткен болатын.
Р.Сыздықова ХV-ХVII ғасырдағы қазақ поэзиясында, сірә, дүр варианты басым болғанға ұқсайды, кейіннен бұл үлгілер хатқа түскенде - ды, - ді, - ты, -ті болып өзгертілуі мүмкін десе, А.Ысқақов барған-ды, келген-ді, барғанмын-ды, құрбымыз-ды… сияқтылардай -ды (-ді, -ты, -ті) шылауы көп қолданылады. Бұл шылау - осы аталған еді көмекшісінен форма жағынан ықшамдалып, мағына жағынан шақталып қалыптасқан форма дейді. Еді көмекшісі тарихи е (ер) етістігінің жедел өткен шақ формасынан (ер+ді) қалыптасқан (Қ.Жұбанов), еді формасы қай сөзге тіркессе де, оған өткен шақ мағынасын үстейді және жіктеліп жұмсалады да, қай жақ екенін көрсететін көмекші сөз ретінде қызмет етеді. Көне дәуірде III жақ жіктік тұлға -дүр формантымен келген. Е.Жұбанов -дүр-дің дір-ге қатысын аша отырып, көпшілік жағдайда демеулік -ды шылауына айналатынын жоғарыдағы еңбегінде дәлелдеді. Р. Сыздықова қазақ поэзиясында ертеден екі форма -дүр мен ықшамдалған (-ды, -ді, -ты, -ті) қатар қолданылуын, мысалы: Жауынды күні көп жүрме, Жар жағасы тайғақ-ты (Шалкиіз); Сырым саған түзу-ді (Жиембет) нақты көрсетеді. Есімнен болған баяндауыш іс - әрекеттің нақты болған - болмағанын білдіру мәнін беретін дүр: Сайдың басы түгел -дүр. Толған тоғай малы-дүр (Жиембет). Жалп-жалп еткен бәйтерек Жайылмағы желден-дүр («Ақын», Қазан, 1912 ж.). С. Исаев та ауыз әдебиетінде және жазба нұсқаларда дүр мен -ды, -ді шылауының жарыса қолданылғанын -дүр етістіктермен қатар есімдермен тіркесетінін өзінің зерттеулерінде қолдаған еді. Осы орайда, тілшілер екі ұдай пікірде бірі -дүр ықшамдалып (-ды, -ді,-ты, -ті) демеуліктері болса, -дүр ықшамдалып -ды /-ді, -ты//-ті етістіктің өткен шағының көрсеткіші дейді (Ғ. Мұсабаев). Екіншілері: -ды, -ді, -ты, -ті -еді көмекші етістігінен ықшамдалған шылау дейді. Қазіргі қазақ тілінде -ды, -ді, -ты, -ті жедел өткен шақтың көрсеткіші, түбірге тікелей жалғанады да жақтық мағынасы жіктік жалғауының қысқа түрі арқылы беріледі. Күшейту мағыналы демеуліктер: -ды, -ді, -ты, -ті бар, Екінші топтың жіктелуінде өзіне тән бір ерекшелік, екінші үлгінің III жағының арнайы (-ты, -ті, -ды, -ді) қосымшасы бар (ол жекеше, көпше түрде де өзгермейді бір қалыпта сақталады: ол барады; олар барады). Есім баяндауштардан, есімше, сын есім, зат есімдерден кейін -ды, -ді, -ты, -ті демеулігі өткен шақтық мағына береді. Еді сөзі етістіктерге де, есімдерге де бірдей қатысып I, II-жақтық тұлғаларда (едім, едің, едік, едіңіз) қолданылып, қай сөзге тіркессе де, оған өткен шақ мағынасын үстейді, жіктеліп жұмсалады, қай жақ екенін көрсететін көмекші сөз ретінде жұмсалады -дүр-ден ( мен-дүрмін) ықшамдалған -ды, -ді, -ты, -ті есімдерге, есімшелерге қатысты болып, олардан кейін жіктік жалғауы келмейді (Бала деген жас ұл-ды – мын емес), (барған-ды-мыз, келген-ді-міз емес сияқты), Ғ. Мұсабаев өткен шақ көрсеткіші -ды, -ді, -ты, -ті жіктік жалғау жалғанады дегенде (Бұл арада жіктік жалғауының ықшамдалған (бардымын емес бардым, келдімін емес келдім) үшінші топқа формалары баяндауыш болса жіктік жалғауы жекеше, көпше түрде жалғанады, кейде -ді түсіп қалып ем, ең, ед (і), ек) түрінде де қолданылады -автор) Жіктік жалғауды баяндауыштық қосымша деу де бұл аффикстің етістікке тәндігінен. Келер шақта көсемше жұрнағын бұл да керек етеді, …ырықсыз етістік жасайтын -тыр (-тір, -дыр)-дір жұрнақтары да осы -ты/-ды мен туыстас дейді. Демек, барған-ды, барды дегенде -ды//-ды сыртқы формасы бір болғанымен тарихи шығу тегі жағынан әр түрлі дейміз. Р. Сыздықова Абай шығармасындағы -дүр тұлғасының көсемше тұлғасына жалғанып, бастауыш пен баяндауышты қиыстыратын III жақ көрсеткіші ретінде; -дүр формасының есімдермен келгенде шақтық көрсеткіші сипаты жоқ, модальдық шылау ретінде жұмсалатынын; -дүр формасының -ды (-ты) тұлғасына көшкен. Кәмілдікті, дәлдікті білдіретін модальдық сипаты осы күнгі -ды, -ты формантында бар дегенді жазады. Әдеби тіл тарихын ертеректе зерттеген ғалым М.Балақаев ХIХ ғасырдағы әдебиеттерде баяндауыш құрамында «дұр», «ұр» қосымшасы жиі қолданылатын «боладұр», «өседұр», «сөздұр», «болдұр», «айтдұр» мысал келтіріп, Сондай-ақ есімшенің -тың тұлғасы ертеде –тұғын, -тұрған, -тұған. Болып жарысы беретін - дейді. С. Исаев келтірген көптеген түркі тілдерінде тұр - ұр - тұр - ыр - - ол тұр - ол тұрар - ол тұрып тұр (осы шақ - келер шақ) деген алғашқы тұлғасы әр түрлі дыбыстық өзгерістерге түсті. Түбірдегі дауысты дыбыстың өзгерісін былай қойғанда (тұр//тор), сөз басындағы қатаң дыбыстың ұяңдануы (тұр// дур, -тыр// дыр-) немесе сөздің -ыр//-ур деген екінші буыны түсіп қалып, соның салдарынан сөз мүжіліп барып, тұр-ур// дур-ур -тұр// дур тұр //дұр тыр -ыр // дыр-ыр-тыр // дыр-тыр // дыр (қазақша, өзбекше - ды, - ди, қырғызша - т болып қосымшаға айналған) (Сілтеме жасаған: Исследования по сравнительной грамматике тюркских языков. II, морфология, М., 1956). Біріншіден, -тұрған > тұғын > тын: ықшамдалып барып –тын//-тін есімшенің жұрнағына айналған. Екіншіден, тұр түбірінен дыбыстық өзгерістерге ұшырап: тұр >дұр>дүр>дур>тыр>тір>дыр>дір>ты>ті>ды>ді>т>д қосымшаға айналған, оның себебі грамматикалық қосымша қызметте қолданылған компонентке әрқашан екпін түспейді, ол өзінен бұрын айтылған негізгі сөздің ықпалына ұшырап фонетикалық пішінін өзгертеді. Тұр (төрт қалып етістіктердің - бірі) нақ осы шақты білдіреді, өздік етіс жасай алмайды (тұр-ын-ды емес) ал, оның осы шақтық тұлғасына ұмтылуы қосарланып айтылып, шақтық мәнді айқындай түсуінің салдары. Бірақ, мән- мағынасы жағынан тең элементтердің қабаттасуы олардың бірінің мәнінің жоғалуына, басқа мәнге ие болуына алып келеді. II жақ тұлғалары анология жасаудың нәтижесінде -ды шақтық мәнге ие болып, III жақтың қосымша қызметіндегі тұр етістігінен тарихи жағынан кешірек қалыптасқан. Сол сияқты ер>(е) ерді (жедел өткен шақ формасы), еркен, ермес; еді >екен>емес, еміс-тің де әуелгі түрі екен қалыптасқанын байқаймыз.
Е.Жанпейісов тұғын есім сөзі ретінде Октябрь алдындағы прозалық шығармалар тілінде септеліп те, тәуелденіп жұмсалады (тілеспейтұғынының, болатұғынының, тұратұғыннун, ойлайтұғыны) – деп жазылғанын дәлелдеді. Бұл үлгі М-Ж.Көпеев шығармасында да кездесетіні ілгеріректе айтылады. Түркі тілдерінде - ған//- мыш//- ды (- мыш тұлғасы мен көмекші етістіктің жедел өткен шақ тұлғасы - ды бұрынғы өткен шақ мағынасында жұмсалған) - мыш+дұр тұлғалары қатар жұмсалады: ағзам хазратларұндан тапшырұлмышдұр (тапсырылмысты) (Айшуақ ханның хаты) -мыш//-мыс жұрнағы айтылмыш // айтылмақ // айтылатынды сияқты қолданыстағы айтылмақ, келешектегі ойды білдіреді бүгінгі әдеби нормадағы -тын есімше тұлғасы, -ды жіктік жалғауы жалғануы арқылы бұрынғы өткен шақтың қызметінде болғанымен ауыспалы келер шақ жасайды. Демек, көне жұрнақ - мыш есімше тұлғасында тұрады да, - дұр демеулік ретінде жұмсалады. -Ұл//-ыл ырықсыз етістің көне жұрнағы. М-Ж. Көпеев шығармаларында аталған тұлғалардың әрқайсысының өзіндік қызметі бар. М-Ж. Көпеев бұл формаларды өзгеше грамматикалық қатынасқа түсіріп, басқаша түрде қолданған. М-Ж. Көпеев жинаған ауыз әдебиеті үлгісінде -дұр тұлғасы есім сөзбен тіркесіп күмәнді, дүдәмал ойды білдіреді -дұр формасын -ды шылауы ауыстыра алады мысалы: Мынау қалай айуан-дұр деп айтты, Белдеу ұстап, жағалай жүр деп айтты; -Дүр өзі тіркескен сөзге кәмілдік, дәлдік мағынасын береді де модальдық шылау ретінде жұмсалады. Абай шығармасында -дұр варианты -дүр ғана кездеседі. Ал, М-Ж. Көпеев тілінде -дұр тұлғасы мынау не себепті айуан деді деген күдіктенушілік мағына береді. -Дұр жалқы есімге тіркесіп кісі есімін жасайды: Баһадұр, Рүстем хаммасы сайып қыран; Сәйке, Баттыл, Баһадұр, Әмір-Темір, Патша өткен ғадатлұр Баһрамгүр; Сол сияқты: М-Ж. Көпеев шығармасында дұр тұлғасымен жарыса орта ғасырлық -лұр, -гүр, - лұт формасы қоса қолданылған: Алиссалұт уалсәлам ғалиан, иа Ахмет; -Дүр етістікпен де тіркеседі: Лаланы көрдім:… бұлбұл қапаста шеменде сайрай (ды) дүр…; -ды ауыспалы осы шақтың қимыл-әрекеттің үнемі болып тұратын көрсеткіші, ықшамдалып ауыз әдебиетіне тән үлгімен түсіп қалғанын байқатады ал, оның рөлін дүр форманты шақтық көрсеткіші ретінде жұмсалған. М-Ж. Көпеевтің ауыз әдебиетінен алған үлгісін шебер пайдалана білгенін көрсетеді. Шағатай үлгісіндегі (Мәшһүр-Жүсіп лала гүл және махаббат туралы) деген элегиялық шығармасында:
Сөз дәлден бейхабар-дүр.
Санамы ныз: жан-анайы.
Шамығ ол ғыр санай дұр,
Көр-атшы, сөз-анайы.
Ғашық-от әуел түсер,
Мағшұққа ан дин ғашыққа,
Шамығ көркем жанбайынша,
Жақпады пәруанайы.
Сұрақтар
1. Академик Н. Сауранбаевтың қазақ әдеби тілінің тарихы туралы не білесіз?
2. Барады, келеді -ды, -ді-лерді шағатайлық түрге теңеген Қазембектің пікірі қандай?
3. Орта түркі жазба ескерткішіндегі -дур, -дүр, -тур, - түр: -дуз, - дүз вариантының өзгелік етіс мағынасында жұмсалуындағы ерекшеліктері туралы не білесіз?
4. -Дүр о баста зат есімді сөз болғанға ұқсайды деген пікірді кім айтты және қандай дәлел келтірді?
5. -дұр мен -дүр қосымшасы жалғанған сөзіне предикаттық мән беретіні қай еңбекте айтылды, дәлелі қандай? (Ғылыми - көпшілік әдебиет тілі жайында-деген ғылыми мақаланы қараңыз).
1.6 -Бей мен -дүрдің қызметі
-Бей ирандық қосымшасы туралы Ә.Төлеуов (-бей , -би, -на) жұрнақ сияқты сөз тудыратынын; ал К.Аханов …қазақ тілінде префикс ретінде қызмет атқара алмайтыны айтады. М-Ж. Көпеевтің тіліндегі -бей қосымшасы хабар (дерексіз зат есім) сөздің алдынан жалғанып, префиксация (латынша) адьективтену (сын есімге айналу) тәсілі арқылы жаңа сөз (бейхабар) өзі жалғанған сөзге болымсыздық мағына беріп, -дүр формантымен тіркеседі. Үшінші жолдағы: Шамығ ол ғыр санай дұр (Шамың ол осы санай дұр); дұр есім сөзбен тіркесте жұмсалған. Сын есімнің орнына қолданылып өзі тіркескен сөзді анықтайды: Кіре алмайтын осылар дүр ұжымаққа (Мәшһүр - Жүсіп); Сындық мағыналы сөз де ауыз әдебиетінде, ақын-жырау шығармаларында ұшырасады: Бұл жаһаннан арттырған, Дүрия бешпент белсені (Қыз Жібек), Дүр (дей) жауһар сырғасын, Көтере алмай тұр құлағы (Қыз Жібек), Дүрия көрпе жамылып (Шортанбай) -дей сын есімнің жұрнағы түсіп қалғаны көрінеді, дыбыстық өзгеріске түскен -дұр тұлғасы ұшырасады Суман тек аразың гүл дұр тікансыз (Хорезми); Сіздерсіз мен де жоқ дұр хал (Қыз Жібек). М-Ж. Көпеев дүр тұлғасын шақтық не болмаса демеулік мағына беретіндей қолданбаған. Есіммен келгенде дүр шақтық мағына бермейді. М-Ж. Көпеев дүр тұлғасын дербес мағыналы сөз есебінде де қолдану тәсілі де жоқ емес. Дүр араб тілінде дербес мағына да берген. Дүр (а) (дүрр).1. Інжу, маржан. 2. Ауыс. Даңқ, атақ, абырой. [1. Жемчуг, жемчужина, коралл. Перен. 2. Почетная известность, слава, честь] – деген мағына береді. Субстантивтенген (зат есімге айналу) заттық мағынада да қолданған. Е.Жұбанов дүр өз алдына лексикаланып, заттанып кеткен. Одан дүрдей, дүрдию секілді туынды түбір сөздер де жасалады. Тегінде -дүр (-дыр//-дір) формантының есім сөзге, тіпті , кісі атына жалғанып айтылуы түркі поэзиясының әрідегі нұсқаларында да тән болса керек деген болатын. Р.Сыздықова да дүр тұлғасының көнеден келе жатқанын, түрлі морфологиялық қарым-қатынасқа түсетінін айта келе: «Сірә о баста бұл сөз зат есім болғанға ұқсайды» - дейді. М-Ж. Көпеев шығармаларында есім сөзбен тіркесте жұмсалған -дүр субстантивтеніп барып тәуелдік жалғауы (дүр+і) түсіп қалып та қолданылады немесе екінші жолдағы (дүр+і ) сияқты болу керекті сөзінің (бір мырза дүр (і) ғылажы) і тәуелдік жалғауы дерексіз заттық ұғымдағы (ғылажы) құрамындағы ы мен ауысқан: Ғашықлық бір мырза дүр (і) қатты, (дүрі ) ащы, Құшақтасып ебіспек дүр ғылажы, Егер де ғашық-мағышық құшақласып сүйіспесе, ғұмырында қосыла алмаса, өліп кетуі мұтшақық; Дүр (і) төгілген кісі екен таңдайынан (есімше тұлғалы);Тыңдаудан әсте тынбаған, Гауһардай дүрі бұлдаған (Дулат). Заттық мағыналы дүр септеліп, тәуелденіп өзі тіркесетін сөзбен матаса байланысады: Көрінбей су түбінде жатумен, Басқадан құны артылған дүрдің тасы (Мәшһүр-Жүсіп); Мәшһүрдің дүр (і) төгілер таңдайынан, Пендені хақ жарылқар қандайынан (Мәшһүр-Жүсіп); Бу суч бу гүнаһ бабамдандур (Қорқыт) тәуелдеулі зат есімді шығыс септікті сөзбен тіркесте жұмсалады. М-Ж. Көпеев дүр тұлғасына шығыс септік жалғауын жалғап сөз жасайды да, өзі тіркескен сөзбен меңгеріле байланысады: Уалтиын дүрден ғылым білсең әні, Дін ғылымнан табылар ғылым кәні?!; Көмектес септігімен тіркеседі: Бір сарай нұрланады Меке дұрмен (Айтыс). Жоғарыдағы келтірілген мысалдарда тәуелдік жалғауының жасырын келуі ауызекі сөйлеу ережесінің заңдылығы.Дүр тұлғасының заттанып жіктік жалғауын қабылдау үлгісі ауыз әдебиетінен жеткен құбылыс, бастауыш пен баяндауыш I жақта қиыса байланысуы: Едіге деген дүрмін, Үзілмес жібек кендірмін…, …Шық еткізетұғын мен дүрмін (Едіге жыры); Мен дүрмін, мен дүрмін, Мен де өзіңдей кендүрмін (Ер Тарғын); Дұр зат есім тұлғалы сөзді бірыңғай сын есімді сөздер анықтайды: Нұн-намаз, ра-риза, зи-зекет дұр (Айтыс). Етістікпен тіркесуі: -Жетпіс үш үммәтларым парық болдүр (Мәшһүр-Жүсіп); Иана бу Дукан батурға душманлар иманлиқ қуңлу бардур (Қаздауысты Қазбек); Жан татлусын саңа білдүрейін мі (Қорқыт); Дүр формасы көне дәуірде сұрау, сілтеу есімдігімен тіркеседі: Болған соң хақ тағдыры не дүр шара (Мәшһүр-Жүсіп); Хан қызы себебі недүр дегіл маңа (Қорқыт); ...-йамды хұзрәтингизгә мағлум олсун сібіргә қараған йурт зурлиғина чыдамай баш тартыб кучуб мұндай бәләға ұчырағаны шул дур (Кенесарының хаты). Себебі солдүрки дүниеден ерте өткен бұл марқұмның…(Мәшһүр-Жүсіп). Орхон-Енесей ескерткішінде шақтық мән -мыш//-міс тұлғалары арқылы берілген, дүр//дұр тұлғасы кездеспейді. Дүр заттық мағынада есімше тұлғалы сөзбен тіркеседі: Дүр (і) төгілген кісі екен таңдайынан (Мәшһүр-Жүсіп) бұл жағдайда тәуелдік жалғауы түсіп қалады. Көсемшелі тұлғалы сөзбен дүр тіркеседі: Қазақша газетті ноғайда Һәм қазақ та ұғадұр (Әдеби мұра); Дукан батур яғшы айтадур (Қаз дауысты Қазыбек); …Хиуадан әскер болмайдұр деп ойламаңыз (Махамбет) ауыспалы осы шақтың болымсыз түрінің жасалуы. …Васелей Ивановның атына салуыңыз, иылдам тиедүр. Болмаса хар (әр) иерде йатүп қаладүр (Ғабитханның Халиоллаға хаты); Абай дүр тұлғасына -дей жұрнағын қосып, адьективтену тәсілі арқылы (сын есімге айналу) дүр+дей сөзі, екінші мысалда ауызекі сөйлеу ережесінің ықпалымен дүрдей араз екі сөздің бірігу нәтижесінде дей жұрнағының ей дыбысы ықшамдалып дүрдараз синтаксистік (аналитикалық) тәсілмен жаңа сөз жасалады. Ішім толған у мен өрт сыртым дүрдей, Мен келмеске кетермін түк өндірмей (Абай); Кісімсіп дүрдараз, Бұраңдап қылма наз (Абай). М-Ж. Көпеев дүр тұлғасына -лар көптік жалғауын жалғап заттандырады: Ол садафтың ішінде қанша би баға қиямет дүрлар бар; Қамұқ йақұт ерінлі, сөзі дұрлар (Хорезми). Дүр тұлғасы демеуліктің орына жүреді: Уал зейтүн мағырипат жемісі дүр, Білем десең өзіңді, өзің таны! (Мәшһүр-Жүсіп) бұл мысалдағы жемісі дүр тіркесін, жемісі-ді -дүр //-ді демеулік шылауымен ауыстыруға болады. М-Ж. Көпеев шығармасында - тұр//-дұр//- дүр-лердің ықшамдалып кеткен - ды, - ді, - ты, - ті қатар қолданылады: Бұл да көнеден жарыса жеткен құбылыс. Бірақ та, М-Ж. Көпеев қолданысында бұл формалар бір мағыналы ғана емес, түрлі мағыналы қызмет атқаратыны көрінеді. Мысалы: - ып тұр форманты жетекші етістікке амалдың белгілі бір мезетке дейін (уақытша) жалғаса беруін, істеле беруін білдіретін мағына үстейді. Тұр тұлғасы құрамында ортақ етістің жұрнақтары (-с) бар сөздермен тіркесіп, іс-қимылдың бірнеше адамға ортақтығын да білдіреді: Жұрттың әке-шешесі қарасып тұр, Қарасқаны жалғанға жарасып тұр. Маған қарай көз тіккен жалғыз жан жоқ, Менің көзім алақтар адасып тұр (Мәшһүр-Жүсіп); Дұр тұлғасы шақтық емес, демеуліктің де қызметін атқарады іске нақтылық, дәлдік, мақұлдау, күмәндік сияқты реңк қосады: - Ажал деген қаршыға, адам жемдұр, Пейілі тар сараң байдың аты кімдұр. Қандай жан Гүлшат деген мұның өзі, ШәҺәрі патшасының аты кімдұр ? - сы артық буын қосылған бұл туралы сәл кейінірек айтамыз. (Гүлшат-Шеризат). Дүр демеулік шылаудың рөлін атқарған және ылғи баяндауыш қызметінде жұмсалады Т.Қ. Қордабаев «Үстіміздегі ғасырға дейін жазба ескерткіштерінде, бірінде аз, бірінде көп болса да, баяндауыш жалғауы құрамында -дұр формасы да кездеседі» - сөзі де дәлел бола алады. Ақын-жырау шығармасында -дұр тұлғасының фонетикалық өзгеріске ұшыраған -дүр шылауы да қолданылады.
Мысалы:
Достарыңызбен бөлісу: |