Міркемел А. М филология мамандығының 1 курс магистранты



Дата03.10.2019
өлшемі56.04 Kb.
#447123
docx1549548016

Міркемел А.М - филология мамандығының 1 курс магистранты,

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті,Қостанай қ. және С.Мәуленов атындағы гимназия, Қостанай қ.,

қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.

Берденова С.Ж. – педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті, Қостанай қ.

Жастарды рухани жаңғырту мен адамгершілікке тәрбиелеудің қағидалары

(А.Құнанбаев пен Ш.Құдайбердиев шығармалары негізінде)

Мақалада «адамгершілік» ілімі А.Құнанбаев пен Ш.Құдайбердиев шығармалары негізінде қарастырылды. Мәңгілік ел жас ұрпағының болашақ моделінің табиғаты ашылды. Адами капитал сапасын жақсарту жолдары ұсынылды.

В данной статье рассматривается «нравстенное» учение, основанное на произведениях А.Кунанбаева и Ш.Кудайбердиева. Открывается смысл будущей модели будущего поколения «Мәңгілік ел». Представлены пути улучшения качеств человеческого капитала.

«Мәңгілік Ел – ата-бабаларымыздың сан жылдан бергі арманы. Біз арманды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік Елдің іргетасын қаладық», - дейді Елбасы Н.Ә.Назарбаев [1, 169-170].

Мәңгілік елдің азаматтары мен азаматшаларының адамгершілігі мол болуы шарт. Мәңгілік іргетасты сақтап қалатын басты жолдардың бірі – жас ұрпақты «адамгершілік» іліміне тәрбиелеу. «Адамгершілік» іліміне тәрбиелеуде А.Құнанбаев пен Ш.Құдайбердиевтің шығармаларын негізге алуға тиіспіз.

ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезінде өмір сүріп, қазақтың қоғамдық, әлеуметтік, рухани, мәдени, әдеби өміріне кейде айтарлықтай белсене араласып, гуманистік, адамгершілік, демократтық, ағартушылық идеяларды уағыздаған, мол көркем мұра қалдырған Шәкәрім Құдайбердиев еді.

Шәкәрім мен Абайдың шығармалары адамгершілік насихатқа толы. А.Құнанбаев «толық адам» ілімінің негізін қаласа, Ш.Құдайбердиев «ар» ілімінің негізін салды. Абайдың толық адам іліміне тоқталсақ.

Адамның «адам» болып қалыптасуы туғаннан басталады. Бірақ, адам мен Абай айтқан «толық адам» деген екі түрлі ұғым. Абайдың «толық адамын», «кемел адамын» зерттеген ғалым М.Әліпханов оның 17 қара сөзі мен «Әуелде бір суық мұз - ақыл зерек» деген өлеңдерінен бастау алатынын ескертеді.

«Толық адамның» бойынан қандай қабілеттер табылуы тиіс? Ол қасиеттер адами капиталдың сапасын нығайта алады ма? Абайдың пікірінше, «толық адамға» тән қасиеттердің көрінісі төмендегідей:

1) Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстау;

2) Иманды болу: ««Иман деген – Алла табарака уа тағаланың шәриксиз, ғайыпсыз бірлігіне, барлығына уа әр түрлі бізге пайғамбарымыз саллаллаһу ғалайһи уәсәлләм арқылы жіберген жарлығына, білдіргеніне мойын ұсынып, иланбақ» [2, 292 бет]. Аллаға шын жүректен сену.

3) «Имани гүл»: 1) Алланы сүю; 2) «Бауырым» деп адамзаттың бәрін сүю; 3) Әділеттілікті сүю;



4) Үш сипатты қалыптастыру: «ақыл, рақым, әділет», яғни «жәуанмәртлік»

5) Ғылым – білімді үйрену.

Осы қасиеттер адамның жан дүниесінің өзгеруіне алып келеді. Абайдың бұл ілімі Шәкәрімнің «ар» ілімінде өз жалғасын тапқан.

Шәкәрім өз шығармаларында «ар ілімі» деген терминді қолданған. Ол «ар» сөзін «совесть» деп тәржімалаған.

«Шәкәрім» энциклопедиясында А.Тоқсамбаева: «Ар – адамгершілік сана, этика – философиялық категория. Адамгершілік (адамшылық, адамдық) қазақ халқында адам бойындағы жақсы қасиеттердің жиынтық мағынасын білдіретін ұғым – өлшем болса, Ар оның шығу тегі, бұлақ бастауы. Арды адам бойындағы жақсы қасиеттердің өлшемі, адамгершілік санасы деуге негіз бар», – дейді [3, 20-52].

Сонымен ар дегеніміз не? Қазіргі заманғы адамгершілік туралы түсінікті этика деп атайды. Немесе мораль. Осы екеуі адамгершілік деген ұғымға сәйкес келеді. Абайда да, Шәкәрімде де адамгершілік деген сөз жоқ. Абай оны адамшылық дейді, Шәкәрім – адамшылық, ар дейді. «Ар білімі» деген тіркес, түсінік –Шәкәрімнің жаңалығы [4, 29].

Ғалым А. Айтбаеваның зерттеуінше, Шәкәрім шығармаларындағы ар – ұждандылықтың тіршілік мазмұнын құрайтын атаулары мынадай:

«Мейірім», «Ынсап», «Әділет», «Шыдам», «Шыншыл», «Харекет», «Түп қазығы», «Ақ ниет» [5, 30].

Өзге ғалымдардың зерттеулерін ескере келе, өз қорытындымызды шығарсақ, Шәкәрім өз шығармаларында «ар» іліміне сәйкес келетін адамның мынадай қасиеттерін таңбалайды:



  • Таза ақыл;

  • Ақ жүрек;

  • Рахым, Сақтық, Ұят;

  • Ынсап, мейірім;

  • Адал еңбек;

  • Ұждан;

Шәкәрім дүниетанымында «Адал еңбек, арлы ақыл, ақ жүрегі» бар адам «арлы», «таза» адам болса, Абай танымында «Үш ақ нәрсе адамның қасиеті, ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» [6,172], Абай бұл ойын былай өрбіткен:

«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,

Сонда толық боласың елден бөлек» [6, 77].

Ғарифолла Есім: «Ар білімі» ұғымының ауқымы кең» дей келе, оның табиғатын ашады. Ар білімі адамның адамшылығының кемелденген кезінде қалыптаса ма деймін.

«Ар» ілімін қарастырсақ та, «толық адам» ілімін қарастырсақ та басты орынды жүрек алатынын нақты байқаймыз.

«Жүрек» - ақиқатты танып білудің кілті, жанның тек өмір сүруінің емес, сондай – ақ жан болмысын ашар кілті [4, 173].

«Абай тілінің сөздігіне» сүйенер болсақ, «жүрек» сөзі ақынның шығармаларында 156 рет кездеседі:

ЖҮРЕК (156) Көкірек қуысында қан айналысымын бас қаратын орталық мүше. Қайрат, ақыл ж ү р е к үшеуі өнерлерін айтысып, таласып келіп ғылымға жүгініпті (ІІ, 172) [7, 231].

Абай өз шығармаларында «жүрек» ұғымын жақсы дамыта білген. Оның туындыларында «жүрек» сөзі «жылы жүрек», «жүрек - теңіз», «жүрек - айна», «ауру жүрек», «асау жүрек», «адам денесінің патшасы», «ет жүрек», «жүректің ақыл суаты», «ызалы жүрек», «шын жүрек», «жүректің көзі», «жүректің түбі» деген тіркестер арқылы көрініс тапқан.

Шәкәрімнің нақты жүрекке ғана тоқталған немесе арнайы тек жүрекке арнаған туындылары бірен – саран. Бірақ та бұл ойшыл өз шығармаларында жүрек туралы ой қозғамада деген сөз емес. Оның жүрек тақырыбындағы шығармаларына «Шын асықтың әрбірі», «Анық пен танық», «Міндеу мен күндеу», «Тумақ, өлмек – тағдырдың шын қазасы», «Ақылдан бойға сыр тарап», «Жүректен аққан қанымнан» және тағы басқалары жатады.

Оның шығармаларында «жүрек» ұғымы «таза жүрек», «ақ жүрек», «жүректің тілі», «жүрек ымбалы», «жаралы жүрек», «жүректің таразысы», «сұм жүрек», «сау жүрек» секілді лексемалар көмегімен таңбаланған.

Абай жүректің «көзі» болады десе, Шәкәрім жүректің «тілі» болады деген байламға келген.

Абай өзінің «Көзінен басқа ойы жоқ» деген өлеңінде жүрекке қатысты екі шешімге келеді:

Біріншісі:

Жүректің көзі ашылса,

Хақтықтың түсер сәулесі.

Іштегі кірді қашырса,

Адамның хикмет сәулесі [6,110]

Екіншісі:

Жүректе айна жоқ болса,

Сөз болмайды өңгесі [6,110].

Абайдың пайымдауынша, жүректің көзі бар, ол көзді Алла берген. Әрбір тіршілік жан иесі, сол көзді ашса, онда оған сәуле түсіп, іштегі кірі тазарады. Сәуле деп отырғаны ақыл. Жүрек көзі арқылы ғана адам сәулеге жете алады, барлығын ақыл таразысына сала алады.

Абайдың алғашқы шешімі Шәкәрімнің «Шын асықтың әрбірі» атты өлеңінде көрініс тапқан:

Жасырып тұр жар өзін,

Бас көзімен қарама.

Жүрегіңнің аш көзін,

Жанның сырын арала [8,143].

Ақын жүректің көзі болады дегенмен келіскен, бірақ ол ақылды бағыттайтын жол емес, оның танымында Жарға жақын ететін жолдардың бірі ретінде қарастырылады. Жар дегені Алла. Сонымен қатар, Шәкәрім таным процесінде, адамның дүниені сезіну қабілетінде көңілдің, көкіректің, жанның көзі деген ұғымдарды ерекше бағалайды:

Хақиқатты дәл көруге,

Жан көретін көз керек [8,145] , -

деп ойшыл таным процесіндегі өзіндік ұстанымын осылайша білдіреді.

Ғалым Б.Қ.Рақымжанов Шәкәрімнің «жан көзі» деген түсінігіне мынадай талдау жасайды: «Дүниеге жанның көзімен қарау бұл – шығармашылықта болу, әрбір құбылыстан ой алу, дүниемен тілдесу. Ендеше таным процесінде әр адам өзінше дараланады. Дүниеге жанның көзімен қарау бұл – шығармашылықта болу, әрбір құбылыстан ой алу, дүниемен тілдесу. Ендеше таным процесінде әр адам өзінше дараланады. Дүниеге шығармашылық көзқарас ол – дүниеге ойдың көзімен қарау. дүниеге шығармашылық көзқарас, өзіндік сана адам болмысына ғана тән қасиет. Адамның жаны шығармашылықтың көзі болып табылады» [9, 14]. Яғни, Адам «Адам - Әлем» қатынасында дүниемен шығармашылық қатынаста болу керек. Дүниеге жаныңмен қатынас жасау қажет.

Абай екінші шешімінде жүректерінде айна болмаса, адам баласы сөз ұқпайды, ақылға келмейді деген қорытындыға келген.

Шәкәрім де Абайдың бұл ойын құптағанын «Анық пен танық» атты туындысындағы

«Жарайды» деп, ұнаса, бас иземек,

Жек көрсе, жиіркеніп дірілдемек.

Жүрегінің тілі жоқ, ымбалы сол,

Ұғып ал да бола көр соған көмек» [8, 34].

деген өлең жолдарынан көре аламыз. Ақын өлеңінің нақ осы жолдарына байланысты талай пікірлер айтылған.

Ғалым Жетібаев Ерзат Жетібайұлы өзінің «Шәкәрім дүниетанымындағы рухани құндылықтар мәселесі» атты еңбегінде «жүрек» мәселесінің табиғатын төмендегідей ашады: «Жүрек Шәкәрім дүниетанымында кезекті сезім мүшесі ретінде қарастырылады. Шәкәрім жүректің адамға беретінін ымбал деп айтқан. Ымбал – Батыста кең таралған бейсаналықтан басқа, Шәкәрім оны соқыр сезім дейді» [10, 18].

Қорытындылай келсек, адам болу дегеніміз өнегелік, ұдайы өз ар – ұждан, адамның жүрегінен шығатын ішкі талаптарға ұқыпты қарау, тұлғаның моральдық өмірден алған тәжірибесін шыңдауы [11, 576].

Екі ойшылдың көзқарастары мен тұжырымдарын қорытындылай келе, «толық», «таза» адамның бейнесін шығаруға болады. Ол -


  • нұрлы, жанды, сау, таза ақылдың,

  • ақ, жылы, ғаділ жүректің,

  • адал еңбектің,

  • харекеттің,

  • ыстық қайраттың,

  • терең ойдың,

  • мейірім, байлаулы ынсап, рақымдылықтың,

  • әділеттіліктің иесі.

Оның жүрегінің «тілі», ақылының «көзі» бар.

Екі ілімді жастардың бойына ұялата білсек, адами капиталдың сапасын жақсарта аламыз. Тәрбие мен білім тек белгілі бір кезеңде ғана емес, үздіксіз, өмір бойы жүруі тиіс.


Пайдаланылған әдебиеттер

1. Назарбаев Н.Ә. Мәңгілік ел. Ғасырға бергісіз

жылдар/Н.Ә.Назарбаев – Астана:Деловой мир Астана, 2014. – 368 б.

2. Абай және қазіргі заман: зерттеулер жинағы. – Алматы: Ғылым, 1994.

3. ШӘКӘРІМ. Энциклопедия. / Бас ред. Е.Б.Сыдықов. – Семей, 2008. – 864 бет.

4. Салқынбай А. Шаһкәрім шыққан шың. – Алматы: Қазақ университеті,

2011.-213 бет

5. Айтбаева А. «ХХ ғасыр басындағы қазақтың философиялық

лирикасы» // Қазақ тілі мен әдебиет. – 2001, - №2. - 29-30 бет.

6. Абай. Қалың елім қазағым... Өлеңдер. – Алматы: Атамұра, 2002. – 224 бет.

7. АБАЙ. Энциклопедия. Р.Н. Нұрғалиев, З.Ахметов, Л.М.Әуезова, Б.Г.Ерзакович Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, «Атамұра» баспасы, 1995

8. Шәкәрім «Қазақ айнасы». Өлеңдер мен поэмалар. – Алматы: Атамұра, 2003. – 296 бет

9. Рақымжанов Б.Қ. «Шәкәрім Құдайбердіұлының дүниетанымына тарихи-философиялық талдау». филос. ғыл. канд. ғыл. дәр. диссерт. авторефераты. Алматы. 2005 ж. – 34 бет



10. Жетибаев Е.Ж. «Шәкәрім дүниетанымындағы рухани құндылықтар мәселесі». филос. ғыл. канд. ғыл. дәр. диссерт. авторефераты. Алматы. 2009 ж. – 38 бет.

11. Мырзагелді Серік. Философия. – Алматы: «Бастау», 2008. -644 бет..

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет