Мыңғырған малы бар байдың сұлу да, ақылды қызы болыпты. Бай қызы бойжеткен соң, елін жинап, былай деп талап қояды: «Кім де кім марқа еті піскенше тұлпарымен көлді айналып бірінші келіп үлгерсе, сол адамға қызымды және байлығымның жартысын бөліп беремін». Осы сайысқа қыздан үміті бар бай-мырзалармен бірге үш жасар жүйрігінен басқа іліп алары жоқ қойшы жігіт те қатысыпты. Бағы асқан қойшы жігіт мәреге бірінші болып жетіп, байдың қызына үйленіпті. Ал үміткерлер айнала шапқан көл сол күннен бастап Марқакөл аталыпты.
Ертеде қазіргі көлдің орнында көгі мол кең жазық болыпты. Жазықтың ортасында мөлдір сулы бастау бар екен. Бірде осы алқапта бір қойшы малын бағып жүрсе, су ішпек болған бір марқасы бастауға түсіп кетіп, шыға алмай қалады. Қойшы көре сала, марқаны шығармақ болып, жанталаса бар күшімен тартқылайды. Бірақ бастаудан марқаны суырып алу оңайға түспейді. Қойшының бар күшін жиып марқаны алып шығуы сол екен, бастаудың суы молайып, кең алқапқа жайылып, көлге айналыпты. Халық сол көлді Марқакөл деп атап кетіпті /15/. Міне, Марқакөл атауы туралы халық арасына тараған осы екі аңызда қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінің, салт-дәстүрінің көріністері бой көрсетіп, ұлттық мәдениеттің шағын бөлшегі болып табылатын әсем аңызға айналған.